Қазақстан Республикасы соттарының азаматтық істер бойынша сот шығындары туралы заңдарды қолдануы туралы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2006 жылғы 25 желтоқсандағы N 9 Нормативтік қаулысы

Қолданыстағы

      Азаматтық істер бойынша сот шығындары туралы Қазақстан Республикасының заңдарын біркелкі қолдану мақсатында Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жалпы отырысы,

қаулы етеді:

      1. Соттар азаматтық істер бойынша сот төрелігін атқару кезінде сот шығындарымен байланысты мәселелерді Қазақстан Республикасының Азаматтық іс жүргізу  кодексінің  (бұдан әрі - АІЖК) ережелеріне, Қазақстан Республикасының "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы (Салық кодексі)" Кодексінің (бұдан әрі - Салық кодексі) 90-тарауының  1-параграфына , сондай-ақ Қазақстан Республикасының басқа да нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес шешуі тиіс.
      Егер азаматтық іс бойынша тараптар Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы аумағындағы әр түрлі мемлекеттердің шаруашылық субъектілері болса, мемлекеттік баж мөлшері және оны өтеу тәртібі әр түрлі мемлекеттердің шаруашылық субъектілері арасындағы шаруашылық дауларын қарау кезінде мемлекеттік баж мөлшері және оны өтеу тәртібі туралы келісіміне (1993 жылдың 24 желтоқсаны, Ашгабат) сәйкес анықталады.

      2. АІЖК  100-бабына  сәйкес азаматтық істердің сот шығындары мемлекеттік баждан және іс жүргізуге байланысты шығындардан тұрады.

      3. Мемлекеттік баж Салық кодексінің  493-бабына  сәйкес, Салық кодексінің  495-бабы  1-тармағының 1-тармақшасында көрсетілген азаматтық істер бойынша заңды мәні бар іс-әрекеттерді жасау және (немесе) құжаттарды беру үшін алынатын міндетті төлем болып табылады.
      Сотқа берілетін талап қоюлар және арыздар, сондай-ақ қарсы талап қоюлар қарастыруы мүмкін бірнеше талаптарының әр қайсысы мемлекеттік баж алудың объектісі болып табылады. Талап қоюдың бағасын көтеру туралы қосымша талап арыз да мемлекеттік бажбен төленуге жатады.
      Азаматтық істер бойынша мемлекеттік баж сот шешімдерінің, ұйғарымдарының және басқа да сот қаулыларының қайта берілген көшірмелерін, сонымен қатар істегі басқа да құжаттардың көшірмелерін тараптардың және басқа да іске қатысушы тұлғалардың өтініші бойынша беру кезінде алынады.

      4. Азаматтық сот ісін жүргізудегі мемлекеттік бажды төлеушілерге Салық кодексінің  494-бабының  ережелеріне сәйкес жеке және заңды тұлғалар жатқызылады:
      талап қоюды, арызды немесе шағымды бастапқы беру кезіндегі талапкер, арыз беруші ретінде қатысушылар;
      қарсы арыз берілген жағдайларда сотта жауапкер ретінде қатысушылар;
      сот қарауындағы даудың нысанасына дербес талап қоятын үшінші тұлға ретінде қатысушылар;
      бастапқы талапкер істен шыққан жағдайда және оны құқықтық мирасқоры ауыстырса, бастапқы талапкермен мемлекеттік баж төленбеген жағдайда соңғысы мемлекеттік баж төлеуші болып табылады;
      тараптар және іске қатысушы басқа тұлғалар сот актісіне шағымданғанда және сот актілерінің көшірмелерін немесе істен басқа құжаттардың көшірмелерін қайта беру үшін сотқа жүгінген жағдайда.
      Мемлекеттік баж жоғарыда көрсетілген тұлғалардан басқа тұлғамен төленсе төлем тапсырысында (түбіртегінде) қандай әрекет жасағаны үшін және төлеуші кім үшін төлегенін көрсетуі тиіс.

      5. Салық кодексінің  496-бабымен  соттардағы мемлекеттік баж мөлшері белгіленген. Мұндай жағдайда мыналар ескерілуі қажет:
      заңды тұлға құрмай кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын азаматтармен сотқа берілетін арыздарға, жеке тұлғалар үшін Салық кодексінде көрсетілген, жеке кәсіпкерлермен және шаруа (фермер) қожалықтарымен салық төлемдерін тексеру актілерінің хабарламасына шағымданудан басқа жағдайларды қоспағанда, олар үшін мемлекеттік баж ставкасы 0,1 пайызды, ал заңды тұлғалар үшін 1 пайызды құрайтын салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің (өсімпұлмен қоса) дауланатын сомасынан ставка бойынша мемлекеттік баж төленеді;
      мүліктік сипаттағы бірнеше дербес талаптан тұратын талап арыздан (шағымнан) мемлекеттік баж талап қоюдың жалпы сомасынан алынады;
      мүліктік емес сипаттағы бірнеше дербес талаптан тұратын талап арыздан мемлекеттік баж талап қоюдың әрбірінен бөлек алынады;
      мүліктік және мүліктік емес сипаттағы талап арыз үшін мемлекеттік баж қойылған талаптардың әрбір түріне белгіленген мөлшерде бір мезгілде төленеді;
      бір немесе бірнеше жауапкерге бір немесе бірнеше талапкермен талап қойылған кезде мемлекеттік баж мүліктік емес сипаттағы талаптарға әрбір талап қоюдан бөлек, ал мүліктік сипаттағы талап қоюдың жалпы сомасынан, талапкерлермен қойылған талаптың үлесінен, ортақ емес, пропорционалды төленеді;
      сотқа берілетін мүліктік сипаттағы талап арыздардан, сондай-ақ аралық соттардың шешімдерінің, төреліктің шешімдерінің күшін жою туралы өтініштерден мемлекеттік баж пайыздық мөлшерде талап қоюдың бағасынан алынады. Мұндай жағдайда пайыздық мөлшердің жіктелуі сотқа талап арызды, сонымен қатар аралық соттардың шешімдерінің, төреліктің шешімдерінің күшін жою туралы өтініш берген субъектінің түріне байланысты белгіленеді;
      моральдық залалға өтемақы төлеу туралы, соның ішінде ақша түріндегі талаптан мемлекеттік баж мүліктік емес сипаттағы талап арыздан төленетіндей алынады.
      Мүліктік сипаттағы даулар бойынша апелляциялық шағымнан алынатын мемлекеттік баж мөлшерін белгілегенде апелляциялық шағымда көрсетілген арыз берушімен дауланатын сомадан алынуы керек.

      6. Соттарда мемлекеттік баж төлеуден босатылған тұлғалардың  (жеке және заңды) түбегейлі тізімі Салық кодексінің  501-бабында   көрсетілген.
      Судьяға талап арызды (шағымды) қабылдау кезінде:
      Салық кодексінің  501-бабында  көрсетілген мемлекеттік баж төлеуден талапкерді босататын негіздердің бары, сонымен қатар басқа тұлғалардың немесе мемлекеттің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау үшін сотқа жүгінген жеке және заңды тұлғалардың мұндай талапты қою құқығының барын Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес тексеру керек;
      әкелікті анықтау және алименттерді өндіріп алу туралы талап арыз бір мезгілде берілсе, әкелікті анықтау туралы талап қоюдан мемлекеттік баж төленуге жататынын ескеру керек.

      7. Заңдарға сәйкес талапкерді мемлекеттік баж төлеуден босату тек қана заңда тікелей көрсетілген реттерде мүмкін болады, сондықтан бұл жөнінде арнайы ұйғарым шығару қажет емес.
      Талап арыз беру кезінде мемлекеттік баж төленгенін растайтын құжат тіркелмей, талапкерді оны төлеуден босататын негіздер болмаған жағдайда, талап арыз АІЖК  155-бабына  сәйкес, талап арыз төленетін мемлекеттік баж сомасы, оны төлеу мерзімі және төленбеуінің салдары көрсетілген ұйғарыммен қозғалыссыз  қалдырылуға жатады.

      8. Бюджетке мемлекеттік баждың төленгенін дәлелдейтін құжат болып Қазақстан Республикасы 1998 жылғы 29 маусымдағы N 237-І "Ақша төлемі мен аударымы туралы"  Заңының  талаптарына сәйкес келетін төлем құжатының түпнұсқасы танылады.
     Сот мемлекеттік баждың төленгенінің дәлелі ретінде төлем құжаттардың көшірмелерін қабылдамауы тиіс, сондай-ақ төлем құжаттардың түпнұсқасын, оны көшірмеге ауыстырып, тараптардың өтініші бойынша азаматтық істен алып беруге болмайды.

      9. Салық кодексінің  507-бабы  3-тармағына сәйкес, мемлекеттік баж заңды мәні бар іс-әрекеттің жасалған жері бойынша есепке алынады. Осыған байланысты мемлекеттік баж талап қою жері бойынша төленгенін растайтын құжаттарды сот дәлел ретінде қабылдауы тиіс.

      10. Талап қоюдың бағасы АІЖК  102-бабына  сәйкес, анықталады және талапкермен көрсетіледі. Талап арызда бағасының көрсетілмеуі талап арыздың қозғалыссыз қалдырылуына негіз болуы мүмкін.
      Нарықтық бағасы ескеріліп жылжымалы (жылжымайтын) мүлікті тіркеуді жүзеге асыратын уәкілетті органның немесе бағалау қызметін жүзеге асыруға лицензиясы бар тұлғамен анықталатын талап қоюдың бағасы іздеу салынған мүліктің шынайы бағасы талапкер көрсеткен бағамен айқын сәйкес келмеген жағдайда, талап қоюдың бағасы сотпен анықталады.
      Атап айтқанда талап қоюдың жеке санаттары бойынша бағасын анықтау кезінде мыналар ескерілуі керек:
      алименттерді өндіріп алу туралы талап қоюлардың бағасы жауапкердің табыстары туралы мәліметтердің (мысалы, орташа табысы туралы анықтама, салық комитетінен мәліметтер және тағы да басқаның) негізінде бір жылғы төлем жиынтығынан сотпен анықталады. Жауапкердің табысын растайтын құжаттар болмаған жағдайда бір жылғы төлем жиынтығының мөлшері Қазақстан Республикасы "Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесi туралы" Заңының  63-бабына  сәйкес істі қарау кезіндегі Қазақстан Республикасындағы орташа айлық жалақының мөлшерінен анықталады;
      тұрғын үйді жалдау шартын өзгерту немесе бұзу туралы талап қоюлардан мемлекеттік баж Салық кодексінің  496-бабы  1-тармағы 7) тармақшасына сәйкес алынады. Ал кез келген өзге мүлікті жалға алу шартын (аренда) мерзімінен бұрын бұзу туралы талап қоюлардан мемлекеттік баж шарттың (контрактың) қалған күшіндегі мерзімінің мүлікті пайдалану үшін төлемдер жиынтығы сомасынан алынады, бірақ үш жылдан артық емес.

      11. АІЖК  153 154-баптарының , АІЖК  247-баптың  1), 2) тармақшаларының, АІЖК  249-баптың  1), 2) тармақшаларының мазмұнынан Салық кодексінің  508-бабының  1-тармағының 2), 3), 4) тармақшаларында, сондай-ақ АІЖК  106-бабы  бірінші бөлігінің 1), 2) тармақшасында көрсетілген негіздер бойынша мемлекеттік баж соттың ұйғарымы бойынша толық мөлшерде, ал Салық кодексінің  508-бабының  1-тармағының 1) тармақшасында көрсетілген жағдайда жартылай мөлшерде қайтарылады.
      Мемлекеттік баж қайтарылу шарты, қайтару туралы арыз төлемді қабылдаған банктің (оның филиалы) орналасқан жері бойынша жергілікті бюджетке қабылданған күннен бастап бір жыл ішінде салық органына оның төленгені туралы төлем құжатының түпнұсқасы немесе соттың ұйғарымының немесе шешімінің көшірмесі тіркеліп берілсе қайтарылады. Артық төленген мемлекеттік баж қайтарылған жағдайда сот төлеушіге мемлекеттік бажды төлегенін растайтын түбіртектің куәландырған көшірмесін береді. Салық органының мемлекеттік бажды қайтарудан бас тартуына АІЖК  27-тарауының  ережелері бойынша шағым келтірілуі мүмкін.
      Жеке іс жүргізуге бөлінген бір талап қою немесе біріктірілген бірнеше талаптар бойынша бюджетке төленген мемлекеттік баж талап қойылған кезде қайта саналмайды және қайтарылмайды. Бөлінген жеке іс жүргізу бойынша екінші рет мемлекеттік баж төленбейді.
      Қайта берілген талап қоюлар бойынша алдында қараусыз қалдырылған немесе іс жүргізу қысқартылған, АІЖК  247-бабының  1), 2) тармақшаларында, АІЖК  249-бабының  1), 2) тармақшаларында көрсетілген жағдайлардан басқа реттерде мемлекеттік баж жалпы негіздерде төленеді.
      Істі қарау кезінде талап қоюдың талаптарының мөлшерін ұлғайтқан жағдайда немесе бітімгершілік келісім бекітілгенде жетіспейтін мемлекеттік баж сомасы талап қоюдың ұлғайған мөлшерінде қосымша төленуге жатады.
      Мемлекеттік баж төленгені туралы алғашқы төлем құжаты, талапкермен алынбаған жағдайда, оның бюджетке алынған күннен бастап бір жыл мерзім өтпесе, қайта берілген талап қоюға қосымша тіркелуі мүмкін.

      12. АІЖК  107-бабында  іс бойынша іс жүргізуге байланысты төленетін сот шығындарының көрсетілген тізімі түбегейлі болып табылмайды.
      Азаматтық сот іс жүргізуіне қатысқандығы үшін өзге шығындар қажет деп танылған жағдайда соттың дәлелді шешімімен өтелуге жатады.
      Шеккен сот шығындарын өндіру туралы мәселені шешу кезінде  соттар мыналар ескерілуі керек:
      куәларға, сарапшыларға, мамандарға, аудармашыларға төленетін сомасына сотқа келуіне байланысты шеккен шығындарының өтелуі  жатқызылады;
      АІЖК  108 109-баптарымен  қарастырылған ережелерге сәйкес, сарапшыларға және мамандарға шығындарынан басқа қызметтік міндеттерінің шеңберіне кірмейтін жасаған жұмысы үшін сыйақылар өтеледі;
      іс бойынша заттай дәлелдемелерді сақтау жөніндегі шығындар АК  774-бабы  белгіленген тәртіпте жүзеге асырылады;
      жасалған жұмыс үшін сарапшыларға және мамандарға төленетін алдын-ала сот депозитіне салынған сомма, тиісті еңбекті төлеу қолданыстағы нормаларынан алынып, Соттар әкімшілігі депозиттік шотына сыйақы сомаларын қарастырып енгізіледі. Қажетті сомма тиісті өтініш мәлімдеген тараппен енгізілуі тиіс. Көрсетілген тұлғалар өз міндеттерін атқарғаннан кейін, оларға тиесілі сомалар көрсетілген  шоттан сотпен төленуге жатады, ал көрсетілген тұлғалар әскери қызметшілер болған жағдайда сот шығындары тек қана әскери бөлімдердің талабы бойынша төленуге жатады, әскери қызметшілерінің өздеріне шығындар өтелмейді;
      азаматты хабар ошарсыз кетті деп тану, жоғалған құжатты жарамсыз деп тану және ол жөніндегі құқықтарды қалпына келтіру туралы, банкроттығы туралы іс жүргізуді қозғау бойынша істерде және заңда тікелей көрсетілген басқа да жағдайларда жарияланымдар және хабарландырулармен байланысты шығындар сот ұйғарымы бойынша арыз берушімен төленеді;
      АІЖК  107-бабы  2-4), 6), 9), 10) тармақшаларында көрсетілген шығындар алғашында бюджет қаражатынан төленіп, кейіннен кінәлі тараптан бюджет пайдасына өтетіледі.

      13. АІЖК  112-бабы  қарастыратын іс жүзінде уақыт ысырабынан келтірілген өтемақыны сот азаматтық істе бар материалдарға сілтеме жасап өндіріп алуы мүмкін:
      1) теріс пиғылмен көрнеу негізсіз талап қойған немесе азаматтық істі дұрыс және тез қарап, шешуге үнемі қарсы әрекет жасаған талапкерден;
      2) азаматтық істі дұрыс және жедел қарап, шешуге үнемі қарсы әрекет жасаған жауапкерден.
      Талапкердің немесе жауапкердің тарапынан көрсетілген әрекеттер бірнеше рет жасалуы тиіс және бір сот отырысында істі шешуге мүмкіндік бермейтіндей қасақана сипатында (мысалы, көрінеу негізсіз өтініш мәлімдеуі, сотқа жазбаша дәлелдемелерді немесе сарапшының зерттеуіне керекті материалдарды ұсынбауы және тағы да басқасы) болуы қажет.

      14. Іс жүргізуге қатысқан өкілдердің көмегіне ақы төлеу жөніндегі шығындар АІЖК  111-бабының  ережелеріне сәйкес өтеледі.
      Шешім пайдасына шығарылған тарапқа, басқа тараптан іс жүргізуге қатысқан өкілдерге ақы төлеу жөнінде іс жүзінде шеккен шығындарын талап қоюдың қанағаттандырылған бөлігіне сәйкес сот алып береді.
      Ақшалай талап бойынша бұл шығындар 10 пайыз мөлшерден аспауы тиіс.
      Құжаттармен (төлем тапсырысы немесе түбіртегі) расталған шектен тыс жоғары өкілдің көмегіне ақы төлеу жөніндегі шығындары мәлімделген жағдайда сот АК  8-бабы  4-тармағын және АІЖК  6-бабы  алтыншы бөлігінің әділдікпен парасаттылық өлшемдерін басшылыққа алып өндіреді.

      15. АІЖК  221-бабының  алтыншы бөлігіне және Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сотының "Сот шешімі туралы" 2003 жылғы 11 шілдедегі N 5 Нормативтік қаулысының  17-тармағына  сәйкес, шешімнің қарар бөлігінде сот шығындарының бөлінуі туралы жазылуы тиіс.
Сотпен шешімді қабылдаған кезде әрбір азаматтық іс бойынша шешілуі тиіс мәселе:
      тараптардың арасында сот шығындарының бөлінуі туралы, міндетті түрде кімнен, қандай мөлшерде сот шығындарын өндіруі көрсетіліп;
      басқа тұлғалардың және мемлекеттің құқықтарын, бостандықтарын және қорғалатын заңды мүдделерін қорғау жөнінде сотқа талап қойған жағдайда тараптарға өтелетін сот шығындары туралы;
      ақысыз заңды көмек көрсеткен жағдайларда өз қызметін жеке түрде жүзеге асыратын адвокатқа, заң консультациясына, адвокаттық  контораға шығындарын өтеу туралы;
      сотқа жүгінген кезде талапкер не талапкер және жауапкер мемлекеттік баж төлеуден босатылған болса мемлекетке сот шығындарын өндіру жөнінде;
      Салық кодексінің  501-бабы  қарастырған негіздер болса сот шығындарын төлеуден тараптың бірін босату туралы;
      екі тарапта бірдей оларды төлеуден босатылған жағдайда мемлекеттік бажды республикалық бюджеттің есебіне жатқызғаны туралы;
      талап қою кезінде артық төленген мемлекеттік бажды қайтару қажеттілігі жөнінде.

      16. АІЖК  110-бабына  сәйкес, пайдасына шешім шығарылған тарапқа, бұл тарап сот шығындарын төлеуден босатылса да басқа тараптан іс бойынша шеккен барлық шығындарды сот алып береді.
      Мыналар ескерілуі керек:
      егер мемлекеттік баж төлеу бойынша шығындарды талап қойылған кезде іс жүзінде заң бойынша талапкер оны төлеуден босатылуы негізінде шекпесе, олар талапкерге өтелмейді;
      өтелуге жататын мемлекеттік баж ставкасы талапкердің кім - жеке немесе заңды тұлға болуына қатысты анықталады;
      АІЖК  219-бабының  екінші бөлігіне сәйкес, сот талапкердің келісімімен мәлімделген талаптың шегінен шыққан жағдайда да сот шығындары бөлінуге жатады. 

      17. АІЖК  113-бабының  бірінші бөлігіне сәйкес талапкер талап қоюдан бас тартқан кезде оның шеккен шығындары өтелмейді.
      Талапкер талап қойылғаннан кейін жауапкердің ерікті түрде қанағаттандыруы нәтижесінде өзінің талаптарын қолдаудан бас тартқан жағдайда, сот талапкердің өтініші бойынша жауапкерден талапкер шеккен барлық сот шығындарын өндіріп алады.  

      18. Салық кодексінің  501-бабында  көрсетілген тұлғалар талап қоюды берген, сондай-ақ апелляциялық шағым келтірген кезде мемлекеттік баж төлеуден босатылады.
      Апелляциялық тәртіпте істі қарау кезінде қатысқан өкілдің көмегіне оның жол шығындарын және басқаларын қоса төлеу мәселесі алқа қаулысының қарар бөлігінде шешілуі тиіс.
      Алғашқы шешім өзгертілген немесе шешімнің күшін жойғаннан кейін істі қараған кезде сот бірінші сатыдағы соттың іс жүргізуінде орын алған, сондай-ақ апелляциялық және қадағалау сатыларындағы сот шығындарын төлеуден шеккен шығындарды тараптардың арасында қайта бөліну мәселесін шешуі тиіс. 

      19. Осы Нормативтік қаулының қабылдануына байланысты Қазақ КСР Жоғары Соты Пленумының 1990 жылғы 24 желтоқсандағы N 8 "Соттардың азаматтық істерде және қылмыстық істерде сот шығындарын өндіру жөніндегі заңдарды қолдану тәжірибесі туралы"  қаулының  күші жойылды деп танылсын. 

      20. Қазақстан Республикасы Конституциясының  4-бабына  сәйкес осы нормативтік қаулы қолданыстағы құқық құрамына қосылады,    сондай-ақ жалпыға бірдей міндетті болып табылады және ресми түрде жарияланған күннен бастап күшіне енеді.

      Қазақстан Республикасы
      Жоғарғы Сотының Төрағасы

      Қазақстан Республикасы
      Жоғарғы Сотының судьясы,
      жалпы отырыс хатшысының
      міндетін атқарушы