Сотта азаматтық iстердi қарау кезiнде жариялылық принципін сақтау туралы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2005 жылғы 28 қазандағы N 5 Нормативтік қаулысы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2016 жылғы 25 қарашадағы № 9 Нормативтік қаулысымен.

Күшін жойған

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Жоғарғы Сотының 25.11.2016 № 9 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.

      Жариялылық принципiн қамтамасыз ету, сот процестерiнiң ашықтығы мен анықтығы туралы процессуалдық заңдардың нормаларын соттардың бiркелкi қолдануы мақсатында Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жалпы отырысы

      қаулы етедi:

      1. Қазақстан Республикасы Азаматтық iс жүргiзу кодексiнiң (бұдан әрi - АIЖК) 19-бабында бекiтілген сотта iстi қараудың жариялылық принципi барлық азаматтардың, оның iшiнде бұқаралық ақпарат құралдары өкiлдерінің отырыстар залына еркiн кiріп, азаматтық процестiң барлық сатыларында (бiрiншi, апелляциялық, кассациялық, қадағалау сатыларының соттарында) басынан аяғына дейiн қатысуы және сот отырысы залында болып жатқан жағдайлардың бәрiн өз көздерiмен көруi қамтамасыз етiліп азаматтық iстердің барлық соттарда ашық жүргiзiлетiнiн, сондай-ақ олардың сот отырысы залында болып жатқан жағдайлардың бәрiн өз қалаулары бойынша жазып алу, стенограмманы және дыбыс жазуды пайдаланып жазып алу құқығын бiлдiредi. Жариялылық сондай-ақ заңда көрсетiлген жағдайларды сақтай отырып сот отырысы кезiнде тікелей хабар жүргiзудi, киноға және суретке түсiрудi және бейнетаспаға жазып алуды көздейдi.

      Ескерту. 1-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 2012.12.29 № 6 (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулысымен.

      2. Азаматтық iс жүргiзуде жариялылықты шектеу мемлекеттiк құпияны қорғау және Конституцияның 18-бабында көзделген әркiмнiң жеке өмiрiне, өзiнiң және отбасының құпиясына қол сұғылмауына, абыройы мен ар-намысының қорғалуына, салымдары мен жинаған қаражатының, жазысқан хаттарының, телефон арқылы сөйлескен сөздерiнiң, почта, телеграф арқылы және басқа жолдармен алысқан хабарларының құпиялылығын сақтау құқығын қамтамасыз ету мақсатында, сондай-ақ заңда тiкелей көрсетiлген жағдайларда ғана мүмкiн болады.

      3. Сотта істі қараудың ашық жүргiзілуiн ғана емес, сонымен бiрге сот рәсiмдерiнің ашық, анық әрi қол жетерлiктей болуын, яғни сот шешiмінің көпшiлiкке жариялануын, тараптардың процестiң басқа қатысушыларынан түскен шағымдармен таныстырылуын, iстiң жоғары сатыдағы сотта қаралатын уақыты мен орны туралы хабарлауды, заңды күшiне енген шешiмдер дерекқорына еркiн кiрудi, сот актілерiнiң орындалуы туралы ақпарат алу мүмкiндігін сотта iстi қараудың жариялылығы деп түсiнген жөн.

      4. Он алты жасқа толмаған азаматтар iске қатысушы адам немесе куәгер болмаса одан басқаларына ашық сот отырысы залына кiруге қандай да бiр себеппен шектеу қоюға болмайды. Тiлек бiлдiрушi барлық азаматтарды ашық сот отырысына қатыстыру туралы мәселе сот отырысы залының көлемi ескерiліп шешiлуi мүмкiн.

      5. Iске қатысушы адамдардың және қатысып отыратын азаматтардың сотта iстi қарау барысын залда отырған орындарынан жазып алуға немесе дыбыс жазуды пайдаланып жазып алуға құқығы бар, бұл үшiн төрағалық етушiнiң алдын ала рұқсаты және iске қатысушылардың келiсiмi талап етiлмейдi. Аталған адамдар осы мақсатта дыбыс жазуды қолданып жазып алу құқығын ашық пайдалануы тиiс.

      6. Сот отырысының басында iске қатысушы адамдардың сот отырысы кезiнде тiкелей радио және телехабар жүргізудiң, киноға және суретке түсiрудiң, бейнетаспаға жазудың мүмкiндiгi, бұл жөнiнде сот отырысы хаттамасында көрсету туралы пікірi анықталады.

      Iске қатысушы адамдардың көрсетiлген әрекеттердi оларға қатысты жасауға келiспеуi дәлелдi болуға тиiс.

      7. АIЖК-нің 179-бабына сәйкес, iстi қарау кезiнде тәртiп бұзған адамға төрағалық етушi соттың атынан ескерту жасауға құқылы, ал тәртіптi қайталап бұзғаны үшін қатысушы азаматтар отырыс залынан шығарылады. Осы ереже киноға және суретке түсiретiн, бейнетаспаға жазатын адамдарға да қатысты қолданылады, өйткенi осы әрекеттер сот отырысының барысына кедергi келтірмеуi тиiс. Сот киноға және суретке түсiруге, бейнетаспаға жазуға уақытша шектеу қоя алады.

      Iске қатыспайтын барлық азаматтарды сот отырысы залынан шығару және iстi жабық отырыста қарау туралы АIЖК-нiң 179-бабының алтыншы бөлігінде көзделген құқықты сот істі қарауға қатысып отырған азаматтар тәртіптi жаппай бұзған кезде қолдана алады.

      8. АIЖК-ың 202-бабына сәйкес, азаматтардың жеке хат алысулары мен жеке телеграфтық хабарлары ашық сот отырысында тек хат алысқан немесе телеграфтық хабарлар алысқан адамдардың келiсiмiмен ғана жария етiлуi мүмкін. Осы ереже фото және киноқұжаттарды, дыбыстық және бейнежазбаларды, сондай-ақ өзге де техникалық құралдардың көмегiмен алынған жеке басқа қатысты мәліметтердi зерттеу кезiнде де қолданылады.

      Хат және телеграф арқылы алынған хабарларда жеке басының мүдделері қозғалған адамдар егер оларды жариялауға және зерттеуге келісiм бермесе, онда аталған әрекеттер жабық сот отырысында жүзеге асырылады.

      9. Iстердi жабық сот отырысында қарауға тек заңмен көзделген негiздер болғанда ғана жол берiледi.

      АIЖК-нiң 19-бабының екiнші бөлігіне сәйкес, мемлекеттiк құпиялар болып табылатын мәлiметтерi бар шешiмдердi хабарлауды қоса алғанда iстердi қарау жабық сот отырысында жүзеге асырылады. Оларға "Мемлекеттiк құпиялар туралы" 1999 жылғы 15 наурыздағы Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес, әскери, экономикалық, ғылыми-техникалық, сыртқы экономикалық, сыртқы саяси, барлаушылық, қарсы барлаушылық, жедел-iздестірушілік және жалпы қабылданған халықаралық құқық нормаларына қайшы келмейтін өзге де қызметтi тиiмдi жүзеге асыру мақсатымен таратылуы шектелген, мемлекет қорғайтын мемлекеттік және қызметтiк құпияларды құрайтын мәлiметтер кездесетiн істер жатады.

      Сонымен қатар, АIЖК-нiң 179-бабының алтыншы бөлігiнде көзделген жағдайда шешiмдердi жариялауды қоса алғанда, сондай-ақ бала асырап алу құпиясын, жеке, отбасылық, коммерциялық немесе заңмен қорғалатын өзге де құпияларды, азаматтар өмiрiнiң ашық айтпайтын сырлары туралы мәлiметтердi сақтауды қамтамасыз ету қажет екендiгiн не iстi ашық қарауға кедергi келтiретiн өзге де мән-жайларды негізге алған іске қатысушы адамның өтiнiшiн қанағаттандыру кезінде iс жабық сот отырысында қаралады. Процеске қатысушылар болып табылмайтын адамдар сотқа істі жабық сот отырысында қарау туралы өтiніш бiлдiруге құқылы емес.

      10. Сот iстi қараудың жариялылығын шектеу туралы мәлімделген өтiнiш бойынша процеске қатысушылардың пікірiн тыңдап, iстi жабық сот отырысында қарау туралы дәлелдi ұйғарым шығарады.

      Сотта iстi қараудың жариялылығын шектеу сот отырысының бүкiл кезеңiне не тек АIЖК-нiң 19-бабының екiншi бөлiгiнде көрсетiлген мән-жайлар зерттелетiн бөлiгiне қолданылатындықтан сот ұйғарымында бұл туралы көрсетiлуi тиіс.

      11. Жариялылық принципiн сақтауға байланысты процессуалдық заңның бұзылуы, егер бұл iстiң дұрыс қаралмауына әкеп соқса немесе әкеп соғуы мүмкiн болса, сот актiсінің күшiн жою үшін негіз болуы мүмкiн.

      12. АIЖК-нiң 344-бабының екiншi бөлiгiне сәйкес, сотта iстi қараудың жариялылығын шектеу мәселесi бойынша сот ұйғарымына жеке шағым берілмейдi және наразылық келтiрiлмейдi, бiрақ тараптардың осы ұйғарымға бiлдiрген қарсылықтары iстiң мәнi бойынша шығарылған сот шешiмiне берiлген апелляциялық шағымға немесе наразылыққа енгiзiлуi мүмкiн.

      13. Қазақстан Республикасы Конституциясының 4-бабына сәйкес, осы нормативтік қаулы қолданыстағы құқық құрамына қосылады, сондай-ақ жалпыға бiрдей мiндеттi болып табылады әрi ресми жарияланған күнiнен бастап қолданысқа енгізiледi.

Қазақстан Республикасы
Жоғарғы Сотының Төрағасы


Қазақстан Республикасы
Жоғарғы Сотының судьясы,
жалпы отырыс хатшысы