Соттардың азаматтық іс жүргізу заңнамасының кейбір нормаларын қолдануы туралы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2003 жылғы 20 наурыздағы N 2 нормативтік қаулысы

Жаңартылған

      Қазақстан Республикасының Азаматтық іс жүргізу кодексінің (әрі қарай - АІЖК) кейбір нормаларының өзгеруіне және оларды сот практикасында біркелкі қолдану қажеттілігіне байланысты Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жалпы отырысы қаулы етеді:

      1. Заңдылық принципіне және әділеттілік пен парасат өлшемдеріне жауап беретін сот актісін (шешімді, ұйғарымды, қаулыларды, сот бұйрығын) шығару мақсатында әрбір азаматтық істі қарау кезінде материалдық және процессуалдық құқық нормаларын мүлтіксіз сақтаудың қажеттілігіне соттардың назары аударылсын.

      2. АІЖК-нің 150-бабына сәйкес, талапкерлер талап арыздарында тек талаптарын көрсетіп қана қоймай, сонымен бірге олардың құқықтарының, бостандықтарының немесе заңмен қорғалатын мүдделерінің бұзылуының немесе бұзылу қаупінің мәнін, өз талаптарын негіздеген мән-жайларды жан-жақтылы баяндауға, сондай-ақ осы мән-жайлар мен талаптарды растайтын дәлелдемелерді келтіруге міндетті.
      Прокурордың мемлекеттің немесе қоғамның не азаматтың мүддесін көздеп қойған талаптары АІЖК-нің 150-бабының төртінші бөлігінде көрсетілген талаптарға сәйкес келуге тиіс.
      АІЖК-нің 153154242243247249-баптарында көрсетілген талап арызды қабылдаудан бас тартудың не талап арызды талапкерге қайтарудың немесе қараусыз қалдырудың, ал қозғалған азаматтық іс бойынша өндірісті тоқтата тұрудың не қысқартудың негіздері түпкілікті болып табылады.

      3. Алынып тасталды - ҚР Жоғарғы Сотының 2011 жылғы 30 желтоқсандағы № 5 Нормативтік қаулысымен.

      4. Алынып тасталды - ҚР Жоғарғы Сотының 2011 жылғы 30 желтоқсандағы № 5 Нормативтік қаулысымен.

      5. Адам және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын, заңды тұлғалар мен мемлекеттің мүдделерінің сақталуын қадағалауды жүзеге асыру кезінде қабылданған прокурорлық қадағалау актілерін (ескерту, ұсыныс, наразылық және т.б.) даулау туралы азаматтар мен заңды тұлғалардың арыздары АІЖК-нің 3 және 27-тарауларында қарастырылған нормалар бойынша соттардың қарауына жатады. Қазақстан Республикасының Бас прокуроры шығарған прокурорлық қадағалау актілері АІЖК-нің 28-бабына сәйкес сотта даулануы мүмкін.
      АІЖК-нің 159-бабының бірінші бөлігінің 5) тармақшасына және "Прокуратура туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 8-бабының 2-тармағына және 24-бабының 5-тармағына сәйкес прокурордың наразылық актісінің күшін және орындалуын шағым бойынша шешім қабылданғанға дейін тоқтата тұру туралы сот ұйғарым шығаруға құқылы.

      6. АІЖК-нің 48-бабының екінші бөлігіне сәйкес, заңнамалық актілермен көзделген жағдайларда заңды тұлға болып табылмайтын ұйымдар да іс бойынша тараптар бола алады (мысалы, АІЖК-нің 272-бабына сәйкес - аумақтық сайлау комиссиясы).
      Қазақстан Республикасынан тыс жерде тиісті шетел мемлекетінің заңнамасына сәйкес құрылған заңды тұлғаларды (компанияларды, фирмаларды, кәсіпорындарды және т.б.) шетелдік ұйымдар деп түсіну қажет. Қазақстан Республикасының аумағында оның заңнамасына сәйкес құрылған заңды тұлғалар, оның ішінде шетелдік инвесторға толығымен тиесілі кәсіпорындар мен бірлескен кәсіпорындар шетелдік ұйымдар болып табылмайды.

      7. АІЖК-нің 36-бабының екінші бөлігінің 1) және 3) тармақшаларында көзделген жағдайларда, істерді бір соттың өндірісінен екінші соттың өндірісіне беру заңды күшіне енген сот ұйғарымының негізінде жүргізіледі. Тараптардың осындай ұйғарымдарға жазған жеке шағымдарын апелляциялық сатыдағы сот қарайды.
      АІЖК-нің 36-бабының екінші бөлігінің 2) және 4) тармақшаларында көрсетілген негіздер болған жағдайда жоғары тұрған соттың судьясы іске қатысушы адамдарды істің қаралатын орны мен уақыты туралы хабардар етпестен, істі нақтылы бір соттың қарауына беру туралы жеке-дара ұйғарым шығарады.
      Соттар арасында нақтылы істің соттылығы туралы дау туындаған жағдайда жоғары тұрған соттың судьясы іске қатысушы адамдарды оның қаралатын орны мен уақыты туралы хабардар етпестен және соттың істі басқа соттың өндірісіне жіберу туралы ұйғарымын бұзбай, істің нақтылы қай соттың қарауына жататыны туралы ұйғарым шығарады.
      Апелляциялық саты сотының қаулысы және жоғары тұрған соттың судьясының істің қай соттың қарауына жататыны туралы ұйғарымы шағымдануға, наразылық келтіруге жатпайды.
      Ескерту. 7-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 2011 жылғы 30 желтоқсандағы № 5 Нормативтік қаулысымен.

      8. Сотта талапкерлер мен жауапкерлердің мүдделерін олардың заңды өкілдері және сенімхатта көрсетілген адамдар (тапсырма бойынша өкілдік алғандар) білдіре алады.
      АІЖК-нің 59-бабының 7) тармақшасына орай, соттар өкілдер ретінде қатыстыратын басқа адамдар деп осы баптың 1) - 6) тармақшаларында аталмаған, бірақ сенімхаттың немесе сенім білдірушінің сот отырысының хаттамасына енгізілген ауызша мәлімдемесінің негізінде сотта тараптардың мүдделерін білдіретін адамдар танылады.
      Өкілдің сенімхатында АІЖК-нің 61-бабының бірінші бөлігінде көзделген процессуалдық іс-әрекеттердің ішінен өкілдің сотта сенім білдірушінің атынан жасайтын іс-әрекеттері көрсетілуге тиіс.
      Егер өкілге берілген сенімхатта оның нақтылы өкілеттіктері көрсетілмесе, онда өкіл АІЖК-нің 61-бабының бірінші бөлігіне сәйкес берілуге тиіс өкілеттіктерден басқа процессуалдық іс-әрекеттерді жасауға (іс материалдарымен танысуға, олардан үзінділер жасауға, өтініштер білдіруге, даудың мәні бойынша түсіндірмелер беруге және т.б.) құқылы.
      Заң консультациясы немесе жеке адвокаттық кеңсе берген ордер адвокатқа заңгерлік көмек көрсетуді өтінген клиенттің мүддесін сотта қорғау (іс материалдарымен танысу, олардан үзінділер жасау, өтініштер білдіру, даудың мәні бойынша түсіндірмелер беру және т.б.) құқығын береді, бірақ сенімхаттың орнына жүрмейді және адвокатқа АІЖК-нің 61-бабының бірінші бөлігінде көрсетілген процессуалдық іс-әрекеттерді жасау құқығын бермейді.
      Ескерту. 8-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 2011 жылғы 30 желтоқсандағы № 5 Нормативтік қаулысымен.

      9. Сот істі сот талқылауына дайындау кезінде, сондай-ақ істі мәні бойынша нақты қарау барысында да нені дәлелдеу қажеттігін айқындап алуы керек.
      Соттар дәлелдемелерді бағалау және тараптарды дәлелдеуден босату туралы мәселені шешу кезінде АІЖК-нің 66-бабының оныншы бөлігінде, 78-бабының үшінші бөлігінде және 91-бабының сегізінші бөлігінде көрсетілген нормаларды ескеріп отырулары қажет.
      АІЖК-нің 64 70-баптарына сәйкес, соттар сот отырысында даудың мәніне тікелей қатысы бар және істің мән-жайын анықтау, тараптардың дауының мәні бойынша уәждерін растау немесе теріске шығару үшін жеткілікті болып табылатын дәлелдемелердің ғана зерттелетінін назарда ұстаулары қажет.
      Істің заң бойынша белгілі бір дәлелдемелермен расталуға тиісті мән-жайы ешқандай да басқа дәлелдемелермен расталуға тиіс емес (мысалы, егер мәміленің нақты жағдайлары бойынша дау туындайтын болса, ол келісім-шартпен дәлелденеді).

      10. АІЖК-нің 161-бабына сәйкес, АІЖК-нің 159-бабының бірінші бөлігінде аталған талаптарды іске асыру жөніндегі шараларды қолдану туралы ұйғарымдар сот шешімдерін орындау үшін көзделген тәртіппен дереу шешілуге жатады.
      Мына төмендегі жағдайларда:
      а) жауапкердің банкте немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдарда сақталып жатқан ақшасына немесе өзге де мүлкіне тыйым салу туралы сот ұйғарымдарын банктер немесе осындай ұйымдар өздері тікелей орындайды;
      б) АІЖК-нің 159-бабының бірінші бөлігінің 2), 3), 4), 6) тармақшаларында көзделген талаптардың орындалуын қамтамасыз ету үшін қабылданған сот ұйғарымдары ондағы шараларды сақтауға міндетті жаққа белгіленген іс-әрекеттерден тартыну үшін сол адамға қолы қойдырылып тапсырылады;
      в) АІЖК-нің 159-бабының бірінші бөлігінің 5) тармақшасында көзделген талаптардың орындалуын қамтамасыз ету жөніндегі ұйғарымдарды мемлекеттік органдар немесе дауланып отырған актіні шығарған ұйым немесе лауазымды адам орындайды. Егер шағымдалып отырған акт бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланса, онда соттың осы актінің күшін тоқтата тұру туралы ұйғарымы бұқаралық ақпарат құралының кезекті санында талапкердің есебінен жариялауға жатады.

      11. Заңды тұлғалар, заңды тұлғаны құрмастан кәсіпкерлікпен айналысатын азаматтар (жеке кәсіпкерлер) араларында туындаған талаптың бағасына қарамастан мүліктік және мүліктік емес даулар жөніндегі, сондай-ақ корпоративтік даулар жөніндегі азаматтық істер, осы бапта көрсетілгендерден басқалары АІЖК-нің 30-бабына сәйкес, мамандандырылған ауданаралық экономикалық соттардың қарауына жатады.
      АІЖК-нің 30-бабында көрсетілген корпоративтік дауларға Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес коммерциялық ұйымдар, коммерциялық ұйымдардың және (немесе) жеке кәсіпкерлердің қауымдастығы (одағы), өзін-өзі реттейтін ұйым мәртебесі бар коммерциялық емес ұйымдар және (немесе) оның акционерлері (қатысушылар, мүшелері) тараптары болып табылатын даулар жатады (АІЖК-нің 24-бабының 2-бөлігі). Ондай дауларға, атап айтқанда, акциялармен, қатысу үлестерімен мәміле жасасуға байланысты дауларды, серіктестіктерге қатысушылар, акционерлер арасында осындай серіктестіктер мен акционерлік қоғамдар қызметінің мәселелері бойынша дауларды жатқызуға болады.
      Ескерту. 11-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 2011 жылғы 30 желтоқсандағы № 5 Нормативтік қаулысымен.

      12. Моральдық зиян немесе іскерлік абырой-беделге нұқсан келтірілгені үшін ақшалай түрде өтем жасау туралы талаптар қойылған кезде, ақшалай талап қойылып отырғаны айқын болса да, мүліктік емес сипаттағы талаптар ретінде мемлекеттік баж алынатынына соттардың назары аударылсын. Алайда осындай талаптар бойынша өкілдің көмегіне ақы төлеу жөніндегі шығындарды өтеу туралы мәселені шешу кезінде соттар АІЖК-нің 111-бабының бірінші бөлігінде көрсетілген мұндай шығындар өтемақы сомасының он пайызынан аспауы қажет екендігі туралы талапты негізге алулары қажет.

      13. АІЖК-нің 189-бабының бірінші бөлігінде көзделген негіздер бойынша істі қарау кейінге қалдырылған жағдайда, іс жаңа сот отырысында АІЖК-нің 180 181 және басқа да баптарында белгіленген қағидалар сақтала отырып қаралады. Алдыңғы сот отырыстарында алынған құжаттар АІЖК-нің 201-бабында көзделген тәртіппен даудың мәні бойынша шешім шығарылатын сот отырысында жариялануға тиіс.

      14. Жауапкердің талапты толық немесе ішінара мойындауы талап арызға жазбаша пікір келтіру арқылы білдіріледі. Пікір сот отырысында арыз түрінде жазбаша берілуі не ауызша айтылуы мүмкін. Ауызша айтылған арыз сот отырысының хаттамасына енгізіледі және оған жауапкер қол қояды.
      Сот жауапкерге талапты мойындау туралы арыздың құқықтық салдарын түсіндіреді және жауапкерді талаптарды мойындауға мәжбүрлеу туралы қандай да бір мәліметтердің бар-жоғын анықтайды, содан кейін жауапкердің талаппен келісуі туралы арызын қабылдау не қабылдамау туралы ұйғарым шығарады. Соттың шығарған ұйғарымы шағымдануға жатпайды. Егер жауапкер талапты ішінара мойындаса, онда арызды қабылдау не қабылдамау туралы ұйғарым осы бөлікте ғана шығарылады. «Аталған ұйғарым өз алдына бөлек іс жүргізу құжаты болып табылады, дәлелді болуға тиіс және сот шешімінен бөлек шағымдануға жатпайды.
      Ескерту. 14-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 2011 жылғы 30 желтоқсандағы № 5 Нормативтік қаулысымен.

      15. Біріктірілген талаптардың бірі қысқартылған мерзімде, екіншісі жалпы екі айлық мерзімде қаралатын болса, онда іс сотқа түскен күннен бастап екі айлық мерзім ішінде қаралады.
      Азаматты хабарсыз кетті деп тану туралы немесе өлді деп жариялау туралы істерді қараудың мерзімі тиісті хабарландыру жарияланған күннен бастап үш айлық мерзім аяқталған күннен бастап есептеледі. Осы орайда істі қарау мерзіміне арыз сотқа түскен күннен бастап іс қозғалғаны туралы хабарландыру жарияланған күнге дейінгі мерзім кіреді.
      Іс бойынша өндірісті қысқарту туралы шешім немесе ұйғарым не арызды қараусыз қалдыру туралы ұйғарым шығарылған күн істің қаралу мерзімінің аяқталған күні болып табылады.

      16. Егер борышкер сот бұйрығының көшірмесін алған күннен бастап он күн мерзімнің ішінде сотқа мәлімделген талапқа қарсылықтарын жіберсе, онда судья олардың мазмұнына қарамастан сот бұйрығын бұзу туралы ұйғарым шығаруға міндетті. Егер жауапкер осындай қарсылықтарды беру мерзімін дәлелді себептермен өткізіп алса, онда осы мерзім АІЖК-нің 128-бабына сәйкес қалпына келтірілуі мүмкін.
      Егер бұзылған сот бұйрығы орындауға жіберілсе немесе орындау үшін өндірушіге берілсе, онда сот мұндай сот бұйрығын кері қайтарып алады.

      17. Басталған сот отырысында АІЖК-нің 260-бабының бірінші бөлігінде көрсетілген негіздер жиынтығы болған жағдайда ғана сот сырттай іс жүргізе алады.
      АІЖК-нің 264-бабының бірінші бөлігі бойынша, істі қарау кезінде сот отырысына төрағалық еткен судьяны сырттай шешім шығарған сот деп түсіну қажет. Ерекше жағдайларда (судьяның қайтыс болуы, орнынан түсуі, демалысы, ұзақ уақыт бойы (10 күннен астам) еңбекке жарамсыздығы не іссапарда болуы) сырттай шығарылған шешімді бұзу туралы арызды осы соттың басқа судьясы қарауы мүмкін.
      Егер жауапкер сот отырысына келіп, бірақ ол аяқталғанға дейін сот отырысы залынан өз бетімен шығып кетсе, онда сот істі қарауды жалғастыра алады. Мұндай жағдайда шығарылған шешім сырттай шығарылған шешім деп есептелмейді.
      Егер жауапкердің алдыңғы сот отырысына дәлелді себептерсіз келмеуіне байланысты істі талқылау талапкердің өтініші бойынша кейінге қалдырылса және жауапкер сот отырысына екінші рет келмесе, онда сот істі сырттай жүргізуге құқылы.

      18. АІЖК-нің 332-бабының бірінші бөлігіне сәйкес, бірінші сатыдағы соттардың сот актілеріне тараптар мен іске қатысушы басқа да адамдар шағымдануы немесе прокурор апелляциялық тәртіппен наразылық келтіруі мүмкін.
      Іске қатыстырылмаған адамдар, сот олардың құқықтары мен міндеттеріне қатысты шешім қабылдаған жағдайда ғана апелляциялық шағым беруге құқылы.

      19. АІЖК-нің 334-бабының үшінші бөлігімен көзделген сот шешіміне апелляциялық шағым берудің (наразылық келтірудің) мерзімі сот шығарған шешімнің көшірмесі тапсырылған күннен бастап  есептеледі.
      АІЖК-нің 264-бабына сәйкес сырттай шығарылған шешімге апелляциялық шағым берудің мерзімін есептеудің бір ерекшелігі, осындай шешімнің көшірмесін алған күннен бастап бес күн өткеннен кейін, егер жауапкер сырттай шығарылған шешімді бұзу жөнінде арыз бермеген жағдайда ғана сырттай шығарылған шешімге апелляциялық шағым беріледі. Егер жауапкер осы мерзімнің ішінде сырттай шығарылған шешімді бұзу туралы арыз берсе, бірақ ол арызды бірінші сатыдағы сот қанағаттандырудан бас тарту туралы ұйғарым шығарған күннен бастап он бес күннің ішінде апелляциялық шағым берілуі мүмкін.
      Ескерту. 19-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 2012.12.29 № 6 (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулысымен.
      20. Мына сот актілеріне:
      1) сот бұйрықтарына;
      2) бірінші сатыдағы соттардың сайлауларға, референдумдарға қатысушы азаматтардың немесе қоғамдық ұйымдардың сайлау құқықтарының бұзылғанын анықтаған шешімдеріне;
      3) Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының бірінші сатыдағы сот ретінде шығарған шешімдері мен ұйғарымдарына;
      4) бірінші сатыдағы соттардың АІЖК-нің нормалары бойынша шағымдануға жатпайтын немесе істің одан әрі жылжуына кедергі келтірмейтін ұйғарымдарына апелляциялық тәртіпте шағым беруге (наразылық келтіруге) болмайды. Бірінші сатыдағы соттардың арызды қозғалыссыз қалдыру туралы, істі жабық сот отырысында қарау туралы, бейнежазбаларды қолдану және т.б. туралы ұйғарымдар шығаруын істің одан әрі қаралуына кедергі келтірмейтін ұйғарымдар деп түсінген жөн.

      21. Іске қатысушы адамдардың апелляциялық (жеке) шағым беру, наразылық келтіру мерзімін қалпына келтіру туралы арыздары бірінші сатыдағы соттың отырысында АІЖК-нің 128-бабымен белгіленген қағида бойынша қаралуға жатады.
      Соттың апелляциялық (жеке) шағым беру, наразылық келтіру мерзімін қалпына келтіруден бас тарту туралы ұйғарымына АІЖК-нің 344-бабының төртінші бөлігінде көрсетілген мерзімдерде шағым, наразылық келтірілуі мүмкін.

      22. АІЖК-нің 345 347-баптарына сәйкес, апелляциялық сатыдағы сот істегі бар және қосымша ұсынылған материалдар бойынша бірінші сатыдағы соттың шешімінің заңдылығы мен негізділігін толық көлемде тексереді.
      Сот шешімін толық көлемде тексеру деп бірінші сатыдағы соттың іс бойынша нақтылы мән-жайларды дұрыс анықтауын, материалдық және процессуалдық құқық нормаларын қолдануы мен түсіндіруін айқындау деп ұғыну қажет.

      23. АІЖК-нің 189 242 243 247 249 -баптарында көзделген негіздер бойынша апелляциялық сатының соты істі қарауды кейінге қалдыруға, іс бойынша өндірісті тоқтата тұруға немесе қысқартуға, арызды қараусыз қалдыруға құқылы. Сот бұл туралы тиісті қаулы шығарады.

      24. Жаңадан ұсынылған құжаттар мен материалдарды, егер осы құжаттар мен материалдар дәлелді себептермен бірінші сатыдағы сотқа ұсынылмаса немесе оларды алдырып, сот отырысында зерделеуге көмектесу туралы өтінішті бірінші сатыдағы сот қабылдамай тастаған жағдайда ғана апелляциялық сатыдағы сот өзінің қарауына қабылдауға құқылы.
      Тараптың АІЖК-нің 65 және 66-баптарына сәйкес, бірінші сатыдағы сотқа кешірімсіз себептермен ұсынбаған дәлелдемелерді апелляциялық сатыдағы сотқа ұсынуы апелляциялық сатыдағы соттың оларды қабылдап, зерделеуіне мүмкіндік бермейді және мұндай жағдай тараптың процессуалдық олқылығы деп бағаланады.

      25. Апелляциялық сатыдағы сот тараптардың жаңадан зерттеуге ұсынған дәлелдемелерінің негізінде, егер іске қатысушы басқа адамдар апелляциялық шағым (наразылық) жөнінде айтқан пікірлерінде немесе апелляциялық саты сотының отырысында осы дәлелдемелер бойынша өз ойларын білдірсе, мәлімделген талап шегінде жаңа фактілерді анықтай алады. Мұндай жағдайларда апелляциялық сатыдағы сот бірінші сатыдағы соттың шешімін өзгертеді немесе оны бұзып, іс бойынша жаңа шешім шығарады.
      Апелляциялық сатыдағы сот толық, жан-жақтылы әрі объективті зерттелген азаматтық іс материалдарының негізінде іс үшін маңызы бар мән-жайларды қайтадан анықтап қана қоймай, сонымен бірге сол немесе басқа мән-жайлардың дәлелденгені немесе дәлелденбегені туралы тұжырым жасауға, материалдық құқық нормаларын дұрыс қолдануға не заң ұқсастығы мен құқық ұқсастығын қолдануға құқылы.
      Ескерту. 25-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 2012.12.29 № 6 (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулысымен.
      26. Егер апелляциялық сатыдағы сот істі қарау кезінде бірінші сатыдағы соттың АІЖК-нің 365-бабында көзделген талаптардың сақталмағандығы анықталса, онда бірінші сатыдағы соттың шешімін өзгерту немесе оны бұзу туралы қаулы шығарады немесе дау бойынша нақты шешім қабылдайды.
      Апелляциялық сатыдағы сот сондай-ақ шешімді толық немесе оның бір бөлігінің күшін жойып, АІЖК-нің 247 және 249-баптарында көзделген негіздермен іс бойынша іс жүргізуді қысқартуға не арызды қараусыз қалдыруға құқылы. Апелляциялық сатыдағы соттың көрсетілген негіздер бойынша шығарған қаулылары кассациялық тәртіппен шағымдалуы және оларға наразылық келтірілуі мүмкін.
      Ескерту. 26-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 2011 жылғы 30 желтоқсандағы № 5, 2012.12.29 № 6 (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулыларымен.

      27. Алып тасталды - ҚР Жоғарғы Сотының 2012.12.29 № 6 (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулыларымен.
      27-1. Апелляциялық шағым берген тұлға, апелляциялық наразылық келтірген прокурор апелляциялық сатыдағы сот шешім шығарғанға дейін олардан бас тартуға құқылы. Наразылықтың кері қайтарылып алынғаны туралы сот іске қатысушы адамдарға хабарлайды (АІЖК-нің 341-бабының бірінші бөлігі).
      Егер шешімге басқа адамдар шағымданбаса немесе жоғары тұрған прокурор наразылық келтірмесе, сот шағымнан бас тартуды және наразылықты қайтарып алуды қабылдау туралы қаулы шығарып, ол бойынша апелляциялық іс жүргізуді қысқартады (АІЖК-нің 341-бабының екінші бөлігі).
      Ескерту. 27-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Жоғарғы Сотының 2011 жылғы 30 желтоқсандағы № 5 Нормативтік қаулысымен.
      27-2. Іске қатысушы тараптар мен басқа да тұлғалардың  бірінші және апелляциялық сатылардағы соттардың заңды күшіне енген шешімдеріне, қаулылары мен ұйғарымдарына АІЖК-нің 42-1-тарауымен көзделген кассациялық тәртіппен шағымдануына болады.
      Егер соттар іске қатысуға тартылмаған тұлғалардың құқықтары мен міндеттеріне қатысты шешім, қаулы немесе ұйғарым шығарса, олар да кассациялық шағым беруге құқылы.
      Апелляциялық сатыдағы соттың қаулылары мен ұйғарымдарына істі апелляциялық тәртіппен қарауға қатысқан прокурор наразылық келтіре алады. Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры және оның орынбасарлары, облыс прокурорлары мен оларға теңестірілген прокурорлар істі қарауға қатысқан/қатыспағанына қарамастан, апелляциялық сатыдағы соттың қаулылары мен ұйғарымдарына наразылық келтіруге құқылы (АІЖК-нің 383-1-бабы).
      Кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі АІЖК-нің 42-2-тарауымен белгіленген.
      Ескерту. 27-2-тармақпен толықтырылды - ҚР Жоғарғы Сотының 2011 жылғы 30 желтоқсандағы № 5; өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 2012.12.29 № 6 (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулыларымен.
      27-3. Кассациялық сатыдағы сот істі қараған кезде сот істе бар материалдар бойынша шағымның, наразылықтың дәлелдері шегінде бірінші және апелляциялық сатыдағы соттардың сот актілерінің заңдылығы мен негізділігін тексереді (АІЖК-нің 383-13-бабы).
      Егер сот мәлімделген талап қоюдың шегінде бірінші және апелляциялық сатыдағы соттарға дәлелді себептермен табыс етілмеген жаңа дәлелдемелерді зерттесе және олар қабылданған шешімнің немесе қаулының мәніне әсер етуі мүмкін болса, шағымның, наразылықтың дәлелдерінің шегінен шығуға құқылы.
      Ескерту. 27-3-тармақпен толықтырылды - ҚР Жоғарғы Сотының 2011 жылғы 30 желтоқсандағы № 5 Нормативтік қаулысымен.

      28. АІЖК-нің 385-бабының бірінші бөлігіне сәйкес, соттың заңды күшіне енген шешімі, ұйғарымы, қаулысы оларға шағым берудің кассациялық тәртібі сақталған жағдайда, тараптар және олардың өкілдері, іске қатысушы басқа да адамдар берген өтініштер бойынша сот қадағалауы тәртібімен қайта қаралуы мүмкін. АІЖК-нің 391-бабының екінші бөлігіне сәйкес, іске қатыстырылмаған адамдар, олардың құқықтары мен міндеттері туралы мәселе осы актілермен шешілген жағдайда ғана аталған сот актілеріне шағымдануға құқылы.
      Ескерту. 28-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 2011 жылғы 30 желтоқсандағы № 5, 2012.12.29 № 6 (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулыларымен.

      29. АІЖК-нің 388-бабының бірінші бөлігіне сәйкес, шағымдалып отырған (наразылық келтірілген) сот актісі заңды күшіне енген күннен бастап бір жылдың ішінде өтініш берілуі (наразылық келтірілуі) мүмкін. Өтінішті берудің (наразылық келтірудің) жылдық мерзімі сот актісі АІЖК-нің 235-бабының бірінші, екінші және үшінші бөліктерінде, 368-бабында көрсетілген қағидалар бойынша заңды күшіне енген күннен бастап есептеледі.
      Егер қадағалау сатысындағы сот заңды күшіне енген сот актілерін жаңа шешім шығарып өзгертсе немесе бұзса, онда мұндай қаулыға шағымдану мерзімі осы қаулы шығарылған күннен бастап есептеледі.
      АІЖК 392-бабы бірінші бөлігінің 3) тармақшасына және 394-бабы бірінші бөлігінің 3) тармақшасына сәйкес, бір жылдық мерзімі өткізіліп және оны қалпына келтіру туралы өтінішсіз берілген өтініш оны берген тұлғаға қайтарылады.
      Егер шағым берудің өткізілген мерзімін қалпына келтіру туралы өтініш қоса тіркелген өтінішті қарау кезінде заңды күшіне енген сот актісін қайта қарау үшін АІЖК-нің 387-бабының үшінші бөлігімен көзделген негіздің жоқтығы анықталса, онда АІЖК 392-бабы бірінші бөлігінің 3) тармақшасына және 394-бабы бірінші бөлігінің 3) тармақшасына сәйкес, өтінішті қайтару туралы қаулы шығарылады.
      Егер облыстық прокуратураға және оған теңестірілген прокуратураға немесе Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасына тиісті қадағалау алқасына наразылық келтіру жайлы өтініш бір жылдық мерзім ішінде берілсе, бірақ прокурор наразылықты кешіктіріп келтірсе, онда заңмен белгіленген мерзімді АІЖК-нің 388-бабының үшінші бөлігінің талабына сай қадағалау алқасы қалпына келтіреді.
      Егер бір жылдық мерзімі бұзылып берілген және оны қалпына келтіру туралы өтініші бар өтінішті қараудың нәтижесінде шағым берілген сот актілерін қайта қарау жөнінде қадағалау іс жүргізуін қозғау туралы қаулы шығарылса, онда қадағалау сатысының соты осы мерзімді қалпына келтіру туралы мәселені АІЖК 398-бабының екінші бөлігінде қарастырылған тәртіпте сот отырысында қарайды. Прокурордың наразылық келтіру мерзімін қалпына келтіру туралы мәселені де қадағалау сатысының соты осындай тәртіпте қарайды. Өтінішті (наразылық) берудің дәлелсіз себептермен өткізіліп алынған мерзімі қалпына келтіруге жатпайды, ал шағым (наразылық) қараусыз қайтарылады.
       Ескерту. 29-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 2008.12.22. N 19, 2011 жылғы 30 желтоқсандағы № 5 Нормативтік қаулыларымен.

      30. АІЖК-нің 387-бабының үшінші бөлігіне сәйкес, заңды күшіне енген сот актілерін сот қадағалауы тәртібімен қайта қарауға мүмкіндік беретін елеулі жолсыздықтарға АІЖК-нің 366-бабының бірінші бөлігінде көрсетілген процессуалдық құқық нормаларын бұзу жатқызылады. Материалдық құқық нормаларын дұрыс қолданбау, егер сот осының нәтижесінде істі дұрыс шешпеген жағдайда ғана елеулі жолсыздыққа жатқызылуы мүмкін.
      Мәні бойынша дұрыс қабылданған сот актісі сот қадағалауы тәртібімен формальдық пайым тұрғысынан қайта қаралуға тиіс емес. Формальдық пайым тұрғысынан қайта қарау деп соттың істі қарау кезінде жіберген кемшіліктері АІЖК-нің 366-бабының бірінші бөлігімен қамтылмайтын немесе материалдық құқық нормаларының дұрыс қолданылмағанын көрсетпейтін іс-әрекеттер деп түсіну қажет.
      Қадағалау сатысындағы сот бірінші немесе апелляциялық сатыдағы соттың зерттемеген, тарап ұсынған дәлелдемелердің негізінде заңды күшіне енген сот актісін өзгертуге немесе бұзуға құқылы емес. Тиісті негіздер болған жағдайда мұндай сот актісі жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша қайта қаралуы мүмкін.

      31. АІЖК-нің 37-бабының үшінші бөлігіне сәйкес, қадағалау сатысындағы соттың алқа құрамы барлық жағдайда да тақ санды (кем дегенде үшеу) судьялардан тұруы керек.
      АІЖК-нің 336-бабында көрсетілген процессуалдық құқық нормаларының елеулі түрде бұзылуының тізбесі түпкілікті болып табылатындықтан, қадағалау сатысындағы соттың істі судьялардың жұп санынан тұратын алқалы құрамда қарауы соттың осындай құрамы шығарған қаулыны бұзуға әкеп соқтырмайды.
      Ескерту. 31-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 2012.12.29 № 6 (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулысымен.

      32. Іс бойынша шығарылған сот актілерін бұзып, бірінші сатыдағы соттың жаңадан қарауына жіберілген сот актісіне өтінішті беру процессуалдық іс-әрекет болып табылады. Ұсыныс енгізу немесе наразылық келтіру құқығын иеленген лауазымды адамдар осындай істі сұратқан жағдайда, бірінші сатыдағы сот АІЖК-нің 189-бабына сәйкес,  өтініш бойынша шешім қабылданғанға дейін оны қарауды кейінге қалдырады.
      Ескерту. 32-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының  2011 жылғы 30 желтоқсандағы № 5 Нормативтік қаулыларымен.

      33. Өтініш бойынша келіп түскен азаматтық іс соттан сұратып алдырылған жағдайда ғана АІЖК 396-бабында көрсетілген лауазымды тұлғалар заңды күшіне енген сот актілерін орындауды тоқтата тұруы мүмкін.
       Ескерту. 33-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 2008.12.22. N 19, 2011 жылғы 30 желтоқсандағы № 5 Нормативтік қаулыларымен.

      34. Алынып тасталды - ҚР Жоғарғы Сотының 2008.12.22. N 19 Нормативтік қаулысымен.

      35. Кассациялық немесе қадағалау сатысындағы судьяның ерекше пікірінің мазмұнын жариялауға жол берілмейді. Істі сот қадағалауы тәртібімен қарап жатқан судья ғана оның мазмұнымен танысуға құқылы. Бұдан кейін судьяның ерекше пікірі желімделген конвертке салынып, іске қайта тіркеледі.
      Ескерту. 35-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының  2011 жылғы 30 желтоқсандағы № 5 Нормативтік қаулыларымен.

      36. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2007.12.25. N 12 Нормативтік қаулысымен.

      37. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2007.12.25. N 12 Нормативтік қаулысымен.

      38. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2007.12.25. N 12 Нормативтік қаулысымен.

      39. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2007.12.25. N 12 Нормативтік қаулысымен.

      40. АІЖК-нің 253-бабының ұқсастығы бойынша қадағалау сатысының соты сот отырысында анықталған заң бұзушылық фактілері бойынша тиісті мемлекеттік органдардың, лауазымды адамдардың атына жеке ұйғарым шығаруға құқылы. Олар қабылданған шаралар туралы бір ай мерзімнің ішінде сотқа хабарлауға міндетті.

      41. Осы нормативтік қаулының қабылдануына байланысты Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты Пленумының "Соттардың азаматтық іс жүргізу заңының кейбір нормаларын қолдануы туралы" 2000 жылғы 30 маусымдағы N 9 қаулысы Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты Пленумының 2000 жылғы 30 қазандағы N 15 қаулысымен енгізілген өзгерістерімен бірге күшін жойды деп танылсын.

      42. Қазақстан Республикасы Конституциясының 4-бабына сәйкес, осы нормативтік қаулы қолданыстағы құқық құрамына енгізіледі және жалпыға бірдей міндетті болып табылады әрі ол ресми жарияланған күннен бастап күшіне енеді.

      Қазақстан Республикасы
      Жоғарғы Сотының Төрағасы

      Қазақстан Республикасы
      Жоғарғы Сотының судьясы,
      жалпы отырыс хатшысы