Қылмыстардың бірнеше рет жасалуын және жиынтығын саралау туралы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2006 жылғы 25 желтоқсандағы N 11 Нормативтік қаулысы

Жаңартылған

      Қылмыстардың бірнеше рет жасалуын және жиынтығын саралау туралы қылмыстық заң нормаларын біркелкі қолдану мақсатында Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жалпы отырысы

қаулы етеді:

      1. Қылмыстық заңды дұрыс қолдану азаматтарды негізсіз айыптау мен соттаудан қорғауды, сондай-ақ сотталушыларға жасаған әрекетіне сәйкес әділ жаза тағайындауды қамтамасыз етеді. Сондықтан белгілі бір адам бірнеше қылмыс жасаған кезде қылмыстық заңды дұрыс қолдану үшін қажетті мән-жайларды анықтаған және жасалған әрекетті жалғаспалы (созылмалы) қылмыстың, қылмыстардың бірнеше рет жасалуының, қылмыстардың нақты және анық жиынтығының анықтаулары бар Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің (бұдан әрі - ҚК)  11  және   12-баптарының ережелерін ескеріп, саралаған жөн.

      2. Қылмысты бірнеше рет жасау ҚК  Ерекше бөлімінің белгілі бір бабында немесе бабының белгілі бір бөлігінде қаралған бірнеше қылмыстарды белгілі бір адамның жасауын көздейді.
      Егер адам бұрын жасаған қылмысы үшін сотталған, не заңда белгіленген негіздер бойынша қылмыстық жауаптылықтан босатылған болса, қылмыс бірнеше рет жасалған деп танылмайды.
      Ескерту. 2-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 2011.04.21 № 1 (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.

      3. Егер бірнеше рет жасау қылмыстық-құқықтық нормада саралаушы белгі ретінде көрсетілсе, онда белгілі бір адамның бірнеше ұқсас қылмыстар жасауы осы қылмысты бірнеше рет жасағаны үшін жауаптылық көздейтін ҚК тиісті бабы (бабының бөлігі) бойынша тұтастай саралауға жатады.
      Әр түрлі саралаушы белгілерді көздейтін ҚК белгілі бір бабының әр түрлі бөлімдерінде қаралған бірнеше қылмыстар жасалған кезде бұл әрекеттер тек баптың неғұрлым қатаң жаза белгілейтін және барлық саралаушы белгілерін қамтитын бөлігі бойынша ғана тұтастай саралауға жатады. Мұндай жағдайларда қылмыстық заңның осы бабының өзге бөліктерінде көрсетілген әрекеттерге қатысты анықталған қылмыстың саралаушы белгілері тағылуға жатады және үкімде көрсетілуі тиіс.
      Қылмыстың бірнеше рет жасалуын тек ұқсас қылмыстар құрайды. Сондықтан бірнеше біртектес қылмыстарды жасау қылмыстарды бірнеше рет жасау ретінде танылмайды және қылмыстардың жиынтығы ретінде саралануға жатады. Мысалы, адамның ұрлық жасауы мен тонауы оның әрекеттері «қылмысты бірнеше рет жасау» деген белгісіз, ҚК-нің 175-бабы мен 178-бабының жиынтығы бойынша саралануға тиіс.
      Ескерту. 3-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 2011.04.21 № 1 (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.

      4. Қылмыстардың бірнеше рет жасалуын жалғаспалы қылмыстардан ажырата білу қажет. Белгілі бір адамның бірыңғай пиғылмен және біріктірілген ортақ мақсатпен, материалдық құрамымен және келтірілген зардаптарының біркелкілігімен сипатталатын, қылмыс жасау тәсілі мен объектісі бойынша өзара ұқсас екі және одан да көп қылмыстық әрекеттерді жасауы қылмыстың бірнеше рет жасалуын құрамайды. Мұндай жағдайларда барлық жасалған әрекеттерді тұтастай жалғаспалы қылмыс ретінде танып, осы қылмысты жасағаны үшін жауаптылық көздейтін ҚК бір бабы немесе бабының бөлігі бойынша саралаған жөн.
      Егер жалғаспалы қылмыс кезеңінде қылмыстық заңға осы әрекет үшін неғұрлым қатаң жауаптылықты белгілейтін өзгерістер енгізілсе және қылмыс көріністерінің ең болмағанда біреуі заңның жаңа редакциясы күшіне енген кезеңде жасалса, онда жалғаспалы қылмыстың барлық көріністері жаңа заң бойынша тұтастай бір қылмыс ретінде саралауға жатады.
      Жалғаспалы қылмыс кезеңінде белгілі бір адам жалғаспалы қылмыс үшін жауаптылық көздейтін ҚК бабының диспозициясы қамтымайтын белгілері бар басқа қылмыс жасаған жағдайда (мысалы, балаларын асырауға арналған қаражатты төлеуден әдейi жалтару кезеңінде ұрлық жасау), оның әрекеттері жалғаспалы қылмыс үшін жауаптылық көздейтін тиісті баппен  және басқа қылмыс үшін жауаптылық көздейтін ҚК бабымен қылмыстардың жиынтығы бойынша саралауға жатады.
      Адам ҚК-нің бір бөлігімен қарастырылған жалғасқан қылмысты жасаған кезде, белгілері ҚК-нің жалғасқан қылмыс үшін жауаптылықты көздейтін бабының (мысалы, ірі мөлшердегі есірткіні өткізу мақсатында заңсыз сақтау кезеңінде оның бөліктерін бірнеше мәрте өткізу) диспозициясымен қамтылмайтын басқа бөлігінде көзделген басқа қылмысты жасаған жағдайда, оның әрекеттері ҚК бабының неғұрлым қатаң жаза белгіленетін бөлігі бойынша саралауға жатады. Бұл ретте адамның жасаған барлық әрекеттерінің белгілері айыптауда және үкімде көрсетілуге тиіс.
      Ескерту. 4-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 2011.04.21 № 1 (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.

      5. Қылмыстық заңды қолдану кезінде қылмыстардың жиынтығы нақты және анық жиынтық болып бөлінетінін ескеру қажет. Қылмыстардың нақты жиынтығы белгілі бір адамның әрқайсысында ҚК Ерекше бөлімінің әр түрлі баптарында (баптарының бөліктерінде) көзделген қылмыс құрамы бар екі және одан да көп қылмыстық жазаланатын әрекеттерді жасауынан құралады. Анық жиынтық кезінде кінәлінің бір әрекетінде ҚК екі және одан да көп баптарында немесе баптарының бөліктерінде көзделген кем дегенде екі әр түрлі қылмыс құрамдарының белгілері болады және барлық жасалған әрекет тұтастай алғанда қылмыстық заңның осы нормаларының бірде бірімен толық қамтылмайды.

      6. Егер жасалған белгілі бір қылмыстар үшін кінәлі адам сотталса немесе қылмыстық заңмен көзделген негіздер бойынша жауаптылықтан босатылса, онда осы қылмыстар іс қаралып жатқан басқа қылмыстардың жиынтығына кіре алмайды. Бұл жағдай жаза тағайындау кезінде ескерілуі мүмкін.
      Ескерту. 6-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 2011.04.21 № 1 (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.

      7. Адамның қылмыстардың біріне қылмыстың бірнеше рет жасалуын көздейтін бір баптың (баптың бөлігінің) күші қолданылатын, ал басқа қылмыстарға ҚК басқа баптарының күші қолданылатын бірнеше қылмыстарды жасауын да қылмыстардың жиынтығы ретінде саралаған жөн. Мұндай жағдайларда қылмыстың бірнеше рет жасалуын құрайтын бірнеше әрекетті ҚК бабының бұл қылмыстардың осы саралаушы белгісін көздейтін бөлігі бойынша, ал жасалғаны үшін ҚК басқа баптарымен жауаптылық көзделген басқа әрекеттер - ҚК тиісті баптары бойынша саралануы қажет.

      8. Қылмыстардың жиынтығы кезінде кінәлі адам ҚК  12-бабына сәйкес әрбір жасалған қылмыс үшін ҚК тиісті бабы немесе бабының бөлігі бойынша қылмыстық жауаптылыққа тартылады. Бұл сот дәлелденді деп таныған әрбір әрекеттің, әдетте, ҚК тиісті бабы (бабының бөлігі) бойынша дербес саралауға жататынын білдіреді.
      Барлық жасалған қылмыстардың белгілері неғұрлым қатаң жаза көздейтін ҚК баптарының біреуінің диспозициясымен қамтылған жағдайларда ғана қылмыстар жиынтығы ҚК бір бабы бойынша саралануы мүмкін.

      9. Жиынтыққа кіретін әрекеттердің дұрыс саралануын қамтамасыз ету мақсатында әрбір нақты жағдайда істің барлық мән-жайларын мұқият зерттеп, қылмыстардың жасалу ретін, себептерін, мақсатын, кінәнің нысанасын анықтап, сондай-ақ қылмыстық заң нормаларының әрқайсысының диспозициясын талдап және салыстырып, ҚК бір бабында жауаптылық көзделген бір әрекеттің белгілерінің жиынтыққа кіретін басқа бір қылмыс үшін жауаптылық көздейтін басқа баптың диспозициясын қамтитын-қамтымайтынын анықтаған жөн. Бұл орайда, қылмыстың белгілері деп, объект объективтік жағын, субъект субъективтік жағын құрайтын белгілерді түсіну қажет.
      Қылмыс құрамын құрайтын белгілердің қылмыстың саралаушы белгілерінен ерекшелігі қылмыс құрамы белгілерінің ең болмағанда бiреуiнiң болмауы әрекетті қылмыс деп тануға мүмкіндік бермейтіндігінде, ал қылмыстың саралаушы белгілерінің болмауы әрекетті осы қылмыстың жасалғаны үшін қатаңдығы төменірек жауаптылық көздейтін заң нормасы бойынша саралауға негіз болады (жай құрам).

      10. ҚК бір бабы (бабының бөлігі) бойынша саралауға жататын жалғаспалы қылмыстан қылмыстардың анық жиынтығының ара-жігін ашу кезінде қол сұғушылық жасалған объектілердің бір немесе бірнеше қылмыстық-құқықтық нормаларда көзделгенін және осы қылмыстың нәтижесінде келтірілген зардаптарды анықтау қажет, сондай-ақ жасалған әрекеттердің әрқайсысының субъективтік жағының қалай сипатталатынын ескеру керек.

      11. Бір бапта көрсетілген объект басқа бапта көрсетілген объектінің бөлігі болып табылмаған жағдайда ҚК әр түрлі баптарында көрсетілген заңмен қорғалатын бірнеше объектілерге қол сұғуды әрбір объектіге жасалған қол сұғу үшін жауаптылық көздейтін ҚК тиісті баптары бойынша қылмыстардың жиынтығы ретінде саралаған жөн. Қол сұғу нысаны бойынша өзара ерекшеленетін әрекеттер де осылай саралауға жатады (мысалы, белгілі бір адам ерекше құндылығы бар заттармен қатар басқа мүлікті ұрлаған кезде бірінші әрекет ҚК  180-бабы бойынша, басқа әрекет - ҚК басқа да тиісті бабы бойынша саралауға жатады).
      ҚК бірнеше баптарында объектісі көрсетілген әрекетті саралау кезінде (жалпы және арнайы нормалардың бәсекелестігі) қылмыстардың жиынтығы болмайды және әрекет ҚК  12-бабының үшінші бөлігіне сәйкес тиісті арнайы норма бойынша саралауға жатады.
      Келтірілген әр түрлі қоғамдық қауіпті зардаптар қолдануға жататын қылмыстық заңның бір нормасымен көзделмесе және әр түрлі қылмыстардың тікелей объектілеріне жататын болса да, әрекетті де әрбір қылмыс үшін жауаптылық белгілеген ҚК тиісті баптары бойынша қылмыстардың жиынтығы ретінде саралаған жөн.

      12. Жасалған әрекетте ауырлатылған құрамды жасағаны үшін жауаптылық көздейтін ҚК бабында көрсетілген қылмыстың белгілері (мысалы, адам өлтіру кезіндегі аса қатыгездік) және сонымен қатар осы әрекетті жеңілдететін мән-жайлар бойынша (мысалы, жан күйзелісі жағдайында) саралау үшін негіз болып табылатын басқа да белгілер анықталған кезде қылмыстар жиынтығы болмайды. Мұндай жағдайларда әрекет осы қылмысты жасағаны үшін қатаңдығы төменірек жауаптылықты көздейтін ҚК бабы бойынша саралауға жатады (мысалы, жан күйзелісі жағдайында аса қатыгездікпен адам өлтіру ҚК  98-бабы бойынша ғана саралауға жатады).
      Белгілі бір қылмысты жасағаны үшін қылмыстық жауаптылықты жеңілдететін әр түрлі саралаушы белгілер ҚК бірнеше баптарында көзделген жағдайларда, әрекет қатаңдығы төменірек жауаптылықты көздейтін ҚК бабы бойынша саралауға жатады. (Мысалы, қажетті қорғаныс шегінен тыс және жан күйзелісі жағдайында адам өлтіру ҚК  99-бабы бойынша саралауға жатады).

      13. Белгілі бір адам жасаған, жиынтыққа кіретін қылмыстардың біреуінің субъективтік жағы кінәнің қасақана нысанымен, ал басқа қылмыстың субъективтік жағы абайсыздықпен сипатталса (мысалы, бір адамды қасақана өлтіру және басқа адамды абайсыздықтан өлтіріп алу), онда жасалған қылмыстар тіпті объектісі, объективтік жағы және келтірілген зардаптары бойынша бір-бірімен сәйкес келгеннің өзінде әрбір әрекет ҚК қасақана және абайсыздықпен жасалған қылмыс үшін жауаптылық көздейтін тиісті баптары бойынша саралануы қажет.

      14. Егер жиынтыққа кіретін қылмыстардың бірін тек арнайы субъектінің жасауы, ал басқа қылмыстарды - өзге адамдардың жасауы мүмкін екендігі заңда көрсетілсе, онда мұндай қылмыстар осы қылмыстар үшін жауаптылық көздейтін ҚК тиісті баптары бойынша жеке саралануы тиіс.
      Егер қылмыс субъектісі қылмыстардың бірін жасау кезінде орындаушы, ал басқа қылмыстарды жасау кезінде - ұйымдастырушы, арандатушы не көмектесуші болса, жиынтықты құрайтын қылмыстар да осылай саралауға жатады. Мұндай жағдайларда ұйымдастырушы, арандатушы немесе көмектесуші ретінде қылмысты жасауға қатысқан адамның әрекеттерін саралау кезінде ҚК  28-бабын және жасалған қылмыс үшін жауаптылықты көздейтін ҚК Ерекше бөлімінің тиісті бабын қолдану қажет, ал адамның орындаушы ретіндегі әрекетін ҚК тиісті бабы бойынша дербес саралаған жөн. 

      15. Егер жасалған қылмыстардың бірі басқа қылмысты жасаудың құралы немесе тәсілі болып табылса және қылмыстардың екеуінің де белгілері қылмыстық заңның тиісті нормасының диспозициясында көрсетілсе, онда жасалған әрекет неғұрлым ауыр қылмыс үшін жауаптылықты көздейтін ҚК бір бабы бойынша ғана саралауға жатады. Бұл орайда, қатаңдығы төменірек қылмыс үшін жауаптылықты көздейтін бап бойынша қосымша саралау қажет емес. (Мысалы, контрабанда жасау кезінде қызмет бабын асыра пайдалану ҚК  250-бабының екінші бөлігінің б) тармағы бойынша ғана саралауға жатады). 

      16. Бір қылмыстың басқа қылмыспен ұштасуы қылмыстардың өзара байланыстығын, бір қылмыстың басқа қылмыстың жасалуымен ұласуын білдіреді. Мұндай жағдайларда кінәлі адам қылмыстардың әрқайсысын орындауға (арасында уақыт өткізіп немесе өткізбей) бағытталған әрекеттерді жасайды.
      Қылмыстардың нақты жиынтығы кезінде олардың ұштасуы (яғни, қылмыс кінәлінің бірнеше әрекеттерімен жасалғанда), сондай-ақ олардың анық жиынтығы кезінде (бір әрекетте не әрекетсіздікте ҚК екі және одан да көп баптарында көзделген қылмыстардың белгілері болғанда), ҚК  12-бабына сәйкес, әрбір қылмысты ҚК тиісті бабы бойынша бөлек саралауға әкеп соғады.

      17. Жиынтыққа кіретін біртектес емес қылмыстарды кінәлі бірнеше сабақтас әрекеттер арқылы жасаса және олардың біріншісінің жасалуы екінші қылмыстың бірінші қылмыспен ұштасып жасалуы деген саралаушы белгісі бойынша саралау үшін негіз болып табылса (мысалы, алдымен жәбірленушіге қатысты қарақшылық, қорқытып алушылық, бандитизм, зорлау, нәпсiқұмарлық сипаттағы әрекеттер жасау, содан кейін оны өлтіру), әрбір қылмыс ҚК тиісті бабы бойынша дербес саралауға жатады.
      Бірінші қылмыс (мысалы, адам өлтіру) одан кейін екінші қылмысты (мысалы, ұрлау) жасауды жеңілдету мақсатында жасалса не кінәлі бірінші қылмысты (мысалы, зорлау) жасағаннан кейін осы қылмысты жасыру мақсатында басқа қылмыс (мысалы, адам өлтіру) жасаса, жиынтықты құрайтын қылмыстар осылай саралауға жатады.

      18. Егер іс бойынша қолдануға жататын қылмыстық заңның нормасы, қылмыстар жиынтығын көрсете келе, жасалған қылмыстардың әрқайсысының барлық белгілерін толық қамтыса және олардың әрқайсысынан қоғамдық қауіпті зардаптардың келтірілуін көздесе, онда жасалған әрекет тұтастай алғанда осы саралаушы белгілері бар неғұрлым ауыр қылмысты жасағаны үшін жауаптылықты көздейтін ҚК тиісті бабы бойынша саралауға жатады (мысалы, қарақшылық шабуыл жасау және бұл орайда денсаулыққа ауыр зиян келтіру).

      19. Адам аяқталған қылмыстарды және қылмыс жасаудың белгілі бір сатысында соңына дейін жеткізілмей тоқтатылған қылмыстарды жасаған жағдайда бұл қылмыстар бір бап бойынша саралануы мүмкін емес. Мұндай жағдайларда аяқталмаған қылмыс ҚК  24-бабының тиісті бөлігі және ҚК Ерекше бөлімінің бабы (бабының бөлігі) бойынша, ал аяқталған қылмыс - осы қылмыс үшін жауаптылық көздейтін ҚК бабы бойынша саралауға жатады.

      20. Соттар Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2002 жылғы 15 тамыздағы N 19»"Сот үкімі туралы"  нормативтік қаулысының талаптарын қатаң сақтауы, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының тиісті нормативтік қаулыларында берілген қылмыстық заңның нормалары мен түсіндірмелеріне сілтеме жасай отырып, талдау мен негіздерін келтіріп, сотталушылардың әрекеттерін саралау туралы тұжырымдарды үкімде жазулары қажет.

      21. Істерді апелляциялық, кассациялық және қадағалау тәртібімен қарау кезінде соттар қылмыстық заңның дұрыс қолданылмауы үкімді өзгерту немесе үкімнің күшін жою үшін негіз болып табылатынын ескергендері және қателерді жою жөнінде шаралар қабылдағандары жөн. Бұл орайда көрсетілген сатылар айыптау тұжырымын елеулі түрде өзгертуге әкеп соғатын қылмыстың саралануын өзгерту туралы шешім, сондай-ақ сотталғандардың жағдайының нашарлауына әкеп соғатын қылмыстық заңды қолдану, прокурордың наразылығы, айыптау тарабының тиісті дәлелдері бар шағымы немесе өтініші болмаған кезде қабылдануы мүмкін емес екенін назарда ұстауы қажет.
      Ескерту. 21-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 2011.04.21 № 1 (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.

      22. Қазақстан Республикасы Конституциясының  4-бабына сәйкес, осы нормативтік қаулы қолданыстағы құқық құрамына қосылады, сондай-ақ жалпыға бірдей міндетті болып табылады және ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі. 

       Қазақстан Республикасы
      Жоғарғы Сотының Төрағасы

       Қазақстан Республикасы
      Жоғарғы Сотының судьясы,
      жалпы отырыс хатшысының
      міндетін атқарушы