Соттардың кейбір экологиялық қылмыстар үшін жауаптылық жөніндегі заңнаманы қолдануы туралы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2004 жылғы 18 маусымдағы N 1 Нормативтік қаулысы

Жаңартылған

      Соттардың экологиялық қылмыстар үшін жауаптылық жөніндегі заңнаманы дұрыс және біркелкі қолдануы мақсатында Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жалпы отырысы қаулы етеді:

      1. Экологиялық қылмыстар жөніндегі істерді қарау кезінде заңның дұрыс қолданылуын қамтамасыз ету үшін соттар әрбір нақты жағдайда шаруашылық және экологиялық қауіпті заттарды өндіру, сақтау мен пайдаланудағы өзге де қызметті жүзеге асыру, басқа да қызметтерді жасау кезінде (су, аңшылық кәсіпшілігі, ағаштар мен бұталарды кесу және тағы басқа) қандай экологиялық талаптардың немесе белгілі бір ережелердің сақталуын, сондай-ақ экологиялық қылмыстарды жасағаны үшін жауаптылық белгілейтін қылмыстық заң нормаларының бланкеттік болып табылатынын ескере отырып, осы ережелер мен талаптардың қандай нормативтік құқықтық актілермен белгіленгенін анықтаулары қажет.

      2. Кез-келген жеке тұлға, оның ішінде мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілетті адамдар және соларға теңестірілген адамдар, лауазымды адамдар, сондай-ақ жауапты мемлекеттік қызмет атқаратын адамдар мен мемлекеттік және мемлекеттік емес, коммерциялық немесе коммерциялық емес ұйымдарда басқару функцияларын орындайтын адамдар экологиялық қылмыстар субъектілері болуы мүмкін.
      Мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілетті адамдар және соларға теңестірілген адамдар, лауазымды адамдар, сондай-ақ жауапты мемлекеттік қызмет атқаратын адамдар немесе коммерциялық не коммерциялық емес ұйымдарда басқару функцияларын орындайтын адамдар экологиялық қылмыстар жасаған жағдайда, сондай-ақ олардың әрекеттерінде лауазымдық өкілеттіктерді немесе коммерциялық не коммерциялық емес ұйымдарда басқару функцияларын орындайтын адамның өкілеттіктерін асыра пайдалану белгілері болған кезде, олардың әрекеттері экологиялық қылмыс әрі сыбайлас жемқорлық және мемлекеттік қызмет мүдделері мен мемлекеттік басқаруға қарсы өзге де қылмыстар немесе коммерциялық не өзге де ұйымдардың қызмет мүдделеріне қайшы келетін қылмыс үшін жауаптылықты көздейтін Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің (бұдан әрі - ҚК) тиісті баптары бойынша саралануы тиіс.
      Егер қылмыстық заң нормаларында өзінің қызмет бабын пайдаланып кінәлінің әрекет жасауы экологиялық қылмыстың саралаушы белгісі ретінде қарастырылса, онда жауаптылық экологиялық қылмыстар үшін жауаптылықты көздейтін ҚК-нің бабы (баптың бөлігі) бойынша ғана туындайды.

      3. Экология саласындағы арнайы білімдерді талап ететін мәселелерді дұрыс шешу мақсатында соттардың Қазақстан Республикасы Қылмыстық іс жүргізу кодексінің (бұдан әрі - ҚІЖК) 240-243 -баптарына, Қазақстан Республикасының Экологиялық кодексінің жетінші тарауына сәйкес, іске қатысуға мамандарды тартуы не тиісті экологиялық сараптамалар өткізуді тағайындауы қажет.
       Ескерту. 3-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 2008.12.22. N 22 Нормативтік қаулысымен.

      4. Шегінде экологиялық заңнаманы бұзумен байланысты қылмыс жасалған аумақ ерекше қорғалатын табиғи аумақ немесе төтенше экологиялық жағдай аумағына (ҚК-нің 278-бабының екінші бөлігі, ҚК-нің 279-бабының екінші бөлігі, ҚК-нің 281-бабының екінші бөлігі, ҚК-нің 285-бабының екінші бөлігі, ҚК-нің 287-бабының екінші бөлігі, ҚК-нің 288-бабының бірінші бөлігі, ҚК-нің 291-бабының үшінші бөлігі) жата ма деген мәселені анықтаған кезде Қазақстан Республикасының Экологиялық кодексінің және "Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы" Қазақстан Республикасы Заңының ерекше қорғалатын табиғи аймақтар қызметінің құқықтық, экономикалық, әлеуметтік және ұйымдық негіздерін белгілейтін және анықтайтын ережелерін негізге алған жөн.
       Ескерту. 4-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Жоғарғы Сотының 2008.12.22. N 22 Нормативтік қаулысымен.

      5. Заңсыз ағаш кесу деп Қазақстан Республикасының орман қорындағы ағаштарды, бұталар мен шырмауық тұқымдас өсімдіктердің барлық тобын, оның ішінде өрттен зақымданғандарын: ағаш кесу билетінсіз кесуді; ағаш кесудің қолданылып жүрген ережелерін көрінеу бұза отырып алған орман кесу билеті бойынша кесуді; билетте көрсетілген учаскеден тыс немесе оның шекарасынан тыс жерде жүзеге асырылған ағаш кесуді; ағаш кесу билетінде белгіленген мөлшерден астам ағаш кесу немесе ағаш кесудің түріне жатпайтын ағаштарды, сондай-ақ бұталар мен шырмауық тұқымдас өсімдіктерді кесуді; ағаш кесу билетінде белгіленген мерзімді бұзып ағаш кесуді және Қазақстан Республикасы Орман кодексінің 113-бабы 1-тармағының 4) тармақшасымен белгілеген өзге ережелер мен басқа да нормативтік құқықтық актілерді бұзуды түсінген жөн.

      6. Заңсыз кесу салдарынан келтірілген шығынның мөлшерін анықтау кезінде ағаштар мен бұталардың, шырмауық тұқымдас өсімдіктердің зақымдануы одан әрі өспей қалуына байланысты болды ма, оларды кесуге тыйым салынған ба және елеулі шығын келтірілгені туралы қорытынды жасауға мүмкіндік беретін өзге мән-жайларды да анықтау қажет.

      7. Орман қорына кіретін немесе жалпы кесуге тыйым салынған ағаштар мен бұталарды кесу, кесілген өсімдіктердің тек ақшаға шаққандағы бағасына қарамастан жасалған елеулі шығын келтіру деп қарастырылуы мүмкін екендігін назарда ұстаған жөн. Ағаштар мен бұталарды заңсыз кесу өзгедей экологиялық зиянға әкеп соққан жағдайларда (су қойнауларының құрғауы, шөптердің, өзге де өсімдіктердің шықпай қалуы, сол жерде жануарлардың, құстардың, пайдалы жәндіктердің және т.б. құрып кетуі) залал қоршаған ортаның бұзылған экологиялық жай-күйін қалпына келтірудің құнын бағалау негізге алына отырып анықталуға тиіс.

      8. Ағаштар мен бұталарды бірнеше рет заңсыз кесу деп, егер адам олардың ешқайсысы үшін бұрын сотталмаған болса, осы әрекеттердің екі рет не одан да көп жасалуы түсінілуге тиіс.
      Егер барлық ағаштар мен бұталарды кесу тек қасақана ниетке байланысты болғаны анықталса, бірнеше ағаштар мен бұталарды кесу бірнеше рет кесу деп танылмайды. Жекелеген ағаштар мен бұталарды түрлі уақытта кесу, кінәлінің әрбір ағаш пен бұтаны жеке-жеке кесу кезінде өз бетімен туындаған қасақана ниетімен сипатталса, бірнеше рет кесу ретінде сараланады.
      Ескерту. 8-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 2011.04.21 № 1 (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.

      9. Орман қорғау үшін отырғызылған, үй маңындағы саяжай және бақ учаскелеріндегі, жел құлатқан, дауыл сындырған ағаштарды және т.с. қоспағанда, ауыл шаруашылығына арналған жерлерде өскен ағаштар мен бұталарды кесу, егер бұл заңмен арнайы қарастырылмаса экологиялық қылмыс құрамын құрамайды. Ағаштар мен бұталарды өтеусіз иемдену мақсатында жасалған мұндай әрекеттер, сондай-ақ орман алқаптарында заңды негізде кесіліп жинауға, тұтынуға немесе тасуға арналған ағаштарға иелік етуді бөтеннің мүлкін ұрлау ретінде саралаған жөн.

      10. Адамның тірлігіне қатысы жоқ табиғат аясында емін-еркін тіршілік ететін жабайы жануарлар мен құстар заңсыз аңшылық объектісі болып табылады.
      Жабайы құстар мен жануарларды олжалау мақсатында аңдып, ізіне түсіп, оларды тиісті рұқсатсыз немесе арнайы тыйым салынғанына қарамастан олжалау, аңшылыққа құқығы жоқ немесе аңшылықты жүзеге асыру үшін заңсыз лицензия алған адамның не белгіленген жерден тыс, не тыйым салынған мерзімде, не қолдануға тыйым салынған қарулармен және әдістермен аңшылықты жүзеге асыруын заңсыз аңшылық деп санаған жөн.
      Қолында атылатын қаруы, қақпандары және басқа да аңшылық құрал-жабдықтары, қасында аңға салатын иттері және саятшылыққа баулынған құстары бар адамның қасақана заңсыз аңшылық жасау ниетімен аталған мән-жайлар болған жағдайда аң-құс ауланатын жерлерде болуын оның аң-құсты аулаған-ауламағанына қарамастан заңсыз аңшылық деп тану қажет.

      11. Заңсыз аңшылық кезінде автокөлік құралдарын немесе әуе кемесін қолдану (ҚК 288-бабының бірінші бөлігінің "б" тармағы) деп осындай құралдарды аңшылық процесінде (жануарлардың ізін кесу, аңду, шам жарығымен ату және т.б.) тікелей қылмыс қаруы ретінде пайдалану түсінілуге тиіс. Егер осы құралдар браконьерлерді аңшылық жасайтын орынға жеткізу немесе заңсыз олжаны тасымалдау үшін пайдаланылса, онда мұны автокөлік құралдары мен әуе кемесін қолданып жасалған қылмыс ретінде қарастыруға болмайды.

      12. Егер заңсыз аңшылық, су жануарлары мен өсімдіктерді олжалау заңсыз жолмен алынған, дайындалған немесе сақталған атылатын қаруды (тегіс ұңғылы аңшылық қарудан басқа), әскери қару-жарақтар немесе жарылғыш заттар пайдаланылып жасалса, онда кінәлінің әрекеті экологиялық қылмыстар жасағаны және атылатын қаруды, әскери қару-жарақтарды заңсыз жолмен алғаны, сақтағаны, тасымалдағаны үшін жауаптылық көздейтін (ҚК-нің 251-бабы ) баптар жиынтығы бойынша саралануға жатады.

      13. Балық пен өзге де су жануарларын немесе өсімдіктерін заңсыз олжалау деп тиісті рұқсатсыз жасалған немесе тыйым салынған уақытта немесе рұқсат етілмеген орындарда не тыйым салынған әдіспен жасалған олжалау түсінілуге тиіс.
      Егер әрекеттер:
      а) елеулі залал келтіріле отырып;
      б) жарылғыш және химиялық заттарды, электр тогын немесе су жануарлары мен өсімдіктерін жаппай жоятын өзге де әдістер қолданыла отырып жасалса, мұндай әрекеттер үшін ҚК-нің 287-бабы бойынша қылмыстық жауаптылық туындайды.
      Су жануарларын немесе өсімдіктерін заңсыз олжалаудың өзге де жағдайлары әкімшілік жауаптылыққа әкеліп соғады.
       Ескерту. 13-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 2008.12.22. N 22 Нормативтік қаулысымен.

      14. Кәсіпорындар мен ұйымдар арнайы құрылған немесе дайындаған тоғандарда өсіретін балықтарды, су жануарларын аулауға кінәлі тұлғалардың әрекеті немесе осы ұйымдар немесе питомниктер аулаған балықты, су жануарларын иемдену, сондай-ақ аңдарды ұстайтын орындағы жабайы аңдарды, құстарды иемдену бөтеннің мүлкін иемдену ретінде саралауға жатады.

      15. Заңсыз су кәсіпшілігі, аңшылық, ағаш кесу туралы істер бойынша ірі (елеулі) зиянның бары немесе жоқтығы туралы мәселе заңсыз ауланған балықтың, су жануарларының, олжаланған аңның, кесілген немесе зақымдалған ағаштардың саны, құны, экологиялық құндылығы, сондай-ақ жануарлар мен өсімдіктер дүниесіне келтірілген басқа да залал ескеріле отырып шешілуге тиіс.
      Осы орайда олжаланған аң-құстардың саны мен құнын ғана емес, сонымен тұтастай алғанда жануарлар мен өсімдіктер дүниесіне келтірілген экологиялық зиянды, оның ішінде зубрді, бұланды, бұғыны ату; заңсыз аңшылық кезінде уылдырық шашылатын орындардың, шабақтардың көп санының құрып кетуін; заңсыз су кәсіпшілігімен айналысу кезінде аулауды немесе Қазақстан Республикасының Қызыл кітабына енгізілген жануарлар мен өсімдіктердің жойылуын ескеру керек.

      16. ҚК-нің 287 , 288-баптарында көзделген қылмыстар, шын мәнінде балықты, су жануарларын немесе өзге де жануарларды, өсімдіктерді олжалап алған-алмағанына қарамастан аңдуға, ізіне түсуге, олжалауға, аулауға кіріскен сәттен бастап аяқталған қылмыстар болып есептеледі. Елеулі залал келтіру қылмыстың міндетті белгісі болып табылған жағдайларда, аяқталған қылмыс құрамы осындай залал тек шын мәнінде болған кезде орын алуы мүмкін.
       Ескерту. 16-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 2008.12.22. N 22 Нормативтік қаулысымен.

      17. Бұзылған тазалау құрылғылары мен құралдары бар өндірістік, ауыл шаруашылық, коммуналдық және басқа да объектілерді пайдалану, тазалау құрылғылары мен құралдарын тоқтату, минералдық тыңайтқыштар мен препараттарды тасымалдау, сақтау, пайдалану ережесін бұзу, суларды ластау, бітеу және сарқу бойынша өзге де әрекеттер жасау, егер осы әрекеттер елеулі түрде зиян келтіру немесе ҚК-нің 281-бабының тиісті бөлігінде көрсетілген салдардың біріне әкеп соққан жағдайларда қылмыстық жауаптылық жүктейді.

      18. Елеулі зиян келтіру деп ҚК-нің 281-бабының бірінші бөлігі және ҚК-нің 283-бабының екінші бөлігі бойынша әрекеттерді саралау кезінде анықталуы міндетті болып табылатын, адамның денсаулығына зиян келтіруді, қоршаған ортаның, демалыс орындарының сапасы айтарлықтай нашарлауына жануарлардың жаппай ауруының туындауына, балық қорларының елеулі көлемде, өзге де су өсімдіктері мен организмдерінің азаюына және құрып кетуіне, орман алқаптары мен өсімдіктерінің ауруына және жойылуына, жер құнарлылығының төмендеуіне, адамдардың жаппай ауруына, сондай-ақ төтенше экологиялық жағдайдың қалыптасуына әкеп соғатын өзге де салдарды түсінген жөн.

      19. Қоршаған ортаның елеулі өзгерулерін, қалпына келтіру ұзақ уақытты не елеулі материалдық шығындарды қажет ететін табиғи объектілердің жойылуын немесе олардың жағдайының нашарлауын, сондай-ақ табиғи ресурстарды пайдалануға кедергі келтіретін жағдайдың туындауын, шаруашылық және өзге де қызмет процесінде (ҚК-нің 277 , 280 , 294-баптары ) қойылатын экологиялық талаптардың бұзылуымен байланысты өзге де жағдайларды ауыр салдар деп түсінген жөн.

      20. Экологиялық қылмыстардың жекелеген түрлерінің (ҚК-нің 277 , 279 , 281 , 282 , 285-баптары ) орын алатын қоғамға қауіпті салдары ретінде адамның еңбек қабілетін жоғалтуға әкеп соққанына не ауыр немесе орташа ауыр зиян келтіргеніне қарамастан, адамның денсаулығына жеңіл зиян келтіру деп түсіну қажет.

      21. Адам денсаулығына немесе қоршаған ортаға зиян келтіретін шынайы қауіптің болуын немесе туындауына себеп болатын осындай жағдайлардың не осындай мән-жайлардың пайда болуын, егер кінәлі адамның еркінен тыс қабылданған шаралар немесе өзге де мән-жайлар арқылы олардың алдын алу шаралары қолданылмаса, адамның денсаулығына немесе қоршаған ортаға елеулі зиян келтіру қаупі деп (ҚК-нің 278-бабының бірінші бөлігі, 279-бабының бірінші бөлігі) түсіну қажет.

      22. Экологиялық заңнаманы бұзуға байланысты қылмыстардың салдарынан келтірілген материалдық шығындардың орнын толтыру туралы талаптарды сот тиісті талап қойылған жағдайда шешеді.
      Қылмыстық іс бойынша тұлғаны сотқа дейінгі іс жүргізу сатысында азаматтық талапкер деп танудан бас тарту оны сот тергеуі басталғанға дейін талап қою құқығынан айырмайды.
      Егер қылмыстық істе азаматтық талап қойылмаса мүдделі адамдар талапты азаматтық сот ісін жүргізу тәртібімен қоюға құқылы (ҚІЖК-нің 163 , 165-баптары ).
      Егер зиян келтіруші қоршаған табиғи орта үшін аса қауіпті қызметпен байланысты кәсіпорын, мекеме, ұйым болып табылса, егер зиян еңсерілмейтін күштің немесе жәбірленушінің қасақана ниетінің нәтижесінде туындағанын анықтаған болса, олардың келтірілген шығынның орнын толтыру жөніндегі жауапкершілігі кінәнің нысанына қарамастан туындайды.
       Ескерту. 22-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 2008.12.22. N 22 Нормативтік қаулысымен.

      23. Заң бұзушы келтірген экологиялық зиян әдейі немесе абайсызда жасалған әрекеттің (әрекетсіздіктің) нәтижесінде келтірілген зиян екендігіне қарамастан, Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің нормаларына, "Экологиялық кодекстің 321, 322-баптарына, "Жануарлар дүниесін қорғау, өсіру және пайдалану жөнінде заңнаманы бұзумен келтірілген зиян мөлшерінің орнын толтыруды бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2001 жылғы 4 қыркүйектегі N 1140 қаулысына және "Қазақстан Республикасының орман заңнамасын бұзудан келтірілген залалдың мөлшерін есептеуге арналған базалық ставкаларды бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 31 мамырдағы N 441 қаулысына сәйкес және зиян келтірілген сәттегі қолданыстағы нормативтік құқықтық актілерде көрсетілген шығынның көлемін есептеу әдісі мен такса негізінде, ал олар болмаған жағдайда - келтірілген зиян қоршаған ортаның бұзылған жағдайын қалпына келтіруге жұмсалған нақты шығын бойынша есептеледі және кінәлі адамның оның орнын толық көлемде толтыруына жатады.
      Экологиялық заңнаманы бұзу нәтижесінде денсаулыққа немесе мүлікке келтірілген зиян жәбірленушінің еңбек қабілеттілігінің жойылу дәрежесі, оның денсаулығын қалпына келтіруге және емделуге жұмсалатын шығын, ауруды күту үшін жұмсалатын шығын, өзге де шығыстар мен шығындар ескеріле отырып толық көлемде өтелуге жатады. Денсаулыққа келтірілген зиянның ауырлығын анықтау тиісті дәрігерлік комиссия (сараптама) қорытындысының негізінде жүргізіледі.
       Ескерту. 23-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 2008.12.22. N 22 Нормативтік қаулысымен.

      24. Экологиялық қылмыстармен келтірілген шығынның орнын толтыру сомасы мемлекет кірісіне, ал зиян тікелей жеке не заңды тұлғаға келтірілген жағдайда - олардың пайдасына өндірілетінін соттардың назарда ұстауы қажет.

      25. Заңсыз олжаланған өнімдер (аңдар, құстар, балықтар, ағаштар, бағалы аң терілері және жануарлар дүниесінің басқа да өнімдері) алынуға жатады. Алып қою мүмкін болмаған жағдайда (құқық бұзушы пайдаланып қойған немесе сатып жіберген, жарамсыз болып қалған және т.б.) оның құны жануарлар дүниесін пайдалану үшін төлем ставкалары бойынша жауапкерден өндірілуге тиіс. Экологиялық қылмыс жасау нәтижесінде олжаланған өнімді сатудан түскен сома шығынды өтеу есебіне жатқызылмайды, ол қылмыстық жолмен олжаланған мүлік ретінде құқық бұзушыдан өндіріледі не мемлекет кірісіне алынады.
      Заңсыз жолмен дайындалған сүректер немесе орман пайдалану өнімдерінің басқа да түрлері (шайыр, сүрек шырындары, екінші дәрежелі сүрек ресурстары) алуға және мемлекеттік мекеменің не тергеу орны немесе соттың істі қарау орны бойынша әрекет ететін заңды тұлғаның мәртебесі бар ерекше қорғалатын табиғат аумағы мекемесінің балансына берілуге жатады.

      26. Аңдарды ату, балық аулау, ағаштарды кесу және т.б. үшін қолданылған көлік құралдары, заттар мен қондырғылар, қарулар, көмекші құралдар, сондай-ақ осы кезде пайдаланылған көлік және жүзу құралдары заттай дәлелдемелер ретінде танылуға тиіс және қылмыс құралы ретінде ҚР ҚІЖК-нің 121-бабына сәйкес мемлекет кірісіне тәркіленуге жатады немесе тиісті мекемелердегі белгілі бір адамдарға беріледі, ал олар жарамсыз болған жағдайда - жойылуға жатады.

      27. Өзінің қызмет бабын пайдалана отырып экологиялық заңнаманы бұзғаны үшін сотталған адамдарға қатысты істерді қарау кезінде оларды белгілі бір қызметті атқару немесе белгілі бір қызмет түрімен айналысу құқығынан айыру туралы мәселені ҚК-нің 41-бабына сәйкес талқылауы қажет. Бұл ретте, егер көрсетілген қосымша жаза ҚК-нің Ерекше бөлімінің тиісті баптарындағы санкциялармен көзделмесе, онда үкімде оны тағайындау кезінде ҚК-нің 41-бабына сілтеме жасау қажет.
       Ескерту. 27-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 2008.12.22 N 22, өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 2011.04.21 № 1 (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулыларымен.

      28. Қылмыстық-жазаланатын әрекеттерді әкімшілік теріс қылықтан ажырату мақсатында экологиялық құқық бұзушылық құрамын сипаттайтын барлық мән-жайларды анықтауға, атап айтқанда, оның жасалу әдісіне, құқыққа қайшы жасалған әрекеттің салдарларына, келтірілген зиянның немесе шыққан шығынның мөлшеріне, өзге де мән-жайларға, егер кінәлі адамның әрекеті бір мезгілде қылмыстық, сондай-ақ әкімшілік заңдардың күшін қолдануға жататындығын ескере отырып Қазақстан Республикасы ҚІЖК-нің 19-бабының үшінші бөлігіне сәйкес қылмыс ретінде қарастырыла алмайтынына ерекше назар аударған жөн.

      29. Соттар қылмыстық істерді қарау кезінде экологиялық заңнаманың бұзылуына әсер ететін себептер мен жағдайларына байланысты мән-жайларды мұқият зерттеп, мемлекеттік органдардың, қоғамдық ұйымдардың, шаруашылық субъектілерінің қызметіндегі нақты кемшіліктер мен қателіктерді, қоршаған ортаны қорғау жөніндегі заңнаманы бұзған жекелеген лауазымды тұлғалардың заңға қайшы әрекеттерінің фактілерін анықтап, қажет болған жағдайларда жеке қаулы шығаруға тиіс.
       Ескерту. 29-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 2008.12.22. N 22 Нормативтік қаулысымен.

      30. Осы қаулының қабылдануына байланысты Қазақ ССР Жоғарғы Соты Пленумының "Соттардың табиғат қорғау заңдарын қолдану тәжірибесі туралы" 1986 жылғы 28 наурыздағы N 12 қаулысының , Пленумның 1989 жылғы 31 наурыздағы N 1 қаулысымен енгізілген өзгерістерімен және толықтыруларымен бірге, күші жойылды деп танылсын.

      31. Қазақстан Республикасы Конституциясының 4-бабына сәйкес осы нормативтік қаулы қолданыстағы құқық құрамына қосылады, сондай-ақ жалпыға міндетті болып табылады әрі ресми жарияланған күннен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
      Жоғарғы Сотының Төрағасы

      Қазақстан Республикасы
      Жоғарғы Сотының судьясы,
      жалпы отырыс хатшысы