Қазақстан Республикасының қаржы секторын одан әрi дамыту және Қазақстан Республикасының ақша-кредит саясатын дамыған елдерде қабылданған стандарттарға (атап айтқанда, Еуропалық Одақ стандарттарына) сәйкес келтiру мақсатында, Қазақстан Республикасының Yкіметi қаулы етеді:
1. Қоса берiлiп отырған Қазақстан Республикасының қаржы секторын дамытудың тұжырымдамасы (бұдан әрi - Тұжырымдама) мақұлдансын.
2. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi (келiсiм бойынша) Қазақстан Республикасының Экономика және бюджеттiк жоспарлау министрлiгiмен бiрлесiп осы қаулы қабылданған кезден бастап екi ай мерзiмде көрсетiлген Тұжырымдаманы iске асыру жөнінде белгiленген тәртiппен келiсiлген Iс-шаралар жоспарын Қазақстан Республикасының Үкiметiне енгiзсiн.
3. Осы қаулы қол қойылған күнiнен бастап күшiне енедi.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Қазақстан Республикасы
Үкiметінің
2003 жылғы 28 шiлдедегi
N 753 қаулысымен
мақұлданған
Қазақстан Республикасының қаржы секторын дамытудың
Тұжырымдамасы
Осы кезеңде қаржы секторы өз дамуының сапалы жаңа деңгейiнде тұр және алдағы уақытта оның табысты жұмыс iстеуi үшiн негiз жасауға бағытталған реформалардың көпшiлiгi жүзеге асырылды.
Қазақстанның кредиттік рейтингiнің инвестициялық деңгейге дейiн жақсаруы Қазақстанның қаржы секторының табысты дамып келе жатқанын растайды. ТМД елдерінің қаржы жүйелерінің iшiнде ол әлдеқайда реформаланған болып табылады. Осылайша, қаржы секторының даму деңгейi бойынша Қазақстан ТМД елдерiнен бiрнеше жыл алда келедi.
Соған қарамастан, Қазақстан Республикасының Үкiметi (бұдан әрi - Үкiмет) және Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi (бұдан әрi - Ұлттық Банк) қол жеткiзгендерге тоқталып қалмай, мынадай кезеңнiң мiндеттерiн шешуге көшудi бастауды дұрыс деп есептейдi: таяу жылдарда қалыптасатын макроэкономикалық үрдiстердi және валюта заңдарында болатын өзгерiстердi ескере отырып, орташа мерзiмдегi болашақта дамыту бағыттарын айқындау қажет.
Үкiмет пен Ұлттық Банк валюталық қатынастарды одан әрi ырықтандыру және жекелеген елдермен бiрге бiрыңғай валюта кеңiстiгiн енгізу мүмкiндiгi жағдайында қаржы секторының барлық бөліктерiн халықаралық стандарттарға сәйкес келтiру арқылы оның алдағы уақыттағы дамуын байланыстырады.
Осы Тұжырымдаманың мақсаты экономиканың нақты секторының қаржы ресурстарын қажетсінуін қанағаттандыратын және қаржы институттарының еркiн бәсекелестiк жағдайында сапалы қызмет көрсететiн тұрақты және тиімдi жұмыс iстейтiн қаржы жүйесiн қалыптастыру болып табылады.
Қаржы секторын дамытудың тұжырымдамасы 2003-2006 жылдар аралығындағы кезеңге негiзгi мiндеттер мен дамыту бағыттарын анықтауды болжайды және ақша-кредит саясатын дамыған елдерде қабылданған стандарттарға (мысалы, Еуропалық одақ стандарттарына) барынша жақындатудың басым бағыттары ретiнде айқындайды.
I. Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң дамуы
1. Ақша-кредит саясатының жаңа бағыттары
а) Инфляциялық таргеттеу қағидаттарына көшу
Мақсаты мен міндетi
2006 жылға дейiнгi кезеңге Ұлттық Банк өзінің алдына тұтыну бағаларының индексiмен өлшенетiн инфляцияның орташа жылдық деңгейiн жылдық 4-5%-ға дейiн төмендету мiндетiн қойды.
Мұндай мiндет қоюға Ұлттық Банктiң құралдар қолдану ережелерiнен ақша-кредит саясатының инфляциялық таргеттеу қағидаттарына көшу қажеттігiн негiздейдi. Инфляциялық таргеттеу кезiнде мақсатты көрсеткiш ретiнде инфляция қарастырылады, ал негiзгi жедел көрсеткiш ресми қысқа мерзiмдi пайыздық ставканың бiрi ретiнде қызмет етедi.
Ақша-кредит саясатын таргеттеу кезiнде алға қойылған мақсатқа мiндеттi түрде жетудiң мүмкiндігі үшiн мақсатты көрсеткішке жедел көрсеткiш әсерi қалай өзгертетінін бiлу қажет. Басқару сигналдарын беру әртүрлi арналар бойынша жүредi. Олардың iшiнде жиынтық сұраныс, жиынтық ұсыныс, валюталық және пайыздық тепе-теңдiк және басқа арналар. Осы беру арналардың жиынтығы және олардың өзара байланыстары трансмиссиялық тетiк деп аталады. Сонымен, трансмиссиялық тетiк - бұл басқару сигналдарын берудің мақсатты көрсеткiшке ықпал ету тетігі.
Инфляцияны таргеттеуге көшумен алға қойылған мақсатқа жету жөніндегі міндеттемелердi қатаң сақтауды қамтамасыз ететiн тетік құрылатын болады, бұл жүргiзілетiн ақша-кредит саясатына деген сенімдi арттырады.
Ағымдағы жағдай
Қазiргi уақытта Қазақстанда инфляциялық таргеттеу қағидаттарына көшуге дайындықты бастау үшiн кейбiр алғышарттар бар:
- макроэкономикалық тұрлаулылық пен бюджеттің тұрақты жай-күйi;
- валюта бағамының тұрақтылығы;
- қаржы жүйесiн тұрақты дамыту;
- Ұлттық Банктің тәуелсiздiгi, республикалық бюджеттің тапшылығын Ұлттық Банктің қаражаты есебiнен қаржыландырудан бас тарту;
- инфляцияның төмен деңгейлерiне қолдау көрсету функцияларын Ұлттық Банкке ресми бекiту;
- ақпараттың ашықтығы.
Осыған қарамастан, инфляциялық таргеттеу қағидаттарына көшу саяси, экономикалық және техникалық сипаттағы кейбiр проблемалармен байланысты.
Саяси проблемаларға заң базасын, алынған мiндеттемелердi және бiрқатар басқа аспектiлердi орындауға қол жеткiзуде уәкілеттi органдардың жауапкершілік дәрежесiн айқындау және қалыптастыру кіреді.
Экономикалық проблемалардың iшiнде едәуiр маңыздысы өтiмділіктi реттеудің негiзгi құралдары ретiнде ресми ставкаларды қолдауға жеткiлiкті көлемде толық ауқымда репо операцияларын жүргiзу үшiн Ұлттық Банктің бағалы қағаздар портфелiнің жеткiлiксiздiгi болып табылады.
Техникалық проблема өзiне ақша-кредит саясатының экономикаға әсер ету процесiн түсіндiретiн трансмиссиялық тетiктің моделiн әзiрлеудi қамтиды.
Негiзгі шаралар
Инфляциялық таргеттеу қағидаттарына көшу мақсатында мынадай:
- бағалы қағаздардың қайталама рыногын дамытуға жәрдемдесу жөніндегi;
- Ұлттық Банк бағалы қағаздарының портфелiн едәуiр кеңейту жөніндегі;
- Ұлттық Банктің реттеу мүмкiндiгiн арттыратын, қаржы рыногының икемділігін арттыратын және оған тән тәуекелдер қатарын төмендетуге мүмкiндiк беретiн жаңа қаржы құралдарын дамыту жөнiндегi;
- Ұлттық Банктің ноттарымен өтiмділіктi реттеуден репо операцияларын және қаржы рыногының негiзгi құралдары ретiндегi ресми ставкаларды пайдалануға көшу үшiн жағдайлар жасау жөніндегi;
- монетарлық емес факторларға негiзделген баға индекстерінің шулы құбылмалылығын төмендететiн және ақша-кредит саясаты үшiн бағдар ретінде пайдаланылуы мүмкiн Қазақстан жағдайында қолайлы "негiзгi инфляция" (core inflation) түрiн құру әдiстемесiн әзiрлеу жөніндегі;
- трансмиссиялық тетіктің моделін әзiрлеу мен мақсатты деңгейлерiне қол жеткiзудiң операциялық рәсiмдерiн анықтау жөніндегi;
- инфляциялық таргеттеу қағидаттарын пайдалана отырып монетарлық саясат жүргiзудiң жалпы сызбасын нақтылау жөнiндегi шараларды қабылдау және белгiлi бiр кезең ішінде ресми қабылдау болжанып отыр.
б) Қазақстан Республикасында ақша-кредит статистикасын жетiлдiру
Мақсаты мен мiндетi
Қазақстан Республикасы қаржы секторының барлық институционалдық бiрлiктерi бойынша шоғырландырылған деректердi қамтитын қаржы секторына шолу жасау.
Ағымдағы жағдай
Ақша-кредит статистикасы елдің қаржы ұйымдарының қаржылық және қаржылық емес активтерi мен пассивтерiнің қорлары (қалдықтары) туралы мәлiметтердің кешендi жиынынан тұрады. 2001 жылғы желтоқсаннан бастап Қазақстандағы ақша-кредит статистикасының талдау негiзi, тұтастай алғанда ХВҚ Басшылығының ақша-кредит және қаржы статистикасын жасау жөнiндегi ұсыныстарына сәйкес келетiн тұжырымдамалар мен анықтамаларды көрсетедi.
Ақша-кредит статистикасы жөнiндегi деректер Ұлттық Банктің және Қазақстанда жұмыс iстейтiн екiншi деңгейдегi банктердiң шоттарын қамтиды, солардың негiзiнде Ұлттық Банк бойынша екiншi деңгейдегi банктер мен банк жүйесiне монетарлық шолу жасалады. Ұлттық Банктің монетарлық шолуында ақша базасының барлық құрамдас бөлiктерi бойынша деректер болады, оған елдің ақша агрегаттарының негiзiне жататын Ұлттық Банктің мiндеттемелерi кiредi. Екiншi деңгейдегi банктердің монетарлық шолуына ақша массасының ұлттық көрсеткiшiне кiретiн банктердiң міндеттемелерi жөніндегi деректер кіредi.
Негізгi шаралар
Институционалдық қамту бойынша едәуiр ауқымды болып табылатын және елдiң қаржы секторының барлық институционалдық бiрліктерi бойынша шоғырландырылған деректер бар қаржы секторының шолуын жасау үшiн ақша-кредит статистикасын кредиттік серіктестiктердiң шоттары мен басқа қаржы институттарының (ломбардтардың, сақтандыру компанияларының, зейнетақы қорларының және т.б.) шоттарын кiргiзу есебiнен кеңейту жоспарлануда. Бұл ақша-кредит және қаржы статистикасының елдегi қаржы қызметiнің анағұрлым теңбе-тең көрiнiсiн бере алатындай болуы үшiн қажет. Қаржы секторының шолуын жасаған кезде Қазақстандағы ақша-кредит және қаржы статистикасы елдiң қаржы рыногындағы өзгерiстердің жалпы көрiнiсiн көрсету үшiн құралдар мен мекемелерi барынша кең ауқымын қамтитын болады.
2. Валюталық қатынастарды ырықтандыру
Мақсаты мен мiндетi
Валюта операцияларын жүргiзген кезде жекелеген шектеулердi кезең бойынша алу, уақыт пен халықаралық практика талаптарына сәйкес валюта операцияларын реттеудің өзге де әдiстерiн қолдану.
Ағымдағы жағдай
Қазақстан Республикасының қолданылып жүрген валюталық заңнамасында белгіленген шектеулер мен кедергілер дамып келе жатқан рыноктық қатынастары бар елдердiң көпшілігіне тән.
Негiзгi шаралар
Қазiргi кезде республикаға шетелдiк капиталдың тұрақты ағыны, төлем теңгерiмi айырбас бағамның тұрақтылығы валюталық реттеу саясатының акцентiн капиталдың әкетiлуiне қатаң бақылаудан қаржы қаражатын тиiмдi пайдалануды арттыру мiндетiне бағыттауға, сондай-ақ ішкi қаржы рыногын дамытуға және жаңа қаржы құралдарының пайда болуына мүмкіндік бередi. Валюталық ырықтандырудың негiзгi бағыттары мен кезеңдерi Қазақстан Республикасында валюталық режимдi ырықтандыру тұжырымдамасында көрсетiлген, соған сәйкес бiрiншi кезеңдi iске асыру үшiн әлдеқайда тартымды және экономикалық жағынан сенiмдi валюта операцияларына қатысты жекелеген шектеулердi алып тастауды айқындайтын Қазақстан Республикасында валюталық режимдi ырықтандырудың 2003-2004 жылдарға арналған
бағдарламасы
қабылданды. Бағдарлама шеңберiнде валюта операциялары бойынша ақпараттық базаны жетілдіру, ішкі валюта рыногында кең ауқымдағы алыпсатарлық операцияларға жол бермеудің және қысқа мерзiмдi капитал ағындарын бақылаудың тиiмдi тетiгiн құру, сондай-ақ валюталық бақылау рәсiмдерiн жүйелеу және жеңiлдету көзделген. Бағдарламаның ережелерiн iске асыру валюталық реттеудің шектеулi режимнен кең ауқымды және мейлiнше тұрақсыздандыратын капитал ағындарының мониторингi мен бақылаудың нарықтық нысандарына және әдiстерiне көшу үшiн алғышарттар жасайды.
Валюталық режимдi толық ырықтандыру, яғни валюта операцияларын жүргiзуге рұқсат беруден тiркеу, хабарлау тәртiбiне көшу мен ағымдағы және күрделi операциялар бойынша ұлттық валютаның конверсиялануына (ырықтандырудың екiншi және үшiншi кезеңдерi) 2007 жылы қол жеткiзу болжанады. Осы мақсатты iске асыру үшiн ұлттық валютаның толық конверсиялануының қағидаттары жасалатын Валюталық режимдi ырықтандырудың 2005-2007 жылдарға арналған тиiстi бағдарламасы дайындалатын болады. Сонымен бiрге дағдарыстық құбылыстар пайда болған жағдайда, Yкiмет пен Ұлттық Банктің шектеулер енгiзу құқығы сақталады.
3. Төлем жүйесi
Мақсаты мен мiндетi
Мемлекеттің төлем жүйесiн дамытудағы маңызды мақсаты Қазақстанның төлем жүйесiн Еуропалық одақ стандарттарына толық жақындату және төлем құралдарының жаңа түрлерiн енгiзу мен дамыту болып табылады.
Сондай-ақ Қазақстанда төлем карточкаларына қызмет көрсету жөнiндегi қызметтi шоғырландыру мақсатында Төлем карточкаларының ұлттық жүйесiн құру және дамыту қажет.
Бұдан басқа, ТМД елдерiнің (ЕуроАзЭҚ немесе басқа құрылымның) нақты уақыт режимiнде есептеудің ұлттық жалпы жүйелерiне негiзделген жалпы төлем жүйесiн құру, сондай-ақ Қазақстанның төлем жүйесiн ТМД мен шет елдерде танымал ету маңызды бағыт болып табылады.
Ағымдағы жағдай
Қазiргi уақытта Қазақстанның төлем жүйесi халықаралық қаржы ұйымдарының дамыған елдердің төлем жүйелерiне қойылатын барлық талаптарына сай келедi. Бұл ретте, төлем жүйелерiнде пайдаланылатын нормативтiк база мен технологиялар үнемi жетiлдiрiлiп және жоғарылатып отырады.
Еуропалық одақ елдерiндегi соңғы әзiрлемелер микропроцессорлық технологиялар негізінде төлем карточкаларының жүйелерiн дамытуға бағытталған. Осыған байланысты, Қазақстанның төлем жүйелерiн Еуропалық Одақ стандарттарына жақындату жөніндегi iс-шаралар шеңберiнде Ұлттық Банк өзінің күш-жiгерiн Қазақстанда микропроцессорлық карточкалар негiзiнде төлем карточкаларын енгiзу мен дамытуға бағыттауды жоспарлайды.
Микропроцессорлық карточкалар негiзiнде төлем карточкаларын енгiзу бағытында алғашқы қадам жасалды да - Қазақстан Республикасында микропроцессорлық карточкалар негiзiнде төлем карточкаларының ұлттық банкаралық жүйесiн дамыту бағдарламасы қабылданды. Бағдарламада көзделген микропроцессорлық карточкалар негiзінде төлем карточкаларын пайдалану болашақта халыққа, сауда-сервис кәсiпорындарына оларға қай банк қызмет көрсеткенiне қарамай қызмет көрсету бойынша бiрыңғай "төлем" кеңiстiгiн құруға мүмкiндiк бередi.
Қазақстан Республикасының аумағында төлем карточкаларының жүйесi дамыту қолма-қол ақшамен жасалмайтын ақша айналымын кеңейтуге, эмиссияға жұмсалатын шығыстарды азайтуға және қолма-қол ақшаға қызмет көрсетуге, сондай-ақ тиiмдiлігі аздау төлем құралдарынан (мысалы, чек сияқты) жаңа тиiмдiрек төлем құралдарының түрлерiне көшуге мүмкiндiк бередi.
Осы мақсаттар үшiн Ұлттық Банктің бастамасы бойынша Төлем карточкаларының ұлттық банкаралық жүйесінің арнайы ұйымы - "Процессинг орталығы" акционерлік қоғамы (бұдан әрi - Процессинг орталығы) құрылды, оған төлем карточкалары бойынша транзакцияларды өңдеу, төлем карточкаларын, сондай-ақ халықаралық төлем жүйелерiнің төлем карталарын пайдалана отырып жүзеге асырылатын төлемдердi маршрутизациялау мен клиринг бойынша міндеттер жүктелдi.
Процессинг орталығының қызметi, сондай-ақ микропроцессорлық карталар базасында электронды коммерция жүйелерiн (E-Commerce) құру және дамыту, коммерциялық ұйымдарға, корпоративтік және жеке клиенттерге, мемлекеттiк мекемелерге қызмет көрсету; әлеуметтiк мәселелер: сақтандыру, азаматтарды жүйеге келтiру, жинақтаушы зейнетақы қорларындағы қалдықтар бойынша көшiрмелер жөнiнде қызмет көрсету саласын дамыту және т.б. болжанады.
Негiзгі шаралар
Микропроцессорлық карточкалар негiзiнде төлем карточкаларының ұлттық банкаралық жүйесiн ендiрудің ұзақ мерзiмдi стратегиялық мақсаты Ұлттық Банктің айналыстағы ақша массасын тиiмдi басқару қабiлетiн сақтау, қаржы рыноктарының тұрақтылығына қауiп төндiруi немесе төлем жүйесiне сенiмдi жоюы ықтимал жүйелік және басқа да тәуекелдердi шектеу тұтынушыларға жаңа әрi тиiмдi, тәуекелi аз, қымбат емес және қолайлы төлем және қаржы қызметтерiн көрсету әдiстерiн дамыту болып табылады.
Микропроцессорлық карточкалар негiзiнде төлем карточкаларының ұлттық банкаралық жүйесiн ендiру үшiн мынадай iс-шараларды дәйектi түрде iске асыру қажет:
- жүйенi құруға байланысты құқықтық қатынастарды қалыптастыру;
- тұтынушылардың сұранымын, сауда (қызмет көрсету) ұйымдарының төлеуге төлем карточкаларын қабылдауға дайындығын анықтау;
- төлем карточкаларын пайдаланумен әлуеттi қылмыстарды болдырмау әдiстерiн, сондай-ақ төлем карточкаларын ұстаушылар үшiн салдарлар мен әлуеттi тәуекелдердi анықтау.
Бұдан басқа, қызметiн мынадай негiзгi бағыттарда дамыту болжанып отырған Қазақстан банкаралық есеп айырысу орталығы (ҚБЕО) елдің төлем жүйесiн дамытуда маңызды роль атқарады:
- ТМД елдерiнің бiрыңғай мемлекетаралық төлем жүйесiн құруға қатысу (ЕурАзЭҚ немесе басқа құрылым);
- төлем жүйесiн сату жөнiндегi қызметтер көрсетудi дайындау және ТМД елдерi мен басқа да елдерге ұсыныс;
- қазақстандық және сол сияқты шетелдiк қаржы институттарын қоса отырып, SWIFT
1
сервис бюросын одан әрi дамыту;
- SWIFT көлiк жүйесiн пайдаланушыларға SWIFT арқылы төлем жүйесiне хабарламалар қабылдауға және беруге қосымша мүмкiндiк беру үшiн Қазақстан төлем жүйесiмен ықпалдастыру;
- ақша аударудың банкаралық жүйесiнде және ҚБЕО клирингiнде жаңа қаржы құралдарын дамыту;
- Қазақстанның жұмыс iстеп тұрған төлем жүйесiн және Ақпарат көлігінің қаржылық автоматтандырылған жүйесiн (бұдан әрi - AKҚАЖ) негiзгi ақпаратты басқару жүйесiмен (PKI) ықпалдастыру;
- пайдаланушылар үшiн AKҚАЖ арқылы төлем жүйесiне хабарламалар қабылдауға және беруге қосымша мүмкiндiктер жасау үшін АКҚАЖ көлiк жүйесiн ықпалдастыру;
- қазақстандық және сол сияқты шетелдiк қаржы институттарын қоса отырып, АКҚАЖ-ды одан әрi дамыту.
________________________
1
SWIFT - әлемдiк банкаралық қаржы телекоммуникациялар қоғамдастығы (society for worldwide interbank financial telecommunication).
4. Нақты сектор кәсіпорындарының мониторингін жандандыру
Мақсаты мен мiндетi
Ақша-кредит саясаты құралдарын қолдануды жетілдiру және инфляциясыз экономикалық өсу үшiн жағдай жасауға және экономикадағы күрт құлдырауларды болдырмауға бағытталған ақша-кредит және қаржы-бюджет саясатының келiсілген шараларын қабылдау.
Осы мақсатқа қол жеткiзу мынадай мiндеттердi шешу арқылы қамтамасыз етіледi:
- экономикалық конъюнктураның ауытқуларын және осы ауытқуларға ықпал ететiн негiзгi факторларды шұғыл анықтау, талдау және болжау;
- ақша-кредит саясатының экономиканың нақты секторына ықпал ету арналарының тиiмдiлiгiн зерттеу және талдау.
Ағымдағы жағдай
Ұлттық Банк Директорлар кеңесiнiң 2000 жылғы 18 наурыздағы N 103
қаулысымен
бекiтiлген Ұлттық Банктің жүйесiнде экономиканың нақты секторындағы кәсiпорындар мониторингінің тұжырымдамасы негiзiнде 2000 жылғы 4-тоқсаннан бастап кәсiпорындарға тоқсан сайынғы тұрақты режиммен ерiктi негiзде жүргiзiлетiн зерттеулер ұйымдастырылды, олардың нәтижелерi елдің, аймақтың және базалық салалардың ағымдағы және бoлжамды экономикалық жай-күйiн және экономикадағы үрдiстерге баға алуды қамтамасыз етедi.
Сонымен бiрге мониторинг нәтижелерiн жоғарыда аталған мақсаттарда тұтастай пайдалану мүмкiндiгi кәсiпорындардың - мониторингке қатысушылардың танымалдығына, яғни елдің және өңiрлер экономикасының салалық құрылымын кәсiпорындардың қандай дәрежеде көрсетуiне байланысты. Қазiргi уақытта мониторингке экономиканың барлық базалық салаларынан 1000-нан астам кәсiпорын қатысады. Сонымен қатар, бұл - мониторинг өзiнің алғашқы қадамын бастаған өнеркәсiп салаларының басым түрде iрi және орташа кәсіпорындары. Сондықтан Ұлттық Банктің және оның өңiрлік филиалдарының күш-жiгерi негiзiнен басқа салалардың кәсіпорындарын зерделеуге тартуға бағытталған.
Негiзгi шаралар
Алға қойылған мiндеттердi iске асыруға:
1) экономикадағы iскер цикл сатысын айқындау үшiн алдыңғы көрсеткiштердің, ЖIӨ-нің қысқа мерзiмдi ауытқулары жүйесiн құру;
2) мыналардың:
- мониторингке қатысушы кәсiпорындардың танымал болуын арттыру;
- ақша-кредит саясатын ағымдағы жүзеге асыру үшiн тiкелей бағдарлау ретiнде қорытынды көрсеткiштердi әзiрлеу;
- кәсiпорындардың сауалнамаларды толтыруын оңайлату мақсатында оларды жетілдiру және ақша-кредит саясатының экономиканың нақты секторына негiзгi ықпал ету арналарын зерттеу мүмкiндiгiн қамтамасыз ету негiзiнде экономиканың нақты секторында экономикалық процестердің жай-күйiн және күтілетiн өзгерiстердi бағалауды жақсарту қызмет етедi.
ЖIӨ ауытқуларының бағыты мен көлемiн талдау экономикадағы сұраныс факторларына ақша-кредит және қаржы-бюджет саясатының келiсiлген шараларымен уақтылы ықпал ету арқылы оларды қалпына келтiру үшiн неғұрлым нақты бағдарлар бередi.
Мониторинг жүргiзу, сондай-ақ кәсiпорындарда айқындылықтың болмауына жол бермеу арқылы экономиканың нақты және қаржы секторын бұдан әрi жақындату проблемасын шешуге жағдай жасайды, бұл индустриалдық және инновациялық даму бойынша ұзақ мерзiмдi мемлекеттiк саясатты iске асыруда оң ықпал етедi.
II. Қаржы рыногына қатысушылардың қызметiн
қадағалаудың бiрыңғай органын құру және дамыту
Мақсаты мен міндетi
Қаржы рыногын мемлекеттiк реттеу жүйесiн реформалаудың негiзгi мақсаты - тәуелсiз, әрi тиiмдi шоғырландырылған қаржылық қадағалау жүйесiн құру болып табылады, оның басты мiндетi қаржылық қызмет көрсетудi тұтынушылардың құқықтары мен мүдделерiн қорғау деңгейiн көтеру үшін қаржы рыногын қадағалау және реттеу әдiстерi мен рәсiмдерi жүйесiн кешендi iске асыру және отандық қаржы рыногының тұрақты инфрақұрылымын қалыптастыру болады.
Ағымдағы жағдай
Қазақстанда 2001 жылдан бастап қаржы институттарының қызметiн мемлекеттiк реттеудiң барлық қадағалау және реттеу функцияларын мамандандырылған бiр органның аясына бiрiктiрудi көздейтiн жаңа жүйе құрыла бастады. Жұмыс бiрден екi бағытта жүргiзіліп отыр: бiрiншіден, қажеттi заң базасын әзiрлеу жүзеге асырылуда, екiншіден, кейiн барлық қадағалау бөлiмшелерiн жеке органға бөлу (болжаммен 2004 жылы) үшiн барлық реттеу және қадағалау функцияларын Ұлттық Банкке шоғырландыруды көздейтiн институционалды қайта құру жүргiзiлуде. Жаңа жүйеге бағалы қағаздар рыногы және жинақтаушы зейнетақы қорлары субъектiлерiн реттеуге қатысты функциялар мен өкiлеттiктер шоғырландырылды.
Қазiргi уақытта реттеудің бiрыңғай жүйесiн жетілдiру мақсатында Қазақстан Республикасының Парламентi Мәжiлiсiнiң қарауында "Қаржы рыногын мемлекеттiк реттеу және қадағалау туралы" және "Қаржы рыногын мемлекеттiк реттеудiң және онда қалыптасып отырған қатынастарды қадағалаудың бiрыңғай жүйесiн ұйымдастыру мәселелерi жөнiнде кейбiр заң актілерiне өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы" заңдардың жобалары жатыр.
Негізгі шаралар
Осы жүйенi құру шеңберiнде кешендi реттеудiң және қадағалаудың үйлестiрiлуi мен тиiмділігiнің, ақпараттылығының, қаржылық қызметтi тұтынушылардың құқықтары мен мүдделерін қорғаудың жоғары дәрежесiн қамтамасыз ету қажет. Қаржы секторын толыққанды реттеу үшiн оны құрған кезде ықпал ету, Ұлттық Банкпен және басқа мемлекеттiк органдармен ақпарат алмасу рәсiмдерi мен өзара iс-қимыл сызбаларын айқындау қажет.
Бiрыңғай реттеушi орган ұлттық экономиканың күштi қаржылық инфрақұрылымын құруға және ұлттық қаржы жүйесіне сенімінің молаюына ықпал eтуі тиiс, оған пруденциалдық қадағалау, қаржы институттарын жеткiлiктi капиталдандыру және тәуекелдердi бара-бар басқару жөнiндегi жұмыстар жағдай жасайтын болады. 2007 жылға қарай Еуроодақтың стандарттарын және отандық бағалы қағаздар рыногының ерекшеліктерін ескере отырып, аралық қадағалау тетіктерiнің негiзгi өлшемдерiн қайта қараған жөн.
Бұдан басқа, жүйелiк тәуекел ұлғайған және/немесе бүкiл қаржы рыногында немесе оның жеке бөлiктерiнде дағдарыстар пайда болған кезде қаржы рыногының iрi қатысушылары банкрот болған кездегi жедел iс-қимылдар сызбасы әзiрленуi тиiс.
Жоғарыда аталған мiндеттердi iске асырғаннан кейiн және қаржы рыногының дамуына орай 2007 жылы қаржы рыногын реттеушiнiң қаржы рыногы субъектiлерiнен жыл сайынғы алымдар арқылы кезең-кезеңмен өзiн өзi қаржыландыру (iшiнара қаржыландыру) мәселесi қаралсын.
Қаржы рыногының тетiктерi мен рәсiмдерiн қадағалауды жетiлдiру мақсатында банк жүйесi үшiн Базель Комитетiнің қағидаттары, сақтандыру рыногы үшiн Халықаралық сақтандыруды қадағалау қауымдастығының (IAIS) талаптары, Бағалы қағаздар бойынша комиссиялардың халықаралық ұйымының (ISOCO) бағалы қағаздарды реттеу қағидаттары сияқты қаржы рыногының жекелеген бөлiктерiнде реттеудiң халықаралық стандарттарын одан әрi енгiзу жөнiндегi iс-шаралар жалғасатын болады. Бұдан басқа, қаржы рыногының дұрыс және толыққанды инфрақұрылымын қалыптастыру мақсатында Еуропалық одақтың қаржы рыногына қатысушылардың пруденциалдық реттеу мәселелерi бойынша жекелеген нормалары мен директиваларын кезең-кезеңмен бейiмдеу жүзеге асырылады.
III. Қаржы рыногының қатысушыларын институционалдық дамыту
1. Кредиттiк мекемелердi дамыту
а) Кредиттеудiң 3 деңгейлi жүйесiн құру
Мақсаты мен міндетi
Кредиттеудiң банктерден, банктiк операциялардың жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымдардан және микрокредиттiк ұйымдардан тұратын үш деңгейлi жүйесi жұмыс iстейдi деп болжануда.
2007 жылға дейiнгi кезеңде екiншi деңгейдегi банктерге шоғырландырылған қадағалауды халықаралық, оның iшiнде Базель Комитетi ұсынған және Еуропалық Одақ ұсынған стандарттарға неғұрлым толық жақындату мақсатында жетiлдiру бойынша жұмысты жалғастырады.
Ұсынымдар тиiмдi банктік қадағалаудың негiзгi қағидаттарын және жүйелік талдау әдiстерiн айқындайды, ал Еуропалық Одақ директивалары неғұрлым тұрақты банктік жүйелерi бар елдерде iске асырылған шоғырландырылған қадағалаудың ең озық практикасын көрсетедi. Еуропалық Одақ директивалары тәуекелдердi басқарудың сенiмдi рәсiмдерiн, оның ішінде мониторингтi айқындауды, бағалауды және банктердің, оның ішінде олардың банктiк топтарын ескере отырып, тәуекелдердi басқаруды, сондай-ақ банктердi қажеттi капиталдандыруды айқындауды көздейдi.
Сондай-ақ, банктер қызметiнің айқындылығын арттыру мақсатында банктер жасайтын қаржылық есептің бара-барлығы мен сенімділігін қамтамасыз ететін халықаралық қаржылық есеп стандарттарына көшiру жөнiндегi жұмыстарды жалғастырады.
Ұлттық Банк Үкiметпен және Қазақстан Аудиторлар Палатасымен бiрлесiп сертификацияланған бухгалтерлер институтын құру жөніндегi жұмысты жалғастырады. Аудиттi дамытудың бiрыңғай стратегиясы және халықаралық аудит стандарттарына негiзделген банктердiң аудитке бiрыңғай тәсілдерi мен талаптары әзiрленетiн болады.
Осыған байланысты Қазақстанның банк секторының шетелдiк қаржылық тұрақты банктер үшiн тартымдылығын арттыру жөнiндегi жұмыстар жалғастырылады.
Қосымша, Қазақстанда қызметтерi банктiк қызмет көрсетудiң белгiлi бiр тiзбесiн жүргiзудi көздейтiн мамандандырылған банктердi, атап айтқанда тұрғын үй құрылысы жинақ банкiн құру қажет.
Сонымен қатар "Кредиттiк серiктестiктер туралы" Қазақстан Республикасының
Заңын
iске асыру қаржы институттарының кредиттiк серiктестiк сияқты түрiн неғұрлым белсендi дамытуға ықпал етедi. Кредиттiк серiктестiк ломбардтармен, ипотекалық компаниялармен және банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын басқа да ұйымдармен қатар кредиттеу жүйесiнің екiншi деңгейiне негiз болуы қажет. Бұл ретте олардың қарыз алушылары клиенттердiң негiзгi бөлiгiн құрайтын шағын және орта кәсiпорындар мен жеке тұлғалар бола алады.
Мұндай ұйымдардың қызметтерiн реттеудi алатын болсақ, қаржы операцияларының шеңберi шектеулi болатындықтан, қадағалау аса қатаң болмайды. Мұндай ұйымдардың ресурстық базасы олардың қатысушыларының (құрылтайшылардың, акционерлердің және т.б.) жарналары есебiнен қалыптастырылады.
Кредиттеу жүйесiнің үшiншi деңгейінің жұмыс iстеуi тек қана микрокредиттеумен айналысатын ұйымдардың қызметтерiне тiкелей байланысты. Өз капиталының, гранттардың және бағдарламаға қатысушылар жарналарының есебiнен тек қана кредиттеудi жүзеге асыратын микрокредиттiк ұйымдар ұсақ кәсiпкерлер үшiн мемлекет тарапынан барынша аз реттелетiн кредиттiк қатынастар жүйесiнiң деңгейiн білдiредi.
Микрокредиттiк ұйымдардың қызметiне мұндай әдiс ең алдымен, оларды кредиттеуде микрокәсiпкерлердің қызметiн негiзгi қаржыландыру көзi, бiрқатар объективтi факторлардың (ауқымды әкiмшiлiк шығыстар, кредит тарихының, тиiмдi жобалардың және өтiмдi қамтамасыз етудiң болмауы) әсерiнен банктiк сектордың мүдделілігi әлсiз болып табылатын заңсыз қаржылық делдалдықтың көлеңкелi секторынан шығару қажеттiлiгiне негiзделген.
Институционалдық ресiмдеуге көлеңкелi қаржылық делдалдықты қаламау оларды құруға және қызметтерiне қойылатын, оларды сақтау қиын болып табылатын, қолданылып жүрген заңнама талаптарына негiзделген.
"Микрокредиттiк ұйымдар туралы" Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 6 наурызда қабылданған
Заңы
микрокредиттеу рыногын дамытуға мүмкіндік бередi және ұсақ кәсіпкерлердің қаржы ресурстарына қол жеткізуіне жол ашады.
Микрокредиттiк ұйымдар статистика және әдiлет органдарында ғана Ұлттық Банк тарапынан оларға қосымша талаптар (лицензиялау және қадағалау рәсiмдерi болмайды) белгiленбей тiркелетiн болады, мұның өзi олардың клиенттермен жұмыс нысанын оңайлатады.
Олардың қызметiнің жарияланатын мақсаттарға сай келуi және олардың микрокредиттік қаржы ұйымдарына рұқсат етiлген өнiмдердi ғана пайдалануын әдеттегі салық және өзге де тексерулер шеңберiнде бақылауға болады. Мемлекеттiк бақылау микрокредиттiк ұйымдардың статистикалық органдарға статистикалық есеп және салық органдарына тиiстi ақпарат беру мiндетiмен шектеледi.
Барлық жүйенің басты міндетi - шағын және микробизнестi көлеңкеден шығуға ынталандыру.
Ағымдағы жағдай
Қазiргi уақытта банктер қаржы рыногының неғұрлым белсендi және капиталдандырылған қатысушылары болып табылады. Сонымен, Қазақстанда бiр банктi капиталдандырудың орташа деңгейінiң валюталық баламасы 30 млн. АҚШ долларына жуық болады.
Қазiргi уақытта банктердің барлық активтерiнің 60%-дан астамы экономиканы кредиттеуге бағытталған. Мұның өзi Қазақстан активтерiнің құрылымы бойынша қазiргi кезде, сондай-ақ жоғары өтiмдiлiгi және жиынтық активтердiң 60-65% сомасындағы кредиттiк портфелi бар дамыған елдердiң әмбебап банктерiне барынша жақындағанының айғағы.
2002 жылдың аяғында банктік емес ұйымдардың жалпы саны 125 болды. Банктiк емес ұйымдардың жиынтық меншік капиталы 10,3 млрд. теңге болды. Банктік емес ұйымдар бұқара халыққа табысы аз азаматтарды, жеке кәсiпкерлердi, ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерді қоса алғанда, соңғысына ең алдымен кредиттеу оның ішінде жеңiлдiк жағдайларымен кредиттеу қажеттiлiгiн (кредиттік серiктестiктер, ломбардтар, заем операцияларын және қаржы лизингiн жүзеге асыратын ұйымдар) қамтамасыз ете отырып, банктік қызмет көрсетудiң әр алуан түрлерiн жүзеге асырады.
Негізгi шаралар
Кредиттеудің үш деңгейлi жүйесiн дамыту мақсатында мынадай шараларды жүзеге асыру болжанады:
- банктерде тәуекелдердi басқару жүйесiн жетiлдiру;
- шоғырландырылған қадағалауды жетілдiру;
- банк қызметiнде айқындылыққа және банктерде ақшаның жылыстауына және банк жүйесi арқылы көлеңкелi капиталдың өтуiне кедергi жасайтын жүйелердi енгiзуге қол жеткiзу;
- банктер көрсететiн қызметтердің сапасын жақсартуға және банктер арасында адал бәсекелестiктi дамытуға ықпал ету;
- банктiк операциялардың жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымдардың қызметi реттейтін нормативтік құқықтық базаны жетілдiру;
- қызметiнің ерекшеліктерін ескере отырып қаржылық ұйымдардың түрлерiн кеңейту;
- банктiк операциялардың жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымдарды және микрокредиттік ұйымдарды дамытуға мемлекеттiк қолдау тетiктерiн әзiрлеу;
- осындай кредиттер беру мәселелерiн ғана емес, шағын бизнестi жүргiзу бойынша оқыту және консультациялық көмек берудi де қамтитын мемлекеттiк микрокредиттеу бағдарламасын қабылдау және iске асыру;
- микрокредиттер беру бойынша қызмет көрсетудiң айқындылығын және сенiмділігін қамтамасыз ету.
б) Қазақстан ипотекалық компаниясы және Ипотекалық
кредиттерге кепiлдiк беру қоры
Мақсаты мен мiндетi
Ипотекалық кредиттеу жүйесiн одан әрi дамыту мақсатында осы жүйенің негiзгi операторы - Қазақстан ипотекалық компаниясы (ҚИК) қызметінің орта мерзiмдi стратегиясын айқындау қажет.
Ұзақ мерзiмдi ипотекалық тұрғын үй бағдарламасының шеңберiнде тұрғын үй сатып алу немесе салу үшiн халықты кредиттеудi жүзеге асыратын банктер тұрғын үй ипотекалық кредиттеуiн оңтайландыру және кеңейту мақсатында Ипотекалық кредиттерге кепiлдiк беру қорын (ИККҚ) құру шеңберiнде iске асырылатын арнайы сақтандыру бағдарламасын қамтамасыз ету түрлерiнің бiрi ретiнде пайдалануы тиiс. Заемшылардың дефолты болған жағдайда кредиторлардың тәуекелдерiн сақтандыру ИККҚ құрудың мақсаты болып табылады.
Ағымдағы жағдай
ҚИК өз қызметiн Қазақстан Республикасының 13 өңiрiнде жүзеге асырады. ҚИК Ипотекалық кредиттеу бағдарламасы бойынша берiлген ипотекалық кредиттердің көлемi 2002 жылдың соңында 1 млрд. теңгеден асты.
ҚИК ТМД елдерiнің арасында бiрiншi болып жалпы сомасы 500 млн. теңге, айналыс мерзiмi үш жыл болатын ипотекалық облигациялар шығарып, орналастырды.
Халықтың басым көпшілігiнің ипотекалық кредиттерге қол жеткiзуiн қамтамасыз ету мақсатында ҚИК ипотекалық кредиттер бойынша пайыздық ставкалардың деңгейiн төмендету бойынша және ипотекалық кредиттердің мерзімдерін 15 жылға дейін ұзарту бойынша жұмыс жүргiзуде.
Негiзгi шаралар
Ең алдымен, биылғы жылы ипотекалық кредиттеу жүйесiн дамытудың 2003-2006 жылдарға арналған бағдарламасын және ҚИК-сын дамыту стратегиясын қабылдаған жөн.
ИККҚ-тан сақтандыру төлемдерi кредиторларға белгiлi бiр кредитін өтеу кезеңде мерзiмінің өтiп кетуi туындаған және кепiлдi өндіріп алу айналысының рәсімі қолданылған жағдайларда төленедi.
Өндiрiп алу айналысының рәсiмiн қолдану есебiнен негiзгi борыштың, мерзiмi өткен пайыздардың, заңдық шығыстардың, жылжымайтын мүлiктің сақтандыру ақысының төленбеген сомасының өтелмеген бөлiгінің белгiленген деңгейi (пайызы), сондай-ақ кредитордың кепiлiн өндiріп алу айналысының рәсiмi аяқталғаннан кейiн туындауы мүмкiн өзге де зияндары сақтандыруды өтеуге кіреді.
Кредиттердің сомасына байланысты кредиттеу рәсiмінің басында заемшылар сақтандыру сыйлықақыларын бiр рет төлейдi, бұл ИККҚ-қа ақша қаражатының ағылуына мүмкiндiк жасайды.
ИККҚ-тың жарғылық капиталын Ұлттық Банк қалыптастырады. Одан әрi екiншi деңгейдегi банктердi, сондай-ақ ұзақ мерзiмдi ипотекалық тұрғын үй бағдарламасының шеңберiнде халықты ипотекалық кредиттеудi жүзеге асыратын банктiк емес қаржы ұйымдарын ИККҚ-қа қатысуға тарту болжанып отыр.
в) Қазақстан Даму Банкi
Мақсаты мен мiндетi
Қазақстан Даму Банкi (бұдан әрi - Даму Банкi) қызметінің негiзгi мақсаттары мен мiндеттерi "Қазақстан Даму Банкi туралы" Қазақстан Республикасының
Заңында
айқындалған, оларға мемлекеттiк инвестициялық қызметтің тиiмділігін жетілдiру және арттыру, өндiрiстiк инфрақұрылымды және өңдеушi өндiрiстi дамыту ел экономикасына сыртқы және ішкi инвестициялар тартуға ықпал ету кiредi. Болашақта мемлекеттің инвестициялық жобаларды қаржыландырудағы рөлiн күшейту талап етiледi. Даму Банкi қаржылық маңызды буын және Қазақстан Республикасы Президентінің 2003 жылғы 17 мамырдағы N 1096
Жарлығымен
бекiтiлген Қазақстан Республикасының 2003-2015 жылдарға арналған индустриалдық-инновациялық даму стратегиясын (бұдан әрi - Индустриалдық-инновациялық даму стратегиясы) iске асыру құралдарының бiрi болып табылатындықтан, ол мемлекеттік инвестициялық саясатты iске асыруға барынша белсендi түрде қатысуы тиiс.
Ағымдағы жағдай
Даму Банкінің инвестициялық басымдықтары, заем қаражатын тартуға сандық шектеулер, кредиттеудің лимиттерi, бағыттары, ықтимал шарттары, тәртiбi және мерзiмдерi, Даму Банкiнiң қоса қаржыландыруы және кепiлдiктер беруi Yкіметтің 2001 жылғы 12 қыркүйектегi N 1187
шешiмiмен
бекiтiлген Даму Банкінің кредит саясаты туралы меморандумда белгiленген.
Даму Банкi жарғылық капиталды бiрiншi класты эмитенттердің активтерiне орналастыру үшiн ғана пайдаланады. Инвестициялық қызметтен алынған кiрiстер Даму Банкiнің кредиттiк ресурстарының көздерi болып табылады. Осыдан басқа заемдық қаражат, оның iшiнде республикалық және жергiлiктi бюджеттердің қаражаттары, Даму Банкiнің кредиттік ресурстарының көздерi ретiнде болады.
Негiзгi шаралар
Даму Банкi өз қызметiн Индустриалдық-инновациялық даму стратегиясына сәйкес жүзеге асыратын болады.
Сонымен бiрге Даму Банкi қайтарылымдық негiзде iске асыруға ұсынылған республикалық және жергiлiктi инвестициялық жобаларға, сондай-ақ мемлекеттің кепілдiк беруiмен тартылатын заемдар есебiнен қаржыландырылатын жобаларға бюджеттiк бағдарламаның басқарушысымен жасалған шарт негiзiнде сараптама жүргiзетiн болады.
Даму Банкi үшiн болашақта мынадай іс-шараларды орындау басым болады:
- Даму Банкінің бағалы қағаздарына "агенттiк" мәртебесiн бepу, бұл кредиттік ресурстардың шығасыларын және құнын төмендетуге мүмкiндік береді;
- қазақстандық капиталдың қажеттi экспансиясын қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасынан тысқары, Қазақстан экономикасымен технологиялық байланысты жобаларды кредиттеу және мүмкіндігіне орай резидент еместердің капиталына қатысу арқылы Даму Банкінің қаржыландыруы;
- қызметкерлердiң өкiлдiктерiн ұлғайту Қазақстанның мүдделерiн одан әрi дамыту және қорғау мақсатында, шетелдiк даму институттарында және халықаралық қаржы ұйымдарында тағылымдамалардан өту және жұмыс iстеу арқылы Ұлттық кадрларды даярлауды қаржыландыру және ынталандыру.
г) Тұрғын үй құрылыс жинақ банкi
Мақсаты мен міндетi
Тұрғын үй сатып алу немесе тұрғын үй жағдайын жақсарту бойынша халық үшiн жаңа қаржылық қызмет көрсетулердi дамыту мемлекеттiң басым мiндетi болып табылады. Осыған байланысты елдің тұрғын үй сатып алуға немесе тұрғын үй жағдайын жақсартқысы келетiн азаматтарының қаражаты тартылатын құрылыс жинақ ақшасы жүйесiн дамыту маңызды болып табылады. Кредиттеудің осы түрінің ипотекалық кредиттеу жүйесiнен негiзгi айырмашылығы клиенттiң сатып алынатын тұрғын үй үшiн құрылыс жинақ банкiнде тұрғын үйдің жалпы сомасының 50% мөлшерiнде алдын ала жарнаның сомасын жинауы тиiс екендiгiнен тұрады. Жетпейтiн 50% соманы клиентке рыноктағыдан гөрi төмен процентпен құрылыс жинақ банкi төлейдi.
Сондай-ақ тұрғын үй құрылыс жинақ ақшасы жүйесiнде құрылыс жинақ ақшасының салымшыларына республикалық бюджеттен мемлекеттiк сыйлықақы төлеу көзделедi. Ынталандырылатын, негiзгi сомасы ғана емес, сонымен қатар ол бойынша құрылыс жинақ банкi есептеген сыйақы кiретiн салым сомасының 20 пайызы сыйлықақының мөлшерiн құрайтын болады.
Құрылыс жинақ ақшасы жүйесiн ендiру мынадай мiндеттердi шешуге мүмкіндік бередi:
- азаматтардың тұрғын үй жағдайларын жақсарту;
- халықтың iшкi жинақ ақшасын жұмылдырудың тағы да бiр жүйесiн құру;
- құрылыс өнеркәсiбiн дамыту және тұтастай алғанда инвестицияларды ұлғайту үшiн жағдай жасау;
- жаңа жұмыс орындарын ашу.
Ағымдағы жағдай және негiзгi шаралар
2000 жылы "Қазақстан Республикасындағы тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасы туралы"
заң
қабылданды, алайда осы уақытқа дейiн құрылыс жинақ ақшасы жүйесi жұмыс iстемейдi.
"Тұрғын үй құрылысы жинақ банкін құру туралы" Үкiметтің 2003 жылғы 16 сәуiрдегi N 364
қаулысымен
құрылыс жинақ ақшасы тетiгiн iске қосуға мүмкiн болды. 2003 жылға арналған республикалық бюджетте Қазақстан Республикасы Yкiметінің тұрғын үй құрылысы жинақ банкінің жарғылық капиталына қатысуына 500 млн. теңге сомасында қаражат жоспарланып отыр, ол тұрғын үй заемдарын берудi жүзеге асыратын болады.
Тұрғын үй құрылысы банкiн қаржыландыру көздерi бюджет қаражатымен қатар шетелдiк инвесторлардың, шетелдiк тұрғын үй жинақ мекемелерінің қаражаты болады.
Тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасы жүйесінің одан әрi жедел дамыту үшiн тұрғын үй құрылысы банкi мен оның клиенттерi үшiн қолайлы салық жеңiлдiктерiн жасау қажет.
д) Кредиттiк бюро
Мақсаты мен мiндетi
Әлемнің көптеген елдерiнде, оның iшiнде Еуропалық одаққа кiретiн елдерде, кредиторлар (кредит берумен шұғылданатын қаржы ұйымдары) тұрақты негiзде кредиттiк бюро арқылы заемшылардың төлем қабiлеттiлiгi туралы ақпаратпен алмасады.
2003-2006 жылдар кезеңiнде жеке кредиттiк бюролармен қатар кредиттерді мемлекеттік тiркеу институттарын құру қажет, бұл көптеген дамыған елдерде қолданылған. Кредиттiк бюро құру банктiк қызмет көрсету деңгейiн, халықтың банктерге және басқа қаржылық ұйымдарға сенiмiн арттыруға, заемшылар мен банктердің мүдделерiн қорғау бойынша кепілдіктер жасауға, кредиттік қызмет көрсету рыногындағы тәуекелдердi төмендетуге мүмкiндiк бередi.
Ағымдағы жағдай
Қазiргi уақытта Ұлттық Банкте қалыптастырылуы үшiн банктер және банктiк емес ұйымдар ай сайын ақпарат беруге мiндеттi болатын кредиттiк тiркелім жүргізiледi. Осы ақпаратты есептi кезеңде берiлген барлық кредиттер мен шартты және ықтимал, сондай-ақ осы кезеңде баланстан есептен шығарылған мiндеттемелер бойынша банктер және банктiк емес ұйымдар беруi тиiс.
Екiншi деңгейдегi банктер шағын және орта бизнес кәсіпорындарына олардың едәуір бөлігінің кредиттік тарихы болмағандықтан кредиттер беруге мүдделi емес. Көптеген кәсiпорындардың қызметiнде олардың бұрынғы қарыздары бойынша ресми ақпарат айқындығының болмауы себептi кредиттердi уақтылы қайтару мүмкiндiгiне (төлем қабiлеттiлiгiне) банктер күмән келтiредi.
Негiзгi шаралар
Кредиттiк бюроның қызметiн реттейтiн барлық қажеттi нормативтiк құқықтық база әзiрленiп, қабылданатын болады. Кредиттік бюроның құрылтайшысы Ұлттық Банк болады деп болжануда.
Кредиттiк тарихтарды қалыптастыру, жүргiзу және кредиттік есептердi беру жөнiндегi қызмет, сондай-ақ кредиттік бюро жүйесi қатысушыларының қызметiн және арнайы әдебиеттi автоматтандыру үшiн пайдаланылатын арнайы бағдарламалық қамтамасыз етудi жүзеге асыру, кредиттiк бюро қызметінің мәселелерi бойынша консультациялық қызмет көрсетулердi ұсыну, маркетингтiк және статистикалық зерттеулер жөнiндегi қызмет кредиттік бюро қызметінің негiзгi түрi болып табылады.
Банктер, банктiк операциялардың жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымдар, міндеттi сақтандыру түрлерiн жүзеге асыратын сақтандыру ұйымдары, мемлекеттік органдар кредиттiк бюроға ақпаратты ұсынуға мiндеттi жеткiзушiлер болып табылады. Өзге ұйымдар кредиттiк бюроға ақпарат беру туралы шарт жасай отырып ақпарат донары мәртебесiн ерiктi тәртiппен иеленуге құқылы.
е) Жеке тұлғалардың салымдарына міндетті ұжымдық
кепiлдiк беру (сақтандыру) жүйесiн дамыту
Мақсаты мен мiндетi
Қазақстан Республикасының жеке тұлғалардың салымдарына мiндеттi ұжымдық кепiлдiк беру (сақтандыру) жүйесiн құрудың және жұмысының басты мақсаты - қатысушы банкке қатысты мәжбүрлеп тарату рәсiмдерi қолданылған жағдайда салымшылардың мүдделерiн қорғау. Болашақта халықаралық тәжiрибенің және стандарттардың жетiстiктерi ескерiле отырып, осы жүйе жұмысының тетiктерi жетiлдiру міндеті тұр.
Ағымдағы жағдай
Қазақстан Республикасының жеке тұлғалардың салымдарына мiндеттi ұжымдық кепiлдiк беру (сақтандыру) жүйесi қалыпты жұмыс iстеуде. Қазiргi уақытта 21 екiншi деңгейдегi банк жүйенiң қатысушысы болып табылады.
Осы кезеңде салымдарды қорғау жүйесi депозиттердi сақтандырудың барлық халықаралық негiзгi стандарттарына, атап айтқанда ХВҚ және Қаржылық тұрақтылық форумы ұсынғандарға сай келмейдi.
Негiзгi шаралар
Қазақстан депозиттерiнiң сақтандыру жүйесiн халықаралық озық тәжірибеге толық сәйкес келтiру мақсатында мынадай негiзгi шараларды жүзеге асыру қажет:
- "Қазақстанның жеке тұлғалардың салымдарына (депозиттерiне) кепiлдiк беру (сақтандыру) қоры" акционерлiк қоғамының халықаралық стандарттарға көшуi және оның қатысушы банктердi тарату барысын қадағалау бөлiгiндегi өкілеттiгiн кеңейту бойынша жұмыстарды жалғастыру;
- кепілдiк беру объектiлерiн айқындау рәсiмдерiн жетілдiру, кепiлдiк беру объектiлерiн бiртiндеп кеңейту (атап айтқанда, карт-шоттардағы теңгемен көрсетiлген ақшаны және жеке тұлғалардың теңгемен, АҚШ долларымен және еуромен көрсетiлген шартты салымдарын кепілдiк беру объектiсiне енгiзу);
- 2004 жылдан бастап халықтың депозиттерiн қабылдау құқығын жеке тұлғалардың салымдарына кепiлдiк беру жүйесінің қатысушылары болып табылатын банктерге ғана беру;
- халықтың кепiлдiк беру жүйесiнiң объектiлерi болып табылатын депозиттерi бойынша өндiрiп алу мөлшерiн бiртiндеп арттыру;
- салымдар бойынша өндiрiп алу резервiн салымшылардың банк жүйесiне сенiмiн сақтау үшiн жеткіліктi деңгейге дейiн жеткiзу мақсатында банктердiң салымдарға кепілдiк беру жүйесiн қаржыландыру тәртiбiн жетiлдiру.
2. Сақтандыру рыногын дамыту
Мақсаты мен мiндетi
Сақтандыру рыногын дамытудың негiзгі мiндетi - қазiргi заманғы ұлттық сақтандыру индустриясын қалыптастыру, сақтандыруды шаруашылық субъектілерiнiң мүдделерiн және халықты әртүрлі тәуекелдерден қорғаудың тиімді тетігі және ұзақ мерзiмдi iшкi инвестициялар ретiнде белсендi пайдалану.
Ағымдағы жағдай
Республика экономикасының соңғы жылдардағы тұрақты өсуi және ұлттық сақтандыру индустриясын реформалау бойынша мемлекет қабылдаған шаралар осы саланы жеделдетiп дамытуға мүмкiндiк жасады.
Сақтандыру рыногының негiзгi көрсеткіштерінің динамикасы бiрнеше жыл iшiнде оң түрде сипатталады. Қазақстанда 2002 жылдың аяғында 33 сақтандыру ұйымы жұмыс iстейдi.
2000 жылы қабылданған "Сақтандыру қызметi туралы" Қазақстан Республикасының
Заңы
сақтандыруды қадағалау деңгейiн осы саладағы тиiстi халықаралық стандарттарға дейін көтеруге мүмкiндiк бередi. Ұлттық сақтандыру рыногының қазiргi заманғы инфрақұрылымы белсендi түрде қалыптасуда, актуарийлік есеп айырысу жүйесi енгiзiлуде, Қазақстан актуарий орталығы құрылды.
Үстiмiздегi кезеңде қазақстандық сақтандыру рыногын халықаралық сақтандыру және қайта сақтандыру рыноктарына интеграциялаудың ықтимал шаралары қабылданды. Ұлттық Банк 2000 жылы Халықаралық сақтандыруды қадағалау қауымдастығына (IAIS) кiрдi.
Қазақстан Республикасы Президентінің 2000 жылғы 27 қарашадағы N 491
Жарлығымен
бекiтiлген Қазақстан Республикасында сақтандыруды дамытудың 2000-2002 жылдарға арналған мемлекеттiк бағдарламасын iске асыру барысында сақтандырудың жинақталып қалған көптеген, оның iшiнде әлеуметтiк саладағы проблемалары шешілдi.
Халықтың сақтандыру секторына деген сенiмi белгiлi бiр деңгейде өстi, сақтанушылардың заңды мүдделерiн қорғау деңгейiн арттыру жөнiнде жұмыс жүргiзiлуде. Бұған қазiргi кезде құқықтық және экономикалық шарттары әзiрленіп жатқан міндетті сақтандырудың көпшiлiк түрлерi бойынша Сақтандыру төлемдерiне кепiлдік беру қорының рынокта пайда болуы да тиiстi заң қабылданғаннан кейiн ықпал ететiн болады.
Соған қарамастан, елде өмiрдi сақтандыру мен жинақтаушы және ұзақ мерзiмдi сақтандырудың өзге де түрлерінің рыногы жеткiлiксiз дамыған. Сақтандыру ұйымдарын капиталдандырудың төмен болуы орын алып отыр, олар жинаған сақтандыру сыйлықақыларының едәуiр бөлiгi (70%-ға дейiн) қайта сақтандыру арналары арқылы шетелге жiберiлуде.
Негiзгi шаралар
Болашақта мынадай негiзгi шаралар жүзеге асырылатын болады:
1) мiндеттi сақтандыру саласында:
- мiндеттi сақтандыру түрлерiн, оның iшiнде мiндеттi медициналық сақтандыруды, кезең-кезеңiмен ендiру (осы мәселелер бойынша тиiстi заң актілерiн қабылдау) және халықтың едәуiр бөлiгiнiң әлеуметтік қорғалу деңгейiн көтеру үшiн олардың тиiмдi қолданылуын қамтамасыз ету;
- экологиялық сақтандыру (мiндеттi және сол сияқты ерiктi) саласында бiрыңғай мемлекеттiк саясатты айқындау және төтенше сипаттағы тәуекелдерден қорғауға байланысты сақтандырудың өзге де түрлерiн дамыту;
- ауыл шаруашылығында міндеттi сақтандыруды мемлекеттік қолдау жүйесiн құру;
- сақтандыру жүйесінің әлуетiн республика өнеркәсiбiнің тұрақты даму тетiктерінің бiрi ретiнде жан-жақты пайдалану;
2) өмiрдi сақтандыруды, аннуитеттер жүйесiн және сақтандырудың өзге де әлеуметтiк мәнi бар түрлерiн жедел дамыту;
3) толыққанды сақтандыру статистикасын қалыптастыру, сондай-ақ мониторинг бойынша және сақтандыруда (әcipece экологиялық сақтандыру, ауылдық өндiрiстегi сақтандыру саласында және т.б.) пайдалану үшiн әртүрлi қауіптi өндiрiстiк тәуекелдердi бағалау бойынша салалық инфрақұрылым құру;
4) сақтандыру рыногында сақтандыру қызметi тарифтерiн төмендеуiне, сақтандыру өнiмдерінің сапасын арттыруға, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарының және сақтандыру брокерлерінің қызметінде айқындылық пен сенімділіктi қамтамасыз етуге негiзделіп кездесетiн адал бәсекелестiктi дамыту үшiн оңтайлы жағдайлар құру. Сақтандыру (қайта сақтандыру) пулдерiн, оның iшiнде мемлекеттің нақты экономикалық міндеттерін жүзеге асыруға ықпал ететіндерiн құруды ынталандыру;
5) көлемi жыл сайын ұлғайып отыратын тәуекелдердi қабылдау бойынша ұлттық сақтандыру және қайта сақтандыру рыноктарының шектелген әлуетiн ескере отырып (экономиканың өндiрушi салаларының жедел дамуына да байланысты), қайта сақтандыру проблемаларын кезең-кезеңiмен шешу;
6) сақтандыру рыногына шетелдiк сақтандырушылардың сақтандырудың ерiктi түрлерi бойынша қызметтiң жаңа тұтынушыларын тарту арқылы рыноктың ұдайы өндiрiстiң базасын дамыту үшiн пайдалануға мүмкiндiк беретiн шетелдiк қатысуды кезең-кезеңімен кеңейту;
7) сақтандыру ұйымдарын шоғырландыруды және олардың кәсiби деңгейін одан әрi арттыру, сондай-ақ медициналық, жинақ және өмiрдi ұзақ мерзiмге сақтандыру, туристiк салада сақтандыру, жылжымайтын мүлiктi, банктiк және кәсіпкерлiк тәуекелдердi сақтандыру сияқты осындай перспективалық бағыттағы ролiн арттыруды ескере отырып, нақты мамандандырылған сақтандыру ұйымдарын рынокта орнату және т.б.
8) сақтанушыларға және сақтандыру ұйымдарының салық салу режимiн жұмсарту жөнiнде қосымша шаралар қабылдау (өзiнің қызметкерiн республиканың аумағында оқытуға бағытталған сақтандыру ұйымдарының қаражатын салықтан босатуды қоса алғанда);
9) сақтандыру ұйымдарының қаржылық тұрақтылығын және төлем қабiлеттiлiгiн арттыруды қоса алғанда, сақтандыру қызметiн мемлекеттік реттеу және оны қадағалау жүйесiн одан әрi жетiлдiру, олардың негiзгi және инвестициялық қызметінің нәтижелерi бақылаудың неғұрлым тиiмдi әдiстерiн пайдалану, сақтандыру резервтерiн орналастыруға және сақтандыру ұйымдарының инвестициялық саясатына қойылатын нақты талаптарды кезең-кезеңiмен ырықтандыру, сондай-ақ сақтандыру ұйымдары мен олардың лауазымды тұлғаларының аффилиирлендiрiлуiн тексеру мәселелерi, сақтандыру қызметi субъектілерiнің холдингтерге және өзге де корпоративтiк бiрлестiктерге қатысу талаптары, сақтандыру секторы арқылы заңсыз капиталды ақтауға қарсы күрес шаралары жөнiндегi заң нормаларын күшейту.
Сонымен бiрге, негiзгi қызметi экспорт келiсім-шарттары мен инвестицияларды сақтандыру және қайта сақтандыру арқылы қазақстандық өндірушілерінің тауар экспортына тікелей ықпал ететiн әрi қызмет көрсететiн экспортты сақтандыру жөнiндегi компания құру ойластырылуда. Экспортты сақтандыру жөнiндегi компанияның негiзгi бағыттары Индустриалдық-инновациялық даму стратегиясында көрсетiлдi.
3. Бағалы қағаздар рыногын дамыту
а) Iшкi институционалдық инвесторларды дамыту
Мақсаты мен міндетi
Осы бағыттағы жұмыстың негiзгi мақсаты - iшкi институционалдық инвесторлардың әлуетiн экономиканың нақты секторында еркiн ресурстарды жұмылдыру және қайта бөлу процесінің негiзгi субъектiлерi ретiнде дамыту және жүзеге асыру.
Ағымдағы жағдай
Қазiргi уақытта Қазақстанда зейнетақы активтерiн басқару жөнiндегi компаниялар ғана iрi институционалдық инвесторлар болып табылады ол уақытта бүгiнгідей бiрде бiр инвестициялық қор жұмыс iстеген жоқ, ал ресурстардың жеткілiктi көлемi шоғырландырған екiншi деңгейдегi банктер және сақтандыру ұйымдары сақтандыру рыногының нашар дамуына байланысты институционалдық инвесторлардың әлуетiн толық iске асырған жоқ.
Негізгi шаралар
Халықтың (кәсiби емес инвесторлардың) жинақ ақшасын ұжымдық инвестициялау нысаны арқылы тарту тетiктерiн жетiлдiру бағалы қағаздар рыногының басты мiндеттерiнің бiрi болып қала бередi. Мемлекеттің негiзгi күштерi ұсақ кәсiби емес инвесторлардың жинақ ақшасын epікті тартудың негiзгi нысаны ретінде инвестициялық қорларды дамытуға және осы қаражатты қор рыногының құралдарына инвестициялауға бағытталатын болады. Осы мiндеттi iске асыру "Инвестициялық қорлар туралы" жаңа Заңды қабылдауға және бағалы қағаздар портфелiн басқару бойынша қызметтi жүзеге асыратын ұйымдардың нормативтік базасын жетiлдiруге ықпал етедi, бұл заңды тұлғалардың және жеке тұлғалар - бiліктi инвесторлардың активтерiн тиiмдi инвестициялаудың тиімділігін арттыруға мүмкіндік бередi.
Ұжымдық инвестициялау схемаларын дамытуды ынталандыру үшiн брокер-дилерлер акцияларды (пайларды) тарату үшiн бағалы қағаздар рыногында банктердің есеп айырысу-кассалық бөлiмшелерiн және трансфер-агенттер желiсiн пайдалануы мүмкiн. Осы схема инвестициялық бағдарламаларда халықтың көп бөлiгiн қатыстыру үшiн барлық ықтимал ресурстарды пайдалануға мүмкiндiк жасайды. Ұжымдық инвестициялау нысанын дамытудың басқа маңызды бағыты "Инвестициялық қорлар туралы" жаңа заң жобасын әзiрлеу барысында қолданылатын шараларды iске асыру бойынша инвестициялық қорларға және олардың салымшыларына салық салу оңтайландырылатын болады.
Сонымен бiрге мемлекеттiк инвестициялық саясатты жүзеге асыру үшiн Қазақстан инвестициялық қоры (ҚИҚ) құрылады. ҚИҚ қызметінің негiзгi бағыттары Индустриалдық-инновациялық даму стратегиясында көрсетiлген. ҚИҚ Даму Банкiмен толық бiрлестiкте жұмыс iстеуге тиiс. Осы екi институт банк желiсi және капиталды бастапқы орналастыру бойынша жобаларды қаржыландыру бағытында бiрiн-бiрi толықтырып отыруы қажет.
б) Инвестициялау мүмкiндiктерiн кеңейту
Мақсаты мен мiндетi
Отандық қор рыногын дамытудың басым бағыттарының бiрi тартымды қаржы құралдарының ауқымды тiзбесiн қалыптастыру болып табылады. Осы бағыттың негiзгi мiндетi жаңа қаржы құралдарының пайда болуына және қалыптасуына жағдай жасау болып табылады, ол инвесторларда салымдарды әртараптандыру арқылы кредиттік ресурстарды қайта бөлу мүмкіндiгiн туғызады, ал эмитент-кәсіпорындарда - банк кредитiне барынша арзан балама ұсынатын қарыз алудың жаңа көзінің пайда болуына ықпал етедi.
Ағымдағы жағдай
Қазiргi уақытта бағалы қағаздар рыногының тартымды құралдарының өте зәру тапшылығы байқалады, бұл ішкі институционалдық инвесторлардың инвестициялық әлеуетінің тұрақты түрде өсуi себептi едi. Институционалдық инвесторлардың құралдары үшiн тартымды тапшылықты бiлдiретiн басқа фактор "А" санаты бойынша, оның ішінде эмитенттерi қаржы ұйымдары, көпшiлiк жағдайларда банктер болатын акциялар бойынша қазақстан қор биржасының ресми тiзiмiндегi негiзгi эмитенттермен қаржы рыногы қатысушыларының шоғырлануының жоғары деңгейi болып табылады. Сонымен, зейнетақы активтерiн инвестициялық басқаруды жүзеге асыратын ұйымдар жинақтаушы зейнетақы қорларының инвестициялық портфельдерiн түрлендiру мақсатында өздерінің басқаруындағы зейнетақы активтерiн шетелдiк рыноктарға орналастыруға мәжбүр болып отыр.
Негiзгi шаралар
Осы мiндеттердi iске асыру мынадай бағыттар бойынша рәсiмдер мен iс-шаралар жүйесiн жүзеге асыруды қажет етедi:
- корпоративтiк басқару нормаларын сақтауға, ұсақ акционерлердiң құқықтары мен мүдделерiн қорғау принциптерiн, акционерлік қоғамдарда төлем тәртiбiн және акционерлiк қоғамдар қызметінің айқындылығын нығайтуға, бағалы қағаздар бойынша кiрiстерге салық салуға қатысты салық заңдарын жетiлдiруге ерекше көңiл аудару шеңберiнде қазақстандық акциялар мен облигациялардың инвестициялық тартымдылығын арттыру. Осы мiндеттердi iске асыру үшiн төлем агенттерінің қызметiн жүзеге асыру тәртiбiн айқындау және Ұлттық Банктегi бағалы қағаздар рыногының мәселелерi жөнiндегi Сараптамалық Кеңес және "Акционерлiк қоғамдар туралы" Қазақстан Республикасының
Заңымен
бекiтiлген Қазақстан акционерлiк қоғамдарын корпоративтiк басқару қағидаттарын қолдану жөніндегi ұсынымдарға негiзделген акционерлік қоғамдардың үлгілік ішкі нормативтiк актілерiн және өзге құжаттарды әзiрлеу шаралары жүргiзiледi;
- облигациялардың жаңа түрлерінің (агенттік және ипотекалық) қалыптасуын және ақша рыногының жаңа құралдарының (коммерциялық қағаздар және депозиттiк сертификаттар) пайда болуын ынталандыру бойынша iс-шараларды жүзеге асыру шеңберiнде борыштық мiндеттемелер рыногын дамыту;
- қазақстандық депозитарлық қолхаттар, борыштық мiндеттемелерге құрылымдық және қоспалы туынды қағаздар, проценттік және валюталық тәуекелдердi хеджирлеу құралдары, келісiм-шарт құралдарының пайда болуы мен қалыптасуын ынталандыру бойынша шараларды iске асыру шеңберiнде туынды бағалы қағаздар мен қаржы құралдарының рыногын дамыту.
Айналыстағы депозиттік сертификаттарды рынокқа жiберу екiншi деңгейдегi банктер үшін қарыз алудың жаңа көзiнің пайда болуына және олардың депозиттік базасының ұлғаюына ықпал етедi, ал олар бойынша сыйақы мерзiмдерінің икемдiлiгi және төлем тәртiбi осы құралдың жоғары өтiмдiлiгiне әсер етедi.
Әлемдiк тәжiрибеде қысқа мерзiмдi борыштық мiндеттемелерi, белгiленген кiрiсi бар коммерциялық қағаз түрiндегi жаңа құралдың пайда болуы айналым активтерiн қаржыландыру кезiнде берешекке қызмет етуге кететiн шығындар мен уақытты азайтуға ықпалын тигiзедi. Жақсы сападағы облигациялар (корпоративтiк облигациялардан ерекшелiгi олар эмиссиялық емес бағалы қағаздар болып табылады, бұл эмиссияны тiркеуде уақытты бiршама үнемдейдi және айналыс мерзiмiн таңдауда басымдылық бередi) және вексельдер (вексельдерден айырмашылығы стандарттық ережелер бойынша шығарылады, орталықтандырылған есепке алу жүйесi бар және ұйымдастырылған рынокта айналыста болады), коммерциялық қағаздар теңбе-тең таратылады. Бұдан басқа, осы жобаны iске асыру кредиттеу ставкаларын төмендетуге және теңге ресурстарының бiр бөлiгiн валюта рыногынан қысқа мерзiмдi инвестицияның жаңа құралына оқшауландыра отырып, қаржы рыногының шеңберiнде теңге көлемiн қайта бөлуге әсер етедi.
Агенттiк облигацияларды рынокқа жiберу қаржы агенттерiне мемлекеттік инвестициялық саясатты iске асыру кезiнде қарыз алу саясатын тиiмдi жүзеге асыруға мүмкiндiк бередi. Жеңiлдiкпен салық салу, жинақтаушы зейнетақы қорларының зейнетақы активтерi және сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарының активтерi есебiнен агенттiк облигацияларды сатып алуға рұқсат беру Ұлттық Банктің қайта қаржыландыруына рұқсат беру және пруденциалдық нормативтер мен қаржы институттарының қаржы тұрақтылығы критерийлерін есептеу кезінде өтiмдi активтердің санатына агенттiк облигацияларды енгiзу осы құралдың қалыптасуына ықпал етедi. Осы шаралар агенттік облигациялардың тартымды жоғары өтiмдi құрал ретiнде қалыптасуын ынталандырады және корпоративтiк облигациялармен салыстырғанда олардың бәсекелестік қабiлетiн жоғарылатады.
Туынды қаржы құралдарының рыногын дамыту бойынша алғашқы қадам "Бағалы қағаздар туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жаңа редакциясының жобасында көзделген туынды қаржы құралдарының ұғымын, оны шығару және айналысқа жiберу тәртiбiн айқындау болады. Борыштық міндеттемелерге құрылымдық және қоспалы туынды қағаздардың - бiр немесе эмитенттер тобының, кредиттер немесе кредиттiк желiлердiң пайда болуы борыштық мiндеттемелердi қайта қаржыландыруды жүзеге асыруға мүмкiндiк жасайды, бұл борыштық бағалы қағаздар рыногы өтiмдiлігінің және кредиттер көлемінің көбеюiне әсер етедi.
Пайыздық және валюталық тәуекелдердi xeджирлеу құралдарының рыногын дамыту институционалдық инвесторлардың ғана емес, сондай-ақ экспорт-импорт операцияларына қатысушы-кәсiпорындардың да тәуекелдерiн төмендетедi. Базалық активi бар тауарларға туынды келiсiм-шарт құралдарының пайда болуы баға ауытқуынан сыртқы сауда операцияларының тәуекелдерiн төмендетуге ықпал етедi.
в) Инвесторлардың құқықтары мен мүдделерiн қорғау
тетiгін жетілдіру
Мақсаты мен мiндетi
Бағалы қағаздар рыногының дамуына, жаңа қаржы институттары мен құралдарының пайда болуына және жаңа технологиялардың дамуына байланысты инвесторлардың құқықтары мен мүдделерiн қорғау жүйесi мен әдiстерiн тұрақты түрде жетiлдiру қажеттiгі пайда болады.
Ағымдағы жағдай
Қазақстан Республикасындағы акционерлердің құқықтары мен мүдделерiн қорғау деңгейi 2000 жылы Еуропалық Қайта құру және Даму Банкінің "жеткiлiктi қамти алатын қорғау" бағасына ие болды. Қазiргi кезде Ұлттық Банк инвесторлардың құқықтары мен мүдделерiн қорғау мақсатында зейнетақы активтерiн басқару жөніндегi компанияларды, кастодиан банктердi және бағалы қағаздар портфелiн басқарушыларды ғана пруденциалдық реттеудi жүзеге асырады. Басқа да кәсiби қатысушылар қаржылық тұрақтылық критерийлерiн орындауға мiндеттi объектiлер болып табылады.
Негiзгі шаралар
Осы бағытты iске асыру мақсатында iс-шаралар кешенiн кезең-кезеңiмен енгізу талап етiледi:
- бағалы қағаздар рыногында ақпаратты ашудың халықаралық стандарттарына көшу. Ақпаратты ашудың халықаралық стандарттарына көшу Еуропалық одақтың ақпаратты ашу жөніндегi директиваларының нормаларына бейiмдеу негiзiнде, атап айтқанда, ұйымдасқан рынокта листинг рәсiмдерi жүргiзiлген кезде, эмиссия проспектiсiнде, листинг компанияларының тұрақты есеп беруіндe, iрi ұстаушылар туралы ақпаратта жүзеге асырылады. Сонымен бiр уақытта шетелдiк бағалы қағаздарды Қазақстан рыногына саудаға жiберу стандарттарының мәселесi шешiлетiн болады. Қазақстан қор рыногының ақпараттық айқындығының дәрежесiн жоғарылатуға бағытталған негiзгi шара акционерлiк қоғамдардың қызметi туралы ақпаратты ашудың орталықтандырылған жүйелерiн құру (оның iшiнде қаржы рыногының барлық қатысушыларының және акционерлiк қоғамдардың ақпаратты мiндетті түрде ашуды енгiзуi) болады. Осы бағыттағы басқа маңызды қадам инвесторларға арналған ашылатын ақпараттың толықтығын, түсініктi болуын және шынайылығын қамтамасыз ететiн Қазақстан Республикасының барлық шаруашылық жүргiзушi субъектілерiнің қаржылық есеп бepу халықаралық стандарттарына көшетiнi сөзсiз;
- бағалы қағаздар рыногының лицензияланатын субъектiлерiн реттеудi жетiлдiру. Бұл шара инвестициялық процестiң негiзгi делдалдары болып табылатын бағалы қағаздар рыногының лицензияланатын субъектiлерiне қатысты пруденциалдық реттеудi енгiзудi қарастыратын болады, сонымен қатар Еуропалық одақ директиваларының талаптарына сәйкес қаржылық тұрақтылықтың кейбiр нормаларын, кәсiби этиканы және клиенттермен өзара қарым-қатынастарды бiрте-бiрте бейiмдеу жүргiзілетiн болады. Инвесторларды қорғау дәрежесiн арттырудан басқа, көрсетiлген iс-шаралар ұлттық рыноктың түсiнiктi болуына ықпал ететiн болады, бұл қор рыногының даму деңгейiн арттыру шарттарының бiрi болып табылады;
- бағалы қағаздар рыногындағы әдiл бәсекелестiктi ынталандыру. Осы мәселенің шеңберiнде бағалы қағаздар рыногындағы инсайдерлiк сауда мен қиянат етушілік мәселелерi бойынша Еуропалық одақ директиваларының нормаларын бейiмдеу жөнiнде шаралар қабылданатын болады. Сонымен бiрге, биржалық сауда-саттықтың айқындық деңгейін арттыру, мүдделер қайшылығы туралы ақпаратты ашу және бағалы қағаздар рыногындағы маркет-мейкерлердiң қызметiн жандандыру сияқты алдын алу шаралары ынталандырылатын болады.
- жоғарыда аталған шаралар кешенiнен басқа, институционалдық инвесторлар активтерiнің сақталуын қамтамасыз ету жөніндегі шараларға листинг, оның ішінде экономика секторлары бойынша эмитенттердi жiктеу жөнiндегi талаптардың тұрақты түрде жетілдiрiлуi, олардың инвестициялық портфельдерiн түрлендiру дәрежесiн арттыру және бағалы қағаздар рыногындағы сақтандыру тәуекелдерінің қалыптасуы енгiзілетiн болады.
г) Бағалы қағаздар рыногының техникалық инфрақұрылымын
дамыту және жетілдіру
Мақсаты мен міндетi
Бағалы қағаздар рыногының техникалық инфрақұрылымын дамыту ең бастысы, бар инфрақұрылымды жетілдiруге және оның жекелеген құрамдас бөліктерінің қалыптасуына және бағалы қағаздар рыногының шет елдiк субъектілерiмен өзара iс-қимылының рәсiмдерiн жетілдiруге бағытталатын болады.
Ағымдағы жағдай
Бүгiнгi күнi қазақстандық бағалы қағаздар рыногының техникалық инфрақұрылымының негiзiн Қазақстан қор биржасы, Орталық депозитарий, сондай-ақ 1-санатты лицензиясы бар (нақты ұстаушы ретiнде клиенттердiң шоттарын жүргiзу құқығы бар) тiркеушілер, кастодиандар және брокер-дилерлер құрайды. Қазақстандық техникалық инфрақұрылым субъектiлерінің шетелдiк бағалы қағаздар рыногына шығуы шын мәнiнде iске асырылды, алайда осы мәселеде жекелеген мемлекеттер заңдарының жетiлмеуiне байланысты бiрқатар проблемаларды шешу қажет.
Негізгi шаралар
Ұлттық бағалы қағаздар рыногының техникалық инфрақұрылымын дамытудың негiзгi мiндеттерi:
- елдің түрлi аймақтарында тұратын Қазақстанның азаматтарына қаржылық ұйымдардың қызмет көрсетуіне толығымен қол жеткiзудi қамтамасыз ету. Бұл үшiн таяуда (2003-2004 жылдары) бағалы қағаздар рыногында трансфер-агенттердің желiсiн дамыту талап етiледi. Осы желi жеткiлiктi көлемде қалыптасқаннан кейiн мемлекеттің iс-қимылы трансфер-агенттер көрсететiн делдалдық қызметтiң сапалы деңгейiн арттыруға бағытталады;
- техникалық инфрақұрылымның барлық субъектiлерінің, ең алдымен Қазақстан қор биржасының, Орталық депозитарий мен тәуелсiз тiркеушiлердiң ақпараттық жүйелерінiң сенiмдiлiгiн арттыру және жетілдiру. Осы мiндет ауқымында техникалық инфрақұрылымның барлық субъектiлерінің техникалық жүйелерінің жұмыс iстеуiне қойылатын талаптар жоғарылайтын болады, жаңа қаржы құралдарының есебiн жүргiзу рәсiмдерi мен әдiстерінің мәселелерi және олармен жасалатын мәмілелер жөніндегi нормативтік құқықтық базаның әзiрлемесi жасалады;
- 2004-2005 жылдары Орталық депозитарий базасында бағалы қағаздар рыногында орталық депозитарийдің, тiркеушiнің, төлем агентiнiң функцияларын орындайтын iрi, көп филиалды ұйым құру арқылы (облыстық дәрежедегi iрi қалалардың барлық облыс орталықтарының филиалдарын қоса алғанда) бағалы қағаздармен куәландырылатын құқықтарды қорғау деңгейiн арттыру;
- ұлттық бағалы қағаздар рыногының техникалық инфрақұрылымы субъектiлерінің шет мемлекеттердің бағалы қағаздар рыногының субъектiлерiмен өзара iс-қимылының, атап айтқанда, халықаралық келiсiмдер мен интеграциялық қалыптастыру шеңберiнде, лицензияларды өзара мойындау және резидент еместерге нақтылы ұстаушының шоттарын ашу мәселелерi жөнiнде рәсiмдер әзiрлеу;
- брокерлiк және дилерлiк ұйымдар операцияларының тiзбесiн кеңейтумен, оған қоса валюта рыногына жiберумен қатар, олардың капиталдандыру деңгейiн арттыру.
4. Почталық-жинақ жүйесiн дамыту
Мақсаты мен міндетi
Почталық-жинақ жүйесiн дамытудың негiзгi мiндетi - жаңа технологиялар мен халықаралық ынтымақтастықтың прогрессивті нысандары базасында почталық, қаржылық және агенттiк қызметтің кең өрiсiн көрсететiн тиiмдi әрi коммерция жағынан өмiр сүруге қабiлеттi почталық-жинақ жүйесiн қалыптастыру болып табылады.
Ағымдағы жағдай
Материалдық-техникалық базасы қазiргi заманның талаптарына толық сай келмейтiн "Казпочта" ААҚ-ның ең көп филиалдық желiсi бар. Сонымен қатар облыстық, қалалық және аудандық деңгейдi қамтитын ақпарат жинау мен басқарудың қазiргi заманға сай автоматтандырылған жүйесi құрылды. Кейiн осы жүйелер ауылдық деңгейдi қамтитын болады. Депозиттердiң барлық сомасы бағалы қағаздар рыногына орналастырылатындықтан, тартылатын салымдар бойынша сыйақы ставкаларының банктермен бәсекелік ставкаларын белгiлеу мүмкiн болмауы себептi қала тұрғындарына арналған депозит өнiмдерінің тартымдылығы төмен болып отыр.
Почталық-жинақ жүйесi елдің шалғай аймақтарында тұратын қалың бұқара топтары үшiн қаржылық қызмет көрсету барынша қол жетерліктей болатын салымдардың толық сақталуына кепiлдiк беретiн халықтың жинақ ақшасын тартудың банк секторына балама тәсiлiн ұсынып отыр.
Негiзгі шаралар
"Казпочта" ААҚ-тың осы мәселелерiн шешу үшiн тәуелсiз көздерден ұзақ мерзiмдi инвестицияларды тарту, сондай-ақ "Қазақстан Республикасының почталық байланысын жетiлдiру және почталық-жинақ жүйесiн қалыптастыру" жобасы шеңберiнде корпоративтiк облигацияларды шығару мен орналастыру есебiнен қаржыландыру жоспарлануда.
2003 жылғы ақпанда "Почта туралы" Қазақстан Республикасының
Заңы
қабылданды. Осы заңға сәйкес почталық-жинақ жүйесi ұлттық почта операторын құру негiзiнде iске асырылады және ол почта қызметiн көрсетуден басқа жекелеген банк операцияларын жүзеге асыра алады, оның iшiнде жеке және заңды тұлғалардың депозиттерiн тарта алады. Заң жобасы шеңберiнде ұлттық почта операторы өз қызметiн Қазақстанның барлық аумағында жүзеге асыра алады және бұл Қазақстанның банк делдалдығы жоқ аймақтарында халықтың қаржылық қызмет көрсетуді тұтынуға мүмкiндiк жасайды. Жоғарыда көрсетiлген шарттар ұлттық почта операторының қаржылық қызмет көрсетуiнің бәсекелестiк қабiлетiн қамтамасыз етедi.
Аталған заңға сәйкес мемлекет ұлттық почта операторы мерзiмдi депозиттерге тартатын халық салымдарының сақталуын мемлекеттік бағалы қағаздарға және басқа да жоғары өтiмдi қаржы құралдарына орналастыру арқылы қамтамасыз етеді.
Бiр мезгілде ұлттық почта операторының қаржы қызметiн жүзеге асыруды және қаржылық қызмет көрсету бөлiгіндегi қызметiн, оның iшiнде жекелеген пруденциалдық нормативтердi белгiлеу арқылы Ұлттық Банк реттейдi.
Ұлттық почта операторының банк қызметiн көрсетуi және оны қадағалаудың осы нобайы әлемнің дамыған елдерiнде почталық-жинақ жүйесiн құру тәжiрибесiне сәйкес келедi.
IV. Қаржы рыногының қатысушыларына және
қаржы құралдарына салық салудың үйлесiмдiлiгi
Мақсаты мен мiндетi
Еуропалық одақ стандарттарына көшу қазiргi уақытта әр түрлi қаржы құралдары бойынша қолданылатын салық жеңiлдiктерiн және преференцияларды жоюды болжайды. Мұндайда ерекшелiк ретiнде тек қандай да бiр жаңа қаржы құралының дамуын ынталандыру үшiн, әсiресе, мемлекеттік инвестициялық саясатты iске асыруға байланысты экономиканың және қаржы секторының басымдық берiлген секторларында уақытша жеңiлдiктердi енгiзу болуы мүмкiн. Келешекте осы жеңiлдiктер жойылуға тиiс не қаржы рыногында жаңа құралдың аяғына тұруына жеткiлiктi қандай да бiр белгiленген уақыт кезеңi өткеннен кейiн салық артықшылықтарының мiндеттi жойылуы белгіленуi тиiс.
1. Депозиттер мен борыштық бағалы қағаздар
бойынша жеке тұлғалардың кiрiстерiне салық салу
Ағымдағы жағдай
Қазiргi уақытта банктердегi және банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымдардағы салымдар бойынша сыйақы және жеке тұлғаларға төленетiн борыштық бағалы қағаздар бойынша сыйақы салық салудан босатылады. Бұл халықтың қаражатын қаржы жүйесiне тартудың басқа мүмкіндіктерінің болмауы жағдайында халықтың банк жүйесiне салымдарын ынталандыру мақсатында жасалды.
Негiзгi шаралар
Рынокта халыққа арналған жаңа қаржы құралдарының пайда болуы жағдайында депозиттер мен борыштық бағалы қағаздар бойынша жеке тұлғалардың кірiстерiн салық салудан босатуды жою туралы мәселенi 2007 жылдан бастап қарастыру мақсатқа сай болып табылады, сонымен қатар бұл кiрiстерге заңды тұлғалардың кiрiстерiне салынатын салық сияқты төлем көзiне де салық салынатын болады.
2. Мемлекеттік бағалы қағаздар мен
агенттiк бағалы қағаздарға салық салу
Ағымдағы жағдай
Қазiргi уақытта мемлекеттiк бағалы қағаздармен жасалатын барлық операциялар және ол бойынша сыйақы салықтан босатылады. Бұл осы қаржы құралдарына инвестиция салуды тартымдырақ етедi.
Қазақстанның қаржы секторына арналған, айналысты тиiмдi ету үшiн салық салудың жеңілдік берiлген режимiн талап ететiн жаңа қаржы құралдарының бiрi қаржы агенттiктерiнiң агенттiк бағалы қағаздары болып табылады. Агенттiк бағалы қағаздарға салық салу тәртiбi 2003 жылдың 1 қаңтарынан бастап мемлекеттiк бағалы қағаздарға қатысты қолданылатын тәртiппен бiрдей болып табылады.
Негiзгі шаралар
Болашақта мемлекеттiк бағалы қағаздар мен агенттiк бағалы қағаздар бойынша олардың рыногының қалыптасуына қарай, сыйақыдан төлем көзiнен табыс салығын алуға мүмкiндiк болады, бұл, негiзiнен, Еуропа Одағының барлық елдерiн, АҚШ-ты, Канаданы қосқанда көптеген дамыған елдерге тән. Бұл түрлi эмитенттер үшiн, үкiмет, агенттiк немесе мемлекеттiк емес эмитенттер болсын, солардың бәрi үшiн қойылатын талаптарды теңестiруге мүмкiндiк бередi.
Қайталама рыноктың қалыптасуына қарай Ұлттық Банктің екiншi деңгейдегi банктердің өтiмділігiн реттеу жөнiндегi операцияларын қоспағанда, мемлекеттiк бағалы қағаздармен және агенттiк бағалы қағаздармен операциялар жасау кезiндегi құнның өсуiне салық салуды енгiзу мүмкiндiгi қарастырған жөн.
V. Қаржы жүйелерiн интеграциялау
(ЕурАзЭҚ немесе басқа құрылым шеңберiнде)
Мақсаты мен мiндетi
Экономикалық тұрғыдан алғанда ТМД елдерiнiң оқшау қызмет етуi айтарлықтай шығасылармен қатар жүредi. Осы кездегi әлемдiк экономикада қалыптасып отырған ахуалдың барлық күрделi жағдайларын ескере отырып, бiрқатар ТМД елдерiнiң аумағында бiрыңғай экономикалық кеңiстiк құру және қаржы жүйелерiн интеграциялау мәселелерi ерекше маңызға ие болды. Сондықтан алдағы уақытта ТМД елдерiнiң экономикалық әл-ауқаты көбiнесе интеграциялық процестерге байланысты болады.
Ағымдағы жағдай
Бұрынғы кеңестiк елдердiң тәуелсiздiк жылдарындағы өзара экономикалық қарым-қатынастары Балтық елдерiн; Беларусь пен Ресей Одағын; Қазақстан, Қырғызстан, Тәжiкстан және Өзбекстан кiретiн Орталық Азия экономикалық Ынтымақтастығы; Грузия, Әзiрбайжан, Украина, Өзбекстан және Молдова альянсын (ГУУАМ) қоспағанда, бұрынғы КСРО-ның барлық елi құрайтын ТМД секiлдi одақтар мен қоғамдастықтардың құрылуымен және жұмыс iстеуiмен байланысты болды.
Интеграциялық өзара iс-қимыл жасаудың соңғы жылдары жинақталған тәжiрибесi одан әрi Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей және Тәжiкстан Кеден одағының институционалды-құқықтық негiзiнiң қалыптасуы мен дамуының және оның одан кейiн 2000 жылғы 10 қазанда Еуроазиялық экономикалық қоғамдастық (ЕурАзЭҚ) болып қайта құрылуының алғышарты болды.
Алайда, көптеген одақтар мен достастықтардың қызмет етуiне қарамастан бұрынғы кеңестiк елдердiң интеграциялану жолында алға жылжуы аса тиімдi бола қоймады - көптеген келiсімдер мен құжаттар қабылданды, әйтсе де олардың көпшiлiгi, әсiресе тарифтiк және тарифтiк емес реттеу, салық заңдарын бiрегейлендiру, халықтың, тауарлар мен қызметтiң еркін алға жылжуы жолындағы барлық мүмкiн болатын кедергiлердi жою бөлiгiнде тиiсiнше орындалмады.
2003 жылғы 23 ақпанда Беларусь, Қазақстан, Ресей және Украина президенттерi ТМД аумағында тиiмдi жұмыс iстейтiн басқа бiрлестiктерге тиянақты талдау жасаудың нәтижесi болған Бiрыңғай экономикалық кеңiстiк құру туралы мәлiмдемеге (бұдан әрi - Мәлiмдеме) қол қойды.
Негiзгi шаралар
Бiрыңғай экономикалық кеңiстiк құру мен дамыту және қаржы жүйелерiн ықпалдастыруды кезең-кезеңімен жүргiзу әрi сауда-экономикалық қатынастарды дамыту, кәсiпкерлікті және инвестицияны дамыту, ақша-кредит, қаржылық және валюталық қатынастарды дамыту, заңдарды бiрте-бiрте үйлестiру, келiсiлген әлеуметтiк саясат жүргiзу бағытында жүруi тиiс.
Сонымен бiрге 2007 жылға дейiнгi кезең дайындық сатысы болуға тиiс. Осы кезеңде iс жүзiнде жұмыс iстейтiн Бiрыңғай экономикалық кеңiстiк (бұдан әрi - БЭК) құру бойынша оған жаңа қатысушылар тартыла отырып, жұмыс жүргiзiлетiн болады. Бiрқатар бағыттар бойынша экономикалық саясат, атап айтқанда, кредит, валюта, тариф, кеден саясаты келiсiлетiн болады. Елдің тиiстi заңдары үйлестiрiлуге тиiс. Сонымен бiрге оны 1-2 жыл iшiнде құруға болады.
Бастапқыда Мәлiмдемеге сәйкес Беларусь, Қазақстан, Ресей және Украина тарифтерi мен саудасын реттейтiн комиссия құрылады.
Бұдан кейiн валюталық одақтың әлуеттi қатысушы елдерінің экономикалық жақындасу Бағдарламасын қабылдау қажет. Бағдарламаны iске асыру 3-4 жылға жуық уақытты алуы мүмкiн.
Болашақта бiрыңғай валюталық одаққа кiргiсi келетiн елдердің орындауы үшiн қажеттi негізгi критерийлер:
1) орташа жылдық инфляция деңгейi - 5%-дан аспайтын;
2) жалпы мемлекеттік борыштың ЖIӨ-ге қатынасы - 50%-дан аспайтын, сыртқы мемлекеттiк борыштың ЖIӨ-ге қатынасы - 30%-дан аспайтын;
3) мемлекеттік бюджет тапшылығы - ЖIӨ-нің 3%-ынан аспайтын болуы тиiс.
Сондай-ақ қосымша критерийлер де пайдаланылуы мүмкiн.
Елдерде көрсеткiштердi белгiленген критерийлерге сәйкес келтiру үшiн өтпелi кезең белгiленуi мүмкiн.
Содан соң валюталық одақтың әлуеттi қатысушы елдерінің одаққа кiруге белгіленген критерийлердi орындауына тексеру басталады. Егер осы критерийлерге жауап беретiн елдердiң саны жеткiлiктi болса, онда валюталық одақтың осы елдердегi қызметінің басталуы туралы шешiм қабылданады.
2005 жылдан бастап валюталық одақ құруға кiрiсуге болады. Бұның алғышарттары: тауар қозғалысы жолындағы ғана емес, өндiрiстiң барлық факторларындағы ұлттық кедергiлердi алып тастау; капиталдың өндірістік және ақшалай нысандары, қызмет көрсетудің барлық түрлерi, жұмыс күшi; экономикалық саясатты үйлестiру, барлық валюталық шектеулердi және капитал қозғалысына шектеулердi алу және валюталық одақтың әлуеттi қатысушылары елдерінің экономикалық саясатының арасын бiрте-бiрте жақындату болып табылады.
Бiрыңғай валюта одағын және бiрыңғай валюта институтын құру жөнiндегi ұзақ мерзімді мiндеттерді шешуге дайындық шеңберiнде орташа мерзiмдi болашақта бiрыңғай төлем жүйесiн құруға бағытталған жұмыс күшейе түсетiн болады.
Ұлттық Банк ЕурАзЭҚ мемлекеттерінің Интеграциялық комитетiмен және орталық банктерiмен бiрлесiп ЕурАзЭҚ елдерiнің ұлттық валюталарының өзара айырбасталымдылығын пайдалану режимінде мемлекетаралық төлемдерi тиімділігiн, тәуекелсiздігін және жылдам жүзеге асырылуын қамтамасыз ететiн жалпы мемлекетаралық төлемдер жүйесiн құру және жетілдіру жөніндегi жұмысты жалғастырады. ЕурАзЭҚ елдерінің төлем-есеп айырысу қатынастарын одан әрі дамыту ретiнде Еуропа Одағы елдерiнің "ТАРГЕТ" жалпы төлем жүйесiн құру жөнiндегi оң тәжiрибесiн пайдалана отырып, орталықсыздандырылған төлем жүйесiне негiзделген ЕурАзЭҚ елдерiнің мемлекетаралық төлемдер жүйесiн құру ұсынылады. Толық интеграцияланған жалпы төлем жүйесiн құру ЕурАзЭҚ елдерінің ұлттық төлем жүйелерiн интеграциялаған жағдайда ғана мүмкiн болмақ.
Осы жүйенің қатысушылары ЕурАзЭҚ қатысушы мемлекеттерінің коммерциялық банктері мен орталық банктері болып табылады. Мемлекетаралық төлемдер бойынша есеп айырысулар банктердің өз елдерiндегi орталық банктерде ашқан корреспонденттік шоттары арқылы жүргiзіледi.
ЕурАзЭҚ елдерінің жалпы төлем жүйесінің жұмыс тетiгi табысты жасалғаннан кейiн және белгiлi бір тәжiрибе жинақтай отырып, барлық ТМД базасында мемлекетаралық төлемдер жүйесiн құру жөнiндегi жұмысты бастау орынды болмақ. ТМД елдерiнің жалпы төлем кеңiстiгiн құру ТМД елдерiнің экономикалық өзара қарым-қатынастарын дамытудың маңызды шарты болып табылады және ТМД елдерi арасында өзара сауданы тиiмдi дамытуға қуатты серпiн беруi мүмкiн.
Осы iс-шаралар ЕурАзЭҚ елдерінің қаржылық төлем жүйелерiн интеграциялау жолындағы бастапқы кезең болып табылады. Осы кезеңде бiрыңғай валютаны енгiзу үшiн алғышарттар жасалуға тиiс. Бұдан кейiн ЕурАзЭҚ елдерiнiң бiрыңғай саясатын жүргiзу жөнiндегi мемлекеттің үстінен қарайтын орган құрылады, сондай-ақ қолма-қол жасалмайтын ақша (шамамен 2010 жылдан бастап) және қолма-қол ақша айналысына (шамамен 2011 жылдан бастап) бiрыңғай валюта енгiзiлетiн болады.