Тұлғалардың кәсіпкерлік немесе өзге де қызметті лицензиясыз жүзеге асыру кезінде тапқан табысты алу жөніндегі Қазақстан Республикасының заңнамасын сот тәжірибесінде біркелкі қолдану мақсатында Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жалпы отырысы қаулы етеді:
1. "Лицензиялау туралы" Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі - Заң) 9-14-баптарымен кәсіпкерлік және өзге де қызмет түрлері тізбегінің жан-жақты қарастырылғанына, тұлғаның олармен айналысар алдында Қазақстан Республикасының заңнамасымен белгіленген тәртіппен лицензияны алуға міндетті екеніне соттар назар аударсын.
2. Тұлғалар Заңның 24-бабының 1-тармағына сәйкес кәсіпкерлік қызметпен лицензиясыз айналысқаны үшін Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексімен (бұдан әрі - Кодекс) көзделген әкімшілік жауапкершілік немесе Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 190-бабында көзделген қылмыстық жауапкершілік көтереді.
3. Сот тұлғаның кәсіпкерлік қызметпен лицензиясыз айналысқаны үшін Кодекстің 45, 50-баптарына сәйкес қосымша әкімшілік шара ретінде меншік құқығымен осы тұлғаға тиесілі және әкімшілік құқық бұзушылық жасаудың құралы болған заттарды ғана емес, сонымен бірге осы әкімшілік құқық бұзушылықты жасаудың нәтижесінде алынған табыстарды да тәркілеуі мүмкін. Мұндай заттар мен табыс, егер оларды тәркілеу Кодекстің Ерекше бөлімінің тиісті бабының санкциясымен көзделген болса, тәркіленуі мүмкін.
4. Кәсіпкерлік немесе өзге де қызметпен лицензиясыз айналысу әкімшілік құқық бұзушылық болып табылатындықтан, "Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексін күшіне енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 3-бабына сәйкес, Заңның 24-бабының 2-тармағымен көзделген осындай қызметтен түскен табысты алу тәртібі қолдануға жатпайды.
5. Кәсіпкерлік немесе өзге де қызметпен лицензиясыз айналысуға байланысты әкімшілік құқық бұзушылықтарды жасаудың құралы деп машиналарды, саймандарды, станоктарды, механизмдер мен басқа да құрал-жабдықтарды, сондай-ақ тұлға әкімшілік құқық бұзушылық жасау кезінде тікелей қолданған шикізатты (жартылай фабрикаттарды) түсіну қажет.
6. Кәсіпкерлік немесе өзге де қызметпен лицензиясыз айналысудан алынған табыс деп осындай қызметпен айналысудың барлық кезеңінде тауарларды (жұмыстарды, қызметтерді) сатудан түскен табысты түсіну қажет. Табыс құрамына сондай-ақ сатылған тауарлардың (жұмыстардың, қызметтердің) бірақ әкімшілік құқық бұзушылық жөнінде хаттама жазылған күнге дейін төленбеген құнын да қосқан жөн.
Егер кәсіпкерлік немесе өзге де қызметпен лицензиясыз айналысудан алынған табыстан салық төленген болса, онда тәркілеуге жататын табыс көлемі салық төленген сомаға кемиді.
7. Лицензия беруші Заңның
17-бабына
сәйкес лицензияны шағын кәсіпкерлік субъектілеріне лицензия алушы барлық қажетті құжаттарды қосып арыз берген күннен бастап он күндік мерзімнен кешіктірмей беруге тиіс екеніне соттар назар аударуы тиіс. Лицензия алушының арызға тіркеп беретін құжаттарының тізбесі Заңның
16-бабында
көрсетілген және кеңейтіп түсіндіруге жатпайды.
Егер шағын кәсіпкерлік субъектісіне лицензия белгіленген мерзімде берілмесе немесе Заңның
19-бабының
1-тармағында көрсетілген негіздер бойынша лицензия беруден бас тарту жөнінде жауап берілмесе, онда шағын кәсіпкерлік субъектілерінің көрсетілген мерзім өткеннен кейін тапқан табысы лицензиясыз қызметтен алынған табыс ретінде қарастырыла алмайды. Мұндай табыс тәркіленуге жатпайды.
Сонымен қатар шағын кәсіпкерлік субъектілерінің кәсіпкерлік қызметпен нақтылы айналысқан күнінен бастап лицензия берушінің лицензияны беру мерзімі аяқталғанға дейінгі кезең ішінде тапқан табысын лицензиясыз қызметтен алынған табыс ретінде қарастырған жөн.
8. Кәсіпкерлік немесе өзге де қызметпен лицензиясыз айналысқаны үшін мемлекеттік уәкілетті органның лауазымды адамы жасаған әкімшілік құқық бұзушылық жөніндегі хаттама Кодекстің
635-бабында
көрсетілген талаптарға жауап беруге тиіс.
Хаттамаға әкімшілік құқық бұзушылық жасаудың құралы болып табылған, жеке белгілері мен құны көрсетілген заттар тізбесі ғана емес, сонымен қатар заңды тұлғаның немесе жеке кәсіпкердің лицензиясыз қызметтен алған табыстары туралы мәліметтер де қоса тіркелуге тиіс.
Әкімшілік құқық бұзушылық жасаудың құралы болып табылатын заттардың құны нарықтық құны бойынша, қажетті жағдайларда "Қазақстан Республикасындағы бағалау қызметі туралы" Қазақстан Республикасының
Заңына
сәйкес бағалаушы маман қатыстырыла отырып анықталады.
Тұлғаның кәсіпкерлік немесе өзге де қызметпен лицензиясыз айналысу кезінде тапқан табысының мөлшері салықтық тексеру актісінде немесе лауазымды адамы осындай қызметті жүзеге асырғаны үшін әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы хаттаманы жасауға уәкілетті органның өзге де құжатында көрсетіледі.
9. Қазақстан Республикасы Конституциясының 4-бабына сәйкес осы нормативтік қаулы қолданыстағы құқық құрамына қосылады, сондай-ақ жалпыға міндетті болып табылады әрі ресми жарияланған күннен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасы
Жоғарғы Сотының Төрағасы
Қазақстан Республикасы
Жоғарғы Сотының судьясы,
жалпы отырыс хатшысы