Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлiгi Ауылдық аумақтар iстерi жөнiндегi комитетiнiң кейбiр мәселелерi туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 16 маусымдағы N 662 қаулысы

Қолданыстағы

      Қазақстан Республикасының Үкiметi қаулы етеді:

      1. Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлiгiнiң Ауылдық аумақтар iстерi жөнiндегi комитетi құрылсын.

      2. Қоса берiлiп отырған:
      1) Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлiгiнiң Ауылдық аумақтар iстерi жөнiндегi комитетi туралы ереже;
      2) Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлiгi Ауылдық аумақтар iстерi жөнiндегi комитетiнiң құрылымы бекiтiлсiн.

      3. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлiгiнiң Мемлекеттiк мүлiк және жекешелендiру комитетi Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлiгiмен бiрлесiп, тиiстi қажеттi материалдық-техникалық құралдардың және өзге де мүлiктiң Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлiгiнiң Ауылдық аумақтар iстерi жөнiндегi комитетiне берiлуiн қамтамасыз етсiн.

      4. Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлiгi заңнамада белгiленген тәртiппен осы қаулыны iске асыру жөнiнде өзге де шаралар қабылдасын.

      5. Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң кейбiр шешiмдерiне мынадай толықтырулар мен өзгерiстер енгiзiлсiн:
      1) "Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлiгiнiң кейбiр мәселелерi" туралы Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2002 жылғы 7 қазандағы N 1096  қаулысына  (Қазақстан Республикасының ПҮКЖ-ы, 2002 ж., N 33, 357-құжат):
      көрсетiлген қаулымен бекiтiлген Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлiгi туралы ережеде:
      1-тармақ "аясында," деген сөзден кейiн "ауылдық аумақтар," деген сөздермен толықтырылсын;
      3-тармақтың екiншi абзацы ", Ауылдық аумақтар iстерi жөніндегі комитет" деген сөздермен толықтырылсын;
      9-тармақта:
      1) тармақша "аумақтар мен" деген сөздерден кейiн ", ауылдық аумақтар iстерi жөнiндегi және" деген сөздермен толықтырылсын;
      7) тармақша "ауыл," деген сөздiң алдынан "ауылдық аумақтарды," деген сөздермен толықтырылсын;
      мынадай мазмұндағы 20) тармақшамен толықтырылсын:
      "20) ауылдық аумақтарды дамытудың құқықтық және әлеуметтiк-экономикалық шарттарын жетілдiру.";
      10-тармақта:
      1) тармақша "мемлекеттiк бағдарламаларды," деген сөздерден кейiн "ауыл халқын оңтайлы қоныстандыру мәселелерi жөнiндегi iс-шараларды" деген сөздермен толықтырылсын;
      8) тармақша "өнеркәсiп саласына" деген сөздерден кейiн "және ауылдық аумақтарға" деген сөздермен толықтырылсын;
      27) тармақша "мелиорацияны," деген сөздiң алдынан "ауылдық аумақтар iстерi бойынша," деген сөздермен толықтырылсын;
      39) тармақша "елдi мекендердiң" деген сөздердiң алдынан "ауылдық аудандарға және елдi мекендерге инвестициялар жiберуге" деген сөздермен толықтырылсын;
      66) тармақша "мемлекеттiк бағдарламаларды" деген сөздердiң алдынан "және ауылдық жерлердегi шағын кредит беру бағдарламаларын" деген сөздермен толықтырылсын;
      80) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
      "80) ауылдық аумақтарды дамыту саласындағы халықаралық бағдарламаларды iске асыруға қатысады;";
      мынадай мазмұндағы 81), 82), 83), 84), 85), 86) тармақшалармен толықтырылсын:
      "81) ауылдық аумақтарды дамытудың мемлекеттiк бағдарламасын iске асырудың мониторингiн жүргiзедi;
      82) ауылдық елдi мекендердiң әлеуметтiк және инженерлiк инфрақұрылым объектiлерiмен қамтамасыз етiлуiнiң нормативтерiн әзiрлеуге қатысады;
      83) ауылдық елдi мекендердiң ауыл тұрғындарының тiршiлiгiн қамтамасыз ету нормативтерiне сәйкестiгiн бағалауды жүргiзеді;
      84) ауылдық аумақтарды дамыту жөнiнде ұсыныстар енгiзедi;
      85) ауылдық аумақтарды дамыту мәселелерi бойынша орталық және жергiлiктi атқарушы органдардың қызметiн үйлестiредi;
      86) заңнамаға сәйкес өзге де функцияларды.";
      11-тармақ мынадай мазмұндағы 13) тармақшамен толықтырылсын:
      "13) Ауылдық аумақтарды дамыту жөнiнде ақпарат жинауды жүргiзуге әрi талдауға және ауылдық елдi мекендердi паспорттауды жүргізуге.";
      2) "Штат санының лимиттерiн бекiту туралы" Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2004 жылғы 30 сәуiрдегi N 495  қаулысына :
      көрсетiлген қаулымен бекiтiлген министрлiктер, агенттiктер мен ведомстволар қызметкерлерi штат санының лимиттерiнде:
      "Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлiгi" деген 2-бөлiмде:
      3-бағандағы "388" деген сандар "400" деген сандармен ауыстырылсын;
      мынадай мазмұндағы жолмен толықтырылсын:
      "Ауылдық аумақтар iстерi жөнiндегi комитет             22".

      6. Осы қаулы қол қойылған күнiнен бастап күшiне енедi.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

Қазақстан Республикасы  
Үкiметiнiң        
2004 жылғы 16 маусымдағы 
N 662 қаулысымен    
бекiтілген       

  Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлiгiнiң Ауылдық аумақтар iстерi жөнiндегi комитетi туралы
Ереже

  1. Жалпы ережелер

      1. Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлiгiнiң Ауылдық аумақтар iстерi жөнiндегi комитетi (бұдан әрi - Комитет) өз құзыретiнiң шегiнде ауылдық аумақтар iстерi жөнiндегi мемлекеттiк органдардың қызметiн үйлестiрудi жүзеге асыратын уәкілеттi орган болып табылады.

      2. Комитет өз қызметiнде Қазақстан Республикасының  Конституциясын , Қазақстан Республикасының заңдарын, Қазақстан Республикасының Президентi мен Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң кесiмдерiн, өзге де нормативтiк құқықтық кесімдерді, сондай-ақ осы Ереженi басшылыққа алады.

      3. Комитет мемлекеттік мекеменiң ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, өз атауы мемлекеттiк тiлде жазылған мөрлерi мен мөртабандары, белгіленген үлгiдегi бланкілерi, сондай-ақ заңнамаға сәйкес бюджеттi атқару жөнiндегi уәкілеттi органның аумақтық бөлiмшелерiнде және банктерде шоттары болады.
      Комитет өз атынан азаматтық-құқықтық қатынастарға түседi.
      Комитет, егер ол бұған заңнамаға сәйкес өкiлеттi болса, мемлекеттiң атынан азаматтық-құқықтық қатынастардың тарабы болуға құқығы бар.

      4. Комитеттiң штат санының лимитiн Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiтедi.

      5. Комитеттiң заңды мекен-жайы:
      473000, Астана қаласы, Абай даңғылы, 49.

      6. Комитеттiң толық атауы - "Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлiгiнiң Ауылдық аумақтар iстерi жөнiндегi комитетi" мемлекеттiк мекемесi.

      7. Осы Ереже Комитеттiң құрылтай құжаты болып табылады.

      8. Комитеттi ұстауға арналған шығыстарды қаржыландыру республикалық бюджеттен жүзеге асырылады.
      Комитеттiң функциялары болып табылатын мiндеттемелердi орындау мәнiне кәсiпкерлiк субъектiлерiмен шарттық қатынастар жасауға Комитетке тыйым салынады.
      Заңнамалық кесiмдермен Комитетке оған кiрiстер әкелетiн қызметтi жүзеге асыруға құқық берiлген жағдайда, мұндай қызметтен алынған кiрiстер республикалық бюджеттiң кiрiсiне жiберiледi.

  2. Комитеттің негiзгi мiндеттерi,
функциялары мен құқықтары

      9. Комитеттiң негiзгi мiндеттерi:
      1) ауылдық аумақтар iстерi жөнiндегi мемлекеттiк саясатты әзiрлеуге және iске асыруға қатысу;
      2) ауылдық аумақтарды дамытудың мемлекеттiк және өзге де бағдарламаларын әзiрлеу және iске асыруға қатысу;
      3) ауылдық аумақтарды дамытудың құқықтық және әлеуметтiк-экономикалық шарттарын жетiлдiру болып табылады.

      10. Комитет өз құзыретiнiң шегiнде заңнамада белгiленген тәртiппен мынадай функцияларды жүзеге асырады:
      1) ауылдық аумақтар мәселелерi бойынша орталық және жергiлiктi атқарушы органдардың қызметiн үйлестiредi;
      2) ауылдық аумақтар iстерi жөнiндегi нормативтiк құқықтық кесiмдердi әзiрлеуге қатысады, әзiрлейдi және қабылдайды;
      3) мемлекетаралық экономикалық байланыстардың басым бағыттарын пысықтауға қатысады, ауылдық аумақтарды дамытуға инвестициялар тартуға және оларды пайдалануға ықпал етедi;
      4) ауыл халқын оңтайлы қоныстандыру мәселелерi бойынша iс-шараларды әзiрлеуге және iске асыруға қатысады;
      5) ауылдық жерлерде шағын кредит беру бағдарламаларын әзiрлейдi және iске асырады;
      6) ауылдық аумақтарды дамыту саласындағы халықаралық бағдарламаларды iске асыруға қатысады;
      7) өз құзыретiнiң шегiнде облыстарды, Астана және Алматы қалаларын әлеуметтiк-экономикалық дамытудың орта мерзiмдi жоспарларын келiседi;
      8) ауылдық аудандарға және елдi мекендерге инвестициялар жiберуге негiзгi өлшемдердi әзiрлейдi;
      9) ауылдық аумақтарды дамытудың мемлекеттiк бағдарламасын iске асырудың мониторингiн жүргiзедi;
      10) ауылдық елдi мекендердiң әлеуметтiк және инженерлiк инфрақұрылым объектiлерiмен қамтамасыз етілуiнiң нормативтерiн әзiрлеуге қатысады;
      11) ауылдық елдi мекендердiң ауыл тұрғындарының тiршiлiгiн қамтамасыз ету нормативтерiне сәйкестiгiн бағалауды жүргiзедi;
      12) ауылдық аумақтарды дамыту жөнiнде ұсыныстар енгiзедi;
      13) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де функцияларды жүзеге асырады.

      11. Негiзгi мiндеттер мен өз функцияларын жүзеге асыру үшiн Комитеттiң өз құзыретiнiң шегiнде заңнамада белгiленген тәртiппен:
      1) ауылдық аумақтарды дамыту мәселелерi бойынша құқықтық кесiмдер шығаруға;
      2) Комитетке жүктелген мiндеттердi жүзеге асыру үшiн мемлекеттiк органдар мен өзге де ұйымдардан қажеттi ақпарат сұратуға және алуға;
      3) ауылдық аумақтарды дамыту жөнiнде ақпарат жинауды жүргiзуге әрi талдауға және ауылдық елдi мекендердi паспорттауды жүргiзуге;
      4) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген өзге де құқықтарды жүзеге асыруға құқығы бар.

  3. Комитеттiң мүлкі

      12. Комитеттiң жедел басқару құқығында оқшауланған мүлкi болады.
      Комитеттiң мүлкi оған мемлекет берген мүлiктiң есебiнен құралады және негiзгi әрi айналым қаражатынан, сондай-ақ құны Комитеттiң теңгерiмiнде көрсетiлетiн өзге де мүлiктен тұрады.

      13. Комитетке бекiтiлiп берiлген мүлiк республикалық меншiкке жатады.

      14. Комитет өзiне бекiтiп берiлген мүлiктi өз бетiнше иелiктен шығаруға немесе өзге де тәсiлмен билiк етуге құқығы жоқ.
      Комитетке заңнамада белгiленген жағдайларда және шектерде мүлiкке билiк ету құқығы берiлуi мүмкiн.

  4. Комитеттің қызметін ұйымдастыру

      15. Комитеттi Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрiнiң ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Үкiметi қызметке тағайындайтын және қызметтен босататын Төраға басқарады.
      Төрағаның Комитет төрағасының ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрi қызметке тағайындайтын және қызметтен босататын екi, оның iшiнде бiр бiрiншi орынбасары болады.

      16. Төраға Комитеттiң жұмысын ұйымдастырады және басқарады әрi Комитетке жүктелген мiндеттердiң орындалуына және оның өз функцияларын жүзеге асыруына дербес жауапкершiлiк жүктейдi.

      17. Осы мақсаттарда төраға:
      1) Комитеттiң қызметкерлерiн қызметке тағайындайды және қызметтен босатады;
      2) өз орынбасарларының мiндеттерi мен өкiлеттiктерiн анықтайды;
      3) бұйрықтарға қол қояды;
      4) Комитеттiң құрылымдық бөлiмшелерi туралы ереженi бекiтедi;
      5) мемлекеттiк органдарда, өзге де ұйымдарда Комитеттi бiлдiредi;
      6) Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрiмен келiсiм бойынша Комитеттiң штат кестесiн бекiтедi;
      7) заңнамаға сәйкес өзге де өкiлеттiктердi жүзеге асырады.

      18. Комитет қабылдайтын шешімдер Комитет төрағасының бұйрықтарымен ресімделеді.

  5. Комитетті қайта ұйымдастыру және тарату

      19. Комитетті қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

Қазақстан Республикасы  
Үкiметiнiң        
2004 жылғы 16 маусымдағы 
N 662 қаулысымен    
бекiтілген       

Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлiгі Ауылдық аумақтар iстерi жөнiндегi комитетiнiң құрылымы

      Басшылық
      Үйлестiру және мониторинг басқармасы: әлеуметтiк бағдарламаларды үйлестiру бөлiмi, ауылдық елдi мекендердiң мониторингi бөлiмi
      Шағын кредит беру бөлiмi
      Iшкi көшi-қон және ауыл халқын оңтайлы қоныстандыру бөлiмi