Соттардың азаматтық іс жүргізу заңнамасының кейбір нормаларын қолдануы туралы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2003 жылғы 20 наурыздағы N 2 нормативтік қаулысы

Жаңартылған

      Қазақстан Республикасының Азаматтық іс жүргізу  кодексінің  (әрі қарай - АІЖК) кейбір нормаларының өзгеруіне және оларды сот практикасында біркелкі қолдану қажеттілігіне байланысты Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жалпы отырысы қаулы етеді:

      1. Заңдылық принципіне және әділеттілік пен парасат өлшемдеріне жауап беретін сот актісін (шешімді, ұйғарымды, қаулыларды, сот бұйрығын) шығару мақсатында әрбір азаматтық істі қарау кезінде материалдық және процессуалдық құқық нормаларын мүлтіксіз сақтаудың қажеттілігіне соттардың назары аударылсын.

      2. АІЖК-нің  150-бабына  сәйкес, талапкерлер талап арыздарында тек талаптарын көрсетіп қана қоймай, сонымен бірге олардың құқықтарының, бостандықтарының немесе заңмен қорғалатын мүдделерінің бұзылуының немесе бұзылу қаупінің мәнін, өз талаптарын негіздеген мән-жайларды жан-жақтылы баяндауға, сондай-ақ осы мән-жайлар мен талаптарды растайтын дәлелдемелерді келтіруге міндетті.
      Прокурордың мемлекеттің немесе қоғамның не азаматтың мүддесін көздеп қойған талаптары АІЖК-нің  150-бабының  төртінші бөлігінде көрсетілген талаптарға сәйкес келуге тиіс.
      АІЖК-нің  153 154 242 243 247 249-баптарында  көрсетілген талап арызды қабылдаудан бас тартудың не талап арызды талапкерге қайтарудың немесе қараусыз қалдырудың, ал қозғалған азаматтық іс бойынша өндірісті тоқтата тұрудың не қысқартудың негіздері түпкілікті болып табылады.

      3. Сотқа берілген арыздар (шағымдар) үшін "Салықтар және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы (Салық кодексі)" Қазақстан Республикасы Кодексінің (әрі қарай - Салық кодексі)  507-бабының  екінші бөлігінің 1) тармақшасына және  496-бабына  сәйкес мемлекеттік баж төленуі керек.
      Мемлекеттік бажды талапкер үшін басқа адам төлеуі де мүмкін, бірақ төлем тапсырмасында (түбіртекте) осы төлемнің талапкер үшін төленгені көрсетілуге тиіс.
      Заңды тұлға құрмаған жеке кәсіпкерлер сотқа арыз берген кезде, Салық кодексінің  496-бабының  бірінші бөлігінің 4) тармақшасында көзделген жағдайларды қоспағанда, Салық кодексінде жеке тұлғалар үшін көрсетілген ставкалар мөлшерінде мемлекеттік баж төлеуге тиіс.

      4. Талапкер сотқа арыз берген кезде Салық  кодексінде  көзделген негіздер болған жағдайда мемлекеттік баж төлеуден босатылады.
      Мемлекеттік органдар сотқа талап арыз түсіргенде және үшінші тұлғаның мүддесін қорғап, соттардың шешімдеріне шағымданғанда прокуратура органдарынан басқалары мемлекеттік бажды төлеуден босатылмайды.
      Іс өндірісі кезінде АІЖК-нің  107-бабында  қарастырылған жағдайларға сәйкес пайда болған сот шығындарын өтеуден тараптар мүліктік жағдайларына байланысты босатылуға жатпайды.
       Ескерту. 4-тармаққа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2006.06.23.  N 5  нормативтік қаулысымен.

      5. Адам және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын, заңды тұлғалар мен мемлекеттің мүдделерінің сақталуын қадағалауды жүзеге асыру кезінде қабылданған прокурорлық қадағалау актілерін (ескерту, ұсыныс, наразылық және т.б.) даулау туралы азаматтар мен заңды тұлғалардың арыздары  АІЖК-нің  3 және  27-тарауларында  қарастырылған нормалар бойынша соттардың қарауына жатады. Қазақстан Республикасының Бас прокуроры шығарған прокурорлық қадағалау актілері АІЖК-нің  28-бабына  сәйкес сотта даулануы мүмкін.
      АІЖК-нің  159-бабының  бірінші бөлігінің 5) тармақшасына және "Прокуратура туралы" Қазақстан Республикасы Заңының  8-бабының  2-тармағына және 24-бабының 5-тармағына сәйкес прокурордың наразылық актісінің күшін және орындалуын шағым бойынша шешім қабылданғанға дейін тоқтата тұру туралы сот ұйғарым шығаруға құқылы.

      6. АІЖК-нің  48-бабының  екінші бөлігіне сәйкес, заңнамалық актілермен көзделген жағдайларда заңды тұлға болып табылмайтын ұйымдар да іс бойынша тараптар бола алады (мысалы, АІЖК-нің  272-бабына  сәйкес - аумақтық сайлау комиссиясы).
      Қазақстан Республикасынан тыс жерде тиісті шетел мемлекетінің заңнамасына сәйкес құрылған заңды тұлғаларды (компанияларды, фирмаларды, кәсіпорындарды және т.б.) шетелдік ұйымдар деп түсіну қажет. Қазақстан Республикасының аумағында оның заңнамасына сәйкес құрылған заңды тұлғалар, оның ішінде шетелдік инвесторға толығымен тиесілі кәсіпорындар мен бірлескен кәсіпорындар шетелдік ұйымдар болып табылмайды.

      7. АІЖК-нің  36-бабының  екінші бөлігінің 1) және 3) тармақшаларында көзделген жағдайларда, істерді бір соттың өндірісінен екінші соттың өндірісіне беру заңды күшіне енген сот ұйғарымының негізінде жүргізіледі. Тараптардың осындай ұйғарымдарға жазған жеке шағымдарын апелляциялық алқа құрамында қаралады.
      АІЖК-нің  36-бабының  екінші бөлігінің 2) және 4) тармақшаларында көрсетілген негіздер болған жағдайда жоғары тұрған соттың судьясы іске қатысушы адамдарды істің қаралатын орны мен уақыты туралы хабардар етпестен, істі нақтылы бір соттың қарауына беру туралы жеке-дара ұйғарым шығарады.
      Соттар арасында нақтылы істің соттылығы туралы дау туындаған жағдайда жоғары тұрған соттың судьясы іске қатысушы адамдарды оның қаралатын орны мен уақыты туралы хабардар етпестен және соттың істі басқа соттың өндірісіне жіберу туралы ұйғарымын бұзбай, істің нақтылы қай соттың қарауына жататыны туралы ұйғарым шығарады.
      Апелляциялық саты сотының қаулысы және жоғары тұрған соттың судьясының істің қай соттың қарауына жататыны туралы ұйғарымы шағымдануға, наразылық келтіруге жатпайды.

      8. Сотта талапкерлер мен жауапкерлердің мүдделерін олардың заңды өкілдері және сенімхатта көрсетілген адамдар (тапсырма бойынша өкілдік алғандар) білдіре алады.
      АІЖК-нің  59-бабының  7) тармақшасына орай, соттар өкілдер ретінде қатыстыратын басқа адамдар деп осы баптың 1) - 6) тармақшаларында аталмаған, бірақ сенімхаттың немесе сенім білдірушінің сот отырысының хаттамасына енгізілген ауызша мәлімдемесінің негізінде сотта тараптардың мүдделерін білдіретін адамдар танылады.
      Өкілдің сенімхатында АІЖК-нің  61-бабының  бірінші бөлігінде көзделген процессуалдық іс-әрекеттердің ішінен өкілдің сотта сенім білдірушінің атынан жасайтын іс-әрекеттері көрсетілуге тиіс.
      Егер өкілге берілген сенімхатта оның нақтылы өкілеттіктері көрсетілмесе, онда өкіл АІЖК-нің  61-бабының  бірінші бөлігіне сәйкес берілуге тиіс өкілеттіктерден басқа процессуалдық іс-әрекеттерді жасауға (іс материалдарымен танысуға, олардан үзінділер жасауға, өтініштер білдіруге, даудың мәні бойынша түсіндірмелер беруге және т.б.) құқылы.
      Заң консультациясы немесе жеке адвокаттық кеңсе берген ордер адвокатқа заңгерлік көмек көрсетуді өтінген клиенттің мүддесін сотта қорғау құқығын береді, бірақ сенімхаттың орнына жүрмейді және адвокатқа АІЖК-нің  61-бабының  бірінші бөлігінде көрсетілген процессуалдық іс-әрекеттерді жасау құқығын бермейді.

      9. Сот істі сот талқылауына дайындау кезінде, сондай-ақ істі мәні бойынша нақты қарау барысында да нені дәлелдеу қажеттігін айқындап алуы керек.
      Соттар дәлелдемелерді бағалау және тараптарды дәлелдеуден босату туралы мәселені шешу кезінде АІЖК-нің  66-бабының  оныншы бөлігінде,  78-бабының  үшінші бөлігінде және  91-бабының  сегізінші бөлігінде көрсетілген нормаларды ескеріп отырулары қажет.
      АІЖК-нің  64  - 70-баптарына  сәйкес, соттар сот отырысында даудың мәніне тікелей қатысы бар және істің мән-жайын анықтау, тараптардың дауының мәні бойынша уәждерін растау немесе теріске шығару үшін жеткілікті болып табылатын дәлелдемелердің ғана зерттелетінін назарда ұстаулары қажет.
      Істің заң бойынша белгілі бір дәлелдемелермен расталуға тиісті мән-жайы ешқандай да басқа дәлелдемелермен расталуға тиіс емес (мысалы, егер мәміленің нақты жағдайлары бойынша дау туындайтын болса, ол келісім-шартпен дәлелденеді).

      10. АІЖК-нің  161-бабына  сәйкес, АІЖК-нің  159-бабының  бірінші бөлігінде аталған талаптарды іске асыру жөніндегі шараларды қолдану туралы ұйғарымдар сот шешімдерін орындау үшін көзделген тәртіппен дереу шешілуге жатады.
      Мына төмендегі жағдайларда:
      а) жауапкердің банкте немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдарда сақталып жатқан ақшасына немесе өзге де мүлкіне тыйым салу туралы сот ұйғарымдарын банктер немесе осындай ұйымдар өздері тікелей орындайды;
      б) АІЖК-нің  159-бабының  бірінші бөлігінің 2), 3), 4), 6) тармақшаларында көзделген талаптардың орындалуын қамтамасыз ету үшін қабылданған сот ұйғарымдары ондағы шараларды сақтауға міндетті жаққа белгіленген іс-әрекеттерден тартыну үшін сол адамға қолы қойдырылып тапсырылады;
      в) АІЖК-нің  159-бабының  бірінші бөлігінің 5) тармақшасында көзделген талаптардың орындалуын қамтамасыз ету жөніндегі ұйғарымдарды мемлекеттік органдар немесе дауланып отырған актіні шығарған ұйым немесе лауазымды адам орындайды. Егер шағымдалып отырған акт бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланса, онда соттың осы актінің күшін тоқтата тұру туралы ұйғарымы бұқаралық ақпарат құралының кезекті санында талапкердің есебінен жариялауға жатады.

      11. Заңды тұлғалар, заңды тұлғаны құрмастан кәсіпкерлікпен айналысатын азаматтар (жеке кәсіпкерлер) араларында туындаған талаптың бағасына қарамастан мүліктік және мүліктік емес даулар жөніндегі азаматтық істер, осы бапта көрсетілгендерден басқалары АІЖК-нің  30-бабына  сәйкес, мамандандырылған ауданаралық экономикалық соттардың қарауына жатады.

      12. Моральдық зиян немесе іскерлік абырой-беделге нұқсан келтірілгені үшін ақшалай түрде өтем жасау туралы талаптар қойылған кезде, ақшалай талап қойылып отырғаны айқын болса да, мүліктік емес сипаттағы талаптар ретінде мемлекеттік баж алынатынына соттардың назары аударылсын. Алайда осындай талаптар бойынша өкілдің көмегіне ақы төлеу жөніндегі шығындарды өтеу туралы мәселені шешу кезінде соттар АІЖК-нің  111-бабының  бірінші бөлігінде көрсетілген мұндай шығындар өтемақы сомасының он пайызынан аспауы қажет екендігі туралы талапты негізге алулары қажет.

      13. АІЖК-нің  189-бабының  бірінші бөлігінде көзделген негіздер бойынша істі қарау кейінге қалдырылған жағдайда, іс жаңа сот отырысында АІЖК-нің  180 181  және басқа да баптарында белгіленген қағидалар сақтала отырып қаралады. Алдыңғы сот отырыстарында алынған құжаттар АІЖК-нің  201-бабында  көзделген тәртіппен даудың мәні бойынша шешім шығарылатын сот отырысында жариялануға тиіс.

      14. Жауапкердің талапты толық немесе ішінара мойындауы талап арызға жазбаша пікір келтіру арқылы білдіріледі. Пікір сот отырысында арыз түрінде жазбаша берілуі не ауызша айтылуы мүмкін. Ауызша айтылған арыз сот отырысының хаттамасына енгізіледі және оған жауапкер қол қояды.
      Сот жауапкерге талапты мойындау туралы арыздың құқықтық салдарын түсіндіреді және жауапкерді талаптарды мойындауға мәжбүрлеу туралы қандай да бір мәліметтердің бар-жоғын анықтайды, содан кейін жауапкердің талаппен келісуі туралы арызын қабылдау не қабылдамау туралы ұйғарым шығарады. Соттың шығарған ұйғарымы шағымдануға жатпайды.

      15. Біріктірілген талаптардың бірі қысқартылған мерзімде, екіншісі жалпы екі айлық мерзімде қаралатын болса, онда іс сотқа түскен күннен бастап екі айлық мерзім ішінде қаралады.
      Азаматты хабарсыз кетті деп тану туралы немесе өлді деп жариялау туралы істерді қараудың мерзімі тиісті хабарландыру жарияланған күннен бастап үш айлық мерзім аяқталған күннен бастап есептеледі. Осы орайда істі қарау мерзіміне арыз сотқа түскен күннен бастап іс қозғалғаны туралы хабарландыру жарияланған күнге дейінгі мерзім кіреді.
      Іс бойынша өндірісті қысқарту туралы шешім немесе ұйғарым не арызды қараусыз қалдыру туралы ұйғарым шығарылған күн істің қаралу мерзімінің аяқталған күні болып табылады.

      16. Егер борышкер сот бұйрығының көшірмесін алған күннен бастап он күн мерзімнің ішінде сотқа мәлімделген талапқа қарсылықтарын жіберсе, онда судья олардың мазмұнына қарамастан сот бұйрығын бұзу туралы ұйғарым шығаруға міндетті. Егер жауапкер осындай қарсылықтарды беру мерзімін дәлелді себептермен өткізіп алса, онда осы мерзім АІЖК-нің  128-бабына  сәйкес қалпына келтірілуі мүмкін.
      Егер бұзылған сот бұйрығы орындауға жіберілсе немесе орындау үшін өндірушіге берілсе, онда сот мұндай сот бұйрығын кері қайтарып алады.

      17. Басталған сот отырысында АІЖК-нің  260-бабының  бірінші бөлігінде көрсетілген негіздер жиынтығы болған жағдайда ғана сот сырттай іс жүргізе алады.
      АІЖК-нің  264-бабының  бірінші бөлігі бойынша, істі қарау кезінде сот отырысына төрағалық еткен судьяны сырттай шешім шығарған сот деп түсіну қажет. Ерекше жағдайларда (судьяның қайтыс болуы, орнынан түсуі, демалысы, ұзақ уақыт бойы (10 күннен астам) еңбекке жарамсыздығы не іссапарда болуы) сырттай шығарылған шешімді бұзу туралы арызды осы соттың басқа судьясы қарауы мүмкін.
      Егер жауапкер сот отырысына келіп, бірақ ол аяқталғанға дейін сот отырысы залынан өз бетімен шығып кетсе, онда сот істі қарауды жалғастыра алады. Мұндай жағдайда шығарылған шешім сырттай шығарылған шешім деп есептелмейді.
      Егер жауапкердің алдыңғы сот отырысына дәлелді себептерсіз келмеуіне байланысты істі талқылау талапкердің өтініші бойынша кейінге қалдырылса және жауапкер сот отырысына екінші рет келмесе, онда сот істі сырттай жүргізуге құқылы.

      18. АІЖК-нің  332-бабының  бірінші бөлігіне сәйкес, бірінші сатыдағы соттардың сот актілеріне тараптар мен іске қатысушы басқа да адамдар шағымдануы немесе прокурор апелляциялық тәртіппен наразылық келтіруі мүмкін.
      Іске қатыстырылмаған адамдар, сот олардың құқықтары мен міндеттеріне қатысты шешім қабылдаған жағдайда ғана апелляциялық шағым беруге құқылы.

      19. АІЖК-нің  334-бабының  үшінші бөлігімен көзделген қысқаша (қысқартылған) шешімге апелляциялық шағым берудің (наразылық келтірудің) мерзімі ол шығарылған күннен бастап, ал дәлелді шешімге - осындай шешім шығарылған күннен бастап есептеледі.
      АІЖК-нің  264-бабына  сәйкес сырттай шығарылған шешімге апелляциялық шағым берудің мерзімін есептеудің бір ерекшелігі, осындай шешімнің көшірмесін алған күннен бастап бес күн өткеннен кейін, егер жауапкер сырттай шығарылған шешімді бұзу жөнінде арыз бермеген жағдайда ғана сырттай шығарылған шешімге апелляциялық шағым беріледі. Егер жауапкер осы мерзімнің ішінде сырттай шығарылған шешімді бұзу туралы арыз берсе, бірақ ол арызды бірінші сатыдағы сот қанағаттандырудан бас тарту туралы ұйғарым шығарған күннен бастап он бес күннің ішінде апелляциялық шағым берілуі мүмкін.

      20. Мына сот актілеріне:
      1) сот бұйрықтарына;
      2) бірінші сатыдағы соттардың сайлауларға, референдумдарға қатысушы азаматтардың немесе қоғамдық ұйымдардың сайлау құқықтарының бұзылғанын анықтаған шешімдеріне;
      3) Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының бірінші сатыдағы сот ретінде шығарған шешімдері мен ұйғарымдарына;
      4) бірінші сатыдағы соттардың  АІЖК-нің  нормалары бойынша шағымдануға жатпайтын немесе істің одан әрі жылжуына кедергі келтірмейтін ұйғарымдарына апелляциялық тәртіпте шағым беруге (наразылық келтіруге) болмайды. Бірінші сатыдағы соттардың арызды қозғалыссыз қалдыру туралы, істі жабық сот отырысында қарау туралы, бейнежазбаларды қолдану және т.б. туралы ұйғарымдар шығаруын істің одан әрі қаралуына кедергі келтірмейтін ұйғарымдар деп түсінген жөн.

      21. Іске қатысушы адамдардың апелляциялық (жеке) шағым беру, наразылық келтіру мерзімін қалпына келтіру туралы арыздары бірінші сатыдағы соттың отырысында АІЖК-нің  128-бабымен  белгіленген қағида бойынша қаралуға жатады.
      Соттың апелляциялық (жеке) шағым беру, наразылық келтіру мерзімін қалпына келтіруден бас тарту туралы ұйғарымына АІЖК-нің  344-бабының  төртінші бөлігінде көрсетілген мерзімдерде шағым, наразылық келтірілуі мүмкін.

      22. АІЖК-нің  345 347-баптарына  сәйкес, апелляциялық сатыдағы сот істегі бар және қосымша ұсынылған материалдар бойынша бірінші сатыдағы соттың шешімінің заңдылығы мен негізділігін толық көлемде тексереді.
      Сот шешімін толық көлемде тексеру деп бірінші сатыдағы соттың іс бойынша нақтылы мән-жайларды дұрыс анықтауын, материалдық және процессуалдық құқық нормаларын қолдануы мен түсіндіруін айқындау деп ұғыну қажет.

      23. АІЖК-нің  189 242 243 247 249 -баптарында көзделген негіздер бойынша апелляциялық сатының соты істі қарауды кейінге қалдыруға, іс бойынша өндірісті тоқтата тұруға немесе қысқартуға, арызды қараусыз қалдыруға құқылы. Сот бұл туралы тиісті қаулы шығарады.

      24. Жаңадан ұсынылған құжаттар мен материалдарды, егер осы құжаттар мен материалдар дәлелді себептермен бірінші сатыдағы сотқа ұсынылмаса немесе оларды алдырып, сот отырысында зерделеуге көмектесу туралы өтінішті бірінші сатыдағы сот қабылдамай тастаған жағдайда ғана апелляциялық сатыдағы сот өзінің қарауына қабылдауға құқылы.
      Тараптың АІЖК-нің  65  және  66-баптарына  сәйкес, бірінші сатыдағы сотқа кешірімсіз себептермен ұсынбаған дәлелдемелерді апелляциялық сатыдағы сотқа ұсынуы апелляциялық сатыдағы соттың оларды қабылдап, зерделеуіне мүмкіндік бермейді және мұндай жағдай тараптың процессуалдық олқылығы деп бағаланады.

      25. Апелляциялық сатыдағы сот тараптардың жаңадан зерттеуге ұсынған дәлелдемелерінің негізінде, егер іске қатысушы басқа адамдар апелляциялық шағым (наразылық) жөнінде айтқан пікірлерінде немесе апелляциялық саты сотының отырысында осы дәлелдемелер бойынша өз ойларын білдірсе, мәлімделген талап шегінде жаңа фактілерді анықтай алады. Мұндай жағдайларда апелляциялық сатыдағы сот істі бірінші сатыдағы соттың жаңадан қарауына жібермей-ақ, бірінші сатыдағы соттың шешімін өзгертеді немесе оны бұзып, іс бойынша жаңа шешім шығарады.
      Апелляциялық сатыдағы сот толық, жан-жақтылы әрі объективті зерттелген азаматтық іс материалдарының негізінде іс үшін маңызы бар мән-жайларды қайтадан анықтап қана қоймай, сонымен бірге сол немесе басқа мән-жайлардың дәлелденгені немесе дәлелденбегені туралы тұжырым жасауға, материалдық құқық нормаларын дұрыс қолдануға не заң ұқсастығы мен құқық ұқсастығын қолдануға құқылы.

      26. Егер апелляциялық сатыдағы сот істі қарау кезінде бірінші сатыдағы соттың АІЖК-нің  365-бабында  көзделген талаптардың сақталмағандығы анықталса, онда істі бірінші сатыдағы соттың жаңадан қарауына бермей-ақ, бірінші сатыдағы соттың шешімін өзгерту немесе оны бұзу туралы қаулы шығарады немесе дау бойынша нақты шешім қабылдайды.
      Апелляциялық сатыдағы сот:
      1) АІЖК-нің  366-бабының  бірінші бөлігінің 1) - 7) тармақшаларында көрсетілген процессуалдық құқық нормаларының қай-қайсысының болмасын бұзылуын анықтаса;
      2) істі дұрыс шешу үшін маңызы бар, тарап қосымша ұсынған бір жақтың дәлелдемелерін қарауға қабылдаса, бірақ оның сот отырысында зерттелуі мүмкін болмаса;
      3) бірінші сатыдағы соттың АІЖК-нің  364-бабының  бірінші бөлігінің 1) тармақшасында көзделген талаптардың орындалмағанын анықтаса іс бірінші сатыдағы соттың жаңадан қаралуына жіберуге жатады.

      27. Егер апелляциялық сатыдағы сот шешімді бұзып, істі бірінші сатыдағы сотқа жаңадан қарауға жіберсе, онда істің мән-жайын зерттеу кезінде жіберілген олқылықтардың орнын толтыру мақсатында бірінші сатыдағы сот орындауға тиісті процессуалдық іс-әрекеттерді қаулыда көрсетуге міндетті.
      Сонымен бірге апелляциялық сатының соты істі жаңадан қараудың нәтижелерін алдын ала әйгілейтін және дәлелдемелердің бір бірінен басым екенін білдіретін уәждерді қаулыда көрсетуге тиіс емес.

      28. АІЖК-нің  385-бабының  бірінші бөлігіне сәйкес, соттың заңды күшіне енген шешіміне, ұйғарымына, қаулысы мен сот бұйрығына апелляциялық шағым беруге құқылы тараптар мен іске қатысушы басқа да адамдар істі қадағалау тәртібімен қарауға уәкілетті сотқа тікелей шағымдануы мүмкін. АІЖК-нің  391-бабының  үшінші бөлігіне сәйкес, іске қатыстырылмаған адамдар, олардың құқықтары мен міндеттері туралы мәселе осы актілермен шешілген жағдайда ғана аталған сот актілеріне шағымдануға құқылы.

      29. АІЖК-нің  388-бабының  бірінші бөлігіне сәйкес, шағымдалып отырған (наразылық келтірілген) сот актісі заңды күшіне енген күннен бастап бір жылдың ішінде қадағалау шағымы берілуі (наразылық келтірілуі) мүмкін. Қадағалау шағымын берудің (наразылық келтірудің) жылдық мерзімі сот актісі АІЖК-нің  235-бабының  бірінші, екінші және үшінші бөліктерінде,  368-бабында  көрсетілген қағидалар бойынша заңды күшіне енген күннен бастап есептеледі.
      Егер қадағалау сатысындағы сот заңды күшіне енген сот актілерін жаңа шешім шығарып өзгертсе немесе бұзса, онда мұндай қаулыға шағымдану мерзімі осы қаулы шығарылған күннен бастап есептеледі.
      Қадағалау шағымы (наразылық) бір жылдық мерзім өткізіліп барып, осы мерзімді қалпына келтіру туралы өтініш жасалмай берілген (келтірілген) жағдайда шағым (наразылық) АІЖК-нің  392-бабына  сәйкес, қаралмай, оны берген адамдарға қайтарылуға жатады.
      Егер шағым берудің өткізілген мерзімін қалпына келтіру туралы өтініш қоса тіркелген қадағалау шағымын қарау кезінде заңды күшіне енген сот актісін қайта қарау үшін АІЖК-нің  387-бабының  үшінші бөлігімен көзделген негіздің жоқтығы анықталса, онда қадағалау шағымының иесіне дәлелді жауап қайтарылады.
      Егер облыстық прокуратураға және оған теңестірілген прокуратураға немесе Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасына тиісті қадағалау алқасына наразылық келтіру жайлы өтініш бір жылдық мерзім ішінде берілсе, бірақ прокурор наразылықты кешіктіріп келтірсе, онда заңмен белгіленген мерзімді АІЖК-нің  388-бабының  үшінші бөлігінің талабына сай қадағалау алқасы қалпына келтіреді.
      Егер жылдық мерзім бұзылып берілген қадағалау шағымын және оны қалпына келтіру туралы өтінішті қараудың нәтижелері бойынша шағымдалған сот актілерін қайта қарау туралы ұсыным енгізілсе, онда тиісті қадағалау сатысының соты АІЖК-нің  398-бабының  екінші бөлігінде көрсетілген тәртіппен осы мерзімді қалпына келтіру туралы мәселені шешеді. Прокурордың өз бастамасы бойынша наразылық келтіруге арналған мерзімді қалпына келтіру туралы мәселе де осы тәртіппен қаралады. Егер сот шағым берудің (наразылық келтірудің) мерзімінің дәлелсіз себептермен өтіп кеткенін анықтаса, онда шағым (наразылық) қаралмастан, оларды берген адамдарға қайтарылады.

      30. АІЖК-нің  387-бабының  үшінші бөлігіне сәйкес, заңды күшіне енген сот актілерін сот қадағалауы тәртібімен қайта қарауға мүмкіндік беретін елеулі жолсыздықтарға АІЖК-нің  366-бабының  бірінші бөлігінде көрсетілген процессуалдық құқық нормаларын бұзу жатқызылады. Материалдық құқық нормаларын дұрыс қолданбау, егер сот осының нәтижесінде істі дұрыс шешпеген жағдайда ғана елеулі жолсыздыққа жатқызылуы мүмкін.
      Мәні бойынша дұрыс қабылданған сот актісі сот қадағалауы тәртібімен формальдық пайым тұрғысынан қайта қаралуға тиіс емес. Формальдық пайым тұрғысынан қайта қарау деп соттың істі қарау кезінде жіберген кемшіліктері АІЖК-нің  366-бабының  бірінші бөлігімен қамтылмайтын немесе материалдық құқық нормаларының дұрыс қолданылмағанын көрсетпейтін іс-әрекеттер деп түсіну қажет.
      Қадағалау сатысындағы сот бірінші немесе апелляциялық сатыдағы соттың зерттемеген, тарап ұсынған дәлелдемелердің негізінде заңды күшіне енген сот актісін өзгертуге немесе бұзуға құқылы емес. Тиісті негіздер болған жағдайда мұндай сот актісі жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша қайта қаралуы мүмкін.

      31. АІЖК-нің  37-бабының  екінші бөлігіне сәйкес, қадағалау сатысындағы соттың алқа құрамы барлық жағдайда да тақ санды (кем дегенде үшеу) судьялардан тұруы керек. Облыстық және оған теңестірілген соттың қадағалау алқасының отырыстарына осы соттың төрағасы, ал ол дәлелді себептермен болмаған жағдайларда (мысалы, демалыс, ауыру, іссапар) - төрағаның нұсқауы бойынша соттың қадағалау алқасы судьяларының бірі төрағалық етеді.
      АІЖК-нің  336-бабында  көрсетілген процессуалдық құқық нормаларының елеулі түрде бұзылуының тізбесі түпкілікті болып табылатындықтан, қадағалау сатысындағы соттың істі судьялардың жұп санынан тұратын алқалы құрамда қарауы соттың осындай құрамы шығарған қаулыны бұзуға әкеп соқтырмайды.
      Егер АІЖК-нің  39  және  40-баптарында  көзделген негіздер бойынша іс облыстық және оған теңестірілген соттың қадағалау алқасында қаралуға келмесе, онда осы істің соттылығын АІЖК-нің  36-бабында  көрсетілген тәртіппен Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының судьясы айқындайды.

      32. Іс бойынша шығарылған сот актілерін бұзып, бірінші сатыдағы соттың жаңадан қарауына жіберілген сот актісіне қадағалау шағымын беру процессуалдық іс-әрекет болып табылады. Ұсыныс енгізу немесе наразылық келтіру құқығын иеленген лауазымды адамдар осындай істі сұратқан жағдайда, бірінші сатыдағы сот АІЖК-нің  189-бабына  сәйкес, қадағалау шағымы бойынша шешім қабылданғанға дейін оны қарауды кейінге қалдырады.

      33. АІЖК-нің  396-бабында  аталған лауазымды адамдар, істі соттан сұратқан кезде, заңды күшіне енген сот актісінің орындалуын қадағалау шағымын берген адамның осы туралы өтініші болған жағдайда ғана тоқтата тұруы мүмкін. Егер облыстық және оған теңестірілген соттың қадағалау алқасына сот актісін қайта қарау туралы ұсыным енгізілсе (наразылық келтірілсе), онда АІЖК-нің  396-бабында  аталған адамдар облыстық және оған теңестірілген соттың төрағасының, облыс прокурорының және оған теңестірілген прокурордың ұсынымының негізінде заңды күшіне енген осындай сот актісінің орындалуын тоқтата тұруға құқылы.

      34. Облыстық және оған теңестірілген сотта шағымдалған сот актісін қайта қарау туралы ұсынымды осы соттың қадағалау алқасының судьясы дайындайды, ал шағымды қарау үшін іспен және ұсыныммен бірге қадағалау алқасына сот төрағасы жібереді.
      Шағымдалып отырған сот актілерін қайта қарау үшін негіздемелер болмаған жағдайда қадағалау шағымының иесіне облыстық және оған теңестірілген соттың төрағасының қолы қойылған жазбаша хабарлама жіберіледі.

      35. Апелляциялық немесе қадағалау сатысындағы судьяның ерекше пікірінің мазмұнын жариялауға жол берілмейді. Істі сот қадағалауы тәртібімен қарап жатқан судья ғана оның мазмұнымен танысуға құқылы. Бұдан кейін судьяның ерекше пікірі желімделген конвертке салынып, іске қайта тіркеледі.

      36. Сот актілерін жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша қайта қарау туралы мәселені шешу кезінде соттар АІЖК-нің  404-бабында  келтірілген негіздер тізбесінің түпкілікті болып табылатынын негізге алулары тиіс.
      Бұл орайда сот актісін қабылдау кезінде сот тұжырымына ықпал етуге қабілетті, арызданушыға мәлім болмаған және мәлім болуы мүмкін емес мән-жайлардың іс үшін елеулі мән-жайлар болып табылатынын назарда ұстау қажет.
      Сот актісі қабылданғаннан кейін жаңадан туындаған мән-жайлар оны жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша қайта қарау үшін емес, жаңа талапты қою үшін негіз болуы мүмкін.

      37. АІЖК-нің  150-бабының  ұқсастығына орай жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша заңды күшіне енген сот актісін қайта қарау туралы арызда сонымен бірге қайта қарау туралы арыз беріліп отырған сот актісі, осындай қайта қарау үшін АІЖК-нің  404-бабында  көзделген негіздеме және жаңадан ашылған мән-жайлардың барын растайтын дәлелдемелер көрсетілуі қажет. Егер арыз аталған талаптарға сәйкес келмесе, онда АІЖК-нің  155-бабының  ұқсастығы бойынша осы арызды қараусыз қалдыру туралы ұйғарым шығарылады.

      38. Арыз беру мерзімі АІЖК-нің  407-бабында  көзделген ережелер бойынша есептеледі. Егер арызданушы арыз беру мерзімін өткізіп алса және оны қалпына келтіру туралы өтініш жасаса, егер сот бұл мерзім дәлелді себептермен өткізілген деген тоқтамға келсе, осы мерзімді қалпына келтіруге құқылы.

      39. Сот актісін жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша АІЖК-нің  405-бабының  бірінші бөлігіне сәйкес, оны шығарған сот қарайды.
      Егер бірінші сатыдағы сот шығарған сот актісі апелляциялық немесе қадағалау сатысында өзгертілсе немесе бұзылса, онда жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша істі сот актісін өзгерткен немесе бұзған сот қайта қарайды.
      Сот актісі жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша бұзылған жағдайда, істі бірінші сатыдағы сот  АІЖК-нің  осы сатыдағы соттың қарауы үшін белгілеген нормаларын сақтай отырып қарайды.

      40. АІЖК-нің  253-бабының  ұқсастығы бойынша қадағалау сатысының соты сот отырысында анықталған заң бұзушылық фактілері бойынша тиісті мемлекеттік органдардың, лауазымды адамдардың атына жеке ұйғарым шығаруға құқылы. Олар қабылданған шаралар туралы бір ай мерзімнің ішінде сотқа хабарлауға міндетті.

      41. Осы нормативтік қаулының қабылдануына байланысты Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты Пленумының "Соттардың азаматтық іс жүргізу заңының кейбір нормаларын қолдануы туралы" 2000 жылғы 30 маусымдағы N 9  қаулысы  Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты Пленумының 2000 жылғы 30 қазандағы N 15  қаулысымен  енгізілген өзгерістерімен бірге күшін жойды деп танылсын.

      42. Қазақстан Республикасы Конституциясының  4-бабына  сәйкес, осы нормативтік қаулы қолданыстағы құқық құрамына енгізіледі және жалпыға бірдей міндетті болып табылады әрі ол ресми жарияланған күннен бастап күшіне енеді.

       Қазақстан Республикасы
      Жоғарғы Сотының Төрағасы

       Қазақстан Республикасы
      Жоғарғы Сотының судьясы,
      жалпы отырыс хатшысы