Қылмыстық жазаны және қылмыстық-құқықтық ықпал етудiң өзге де шараларын атқаратын мекемелердің қызметіне жәрдемдесу жөніндегі, сондай-ақ қылмыстық жазасын өтеген адамдарға әлеуметтiк және өзге де көмекті ұйымдастыру жөніндегі консультативтiк-кеңесшi орган туралы үлгі ереженi бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 3 қазандағы N 988 Қаулысы

Қолданыстағы

      "Әділет органдары туралы" Қазақстан Республикасының 2002 жылғы 18 наурыздағы Заңының 12-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкiметi ҚАУЛЫ ЕТЕДI:

      1. Қоса берiлiп отырған Қылмыстық жазаны және қылмыстық-құқықтық ықпал етудің өзге де шараларын атқаратын мекемелердiң қызметiне жәрдемдесу жөнiндегi, сондай-ақ қылмыстық жазасын өтеген адамдарға әлеуметтiк және өзге де көмектi ұйымдастыру жөнiндегi консультативтiк-кеңесшi орган туралы үлгі ереже бекiтiлсiн.

      2. Осы қаулы қол қойылған күнiнен бастап қолданысқа енгiзiледi және жариялануға тиiс.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

Қазақстан Республикасы   
Үкiметiнiң         
2005 жылғы 3 қазандағы  
N 988 қаулысымен     
бекiтiлген        

  Қылмыстық жазаны және қылмыстық-құқықтық ықпал
етудiң өзге де шараларын атқаратын мекемелердiң қызметiне
жәрдемдесу жөнiндегi, сондай-ақ қылмыстық жазасын өтеген
адамдарға әлеуметтiк және өзге де көмектi ұйымдастыру
жөнiндегi консультативтiк-кеңесшi орган туралы үлгі ереже

  1. Жалпы ережелер

      1. Осы Ереже "Әдiлет органдары туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 12-бабына сәйкес Қазақстан Республикасы облысының (республикалық маңызы бар қаланың, астананың), ауданының (облыстық маңызы бар қаланың) жергілiктi атқарушы органдарының жанынан құрылатын консультативтiк-кеңесшi органның (бұдан әрi - консультативтiк-кеңесшi орган) мәртебесi мен өкiлеттiктерiн айқындайды.

      2. Консультативтік-кеңесшi орган қылмыстық жазасын өтеген адамдарға әлеуметтiк және өзге де көмек көрсету, оларды оңалту мәселелерi жөнiнде, сондай-ақ Қазақстан Республикасы жергілiктi атқарушы органдарының құзыретiне жатқызылған қылмыстық-атқару жүйесiнiң органдары мен мекемелерi қызметінiң мәселелерi жөнiнде ұсыныстар әзiрлеу үшiн құрылады.

  2. Консультативтiк-кеңесшi органның мiндеттерi

      3. Консультативтiк-кеңесшi органның негізгі мiндеттерi мыналар жөнiнде ұсыныстар әзiрлеу болып табылады:
      қылмыстық жазаны және қылмыстық-құқықтық ықпал етудiң өзге де шараларын атқаратын қылмыстық-атқару жүйесi мекемелерi мен бөлiмшелерiнiң қызметiне жәрдем көрсету;
      заңнамаға сәйкес қылмыстық-атқару жүйесi кәсiпорындарында тауарларды (жұмыстарды, қызметтердi) сатып алуға тапсырыстар орналастыру;
      сотталғандардың еңбегін, оның iшiнде бас бостандығынан айыру түрiнде қылмыстық жазасын өтеушi адамдарды жұмыспен қамтамасыз ету мақсатында коммуналдық қызметтер мен кәсiпорындардың мұқтаждары үшiн түзеу мекемелерi жанындағы өндiрiстi дамытуды ұйымдастыру;
      заңнамаға сәйкес сотталғандарды еңбекте пайдалану жолымен қылмыстық-атқару жүйесi мекемелерi мен кәсiпорындарын өңiрлiк және жергілiктi маңызы бар проблемаларды шешуге тарту;
      бас бостандығынан айыруға сотталғандармен тәрбие жұмысын ұйымдастыру;
      қайырымдылық концерттер, кездесулер, лекциялар, сотталғандарға заңгерлiк консультациялар мен өзге де құқықтық көмек, спорттық, ағарту және мәдени iс-шараларды ұйымдастыруға, мекемелердiң кiтапхана қорларын толықтыруға жәрдем көрсету;
      заңнамаға сәйкес өзге де мәселелер.

      4. Облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергiлiктi атқарушы органдары жанындағы консультативтiк-кеңесшi органның мiндеттерiне, сондай-ақ мыналар жөнiндегі ұсыныстарды қарау жатады:
      қылмыстық-атқару жүйесi мекемелерiнiң аумағына іргелес жатқан шекараларды анықтау;
      босатылатын сотталғандардың еңбекке және тұрмыстық орналасуына жәрдемдесу бойынша жергiлiктi атқарушы органдардың қылмыстық-атқару жүйесi мекемелерiмен өзара iс-қимыл жасауын үйлестiру;
      қылмыстық жазасын өтеген адамдарға әлеуметтiк және өзге де көмектi, оның iшiнде мүгедектер мен зейнеткерлердi мүгедектер және қарттар үйлерiне орналастыруды ұйымдастыру;
      түзеу мекемелерi әкiмшiлiгiнiң сотталғандардың шағымдары мен өтiнiштерiн уақтылы және дұрыс шешуiне жәрдем көрсету;
      жергiлiктi атқарушы органдар өкiлдерiнiң түзеу мекемелерi комиссиясының қызметiне қатысуы;
      сотталғандарды ұстаудың коммуналдық-тұрмыстық және медициналық-санитарлық жағдайларын жақсартуға көмек көрсету;
      түзеу мекемелерiнде жалпы бiлiм беретiн және кәсiптiк мектептердi ұйымдастыру.

      5. Ауданның (облыстық және республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергілiктi атқарушы органдары жанындағы консультативтiк-кеңесшi органның мiндеттерiне, сондай-ақ мыналар жөнiндегi ұсыныстарды қарау жатады:
      қылмыстық жазаны қолдану тәртiбiмен қоғамдық жұмыстарға тартылған адамдар үшiн қоғамдық жұмыс объектiлерiн белгiлеу бойынша жергiліктi атқарушы органдардың жұмысын ұйымдастыру;
      түзеу мекемелерiнен босатылған, сондай-ақ қоғамнан оқшаулауға байланысты емес жазаны өтеп жүрген адамдарға еңбекке және тұрмыстық орналасуға және әлеуметтiк және өзге де көмектiң басқа түрлерiн ұйымдастыруға жәрдем көрсету.

  3. Консультативтiк-кеңесшi органның өкiлеттiктерi

      6. Консультативтiк-кеңесшi орган құқылы:
      1) мемлекеттiк органдарға өз құзыретiне кiретiн мәселелер бойынша ұсыныстар енгiзуге;
      2) мемлекеттiк органдардан консультативтiк-кеңесшi органның мiндеттерiн iске асыру үшiн қажеттi ақпаратты, материалдарды сұратуға және алуға;
      3) заңнамада белгiленген тәртiппен түзеу мекемелерiне, түзеу жұмыстарына сотталғандардың жұмыс орындарына, шартты түрде мерзiмiнен бұрын, шартты түрде босатылғандарға және бас бостандығынан айыруға байланысты емес жазалау шараларына сотталған басқа да адамдарға баруға;
      4) сотталғандарды қабылдауды жүргiзуге, олардың жеке iстерiмен танысуға, олардан өз құзыретiне жататын шағымдар мен арыздарды қабылдауға және қарауға;
      5) қылмыстық-атқару жүйесi мекемелерi мен аумақтық органдарының басшыларын, сондай-ақ жергiлiктi атқарушы органдардың басшыларын консультативтiк-кеңесшi органның құзыретiне кiретiн мәселелер бойынша, бiрақ бiр жылда екi реттен көп емес тыңдауға.

  4. Консультативтiк-кеңесшi органның жұмысын ұйымдастыру

      7. Жергiлiктi атқарушы органдар жанындағы консультативтiк-кеңесшi орган жергiлiктi атқарушы органның қаулысымен құрылады.

      8. Консультативтiк-кеңесшi органның құрамы денсаулық сақтау, жұмыспен қамту, әлеуметтiк бағдарламалар, мәдениет, бiлiм беру, кәсiпкерлiк, өнеркәсiп, жер қатынастары, дене шынықтыру және өзге де салаларда басқаруды және үйлестiрудi жүзеге асыратын жергiлiктi атқарушы органдар басшыларының қатарынан қалыптастырылады.

      9. Консультативтiк-кеңесшi органның құрамына лауазымы бойынша қылмыстық-атқару жүйесi аумақтық органының бастығы кiредi.

      10. Консультативтiк-кеңесшi органның құрамына орталық атқарушы органдардың аумақтық бөлiмшелерiнiң басшылары, сондай-ақ келiсiм бойынша прокуратура өкiлдерi, мәслихат депутаттары кiруi мүмкiн.

      11. Консультативтiк-кеңесшi органды жергiлiктi атқарушы орган басшысының орынбасары басқарады.

      12. Консультативтiк-кеңесшi органның дербес құрамын жергілiктi атқарушы орган айқындайды және мәслихат бекiтедi.

      13. Консультативтiк-кеңесшi органның отырыстары қажеттiлiгіне қарай, бiрақ кемiнде тоқсанына бiр рет өткiзiледi.

      14. Консультативтiк-кеңесшi органның кезектi отырысының күн тәртiбiн, сондай-ақ оның өткiзiлетiн орнын, уақытын, тәртiбi мен мерзiмiн консультативтiк-кеңесшi органның басшысы белгілейдi.

      15. Консультативтiк-кеңесшi органның шешiмдерi ұсынымдық сипатта болады.