Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі медициналық қызмет көрсету саласындағы бақылау комитетiнiң мәселелерi

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 15 желтоқсандағы N 1327 Қаулысы

Жаңартылған

       Ескерту. Тақырыбында және мәтiнде "медициналық қызметтiң сапасын бақылау" деген сөздер "медициналық қызмет көрсету саласындағы бақылау" деген сөздермен ауыстырылды - ҚР Үкіметінің 2006.09.22. N  899  қаулысымен.

      Қазақстан Республикасы Президентiнiң "Қазақстан Республикасының мемлекеттiк басқару жүйесiн одан әрі жетiлдiру жөнiндегi шаралар туралы" 2004 жылғы 29 қыркүйектегі N 1449  Жарлығына  сәйкес Қазақстан Республикасының Үкiметi  ҚАУЛЫ ЕТЕДI:

      1. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінiң медициналық қызмет көрсету саласындағы бақылау комитетi (бұдан әрi - Комитет) құрылсын.

      2. Қоса берiлiп отырған:
      1) Комитет туралы ереже;
      2) Комитеттiң құрылымы бекiтiлсiн.

      3. Комитеттің төрағасына бiр орынбасары болуына рұқсат берiлсiн.
       Ескерту. 3-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2006.02.27. N  134  қаулысымен.

      4. Қосымшаға сәйкес Комитеттің аумақтық бөлiмшелерi - мемлекеттiк мекемелерi құрылсын.

      5. Кредиторлардың талаптарын қанағаттандырғаннан кейiн қалған мүлiктi Комитетке бере отырып, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлiгiнiң "Медициналық қызметтiң сапасын талдау және бағалау ұлттық орталығы" республикалық мемлекеттiк қазыналық кәсіпорны таратылсын.

      6. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлiгі заңнамада белгiленген тәртiппен:
      1) Комитеттiң әдiлет органдарында мемлекеттiк тiркелуiн қамтамасыз етсiн;
      2) осы қаулыдан туындайтын өзге де шараларды қабылдасын.

      7. Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң кейбiр шешiмдерiне мынадай өзгерiстер енгiзiлсiн:
      1) "Республикалық мемлекеттiк кәсiпорындардың тiзбесi туралы" Қазақстан Республикасы Yкiметiнiң 1996 жылғы 25 маусымдағы N 790  қаулысында  (Қазақстан Республикасының ПҮКЖ-ы, 1996 ж., N 29, 256-құжат):
      көрсетiлген қаулымен бекiтiлген Республикалық мемлекеттiк кәсiпорындардың тiзбесiнде:
      "Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі" деген бөлiмде:
      реттiк нөмiрi 9-66-жол алынып тасталсын;
      2) "Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлiгiнiң мәселелерi" туралы Қазақстан Республикасы Yкiметiнiң 2004 жылғы 28 қазандағы N 1117  қаулысында :
      көрсетiлген қаулымен бекiтiлген Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлiгiнiң қарамағындағы ұйымдардың тiзбесiнде:
      "Мемлекеттiк кәсiпорындар" деген 1-бөлiмнiң реттік нөмiрi 33-жолы алынып тасталсын.

      8. Осы қаулы 2005 жылғы 1 қаңтардан бастап күшiне енедi.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

Қазақстан Республикасы   
Үкiметiнiң        
2004 жылғы 15 желтоқсандағы
N 1327 қаулысымен    
бекiтiлген      

  Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлiгiнiң
медициналық қызмет көрсету саласындағы бақылау комитетi туралы
ереже

       Ескерту. Тақырыбында және мәтiнде "медициналық қызметтiң сапасын бақылау" деген сөздер "медициналық қызмет көрсету саласындағы бақылау" деген сөздермен ауыстырылды - ҚР Үкіметінің 2006.09.22. N  899  қаулысымен.

  1. Жалпы ережелер

      1. Медициналық қызмет көрсету саласындағы бақылау комитетi (бұдан әрi - Комитет) Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлiгiнiң құзыретi шегiнде медициналық қызмет көрсету саласындағы атқарушылық, бақылау және қадағалау функцияларын, сондай-ақ медициналық қызмет көрсетудiң сапасы бойынша басшылық пен салааралық үйлестiрудi жүзеге асыратын Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлiгiнiң ведомствосы болып табылады.
      Комитеттiң негiзгi мiндеттерi медициналық қызмет көрсетудi бақылау саласындағы мемлекеттiк саясатты iске асыру, денсаулық сақтау саласындағы стандарттарды сақтау, Қазақстан Республикасының бүкiл аумағында Қазақстан Республикасының азаматтарына, шетелдiк азаматтарға және азаматтығы жоқ азаматтарға медициналық қызмет көрсетудiң қол жетiмдiлiгi мен сапасына кепiлдiктердi қамтамасыз ету, меншiк нысанына, ведомстволық тиесiлiлiгiне қарамастан, денсаулық сақтау субъектiлерi көрсететiн медициналық қызмет саласындағы мемлекеттiк бақылауды қамтамасыз ету болып табылады.
      Комитеттiң облыс орталықтарында, Астана және Алматы қалаларында аумақтық бөлiмшелерi болады.
       Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 2006.09.22. N  899  қаулысымен.
      2. Комитет өз қызметiн Қазақстан Республикасының  Конституциясы  мен заңдарына, Қазақстан Республикасының Президентi мен Үкiметiнiң кесiмдерiне, өзге де нормативтiк құқықтық кесiмдерге, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.
      3. Комитет мемлекеттiк мекеменiң ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, өз атауы мемлекеттiк тiлде жазылған мөрлерi мен мөртаңбалары, белгiленген үлгiдегi бланкiлерi, сондай-ақ заңнамаға сәйкес Қазақстан Республикасы Қаржы министрлiгiнiң Қазынашылық комитетi органдарында және банктерде шоттары болады.
      Комитет азаматтық-құқықтық қатынастарға өз атынан түседi.
      Комитеттiң, егер ол заңнамаға сәйкес осыған уәкiлеттi болса, мемлекет атынан азаматтық-құқықтық қатынастардың тарабы болуға құқығы бар.
      4. Комитет өз құзыретiнiң мәселелерi бойынша заңнамада белгіленген тәртiппен Комитет төрағасының бұйрықтарымен ресiмделетiн шешiмдердi қабылдайды.
      5. Комитеттiң және оның аумақтық бөлiмшелерiнiң штат санының лимитін Қазақстан Республикасының Yкiметi бекітедi.
      6. Комитеттiң зиянды мекен-жайы: 473000, Астана қаласы, Мәскеу көшесi, 66.
      7. Комитеттің толық атауы - "Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлiгiнiң медициналық қызмет көрсету саласындағы бақылау" мемлекеттік мекемесi.
      8. Осы Ереже Комитеттiң құрылтай құжаты болып табылады.
      9. Комитеттiң және оның аумақтық бөлімшелерінің қызметін қаржыландыру тек республикалық бюджеттің қаражаты есебiнен жүзеге асырылады.
      Комитетке оның функциялары болып табылатын мiндеттердi орындау тұрғысында кәсіпкерлік субъектiлерiмен шарттық қатынастарға түсуге тыйым салынады.
      Егер Комитетке заңнамалық кесiмдермен кiрiстер әкелетін қызметтi жүзеге асыру құқығы берiлген болса, онда мұндай қызметтен алынған кiрістер республикалық бюджет кiрiсiне жiберiледi.

  2. Комитеттiң функциялары мен құқықтары

      10. Комитет Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мыналарды жүзеге асырады:
      1) мыналар бойынша медициналық қызметтер көрсету саласындағы мемлекеттiк саясатты iске асыру жөнiндегi бақылау және қадағалау функциялары:
      денсаулық сақтау саласындағы уәкiлеттi орган бекiткен медициналық және фармацевтикалық қызмет саласындағы стандарттарға сәйкес көрсетiлетiн медициналық қызметтердiң сапасын, көлемi мен қол жетiмдiлiгiн бақылауды қамтамасыз ету;
      санитарлық-эпидемиологиялық сараптама мен дәрiлiк заттардың сараптамасын қоспағанда, медициналық сараптама жүргiзудi бақылауды қамтамасыз ету;
      денсаулық сақтау практикасына алдын алудың, диагностиканың, емдеудiң және медициналық оңалтудың жаңа әдiстерi мен құралдарын енгiзудi бақылауды қамтамасыз ету;
      дәрiлiк заттарды қоспағанда, денсаулық сақтау практикасында алдын алудың, диагностиканың, емдеудiң және медициналық оңалтудың жаңа әдiстерi мен құралдарын қолдануды бақылауды қамтамасыз ету;
      медициналық қызметтердiң, сондай-ақ дәрiлiк заттарды қоспағанда, алдын алудың, диагностиканың, емдеудiң және медициналық оңалтудың жаңа әдiстерi мен құралдарын жарнамалауды бақылауды қамтамасыз ету;
      медициналық қызмет саласындағы бiлiктiлiк талаптары мен лицензиялау ережелерiнiң сақталуын бақылауды қамтамасыз ету;
      денсаулық сақтау ұйымдарында стационарлық емдеудегi сырқаттарға дәрiлiк заттардың тағайындалуын бақылауды қамтамасыз ету;
      2) мыналар бойынша медициналық қызмет көрсету саласындағы мемлекеттiк саясатты iске асыру жөнiндегi атқару функциялары:
      денсаулық сақтау субъектiлерiн аккредиттеудi жүзеге асыру;
      денсаулық сақтау субъектiлерiнiң қызметiне тәуелсiз сараптама жүргiзу үшiн жеке және заңды тұлғаларды аккредиттеудi жүзеге асыру;
      әр түрлi бейiн мамандарының қатарынан тәуелсiз сарапшылардың деректер банкiн қалыптастыру;
      денсаулық сақтау саласындағы ғылыми ұйымдар мен бiлiм беру ұйымдарын мемлекеттiк аттестаттауды ұйымдастыру және жүргiзу;
      денсаулық сақтауды мемлекеттiк басқарудың жергiлiктi органдарының, республикалық денсаулық сақтау ұйымдары мен олардың құрылымдық бөлiмшелерi басшыларының, сондай-ақ басшылардың орынбасарларының кәсiби құзыреттiлiгiн аттестаттауды жүргiзу;
      республикалық маңызы бар ұйымдар, сондай-ақ бiр облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) шегiнен тысқары жерлерге таралатын жеке және заңды тұлғалар атқаратын жұмыстар мен қызметтер және уақытша еңбекке жарамсыздық сараптамасы, сот-медициналық, сот-психиатриялық және сот-наркологиялық сараптамасы бөлiгiндегi медициналық қызметтi жүзеге асыру;
      медициналық бiлiмi бар мамандарға бiлiктiлiк санатын беру үшiн емтихандар өткiзу;
      медициналық қызметтердi, сондай-ақ дәрiлiк заттарды қоспағанда, алдын алудың, диагностиканың, емдеудiң және медициналық оңалтудың жаңа әдiстерi мен құралдарын жарнамалауға рұқсаттар берудi жүзеге асыру;
      дәрiлiк заттарды қоспағанда, денсаулық сақтау практикасында алдын алудың, диагностиканың, емдеудiң және медициналық оңалтудың жаңа әдiстерi мен құралдарын қолдануға рұқсаттар берудi жүзеге асыру;
      жеке тұлғаларға халықтық медицинамен (емшiлiкпен) айналысуға куәлiк беру;
      адамның органдарын (олардың бөлiктерiн) және тiндерiн әкелу мен әкетудi келiсу;
      көрсетiлетiн медициналық көмек пен медициналық қызметтердiң деңгейi мен сапасына азаматтардың қанағаттану дәрежесiн айқындау;
      көрсетiлген медициналық көмектiң сапасы мәселелерi бойынша азаматтардың шағымдарын қарау;
       Ескерту. 10-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 2006.09.22. N  899  қаулысымен.
      11. Негізгi мiндеттердi iске асыру және өзiнiң функцияларын жүзеге асыру мақсатында Комитеттiң өз құзыреті шегінде заңнамада белгiленген тәртiппен:
      1) халықтың денсаулығын сақтау саласында бiрыңғай мемлекеттiк саясатты жетiлдiру, тұжырымдамаларды, стратегияларды, мемлекеттік және өзге де бағдарламалардың даму жоспарларын, өзiнiң құзыретiне кiретiн мәселелер бойынша нормативтiк құқықтық кесiмдердi, нормативтiк-техникалық құжаттарды әзiрлеу жөнiнде ұсыныстар енгiзуге;
      2) өз құзыреті шегiнде мемлекеттiк органдардан, өзге де ұйымдар мен лауазымды адамдардан қажетті ақпарат сұратуға және алуға;
      3) медициналық қызметтiң сапаны сараптау саласында бәсекенi дамыту жөнiнде ұсыныстар енгiзуге;
      4) медициналық қызмет көрсету аясындағы бақылау саласында бағдарламаларды әзірлеу үшiн ұсыныстар енгiзуге, сондай-ақ азаматтардың денсаулығын сақтау жөнiндегi мемлекеттiк және салалық (секторалдық) бағдарламаларды, сондай-ақ ауруханаiшiлiк менеджмент бағдарламаларын әзiрлеуге қатысуға және денсаулық сақтау ұйымдары жұмысының тиiмдiлігін бағалауға;
      5) денсаулық сақтау саласында азаматтардың құқықтарын қорғау жөнiндегi шараларды әзiрлеуге;
      6) денсаулық сақтау субъектiлерi заңды талаптарды орындамаған жағдайларда Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен және негiздерде сотқа шағымдануға;
      7) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес әкiмшiлік денсаулық сақтау субъектiлерiне жазалар қолдануға;
      8) Комитеттің құзыретi шеңберiнде кеңестер, семинарлар, конференциялар мен халықаралық симпозиумдар және медициналық қызметтiң сапасын жетілдiруге бағытталған басқа да іс-шаралар өткiзуге;
      9) қажет болған кезде денсаулық сақтау субъектiлерiнiң қызметтерiне сараптама жүргiзуге, аккредиттеуге, аттестаттауға, лицензиялауға және денсаулық сақтау саласында бiлiктiлiк емтихандарын өткiзуге тарту үшiн қоғамдық үкiметтiк емес ұйымдар (медициналық ұйымдар қауымдастықтары, дәрiгерлердiң, емделушілердiң кәсiптiк қауымдастықтары) желiсiн дамыту жөнiндегi шараларды жүзеге асыруға;
      10) Комитеттiң жанынан консультативтік-кеңесшi органдар мен сараптау комиссияларын құруға құқығы бар.
       Ескерту. 11-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2006.09.22. N  899  қаулысымен.

  3. Комитеттiң мүлкi

      12. Комитеттiң жедел басқару құқығында оқшауланған мүлкі болады.
      13. Комитетке бекiтiп берiлген мүлiк республикалық меншiкке жатады.
      14. Комитеттiң өзiне бекiтiп берiлген мүлiктi өз бетiмен иелiктен шығаруға немесе өзге тәсілмен оған билiк етуге құқығы жоқ.
      Комитетке мүлiкке билiк ету құқығы берiлген жағдайда, ол Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртiппен мүлікке билiк етедi.

  4. Комитеттің қызметiн ұйымдастыру

      15. Комитеттi Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Үкiметi қызметке тағайындайтын және қызметтен босататын төраға басқарады.
      Комитет төрағасының Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрi қызметке тағайындайтын және қызметтен босататын орынбасары болады.
       Ескерту. 15-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2006.02.27. N  134  қаулысымен.
      16. Комитет төрағасы Комитеттiң жұмысын ұйымдастырады әрi оған басшылық жасайды және Комитетке жүктелген мiндеттердiң орындалуы мен өз функцияларының жүзеге асырылуы үшiн дербес жауап бередi.
      17. Осы мақсатта Комитеттiң төрағасы:
      1) Комитеттің төрағасы орынбасарының, Комитеттiң құрылымдық және аумақтық бөлiмшелерi басшыларының мiндеттерi мен өкiлеттiктерiн айқындайды;
      2) заңнамаға сәйкес Комитеттiң қызметкерлерiн, Комитеттiң аумақтық бөлiмшелерiнiң басшыларын қызметтерге тағайындайды және қызметтерден босатады;
      3) заңнамада белгіленген тәртiппен көтермелеу, материалдық көмек көрсету және тәртiптiк жаза қолдану мәселелерiн шешедi;
      4) сала мамандарын азаматтардың денсаулығын сақтау iсiнде ерекше еңбек сiңiргенi үшiн Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлiгiнiң құрмет грамотасымен марапаттауға ұсынады;
      5) бұйрықтарға қол қояды;
      6) Комитеттiң құрылымдық және аумақтық бөлiмшелерi туралы ереженi бекiтедi;
      7) мемлекеттiк органдарда, өзге де ұйымдарда Комитетті бiлдiредi.
       Ескерту. 17-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2006.02.27. N  134  қаулысымен.
      18. Комитет төрағасы және аумақтық бөлiмшелердiң басшылары әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстердi қарауға және әкiмшiлiк жазалар қолдануға құқылы.
       Ескерту. 18-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 2006.09.22. N  899  қаулысымен.

  5. Комитеттi қайта ұйымдастыру және тарату

      19. Комитеттi қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

Қазақстан Республикасы   
Үкiметiнiң        
2004 жылғы 15 желтоқсандағы
N 1327 қаулысымен    
бекiтiлген      

  Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі
Медициналық қызмет көрсету саласындағы бақылау комитетiнiң
құрылымы

       Ескерту. Қосымша жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 2006.09.22. N  899  қаулысымен.

      1. Басшылық
      2. Аккредиттеу және ұйымдастыру-құқықтық жұмыс басқармасы
      1) Ұйымдастыру-ақпараттық жұмыс бөлiмі
      2) Лицензиялау, аккредиттеу, аттестаттау және құқықтық жұмыс бөлiмi
      3. Медициналық қызмет көрсету саласындағы әдiснама және бақылау басқармасы
      1) Медициналық қызмет көрсету саласындағы талдау мен бақылау бөлiмi      
      2) Медициналық қызмет көрсету саласындағы әдiснама бөлiмi

Қазақстан Республикасы   
Үкiметiнiң        
2004 жылғы 15 желтоқсандағы
N 1327 қаулысына     
қосымша         

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлiгi
медициналық қызмет көрсету саласындағы бақылау комитетiнiң
аумақтық бөлiмшелерi - мемлекеттiк мекемелерiнiң тiзбесi

       Ескерту. Тізбеге өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2006.09.22. N  899  қаулысымен.

      1. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлiгi медициналық қызмет көрсету саласындағы бақылау комитетінiң Ақмола облыстық басқармасы.
      2. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлiгi медициналық қызмет көрсету саласындағы бақылау комитетiнiң Ақтөбе облыстық басқармасы.
      3. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлiгi медициналық қызмет көрсету саласындағы бақылау комитетiнiң Алматы облыстық басқармасы.
      4. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлiгi медициналық қызмет көрсету саласындағы бақылау комитетiнiң Алматы қаласы бойынша басқармасы.
      5. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлiгi медициналық қызмет көрсету саласындағы бақылау комитетiнiң Астана қаласы бойынша басқармасы.
      6. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігi медициналық қызмет көрсету саласындағы бақылау комитетiнiң Атырау облыстық басқармасы.
      7. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлiгi медициналық қызмет көрсету саласындағы бақылау комитетінiң Шығыс Қазақстан облыстық басқармасы.
      8. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлiгi медициналық қызмет көрсету саласындағы бақылау комитетiнің Жамбыл облыстық басқармасы.
      9. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлiгi медициналық қызмет көрсету саласындағы бақылау комитетiнiң Батыс Қазақстан облыстық басқармасы.
      10. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлiгi медициналық қызмет көрсету саласындағы бақылау комитетiнiң Қарағанды облыстық басқармасы.
      11. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлiгi медициналық қызмет көрсету саласындағы бақылау комитетiнiң Қостанай облыстық басқармасы.
      12. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігi медициналық қызмет көрсету саласындағы бақылау комитетiнiң Қызылорда облыстық басқармасы.
      13. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлiгi медициналық қызмет көрсету саласындағы бақылау комитетiнiң Маңғыстау облыстық басқармасы.
      14. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлiгi медициналық қызмет көрсету саласындағы бақылау комитетiнiң Павлодар облыстық басқармасы.
      15. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлiгi медициналық қызмет көрсету саласындағы бақылау комитетiнiң Солтүстiк Қазақстан облыстық басқармасы.
      16. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлiгi медициналық қызмет көрсету саласындағы бақылау комитетiнiң Оңтүстiк Қазақстан облыстық басқармасы.