Қазақстан Республикасының нормативтiк құқықтық актiлерiнiң ресми мәтiндерiн кейiннен жариялау ережесiн бекiту туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысы. 2002 жылғы 22 тамыз N 938

Қолданыстағы

      "Нормативтiк құқықтық актiлер туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 30-бабын iске асыру мақсатында Қазақстан Республикасының Yкiметi қаулы етеді:

      1. Қоса берiлiп отырған Қазақстан Республикасының нормативтiк құқықтық актiлерiнiң ресми мәтiндерiн кейiннен жариялау ережесi бекiтiлсiн.
      2. Осы қаулы қол қойылған күнiнен бастап күшiне енедi.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

Қазақстан Республикасы
Yкiметінiң    
2002 жылғы 22 тамыздағы
N 938 қаулысымен  
бекiтiлген  

Қазақстан Республикасы нормативтiк құқықтық актiлерiнiң ресми мәтiндерiн кейiннен жариялаудың ережесi

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Ереже "Нормативтiк құқықтық актiлер туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 30-бабын iске асыру мақсатында әзiрлендi және Қазақстан Республикасы нормативтiк құқықтық актiлерiнiң ресми мәтiндерiн кейiннен жариялаудың тәртiбiн айқындайды.

      2. "Нормативтiк құқықтық актiлер туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 3-бабында түрлерi көзделген Қазақстан Республикасы нормативтiк құқықтық актiлерiнiң ресми мәтiндерiн кейiннен жариялауды (бұдан әрi - кейiннен жариялау) осы Ережеде белгiленген тәртiппен осындай құқық алған баспа басылымдары жүзеге асырады.

      3. Осы Ереже нормативтiк құқықтық актiлердiң мәтiндерiн кейiннен ресми жариялау қажеттiгi туралы дербес шешiм қабылдайтын Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Жаршысына және Қазақстан Республикасының Президентi мен Қазақстан Республикасы Yкiметiнiң актiлер жинағына қолданылмайды.

      4. Нормативтiк құқықтық актiлердiң ресми мәтiндерiн кейiннен жариялауды баспа басылымдары және олар жариялайтын мәтiндер Қазақстан Республикасы нормативтiк құқықтық актiлерiнiң эталондық бақылау банкiне сәйкестiк сараптамасынан өткiзiлуi шартымен және кейiн жариялауға Қазақстан Республикасының Әдiлет министрлiгi берген (бұдан әрi - уәкiлеттi орган) құқықты алғаннан кейiн жүзеге асырады.

      5. Осы Ережеде мынадай ұғымдар пайдаланылады:
      1) сараптама - оның барысында баспа басылымдары ұсынатын нормативтiк құқықтық актiлер мәтiндерiнiң эталондық бақылау банкiнде сақталатын нормативтiк құқықтық актiлердiң ресми мәтiндерiне сәйкестiгiн тексерудi уәкiлеттi орган жүзеге асыратын рәсiм;
      2) макет - кейiннен жариялауға жататын нормативтiк құқықтық акт мәтінінің алдын ала үлгiсі.

2. Кейiннен жариялауға құқық алу үшiн қажеттi құжаттар

      6. Кейiннен жариялауға құқық алу мақсатында баспа басылымы уәкiлеттi органға мынадай құжаттарды ұсынады:
      1) кейiннен жариялауға құқық алуға арналған уәкiлеттi орган белгiлеген нысандағы өтiнiш;
      2) баспа басылымының заңнамада белгiленген тәртiппен куәландырылған құрылтай құжаттарының көшiрмелерi;
      3) макет.

      7. Уәкiлеттi орган Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен сараптама жүргiзуге және кейiннен жариялауға құқық алу үшiн қажеттi өзге де материалдарды сұратуға құқылы.

3. Кейiннен жариялауға құқық алудың шарттары мен тәртiбi

      8. Осы Ереженiң 6-тармағында көрсетiлген қажеттi құжаттар келiп түскеннен кейiн уәкiлеттi орган 30 күнтiзбелiк күн iшiнде сараптама жүргiзедi.

      9. Жүргiзiлген сараптама нәтижелерi бойынша уәкiлеттi орган кейiннен жариялауға құқық беру туралы не оны беруден бас тарту туралы шешiм қабылдайды.

      10. Уәкiлеттi органның оң қорытындысы болған кезде баспа басылымы кейiннен жариялауға құқық алады.
      Бұл ретте уәкiлеттi орган кейiннен жариялануға тиiс нормативтiк құқықтық актiнiң мәтiнiне "Ресми мәтiн" деген мөртаңба қояды.

      11. Кейiннен жариялауға құқық беруден, егер:
      1) осы Ереженiң 6-тармағында көзделген барлық қажеттi құжаттар немесе осы Ереженiң 7-тармағына сәйкес уәкiлеттi орган сұратуға құқығы бар материалдар ұсынылмаған;
      2) осы Ереженiң 6-тармағында көзделген құжаттарда немесе осы Ереженің 7-тармағына сәйкес уәкiлеттi органның сұратуға құқығы бар материалдарда ақпарат толық емес немесе шынайы емес ақпарат көрсетiлген;
      3) уәкiлеттi органның терiс қорытындысы шығарылған жағдайда бас тартылуы мүмкiн.

      12. Уәкiлеттi орган кейiннен жариялауға құқық беруден бас тартылған жағдайда баспа басылымына бас тарту себептерiн көрсете отырып, дәлелдi хат жiбередi, сондай-ақ баспа басылымына ұсынылған барлық құжаттар мен материалдарды қайтарады.

4. Кейiннен жариялаудың тәртiбi

      13. Кейiннен жариялау құқығын алған баспа басылымдары нормативтiк құқықтық актiлердi Қазақстан Республикасының нормативтiк құқықтық актiлерiнiң эталондық бақылау банкiне сәйкес корректорлық және редакторлық түзетулер мен қысқартусыз ресми мәтiндерiн оларға дәлме-дәл сәйкестiкте жариялауға тиiс.

      14. Баспа басылымдары нормативтiк құқықтық актiлердiң ресми мәтiндерiн кейiннен жариялау кезiнде олардың қолданысқа енгiзiлген күнiн мiндеттi түрде көрсетуге тиiс.

      15. Нормативтiк құқықтық актiлердiң ресми мәтiндерiн кейiннен жариялау кезiнде жарияланатын нормативтiк құқықтық актiлерге баспа басылымдарының қандай да бiр түсiнiктемесiне рұқсат берiлмейдi.

5. Қорытынды ережелер

      16. Осы Ереженiң сақталуын бақылауды уәкiлеттi орган жүзеге асырады.