Кәсіпкерлік немесе өзге де қызметті лицензиясыз жүзеге асыру кезінде тапқан табысты алу жөніндегі заңнаманы соттардың қолдануы туралы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2004 жылғы 18 маусымдағы N 4 Нормативтік қаулысы.

Жаңартылған

      Ескерту. Бүкіл мәтін бойынша "Кодекстің" деген сөз "ӘҚБтК-тің" деген сөзбен ауыстырылды - ҚР Жоғарғы Сотының 25.11.2016 № 11 (алғаш ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулысымен.

      Тұлғалардың кәсіпкерлік немесе өзге де қызметті лицензиясыз жүзеге асыру кезінде тапқан табысты алу жөніндегі Қазақстан Республикасының заңнамасын сот тәжірибесінде біркелкі қолдану мақсатында Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жалпы отырысы қаулы етеді:

      1. "Рұқсаттар және хабарламалар туралы" Қазақстан Республикасының 2014 жылғы 16 мамырдағы № 202-V Заңының (бұдан әрі — Заң) 28-бабының 1-тармағына сәйкес осы баптың 1-тармағының 1)-ден бастап 27) тармақшаларында көзделген салалардағы жекелеген қызмет түрлері немесе әрекеттер (операциялар) лицензиялауға жататынына соттар назар аударсын.

      Жүзеге асыру үшін тұлғаның белгіленген тәртіппен лицензияны алуға міндетті болатын қызмет түрінің және кіші түрінің толық тізбесі Заңға 1-ҚОСЫМШАДА көзделген.

      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Жоғарғы Сотының 25.11.2016 № 11 (алғаш ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); өзгеріс енгізілді - 07.12.2023 № 5 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулыларымен.

      2. Тұлғалар қызметті немесе әрекеттерді (операцияларды) лицензиясыз жүзеге асырғаны үшін Заңның 3-бабы 1-тармағының 2) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 463-бабында (бұдан әрі — ӘҚБтК) көзделген әкімшілік жауаптылықта немесе Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 214-бабында көзделген қылмыстық жауаптылықта болады.

      Ескерту. 2-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Жоғарғы Сотының 25.11.2016 № 11 (алғаш ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулысымен.

      3. Сот тұлғаның кәсіпкерлік қызметпен лицензиясыз айналысқаны үшін ӘҚБтК-тің 41, 45-баптарына сәйкес қосымша әкімшілік шара ретінде меншік құқығымен осы тұлғаға тиесілі және әкімшілік құқық бұзушылық жасаудың құралы болған заттарды ғана емес, сонымен бірге осы әкімшілік құқық бұзушылықты жасаудың нәтижесінде алынған табыстарды да тәркілеуі мүмкін. Мұндай заттар мен табыс, егер оларды тәркілеу ӘҚБтК-тің Ерекше бөлімінің тиісті бабының санкциясымен көзделген болса, тәркіленуі мүмкін.

      Ескерту. 3-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 25.11.2016 № 11 (алғаш ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулысымен.

      4. Алып тасталды - ҚР Жоғарғы Сотының 25.11.2016 № 11 (алғаш ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулысымен.

      5. Кәсіпкерлік немесе өзге де қызметпен лицензиясыз айналысуға байланысты әкімшілік құқық бұзушылықтарды жасаудың құралы деп машиналарды, саймандарды, станоктарды, механизмдер мен басқа да құрал-жабдықтарды, сондай-ақ тұлға әкімшілік құқық бұзушылық жасау кезінде тікелей қолданған шикізатты (жартылай фабрикаттарды) түсіну қажет.

      6. Кәсіпкерлік немесе өзге де қызметпен лицензиясыз айналысудан алынған табыс деп осындай қызметпен айналысудың барлық кезеңінде тауарларды (жұмыстарды, қызметтерді) сатудан түскен табысты түсіну қажет. Табыс құрамына сондай-ақ сатылған тауарлардың (жұмыстардың, қызметтердің) бірақ әкімшілік құқық бұзушылық жөнінде хаттама жазылған күнге дейін төленбеген құнын да қосқан жөн.

      Егер кәсіпкерлік немесе өзге де қызметпен лицензиясыз айналысудан алынған табыстан салық төленген болса, онда тәркілеуге жататын табыс көлемі салық төленген сомаға кемиді.

      7. Лицензия беруші Заңның 30-бабына сәйкес атом энергиясын пайдалану саласындағы, қаржы саласындағы және қаржы ресурстарын шоғырландыруға байланысты қызмет, білім беру саласындағы, көмірсутектер саласындағы лицензияларды және (немесе) лицензияға қосымшаларды қоспағанда, лицензияны және (немесе) лицензияға қосымшаны не оларды беруден уәжді бас тартуды лицензиар он бес жұмыс күнінен кешіктірмей беретініне соттар назар аударсын. Лицензия алушының арызға тіркеп беретін құжаттарының тізбесі Заңның 29-бабында көрсетілген және кеңейтіп түсіндіруге жатпайды.

      Егер арыз берушіге лицензия белгіленген мерзімде берілмесе немесе Заңның 32-бабының 1-тармағында көрсетілген негіздер бойынша лицензия беруден бас тарту жөнінде уәжді жауап берілмесе, онда оның көрсетілген мерзім өткеннен кейін тапқан табысы лицензиясыз қызметтен алынған табыс ретінде қарастырыла алмайды. Мұндай табыс тәркіленуге жатпайды.

      Сонымен қатар жеке және заңды тұлғалардың кәсіпкерлік қызметпен нақтылы айналысқан күнінен бастап лицензия берушінің лицензияны беру мерзімі аяқталғанға дейінгі кезең ішінде тапқан табысын лицензиясыз қызметтен алынған табыс ретінде қарастырған жөн.

      Ескерту. 7-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 25.11.2016 № 11 (алғаш ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); 07.12.2023 № 5 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулыларымен.

      8. Кәсіпкерлік немесе өзге де қызметпен лицензиясыз айналысқаны үшін мемлекеттік уәкілетті органның лауазымды адамы жасаған әкімшілік құқық бұзушылық жөніндегі хаттама ӘҚБтК-тің 803-бабында көрсетілген талаптарға жауап беруге тиіс.

      Хаттамаға әкімшілік құқық бұзушылық жасаудың құралы болып табылған, жеке белгілері мен құны көрсетілген заттар тізбесі ғана емес, сонымен қатар заңды тұлғаның немесе жеке кәсіпкердің лицензиясыз қызметтен алған табыстары туралы мәліметтер де қоса тіркелуге тиіс.

      Әкімшілік құқық бұзушылық жасаудың құралы болып табылатын заттардың құны нарықтық құны бойынша, қажетті жағдайларда "Қазақстан Республикасындағы бағалау қызметі туралы" Қазақстан Республикасының 2018 жылғы 10 қаңтардағы № 133-VI Заңына сәйкес бағалаушы маман қатыстырыла отырып анықталады.

      Тұлғаның кәсіпкерлік немесе өзге де қызметпен лицензиясыз айналысу кезінде тапқан табысының мөлшері салықтық тексеру актісінде немесе лауазымды адамы осындай қызметті жүзеге асырғаны үшін әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы хаттаманы жасауға уәкілетті органның өзге де құжатында көрсетіледі.

      Ескерту. 8-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 25.11.2016 № 11 (алғаш ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); 07.12.2023 № 5 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулыларымен.

      9. Қазақстан Республикасы Конституциясының 4-бабына сәйкес осы нормативтік қаулы қолданыстағы құқық құрамына қосылады, сондай-ақ жалпыға міндетті болып табылады әрі ресми жарияланған күннен бастап қолданысқа енгізіледі.

Қазақстан Республикасы
Жоғарғы Сотының Төрағасы


Қазақстан Республикасы
Жоғарғы Сотының судьясы,
жалпы отырыс хатшысы