Кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі сараптамалық кеңестер туралы үлгі ережені бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 2 маусымдағы N 496 Қаулысы

Қолданыстағы

      "Жеке кәсiпкерлiк туралы" Қазақстан Республикасының 2006 жылғы 31 қаңтардағы  Заңына  сәйкес Қазақстан Республикасының Үкiметi  ҚАУЛЫ ЕТЕДI:

      1. Қоса берiлiп отырған Кәсiпкерлiк мәселелерi жөнiндегi сараптамалық кеңестер туралы үлгi ереже бекiтiлсiн.

      2. Мыналардың күшi жойылды деп танылсын:
      1) "Шағын және орта кәсiпкерлiктi қолдау әрi дамыту мәселелерi жөнiндегi сарапшылық кеңестерi туралы үлгi ереженi бекiту туралы" Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2002 жылғы 19 тамыздағы N 917  қаулысы  (Қазақстан Республикасының ПҮКЖ-ы, 2002 ж., N 27, 303-құжат);

      2) "Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2002 жылғы 19 тамыздағы N 917 қаулысына өзгеріс және толықтыру енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2003 жылғы 29 сәуірдегі N 410  қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮКЖ-ы, 2003 ж., N 18, 186-құжат).

      3. Осы қаулы 2006 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі.

       Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

Қазақстан Республикасы
Үкiметiнiң     
2006 жылғы 2 маусымдағы
N 496 қаулысымен  
бекiтiлген    

  Кәсiпкерлiк мәселелерi жөнiндегi сараптамалық кеңестер
туралы үлгi ереже

      Осы Кәсiпкерлiк мәселелерi жөнiндегi сараптамалық кеңестер туралы үлгi ереже (бұдан әрi - Ереже) "Жеке кәсiпкерлiк туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес әзiрленген және орталық мемлекеттiк және жергiлiктi атқарушы органдардың жанынан құрылатын сараптамалық кеңестердi қалыптастырудың және олардың қызметiнiң тәртiбiн айқындайды.

  1. Жалпы ережелер

      1. Кәсiпкерлiк мәселелерi жөнiндегi сараптамалық кеңес (бұдан әрi - сараптамалық кеңес) жеке кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң аккредиттелген бiрлестiктерiнен және мүдделi коммерциялық емес ұйымдардан жеке кәсiпкерлiктiң мүдделерiн қозғайтын нормативтiк құқықтық кесiмдердiң жобаларына (бұдан әрi - нормативтiк құқықтық кесiмдердiң жобалары) сараптамалық қорытындылар алу жөнiндегi жұмысты ұйымдастыру үшiн орталық мемлекеттiк және жергiлiктi атқарушы органдарының (бұдан әрi - мемлекеттiк органдар) жанынан құрылатын консультативтiк-кеңесшi орган.

      2. Сараптамалық кеңес өз қызметiн Қазақстан Республикасының  Конституциясына , "Жеке кәсiпкерлiк туралы" Қазақстан Республикасының Заңына, Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық кесiмдерiне, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.

      3. Сараптамалық кеңес мынадай функцияларды жүзеге асырады:
      1) мемлекеттiк құпияларды қамтитын нормативтiк құқықтық кесiмдердiң жобаларын қоспағанда, мемлекеттiк органдар әзiрлеген және ұсынған нормативтiк құқықтық кесiмдердiң жобаларын жалпы қол жетiмдi телекоммуникациялық желiлердегi WEB-сайттарды қоса алғанда, олар бұқаралық ақпарат құралдарында мiндеттi жарияланғаннан (таратылғаннан) кейiн қарайды;
      2) көрсетiлген нормативтiк құқықтық кесiмдердiң жобаларына сараптамалық кеңес мүшелерiнiң сараптамалық қорытындыларын жинақтауды жүзеге асырады.

  2. Сараптамалық кеңестердi қалыптастырудың тәртiбi

      4. Сараптамалық кеңестiң құрамы заңнамада белгiленген тәртiппен аккредиттелген жеке кәсiпкерлiк субъектiлерi бiрлестiктерiнiң, мүдделi коммерциялық емес ұйымдардың өкiлдерiнен, сондай-ақ мемлекеттiк органның өкiлдерiнен қалыптасады.
      Жеке кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң аккредиттелген бiрлестiктерi мен коммерциялық емес ұйымдар сараптамалық кеңестiң құрамына ұжымдық мүше ретiнде қатысады және өкiлеттiгi сенiмхатпен расталатын өзiнiң өкiлi арқылы әрекет етедi.

      5. Сараптамалық кеңестiң құрамы мемлекеттiк орган басшысының шешiмiмен бекiтiледi.
      Жанынан сараптамалық кеңес құрылатын мемлекеттiк органның басшысы сараптамалық кеңестiң төрағасы болып табылады.

  3. Сараптамалық кеңес мүшелерiнiң құқықтары

      6. Сараптамалық кеңестiң мүшесi:
      1) сараптамалық кеңестiң материалдарына қол жеткiзуге;
      2) сараптамалық кеңестiң отырысына ұсынылатын материалдарды талқылауға қатысуға;
      3) қаралатын нормативтiк құқықтық кесiмдердiң жобалары бойынша сараптамалық кеңестiң отырысын өткiзуге бастама бiлдiруге құқылы.

  4. Сараптамалық кеңестер қызметiнiң тәртiбi

      7. Сараптамалық кеңестердiң қызметiн қамтамасыз етудi жанынан сараптамалық кеңестер құрылатын мемлекеттiк органдар жүзеге асырады.

      8. Сараптамалық кеңестiң жұмыс органының функциясын мемлекеттiк органның шешiмiмен айқындалған оның тиiстi құрылымдық бөлiмшесi жүзеге асырады.

      9. Сараптамалық кеңестiң жұмыс органы:
      1) сараптамалық кеңес отырыстарының арасындағы кезеңде оның жұмысын ұйымдастырады;
      2) нормативтiк құқықтық кесiмдердiң жобаларын жеке кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң аккредиттелген бiрлестiктерiне, коммерциялық емес ұйымдарға жiбередi;
      3) сараптамалық кеңестiң отырысына енгiзiлетiн нормативтiк құқықтық кесiмдердiң жобалары бойынша материалдар дайындауды жүзеге асырады;
      4) сараптамалық кеңес отырыстарының қорытындылары бойынша хаттама дайындауды және оған қол қоюды қамтамасыз етедi.

      10. Сараптамалық кеңестiң төрағасы сараптамалық кеңестiң жұмысына басшылық жасауды жүзеге асырады, сараптамалық кеңестiң кезектi отырысының күн тәртiбiн бекiтедi, қажет болған кезде оның отырысын шақырады, отырыстардың хаттамаларына қол қояды.

      11. Сараптамалық кеңестiң шешiмдерi хаттама түрiнде ресiмделедi және ұсынымдық сипатта болады.

      12. Сараптамалық кеңестiң отырыстары оның төрағасы бекiткен сараптамалық кеңестiң жұмыс жоспарына сәйкес кемiнде тоқсанына бiр рет және осы Ереженiң 10-тармағына сәйкес қажеттiлiгiне қарай өткiзiледi.

      13. Сараптамалық кеңестiң нормативтiк құқықтық кесiмнiң жобасын қарауы мәжiлiс өткiзбей-ақ, оны сараптамалық кеңестiң мүшелерiне тарату жолымен жүзеге асырылуы мүмкiн.
      Қарау нәтижелерi бойынша осы Ережеде белгiленген тәртiппен хаттама жасалады.

      14. Мемлекеттiк органдардың жанындағы сараптамалық кеңестер қызметiнiң мониторингiн кәсiпкерлiк мәселелерi жөнiндегi уәкiлеттi органның жанынан құрылатын үйлестiру кеңесi жүзеге асырады.