Бөтеннің мүлкін заңсыз иемдену жөніндегі істер бойынша сот тәжірибесі туралы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2003 жылғы 11 шілдедегі N 8 нормативтік қаулысы

Жаңартылған

      Бөтеннің мүлкіне қол сұғушылыққа байланысты қылмыстарды дәрежелеу кезінде қолданыстағы заңнаманы сот тәжірибесінде дұрыс және біртекті қолдану мақсатында Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жалпы отырысы қаулы етеді:

      1. Бөтеннің мүлкін заңсыз иемдену деп пайдакүнемдік мақсатта бөтен мүлікті осы мүліктің меншік иесіне немесе өзге иеленушісіне залал келтіре отырып айыптының немесе басқа адамдардың пайдасына заңсыз қайтарымсыз алып қою және (немесе) айналдыру танылады.

      2. Бөтеннің мүлкін заңсыз иемдену және меншікке қарсы өзге де қылмыстардың заты бөтен, яғни кінәлінің меншігінде тұрмаған мүлік болып табылады. Бұл орайда заңсыз иелікке түсетін бөтеннің мүлкі қылмыс жасалған кезде меншік иесінің өз иелігінде немесе осы мүлік сеніп тапсырылған басқа тұлғалардың иелігінде немесе олардың иелігінде заңсыз тұруы мүмкін.
      Басқа адамдармен, соның ішінде құрылтайшылардың қатарында кінәлі адам да бар заңды тұлғаға тиесілі бірлескен меншікте тұрған мүлікті заңсыз алып қою, пиғылдың бағыттылығына қарай бөтеннің мүлкін заңсыз иемдену не озбырлық ретінде дәрежеленуі мүмкін.
      Тауып алынған немесе кінәлі адамның қолына кездейсоқ түскен бөтен мүлікті иеленіп алуды бөтеннің мүлкін заңсыз иемдену ретінде қарауға болмайды.

      3. Кінәлі адамның өзі заңсыз иелікке түскен бөтеннің мүлкіне өз қалауы бойынша билік етуі (сатуы немесе басқа адамдарға тегін беруі, бүлдіруі, бөлшектеуі, жоюы және т. б.) қылмыстың жеке құрамын құрамайды және қосымша дәрежелеуді қажет етпейді.
      Заңсыз иелікке түскен бөтеннің мүлкін жоюға байланысты кінәлі адамның әрекеттері адамның денсаулығына зиян келтіруге немесе қайтыс болуына әкеп соққан жағдайларда, Қазақстан Республикасы Қылмыстық  Кодексінің  (бұдан әрі - ҚК-нің) бөтеннің мүлкін заңсыз иемдену үшін жауаптылықты көздейтін баптарымен қатар жасалған әрекет пиғылына байланысты ҚК-нің адамның өміріне немесе денсаулығына зиян келтіргені үшін жауаптылықты көздейтін баптары бойынша да дәрежеленуге тиіс.
      Егер бөтеннің мүлкін заңсыз иемденуді жою кезінде заңсыз иемденудің объектісі болып табылмайтын бөтеннің мүлкі қасақана немесе абайсызда жойылса немесе зақымдалса, онда кінәлі адамның әрекеттерін пиғылына байланысты тиісінше ҚК-нің  187  немесе  188-бабы  бойынша дәрежелеген жөн.

      4. Ұрлық - бөтеннің мүлкін заңсыз жасырын иемдену. Бөтеннің мүлкін заңсыз иемденудің жасырын болып табылатыны туралы мәселені шешу кезінде соттар кінәлі адамның өзі жағдайды қалай қабылдайтынын басшылыққа алуға тиіс. Егер кінәлі адам айналасындағылар үшін өзі байқатпай әрекет жасадым деп санаса, онда ұрлық, тіпті егер меншік иесі не өзге адам оның әрекеттерін бақылап жүргеннің өзінде, ұрлық деп дәрежеленуге жатады. Жоғарыда аталған адамдардың бірі мүлікті иелену оқиғасын көріп тұрғанымен оның қылмыстық сипатын түсінбеген жағдайларда да, ұрлық жасырын ұрлау деп дәрежелеуге жатады.
      Егер ұрлық кінәлі адам туыстық, достық және жеке сипаттағы өзге де өзара қатынастарда болған, осыған байланысты олар хабарламайды және оның әрекеттерінің жолын кеспейді деп сенген адамдардың алдында жасалса, бұл әрекетті мұндай жағдайларда да ұрлық ретінде дәрежелеген жөн.
      Егер жоғарыда аталған адамдар бөтеннің мүлкін иемденуге бағытталған әрекеттердің жолын кессе, онда кінәлі адам ұрлыққа оқталғаны үшін жауаптылыққа тартылуға тиіс.

      5. Жәбірленуші немесе мүлік қарамағында немесе күзетуінде тұрған адамдар бар кезде не бөгде адамдардың көзінше, бөтеннің мүлкін заңсыз иемденген адам өз әрекетінің заңсыз сипатын аталған адамдар түсінетінін, алайда осы мән-жайларды елемейтінін сезінген кезде жасалған бөтеннің мүлкін заңсыз иемдену бөтеннің мүлкін ашық заңсыз иемдену, яғни тонау болып табылады. Бұл орайда қылмысты көзі көргендер кінәлі адам әрекетінің жолын кесу шараларын қолдануының маңызы болмайды. Қолданылған зорлық-зомбылықтың қауіптілік деңгейіне қарай кінәлі адамның әрекеттері тонау немесе қарақшылық ретінде дәрежеленуге тиіс.

      6. Бөтеннің мүлкін заңсыз иемдену мақсатынсыз өзіне немесе басқа адамдарға уақытша пайдалану үшін бөтеннің мүлкін құқыққа қарсы иелену ұрлық болып саналмайды.
      Уақытша пайдалану үшін бөтеннің мүлкін заңсыз алып қою кезінде адамның денсаулығына немесе өзге де зиян келтіру, егер бұл әрекеттер бөтеннің мүлкін заңсыз иемдену мақсатынсыз құқыққа қарсы иеленгені үшін жауаптылықты көздейтін қылмыс белгілерін дәрежелейтін болып табылмаса, ҚК-нің аталған әрекеттер үшін жауаптылықты көздейтін баптары бойынша дәрежеленуге тиіс.

      7. Ұрлық, алаяқтық және тонау, егер мүлік алынып қойылса және кінәлі адамның ұрланған мүлікті пайдалану немесе өз қалауы бойынша өзгеше билік етуге нақты мүмкіндігі болса, ал қарақшылық - мүлікті иелену мақсатында жәбірленушінің өмірі мен денсаулығына қауіпті зорлық-зомбылық жасаумен немесе осындай зорлық-зомбылық жасаймын деп қорқытумен ұштасқан шабуыл жасау кезінен бастап аяқталған қылмыс болып танылады.

      8. Кінәлі адамдардың әрекеттерін топ болып алдын ала сөз байласып жасау белгілері бойынша дәрежелеу кезінде екі және одан да көп адамның кез келген түрдегі уағдаластығының, тікелей бөтеннің мүлкін заңсыз иемденуге бағытталған, яғни ең болмаса орындаушылардың бірі қылмыс құрамының объективті жағын орындағанға дейін сөз байласудың болғанын анықтау қажет.
      Бөтеннің мүлкін заңсыз иемдену, оны жасау үшін ұрлықтың екі немесе одан да көп адамның жалпы күші біріктірілген және бірге қатысушылардың әрқайсының әрекеті басқа бірге қатысушылардың әрекет жасауы үшін қажетті шарт болып табылған және рөлдердің алдын ала бөлінуіне сәйкес барлық бірге қатысушылардың әрекетінен туындаған ортақ қылмыстық нәтижемен себепті байланыста болған жағдайларда да, "топ болып алдын ала сөз байласып" жасалу белгісі бойынша дәрежеленеді. Мұндай жағдайларда қылмысқа екі және одан да көп орындаушылардың қатысуы міндетті емес, басқа түрдегі бірдей қатысушылар болғанда бір орындаушы жеткілікті.
      Ұйымдастырушының, айдап салушының немесе көмектесушінің жауаптылығы, олар бір мезгілде қылмысты орындаушылар болған жағдайларды қоспағанда, ҚК-нің 28-бабына сілтеме жасалып, осы қылмыс үшін жазаны көздейтін ҚК-нің тиісті бабы бойынша туындайды.

      9. Бөтеннің мүлкін заңсыз иемдену бірге қатысушылармен алдын ала сөз байласпаған, алайда оны басқа адамдардың жасауы барысында соларға қосылған және қатысқан адам өзі жасаған нақты әрекеттер үшін қылмысты орындаушы ретінде жауапты болуға тиіс.

      10. Қылмыстың осы түрі үшін қылмыстық жауаптылық туындайтын жасқа жетпеген адаммен не есі дұрыс емес деп танылған адаммен бірлесіп қасақана жасалған әрекетті топ болып алдын ала сөз байласып жасалған деп санауға болмайды.
      Бұл жағдайларда қылмыс субъектісі болып танылған адам, қылмысқа қатысу түріне қарамастан, ұрлықты орындаушы болып танылуға тиіс және бұған бұдан басқа да негіздер болған кезде, оның әрекеттері кәмелетке толмағанды қылмыстық іске тарту үшін қосымша дәрежеленуге тиіс. Өзге жағдайларда ауыр психикалық аурудан зардап шегетіні кінәлі адамға белгілі адамдарды не қылмыстық жауаптылық туындайтын жасқа жетпеген адамдарды қылмыс жасауға тарту ҚК-нің  54-бабының  1-бөлігінің "д" тармағына сәйкес қылмыстық жауаптылық пен жазаны ауырлататын мән-жай болып танылады.

      11. Егер бір немесе бірнеше қылмысты жасау үшін күні бұрын біріккен тұрақты топ адамдар (ұйымдасқан қылмыстық топ, қылмыстық қоғамдастық, банда) қылмыс жасаса, ол ұйымдасқан топ болып қылмыс жасаған болып танылады.
      Бұл орайда тиісті жағдайларда кінәлілердің әрекеттері ұйымдасқан қылмыстық топты, сол сияқты қылмыстық қоғамдастықты, банданы құрғаны не оларға қатысқаны үшін жауаптылықты көздейтін ҚК-нің баптары бойынша қосымша дәрежеленуге тиіс.

      12. Жалғасатын қылмыстан бірнеше мәрте жасалған қылмыстарды ажырату кезінде кінәлі адам пиғылының бағыттылығы шешуші маңызға ие болатыны түсіндірілуге тиіс. Жалғасатын кезінде кінәлі адам алдын ала белгіленген мақсатқа қол жеткізе отырып, бөтеннің мүлкін белгілі бір көзден бірнеше мәрте алып қою жолымен бірыңғай пиғылды іске асырады, ол  жиынтығында бір қылмысты құрайды.
      Бөтеннің мүлкіне бірнеше мәрте қол сұғушылық жалғасатын қол сұғушылыққа қарағанда бөтеннің мүлкін бірнеше мәрте заңсыз иемденуге бірыңғай пиғылдың болмауымен сипатталады. Кінәлі адам бір емес, бірнеше қылмыс жасайды, әрбір жағдайда ол бөтеннің мүлкін алып қою пиғылын өз бетінше іске асырады. Бұл орайда кінәлі адамның әрекеттері, оның бұрынғы жасаған қылмыстары үшін қылмыстық жауаптылыққа тартылмағанына немесе сотталмағанынына қарамастан, бөтеннің мүлкін заңсыз иемденуді бірнеше мәрте жасалу белгісі бойынша дәрежеленеді.
      Егер адам бұрын бөтеннің мүлкін заңсыз иемденгені үшін (рақымшылық жасау, ҚК-нің  67-бабы  негізінде және басқа негіздер бойынша) қылмыстық жауаптылықтан босатылған немесе соттылығы жойылған не алынған болса, бөтеннің мүлкін заңсыз иемдену бірнеше мәрте жасалу белгісі бойынша дәрежеленбейді.
      Жаңа қылмыстық заң бойынша қылмыс болып танылмайтын қылмыстар үшін өтелмеген соттылығы бар, жауапқа тартылған адамдардың бөтеннің мүлкін заңсыз иемдену туралы қылмыстық істерін қараған кезде, сотталғандардың бұрынғы соттылығын тексеруге бармай-ақ, соттар кінәлі адамдардың әрекеттерін дәрежелеу мен жазалар тағайындау кезінде оларды ескеруге тиіс емес.

      13. Заңсыз кіру - бұл тұрғын үйге, қызметтік, өндірістік үй-жайға не қоймаға ұрлық, тонау немесе қарақшылық жасау мақсатында жасырын немесе ашық кіру екені түсіндірілуге тиіс.
      Бұл дәрежелеуші белгі, шын мәнінде жасырын немесе ашық заңсыз кіруге дейін бөтеннің мүлкін заңсыз иемдену ұрлық жасау пиғылы пайда болған жағдайларда ғана орын алуы мүмкін.
      Жәбірленушіні алдау жолымен, мысалы, кіру мақсатында жалған құжат ұсына отырып, өзін билік өкілі ретінде таныстырып және т.б. баса-көктеп кірген жағдайдың өзінде де, ол адамның әрекеттері тұрғын үйге, қызметтік, өндірістік үй-жайға немесе қоймаға заңсыз кіру деп дәрежеленуге жатады. Негіздер болған кезде бұл әрекеттер лауазымды адамның өкілеттіктерін иеленгені үшін және көрінеу жалған құжатты пайдаланғаны үшін жауаптылықты көздейтін ҚК-нің баптары бойынша дәрежеленуге  тиіс.
      Заңсыз кіру кінәлі адам аталған үй-жайларға кірмей-ақ техникалық құралдар мен өзге де құралдарды пайдаланып ұрланатын заттарды алған кезде де орын алады.
      Егер кінәлі адам жәбірленушінің немесе мүлік күзетуінде тұрған адамның өз еркімен келісім беруімен, туысқандық қатынастарға, таныстыққа және басқа мән-жайларға байланысты тұрғын үйге, қызметтік, өндірістік үй-жайға не қоймаға кіріп, оның бөтеннің мүлкін заңсыз иемденіп алу пиғылы көрсетілген үй-жайларға кіргеннен кейін пайда болса, бөтеннің мүлкін заңсыз иемдену заңсыз кіру белгілерімен дәрежеленбейді.

      14. Үй-жай деп адамдарды немесе материалдық құндылықтарды орналастыруға арналған тұрақты да, уақытша да, стационарлық та, жылжымалы да құрылыс немесе ғимарат түсініледі.
      Қазақстан Республикасы Қылмыстық іс жүргізу кодексінің  7-бабының  42-тармағына сәйкес баспана деп бір немесе бірнеше адамның уақытша немесе тұрақты тұруына арналған үй-жай, оның ішінде: меншікті немесе жалға алынған пәтер, үй, саяжай үйі, мейманхана нөмірі, каюта, көп пәтерлі үйлерді қоспағанда, оларға тікелей жалғасатын тұрғын үйлердің верандалары, террасалары, галереялары, балкондары, жертөлесі және шатыры, сондай-ақ өзен немесе теңіз кемесі түсініледі.
      Қойма деп материалдық құндылықтарды тұрақты немесе уақытша сақтау үшін бөлінген құрылыстар, ерекше құрылғылар, шарбақпен немесе техникалық құралдармен арнайы жабдықталған не күзетпен қамтамасыз етілген орындар мен аумақ учаскелері (мысалы, мүлікті сақтауға арналған немесе осы мақсатта пайдаланылатын автомашиналар, жылжымалы автолавкалар, рефрижераторлар, контейнерлер, сейфтер, қоймалар, күзетілетін жүгі бар темір жол платформалары, қоршалған немесе қоршалмаған күзетілетін алаңдар және басқалары) түсініледі. Аумақ (айдын) учаскелері, сақтауға арналмаған (мысалы, күзетілуде тұрмайтын не кіруге кедергі жасайтын қондырғылары жоқ, комбайндардың бункерлері, автомашиналардың ашық кузовтары, платформалар мен жартылай вагондар), алайда осы мақсатта пайдаланылатын ыдыстар "қойма" ұғымына жатпайды.
      Автомашинаның құрамдас бөліктерін (автомашинаның автомагнитоласын және басқа құрастырылған бөлшектерін) ұрлаған кінәлі адамның әрекеттері қоймаға заңсыз кіріп ұрлаудың дәрежелеуші белгісін құрамайды.

      15. Бөтеннің мүлкін ірі мөлшердегі заңсыз иемдену деп қылмыс жасалу кезінде Қазақстан Республикасының заңнамасымен белгіленген айлық есептік көрсеткіштен бес жүз есе асып түсетін бір мәрте ұрланған мүліктің құны танылады.
      Бірнеше эпизодтардан тұратын, бірыңғай пиғылмен жасалған бірыңғай жалғасатын қылмыс та, егер бөтеннің мүлкін заңсыз иемденудің жалпы құны айлық есептік көрсеткіштен бес жүз есе асып түссе, ірі мөлшердегі ұрлық ретінде дәрежеленуге тиіс.
      Егер кінәлі адамның пиғылы ірі мөлшердегі мүлікті иеленіп алуға бағытталған, алайда өзіне байланысты емес мән-жайлар бойынша жүзеге асырылмаған болса, жасалған әрекет нақты ұрланған мөлшеріне қарамастан ірі мөлшердегі ұрлыққа әрекет жасау ретінде дәрежеленуге тиіс.
      Егер кінәлі адам бөтеннің мүлкін заңсыз бір емес, бірнеше рет иемденсе, өздігінен туындаған әрбір эпизод бойынша кінәлі адамның бөтеннің мүлкін заңсыз иемденіп алып қою пиғылы дербес жүзеге асырылған болса, онда ұрланған мүліктің құнын жиынтықтап қосуға жол берілмейді.
      Қылмыс заты болған мүліктің құнын анықтау кезінде оны меншік иесінің мемлекеттік бөлшек, нарықтық немесе комиссиялық бағамен сатып алуын негізге алу қажет. Бағасы көрсетілмеген және заңсыз иемденген мүліктің құны бойынша дау туындаған жағдайда, мүліктің құны сарапшылар қорытындысының негізінде анықталады.
      Кінәлі адам бөтеннің мүлкін заңсыз иемденуді жасыру мақсатында заңсыз иемденген мүліктің орнына құндылығы кемдеу мүлікті ұсынған жағдайларда да, талан-таражға салған мүліктің мөлшері оның құнына қарай анықталады. Бұл орайда заңсыз иемденген мүліктің орнына ұсынылған мүліктің құны шығын мөлшерін анықтау кезінде ескерілуі мүмкін.

      16. Ұйымға тиесілі немесе оның қарамағында тұрған мүлікті ұсақтап заңсыз иемденген кінәлі адамның әрекеттері, егер ол тонау немесе қарақшылық жолымен жасалса, қылмыстық жауаптылыққа әкеп соғады.
      Бөтеннің мүлкін ұсақтап заңсыз иемдену ұғымы ҚК-нің  175-бабындағы  ескертпенің 5-тармағында берілген.

      17. Егер адам бұрын немесе қорқытып алғаны үшін екі және одан да көп рет сотталған болса және соттылығы заңмен белгіленген тәртіппен жойылмаған және алынбаған болса, кінәлі адамның әрекеттері ҚК-нің  175,   176,   177,   178-баптарының  3-бөлігінің "в" тармағы және ҚК-нің  179-бабы  3-бөлігінің "г" тармағы бойынша дәрежеленуге тиіс. ҚК  13-бабының  төртінші бөлігіне сәйкес кәмелеттік жасқа толмай тұрып жасалған ұрлық үшін бұрынғы соттылықтар әрекеттерді бірнеше рет немесе екi немесе одан да көп рет сотталған адам жасаған деген белгілері бойынша дәрежелеу   кезінде ескерілмейді.
       Ескерту. 17-тармаққа өзгерту енгізілді -   Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2006.12.25.  N 12  Нормативтік қаулысымен.  

      18. Тек лауазымды адам ғана емес, сонымен бірге меншік түріне қарамастан ұйымдарда, кәсіпорындар мен мекемелерде тиісінше қызметтер атқаратын және атқаратын қызметіне байланысты өзіне сеніп тапсырылған мүлікке қатысты өкілеттіктерді жүзеге асыратын (бригадир, экспедитор, сатушы, кассир және т.б.) басқа да адам қызмет бабын пайдалану жолымен жасалған бөтеннің мүлкін заңсыз иемдену субъектісі болып (ҚК-нің  176-бабы ) табылады.
      Кінәлі адамның өз қызмет бабын пайдалануы бөтеннің мүлкін заңсыз иемденудің дәрежелеуші белгісі болып табылады, осыған байланысты әрекет ҚК-нің  228,   307  немесе  308-баптары  бойынша қосымша дәрежелеу қажет етілмейді.
      Соттар барлық жағдайларда заңсыз иемденілген бөтеннің мүлкінің кінәлі адамға сеніп тапсырылғанын, оның мүлікті ысырап жасағанын не өзі иеленіп алғанын анықтауға тиіс.

      19. Алаяқтық кезіндегі алдау көрінеу болмаған фактілерді болды деп жалған мәлімдеуден не істің мән-жайлары бойынша меншік иесіне не мүлік иесіне хабарлануға тиісті фактілерді жасырудан көрінуі мүмкін.
      Алдау кінәлі адамның шын мәнінде алдау ниетінің болуына, сондай-ақ тауардың көлемі мен сапасына, қылмыс субъектісі болып табылатын адамның жеке басына және жәбірленушіні адастыратын басқа да мән-жайларға қатысты болуы мүмкін.
      Алаяқтық кезінде алдау ауызша да жазбаша да болуы мүмкін. Алаяқтық кезінде жалған құжаттарды пайдалану алдаудың бір түрі болып табылады және бұл әрекеттер ҚК-нің   325-бабының  үшінші бөлігі бойынша қосымша дәрежелеуді қажет етпейді.
      Жалған құжаттарды, мөртаңбаларды, мөрлерді, бланкілерді жасау, дайындау, содан кейін оларды ұрлық кезінде пайдалану ҚК-нің  177  және  325-бабының  тиісті бөліктеріне сәйкес қылмыстар жиынтығы бойынша дәрежеленуге тиіс. 
      Алаяқтық кезінде сенімді асыра пайдалану жолымен кінәлі өзі мен меншік иесі немесе мүліктің өзге де иесі арасындағы сенімділік қатынастарды пайдалана отырып, оны алдайды не адастырады.
       Ескерту. 19-тармаққа өзгерту енгізілді -   Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2006.12.25.  N 12  Нормативтік қаулысымен.

      20. Лауазымды адамның не коммерциялық немесе өзге ұйымда басқару функциясын атқаратын адамның өзі қызметтік өкілеттіктерінің немесе өзінің қызметтік жағдайын пайдалану мүмкіндігінің болмауынан шын мәнісінде жүзеге асыра алмайтын әрекеттер жасағаны (әрекетсіздігі) үшін ақша, бағалы қағаздар және басқа да материалдық құндылықтар алуы, көрсетілген құндылықтарды иелену пиғылы болғанда, алаяқтық ретінде дәрежеленуге тиіс.
      Егер адам лауазымды адамға немесе басқару функциясын атқаратын адамға пара немесе коммерциялық сатып алу нысанасы ретінде ақшаны немесе өзге құндылықтарды беру үшін алса және оны жасағысы келмей, оларды иеленсе, жасалған әрекет алаяқтық ретінде дәрежеленуге тиіс. Бұл орайда, егер кінәлінің әрекеттері басқа адамның пара беру пиғылының пайда болуын қалыптастырса, онда оның әрекеттерін пара беруге итермелеу ретінде қосымша дәрежелеу қажет.

      21. Кінәлі адамның әрекеттерін ҚК-нің  179-бабының  2-бөлігінің "г" тармағы бойынша дәрежелеу кезінде "Жекелеген қару түрлерінің айналымына мемлекеттік бақылау жасау туралы" (2002 жылғы 22 ақпанда енгізілген өзгерістерімен бірге) 1998 жылғы 30 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы  Заңына  сәйкес және сараптамалық қорытынды негізінде шабуыл жасау кезінде қолданылған қарудың тірі немесе өзге де нысананы зақымдауға арналғанын анықтап алу қажет.
      Қару ретінде пайдаланылған заттар деп жәбірленушіге дене жарақатын келтіруі мүмкін әрі оның өмірі мен денсаулығына қауіпті заттарды (асхана пышағы, бәкі, ұстара, балта, сүймен, таяқ, бұрағыш, тақтай, тас және т.б.), олардың алдын ала дайындалғанына қарамастан, сондай-ақ жәбірленушіні уақытша әл-дәрменнен айыруға арналған заттарды (механикалық тозаңдатқыштар, көзден жас ағызатын және тітіркендіретін заттармен жарақтандырылған аэрозольдық және басқа да құралдар) түсіну қажет.
      Егер кінәлі адам жарамсыз қарумен немесе оқталмаған қарумен не қару пішіндес басқа затпен (тапаншаның нобайы, ойыншық қанжар және т.б.) әдейі қорқытса, бірақ осы заттарды өміріне немесе денсаулығына қауіпті дене жарақатын салу үшін қолдануға ниеттенбесе, соттар оның қылмыстық әрекеттерін дәрежелеу кезінде жәбірленушінің өзіне жасалған шабуыл қаупінің сипатын, нақтылығы мен деңгейін сезінуін ескеру қажет. Егер жәбірленуші жарамсыз қарумен немесе оқталмаған қарумен не қару пішіндес басқа затпен өзіне қауіп төнгенін түсінсе, егер кінәлі адам осы заттармен жәбірленушінің өмірі мен денсаулығына қауіпті дене жарақатын салса, оның әрекеттері қарақшылық ретінде, ал көрсетілгендей қауіп болмаса, тонау ретінде дәрежеленуге тиіс.

      22. Бөтеннің мүлкін заңсыз иемдену мақсатында жәбірленушінің  организміне оның еркінен тыс өміріне немесе денсаулығына қауіпті, күшті әсер ететін, улы немесе есеңгірететін зат енгізілген жағдайларда, жасалған әрекет қарақшылық ретінде дәрежеленуге тиіс.
      Егер жоғарыда көрсетілген мақсатпен жәбірленушінің организміне өмірге немесе денсаулыққа қауіп төндірмейтіндей зат оның еркінен тыс енгізілсе, жасалған әрекет тонау ретінде дәрежеленуге тиіс.
      Егер жәбірленуші алкогольдік ішімдіктерді, есірткі заттарды, күшті әсер ететін, улы немесе есеңгірететін заттарды ерікті қолдану нәтижесінде мас не ұйқы жағдайында болуына байланысты оның мүлкін құқыққа қарсы иелену фактісін сезінбесе, онда кінәлінің әрекеттері жасырын ұрлық ретінде дәрежеленуге тиіс.
      Көрсетілген қылмыстарды жасау кезінде қолданылған заттардың әсер ету ерекшеліктері мен сипатын маманды тарту не сараптама жасау жолымен анықтау қажет.

      23. Жәбірленушіні денсаулығының қысқа уақыттық бұзылуына немесе жалпы еңбек қабілетін айтарлықтай емес жоғалтуына әкеп соқпаған өзге де зорлық-зомбылық әрекеттерін жасауды өмірге немесе денсаулыққа қауіпті емес зорлық-зомбылық деп түсіну қажет.
      Жәбірленушінің денсаулығына ауыр және орташа ауырлықта зиян келтіруге, сондай-ақ оның денсаулығына сараптама жасау жолмен анықталатын, денсаулығының қысқа уақыттық бұзылуына немесе жалпы еңбек қабілетін айтарлықтай емес дәрежеде тұрақты жоғалтуына себепші болатын жеңіл зиян келтіруге әкеп соққан зорлық-зомбылықты өмірге және денсаулыққа қауіпті зорлық-зомбылық деп түсіну қажет.
      Зорлық-зомбылыққа ұласқан қарақшылық немесе тонау құрамының болуын, зорлық-зомбылық мүлікті иеленудің не оны ұстап қалудың тәсілі болған жағдайларда, таныған жөн. Кінәлі адамның ұрлық түрінде басталған және меншік иесінің немесе өзге де адамдардың көзінше жалғасқан әрекетін тонау деп дәрежелеу қажет. Мүлікті заңсыз иелену мақсатымен немесе алып қойғаннан кейін оны ұстап қалу үшін одан әрі зорлық-зомбылық жасау қолданылған бұл жағдайларда, күш қолдануға ұласқан қарақшылық немесе тонау деп дәрежелеу қажет.
      Денсаулыққа зиян келтірмесе де қолдану сәтінде жәбірленушінің өмірі мен денсаулығына нақты қауіп төндірген, мүлікті иелену мақсатында зорлық-зомбылық жасауға ұласқан шабуылды, қылмысты ауырлататын мән-жайлар болмаған жағдайда, ҚК-нің  179-бабының  1-бөлігі бойынша дәрежелеу қажет.
      Кінәлі адам жәбірленуші денсаулығының қысқа уақыттық бұзылуын немесе жалпы еңбек қабілетінің айтарлықтай емес дәрежеде жоғалтуын туғызып, қасақана жеңіл зиян келтірген жағдайда, оның әрекеті заңның осы нормасы бойынша дәрежелеуге жатады. Бұл орайда кінәлі адамның әрекеттері қарақшылық құрамын қамтитындықтан, бұл әрекеттерді ҚК-нің  104,   105-баптары  бойынша қосымша дәрежелеу қажет етілмейді.

      24. Қарақшылық шабуыл кезінде денсаулыққа ауыр зиян немесе абайсызда жәбірленушінің өліміне әкеліп соққан денсаулыққа ауыр зиян келтіру толығымен ҚК  179-бабының  сәйкесінше екінші бөлігімен немесе үшінші бөлігімен толық қамтылады, сондықтан ҚК  103-бабы  бойынша қосымша дәрежелеу   талап етілмейді.
      Егер қарақшылық шабуыл барысында қолданылған күштің салдарынан кінәлі жәбірленушіге қасақана қаза келтірсе, онда жасалған әрекет қылмыстардың жиынтығы ретінде ҚК  179-бабының  тиісті бөліктері және  96-бабы  екінші бөлігінің з) тармағы бойынша дәрежеленуге жатады.
      Кейіннен бөтеннің мүлкін ұрлауды жеңілдету мақсатымен жасалған қасақана кісі өлтіру ҚК  96-бабы  екінші бөлігінің к) тармағында және ҚК  175-бабының  тиісті бөлігінде көзделген қылмыстардың жиынтығын құрайды.
       Ескерту. 24-тармақ жаңа редакцияда -   Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2006.12.25.  N 12  Нормативтік қаулысымен.

         25.  алынып тасталды

      Ескерту. 25-тармақ алынып тасталды -   Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2006.12.25.  N 12  Нормативтік қаулысымен.

      26. ҚК-нің 180-бабы бойынша дәрежелеудің міндетті шарты заңсыз иемденіліп отырған заттардың немесе құжаттардың ерекше тарихи, ғылыми, көркемдік немесе мәдени құндылығы болып табылады. Осы орайда бұл қылмысты дәрежелеу бөтеннің мүлкін заңсыз иемдену әдісіне және сол мүліктің меншік нысанына байланысты болмайды.
      Заңсыз иемденілген заттардың немесе құжаттардың ерекше тарихи, ғылыми, көркемдік немесе мәдени құндылығы олардың ақшалай құны ғана емес, сонымен бірге тарих, ғылым, мәдениет үшін құндылығы ескеріле отырып сарапшылық қорытынды негізінде анықталады.
      Кінәлі адам ерекше тарихи, ғылыми, көркемдiк немесе мәдени жағынан құнды заттарды ұрлау, сондай-ақ бөтеннің өзге мүлкін ұрлау жасалса, жасалған әрекеттер тұтастай қылмыстардың жиынтығы бойынша - ҚК  180-бабының  тиісті бөлігімен және ұрлауды жасау тәсіліне байланысты ҚК тиісті баптары ( 175 176 177 178  немесе  179-баптары ) бойынша дәрежеленуге жатады.
       Ескерту. 26-тармаққа өзгерту енгізілді -   Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2006.12.25.  N 12  Нормативтік қаулысымен.

      27. Соттардың тонау мен қарақшылықты зорлық-зомбылыққа ұласқан қорқытып алушылықтан ажырату туралы мәселені шеше отырып, егер тонау мен қарақшылық кезінде зорлық-зомбылық мүлікті иеленудің немесе оны ұстап қалудың тәсілі болса, ал қорқытып алушылық кезінде қорқытып алушының талаптары орындалмаған жағдайда ғана зорлық-зомбылықтың қолданылуы мүмкін екенін ескергені жөн. Тонау мен қарақшылық кезінде мүлікті иелену зорлық-зомбылықпен қатар жүреді не осындай әрекеттер жасалғаннан кейін орын алады, ал қорқытып алушылық кезінде кінәлі адамның пиғылы өзі талап еткен мүлікті болашақта қолға түсіруге бағытталған.

      28. Бөтеннің мүлкін заңсыз иемдену бұзақылық, зорлау немесе басқа да қылмыстық әрекеттер кезінде жасалған жағдайларда, адамның осы мүлікті иемденуінің қандай мақсатпен жасалғанын анықтау қажет.
      Егер адам пайдакүнемдік мақсатты көздесе, онда оның әрекеті мүлікті алып қою тәсіліне қарай тиісінше меншікке қарсы қылмыс және бұзақылық, зорлау немесе өзге де қылмыстар жиынтығымен дәрежеленуге тиіс.

      29. Көрінеу қылмыс жасау арқылы алынған мүлікті иемденіп алу немесе өткізу, егер қылмыс жасалғанға дейін немесе қылмыстың жасалу кезінде не басқа себептер бойынша осы әрекеттер жасалады деп орындаушыға уәде берілсе (мысалы, олардың жүйелі жасалуына қарай) және мұның өзі қылмысты орындаушының осындай көмекке сүйенуіне негіз болса, онда бұл әрекеттер бөтеннің мүлкін заңсыз иемденуге бірге қатысу болып танылуы мүмкін. Өзге жағдайларда қылмыстық жолмен алынған мүлікті сатып алу немесе өткізу ҚК-нің  183-бабы  бойынша дәрежеленуге тиіс.
      Көрінеу қылмыс жасау жолымен алынған мүлікті иемденіп алу деп мүлікті немесе оған құқықты шын мәнінде иелену, мүлікті өткізу деп - тиісінше мүлікті немесе оған құқықты беру түсініледі.

      30. Адамның басқа мемлекеттің аумағындағы соттылығының және жасаған қылмысының өзге де қылмыстық-құқықтық салдарының, егер Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарында өзгеше көзделмесе немесе егер басқа мемлекеттің аумағында жасалған қылмыс Қазақстан Республикасының мүддесін қозғамаса, осы адамның Қазақстан Республикасының аумағында жасаған қылмысы үшін қылмыстық жауаптылық туралы мәселені шешу кезінде қылмыстық-құқықтық мәні болмайды.
      Сонымен қатар Қазақстан Республикасы бекіткен ТМД-ға қатысушы елдердің азаматтық, отбасылық және қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек және құқықтық қатынастар туралы 1993 жылғы 22 қаңтардағы Конвенциясына және 1997 жылғы 28 наурыздағы оған Хаттамаға сәйкес 1991 жылғы 8 желтоқсанға дейін және 1999 жылғы 17 қыркүйектен кейін орын алған ТМД-ның басқа елдеріндегі соттылық бөтеннің мүлкін заңсыз иемденудің қайта (бірнеше мәрте) жасалу фактісін анықтау туралы мәселені шешу кезінде ескерілуі мүмкін.

      31. Басты сот талқылауын тағайындау кезінде соттар бөтеннің мүлкінің заңсыз иемденуден келтірілген зиянның орнын толтыруды және мүліктің ықтимал тәркіленуін қамтамасыз ететін шаралардың қолданылғанын анықтауы қажет.
      Анықтаушы, тергеуші немесе прокурор бөтеннің мүлкін заңсыз иемденуден келтірілген шығынның орнын толтыруды және мүліктің ықтимал тәркіленуін қамтамасыз ететін шараларды қолданбаған жағдайда, соттар қылмыстық қудалау органдарын оларды қамтамасыз етудің қажетті шараларын қолдануға міндеттейді.
      Азаматтық талаптарды шешу кезінде соттардың ұрлықтар туралы істер бойынша ҚІЖК  169-бабының  талаптарын мүлтіксіз сақтауы қажет.

      32. Осы нормативтік қаулының қабылдануына байланысты Қазақ ССР Жоғарғы Соты Пленумының "Ұрлықтар туралы істер бойынша сот практикасы туралы" 1961 жылғы 7 желтоқсандағы N 5  қаулысы , Қазақ ССР Жоғарғы Соты Пленумының "Тонау мен ұрлықтар туралы істер бойынша сот практикасы туралы" (кейіннен енгізілген өзгерістерімен және толықтыруларымен бірге) 1985 жылғы 28 маусымдағы N 5  қаулысы , Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты Пленумының "Бөтеннің мүлкін ұрлауды саралаудың кейбір мәселелері туралы" (кейіннен енгізілген өзгерістерімен және толықтыруларымен бірге) 1996 жылғы 25 шілдедегі N 9  қаулысының  күші жойылды деп танылсын.

      33. Қазақстан Республикасы Конституциясының  4-бабына  сәйкес, осы нормативтік қаулы қолданыстағы құқық құрамына енгізіледі және  жалпыға бірдей міндетті болып табылады әрі ол ресми жарияланған күннен бастап күшіне енеді.

       Қазақстан Республикасы
      Жоғарғы Сотының Төрағасы

      Қазақстан Республикасы
      Жоғарғы Сотының судьясы,
      жалпы отырыс хатшысы