Қазақстан Республикасында жер мониторингiн жүргiзу және оның деректерiн пайдалану ережесiн бекiту туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2003 жылғы 19 қыркүйектегі N 956 қаулысы

Қолданыстағы

      2003 жылғы 20 маусымдағы Қазақстан Республикасының Жер кодексiне  сәйкес Қазақстан Республикасының Үкiметi қаулы етеді:

      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасында жер мониторингiн жүргiзу және оның деректерiн пайдалану ережесi бекiтiлсiн.

      2. Топырақ және геоботаникалық зерттеулердi жүргiзуде қайталауға жол бермеу, жер мониторингi деректерiнiң сенiмдiлiгiн қамтамасыз ету мақсатында жер ресурстарын басқару жөнiндегi орталық уәкiлеттi органға топырақтық, топырақтық-тұздық, топырақтық-эрозиялық, топырақтық-агрохимиялық, топырақтық-геохимиялық, топырақтық-мелиорациялық, геоботаникалық зерттеулер мен тексерулердiң бiрыңғай мемлекеттiк есебiн, сондай-ақ көрсетiлген зерттеулер мен тексерулердiң негiзiнде жасалатын тақырыптық карталардың, картограммалардың сараптамасын жүргiзу жүктелсiн.

      3. Мыналардың күшi жойылды деп танылсын:
      "Қазақстан Республикасында жер мониторингiн жүргiзудiң тәртiбiн бекiту туралы" Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 1997 жылғы 17 қыркүйектегi N 1347 қаулысы  (Қазақстан Республикасының ПҮКЖ-ы, 1997 ж., N 41, 390-құжат);
      "Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң жер қатынастарын реттеу жөнiндегi кейбiр шешiмдерiне өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы" Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2001 жылғы 11 маусымдағы N 800 қаулысының  1-тармағының 3) тармақшасы (Қазақстан Республикасының ПҮКЖ-ы, 2001 ж., N 21, 269-құжат).

      4. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап күшiне енедi.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

Қазақстан Республикасы 
Үкiметiнiң       
2003 жылғы 19 қыркүйектегі
N 956 қаулысымен    
бекiтiлген       

Қазақстан Республикасында жер мониторингiн жүргiзу
және оның деректерiн пайдалану ережесi

      1. Қазақстан Республикасында жер мониторингiн жүргiзу және оның деректерiн пайдалану ережесi (бұдан әрi - Ереже) Қазақстан Республикасында жер мониторингiнiң мазмұнын, құрылымын, оны жүргiзу және оның деректерiн пайдалану тәртiбiн белгiлейдi.

      2. Осы Ережеде қолданылатын ұғымдар:
      жердiң тозуы - жердiң табиғи ортаның элементi ретiндегi функциясының өзгеруiне, оның сандық және сапалық жағдайының нашарлауына, табиғи-шаруашылық мәнiнiң төмендеуiне әкеп соқтыратын процестер жиынтығы;
      стационарлық учаске - әр түрлi табиғи-климаттық аймақтарда, провинцияларда, биiктiк белдеулерiнде өсiмдiктер мен топырақтың жамылғысы жағдайын ұзақ уақыт (10 жылдан астам мерзiмге) тұрақты бақылау мақсатында ұйымдастырылатын жер учаскесi;
      түйiндi учаске - өсiмдiктер мен топырақтың құрамын және сипатын, олардың белгiлi бiр ландшафтың табиғи жағдайларымен байланысын қажетті нақтылықпен көрсететiн жергiлiктi жердегi үлгi учаске;
      полигон - белгiлi бiр ландшафтың түрлерiн (құмдар, тау етегi жазықтықтары, таулар) сипаттайтын әр түрлi конфигурациялы аумақ.

      3. Жер мониторингiнiң мазмұны - жер қорының жай-күйiн жүйелi түрде бақылау (суретке түсiру, iздестiру, зерттеу), онда болып жатқан өзгерiстердi анықтау және оларға баға беру.

      4. Жер мониторингiнiң құрылымы жердiң негiзгi нысаналы мақсатымен және аумақтық ауқымымен айқындалады.

      5. Мониторинг жердiң нысаналы мақсатының ерекшелiгi ескерiле отырып жүргiзiледi және жердiң санаттарына сәйкес келетін мынадай қосымша жүйелерге бөлiнедi:
      ауыл шаруашылығы мақсатындағы жердiң мониторингi;
      елдi мекендер (қалалар, кенттер мен ауылдық елдi мекендер) жерiнiң мониторингi;
      өнеркәсiп, көлiк, байланыс, қорғаныс және өзге де ауыл шаруашылығы мақсатына арналмаған жердiң мониторингi;
      ерекше қорғалатын табиғи аумақтағы жердiң, сауықтыру мақсатындағы, рекреациялық және тарихи-мәдени мақсаттағы жерлердiң мониторингi;
      орман қоры жерiнiң мониторингi;
      су қоры жерiнiң мониторингi;
      босалқы жердiң мониторингi.

      6. Аумақтық ауқымына қарай жердiң республикалық, өңiрлiк және жергілiктi мониторингi жүзеге асырылады:
      республикалық - Қазақстан Республикасының бүкiл аумағын қамтиды;
      өңiрлiк - физикалық-географиялық, әкiмшілiк, экономикалық және өзге де шекаралармен шектелген аумақтарды қамтиды;
      жергiлiктi - жекелеген жер учаскелерi мен ландшафтық-экологиялық кешендердiң қарапайым құрылымдарына дейiнгi өңiрлiк деңгейден төмен аумақтық объектiлерде жүргiзiледi.
      Жер мониторингiн жүргiзудiң мерзiмдерi мен кезеңділiгiне қарай жердiң жай-күйiн бақылаудың мынадай:
      базалық (бастапқы жер мониторингiн жүргiзудi бастау сәтiндегi бақылау объектiлерiнiң жай-күйiн тiркейтiн);
      жедел (ағымдағы өзгерiстердi тiркейтiн);
      кезеңдiк (бiр және одан көп жылдан кейiн) түрлерi жүзеге асырылады.

      7. Жер мониторингi:
      жүйелi байқауларды, iздестiрулердi, суретке түсiрулердi, тексерулердi (қайта тексерулердi және түзетулердi) орындау;
      жердiң жай-күйiн талдау мен бағалауды жүргiзу;
      жердiң құнарлылығына антропогендi әсер етудi реттеу жөнiндегi ұсыныстарды әзiрлеу;
      белгiлi бiр уақыт кезеңiнде жердiң сапалық жай-күйiн болжауды әзiрлеу;
      жер туралы деректер банкiн ұйымдастыру жөнiндегi жұмыстарды қамтиды.

      8. Жердiң жай-күйiн бағалау жүргiзілетiн байқауларды (кезеңдiк, маусымдық, тәулiктiк) талдау, алынған көрсеткiштердi нормативтермен салыстырғандағы өзгерiстердiң бағыттылығы мен қарқындылығын зерделеу арқылы орындалады.

      9. Жердiң жай-күйiн бағалаудың нәтижелерi бойынша оларға өзгерiстердiң дамуының, ерекше жағдайда жағымсыз сипаты бар серпiнiн, бағытталуын және қарқындылығын сипаттайтын тақырыптық карталар, диаграммалар және кестелер қоса берiле отырып, жедел мәлiметтер, баяндамалар, ұсынымдар және ғылыми болжамдар жасалады.

      10. Жер мониторингiн ұйымдастыруды жер ресурстарын басқару жөнiндегi орталық уәкiлеттi орган жүзеге асырады.

      11. Жер мониторингiн Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында мамандандырылған мемлекеттiк кәсiпорындар бiрыңғай жүйе бойынша жүргiзедi, жер ресурстарын басқару жөнiндегi орталық уәкiлеттi орган оларға қатысты мемлекеттiк басқару органы болып табылады.

      12. Жер мониторингiн жүргiзу республикалық бюджеттiң қаражаты есебiнен жүзеге асырылады.

      13. Жер мониторингiн жүргiзу үшiн жер ресурстарын басқару жөнiндегi орталық уәкiлеттi орган жердiң жай-күйiн бақылау пункттерiнiң аумақтық-аймақтық желiсiн анықтайды.

      14. Мониторингтiң аумақтық-аймақтық желiсi жердiң жай-күйiн бақылаудың стационарлық және жартылай стационарлық пункттерiн қамтиды.
      Стационарлық бақылау пункттерi берiлген толықтық пен дәлдiк арқылы жердiң жай-күйi туралы ақпаратты-жүйелi алып тұру үшiн құрылады. Стационарлық алаңдар, түйіндi учаскелер және полигондар осындай пункттерге жатады.
      Жартылай стационарлық бақылау пункттерi (жартылай стационарлық алаң, бейiн) жұмыстың нақты шарттары мен мақсаттарына қарай ұйымдастырылады. Оларды бақылау жүйелi түрде 3, 5, 10 және одан көп жыл аралықпен жүргiзiледi.

      15. Мониторингтiң деңгейi бақылау пункттерiнде жүргiзiлетiн жердiң жай-күйiн бақылау бағдарламасымен айқындалады.

      16. Жер мониторингi бiрыңғай жiктеуiштердi, кодтарды, бiрлiктер жүйесiн, деректер мен нормативтiк-техникалық базаның стандарттық форматтарын, координаттар мен биiктiктердiң мемлекеттiк жүйесiн қолдануға негiзделген әртектi деректердiң өзара үйлесiмділігi қағидаты сақтала отырып жүргiзіледi.

      17. Жер мониторингi жөнiндегi ақпаратты алу үшiн:
      қашықтықтан тексерiп-байқау (ғарыштық аппараттардан, биiкке ұшатын ұшақтардан, шағын авиацияның және басқа да құралдардың көмегiмен суретке түсiру және бақылау);
      жер бетiнде суретке түсiру (топырақтық, геоботаникалық және басқа да) және аумақтық-аймақтық желi пункттерiндегi бақылаулар;
      жердi түгендеу, жер-кадастрлық құжаттама;
      қор деректерi (карталар, картограммалар, схемалар, кестелiк және басқа да материалдар) материалдары пайдаланылады.

      18. Ғарыштық жеткiзгiштен суретке түсiру мен бақылау республикалық және өңiрлiк деңгейлерде жердiң жай-күйiнiң сипаттамасын алу үшiн орындалады.
      Жер бетiндегi бақылау, зерттеу, тексеру және суретке түсiру стационарлық және жартылай стационарлық алаңдарды, түйiндi учаскелердi, полигондарды және бейiндердi пайдалану арқылы жердiң барлық санаттары бойынша жүргiзiледi.

      19. Жер мониторингiнiң нәтижелерi қағаз жеткiзгiштермен де, ақпаратты электрондық жинақтау, өңдеу және сақтау жүйелерiн пайдалану арқылы да есептер, кестелер, карталар және картограммалар түрiнде ресiмделедi.
      Жер мониторингi бойынша алынған ақпаратты тиiстi жер ресурстарын басқару жөнiндегi тиiстi аумақтық органдар қорытады әрi талдайды, ол мұрағаттар мен автоматтандырылған ақпараттық жүйенiң деректер банкiнде жинақталады және сақталады.

      20. Жер мониторингi жөнiндегi құжаттамалар базалық және есептiк құжаттарды қамтиды.
      Базалық құжаттарда өңiрлiк объектiнiң немесе жер учаскесiнiң бастапқы (аялық) жай-күйi тiркеледi. Базалық құжаттарға жердiң жай-күйiнiң бастапқы тақырыптық карталары, картографиялық материалдар және жердiң сапалық жай-күйi туралы жиналған мәлiметтер жатады.
      Бiрiзділендiрiлген нысандар, оларда жердiң жай-күйiнiң тiркелген өзгерiсi көрсетiлген кестелер есептiк құжаттар болып табылады.

      21. Жердiң мониторингi жөнiндегi құжаттама мынадай талаптарға сәйкес келуi:
      белгiленген үлгiдегi бланкiлерде атқарылуы;
      картографиялық материалдар жер ресурстарын басқару жөнiндегi орталық уәкiлеттi орган белгiлеген техникалық талаптарға сәйкес әзiрленуi;
      мемлекеттiк құпияға жатқызылған жер учаскелерiнiң жоспарларында (сызбаларында) қамтылған мәлiметтер олардың құпиялылығын қамтамасыз ететiн белгiленген ережелерге сәйкес пайдаланылуы және сақталуы тиiс.

      22. Жер мониторингi жөнiндегi деректердi пайдаланушылар:
      аумақтардың дамуын жоспарлау, жерді аймаққа бөлу, табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану жөнiндегi бағдарламаларды әзiрлеу, қала құрылысы кадастры мәселелерi, жер ресурстарын басқаруға байланысты басқа да мәселелер бойынша - мемлекеттік, жергiлiктi атқарушы және өкiлдi органдар;
      қоршаған орта және табиғи ресурстар мониторингiнiң Бiрыңғай мемлекеттiк жүйесiн жүргiзу, табиғи ресурстардың пайдаланылуына және қоршаған ортаның жай-күйiне бақылау жүргiзу мәселелерi, мемлекеттік органдар арасында табиғат қорғау iс-шараларын әзiрлеу бойынша жиынтық деректер банкiн жүргiзу үшiн - қоршаған ортаны қорғау саласындағы орталық орган;
      өзге де жеке және заңды тұлғалар болып табылады.

      23. Жер мониторингiнiң деректерiн пайдалану қағаз немесе магниттiк жеткiзгiштермен стандартты ресiмделген құжаттармен танысу және (немесе) оларды алу, сондай-ақ техникалық телекоммуникациялық байланыс құралдарын қолдану арқылы деректер банкiне тiкелей рұқсат етiлген кіру нысанында жүзеге асырылады.

      24. Жер мониторингiнiң мемлекеттiк құпияларды және өзге де шектеулердi қамтымайтын деректерi жалпыға қол жетiмдi болып табылады және мүдделi жеке және заңды тұлғаларға ақылы негiзде беріледi.
      Жер мониторингiнiң деректерiн мемлекеттік органдарға беру осы мақсаттарға көзделген бюджет қаражаты есебiнен ақысыз негiзде жүзеге асырылады.