Қазақстан Республикасында мемлекеттiк жер кадастрын жүргiзудiң ережесiн бекiту туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2003 жылғы 20 қыркүйектегі N 958 қаулысы

Жаңартылған

      Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 20 маусымдағы Жер  кодексiне  сәйкес Қазақстан Республикасының Үкiметi қаулы етеді:

      1. Қоса берілiп отырған:
      1) Қазақстан Республикасында мемлекеттік жер кадастрын жүргiзудiң ережесi;
      2) Жер учаскелерiнiң кадастрлық нөмiрлерiн қалыптастыру мақсаты үшін облыстарға, республикалық маңызы бар қалаларға, астанаға, аудандарға және облыстық (аудандық) маңызы бар қалаларға берілетiн кодтардың тiзбесi бекiтілсiн.

      2. Мемлекеттік жер кадастрын жүргiзу үшін қажетті аэрофототүсiрiм, топографиялық материалдары бар орталық атқарушы органдар оларды жер ресурстарын басқару жөнiндегi орталық уәкiлеттi органға көшiрме түрiнде және ақысыз ұсынатын болсын.

      3. Қосымшаға сәйкес Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң кейбiр шешiмдерiнiң күші жойылды деп танылсын.

      4. Осы қаулы қол қойылған күнiнен бастап күшiне енедi.

       Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

Қазақстан Республикасы    
Үкiметiнiң          
2003 жылғы 20 қыркүйектегi 
N 958 қаулысымен      
бекітiлген      

Қазақстан Республикасында мемлекеттiк жер кадастрын жүргiзудiң ережесi

  1. Жалпы ережелер

      1. Осы Ереже Қазақстан Республикасының Жер кодексiне сәйкес әзiрлендi және мемлекеттiк жер кадастрын жүргiзу, жердi сандық және сапалық есепке алу мен жердi бағалау, тiркеу мақсаты үшiн жер учаскелерiн есепке алу, мемлекеттiк жер кадастрының мәлiметтерiн беру және кадастр ақпаратын пайдалану тәртiбiн белгiлейдi.

      2. Қазақстан Республикасында мемлекеттiк жер кадастры (бұдан әрi - Кадастр) мемлекеттiк органдарды, жеке және заңды тұлғаларды жер және жекелеген жер учаскелерi туралы ақпаратпен қамтамасыз ету мақсатында жүргiзiледi.

      3. Тұйық шекарада бөлiп шығарылған, белгiленген тәртiппен жер құқығы қатынастары субъектiлерiне бекiтiлген жер учаскесi кадастрдың деректерiн есепке алу мен оларды сақтау бiрлiгi болып табылады. Кадастрда әрбiр жер учаскесi үшiн оны кеңiстiкте бiр мәндi бөлуге, мөлшерiн және орналасқан жерiн айқындауға мүмкiндiк беретiн табиғи сипаттамалар, сондай-ақ учаскенiң кадастрлық бағалау құны белгiленедi.

      4. Кадастрдың құрамына жер учаскесiнiң меншiк иелерi мен жер пайдаланушылар туралы ақпарат кiредi.

      5. Жер учаскесi туралы мәлiметтер осы учаскеге бекiтiлiп берiлген нөмiрi, орналасқан жерi, шекарасы және мәтіндiк сипаттамасы көрсетiлетiн жер-кадастрлық карталармен ара қатынаста болады.

      6. Мемлекеттiк жер кадастрының мәлiметтерiн қалыптастыру топографиялық-геодезиялық, аэроғарыштық, картографиялық, жерге орналастыру жұмыстарын, топырақ зерттеу, геоботаникалық зерттеулер мен iздестiрулер, жер мониторингi жөнiндегi жұмыстарды, жердi сандық және сапалық есепке алуды жүргiзумен, нақты жер учаскесiне жер-кадастр iсiн жасаумен, жер-кадастр карталары мен жер учаскесiне құқықты куәландыратын құжат дайындаумен қамтамасыз етiледi.
       Ескерту. 6-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 2006.06.06. N  511  қаулысымен.

      7. Деректердi жинақтау жер учаскесiнiң кадастрлық нөмiрi, жеке немесе заңды тұлғалардың - жер учаскесiне құқық субъектiлерiнiң атауы, атқарушы органдардың кесiмдерi мен өзге де заңнамада көзделген құжаттар, жер учаскесiнiң орналасқан орны мен мөлшерi, кадастрлық (бағалау) құны, жер учаскесiне құқығы мақсатты тағайындауы, бөлiнетiндiгi және бөлiнбейтiндiгi, жер учаскесiне сервитуттар туралы, сондай-ақ атқарушы органдар белгiлеген оны пайдалану жөнiндегi шектеулер туралы ақпараттар тiркелетiн және caқталатын республикалық маңызы бар қаланың, астананың тиiстi аудандарының (облыстық маңызы бар қалалардың) деңгейiнде жүргiзіледi.
      Көрсетілген деректер аудандар (облыстық маңызы бар қалалар), облыстар, республикалық маңызы бар қала, астана және тұтастай алғанда Қазақстан Республикасы бойынша өзара салыстыруға мүмкiндiк беретiн меншiк нысандары, жер санаттары бойынша жүйелендiріледi.
       Ескерту. 7-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2006.06.06. N  511  қаулысымен.

  2. Кадастрды жүргiзудiң тәртiбі

      8. Қазақстан Республикасының бүкiл аумағында Кадастрды жүргiзу бiрыңғай жүйе бойынша жүзеге асырылады және ол жер учаскелерi туралы мәлiметтердi жинау, құжаттау, жинақтау, өңдеу, есеп жүргiзу және сақтау жөнiндегi дәйектi iс-қимыл болып табылады.
       Ескерту. 8-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 2006.06.06. N  511  қаулысымен.

      9. Жер учаскелерiнiң желiлiк және алаңдық сипаттамаларын бейнелеу және өзгерiстер енгiзу мүмкiндiгiн қамтамасыз етуге тиiстi жер-кадастрлық карталар Кадастрдың картографиялық негiзi болып табылады.
      Жер-кадастрлық карталардың масштабы есепке алу бiрлiгiнiң мөлшерiне және Кадастрды жүргiзудiң деңгейiне байланысты таңдалады.
      Кадастрды автоматтандырылған жүргiзу кезiнде картографиялық негiз геоақпараттық технологияларды қолданумен және қағаз жеткiзгiштермен көшiрмелерiн дайындаумен электрондық карта түрiнде қалыптастырылады.
       Ескерту. 9-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2006.06.06. N  511  қаулысымен.

      10. Жер учаскелерi туралы ақпарат учаскелер мен жер алқаптарының шекарасы мен алаңдары өзгерген кезде жүйелi түрде жаңартылады.
       Ескерту. 10-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2006.06.06. N  511  қаулысымен.

      11. Жер учаскесi, егер оның белгiленген шекарасы болса және оған жер-кадастрлық iс жүргiзілсе, түпкiлiктi қалыптастырылған болып саналады.
      Жер-кадастрлық iс - жер учаскесiнiң қалыптасуы туралы iс, оған жер учаскесi туралы құжаттар кiргiзiледi.

      11-1. Мемлекеттiк меншiктегi жерлерден берiлетiн жер учаскелерiне жер-кадастрлық iстердi Кадастрды жүргiзетiн мамандандырылған мемлекеттiк кәсiпорындар облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың), аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) жергiлiктi атқарушы органдарының, аудандық маңызы бар қала, кент, ауыл (село), ауылдық (селолық) округ әкiмдерiнiң шешiмдерi, Қазақстан Республикасының Жер кодексiнде белгiленген құзыретiне сәйкес, облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың), ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жер қатынастары жөнiндегi уәкiлеттi органы бекiткен жерге құқық беру туралы жерге орналастыру жобасы және жер учаскесiнiң шекараларын белгiлеу жөнiндегi материалдар негiзiнде жүргiзедi.
       Ескерту. 11-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Үкіметінің 2006.06.06. N  511  қаулысымен.

      12. Азаматтарға және заңды тұлғаларға иелiк ету не пайдалану құқығымен бұрын берiлген жер учаскелерiн жеке меншiкке немесе пайдалануға берудi алғашқы ресiмдеу кезiнде жер-кадастрлық iс олардың жер учаскелерiнiң орналасқан жерi бойынша облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың), аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) жер қатынастары жөнiндегi уәкiлеттi органдарына берілетін өтiнiштерiнiң негiзiнде жүргiзіледi.
      Жер учаскесiне құқықты куәландырушы құжаттар, ал олар болмаған кезде - бұл учаскенi берген атқарушы органның шешімiмен учаске шекарасының сызбасы (схемасы) өтiнiшке қосыла беріледi.
      Облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың), аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) жер қатынастары жөнiндегi уәкiлеттi органдары көрсетiлген құжаттарды тексерудi жүзеге асырады және осы құжаттарды жер учаскелерiн жергiлiктi жерде зерттеу үшiн Кадастрды жүргiзетiн мамандандырылған кәсiпорындарға жiбередi. Олардың шекаралары, алаңдары және мақсатты тағайындауы өзгергенi белгiлi болған жағдайда, бұл өзгерiстер облыстың (республикалық маңызы бар қалалардың, астананың), аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) жергiлiктi атқарушы органының, аудандық маңызы бар қала, кент, ауыл (село), ауылдық (селолық) округтер әкiмiнiң, олардың Қазақстан Республикасының Жер кодексiнде белгiленген құзыретiне сәйкес қайта бекiтуiне немесе мүдделi тараптардың арасында жасалатын шартта көрсетуге жатады.
       Ескерту. 12-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2006.06.06. N  511  қаулысымен.

      13. Азаматтардың немесе мемлекеттiк емес заңды тұлғалардың меншiгiндегi жерден учаске құру бөлiнетiн жер учаскесiнiң бөлiгiмен мәмiле жасалған кезде жер учаскесiнiң орналасқан жерi бойынша облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың), ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жер қатынастары жөнiндегi уәкiлеттi органына берiлетiн олардың бөлiнетiн жер учаскесiн бөлу туралы өтiнiштерi негiзiнде жүргiзiледi.
      Өтiнiшке жер учаскесiне жеке меншiк құқығы туралы құжаттар қоса берiледi.
      Бөлiнген жер учаскесiне, Қазақстан Республикасының Жер кодексiнде белгiленген құзыретiне сәйкес, облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың), ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жер қатынастары жөнiндегi уәкiлеттi органы бекiткен жер учаскесiн бөлу туралы жерге орналастыру жобасы және жер учаскесiнiң шекараларын белгiлеу жөнiндегi материалдар негiзiнде жаңа жер-кадастрлық iс жүргiзiледi, ал бөлiнетiн жер учаскесiне бұрын жүргiзiлген жер-кадастрлық iске тиiстi өзгерiстер енгiзiледi.
       Ескерту. 13-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 2006.06.06. N  511  қаулысымен.

      14. Азаматтардың және заңды тұлғалардың меншiгiндегi немесе пайдалануындағы жерден мемлекеттiк қажеттiктер үшiн жер учаскесiн қалыптастыру кезiнде оған жүргiзiлген жер-кадастрлық iске жаңа учаскенi құру үшiн негiз болып табылатын жер учаскесiн мемлекеттiк қажеттiктер үшiн алу туралы атқарушы органның шешiмi не соттың шешiмi, сондай-ақ жоспар (шекара сызбасы) және басқа құжаттар кiргiзіледi.

      15. Мемлекеттiк мұқтаждар не азаматтар мен заңды тұлғалардың арасындағы мәмiлелер үшiн жасалатын жер учаскесiн қайта құру жағдайында жаңа жер-кадастрлық iс жүргiзiлмейдi. Жер учаскесiн қайта ұйымдастыру процесiмен бiрге жүретiн барлық құжаттар осы учаскеге бұрын жүргiзілген жер-кадастрлық iске кiргiзiледi.
      Бiрнеше жер учаскелерiн бiреуiне бiрiктiрген кезде осы учаскелерге бұрын жүргiзiлген жер-кадастрлық iстер кiретiн, жаңа жер-кадастрлық iс жүргізіледі.
       Ескерту. 15-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2006.06.06. N  511  қаулысымен.

      16. Азаматтар мен заңды тұлғалардан ерiксiз алуға не тәркiлеуге жататын жер учаскесiнiң жер-кадастрлық iсiне сот-атқарушылық iс жүргiзу құжаттары кiргiзiледi.

      17. Қалыптастырылған жер-кадастрлық iс жер учаскесiн жер-кадастрлық кiтабына жазу және бiрыңғай мемлекеттiк жер тiзiлiмiне жер учаскесi туралы мәлiметтердi енгiзу үшiн негiз болады.
      Бiрыңғай мемлекеттiк жер тiзiлiмi құқықтық, сәйкестендiру, экономикалық және басқа да сипаттамаларды қамтитын Кадастр құрамындағы жер учаскелерiн есепке алудың қорытынды құжаты болып табылады.
       Ескерту. 17-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2006.06.06. N  511  қаулысымен.

      18. Жер-кадастрлық кiтабы жер учаскелерi есепке алынатын, жердiң кеңiстiк, табиғи және шаруашылық жағдайы туралы анық мәлiметтер қамтылатын құжат болып табылады.
       Ескерту. 18-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2006.06.06. N  511  қаулысымен.

      19. Жердiң жер-кадастрлық картасы жер учаскелерiнiң орналасқан жерiн, мөлшерлерiн және шекараларын көрнектi кескiндеу, бiрiктiру және бөлу кезiндегi олардың өзгерiстерiн есепке алу мақсатында құрылады және жүргiзіледi. Кадастр және жер учаскелерiн есепке алу үшiн жер-кадастрлық карталар жүргiзу осы Ереженiң 39 және 41-42-тармақтарында көзделген тәртiппен жүзеге асырылады.

      20. Кадастр қағаз жеткiзгiшпен жүргiзіледi және ақпараттарды жинақтаудың, өңдеудiң және сақтаудың электрондық жүйелерiн пайдалана отырып жүргiзілуi мүмкiн.

      21. Кадастрдың автоматтандырылған ақпараттық жүйелерi жұмыс iстеу тәртiбiн жер ресурстарын басқару жөнiндегi орталық уәкілетті орган айқындайтын мамандандырылған бағдарламалық-техникалық кешендердiң базасында құрылады.

      22. Жер-кадастрлық құжаттама мынадай талаптарға сәйкес болуы тиiс:
      барлық деректемелердi (оларды шығарушы органның, мекеменiң, ұйымның атауын, күнiн, құжаттың нөмiрiн, мекен-жайын (құжатты алушыны) көрсету) толтыра отырып белгіленген үлгiдегi бланкілерде орындалады;
      жер учаскелерi шекараларының жоспарларын (сызбаларын) дайындау жер ресурстарын басқару жөнiндегi орталық уәкілеттi орган белгiлейтiн техникалық талаптарға сәйкес жүзеге асырылады;
      мемлекеттiк құпияға жатқызылған жер учаскелерiнiң жоспарларында (сызбаларында) қамтылатын мәлiметтер олардың құпиялылығын қамтамасыз ететiн белгiленген ережелерге сәйкес пайдаланылады және сақталады.

  3. Жердi сандық және сапалық есепке алуды жүргiзу мен бағалаудың тәртiбi

      23. Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан жер учаскелерi жерге меншiк нысанына, жер учаскелерiнiң мақсатты тағайындауына және оларды пайдаланудың рұқсат етiлген сипатына қарамастан, кадастрлық есепке алуға жатады.
      Жер учаскелерiн кадастрлық есепке алу олардың орналасқан жерiнде бiрыңғай әдiстеме бойынша жүргiзіледi.
      Жерді сандық және сапалық есепке алу олардың нақты жағдайы және пайдаланылуы бойынша жүргiзіледi. Барлық өзгерiстер олар жергiлiктi жерде болғаннан кейiн тiркеледi. Жердi есепке алудың деректерi әрбiр жер учаскесi бойынша жер-кадастрлық кiтапқа және бiрыңғай мемлекеттiк жер тiзiлiмiне енгiзiледі.
      Есептiк деректер жер учаскелерi, елдi мекендер, аудандар (облыстық маңызы бар қалалар), облыстар, астана, республикалық маңызы бар қала бойынша қалыптастырылады. Бұл peттe ерекше қорғалатын табиғи және тарихи-мәдени объектiлер орналасқан учаскелер бөлек көрсетiледi.
      Барлық санаттағы жерлер есепке алуға жатады және ол жер алқаптарының түрлерi бойынша жүргiзіледi.
      Жердiң мөлшерi, орналасқан жерi, саны мен сапасы туралы қажеттi мәлiметтер оларды бастапқы есепке алу кезiнде тiркелер, ал жердiң құрамында, олардың сапасы мен пайдалану түрiнде болған өзгерiстер жердiң ағымдағы есебiн жүргiзу процесiнде анықталады.
       Ескерту. 23-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2006.06.06. N  511  қаулысымен.

      24. Кадастрлық деректердi нақтылау және жаңарту мақсатында:
      1) жер учаскелерiнiң иелерi мен жер пайдаланушылар, уәкілеттi лауазымды тұлғалар мен тиiстi әкiмшілiк-аумақтық бiрлiктердегi (ауыл (село), кент, облыстық және аудандық маңызы бар қала) жергілiктi атқарушы органдар eceпті жылдың 1 қарашасындағы жағдай бойынша жыл сайын республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жер қатынастары жөнiндегi уәкiлеттi органына тиiсiнше жердiң жай-күйi мен пайдаланылуы, меншiктегi және пайдаланудағы, сондай-ақ тиiстi әкiмшiлiк-аумақ бiрлiктердiң (ауыл (село), кент, аудандық және облыстық маңызы бар қалалар) әкiмдерiнiң қарауындағы жерлердiң құрамында болып жатқан өзгерiстер туралы белгiленген нысан бойынша есептер ұсынады;
      Республикалық маңызы бар қаланың, астананың, аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) жер қатынастары жөнiндегi уәкiлеттi органы ұсынылған есептердi қарайды әрi бекiтедi және оларды болған өзгерiстердi жер-кадастрлық кiтапқа және бiрыңғай мемлекеттiк жер тiзiлiмiне енгiзу үшiн Кадастр жүргiзетiн мамандандырылған кәсiпорындарға жiбередi.
      2) Облыстың (республикалық маңызы бар қалалардың, астананың), аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) жер қатынастары жөнiндегi уәкiлеттi органдары жерлердiң бар-жоғы және олардың санаттар, жер учаскелерiнiң меншiк иелерi, жер пайдаланушылар мен алқаптардың бөлiнуi туралы жыл сайынғы есептердi (жер балансын), сондай-ақ есептi жылдың 1 қарашасындағы жағдай бойынша Қазақстан Республикасының аудандары (облыстық маңызы бар қалалары), республикалық маңызы бар қаласы, астанасы, облыстары бойынша мемлекеттiң жер учаскелерiн меншiкке сатуы туралы мәлiметтердi жер ресурстарын басқару жөнiндегi орталық уәкiлеттi орган әзiрлейтiн және статистика жөнiндегi орталық уәкiлеттi орган бекiтетiн нысандар бойынша жасайды.
      Жер ресурстарын басқару жөнiндегi орталық уәкiлеттi орган облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жер балансының деректерi негiзiнде Қазақстан Республикасының жер балансын жасайды.
      Кадастрды жүргiзетiн мамандандырылған кәсiпорындар 5 жылда бiр рет аудандар (облыстық маңызы бар қалалар), облыстар, республикалық маңызы бар қала, астана бойынша және тұтастай алғанда республика бойынша жерлердiң сапалық жағдайы туралы есептер жасайды.
       Ескерту. 24-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2006.06.06. N  511  қаулысымен.

      25. Жердiң сапасын есепке алу және кадастрлық бағалау:
      мақсатты тағайындауын ескерiп, жер учаскесiн пайдалану тиiмділiгiн анықтау;
      жер учаскесiн жеке меншiкке сатқан кезде оның бағасын (жер учаскесiн жалдау құқығын сату төлемiн) анықтау;
      салық салу;
      жер учаскесiн мемлекеттiк қажеттiктер үшiн ерiксiз алу кезiнде және иелiктен айыру жағдайында сатып алу бағасы мен төлем мөлшерiн сотпен анықтау мақсатында жүргiзiледi.
      Жердiң сапасы және оның кадастрлық бағасы туралы мәлiметтер әрбiр жер учаскесi бойынша жер-кадастрлық кiтапта көрсетiледi.
       Ескерту. 25-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2006.06.06. N  511  қаулысымен.

      26. Жердiң бар-жоғы, олардың санаттар, жер учаскелерiнiң меншiк иелерi, жердi пайдаланушылар және алқаптар бойынша бөлiнуi туралы есептердi (жер балансын) осы Ереженiң 24-тармағына сәйкес мыналар жасайды:
      аудан және облыстық маңызы бар қала бойынша - аудандардың және облыстық маңызы бар қалалардың жер қатынастары жөнiндегi уәкiлеттi органы және есептi жылдың 1 қарашасынан кешiктiрмей жер қатынастары жөнiндегi облыстық уәкiлеттi органға ұсынады;
      облыс, республикалық маңызы бар қала және астана бойынша - аудандардың және облыстық маңызы бар қалалардың деректерi негiзiнде облыстың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жер қатынастары жөнiндегi уәкiлеттi органы және есептi жылдың 20 қарашасынан кешiктiрмей жер ресурстарын басқару жөнiндегi орталық уәкiлеттi органға ұсынады.
      Жер ресурстарын басқару жөнiндегi орталық уәкiлеттi орган есептi жылдан кейiнгi 20 қаңтардан кешiктiрмей, Қазақстан Республикасы жерiнiң (республикалық маңызы бар қалалар, облыстар бойынша және тұтастай алғанда республика бойынша) бар-жоғы, олардың сапалық жағдайы және пайдаланылуы туралы есептi алқада қарайды.
      Жер ресурстарын басқару жөнiндегi орталық уәкілеттi орган жиынтық талдамалы есептiң көшiрмесiн Қазақстан Республикасының Экономика және бюджеттiк жоспарлау министрлiгiне, Ауыл шаруашылығы министрлiгiне, Қоршаған ортаны қорғау министрлiгiне және Қазақстан Республикасының Статистика жөнiндегi агенттігiне жолдайды.
       Ескерту. 26-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2006.06.06. N  511  қаулысымен.

  4. Тiркеу мақсаты үшiн жер учаскелерiн есепке алу

      27. Тiркеу мақсаты үшiн жер учаскелерiн және олардағы жылжымайтын мүлiктi есепке алу меншiк құқығы мен басқа да құқықтарды, сондай-ақ жылжымайтын мүлiкке ауыртпалықты мемлекеттiк тiркеудi қамтамасыз ететiн қажеттi шарт болып табылады.

      28. Жер учаскелерiн есепке алу кезiнде мына деректердi тiркеу мiндеттi болып табылады:
      жер учаскесi иесiнiң немесе оны пайдаланушының аты-жөнi;
      жер учаскесінiң алаңы;
      жер учаскесiне меншiктiң нысаны;
      жер учаскесiнiң мақсатты тағайындалуы;
      жер учаскесiн пайдаланудағы шектеулер және ауыртпалықтар;
      жер учаскесiнiң бөлiнетiндiгi немесе бөлiнбейтiндiгi;
      жер учаскесiнiң кадастрлық нөмiрi;
      жер учаскесiндегi жылжымайтын мүлiк туралы мәлiметтер.

      29. Жер кадастрын жүргiзгенде әрбiр жер учаскесiне жер учаскесiнiң орналасқан жерiн анықтау (сәйкестендiру) мақсатында жеке, Қазақстан Республикасының аумағында қайталанбайтын, учаске бiртұтас болып тұрғанша сақталатын, кадастрлық нөмiр берiледi. Жер-кадастрлық iс те осындай нөмiрге сәйкестендiрiледi.
       Ескерту. 29-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 2006.06.06. N  511  қаулысымен.

      30. Жеке және заңды тұлғалар жер учаскесiне кадастрлық нөмiрдi беру үшiн Кадастрды жүргiзетiн мамандандырылған кәсiпорынға өтiнiш жасайды, ал жер құқығын куәландыратын ескi үлгiдегi құжатты жаңаға ауыстыру үшiн жер учаскесiнiң орналасқан жерi бойынша облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың), ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жер қатынастары жөнiндегi уәкiлеттi органына жүгiнедi.
      Өтiнiшке жер учаскесiне құқықты куәландыратын құжаттың түпнұсқасы қоса берiледi.
       Ескерту. 30-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 2006.06.06. N  511  қаулысымен.

      31. Жер учаскесiн сәйкестендiру оны жер-кадастрлық картада көрсету жөнiндегi жұмыстарды жүргiзу бұл учаскенiң нақты шекараларын, шектеулер мен ауыртпалықтардың бар-жоғын айқындаудан, басқа тұлғалар құқықтарының сипатын, сондай-ақ мақсатты пайдаланылуын анықтаудан басталады. Жер учаскесiнiң шекарасын белгiлеу және оларды ресiмдеу рәсiмдерi жер ресурстарын басқару жөнiндегi орталық уәкiлеттi органның бұйрықтарына сәйкес жүргiзiледi.
       Ескерту. 31-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2006.06.06. N  511  қаулысымен.

      32. Жер учаскесiн сәйкестендiру жөнiндегi жұмыстардың нәтижелерi бойынша мамандандырылған кәсiпорын жер учаскесiне кадастрлық нөмiр бередi, ескi үлгiдегi құжатқа тиiстi белгi жасайды және оны өтiнiш берушiге бередi. Жер учаскесiне кадастрлық нөмiрдi бергенi туралы ақпарат жер учаскесiнiң орналасқан жерi бойынша жер қатынастары жөнiндегi тиiстi уәкiлеттi органға ұсынылады.
      Жерге құқықты куәландыратын ескi үлгiдегi құжаттарды облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың), ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жер қатынастары жөнiндегi уәкiлеттi органы өзiнiң құзыретiне сәйкес өтiнiш берушiге беретiн құқықты куәландыратын жаңа құжатқа ауыстыру өтiнiш берушiнiң қалауы бойынша жүзеге асырылады.
      Жер-кадастрлық кiтапқа және мемлекеттiк жер тiзiлiмiне тиiстi жазба жасалады.
       Ескерту. 32-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 2006.06.06. N  511  қаулысымен.

      33. Кадастрлық нөмiрдi құру:
      облыстың немесе республикалық маңызы бар қалалардың, астананың коды мен;
      ауданның немесе облыстық (аудандық) маңызы бар қаланың кодымен;
      есептi кварталдың кодымен;
      жер учаскесiнiң есептi кварталдағы реттiк нөмiрiмен айқындалады.
      Елдi мекеннiң кварталы, жұмыс кенттерi және ауылдық елдi мекендер, бағбандық және саяжайлық қоғамдар, желiлік объектілер: темiр жол, автомобиль жолдары, жердегi, жер үстi және жер асты құбыр желiлерi бөлу жолақтарымен, суаттар және басқалар есептi кварталдар болып табылады.
      Ескерту.
      Жер учаскесi кадастрлық нөмiрiнiң екi алғашқы саны облыстың немесе республикалық маңызы бар қалалардың, астананың кодын, одан кейінгi үшеуi - ауданның немесе облыстық (аудандық) маңызы бар қаланың, одан кейінгi тағы үшеуi - есептi кварталдың кодын және соңғы үш сан - есептi кварталдың iшiндегі жер учаскесiнiң реттiк нөмiрiн бiлдiредi.
      Есептi квартал ішінде жер учаскелерiнiң саны 999-дан асқан  жағдайда, осы есептi квартал iшінде қалыптасатын келесi жер учаскелерiне төрт таңбалы реттік нөмiр берiледi.
       Ескерту. 33-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2006.06.06. N  511  қаулысымен.

      34. Есептi кварталдардың және/немесе аудандардың, облыстық (аудандық) маңызы бар қалалардың, астананың iшiндегi есептi кварталдардың кодтары мен жер учаскелерiнiң кадастрлық нөмiрлерiн Кадастрды жүргiзетiн мамандандырылған кәсiпорындар береді.
       Ескерту. 34-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2006.06.06. N  511  қаулысымен.

      35. Егер осы Ережеге сәйкес есептi кварталға код беру объективтi себептер бойынша мүмкiн болмаса, онда осы кварталдың iшiндегi жер учаскелерiне уақытша (шартты) кадастрлық нөмiрлер берiледi. Бұл жағдайда мұндай кварталдың коды нақты есептi кварталдағы кадастрлық нөмiрдiң шартты белгiсiн көрсетуге тиiс "9" санынан басталады. Есептi кварталдың заңды мәртебесiн кейiннен анықтау кезiнде бұрын берiлген шартты нөмiрдi көрсете отырып оған нағыз код беріледi.

      36. Жер учаскесiн бiрнеше бөлiкке бөлу немесе бiрнеше жер учаскелерiн бiреуге бiрiктiру кезiнде ескi нөмiрлер жойылады және жаңа кадастрлық нөмiрлер берiледi.

      37. Бүтiн жер учаскесiне меншiк құқығы немесе жердi пайдалану құқығы басқа меншiк иесiне немесе жердi пайдаланушыға ауысқан кезде жер учаскесiнiң кадастрлық нөмiрi ауыстырылмайды. 
      Жер учаскесiнiң есептiк деректерiне онымен жүзеге асырылған мәмілелердiң нәтижесiнде жер учаскесiне меншiк құқығының немесе жер пайдалану құқығының басқа тұлғаға ауысуы туралы мәлiметтердi енгiзудi оларға жылжымайтын мүлiкке құқықтарды және олармен жасалатын мәмілелердi мемлекеттiк тiркеу органы ұсынатын материалдардың негiзiнде Кадастрды жүргiзетiн мамандандырылған кәсiпорындар жүргiзедi.

      38. Кадастрды жүргiзетiн мамандандырылған кәсiпорын жер учаскесiне кадастрлық нөмiр берiлгендiгi және бұл учаскенiң жер-кадастрлық есепке қойылғандығы туралы өтiнiш берушi мен тiркеушi органға хабарлайды. Өтiнiш игерушiге жер учаскесiнiң жаңа кадастрлық нөмiрi бар және жер-кадастрлық картадағы (схемадағы) өзгерiстер көрсетiлген жер-кадастрлық картаның (схеманың) тиiстi бөлiгiнiң расталған көшiрмесi беріледi.

      39. Кадастрды жүргiзудiң деңгейiне қарай жер-кадастрлық карталар (схемалар):
      Қазақстан Республикасының жер-кадастрлық картасы (схемасы) облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың шекаралары мен кодтары көрсетiле отырып;
      облыстың жер-кадастрлық картасы (схемасы) аудандардың және облыстық (аудандық) маңызы бар қалалардың шекаралары мен кодтары көрсетiле отырып;
      республикалық маңызы бар қаланың, астананың жер-кадастрлық картасы қаланың iшiндегi аудандардың шекаралары мен кодтары көрсетiле отырып;
      ауданның, облыстық (аудандық) маңызы бар қаланың жер-кадастрлық картасы (схемасы) eceпті кварталдардың шекаралары мен кодтары көрсетiле отырып;
      есептi кварталдың жер-кадастрлық картасы (схемасы) жер учаскелерiнiң шекаралары мен кадастрлық нөмiрлерi көрсетiле отырып бақылау жағдайында құрылады және ұсталады.
       Ескерту. 39-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2006.06.06. N  511  қаулысымен.

      40. Жер-кадастрлық картада (схемада) жер учаскелерiнiң шекаралары жер учаскелерiне құқықты куәландыратын құжаттарға және картаның (схеманың) масштабындағы жерді пайдалану жоспарларына сәйкес көрсетiледi.

      41. Қажет болған кезде жер-кадастрлық карталар (схемалар) бiрнеше бөлiкте дайындалуы мүмкiн.

      42. Жер-кадастрлық карталары (схемалары) жүргiзудi және кейiннен жаңартуды Кадастрды жүргiзетiн мамандандырылған кәсiпорындар жүзеге асырады.
       Ескерту. 42-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2006.06.06. N  511  қаулысымен.

  5. Кадастрдың деректерiн беру және ақпаратын пайдалану

      43. Мыналар Кадастрдың мәлiметтерiн пайдаланушылар болып табылады:
      аумақтарды дамытуды жоспарлау, жердi аймақтарға бөлу, табиғат ресурстарын ұтымды пайдалану жөнiндегi бағдарламаларды әзiрлеу мәселелерi, жер ресурстарын басқаруға байланысты басқа да мәселелер бойынша - мемлекеттiк басқару органдары;
      жылжымайтын мүлiкке құқықтарды және олармен жасалатын мәмiлелердi мемлекеттiк тiркеу саласындағы уәкілеттi органдар;
      мемлекеттiк статистика саласындағы органдар;
      құрылыс салуға жер учаскелерiн таңдау және беру (сату) мәселелерi бойынша - құрылыс және басқа объектiлерге тапсырыс берушiлер;
      жобалау-iздестiру және ғылыми-зерттеу жұмыстарын орындау үшiн бастапқы деректер алу мәселелерi бойынша - жобалау, iздестiру, ғылыми-зерттеу ұйымдары;
      мемлекеттiк қала құрылысы кадастрын жүргiзу, қала құрылысы және басқа да құжаттаманы әзiрлеу мәселелерi бойынша - сәулет-қала құрылысы қызметi саласындағы уәкiлеттi органдар;
      табиғи ресурстардың пайдаланылуын және қоршаған ортаның жай-күйiн бақылауды жүргiзу, табиғат қорғау iс-шараларын әзiрлеу мәселелерi бойынша - қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкiлеттi органдар;
      жер салығын есептеу мәселелерi бойынша - салық қызметiнiң органдары;
      өзге де жеке және заңды тұлғалар.

      44. Белгiлi бiр жер учаскесi туралы кадастрдың мәлiметтерi қағаз немесе магниттiк жеткiзгiштерде, сондай-ақ техникалық және телекоммуникациялық байланыс құралдары қолданыла отырып, Кадастр деректерi банкiне тiкелей санкцияландырылған рұқсат түрiнде жер учаскесiн есепке алу орны бойынша заңнамада белгiленген тәртiппен берiледi.
       Ескерту. 44-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2006.06.06. N  511  қаулысымен.

      45. Кадастрдың жер учаскелерi туралы мәлiметтерi жер-кадастрлық карталармен (жоспарлармен) ара қатынаста болады.
      Кадастрдың мемлекеттiк құпияларды және өзге де шектеулерді қамтымайтын мәлiметтерi жалпыға қол жетiмдi болып табылады және мүдделi жеке және заңды тұлғаларға ақылы негiзде берiледi.
      Кадастрдың мәлiметтерiн мемлекеттiк органдарға беру өтеусiз негiзде жүзеге асырылады.

      45-1. Жер учаскелерi жөнiндегi жер-кадастрлық iстер, жер-кадастрлық кiтаптар, бiрыңғай мемлекеттiк жер тiзiлiмi Кадастрды жүргiзетiн мамандандырылған кәсiпорынның мұрағатында тұрақты түрде сақталуға тиiс.
      Ескерту. 45-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Үкіметінің 2006.06.06. N  511  қаулысымен.

      46. Кадастрдың мәлiметтерiн алу режимiн бұзу немесе анық емес ақпараттарды ұсыну заңнамалық кесімдерде көзделген жауапкершілікке әкеп соқтырады.

Қазақстан Республикасы     
Yкiметiнiң         
2003 жылғы 20 қыркүйектегі  
N 958 қаулысымен      
бекiтілген      

Жер учаскелерiнiң кадастрлық нөмiрлерiн қалыптастыpу мақсаты үшiн облыстарға, республикалық маңызы бар қалаларға, астанаға, аудандарға және облыстық (аудандық) маңызы бар қалаларға берiлетiн кодтардың
ТIЗБЕСI

       Ескерту. Тізбеге өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2006.06.06. N  511 , 2007.10.28.  N 1000  Қаулыларымен.

________________________________________________________________
     Әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiк               Коды
________________________________________________________________
               1                               2
________________________________________________________________

                    Ақмола облысы - 01

Ақкөл                                          001
Астрахан                                       002
Атбасар                                        003
Сандықтау                                      004
Аршалы                                         005
Ерейментау                                     006
Егiндiкөл                                      007
Қорғалжын                                      008
Бұланды                                        009
Целиноград                                     011
Шортанды                                       012
Ақкөл қаласы                                   014
Атбасар қаласы                                 015
Ерейментау қаласы                              016
Макинск қаласы                                 017      
Степногор қаласы                               018
Шаңтөбе кентi                                  019
Зеренді                                        160
Щучьe                                          171      
Еңбекшілер                                     172
Заозерный кентi                                173
Көкшетау қаласы                                174
Степняк қаласы                                 176
Щучье қаласы                                   177
Жарқайың                                       275
Есiл                                           277
Жақсы                                          278
Державин қаласы                                283
Есiл қаласы                                    284
Красногор кентi                                285

Ақтөбе облысы - 02

Алға                                           022
Байғанин                                       023
Әйтеке би                                      024
Ырғыз                                          025
Мұғаджар                                       027
Қарғалы                                        028
Мәртeк                                         029
Темiр                                          031
Ойыл                                           032
Қобда                                          033
Хромтау                                        034  
Шалқар                                         035 
Ақтөбе қаласы                                  036
Алға қаласы                                    037
Қандыағаш қаласы                               038
Темiр қаласы                                   039 
Хромтау қаласы                                 040   
Шалқар қаласы                                  041
Ембi қаласы                                    042

Алматы облысы - 03

Балқаш                                         043
Еңбекшiқазақ                                   044
Жамбыл                                         045
Iле                                            046
Қарасай                                        047
Райымбек                                       050
Талғар                                         051 
Ұйғыр                                          052
Есiк қаласы                                    054
Қапшағай қаласы                                055
Қасқелең қаласы                                056
Талғар қаласы                                  057
Ақсу                                           254     
Алакөл                                         255
Қаратал                                        259
Кербұлақ                                       260
Көксу                                          261
Панфилов                                       262
Сарқанд                                        263
Ескелдi                                        264  
Жаркент қаласы                                 266
Сарқант қаласы                                 267
Tалдықорған қаласы                             268
Текелi қаласы                                  269
Үштөбе қаласы                                  270
Yшарал қаласы                                  271

Атырау облысы - 04

Жылыой                                         059 
Индер                                          060
Исатай                                         061 
Қызылқоға                                      062
Құрманғазы                                     063
Мақат                                          064
Махамбет                                       065   
Атырау қаласы                                  066

Шығыс Қазақстан облысы - 05

Глубокий                                       068
Зайсан                                         069 
Зырян                                          070
Қатон-Қарағай                                  071
Күршiм                                         072 
Тарбағатай                                     078
Ұлан                                           079
Шемонаиха                                      080
Зайсан қаласы                                  081  
Зырян қаласы                                   082 
Риддер қаласы                                  083  
Серебрянск қаласы                              084
Өскемен қаласы                                 085   
Шемонаиха қаласы                               086
Абай                                           236
Аягөз                                          239
Бесқарағай                                     240
Бородулиха                                     241
Жарма                                          243
Көкпектi                                       244
Үржар                                          248
Аягөз қаласы                                   251   
Семей қаласы                                   252
Шар қаласы                                     253

Жамбыл облысы - 06

Байзақ                                         087
Жамбыл                                         088 
Жуалы                                          089
Қордай                                         090 
Т.Рысқұлов атындағы                            091  
Мерке                                          092
Мойынқұм                                       093   
Сарысу                                         094 
Талас                                          095
Шу                                             096   
Тараз қаласы                                   097 
Жаңатас қаласы                                 098   
Қаратау қаласы                                 099
Шу қаласы                                      100

Батыс Қазақстан облысы - 08

Бөрiлi                                         114 
Жаңақала                                       115
Жәнiбек                                        116
Зеленов                                        118
Казталовка                                     119
Қаратөбе                                       120
Сырым                                          122
Тасқала                                        124
Теректi                                        125  
Бөкейорда                                      126
Ақжайық                                        127
Шыңғырлау                                      128
Ақсай қаласы                                   129 
Орал қаласы                                    130
Чапаев қаласы                                  131

Қарағанды облысы - 09

Ақтоғай                                        102
Жаңаарқа                                       104
Ұлытау                                         106 
Шет                                            107    
Балқаш қаласы                                  108
Жезқазған қаласы                               109
Қаражал қаласы                                 110
Приозерск қаласы                               111     
Сәтпаев қаласы                                 112   
Қарқаралы                                      133
Абай                                           134
Нұра                                           136
Осакаровка                                     137
Бұхар-Жырау                                    140
Абай қаласы                                    141
Қарағанды қаласы                               142
Қарқаралы қаласы                               143
Саран қаласы                                   144
Темiртау қаласы                                145
Шахтинск қаласы                                146

Қызылорда облысы - 10

Арал                                           147
Жалағаш                                        148  
Жаңақорған                                     149
Қазалы                                         150 
Қармақшы                                       151
Сырдария                                       153   
Шиелi                                          154
Қазалы қаласы                                  155  
Қызылорда қаласы                               156

Қостанай облысы - 12

Алтынсарин                                     178
Жiтiқара                                       179
Қамысты                                        180
Қарасу                                         181 
Қарабалық                                      182
Қостанай                                       183
Ұзынкөл                                        184  
Меңдiқара                                      185
Наурызым                                       186   
Денисов                                        187
Әулиекөл                                       188
Таран                                          189
Сарыкөл                                        190  
Феодоров                                       191
Жiтiқара қаласы                                192
Қостанай қаласы                                193    
Лисаковск қаласы                               194
Рудный қаласы                                  195  
Амангелдi                                      272
Жангелдi                                       276
Арқалық қаласы                                 282

Маңғыстау облысы - 13

Бейнеу                                         196
Қарақия                                        197  
Маңғыстау                                      198
Түпқараған                                     199
Ақтау қаласы                                   200 
Жаңаөзен қаласы                                201
Форт-Шевченко қаласы                           202
Мұнайлы                                        203

Павлодар облысы - 14

Ақтоғай                                        204  
Баянауыл                                       205
Железинка                                      206
Ертiс                                          207
Қашыр                                          208
Лебяжi                                         209 
Май                                            210
Павлодар                                       211
Успен                                          212
Шарбақты                                       213   
Ақсу қаласы                                    215
Ертiс селосы                                   216 
Курчатов қаласы                                217
Павлодар қаласы                                218
Екiбастұз қаласы                               219 

Солтүстiк Қазақстан облысы - 15

Айыртау                                        157        
Уәлиханов                                      162
Тайынша                                        164  
Ғ.Мүсiрепов атындағы                           165
Ақжар                                          167
Қызылжар                                       220  
Мағжан Жұмабаев атындағы                       221 
Жамбыл                                         223
Есiл                                           224
Мамлют                                         225 
Шал ақын                                       228   
Аққайың                                        229
Тимирязев                                      231
Булаево қаласы                                 232
Мамлютка қаласы                                233
Петропавл қаласы                               234
Сергеев қаласы                                 235
Тайынша қаласы                                 175      

Оңтүстік Қазақстан облысы - 19

Бәйдібек                                       286   
Арыс                                           287
Мақтаарал                                      288    
Қазығұрт                                       289
Ордабасы                                       293   
Отырар                                         294 
Сайрам                                         295 
Сарыағаш                                       296   
Созақ                                          297
Төлеби                                         298
Түлкібac                                       300   
Шардара                                        301
Арыс қаласы                                    302
Жетiсай қаласы                                 303
Кентау қаласы                                  304
Леңгiр қаласы                                  305  
Сарыағаш қаласы                                306
Түркiстан қаласы                               307
Шардара қаласы                                 308   
Шымкент қаласы                                 309

Алматы қаласы - 20

Алмалы                                         311 
Әуезов                                         312 
Бостандық                                      313
Жетiсу                                         314 
Медеу                                          315
Түрксiб                                        317

Астана қаласы - 21

"Алматы"                                       318
"Сарыарқа"                                     319

Қазақстан Республикасы     
Үкiметiнiң           
2003 жылғы 20 қыркүйектегі  
N 958 қаулысына        
қосымша          

Қазақстан Республикасы Yкiметiнiң күшi жойылған кейбiр шешiмдерiнiң тiзбесi

      1. "Қазақстан Республикасында мемлекеттiк жер кадастрын жүргiзудiң тәртiбiн бекiту туралы" Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 1996 жылғы 6 маусымдағы N 710  қаулысы  (Қазақстан Республикасының ПҮКЖ-ы, 1996 ж., N 26, 223-құжат).

      2. "Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 1996 жылғы 6 маусымдағы N 710 қаулысына өзгерiстер енгiзу туралы" Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 1998 жылғы 16 қыркүйектегi N 892  қаулысы  (Қазақстан Республикасының ПҮКЖ-ы, 1998 ж., N 32, 287-құжат).

      3. "Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң жер қатынастарын реттеу жөнiндегi кейбiр шешiмдерiне өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы" Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2001 жылғы 11 маусымдағы N 800  қаулысының  1 тармағының 1) тармақшасы (Қазақстан Республикасының ПҮКЖ-ы, 2001 ж., N 21, 269-құжат).

      4. "Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 1996 жылғы 6 маусымдағы N 710 қаулысына өзгерiстер енгiзу туралы" Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2002 жылғы 27 мамырдағы N 574  қаулысы  (Қазақстан Республикасының ПYКЖ-ы, 2002 ж., N 15, 159-құжат).