Қазақстан Республикасының уәкілетті органдарында заң жобалау жұмыстарын ұйымдастыру ережесін бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2003 жылғы 21 тамыздағы N 840 қаулысы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2016 жылғы 29 желтоқсандағы № 907 қаулысымен.

Күшін жойған

      Ескерту. Күші жойылды – ҚР Үкіметінің 29.12.2016 № 907 қаулысымен.

      Қазақстан Республикасының Yкiметi қаулы етеді:

      1. Қoca берiлiп отырған Қазақстан Республикасының уәкiлеттi органдарында заң жобалау жұмыстарын ұйымдастыру ережесi бекітілсін.

      2. "Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң заң жобалау қызметiн жетiлдiру жөнiндегi шаралар туралы" Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2000 жылғы 11 қыркүйектегi N 1376 қаулысына (Қазақстан Республикасының ПҮКЖ-ы, 2000 ж., N 40, 455-құжат) мынадай өзгерiс пен толықтыру енгізiлсiн:

      2-тармақта 2) тармақша алынып тасталсын;

      көрсетiлген қаулымен бекiтiлген Заң жобалау қызметi мәселелерi жөнiндегі ведомствоаралық комиссия туралы ережеде:

      4-тармақтың он бiрiншi абзацында "қатынастар бойынша" деген сөздерден кейiн "заң жобаларының тұжырымдамаларын және" деген сөздермен толықтырылсын.

      3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап күшiне енедi.

Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі



  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2003 жылғы 21 тамыздағы
N 840 қаулысымен
бекітілген

Қазақстан Республикасының уәкiлеттi органдарында
заң жобалау жұмыстарын ұйымдастыру ережесi

      1. Қазақстан Республикасының уәкiлеттi органдарында заң жобалау жұмыстарын ұйымдастыру ережесi (бұдан әрі - Ереже) "Нормативтiк құқықтық актiлер туралы" Қазақстан Республикасының 1998 жылғы 24 наурыздағы Заңына және Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2002 жылғы 10 желтоқсандағы N 1300 қаулысымен бекiтiлген Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң Регламентiне (бұдан әрi - Үкiметтiң Регламентi) сәйкес заң жобаларын әзiрлеушi уәкiлеттi органдарда (бұдан әрi - Уәкiлеттi органдар) заң жобалау жұмыстарын ұйымдастыру тәртiбiн айқындайды.

      2. Уәкiлеттi органдардың заң жобалау қызметiн жүзеге асыруы мынадай кезеңдерді қамтиды:

      қабылдануы Бюджет кодексінде көзделген заң жобаларын қоспағанда, заң жобаларының тұжырымдамаларын әзiрлеу;

      Норма шығармашылығы қызметiн жетiлдiру жөнiндегi шаралар туралы" Қазақстан Республикасы Yкiметiнiң 2002 жылғы 30 мамырдағы N 598 қаулысымен бекiтiлген Ғылыми сараптама жүргiзу ережесiне сәйкес заң жобаларының тұжырымдамаларына ғылыми сараптама жүргiзу;

      реттегіш құралды және онымен байланысты талаптарды енгізуді немесе жеке кәсіпкерлік субъектілеріне қатысты реттеуді қатаңдатуды кәсіпкерлік жөніндегі уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен жүзеге асыруды көздейтін заң жобалары тұжырымдамаларының реттеушілік әсеріне талдау жүргізу. Заң жобаларының тұжырымдалары Комиссия қарауына шығарылғанға дейін реттеушілік әсерді талдаудан өтеді;

      заң жобаларының тұжырымдамаларын Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң жанындағы Заң жобалау қызметi мәселелерi жөнiндегi ведомствоаралық комиссияда (бұдан әрi - Комиссия) қарау;

      жұмыс тобын құру. Жұмыс тобының құрамына міндетті түрде "Қазақстан Республикасының Заңнама институты" мемлекеттік мекемесінің, белгілі бір құқық саласындағы тиісті ғылыми-зерттеу институттарының өкілдері енгізіледі, сондай-ақ үкіметтік емес ұйымдардың, қоғамдық бірлестіктердің өкілдерін, Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттарын және ғылымның тиісті салаларының ғалымдарын тарту ұсынылады;

      заңнамалық кесiмдердiң жобаларын даярлау;

      заңнамалық кесiмдер жобаларына ғылыми сараптама жүргiзу;

      Үкіметтiң Регламентiне сәйкес мемлекеттiк органдармен заң жобаларын келiсу;

      реттегіш құралды және онымен байланысты талаптарды енгізуді немесе жеке кәсіпкерлік субъектілеріне қатысты реттеуді қатаңдатуды кәсіпкерлік жөніндегі уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен жүзеге асыруды көздейтін заң жобаларының реттеушілік әсеріне талдау жүргізу;

      заңнамалық актілердің жобаларын бұқаралық ақпарат құралдарында, оның ішінде Интернет желісінде талқылау және оларды пысықтау кезінде қоғамдық пікірді ескеру;

      заңнамалық кесiмдер жобаларын жетілдiргенде тұжырымдамалық өзгерiстер енгiзілген жағдайда қосымша ғылыми сараптама жүргiзу;

      заң жобаларын Қазақстан Республикасының Үкiметiне енгiзу;

      заң жобаларын Қазақстан Республикасы Парламентiнiң палаталарында қарау кезiнде оларды ұйымдастырушылық және ақпараттық қамтамасыз ету.

      Жоғарыда көрсетiлген кезеңдердiң әрқайсысында заң жобалау қызметiн жүзеге асыру уәкiлеттi органның заң қызметiнiң басшысымен келiсiлуi тиiс.

      Заң сараптамасын жүргізу үшiн келiсуге жiберген кезде заң жобасының әр парағына уәкiлеттi органның заң қызметiнiң басшысы қол қояды.

      Ескерту. 2-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 2006.03.15 N 172, 2007.03.20 N 217, 2009.12.25 N 2206, 2010.06.23 N 632, 2011.09.16 N 1067, 29.05.2013 № 541; 30.12.2014 № 1401 (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); 24.04.2015 № 288 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулыларымен.

       3. Уәкілетті органдар заң жобаларын Қазақстан Республикасы Үкіметінің заң жобалау жұмыстарының ағымдағы жоспарын орындау үшін Президенттің тапсырмалары мен жыл сайынғы жолдауларын, Конституциялық Кеңестің нормативтік қаулылары мен жыл сайынғы жолдауларын, мемлекеттік бағдарламалар мен Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін бағдарламаларды, Үкіметтің шешімдерін, мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарларын, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің шешімдерін, нормативтік құқықтық актілердің құқықтық мониторингі нәтижелерін, сондай-ақ қабылдануы Бюджет кодексінде көзделген заңдарды ескере отырып әзірлейді.

      Тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджетті қалыптастыру кезеңінде уәкілетті органдар заң жобаларын әзірлеуге арналған бюджеттік өтінімді ұсынумен бір уақытта оларды әзірлеудің орындылығы тұрғысынан Комиссияның қорытындысын ұсынады.

      Ескерту. 3-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 2011.09.16 N 1067, өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 29.05.2013 № 541; 30.12.2014 № 1401 (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) қаулыларымен.

       4. Заңнамалық кесiмнiң жобасы Комиссия мақұлдаған оның тұжырымдамасына қатаң сәйкестiкпен әзiрленуi тиiс.

      5. Комиссия:

      1) қолданыстағы заңнамада реттелiп қойған құқықтық қатынастарды регламенттеудi көздейтiн;

      2) құқықтың негiз қалаушы қағидаттарына қайшы келетiн;

      3) реттеу мәнi Қазақстан Республикасының Конституциясы 61-бабының 3-тармағында көрсетiлген қоғамдық қатынастарға сәйкес келмейтiн заң жобаларының тұжырымдамаларын мақұлдамайды.

      6. Заң жобаларының барлық тұжырымдамалары бойынша Қазақстан Республикасы Әдiлет министрлiгi оларды Қазақстан Республикасы Әділет министрлігіне енгізген кезден бастап 15 жұмыс күнінен аспайтын мерзімде осы Ереженің 5-тармағында көрсетiлген талаптарға тұжырымдаманың сәйкестiгiн көрсететiн алдын ала қорытынды дайындайды. Қазақстан Республикасы Әдiлет министрлiгiнiң қорытындысын Комиссия заң жобасының тұжырымдамасымен және заң жобасы тұжырымдамасының ғылыми құқықтық сараптамасының қорытындысымен бiрге қарайды.

      Егер заң жобаларының тұжырымдамасында реттегіш құралды және онымен байланысты талаптарды енгізуді немесе жеке кәсіпкерлік субъектілеріне қатысты реттеуді қатаңдатуды жүзеге асыру көзделетін жағдайда, онда заң жобасының тұжырымдамасына Қазақстан Республикасының Үкіметі жанындағы Кәсіпкерлік қызметті реттеу мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның хаттамалық шешімі және кәсіпкерлік жөніндегі уәкілетті органның қорытындысы міндетті түрде қоса беріледі. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің қорытындысын Комиссия заң жобасының тұжырымдамасымен, кәсіпкерлік жөніндегі уәкілетті органның қорытындысымен және Қазақстан Республикасының Үкіметі жанындағы Кәсіпкерлік қызметті реттеу мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның хаттамалық шешімімен бірге қарайды.

      Бұл ретте Әділет министрлігінің қорытындысында заң жобасы тұжырымдамасының осы Ережесінің 8, 9-тармақтарының талаптарына сәйкестігі туралы мәліметтер көрсетіледі. Заң жобасының тұжырымдамасы көрсетілген тармақтардың талаптарына сәйкес келмеген кезде әзірлеуші оның пысықталуын қамтамасыз етуге тиіс.

      Ескерту. 6-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 29.05.2013 № 541; өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 24.04.2015 № 288 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулыларымен.

       7. Заң жобасының тұжырымдамасын әзiрлеудi уәкiлеттi орган қажет болған кезде заң жобалау қызметi саласындағы ғылыми-зерттеу ұйымдарын, ғалымдарды, бiлiмнiң әртүрлi салаларындағы мамандарды тарта отырып жүзеге асырады. Жаңа редакциядағы заң жобасының тұжырымдамасын әзірлеген кезде заң жобасының тұжырымдамасымен бірге оның алдын ала мәтінін Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің қарауына енгізу қажет.

      Ескерту. 7-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 2009.12.25 N 2206 Қаулысымен.

       8. Заң жобасының тұжырымдамасын әзірлеу кезінде әзірлеуші:

      құқықтық реттеудің тиісті саласында қолданылып жүрген заңнаманы талдауы, қазіргі құқықтық тетіктердің (олар болған жағдайда) тиімділігінің жеткіліксіз болу себептерін анықтауы, заңнамадағы олқылықтарды, қайшылықтарды, ескірген нормаларды не ұқсас құқықтық қатынастарды реттейтін көптеген актілердің болуын, қолданыстағы заңнаманы дұрыс қолданбау себептерін анықтауы;

      экономикалық, социологиялық, статистикалық және өзге де қажетті ақпаратты зерделеуі, қорытуы және талдауы, нормативтік құқықтық актіні қабылдаудың болжамды әлеуметтік, қаржы-экономикалық, экологиялық, құқықтық, криминологиялық және өзге де салдарына, актіні қабылдауға байланысты белгілі бір саладағы қоғамдық қатынастардың ықтимал үрдістері мен даму нұсқаларына зерттеу жүргізуі;

      қажетті қаржы-экономикалық есептемелер жүргізуі;

      шетелдік тәжірибені зерделеуі, салыстырмалы-құқықтық талдау жүргізуі қажет.

      Ескерту. 8-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 2009.06.04. N 822 Қаулысымен.

       9. Заң жобасының тұжырымдамасы осы Ережеге қосымшаға сәйкес нысан бойынша жазбаша жазылуға тиіс.

      Заң жобасының тұжырымдамасын әзірлеу Қазақстан Республикасы Президентінің Қазақстан халқына жолдауы, Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің жыл сайынғы жолдауының, Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының нормативтік қаулыларының ережелері, мемлекеттік бағдарламалар мен Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін бағдарламалар, мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарлары, Үкіметтің шешімдерін, нормативтік құқықтық актілердің құқықтық мониторингі нәтижелері, қоғамдық өмірдің тиісті салаларында және аясында Қазақстан Республикасының заңнамасын қолдану практикасы, қолданыстағы заңнаманың проблемалары бойынша өткізілетін ғылыми-практикалық конференциялардың, семинарлардың, кеңестердің материалдары, жеке және заңды тұлғалардың өтініштері, үкіметтік емес ұйымдар ұсынатын материалдар, бұқаралық ақпарат құралдарында қамтылған ақпарат ескеріле отырып жүзеге асырылады.

      Заңды қабылдау қажеттілігі туралы куәландыратын дәлелдерді баяндау нақты, келеңсіз құбылыстар мен процестердің қолданыстағы заңнамамен жеткілікті жасалмаған байланысын тиянақты түрде орнататын болуы тиіс. Дәлелдемелер ретінде орын алған жағдайдың қысқаша мән-жайын, заң нормаларын қолданудың дұрыстығы, қорытындылар мен ұсыныстар туралы пікірді көрсете отырып, практикадан мысал келтіру қажет.

      Әлеуметтік салдарларды болжау кезінде актіні қабылдаудың жалпы қоғамның, сондай-ақ оның жекелеген әлеуметтік топтарының дамуына әсер етуіне, білім беру және халықты жұмыспен қамту деңгейіне, қоғамның әлеуметтік құрылымына, денсаулық сақтау қызметінің қол жетімділігіне, тұрғын үй жағдайын жақсартуға, азаматтық қоғам институттарын дамытуға ықпалына және басқа да салдарларға талдау жүргізіледі.

      Қаржы-экономикалық салдарларды болжау кезінде актіні қабылдауға байланысты:

      республикалық және жергілікті бюджеттен тікелей және жанама шығыстар;

      құқық қолданушылар мен актінің нормаларын іске асырудың өзге де субъектілерінің шығыстары;

      республикалық және жергілікті бюджеттің кірістері, сондай-ақ жеке және заңды тұлғалардың кірістері;

      өзге де шығыстар мен кірістер, сондай-ақ өзге де экономикалық әсер (бәсекенің дамуына ықпалы; кредиттік ресурстардың қол жетімділігі, жаңа жұмыс орындарын ашу және басқа да салдарлар) бағаланады.

      Экологиялық салдарларды болжау кезінде актіні қабылдау нәтижесінде қоршаған ортаға ықпал ететін әсердің бағыты, сипаты және деңгейі бағаланады.

      Құқықтық салдарларды болжау шеңберінде келешектегі актінің қаралып отырған саладағы құқықтық қатынастарды құқықтық реттеудің қолданыстағы тетігіне ықпалы, атап айтқанда: заңнамадағы олқылықтар мен қарама-қайшылықтардың, тиімсіз және декларативті нормалардың болуы, құқықтар мен міндеттерді іске асыру тетігінің жоқтығы бағаланады.

      Криминологиялық салдарларды болжау кезінде заң жобасының тұжырымдамасына оның қоғам, мемлекет қажеттілігіне және қылмысқа қарсы күрес саласындағы мемлекеттік саясатқа сәйкестігі мәніне ондағы құқық бұзушылықтар жасауға тікелей немесе жанама ықпал ететін, көзделген жауапкершілік шараларынан заңды негіздерде бас тарту мүмкіндігін туғызатын ережелерді (олқылықтар, өзге де кемшіліктер) анықтау, сондай-ақ осындай актіні қабылдау нәтижесінде криминогенді не криминогендікке қарсы сипаттағы өзге де салдарларды анықтау арқылы талдау жүзеге асырылады.

      Мемлекеттік бюджеттен болжанып отырған қаржылық шығындар туралы ақпаратқа тиісті қаржылық есептемелер қоса берілуі тиіс.

      Салдарларды болжау кезінде болашақ актінің мемлекеттік органның стратегиялық жоспарының мақсатты индикаторларына, көрсеткіштеріне, тәуекелдеріне әсері бағаланады.

      Ескерту. 9-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 2009.06.04 N 822 Қаулысымен, өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 2011.09.16 N 1067 Қаулысымен.

       10. Заң жобасын әзiрлеушi уәкiлеттi орган жобаны дайындау жөнiндегi жұмыс тобын құрады немесе оны дайындауды жұмыс тобының функцияларын орындайтын өзiнiң бөлiмшелерiнiң бiрiне тапсырады. Жобаны дайындауда жобаны дайындайтын органның заң бөлiмшесi қызметкерлерінің қатысуы мiндеттi.

      Қазақстан Республикасы Парламентiнiң депутаттары заң жобасын дайындау жөнiндегi жұмыс тобының жұмысына кез келген сатыда қатысуға құқылы.

      Жұмыс тобының жұмысына қатысу үшiн әр түрлi бiлiм салаларының, ғылыми мекемелердiң мамандары және ғылыми қызметкерлерi, сондай-ақ қоғамдық бiрлестiктер өкiлдерi тартылуы мүмкiн.

      Ескерту. 10-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 2006.02.14 N 99, 2009.12.25 N 2206 Қаулыларымен.

       11. Егер заң жобалау жұмыстарының жоспарымен немесе заң жобасын әзiрлеу туралы тапсырмамен өзгеше белгiленбесе, Уәкілеттi орган заң жобасын дайындауды ведомстволық бағыныстағы мемлекеттiк ұйымдарға немесе шарттық негiзде мамандарға, ғылыми мекемелерге, жекелеген ғалымдарға немесе олардың ұжымдарына соның iшiнде шетелдiктерге тапсыра алады.

      Уәкілетті орган баламалы жобаларды дайындауды бір немесе бірнеше тұлғаға тапсыруға құқылы. Заң жобаларының сапасы, уақытылы әзірленуі мен ұсынылуы үшін Үкіметтің заң жобалау жұмыстарының жоспарында көрсетілген Уәкілетті органның лауазымды адамдары дербес жауапты болады.

      Ескерту. 11-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 2011.09.16 N 1067 Қаулысымен.

       12. Уәкiлеттi органдардың заң жобалау жұмыстарының жоспарларын және заң жобаларын әзiрлеу жөнiндегi жекелеген тапсырмаларды орындауын жалпы бақылауды, осы бағыттағы олардың қызметiне әдiстемелiк басшылық жасауды және сол үшiн қажеттi ақпараттық қамтамасыз етудi Қазақстан Республикасының Әдiлет министрлiгi жүзеге асырады.

      13. Заң жобасы Қазақстан Республикасының Конституциясы 61-бабының, 3-тармағымен регламенттелген негiз қалаушы қағидаттар мен нормаларды белгілейтiн аса маңызды қоғамдық қатынастарды реттеуi және "Нормативтiк құқықтық актiлер туралы" Қазақстан Республикасының 1998 жылғы 24 наурыздағы Заңының талаптарына сәйкес ресiмделуi тиiс.

      14. Алынып тасталды - ҚР Үкіметінің 29.05.2013 № 541 Қаулыcымен.

      15. Заң жобасының нормаларында мiндеттi түрде:

      құқықтық реттеудiң мәнi;

      құқықтық реттеудiң негізгі қағидаттары;

      заң жобасының мәтiнiнде пайдаланылатын негiзгi ұғымдар айқындалуы тиiс.

      Сондай-ақ, заң жобасында заңды қолданысқа енгiзу тәртiбi, заң күшiне енгеннен кейiн өзге де нормативтiк құқықтық кесiмдердi қолдану тәртiбi мен шарттары көрсетiлуi мүмкiн.

      16. Құқықтық нормалардың мазмұны қисындалған жүйелi әрi әртүрлi ұғыну мен түсiндiруге жол бермейтiн мазмұны айқын болуы тиiс.

      Заң жобасын әзiрлеу кезiнде, Қазақстан Республикасының заңнамалық кесiмдерiнде пайдаланылатын терминдер тiзбесiнде көзделген терминология пайдаланылады.

      Нормативтік құқықтық актінің мәтіні әдеби тіл нормалары, заң терминологиясы және заң техникасы сақтала отырып жазылады, оның ережелері барынша қысқа болуы, нақты және әртүрлі түсіндіруге жатпайтын мағынаны қамтуы тиіс. Нормативтік құқықтық актінің мәтінінде мағыналық және құқықтық жүктемесі жоқ декларативтік сипаттағы ережелер болмауға тиіс.

      Көнерген және көп мағыналы сөздер мен сөз орамдарын, эпитеттерді, метафораларды қолдануға, сөздерді қысқартуға жол берілмейді. Нормативтік құқықты актінің құрылымдық бөлігінде жазылған құқық нормасы дәл осы актінің басқа құрылымдық бөліктерінде қайталап жазылмайды.

      Ескерту. 16-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 2011.09.16 N 1067 Қаулысымен.

       17. Қабылдануы Қазақстан Республикасының Конституциясында немесе заңнамалық кесiмде тiкелей көзделген заң жобасына түсiндiрме жазбада Конституцияның немесе өзге де заңнамалық кесiмнiң бабын мiндеттi түрде көрсету керек.

      18. Заң жобасының өтпелi ережелерiнде оны қолданысқа енгiзгенге дейiнгi қатынастарды заң жобасында реттеу тәртiбi көрсетіледi, жаңа құқық нормаларына көшу мерзiмдерi мен тәсiлдерi белгіленедi.

      19. Заңнамалық кесiмнiң қорытынды ережелерiнде осы кесiмнiң қолданысқа енгiзілуі туралы, бұрын шығарылған кесiмнiң күшiн жою туралы нормалар бекiтiледi, осы кесiмдi орындау және дамыту мақсатында қажет болған кезде басқа мемлекеттiк органдардың кесiмдер шығару талаптары белгiленедi.

      19-1. Заң жобаларының және оларға қосымшалардың әр парағына әзірлеуші мемлекеттік органның басшысы қол қояды.

      Заң жобаларының, сондай-ақ қолданыстағы заңнамалық актілерге өзгерістер және/немесе толықтырулар енгізуді көздейтін заң жобасына енгізілетін өзгерістер мен толықтырулардың тиісті негіздемесі бар бұрынғы және жаңа редакциядағы баптардың салыстырма кестесінің көшірмелеріне әзірлеуші мемлекеттік органның заң қызметі басшысының қолы қойылады.

      Қазақстан Республикасы Әділет министрлігіне заң жобаларын қарауға және келісуге енгізген кезде олармен бір мезгілде "Қазақстан Республикасының Заңнама институты" мемлекеттік мекемесінің заң жобаларының тұжырымдамалары мен мәтіндерін әзірлеуге қатысқанын растайтын қорытындысы енгізіледі.

      Мемлекеттік органдар мүдделі мемлекеттік органдарға келісуге енгізетін мемлекеттік және орыс тілдерінде дайындалған заң жобалары мынадай материалдарды қамтуы тиіс:

      1) заң жобасын (оның ішінде электрондық жеткізгіштерде);

      2) осы заң жобасын (заң жобаларын) Парламент Мәжілісіне енгізу туралы Үкімет қаулысының жобасын;

      3) Үкімет Регламентінің талаптарына сәйкес дайындалған Үкімет қаулысының жобасына түсіндірме жазбаны;

      4) заң жобасы мақсаттарының, міндеттері мен негізгі ережелерінің жан-жақты сипаттамасымен бірге жобаны қабылдау қажеттігінің негіздемесі бар заң жобасына (заң жобаларына) түсіндірме жазбаны (жазбаларды);

      5) қабылданатын Заңның қолданылуының ықтимал экономикалық, әлеуметтік, құқықтық, экологиялық салдарының болжамдарын.

      Қабылданатын заңның қолданылуының әлеуметтік және экономикалық салдарын бағалау мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган бекітетін Қабылданатын заң жобаларының қолданылуының әлеуметтік-экономикалық салдарын бағалау жөніндегі әдістемелік ұсынымдарға сәйкес жүзеге асырылады;

      6) егер заң жобасын іске асыру республикалық және жергілікті бюджеттердің және (немесе) Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының түсімдерін қысқартуға немесе шығыстарын ұлғайтуға әкеп соқтыратын болса, қаржы-экономикалық есептемелерді;

      7) заң жобасын (заң жобаларын) мүдделі мемлекеттік органдармен келісу парағын (парақтарын);

      8) халықаралық шарттарды ратификациялау және күшін жою туралы заң жобаларын қоспағанда, заң жобасының (заң жобаларының) ғылыми сараптамасының нәтижелері бойынша қорытындыны (қорытындыларды). Заң жобасын әзірлеуші ғылыми сараптаманың қорытындысымен (қорытындыларымен) келіспеген жағдайда тиісті қорытындымен келіспеу себептеріне жазбаша дәлелді негіздер келтірілуге тиіс;

      9) қолданыстағы заңнамалық актілерге өзгерістер және/немесе толықтырулар енгізуді көздейтін заң жобасына, енгізілетін өзгерістер мен толықтырулардың тиісті негіздемесі бар, бұрынғы және жаңа редакциядағы баптардың салыстырмалы кестесі;

      10) егер заң жобасы жеке кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін қозғайтын болса, заң жобасына Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасының және заң жобасында салалық мүдделері қозғалатын жеке кәсіпкерлік субъектілерінің аккредиттелген бірлестіктерінің сараптамалық қорытындылары қоса беріледі. Әзірлеуші сараптамалық қорытындымен (қорытындылармен) келіспеген жағдайда, сараптамалық қорытындымен келіспеу себептерінің дәлелденген жазбаша негіздемелерін келтіруге тиіс. Мемлекеттік органдар өзінің ресми сайтында сарапшылық кеңестің отырысына шығарылған қолданыстағы әрбір нормативтік құқықтық акт бойынша сарапшылық кеңес мүшелері мен өзге де мүдделі тұлғалардың ұсыныстарын, мемлекеттік органдардың жауаптарын, хаттамаларды және сараптамалық қорытындыларды сақтайды;

      11) Үкімет Регламентінің қосымшасына сәйкес нысан бойынша анықтама парақты;

      12) республикалық және жергілікті бюджеттердің және (немесе) Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының түсімдерін қысқартуды немесе шығыстарын ұлғайтуды көздейтін Қазақстан Республикасының заң жобаларына қатысты Республикалық бюджет комиссиясының оң шешімінің көшірмесін;

      13) жобаның қабылдауына байланысты өзгертілуі немесе күші жойылды деп танылуы тиіс заңнамалық актілердің тізбесін;

      14) егер Қазақстан Республикасы заңының қолданылуын қамтамасыз ету үшін заңға тәуелді нормативтік құқықтық актіні қабылдау қажет болса, заң жобасын іске асыру үшін қажетті заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілердің жобаларын (егер мұндай қажеттілік болмаса, бұл ілеспе хатта көрсетіледі).

      Егер заңға тәуелді нормативтік құқықтық актінің жобасын әзірлеу басқа мемлекеттік органның құзыретіне жататын болса, онда заң жобасын әзірлеуші мемлекеттік орган заңға тәуелді актінің тиісті жобасын сұратады және жоғарыда көрсетілген барлық материалдармен бір мезгілде енгізеді;

      Егер заң жобасына заңға тәуелді тиісті нормативтік құқықтық актілердің жобалары қоса берілмесе, қолданылуын қамтамасыз ету үшін заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілер қабылдануы қажет заң жобаларына Әділет министрлігінде бұрыштама қойылмайды;

      15) заң жобасын (заң жобаларын) бұқаралық ақпарат құралдарында, соның ішінде Интернет желісінде талқылау және оны (оларды) пысықтау кезінде қоғамдық пікірді ескеру нәтижелері туралы анықтаманы.

      Ескерту. Ереже 19-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Үкіметінің 2009.12.25 N 2206; өзгерістер енгізілді - ҚР Үкіметінің 2010.06.23 N 632; 2011.04.05 N 359; 2011.09.16 N 1067; 05.03.2013 № 213, 29.05.2013 № 541; 31.12.2013 N 1524; 30.12.2014 № 1401 (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); 28.12.2015 № 1088 қаулыларымен.

       20. Заң жобасына:

      есептемелер, тарифтер кестелерi, графикалар, карталар;

      бланкiлер, құжаттар, сызбалар үлгiлерi және қосымша қолдану мәнi бар басқа да материалдар қоса берілуi мүмкiн.

      Ескерту. 20-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 2009.12.25 N 2206 Қаулысымен.

      20-1. Алынып тасталды - ҚР Үкіметінің 2009.12.25 N 2206 Қаулысымен.

      21. Үкімет Парламенттің қарауына енгізетін заң жобалары бойынша "Норма шығармашылығы қызметін жетілдіру жөніндегі шаралар туралы" Үкіметтің 2002 жылғы 30 мамырдағы № 598 қаулысымен бекітілген Ғылыми сараптама жургізу ережесіне сәйкес заң жобасында реттелетін құқықтық қатынастарға қарай тиісті ғылыми сараптама (құқықтық, лингвистикалық, экономикалық, экологиялық, қаржылық және басқа) жүргізу міндетті. Бұл ретте қабылдануынан туындайтын болжамды салдар экологиялық, соның ішінде радиациялық қауіпсіздікке, қоршаған ортаны қорғауға қауіп төндіруі мүмкін заңнамалық кесімдердің жобалары міндетті түрде экологиялық сараптама жасауға жатады. Заң жобасын әзірлеуші оны мүдделі мемлекеттік органдармен келіскенге дейін жобаның тиісті сараптамасының жүргізілуін қамтамасыз етеді, оның нәтижелері бойынша қорытынды заң жобасына басқа да материалдармен бірге келісуші мемлекеттік органдарға мемлекеттік және орыс тілдерінде ұсынылады.

      Ескерту. 21-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 2011.05.27 № 590 қаулысымен.

      21-1. Алынып тасталды - ҚР Үкіметінің 2009.12.25 N 2206 Қаулысымен.

      22. Заң жобасын мемлекеттiк органдармен келiсу, заң жобасын Үкiметтiң қарауына енгiзу тәртiбiн Үкiметтiң Регламентi белгiлейдi.

  Қазақстан Республикасының
уәкiлеттi органдарында
заң жобалау жұмыстарын
ұйымдастыру ережесiне
қосымша

      Әзiрленетiн заң жобалары бойынша тұжырымдама нысаны

      1. Заң жобасының атауы.

      2. Заң жобасын әзiрлеу қажеттiлiгiнiң негiзi.

      3. Заң жобасын қабылдау мақсаттары.

      4. Заң жобасын реттеу мәнi.

      5. Заң жобасының құрылымы.

      6. Заң жобасын қабылдаған жағдайда болжанып отырған құқықтық және әлеуметтiк-экономикалық салдарлар.

      7. Басқа заңнамалық кесiмдердi әзiрленетiн заң жобасымен бiр мезгiлде (кейiннен) сәйкес келтiру қажеттiлiгi.

      8. Заң жобасы мәнiнiң өзге де нормативтiк құқықтық кесiмдермен регламенттелуі.

      9. Қаралатын мәселе бойынша шетелдiк тәжiрибенiң бар-жоғы.

      10. Заң жобасын iске асыруға байланысты болжанып отырған қаржы шығындары.