Бөтеннің мүлкін заңсыз иемдену жөніндегі істер бойынша сот тәжірибесі туралы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2003 жылғы 11 шілдедегі N 8 нормативтік қаулысы

Жаңартылған

       Ескерту. Қаулының мәтінінде қолданылған "дәрежеленуі", "дәрежелеуді", "дәрежеленуге", "дәрежеленген", "дәрежелеуші", "дәрежелеу" деген сөздер "саралануы", "саралауды", "саралануға", "сараланған", "саралаушы", "саралау" деген сөздермен ауыстырылды - Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2007.05.11.  N 3 нормативтік қаулысымен.

      Бөтеннің мүлкіне қол сұғушылыққа байланысты қылмыстарды саралау кезінде қолданыстағы заңнаманы сот тәжірибесінде дұрыс және біртекті қолдану мақсатында Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жалпы отырысы қаулы етеді:

      1. Бөтеннің мүлкін заңсыз иемдену деп пайдакүнемдік мақсатта бөтен мүлікті осы мүліктің меншік иесіне немесе өзге иеленушісіне залал келтіре отырып айыптының немесе басқа адамдардың пайдасына заңсыз қайтарымсыз алып қою және (немесе) айналдыру танылады.

      2. Бөтеннің мүлкін заңсыз иемдену және меншікке қарсы өзге де қылмыстардың заты бөтен, яғни кінәлінің меншігінде тұрмаған мүлік болып табылады. Бұл орайда заңсыз иелікке түсетін бөтеннің мүлкі қылмыс жасалған кезде меншік иесінің өз иелігінде немесе осы мүлік сеніп тапсырылған басқа тұлғалардың иелігінде немесе олардың иелігінде заңсыз тұруы мүмкін.
      Басқа адамдармен, соның ішінде құрылтайшылардың қатарында кінәлі адам да бар заңды тұлғаға тиесілі бірлескен меншікте тұрған мүлікті заңсыз алып қою, пиғылдың бағыттылығына қарай бөтеннің мүлкін заңсыз иемдену не озбырлық ретінде саралануы мүмкін.
      Тауып алынған немесе кінәлі адамның қолына кездейсоқ түскен бөтен мүлікті иеленіп алуды бөтеннің мүлкін заңсыз иемдену ретінде қарауға болмайды.

      3. Кінәлі адамның өзі заңсыз иелікке түскен бөтеннің мүлкіне өз қалауы бойынша билік етуі (сатуы немесе басқа адамдарға тегін беруі, бүлдіруі, бөлшектеуі, жоюы және т. б.) қылмыстың жеке құрамын құрамайды және қосымша саралауды қажет етпейді.
      Заңсыз иелікке түскен бөтеннің мүлкін жоюға байланысты кінәлі адамның әрекеттері адамның денсаулығына зиян келтіруге немесе қайтыс болуына әкеп соққан жағдайларда, Қазақстан Республикасы Қылмыстық  Кодексінің (бұдан әрі - ҚК-нің) бөтеннің мүлкін заңсыз иемдену үшін жауаптылықты көздейтін баптарымен қатар жасалған әрекет пиғылына байланысты ҚК-нің адамның өміріне немесе денсаулығына зиян келтіргені үшін жауаптылықты көздейтін баптары бойынша да саралануға тиіс.
      Егер бөтеннің мүлкін заңсыз иемденуді жою кезінде заңсыз иемденудің объектісі болып табылмайтын бөтеннің мүлкі қасақана немесе абайсызда жойылса немесе зақымдалса, онда кінәлі адамның әрекеттерін пиғылына байланысты тиісінше ҚК-нің  187 немесе  188-бабы бойынша сараланған жөн.

      4. Ұрлық - бөтеннің мүлкін заңсыз жасырын иемдену. Бөтеннің мүлкін заңсыз иемденудің жасырын болып табылатыны туралы мәселені шешу кезінде соттар кінәлі адамның өзі жағдайды қалай қабылдайтынын басшылыққа алуға тиіс. Егер кінәлі адам айналасындағылар үшін өзі байқатпай әрекет жасадым деп санаса, онда ұрлық, тіпті егер меншік иесі не өзге адам оның әрекеттерін бақылап жүргеннің өзінде, ұрлық деп саралануға жатады. Жоғарыда аталған адамдардың бірі мүлікті иелену оқиғасын көріп тұрғанымен оның қылмыстық сипатын түсінбеген жағдайларда да, ұрлық жасырын ұрлау деп саралауға жатады.
      Егер ұрлық кінәлі адам туыстық, достық және жеке сипаттағы өзге де өзара қатынастарда болған, осыған байланысты олар хабарламайды және оның әрекеттерінің жолын кеспейді деп сенген адамдардың алдында жасалса, бұл әрекетті мұндай жағдайларда да ұрлық ретінде сараланған жөн.
      Егер жоғарыда аталған адамдар бөтеннің мүлкін иемденуге бағытталған әрекеттердің жолын кессе, онда кінәлі адам ұрлыққа оқталғаны үшін жауаптылыққа тартылуға тиіс.

      5. Жәбірленуші немесе мүлік қарамағында немесе күзетуінде тұрған адамдар бар кезде не бөгде адамдардың көзінше, бөтеннің мүлкін заңсыз иемденген адам өз әрекетінің заңсыз сипатын аталған адамдар түсінетінін, алайда осы мән-жайларды елемейтінін сезінген кезде жасалған бөтеннің мүлкін заңсыз иемдену бөтеннің мүлкін ашық заңсыз иемдену, яғни тонау болып табылады. Бұл орайда қылмысты көзі көргендер кінәлі адам әрекетінің жолын кесу шараларын қолдануының маңызы болмайды. Қолданылған зорлық-зомбылықтың (күш қолданудың) қауіптілік деңгейіне қарай кінәлі адамның әрекеттері тонау немесе қарақшылық ретінде саралануға тиіс.
       Ескерту. 5-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 2007.05.11 N 3 нормативтік қаулысымен.

      6. Бөтеннің мүлкін заңсыз иемдену мақсатынсыз өзіне немесе басқа адамдарға уақытша пайдалану үшін бөтеннің мүлкін құқыққа қарсы иелену ұрлық болып саналмайды.
      Уақытша пайдалану үшін бөтеннің мүлкін заңсыз алып қою кезінде адамның денсаулығына немесе өзге де зиян келтіру, егер бұл әрекеттер бөтеннің мүлкін заңсыз иемдену мақсатынсыз құқыққа қарсы иеленгені үшін жауаптылықты көздейтін қылмыс белгілерін саралаушы болып табылмаса, ҚК-нің аталған әрекеттер үшін жауаптылықты көздейтін баптары бойынша саралануға тиіс.

      7. Ұрлық, алаяқтық және тонау, егер мүлік алынып қойылса және кінәлі адамның ұрланған мүлікті пайдалану немесе өз қалауы бойынша өзгеше билік етуге нақты мүмкіндігі болса, ал қарақшылық - мүлікті иелену мақсатында жәбірленушінің өмірі мен денсаулығына қауіпті зорлық-зомбылық жасаумен немесе осындай зорлық-зомбылық жасаймын деп қорқытумен ұштасқан шабуыл жасау кезінен бастап аяқталған қылмыс болып танылады.

      8. Кінәлі адамдардың әрекеттерін топ болып алдын ала сөз байласып жасау белгілері бойынша саралау кезінде екі және одан да көп адамның кез келген түрдегі уағдаластығының, тікелей бөтеннің мүлкін заңсыз иемденуге бағытталған, яғни ең болмаса орындаушылардың бірі қылмыс құрамының объективті жағын орындағанға дейін сөз байласудың болғанын анықтау қажет.
      Бөтеннің мүлкін заңсыз иемдену, оны жасау үшін ұрлықтың екі немесе одан да көп адамның жалпы күші біріктірілген және бірге қатысушылардың әрқайсының әрекеті басқа бірге қатысушылардың әрекет жасауы үшін қажетті шарт болып табылған және рөлдердің алдын ала бөлінуіне сәйкес барлық бірге қатысушылардың әрекетінен туындаған ортақ қылмыстық нәтижемен себепті байланыста болған жағдайларда да, "топ болып алдын ала сөз байласып" жасалу белгісі бойынша сараланады. Мұндай жағдайларда қылмысқа екі және одан да көп орындаушылардың қатысуы міндетті емес, басқа түрдегі бірдей қатысушылар болғанда бір орындаушы жеткілікті.
      Ұйымдастырушының, айдап салушының немесе көмектесушінің жауаптылығы, олар бір мезгілде қылмысты орындаушылар болған жағдайларды қоспағанда, ҚК-нің 28-бабына сілтеме жасалып, осы қылмыс үшін жазаны көздейтін ҚК-нің тиісті бабы бойынша туындайды.

      9. Бөтеннің мүлкін заңсыз иемдену бірге қатысушылармен алдын ала сөз байласпаған, алайда оны басқа адамдардың жасауы барысында соларға қосылған және қатысқан адам өзі жасаған нақты әрекеттер үшін қылмысты орындаушы ретінде жауапты болуға тиіс.
      Егер адамдар тобы алдын ала сөз байласып, ұрлық жасауға немесе тонауға ниеттенген болса, ал қылмысқа қатысушылардың біреуі қылмыс жасау барысында жәбірленушінің өміріне немесе денсаулығына қауіпті күш қолданса немесе қорқытса (қылмысқа қатысушының шектен шығушылығы), онда оның әрекетін қарақшылық ретінде, ал басқа қылмысқа қатысушылардың әрекеттерін – егер олар күш қолдануға тікелей ықпал етпесе не жәбірленушінің мүлкін иелену үшін оны пайдаланбаған жағдайда, тиісінше ұрлық немесе тонау ретінде саралау керек.
      Ескерту. 9-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 2011.04.21 № 1 (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.

      10. Қылмыстың осы түрі үшін қылмыстық жауаптылық туындайтын жасқа жетпеген адаммен не есі дұрыс емес деп танылған адаммен бірлесіп қасақана жасалған әрекетті топ болып алдын ала сөз байласып жасалған деп санауға болмайды.
      Бұл жағдайларда қылмыс субъектісі болып танылған адам, қылмысқа қатысу түріне қарамастан, ұрлықты орындаушы болып танылуға тиіс және бұған бұдан басқа да негіздер болған кезде, оның әрекеттері кәмелетке толмағанды қылмыстық іске тарту үшін қосымша саралануға тиіс. Өзге жағдайларда ауыр психикалық аурудан зардап шегетіні кінәлі адамға белгілі адамдарды не қылмыстық жауаптылық туындайтын жасқа жетпеген адамдарды қылмыс жасауға тарту ҚК-нің  54-бабының 1-бөлігінің "д" тармағына сәйкес қылмыстық жауаптылық пен жазаны ауырлататын мән-жай болып танылады.

      11. Егер бір немесе бірнеше қылмысты жасау үшін күні бұрын біріккен тұрақты топ адамдар (ұйымдасқан қылмыстық топ, қылмыстық қоғамдастық, банда) қылмыс жасаса, ол ұйымдасқан топ болып қылмыс жасаған болып танылады.
      Бұл орайда тиісті жағдайларда кінәлілердің әрекеттері ұйымдасқан қылмыстық топты, сол сияқты қылмыстық қоғамдастықты, банданы құрғаны не оларға қатысқаны үшін жауаптылықты көздейтін ҚК-нің баптары бойынша қосымша саралануға тиіс.

      12. Жалғасатын қылмыстан бірнеше мәрте жасалған қылмыстарды ажырату кезінде кінәлі адам пиғылының бағыттылығы шешуші маңызға ие болатыны түсіндірілуге тиіс. Жалғасатын кезінде кінәлі адам алдын ала белгіленген мақсатқа қол жеткізе отырып, бөтеннің мүлкін белгілі бір көзден бірнеше мәрте алып қою жолымен бірыңғай пиғылды іске асырады, ол  жиынтығында бір қылмысты құрайды.
      Бөтеннің мүлкіне бірнеше мәрте қол сұғушылық жалғасатын қол сұғушылыққа қарағанда бөтеннің мүлкін бірнеше мәрте заңсыз иемденуге бірыңғай пиғылдың болмауымен сипатталады. Кінәлі адам бір емес, бірнеше қылмыс жасайды, әрбір жағдайда ол бөтеннің мүлкін алып қою пиғылын өз бетінше іске асырады.
      Егер бұрын бөтеннің мүлкін заңыз иемденгені үшін адам сотталса, не заңда белгіленген негіздер бойынша қылмыстық жауапкершіліктен босатылса, бөтеннiң мүлкiн заңсыз иемдену бiрнеше мәрте жасалды деп танылмайды.
      Ескерту. 12-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 2011.04.21 № 1 (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.

      13. Заңсыз кіру - бұл тұрғын үйге, қызметтік, өндірістік үй-жайға не қоймаға ұрлық, тонау немесе қарақшылық жасау мақсатында жасырын немесе ашық кіру екені түсіндірілуге тиіс.
      Бұл саралаушы белгі, шын мәнінде жасырын немесе ашық заңсыз кіруге дейін бөтеннің мүлкін заңсыз иемдену ұрлық жасау пиғылы пайда болған жағдайларда ғана орын алуы мүмкін.
      Жәбірленушіні алдау жолымен, мысалы, кіру мақсатында жалған құжат ұсына отырып, өзін билік өкілі ретінде таныстырып және т.б. баса-көктеп кірген жағдайдың өзінде де, ол адамның әрекеттері тұрғын үйге, қызметтік, өндірістік үй-жайға немесе қоймаға заңсыз кіру деп саралануға жатады. Негіздер болған кезде бұл әрекеттер лауазымды адамның өкілеттіктерін иеленгені үшін және көрінеу жалған құжатты пайдаланғаны үшін жауаптылықты көздейтін ҚК-нің баптары бойынша саралануға  тиіс.
      Заңсыз кіру кінәлі адам аталған үй-жайларға кірмей-ақ техникалық құралдар мен өзге де құралдарды пайдаланып ұрланатын заттарды алған кезде де орын алады.
      Егер кінәлі адам жәбірленушінің немесе мүлік күзетуінде тұрған адамның өз еркімен келісім беруімен, туысқандық қатынастарға, таныстыққа және басқа мән-жайларға байланысты тұрғын үйге, қызметтік, өндірістік үй-жайға не қоймаға кіріп, оның бөтеннің мүлкін заңсыз иемденіп алу пиғылы көрсетілген үй-жайларға кіргеннен кейін пайда болса, бөтеннің мүлкін заңсыз иемдену заңсыз кіру белгілерімен дәрежеленбейді.
      Кінәлі үй-жайда немесе қоймада заңды түрде болғанда, ашық тұрған бөлмелерде, бөлімдерде немесе осы үй-жайдың немесе қойманың басқа да бөліктерінде ұрлық жасаған жағдайларда да осы қылмысты саралау белгісі болмайды.
      Заңсыз кіру арқылы ұрлық жасау кезінде тұрғын үйге қол сұғылмауды бұзушылық деп танылған қылмысты саралау белгісі қылмыс тәсілі болып табылады және ҚК-нің 145-бабы бойынша қосымша саралау талап етілмейді.
      Ескерту. 13-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 2011.04.21 № 1 (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.

      14. Үй-жай деп адамдарды немесе материалдық құндылықтарды орналастыруға арналған тұрақты да, уақытша да, стационарлық та, жылжымалы да құрылыс немесе ғимарат түсініледі.
      Қазақстан Республикасы Қылмыстық іс жүргізу кодексінің   7-бабының 42-тармағына сәйкес баспана деп бір немесе бірнеше адамның уақытша немесе тұрақты тұруына арналған үй-жай, оның ішінде: меншікті немесе жалға алынған пәтер, үй, саяжай үйі, мейманхана нөмірі, каюта, көп пәтерлі үйлерді қоспағанда, оларға тікелей жалғасатын тұрғын үйлердің верандалары, террасалары, галереялары, балкондары, жертөлесі және шатыры, сондай-ақ өзен немесе теңіз кемесі түсініледі.
      Қойма деп материалдық құндылықтарды тұрақты немесе уақытша сақтау үшін бөлінген құрылыстар, ерекше құрылғылар, шарбақпен немесе техникалық құралдармен арнайы жабдықталған не күзетпен қамтамасыз етілген орындар мен аумақ учаскелері (мысалы, мүлікті сақтауға арналған немесе осы мақсатта пайдаланылатын автомашиналардың салондары мен оның басқа да жабық бөліктері, жылжымалы автолавкалар, рефрижераторлар, контейнерлер, сейфтер, қоймалар, күзетілетін жүгі бар темір жол платформалары, қоршалған немесе қоршалмаған күзетілетін алаңдар және басқалары) түсініледі. Аумақ (айдын) учаскелері, сақтауға арналмаған (мысалы, күзетілуде тұрмайтын не кіруге кедергі жасайтын қондырғылары жоқ, комбайндардың бункерлері, автомашиналардың ашық кузовтары, платформалар мен жартылай вагондар), алайда осы мақсатта пайдаланылатын ыдыстар "қойма" ұғымына жатпайды.
      Ескерту. 14-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 2011.04.21 № 1 (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.

      15. Бөтеннің мүлкін ірі мөлшердегі заңсыз иемдену деп қылмыс жасалу кезінде Қазақстан Республикасының заңнамасымен белгіленген айлық есептік көрсеткіштен бес жүз есе асып түсетін бір мәрте ұрланған мүліктің құны танылады.
      Бірнеше эпизодтардан тұратын, бірыңғай пиғылмен жасалған бірыңғай жалғасатын қылмыс та, егер бөтеннің мүлкін заңсыз иемденудің жалпы құны айлық есептік көрсеткіштен бес жүз есе асып түссе, ірі мөлшердегі ұрлық ретінде саралануға тиіс.
      Егер кінәлі адамның пиғылы ірі мөлшердегі мүлікті иеленіп алуға бағытталған, алайда өзіне байланысты емес мән-жайлар бойынша жүзеге асырылмаған болса, жасалған әрекет нақты ұрланған мөлшеріне қарамастан ірі мөлшердегі ұрлыққа әрекет жасау ретінде саралануға тиіс.
      Егер кінәлі адам бөтеннің мүлкін заңсыз бір емес, бірнеше рет иемденсе, өздігінен туындаған әрбір эпизод бойынша кінәлі адамның бөтеннің мүлкін заңсыз иемденіп алып қою пиғылы дербес жүзеге асырылған болса, онда ұрланған мүліктің құнын жиынтықтап қосуға жол берілмейді.
      Қылмыс заты болған мүліктің құнын анықтау кезінде оны меншік иесінің мемлекеттік бөлшек, нарықтық немесе комиссиялық бағамен сатып алуын негізге алу қажет. Бағасы көрсетілмеген және заңсыз иемденген мүліктің құны бойынша дау туындаған жағдайда, мүліктің құны сарапшылар қорытындысының негізінде анықталады.
      Кінәлі адам бөтеннің мүлкін заңсыз иемденуді жасыру мақсатында заңсыз иемденген мүліктің орнына құндылығы кемдеу мүлікті ұсынған жағдайларда да, талан-таражға салған мүліктің мөлшері оның құнына қарай анықталады. Бұл орайда заңсыз иемденген мүліктің орнына ұсынылған мүліктің құны шығын мөлшерін анықтау кезінде ескерілуі мүмкін.

      16. Ұйымға тиесілі немесе оның қарамағында тұрған мүлікті ұсақтап заңсыз иемденген кінәлі адамның әрекеттері, егер ол тонау немесе қарақшылық жолымен жасалса, қылмыстық жауаптылыққа әкеп соғады.
      Бөтеннің мүлкін ұсақтап заңсыз иемдену ұғымы ҚК-нің   175-бабындағы ескертпенің 5-тармағында берілген.

      17. Алып тасталды - ҚР Жоғарғы Сотының 2011.04.21 № 1 (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.

        18. Тек лауазымды адам ғана емес, сонымен бірге меншік түріне қарамастан ұйымдарда, кәсіпорындар мен мекемелерде тиісінше қызметтер атқаратын және атқаратын қызметіне байланысты өзіне сеніп тапсырылған мүлікке қатысты өкілеттіктерді жүзеге асыратын (бригадир, экспедитор, сатушы, кассир және т.б.) басқа да адам қызмет бабын пайдалану жолымен жасалған бөтеннің мүлкін заңсыз иемдену субъектісі болып (ҚК-нің  176-бабы ) табылады.
      Кінәлі адамның өз қызмет бабын пайдалануы бөтеннің мүлкін заңсыз иемденудің саралаушы белгісі болып табылады, осыған байланысты әрекет ҚК-нің  228,   307 немесе  308-баптары бойынша қосымша саралау қажет етілмейді.
      Соттар барлық жағдайларда заңсыз иемденілген бөтеннің мүлкінің кінәлі адамға сеніп тапсырылғанын, оның мүлікті ысырап жасағанын не өзі иеленіп алғанын анықтауға тиіс.

      19. Алаяқтық кезіндегі алдау көрінеу болмаған фактілерді болды деп жалған мәлімдеуден не істің мән-жайлары бойынша меншік иесіне не мүлік иесіне хабарлануға тиісті фактілерді жасырудан көрінуі мүмкін.
      Алдау кінәлі адамның шын мәнінде алдау ниетінің болуына, сондай-ақ тауардың көлемі мен сапасына, қылмыс субъектісі болып табылатын адамның жеке басына және жәбірленушіні адастыратын басқа да мән-жайларға қатысты болуы мүмкін.
      Алаяқтық кезінде алдау ауызша да жазбаша да болуы мүмкін. Алаяқтық кезінде жалған құжаттарды пайдалану алдаудың бір түрі болып табылады және бұл әрекеттер ҚК-нің   325-бабының үшінші бөлігі бойынша қосымша саралауды қажет етпейді.
      Жалған құжаттарды, мөртаңбаларды, мөрлерді, бланкілерді жасау, дайындау, содан кейін оларды ұрлық кезінде пайдалану ҚК-нің  177 және  325-бабының тиісті бөліктеріне сәйкес қылмыстар жиынтығы бойынша саралануға тиіс. 
      Алаяқтық кезінде сенімді асыра пайдалану жолымен кінәлі өзі мен меншік иесі немесе мүліктің өзге де иесі арасындағы сенімділік қатынастарды пайдалана отырып, оны алдайды не адастырады.
      Қандай да бір міндеттемені орындау шартымен мүлікті алу, егер кінәлі осы мүлікті алған сәтте-ақ оны иеленгісі келген ойы болған және қабылдаған міндеттемені орындауға ниеті болмаған жағдайда, алаяқтық ретінде саралануы мүмкін.
      Ескерту. 19-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 2006.12.25 N 12, 2011.04.21 № 1 (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулыларымен.

      20. Лауазымды адамның не коммерциялық немесе өзге ұйымда басқару функциясын атқаратын адамның өзі қызметтік өкілеттіктерінің немесе өзінің қызметтік жағдайын пайдалану мүмкіндігінің болмауынан шын мәнісінде жүзеге асыра алмайтын әрекеттер жасағаны (әрекетсіздігі) үшін ақша, бағалы қағаздар және басқа да материалдық құндылықтар алуы, көрсетілген құндылықтарды иелену пиғылы болғанда, алаяқтық ретінде саралануға тиіс.
      Ескерту. 20-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 2011.04.21 № 1 (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.

      21. Кінәлінің әрекеттерін ҚК  179-бабы екінші бөлігінің г) тармағымен саралау кезінде соттар шабуыл жасауда қолданылған зат, қару немесе денсаулыққа зиян келтіретін қару ретінде пайдаланылған зат екендігін ескеруі керек.
      "Жекелеген қару түрлерінің айналымына мемлекеттік бақылау жасау туралы" Қазақстан Республикасының 1998 жылғы 30 желтоқсандағы заңынасәйкес және сараптама қорытындысымен қару деп танылған тірі немесе басқа нысананы жоюға арналған құрылғылар мен заттарды қару деп түсіну керек.
      Қару ретінде пайдаланылатын заттар деп жәбірленушінің денсаулығына немесе өміріне қауіпті зиян келтіруі мүмкін (тұрмыста қолдануға арналған пышақтар, ұстара, балта, бұрағыш, арнайы бейімделген құралдар: шоқпар және т.с.с.) құралдар танылады.
      Қаруды немесе қару ретінде пайдаланылатын заттарды қолдану деп олардың көмегімен іс жүзінде жәбірленушінің өмірі мен денсаулығына зиян келтіруді (оқ ату, тесу-кесу соққыларын келтіру және т.с.с), яғни қарудың немесе заттың тірі нысанаға зақым келтіру мүмкіндігін пайдалануды түсіну керек.
      Егер кінәлі жәбірленушінің өмірі мен денсаулығына қауіпті дене жарақатын келтіру үшін пайдалану мүмкін емес көрінеу жарамсыз немесе оқталмаған қарумен не қаруға ұқсас (тапаншаның нобайы, ойыншық қанжар және т.б.) затпен қорқытса, онда кінәлінің әрекеттерін, егер басқа саралау белгілері болмаса, ҚК  178-бабының бірінші бөлігі бойынша саралау керек.
      Егер кінәлі қаруды немесе қару ретінде пайдаланатын заттарды тікелей қолданбай, тек қолданамын деп қорқытса, онда оның әрекеттерін ҚК 179-бабының бірінші бөлігі бойынша саралау керек.
       Ескерту. 21-тармақ жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2007.05.11.  N 3 нормативтік қаулысымен.

      22. Бөтеннің мүлкін заңсыз иемдену мақсатында жәбірленушінің  организміне оның еркінен тыс өміріне немесе денсаулығына қауіпті, күшті әсер ететін, улы немесе есеңгірететін зат енгізілген жағдайларда, жасалған әрекет қарақшылық ретінде саралануға тиіс.
      Егер жоғарыда көрсетілген мақсатпен жәбірленушінің организміне өмірге немесе денсаулыққа қауіп төндірмейтіндей зат оның еркінен тыс енгізілсе, жасалған әрекет тонау ретінде саралануға тиіс.
      Егер жәбірленуші алкогольдік ішімдіктерді, есірткі заттарды, күшті әсер ететін, улы немесе есеңгірететін заттарды ерікті қолдану нәтижесінде мас не ұйқы жағдайында болуына байланысты оның мүлкін құқыққа қарсы иелену фактісін сезінбесе, онда кінәлінің әрекеттері жасырын ұрлық ретінде саралануға тиіс.
      Көрсетілген қылмыстарды жасау кезінде қолданылған заттардың әсер ету ерекшеліктері мен сипатын маманды тарту не сараптама жасау жолымен анықтау қажет.
      Газ қаруын (газ тапаншасы, аэрозольдық және көзден жас ағызатын немесе тітіркендіретін заттармен жарақтандырылған басқа да құралдар) қолдану барысында пайдаланған заттың құрамы жәбірленушінің өмірі мен денсаулығына қаншалықты қауіпті екенін сарапшылық жолмен анықтап және осыған қатысты әрекеттерді тонау немесе қарақшылық ретінде саралау қажет.
       Ескерту. 21-тармаққа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2007.05.11 N 3 нормативтік қаулысымен.

      23. Адам өмірі мен денсаулығына қауіпті зорлық-зомбылық деп қарумен немесе қару ретінде пайдаланылған, денсаулыққа зиян келтіруге бейімделген өзге де заттармен денсаулыққа зиян келтіруді, сондай-ақ жәбірленушінің денсаулығына ауыр немесе орташа ауырлықтағы зиян келтіруге әкеп соққан өзге де зорлық-зомбылықты түсіну керек.
      Жәбірленушіге өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін жағдайларда (мысалы, өмірлік маңызды дене мүшелеріне аяқ-қолдарымен көптеген соққылар беру және с.с.) жеңіл зиян келтіріліп, одан айығу үшін ол амбулаторлық немесе стационарлық ем қабылдауға мәжбүр болса, мұндай жеңіл зиян да адам өміріне немесе денсаулығына қауіпті деп танылуы мүмкін.
      Бөтеннің мүлкін иемдену мақсатында жасалған шабуыл деп жәбірленуші үшін кенеттен жасалған және адам өмірі мен денсаулығына қауіпті зорлық-зомбылыққа немесе осындай зорлық-зомбылықты тікелей қолданамын деп қорқытумен ұласқан кінәлінің өктемдік сипаттағы әрекеттерін түсіну керек.
      Денсаулыққа зиян келтірмесе де қолдану сәтінде жәбірленушінің өмірі мен денсаулығына нақты қауіп төндірген, мүлікті иемдену мақсатында жасалған шабуылға байланысты кінәлінің әрекеттерін, қылмысты ауырлататын мән-жайлар болмаған жағдайда, ҚК 179-бабының бірінші бөлігі бойынша саралау қажет.
      Кінәлінің ұрлық түрінде басталған және жеке меншік иесінің немесе өзге адамдардың көзінше жалғасқан әрекетін тонау деп саралау қажет. Мүлікті заңсыз иемдену немесе алып қойылғаннан кейін оны ұстап қалу мақсатында одан әрі зорлық-зомбылық жасауды қолдану күш қолданумен ұласқан қарақшылық немесе тонау деп саралануы керек.
      Егер зорлықпен күш қолдану әрекеттері ұрлық (ұрлауға әрекеттену) аяқталған соң, мүлікті иемдену немесе оны ұстап қалу мақсатында емес, жасырыну және ұсталудан қашу үшін жасалса және бұл ретте ұрланған мүлік қылмыс жасалған жерде қалып қойса, бұл тонау немесе қарақшылық ретінде бағаланбайды. Бұл әрекеттер сипаты және одан кейін туындаған салдарына қарай бөлек бағалануға тиіс.
      Қарақшылық жасау кезінде денсаулыққа орташа ауырлықтағы зиян келтірілген кезде кінәлінің әрекеттерін қарақшылықтың құрамы қамтитындықтан, ҚК-нің 104-бабы бойынша қосымша саралау қажет етілмейді.
      Ескерту. 23-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Жоғарғы Сотының 2007.05.11 N 3, өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 2011.04.21  № 1(ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.

      24. Қарақшылық шабуыл кезінде денсаулыққа ауыр зиян немесе абайсызда жәбірленушінің өліміне әкеліп соққан денсаулыққа ауыр зиян келтіру толығымен ҚК  179-бабының сәйкесінше екінші бөлігімен немесе үшінші бөлігімен толық қамтылады, сондықтан ҚК  103-бабы бойынша қосымша саралау   талап етілмейді.
      Егер қарақшылық шабуыл барысында қолданылған күштің салдарынан кінәлі жәбірленушіге қасақана қаза келтірсе, онда жасалған әрекет қылмыстардың жиынтығы ретінде ҚК  179-бабының тиісті бөліктері және  96-бабы екінші бөлігінің з) тармағы бойынша саралануға жатады.
      Кейіннен бөтеннің мүлкін ұрлауды жеңілдету мақсатымен жасалған қасақана кісі өлтіру ҚК  96-бабы екінші бөлігінің к) тармағында және ҚК  175-бабының тиісті бөлігінде көзделген қылмыстардың жиынтығын құрайды.
       Ескерту. 24-тармақ жаңа редакцияда -   Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2006.12.25.  N 12 Нормативтік қаулысымен.

      25. алынып тасталды

      Ескерту. 25-тармақ алынып тасталды -   Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2006.12.25.  N 12 Нормативтік қаулысымен.

      26. ҚК-нің 180-бабы бойынша саралаудың міндетті шарты заңсыз иемденіліп отырған заттардың немесе құжаттардың ерекше тарихи, ғылыми, көркемдік немесе мәдени құндылығы болып табылады. Осы орайда бұл қылмысты саралау бөтеннің мүлкін заңсыз иемдену әдісіне және сол мүліктің меншік нысанына байланысты болмайды.
      Заңсыз иемденілген заттардың немесе құжаттардың ерекше тарихи, ғылыми, көркемдік немесе мәдени құндылығы олардың ақшалай құны ғана емес, сонымен бірге тарих, ғылым, мәдениет үшін құндылығы ескеріле отырып сарапшылық қорытынды негізінде анықталады.
      Кінәлі адам ерекше тарихи, ғылыми, көркемдiк немесе мәдени жағынан құнды заттарды ұрлау, сондай-ақ бөтеннің өзге мүлкін ұрлау жасалса, жасалған әрекеттер тұтастай қылмыстардың жиынтығы бойынша - ҚК  180-бабының тиісті бөлігімен және ұрлауды жасау тәсіліне байланысты ҚК тиісті баптары ( 175 176 177 178 немесе  179-баптары ) бойынша саралануға жатады.
       Ескерту. 26-тармаққа өзгерту енгізілді -   Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2006.12.25.  N 12 Нормативтік қаулысымен.

      27. Соттардың тонау мен қарақшылықты зорлық-зомбылыққа ұласқан қорқытып алушылықтан ажырату туралы мәселені шеше отырып, егер тонау мен қарақшылық кезінде зорлық-зомбылық мүлікті иеленудің немесе оны ұстап қалудың тәсілі болса, ал қорқытып алушылық кезінде қорқытып алушының талаптары орындалмаған жағдайда ғана зорлық-зомбылықтың қолданылуы мүмкін екенін ескергені жөн. Тонау мен қарақшылық кезінде мүлікті иелену зорлық-зомбылықпен қатар жүреді не осындай әрекеттер жасалғаннан кейін орын алады, ал қорқытып алушылық кезінде кінәлі адамның пиғылы өзі талап еткен мүлікті болашақта қолға түсіруге бағытталған.

      28. Бөтеннің мүлкін заңсыз иемдену бұзақылық, зорлау немесе басқа да қылмыстық әрекеттер кезінде жасалған жағдайларда, адамның осы мүлікті иемденуінің қандай мақсатпен жасалғанын анықтау қажет.
      Егер адам пайдакүнемдік мақсатты көздесе, онда оның әрекеті мүлікті алып қою тәсіліне қарай тиісінше меншікке қарсы қылмыс және бұзақылық, зорлау немесе өзге де қылмыстар жиынтығымен саралануға тиіс.

      29. Көрінеу қылмыс жасау арқылы алынған мүлікті иемденіп алу немесе өткізу, егер қылмыс жасалғанға дейін немесе қылмыстың жасалу кезінде не басқа себептер бойынша осы әрекеттер жасалады деп орындаушыға уәде берілсе (мысалы, олардың жүйелі жасалуына қарай) және мұның өзі қылмысты орындаушының осындай көмекке сүйенуіне негіз болса, онда бұл әрекеттер бөтеннің мүлкін заңсыз иемденуге бірге қатысу болып танылуы мүмкін. Өзге жағдайларда қылмыстық жолмен алынған мүлікті сатып алу немесе өткізу ҚК-нің  183-бабы бойынша саралануға тиіс.
      Көрінеу қылмыс жасау жолымен алынған мүлікті иемденіп алу деп мүлікті немесе оған құқықты шын мәнінде иелену, мүлікті өткізу деп - тиісінше мүлікті немесе оған құқықты беру түсініледі.

      30. Адамның басқа мемлекеттің аумағындағы соттылығының және жасаған қылмысының өзге де қылмыстық-құқықтық салдарының, егер Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарында өзгеше көзделмесе немесе егер басқа мемлекеттің аумағында жасалған қылмыс Қазақстан Республикасының мүддесін қозғамаса, осы адамның Қазақстан Республикасының аумағында жасаған қылмысы үшін қылмыстық жауаптылық туралы мәселені шешу кезінде қылмыстық-құқықтық мәні болмайды.
      Ескерту. 30-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 2011.04.21 № 1 (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.

      31. Басты сот талқылауын тағайындау кезінде соттар бөтеннің мүлкінің заңсыз иемденуден келтірілген зиянның орнын толтыруды және мүліктің ықтимал тәркіленуін қамтамасыз ететін шаралардың қолданылғанын анықтауы қажет.
      Анықтаушы, тергеуші немесе прокурор бөтеннің мүлкін заңсыз иемденуден келтірілген шығынның орнын толтыруды және мүліктің ықтимал тәркіленуін қамтамасыз ететін шараларды қолданбаған жағдайда, соттар қылмыстық қудалау органдарын оларды қамтамасыз етудің қажетті шараларын қолдануға міндеттейді.
      Азаматтық талаптарды шешу кезінде соттардың ұрлықтар туралы істер бойынша ҚІЖК  169-бабының талаптарын мүлтіксіз сақтауы қажет.

      32. Осы нормативтік қаулының қабылдануына байланысты Қазақ ССР Жоғарғы Соты Пленумының "Ұрлықтар туралы істер бойынша сот практикасы туралы" 1961 жылғы 7 желтоқсандағы N 5  қаулысы , Қазақ ССР Жоғарғы Соты Пленумының "Тонау мен ұрлықтар туралы істер бойынша сот практикасы туралы" (кейіннен енгізілген өзгерістерімен және толықтыруларымен бірге) 1985 жылғы 28 маусымдағы N 5  қаулысы , Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты Пленумының "Бөтеннің мүлкін ұрлауды саралаудың кейбір мәселелері туралы" (кейіннен енгізілген өзгерістерімен және толықтыруларымен бірге) 1996 жылғы 25 шілдедегі N 9  қаулысының күші жойылды деп танылсын.

      33. Қазақстан Республикасы Конституциясының  4-бабына сәйкес, осы нормативтік қаулы қолданыстағы құқық құрамына енгізіледі және  жалпыға бірдей міндетті болып табылады әрі ол ресми жарияланған күннен бастап күшіне енеді.

       Қазақстан Республикасы
      Жоғарғы Сотының Төрағасы

      Қазақстан Республикасы
      Жоғарғы Сотының судьясы,
      жалпы отырыс хатшысы