Қорғану құқығын реттейтін қылмыстық іс жүргізу заңнамасын қолдану тәжірибесі туралы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының нормативтік қаулысы. 2002 жылғы 6 желтоқсан N 26

Қолданыстағы

      Әркімнің білікті заң көмегін, сондай-ақ ол көмекті адвокаттың (қорғаушының) қатысуымен алуға құқығы туралы конституциялық ережені сақтау, сот ісін тараптардың бәсекелестігі және тең құқықтылығы негізінде жүзеге асыруға, іс бойынша ақиқатты анықтап, заңды да негізді сот шешімін шығаруға ықпал етеді.
      Қылмыстық процестің барлық кезеңінде сезіктіге, айыпталушыға, сотталушыға, сотталғанға қылмыстық қудалаудан, айыптау мен соттаудан қорғану құқығы берілген және кепілдендірілген.
      Сот практикасын зерделеу - алдын ала тергеу барысында және сот төрелігін атқару кезінде конституциялық  ережелердегі және қылмыстық іс жүргізу заңындағы қорғану құқығы туралы талаптардың сақталатындығын көрсетті.
      Сонымен қатар, қылмыстық процесті жүргізуші органдары жұмысында  қорғану құқығын реттейтін нормалардың бұзылуы, ал адвокаттардың өздеріне заңмен берілген өкілеттіктерді толығымен пайдаланбайтын жағдайлар орын алуда.
      Қылмыстық іс жүргізу заңындағы кемшіліктер мен жолсыздықтарды жою, сезіктінің, айыпталушының, сотталушының, сотталғанның қорғану құқығын қамтамасыз ету жөніндегі сот тәжірибесінде туындаған мәселелерді дұрыс және біркелкі шешу мақсатында Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жалпы отырысы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қылмыстық іс жүргізудегі сезіктінің, айыпталушының, сотталушының, сотталғанның және ақталушының қорғану құқығы конституциялық принцип болып табылады, сондықтан қылмыстық процесті жүргізуші органдар Қазақстан Республикасы Конституциясының 13-бабының  3-тармағында, 16-бабының  3-тармағында  және Қылмыстық іс жүргізу кодексінің  (әрі қарай мәтін бойынша- ҚІЖК) тиісті нормаларында бекітілген ережелерді мүлтіксіз орындауға міндетті.

      2. Сезіктінің, айыпталушының, сотталушының, сотталғанның  қорғану құқығы - сезіктілікті, тағылған айыпты теріске шығаруды немесе жауаптылық пен жазаны  жеңілдетуді, сондай-ақ ақталған адамға қатысты - заңсыз ұстаудан, айыпкер ретінде жауапқа тартылудан, бұлтартпау шарасын қолданудан, сотқа беруден және заңсыз сотталудан келген зиянды өтеуге бағытталған, заңда көрсетілген барлық процессуалдық мүмкіндіктердің  жиынтығын білдіреді.

      3. Қылмыстық процесті жүргізуші органдардың сезіктінің, айыпталушының, сотталушының, сотталғанның, ақталғанның қорғану құқығын қылмыстық процестің басқа да принциптерімен бірге қамтамасыз етуі - істі әділ талқылаудың және ол бойынша дұрыс шешім қабылдаудың кепілі болып табылады. Сондықтан қорғану құқығын бұзушылық ҚІЖК-нің  9-бабында көрсетілген салдарға әкеп соғуы мүмкін.

      4. Қазақстан Республикасы Конституциясының  13-бабының 3-тармағындағы және ҚІЖК-нің  28-бабындағы әркімнің білікті заң көмегін алуға кепілдендірілген құқығы негізінде, қорғаушылар ретінде адвокаттың немесе ҚІЖК-нің  70-бабының екінші бөлігінде көрсетілген адамдардың, егер олардың арнайы заңгерлік дайындығы және білікті заң көмегін көрсетуге қабілеті болса, іске қатысуы қорғану құқығын қамтамасыз етудің маңызды кепілі болып табылады.
      Егер сезіктінің, айыпталушының, сотталушының, сотталғанның таңдап алған қорғаушысының білікті заң көмегін қамтамасыз етуге қабілеті болмаса, қылмыстық процесті жүргізуші органдар іске қорғаушы ретінде адвокатты қатыстыру мәселесін талқылауға міндетті. Мұндай жағдайда қорғаушы ретінде таңдалып алынған адам іске кәсіпқой қорғаушымен бірге қатыса алады.

      5. Қорғаушыны іске қатысуға жіберу қылмыстық процесті жүргізуші органдардың қаулысының негізінде жүзеге асырылып, қаулыда оның ҚІЖК-нің  74-бабында көрсетілген өкілеттіктері түсіндірілуі тиіс.
      Қылмыстық процесті жүргізуші органдар іске қорғаушы ретінде адвокаттарды, сезіктінің, айыпталушының, сотталушының жұбайын, жақын туыстарын немесе заңды өкілдерін, кәсіподақтар мен басқа да қоғамдық бірлестіктердің өкілдерін іске қатыстыру мәселесін шешкенде оларда ҚІЖК-нің  72-бабының 8-бөлігінде көрсетілген құжаттардың болуын тексеруге міндетті.

      6. Кәсіподақтар мен басқа да қоғамдық бірлестіктердің өкілдерін қорғаушы ретінде қатыстырудың міндетті шарты: сезіктінің, айыпталушының, сотталушының, сотталғанның осы бірлестіктерге мүшелігі болып табылады. Бұл тиісті құжаттармен расталуы қажет.
      Осыған орай, қылмыстық жауаптылыққа тартылған адамның өзі мүшесі болып табылмайтын қоғамдық бірлестіктерге жүгінуі олардың қорғау функцияларын өздеріне қабылдауына, демек, оларды қылмыстық процеске қатыстыруға негіз бола алмайды.

      7. Шетелдік адвокаттар қорғаушылар ретінде тек Қазақстан Республикасының тиісті мемлекеттермен өзара келісілген халықаралық шарттарының негізінде ғана қатыса алады.
      Өз қызметін жүзеге асыратын шетелдік адвокаттың өкілеттігі жеке куәлікпен, адвокаттың мәртебесін куәландыратын құжатпен, сондай-ақ адвокат пен сезіктінің, айыпталушының, сотталушының, сотталғанның арасындағы заң көмегін көрсету туралы келісіммен расталуға тиіс.

      8. Қылмыстық процесті жүргізуші органдар ҚІЖК-нің  71-бабында көрсетілген жағдайларда қорғаушының міндетті түрде қатысуы туралы заң талабын қатаң түрде орындаулары қажет. Аталған норманың сақталмауын іс жүргізу заңын елеулі түрде бұзушылық деп қарастырып, ал жиналған материалдар дәлелдемелік күші жоқ деп танылуы мүмкін.

      9. Сезіктінің, айыпталушының, сотталушының қорғану құқығының бұзылуын тек қорғаушыны бермеу ғана емес, сондай-ақ олардың процессуалдық құқықтарын, атап айтқанда, ана тілі немесе басқа білетін тілді пайдалану, түсініктеме беру, айғақтар ұсыну, дәлелдеме келтіру, өтініш мәлімдеу, дәлелдемелерді зерттеу және сот жарыссөзіне қатысу, соңғы сөз сөйлеу, қылмыстық процесті жүргізетін органдардың іс-әрекеттері мен шешімдеріне шағымдану және т.б. құқықтарын шектеуі де - қорғану құқығын бұзушылық деп танылуы мүмкін екендігін ескерген жөн.

      10. Заңда қорғаушының міндетті түрде іске қатысуына негіз болатын дене және психикалық кемістіктердің тізбесі көрсетілмегендіктен, әрбір нақтылы жағдайда сезіктінің, айыпталушының, сотталушының өзінің кемістіктеріне байланысты қорғану құқығын іс жүзінде толық көлемде жүзеге асыра алатындығы немесе кемістіктер аталған заңды құқықтарды пайдалануға елеулі қиындық туғызатыны негізге алынуы қажет.
      Денесіндегі немесе психикасындағы кемістіктеріне байланысты өзінің қорғану құқығын жүзеге асыра алмайтын адамдардың қатарына есі ауыспаса да, психикасының кемістігі бар, сондай-ақ сөйлеу, көру, есту кемістіктеріне немесе басқа да ауыр науқасына байланысты зардап шегетін адамдарды да жатқызу қажет.
      Егер адамның денесіндегі немесе психикасындағы кемістіктері өз бетінше заңды құқықтары мен мүдделерін қорғау қабілетіне күмән тудырса, ҚІЖК-нің  241-бабының 1-бөлігінің 3-тармағына сәйкес міндетті түрде сараптама өткізілуге тиіс.

      11. Сезіктіге ол ұсталған сәттен немесе оған айып тағылғанға дейін бұлтартпау шарасы қолданылған уақыттан, ал айыпталушыға айып тағылған кезден бастап, қорғаушы тағайындау туралы заң талабы мүлтіксіз орындалуға жатады.
      Қылмыстық процесті жүргізетін органдар осы талаптарды орындау үшін тиісті қаулы шығаруы тиіс. Іске адвокаттың ордері, қорғаушы ретінде жіберілген басқа адамның құжаттары тіркеледі.

      12. Қылмыстық процесті жүргізуші орган адамды қорғаушы ретінде іске қатысуға жіберген сәттен бастап сезіктіге, айыпталушыға алғашқы жауаптың алдында қорғаушымен жеке және оңаша кездесуіне шынайы мүмкіндік жасап, олардың саны мен ұзақтығын шектемеуі тиіс.

      13. Қорғану құқығын іске асыруды қамтамасыз ету, сондай-ақ қорғаушыға қорғау функциясын орындауы үшін жағдай туғызу мақсатында қылмыстық процесті жүргізуші органдар қорғаушылар мен олардың қорғауға алған адамдарынан қандай процессуалдық іс-әрекеттерге бірге қатысқанды қажет деп санайтынын анықтап алып, оларға сондай жағдай жасауға міндетті.
      Қорғаушы, әдетте, сезіктіге, айыпталушыға олардың құқықтарын түсіндіру және олардан жауап алу, айғақтарды оқиға болған жерде тексеру және нақтылау, тергеу эксперименті мен тану жүргізу, прокурор жауап алғанда және бұлтартпау шараларын таңдау кезінде, тағайындалатын сараптаманың сұрақтарын құрастыру, тергеудің аяқталуы және сот талқылауында қатысуға тиіс.
      Прокурордың сотқа дейінгі өндіріс барысында процессуалдық іс-әрекеттерге қатысуы немесе процессуалдық іс-әрекеттерді өзінің жүргізуі, қорғаушының іске қатысуын заңда тікелей көрсетілген жағдайларда жоққа шығармайды.
      Қорғаушы қорғауындағы адамның қатысуымен өткізілетін барлық тергеу және процессуалдық іс-әрекеттерге, сондай-ақ соңғының өтініші бойынша жүргізілетін басқа да процессуалдық іс-әрекеттерге қатысуға құқылы.
      Қорғаушының тергеу және процессуалдық іс-әрекеттерге қатысуы туралы өтініші іске тіркеледі.
      Сезіктіге, сотталушыға, айыпкерге тиесілі барлық қорғану құқықтар, қылмыстық іс жүргізуге олардың қорғаушыларының қатысуы- қатыспауына қарамастан сақталады және осы құқықтардың шектелуі немесе кемсітілуі қорғану құқығын бұзу болып табылады.

      14. Қылмыстық процесті жүргізетін органдар сезіктіге, айыпталушыға, сотталушыға олардың қорғаушы алуға мүмкіндігі бар екенін және бұл оған төленетін ақының бар-жоғына байланысты емес екендігін түсіндіруге тиіс.
      Қорғаушыдан бас тарту сот ісін жүргізудің кез келген сатысында тек сезіктінің, айыпталушының, сотталушының бастамасымен және қорғаушының қатысумен ғана орын алуы мүмкін және бұл заң көмегі үшін төленетін қаржының жоқтығына байланысты болмауға тиіс. Адвокатқа еңбек ақы төлеу үшін қаражат шын мәнісінде болмаған жағдайда сот қорғаушыдан бас тартуды амалсыздан болған деп танып, оны қабылдамауға тиіс.
      Қорғаушыдан бас тартуды қабылдау қылмыстық процесті жүргізетін органның құзыретіне жатады.
      ҚІЖК-нің  102-бабының 6-бөлігіне сәйкес қорғаушыдан бас тарту туралы өтініш дәлелді қаулымен ресімделеді, онымен қорғаушы, сезікті, айыпталушы, сотталушы дереу танысып, өз қолтаңбаларымен куәландырады. Мұндайда қорғаушының қатысқандығы адвокаттың ордері немесе қорғаушы ретінде жіберілген басқа адамның тиісті құжатының көшірмесін қылмыстық іс материалдарына тіркеу арқылы дәлелденеді.

      15. Қорғаушыдан бас тарту мынадай жағдайларда: а) сезікті немесе айыпталушы кәмелетке толмаса; б) сезікті немесе айыпталушы өзінің дене немесе психикалық кемістігінен өзінің қорғану құқығын өз бетінше жүзеге асыра алмаса; в) сезікті немесе айыпталушы сот ісі жүргізілетін тілді білмесе; г) айыпталушы стационарлық сот-психиатриялық сараптамаға мәжбүрлеп жіберілген болса қабылданбайды.
      Қорғаушыдан бас тарту, сондай-ақ істің белгілі бір мән-жайларына (айыптаудың ауқымдылығы, жауаптылыққа тартылатын адамдар санының көптігі, істегі материалдарды зерттеудің сезікті, айыпталушы, сотталушы үшін күрделілігі және т.с.с.) байланысты қабылданбауы мүмкін.
      ҚІЖК-нің  97-бабының 1-бөлігінде көрсетілген негіздер бойынша, қорғаушыны іс бойынша өндіріске қатысудан шеттету қылмыстық процесті жүргізуші органдарды сезіктіні, айыпталушыны, сотталушыны басқа қорғаушымен қамтамасыз ету міндетінен босатпайды.
      Қылмыстық іс жүргізуші орган қорғаушыны іске қатысудан шеттеткен кезде осы туралы қаулы шығарады, оған сотқа дейінгі іс жүргізу барысында ҚІЖК-нің  109-бабының тәртібімен, ал басты сот талқылауында ҚІЖК-нің  403-бабының ережелері бойынша шағымдануға болады.

      16. Сезіктіні, айыпталушыны, сотталушыны жауап беруге, оған тағылған айыпты мойындауға, заттай дәлелдемелер беруге мәжбүрлеу, сондай-ақ оның өзіне қарсы жауап бермеу құқығын бұзатын өзге де іс-әрекеттер жасауға мәжбүрлеу, қорғану құқығын елеулі түрде бұзушылық деп қарастырылуы қажет.
      Осыған байланысты сезіктінің, айыпталушының өзіне тергеудің заңсыз амалдарының қолданылғаны туралы арызы мұқият тексерілуі қажет және ол расталған жағдайда ондай іс материалдары іс жүргізу заңының талаптарын бұзу арқылы алынғандықтан дәлелдемелік күші жоқ деп танылуға тиіс.

      17. ҚІЖК-нің  31-бабына сәйкес сезіктіге, айыпталушыға, сотталушыға, сотталғанға қылмыстық процесті жүргізуші органның іс-әрекеттері мен шешімдеріне қылмыстық-процессуалдық заңда бекітілген шағымдану құқығы мен оның тәртібі түсіндірілуге тиіс.

      18. Сезіктінің, айыпталушының қорғану құқығының бұзылуы басты сот талқылауын тағайындау үшін кедергі етпейді және ҚІЖК-нің  303-бабына сәйкес істі қосымша тергеуге жіберуге де негіз бола алмайды. Мұндай құқық бұзушылықтың мәні басты сот талқылауында дәлелдемелердің заңда көрсетілген тәртіппен алынғандығына және олардың сотталушының кінәлілігін немесе кінәсіздігін шешуге жеткіліктілігін бағаланған кезде ескерілуге тиіс.

      19. Қылмыстық ізге түсу органдары жол берген қорғану құқығын бұзушылықтар іс бойынша жиналған дәлелдемелерді заңсыз деп тануға негіз болып табылса және айыптау тарабы сотталушының кінәсін дәлелдейтін басқа дәлелдемелер ұсынбаса, сот ақтау үкімін шығаруға міндетті.

      20. Соттар қорғаушысының бар-жоғына қарамастан, сотталушының сот жарыссөзіне қатысатынын ескеруі қажет. Сотталушыны аталған құқықтан айыру, сондай-ақ оған соңғы сөз бермеу, тағылған айып бойынша уәждерін баяндауына шектеу қою - ҚІЖК-нің  415-бабына сәйкес үкімнің бұзылуына әкеп соғатын қорғану құқығын бұзушылық болып табылады.

      21. Сотталушыны (ақталғанды) өзі білетін тілде үкімнің (қаулының) көшірмесін алу, сот отырысының хаттамасымен танысу және оған ескертпелер беру, басқа процеске қатысушылардың шағымдарымен (наразылықпен) танысу және оларға қарсылық беру құқықтарынан айыру, олардың шағымдары мен қарсылықтарын қабылдаудан заңсыз бас тарту - қорғану құқығын бұзушылық болып табылатынын соттар назарларында ұстаулары қажет.
      Ақталушыға, сондай-ақ қылмыстық қудалауды қысқарту туралы қаулы шығарылған айыпталушыға (сезіктіге) қылмыстық процесті жүргізуші органдардың заңсыз іс-әрекеттерінің салдарынан келтірілген зиянды өтету құқығын түсіндірмеу де қорғану құқығын бұзушылық болып табылады.
      Егер сот үкімі негізінен дұрыс шығарылса, аталған құқық бұзушылықтар оны бұзуға себеп бола алмайды.

      22. Қорғаушы өз ынтасы бойынша сотталғанның, ақталғанның мүддесі үшін істі қараған кезде шешімді бұзуға әкеп соғатын процессуалдық құқық бұзушылықтарға жол берген сот шешіміне шағымдануға құқылы. Сот сотталушыны (ақталғанды) аталған арызбен таныстыруға және оның шағымды қайтарып алу құқығын түсіндіруге міндетті.

      23. Егер айыптау тарабының шағымында немесе наразылығында сотталған адамның жағдайын нашарлату туралы мәселе қойылса, бірінші сатыдағы сот қамауда отырған сотталушыға оның апелляциялық сатының отырысына қатысуға құқылы екенін түсіндіруге міндетті. Сотталғанның қарсылықтары және алқа отырысына қатысу жөніндегі пікірі іске тіркеледі.
      Жағдайын нашарлату туралы мәселе қойылған сотталушының өз өтініші бойынша апелляциялық сатыдағы соттың отырысына қатысуы - істің мән-жайларын жан-жақты, толық зерттеудің және шағымды немесе наразылықты объективті түрде қараудың қосымша кепілі болып табылады.
      Бірінші сатыдағы соттардың сотталушының (ақталғанның) аталған құқығын іске асыруды қамтамасыз еткенін апелляциялық сатының соттары мұқият тексерулері қажет.

      24. Сотталушы апелляциялық, қадағалау сатыларында қорғаушыдан бас тартқан және ол берген шағымды кері қайтарып алған жағдайда, егер істі қарау үшін заңда көрсетілген басқа да негіздер болмаса, қорғаушының шағымы бойынша қозғалған өндіріс қысқартылады. Қорғаушыдан бас тарту қабылданбаған жағдайда шағым іспен бірге негізінен қаралады. Қабылданған шешімдер туралы апелляциялық қаулы қабылданады.
      Егер шағымды бірінші сатыдағы сотқа қатысқан қорғаушы берсе, ал үкім шығарылғаннан кейін іске басқа қорғаушы қатысса, ол жаңа уәждер келтіріп не бұрынғы уәждерді өзгертіп, апелляциялық шағымды толықтыруға құқылы.

      25. Соттар үкімдерді орындауға байланысты мәселелерді қарау кезінде ҚІЖК-нің  455-бабының 5-бөлігінде көзделген жағдайларда қорғаушының іске қатысуы міндетті екенін назарда ұстағандары жөн. Заңның аталған талабының орындалмауы қорғану құқығын бұзу болып табылады, бұл сот қабылдаған қаулыны бұзуға әкеп соғады.

      26. Қылмыстық істерді қараған кезде апелляциялық және қадағалау сатысының соттары қылмыстық процесті жүргізуші органдардың сезіктінің, айыпталушының, сотталушының, сотталғанның қорғану құқығының қамтамасыз еткенін мұқият тексеріп, орын алған заң бұзушылықтарды ескерусіз қалдырмаулары қажет.
      Адвокаттардың өз міндеттерін тиісінше атқармағаны (формальды қатысу, таза бланктерге қол қою, қылмыстық іс жүргізу барысында орын алған заң бұзушылықтарды ескермеу және т.б.) анықталған жағдайда, соттар қорғаушыға тиісті шара қолдану туралы жеке қаулы шығаруға құқылы.

      27. Адвокаттың қызметін бюджет қаржылары есебінен төлеу туралы қаулы шығарған кезде, ҚІЖК-нің  176-бабына сәйкес, аталған норманың 4-бөлігінде көрсетілген жағдайларды қоспағанда, ақы төлеуге байланысты іс жүргізу шығындарын мемлекет пайдасына сотталушыдан өндіру туралы мәселенің бір мезгілде қаралатыны соттарға түсіндірілсін.
      Сондай-ақ қорғаушы іске ҚІЖК-нің  71-бабының 3-бөлігіне сәйкес қатысқан жағдайларда сотталушы мемлекет шығынын өтеуден босатылуы мүмкін.
      Адвокатқа төленуге тиісті ақыны есептеу оның соңғы екі айдағы орташа еңбекақысының мөлшері туралы ұсынған мәліметтерінің негізінде жүргізіледі.

      28. Қазақстан Республикасы Конституциясының  4-бабына сәйкес, осы нормативтік қаулы қолданыстағы құқық құрамына енгізіледі, сондай-ақ жалпыға бірдей міндетті болып табылады әрі ол ресми жарияланған күннен бастап күшіне енеді.

      Қазақстан Республикасы
      Жоғарғы Сотының Төрағасы

      Қазақстан Республикасы
      Жоғарғы Сотының судьясы,
      жалпы отырыс хатшысы