Су ресурстарын кешендi пайдалану мен қорғаудың басты және бассейндiк схемаларын және су шаруашылығы теңгерімдерін әзiрлеу әрi бекiту ережесiн бекiту туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 10 ақпандағы N 159 қаулысы

Қолданыстағы

      РҚАО-ның ескертпесі.

      ҚР мемлекеттік басқару деңгейлері арасындағы өкілеттіктердің аражігін ажырату мәселелері бойынша 2014 жылғы 29 қыркүйектегі № 239-V ҚРЗ Заңына сәйкес ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 2015 жылғы 30 наурыздағы № 19-1/277 бұйрығын қараңыз.


      Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 9 шiлдедегi Су кодексi 36-бабының 7) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Yкiметi қаулы етеді:

      1. Қоса берiліп отырған Су ресурстарын кешендi пайдалану мен қорғаудың басты және бассейндiк схемаларын және су шаруашылығы теңгерiмдерiн әзiрлеу әрі бекiту ережесi бекiтiлсiн.

      2. Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлiгінiң Су ресурстары жөнiндегi комитетi осы қаулының 1-тармағында көрсетiлген Ережеге сәйкес су ресурстарын кешендi пайдалану мен қорғаудың басты және бассейндiк схемаларын әзiрлеудi бастасын.

      3. "Суды кешендi пайдалану мен қорғаудың схемаларын әзiрлеу және бекiту тәртiбiн бекiту туралы" Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетінің 1994 жылғы 19 тамыздағы N 932 қаулысының (Қазақстан Республикасының ПYКЖ-ы, 1994 ж., N 36, 392-құжат) күшi жойылды деп танылсын.

      4. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап күшiне енедi.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

Қазақстан Республикасы 
Үкіметінің       
2004 жылғы 10 ақпандағы
N 159 қаулысымен   
бекiтiлген      

Су ресурстарын кешендi пайдалану мен қорғаудың басты
және бассейндiк схемаларын және су шаруашылығы
теңгерiмдерiн әзiрлеу әрi бекіту
Ережесі

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Ереже Қазақстан Республикасында су ресурстарын кешендi пайдалану мен қорғаудың басты және бассейндiк схемаларын және су шаруашылығы теңгерiмдерiн әзiрлеу, келiсу және бекiту тәртiбiн белгiлейдi.
      2. Осы Ережеде мынадай негiзгi ұғымдар:
      су ресурстарын кешендi пайдалану мен қорғаудың басты схемасы (бұдан әрi - басты СРКПҚС) - халық пен экономика салаларының суға перспективалық қажеттіліктерiн қанағаттандыру, сондай-ақ су ресурстарын қорғау немесе олардың зиянды әсерлерiн болдырмау үшiн жүзеге асырылуы тиiс тұтас ел бойынша негiзгi су шаруашылығы және басқа да iс-шараларды белгiлейтiн құжат;
      су ресурстарын кешендi пайдалану мен қорғаудың бассейндiк схемасы (бұдан әрi - бассейндік СРКПҚС) - тұтас бассейн бойынша немесе қаралатын аумақ бойынша су объектiсiнiң су ресурстарын ұтымды пайдалану мен қорғау мақсатындағы iс-шараларды белгiлейтiн құжат;
      перспективалық су шаруашылығы теңгерiмi - су тұтынушылардың пайдалануына арналған су объектілерінің перспективадағы су ресурстары мөлшерiнің болжамы;
      жедел су шаруашылығы теңгерiмi - судың нақты бар-жоғын жыл сайынғы бағалау және су тұтынушылардың пайдалануына арналған ағымдағы жылдың сулылығына қарай су ресурстарын қайта бөлу.
      3. СРКПҚС-ты әзiрлеу ұзақ мерзiмдi перспективада экономикалық және әлеуметтiк мiндеттердi шешуге бағытталған бағдарламалық құжаттарға негізделедi.
      4. СРКПҚС-та қаралатын аумақтар мен негізгi өзендер бассейндерi бойынша су ресурстарының сандық көрсеткiштерi көрсетiледi, су объектiлерiнiң экологиялық және санитарлық-эпидемиологиялық жай-күйi ескерiлетiн су тұтыну лимиттері белгiленедi.
      5. Су көрсеткiштерi мен суға перспективалық қажеттiлiктi бағалау суды мемлекеттiк есепке aлу, су кадастры мен су объектiлері мониторингінің деректерi негiзiнде жүзеге асырылады.
      6. СРКПҚС орта мерзiмдi үш жылдық кезеңдер бөлiп көрсетіліп, кемiнде 15 жылдық ұзақ мерзiмдi кезеңге әзiрленедi.
      7. Басты және бассейндік СРКПҚС, су шаруашылығы теңгерiмдерi республикалық бюджет қаражаты есебiнен әзiрленедi.
      8. СРКПҚС әзiрлеудi су қорын пайдалану мен қорғау саласындағы уәкiлеттi орган (бұдан әрі - уәкiлеттi орган) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес су шаруашылығы бейiнiндегi ғылыми және мамандандырылған жобалау ұйымдарын тарта отырып конкурстық негiзде жүзеге асырады.
      9. Министрлiктер, ведомстволар мен ұйымдар уәкiлеттi органның сұратуы бойынша су өнiмдерi түрлерiн өндiру мен бөлу - су тұтыну сарқынды сулардың жекелеген санаттары бойынша су бөлу әрі ластаушы заттарды су объектiлерiне шығару көлемдерi, аумақтық-бассейндік бөліністе су жiберу режимдерi мен оның көлемi жөнiнде мәліметтер ұсынады.

2. Басты СРКПҚС-ты әзiрлеу мен бекiту тәртiбi

      10. Басты СРКПҚС өңiрдiң/бассейннiң әлеуметтік-экономикалық дамуы болжамы мен табиғи факторлар тепе-теңдігін сақтау ескерiле отырып, егжей-тегжейлі зерттеулер мен техникалық-экономикалық деректер нұсқаларын салыстыру негiзінде су шаруашылығы проблемаларының кешендi мiндеттерiн шешу мақсатында әзiрленедi.
      Басты СРКПҚС әзiрлеу мерзiмi 3 жылдан аспауы тиiс.
      11. Басты СРКПҚС жобасын уәкiлеттi орган Қазақстан Республикасының экономика және бюджеттік жоспарлау, индустрия және сауда, энергетика және минералдық ресурстар, көлiк және коммуникациялар, денсаулық сақтау, жер ресурстары, қоршаған ортаны қорғау саласындағы орталық атқарушы органдарымен мiндеттi түрде келiсуi шартымен әзiрлейдi.
      Басты СРКПҚС жобасы басқа да мүдделі мемлекеттік органдармен және ұйымдармен келiсiлуi мүмкiн.
      Басты СРКПҚС жобасы бойынша Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен мемлекеттік экологиялық сараптама жүргiзiледi.
      12. Уәкiлеттi орган Басты СРКПҚС жобасын ол бекiтiлгенге дейiн жұртшылықтың талқылауына шығаруды қамтамасыз етедi.
      13. Басты СРКПҚС жобасын белгiленген тәртiппен Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiтедi.

3. Бассейндiк СРКПҚС әзiрлеу мен бекiту тәртiбi

      14. Уәкiлеттi орган олар бақылайтын аумақтар қаралатын бассейнге кiретiн жергіліктi атқарушы органдардың, қоршаған ортаны қорғау, жер қойнауын пайдалану, халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы аумақтық органдардың ұсыныстарын ескере отырып, су шаруашылығы, экологиялық және санитарлық-эпидемиологиялық жағдайды талдау негiзiнде Бассейндік СРКПҚС әзiрлеу жоспарын жасайды және бекiтедi.
      15. Бассейндік CPКПҚC әзiрлеу жоспары негiзінде әрбiр бассейндiк су шаруашылығы басқармасы өзі бақылайтын аумақта бассейндік СРКПҚС әзiрлеу жөнiнде ұсыныстар дайындайды.
      16. Бассейндік СРКПҚС ұсыныстарында мыналарды:
      - СРКПҚС-та қаралатын бассейн мен әкiмшiлiк аумақтар қажеттiлiктерiне сай тұрақты су пайдалануды;
      - бассейн мен тиiстi аумақтардың жер бетi және жер асты суларын оңтайлы жай-күйге жеткiзу әрi сол күйде ұстау;
      - Қазақстан Республикасы қатысушысы болып табылатын халықаралық шарттарда көзделген мiндеттемелердi орындауын қамтамасыз ететiн іс-шаралар туралы ақпарат қамтылуы тиiс.
      17. Бассейндік су шаруашылығы басқармалары уәкiлеттi органға бассейндiк CPКПҚC әзiрлеу жөнiнде ұсыныстар бередi, оларда бассейндiк кеңеске қатысушылар мен жұртшылық ұсынымдары көрсетiлуi тиiс.
      18. Бассейндік су шаруашылығы басқармаларының ұсыныстарының негiзiнде уәкiлеттi орган су шаруашылығын дамытудың негiзгi бағыттары, су ресурстарын ұтымды пайдалану мен қорғау ескерiлген бассейндік СРКПҚС әзiрлейдi.
      Трансшекаралық су объектiлерiне арналған бассейндік СРКПҚС Қазақстан Республикасы қатысушысы болып табылатын халықаралық шарттар талаптары ескерiле отырып әзiрленедi.
      Бассейндік СРКПҚС әзiрлеу мерзiмi 2 жылдан аспауы тиiс.
      19. Бассейндiк СРКПҚС жобасын уәкiлеттi орган олар бақылайтын аумақтар қаралатын бассейнге кiретiн жергiлiктi атқарушы органдармен, қоршаған ортаны қорғау, жер қойнауын пайдалану мен қорғау, халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы аумақтық органдармен келiседi.
      Бассейндiк СРКПҚС жобасы бойынша Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен мемлекеттiк экологиялық және санитарлық-эпидемиологиялық сараптама жүргiзiледi.
      20. Бассейндiк СРКПҚС-ты уәкiлеттi орган бекiтедi.

4. Су шаруашылығы теңгерiмдерiн әзiрлеу тәртiбi

      21. Су шаруашылығы теңгерiмдерi су объектiлерi бассейндерi, экономикалық аудандар және тұтас ел бойынша су ресурстарының бар-жоғын және оларды пайдалану мүмкiндiктерiн бағалау мақсатында әзiрленедi.
      22. Су шаруашылығы теңгерiмдерi жедел және перспективалық болып бөлiнедi.
      23. Су объектiлерi бассейндерi бойынша жедел су шаруашылығы теңгерiмдерiн әрбiр жылдың қорытындысы бойынша бассейндiк су шаруашылығы басқармалары әзiрлейдi және келесi жылдың сәуiр айынан кешiктiрмей уәкiлеттi орган бекiтедi.
      24. Тұтас ел бойынша перспективалық су шаруашылығы теңгерiмi басты СРКПҚС-тың құрамдас бөлiгi болып табылады және оның құрамында бекiтiледi.
      25. Жекелеген су объектiсi бассейнiнде қолайсыз ахуал қалыптасқан жағдайда Қазақстан Республикасының Үкiметi су тұтынушылар арасында су ресурстарын қайта бөлу әрi жаңа өндiргiш күштердi орналастыру мүмкiндiгін анықтау мақсатында тиiстi су объектiсi бассейнiнде перспективалық су шаруашылығы теңгерiмiн әзiрлеу туралы шешiм қабылдауы мүмкiн.
      Осындай перспективалық су шаруашылығы теңгерiмi осы Ереженiң 19, 20-тармақтарында көзделген тәртiппен әзiрленедi және уәкiлеттi орган бекiтедi.
      Қолайсыз ахуал қалыптасқан жекелеген су объектiсi бассейнiнде осындай перспективалық су шаруашылығы теңгерiмiн әзiрлеуге Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес су шаруашылығы бейiнiндегі ғылыми және мамандандырылған жобалау ұйымдары тартылуы мүмкiн.

5. СРКПҚС-ты нақтылау және қайта қарау тәртiбi

      26. Бекiтiлген СРКПҚС олар бекiтiлгеннен кейiнгі әрбiр 3 жылдан сиретпей нақтылау және толықтыру рәсiмiнен өткiзiлуi тиiс.
      27. СРКПҚС-ты нақтылау және толықтыру осы ережеде белгiленген мүдделі мемлекеттiк органдар мен жұртшылықтың қатысуы туралы талаптар сақталып, жүзеге асырылады.