Жердi пайдалану мен қорғауға мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру epeжeciн бекiту туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2003 жылғы 29 қыркүйектегі N 990 қаулысы

Қолданыстағы

      Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 20 маусымдағы Жер кодексiне  сәйкес Қазақстан Республикасының Үкiметі қаулы етеді:

      1. Қоса берiлiп отырған Жердi пайдалану мен қорғауға мемлекеттiк бақылауды жүзеге асыру ережесi бекiтiлсiн.

      2. "Жердi пайдалану мен қорғауға мемлекеттiк бақылауды жүзеге асыру тәртiбi туралы ереженi бекiту туралы" Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 1997 жылғы 19 ақпандағы N 235 қаулысының  (Қазақстан Республикасының ПҮКЖ-ы, 1997 ж., N 9, 61-құжат) күшi жойылды деп танылсын.

      3. Осы қаулы қол қойылған күнiнен бастап күшiне енедi.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

Қазақстан Республикасы  
Үкiметінің        
2003 жылғы 29 қыркүйектегi
N 990 қаулысымен    
бекiтiлген        

Жердi пайдалану мен қорғауға мемлекеттік
бақылауды жүзеге асыру ережесi

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Ереже Қазақстан Республикасында жер заңнамасының сақталуын, жердi пайдалану мен қорғауға мемлекеттік бақылауды (бұдан әрi - жердi пайдалану мен қорғауға мемлекеттiк бақылау) жүзеге асыруды регламенттейдi.

      2. Жердi пайдалану мен қорғауға мемлекеттiк бақылау Қазақстан Республикасының Конституциясына , Қазақстан Республикасының Жер кодексiне және осы ережеге сәйкес мемлекеттiк органдардың, жеке, заңды және лауазымды тұлғалардың Қазақстан Республикасының жер заңнамасын орындауын, Қазақстан Республикасы заңнамасының бұзылуларын табуды және жоюды, азаматтар мен заңды тұлғалардың бұзылған құқықтарын қалпына келтiрудi, жер учаскелерiн пайдалану ережелерiн сақтауды, жер кадастрын жүргiзу мен жерге орналастырудың дұрыстығын және жердi ұтымды пайдалану мен қорғау жөнiндегi iс-шараларды орындауды қамтамасыз ету мақсатында жүзеге асырылады.

      3. Жерді пайдалану мен қорғауға мемлекеттiк бақылауды жер ресурстарын басқару жөніндегi орталық уәкілеттi орган мен олардың аумақтық органдары, сондай-ақ өз құзыретi шегiнде өзге де уәкілеттi органдар жүзеге асырады.

      4. Жерді пайдалану мен қорғауға мемлекеттiк бақылауды жүзеге асыратын өзге де мемлекеттік органдар мыналар болып табылады:
      қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілеттi орган;
      санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің мемлекеттiк органдары;
      сәулет, қала құрылысы және құрылыс iстерi жөнiндегi уәкiлеттi орган;
      ауыл шаруашылығы, орман, аңшылық және балық шаруашылығы, ерекше қорғалатын табиғи аумақтар, су ресурстарын пайдалану мен қорғау саласындағы уәкiлеттi орган (бұдан әрi - ауыл шаруашылығы саласындағы уәкiлетті орган).
      Бұл органдар өз функциясын өзара бiр-бiрiмен iс-қимыл жасау арқылы жүзеге асырады.

      5. Жер ресурстарын басқару жөнiндегi қоршаған ортаны қорғау, сондай-ақ сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы, ауыл шаруашылығы саласындағы орталық уәкiлеттi органдар, санитарлық-эпидемиологиялық қызметтiң мемлекеттiк органдары:
      өз құзыретiне сәйкес жердi пайдалану мен қорғауға мемлекеттiк бақылауды жүзеге асырады;
      жердiң сапалы жай-күйiнің өзгеруiн тексерудi және сараптауды ұйымдастырады;
      жердi мақсатты пайдаланудың сақталуын бақылауды жүзеге асырады;
      жер заңнамасының бұзылуын жоюға шаралар қолданады;
      жердi пайдалану мен қорғау мәселелерiне қатысты нормативтiк кесiмдердi әзiрлеуге қатысады;
      тозған ауыл шаруашылығы жайылымдықтарын, химиялық, биологиялық, радиоактивтi және басқа да зиянды заттармен ластанған, сондай-ақ пайдаланылуы одан әрi адам өмiрi мен денсаулығына қауiп төндіруге, төтенше жағдайларға, апаттарға, тарихи-мәдени мұралар мен табиғат ландшафтарының бұзылуына, ауыл шаруашылығы өнiмдерi мен су көздерінiң ластануына әкеп соғатын карантиндiк зиянкестер мен өсімдік ауруларын жұқтырған жерді белгiленген тәртiппен сақтап қою туралы ұсыныстар енгiзедi;
      қала құрылысы және жерге орналастыру құжаттамаларын келiсуге, суландырылған, қайта қалпына келтiру жүргiзілген және олардың сапалық жай-күйiн жақсарту бойынша iс-шаралар жүргiзiлген басқа да жердi, сондай-ақ жердi қорғау мақсатында салынған объектiлердi қабылдау жөніндегі комиссияның жұмысына қатысады.

      6. Жер ресурстарын басқару жөнiндегі орталық уәкiлетті органның және оның аумақтық органдарының жердi пайдалану мен қорғауға мемлекеттік бақылау саласындағы функциялары Қазақстан Республикасының Жер кодексiнiң 147-бабымен  айқындалған.

2. Жердi пайдалану мен қорғауға мемлекеттiк
бақылауды жүзеге асыру тәртiбi

      7. Жер заңнамасының сақталуын жүзеге асыру жоспарлы (уәкiлеттi орган жоспарлаған және бекiткен) және жоспарланбаған (болған жағдайларға сәйкес тағайындалатын, тез арада шешуді талап ететiн шағымдар, өтiніштер мен арыздар) деп бөлiнетiн тексерулер арқылы жүргізiледi.
      Мемлекеттiк бақылау, сондай-ақ жерге түгендеу, зерттеу жүргiзу, жердi пайдалануға байланысты сызбалар мен жобаларды әзiрлеу, мемлекеттiк жер кадастрлары мен мониторингiн жүргiзу кезінде жүзеге асырылады.

      8. Мемлекеттiк бақылауды жүзеге асыру рәсiмi бақылаушы орган шығаратын шаруашылық жүргiзушi субъектiлер қызметiне тексеру жүргiзу туралы нұсқаулықтары және тексерулерді есепке алудың 1-П нысанды карточкасы негiзiнде жүргiзiледi, олар Құқықтық статистика жөнiндегi комитетте және Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының немесе аумақтық органдарының арнайы есепке алуымен тексеру басталғанға дейiн тiркеледі.

      9. Мемлекеттiк бақылау мақсатында жер учаскелерiн сол күйінде зерттеу жер учаскелерi меншік иелерiнің, жер пайдаланушылардың қатысуымен, сондай-ақ олар бас тартқан жағдайда оларсыз жүргiзiледi, зерттеу нәтижелерi бойынша жасалған құжаттарға бұл туралы тиiстi белгi қойылады.
      Анықталған жер заңнамасының бұзылуы, жерді зерттеу сызбасы қоса берiлетін, осы жұмыстарды жүргiзген мамандардың қолдары қойылған актiмен рәсiмделіп, құзыретiне осы мәселенi қарау кiретiн органға берiледі.

      10. Анықталған жер заңнамасының бұзылуын уәкiлеттi органдар Қазақстан Республикасының Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы кодексiнде  белгiленген тәртiппен өздерiнiң функцияларына сәйкес қарайды.

      11. Жердi пайдалану мен қорғау жөнiндегi мемлекеттiк инспекторлардың әкiмшiлiк жаза қолдану туралы шешiмiне Қазақстан Республикасы Жер кодексiнің 148-бабының  3-тармағына сәйкес шағым жасалуы мүмкiн.

      12. Жерді пайдалану мен қорғау жөніндегi мемлекеттік инспекторлар жер заңнамасы бұзылуының iс жүзiнде жойылуын, сондай-ақ жердi пайдалану мен қорғауға мемлекеттiк бақылауды жүзеге асыратын лауазымды тұлғалардың нұсқаулары мен нұсқаулықтарын жер учаскелерiнің меншік иелерi мен жер пайдаланушылардың орындауын қадағалайды.

      13. Жер ресурстарын басқару жөнiндегi орталық уәкiлеттi орган жерді пайдалану мен қорғауға мемлекеттiк бақылауды жүзеге асыру жөнiндегi жыл сайынғы мемлекеттiк есептiлiктi мемлекеттiк статистика саласындағы уәкiлеттi орган бекiткен нысандар бойынша жасайды.