Ауруға шалдығуына байланысты жазаны одан әрі өтеуден босату туралы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2002 жылғы 11 сәуір N 7 нормативтік қаулысы

Қолданыстағы

      Соттардың сотталған адамды ауруға шалдығуына байланысты жазаны одан әрі өтеуден босату туралы заңды қолдану практикасының қорытындыларын талқылай келіп, оны дұрыс қалыптастыру мақсатында жалпы отырыс қаулы етеді: 
 

      1. Соттарға адамды ауруға шалдығуына байланысты оны жазасын одан әрі өтеуден босату Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің  K970167_ (әрі қарай - ҚК) 73-бабында көрсетілген жағдайларда: 
      - жазасын өтеу кезінде өзінің іс-әрекетінің (әрекетсіздігінің) іс жүзіндегі сипаты мен қоғамдық қауіптілігін ұғыну не оған ие болу мүмкіндігінен айыратын психикасының бұзылуы пайда болған; 
      - жазаны өтеуге кедергі жасайтын өзге де ауыр науқасқа ұшыраған жағдайларда мүмкін екені түсіндірілсін. 
 

      2. Психикасы бұзылған адам қылмыстың ауырлығына, жазаның түрі мен оның өтелу мерзіміне және адамның түзелуіне қарамастан жазаны өтеуден міндетті түрде босатылуға жатады. 
      Жазадан босатылған психикасы бұзылған адамға ҚК-нің  K970167_ 88-бабы 1-бөлігінің "б" тармағына сай осы кодекстің 90-бабында көзделген медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шаралары тағайындалуы мүмкін. 
      Медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шаралары психикасының бұзылуы бұл адамдардың өзге елеулі зиян келтіру мүмкіндігіне не өзіне немесе басқа адамдарға қауіп төндіруіне байланысты жағдайларда ғана тағайындалады. 
      Сот мәжбүрлеу шараларының түрлерін, жазасын өтеу кезінде психикасы бұзылып, ауруға шалдыққан адамның психикалық бұзылуының сипаты мен мөлшерін, психикасының бұзылуының қоғамға қауіптілік дәрежесін, оның өзге де елеулі зиян келтіру мүмкіндіктерін, оның емделуді қажет етуін ескере отырып, дәрігер-психиатрдың қорытындысының негізінде таңдап алады. 
 

      3. Қылмыстық кодекстің  K970167_ 73-бабының 2-бөлігіне сай жазаны өтеуге кедергі жасайтын өзге де ауыр науқастан зардап шеккен адамды жазаны өтеуден босату, егер дәрігерлік комиссия анықтаған оның науқасы Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі мен Денсаулық сақтау министрлігі бекіткен аурулар тізбесіне  кірсе ғана мүмкін. (2001 жылғы 11 желтоқсандағы N 152-01 бұйрық, тіркеу нөмірі 1756, 2002 жылғы 15 ақпан). 
      Сотталған адамның ауыр науқасқа шалдығуы арнайы медициналық комиссияның қорытындысымен анықталады, бұл қорытынды науқастанған адам ауруының өзгерісін мұқият тексеріп, қолданылған емнің нәтиже бермейтіні анықталғаннан кейін беріледі. 
 

      4. ҚК-нің  K970167_ 73-бабының 4-бөлігіне сәйкес, жазаларын қамауда немесе тәртіптік әскери бөлімде ұстауда өтеп жатқан әскери қызметшілер, өздерін әскери қызметке жарамсыз ететін ауруға шалдығуына байланысты жазадан немесе жазасын одан әрі өтеуден босатылады. 
      Жазаны өтей алмаушылық науқастың сипатына байланысты болып, егер науқастың жағдайы өте ауыр болса, онда сотталған адам әскери қызметке мүлдем жарамсыз деп танылады. 
 

      5. Сотталған адам психикалық жай-күйінің өзгеруінен басқа ауыр науқасқа шалдыққан жағдайда, сот оны жазасын одан әрі өтеуден босатуға міндетті емес. Мұндай жағдайда сот жазаны өтеуден босатуға не өтелмеген жазаны неғұрлым жеңіл жаза түрімен ауыстыруға немесе бұдан бас тартуға құқылы. Егер науқастың сипаты сотталған адамның неғұрлым жеңіл жаза түрін (ҚК-нің 39-бабында көрсетілген жаза түрлеріне сәйкес) өтеуіне кедергі келтірмесе, сот оны (оның ішінде әскери қызметшіні) жазаны одан әрі өтеуден босатуды қажет деп таппаса, онда мұндай ауыстырудың қолданылуы мүмкін. 
      Бұл ретте жасалған қылмыстың ауырлығын, өтелген жазаның мерзімін, сотталған адамның денсаулық жағдайын, оның жеке басын сипаттайтын мәліметтерді, оның қаншалықты түзелгенін және науқастың жазаны өтеуге қаншалықты кедергі болатынын ескеру қажет. Жазаның өтелмеген мерзімін шартты түрмен ауыстыруға не оны қысқартуға жол берілмейді. 
 

      6. Қазақстан Республикасының Қылмыстық-атқару кодексінің  Z970208_ (әрі қарай - ҚАК) 169-бабының 5 және 6-тармақтарына және Қазақстан Республикасының Қылмыстық іс жүргізу кодексінің  Z970206_ (әрі қарай - ҚІЖК) 455-бабының 2 және 3-бөліктеріне сәйкес, сотталған адамды ауруға шалдығуына байланысты жазаны одан әрі өтеуден босату туралы мәселе жазаны орындайтын органның немесе мекеменің бастығының ұсынысы не сотталған адамның өтініші бойынша қаралады. 
      Жазаны орындайтын мекеме немесе орган әкімшілігінің ұсынысында сотталған адам туралы мәліметтер, оның науқасының сипаты туралы, ал өзге ауыр науқастан зардап шегетін сотталған адамға қатысты, сондай-ақ оның жасаған қылмысының ауырлығы туралы, оның жеке басы туралы, жазаны өтеу кезіндегі тәртібі туралы мәліметтер болуға тиіс. 
      Әкімшіліктің жазаны одан әрі өтеуден босату туралы ұсынысына (сотталған адамның өтінішіне) сот шешім қабылдау үшін негіз болатын құжаттар: дәрігерлік қорытынды, үкімнің көшірмесінен үзінді, аурулар Тізбесінен көшірме, сондай-ақ жазаның нақтылы өтелген мерзімін айғақтайтын, сотталған адамның жазаны өтеу кезіндегі тәртібі туралы құжаттар және басқа да сипаттаушы мәліметтер қоса тіркелуге тиіс. 
      Әкімшіліктің ұсынысымен (сотталған адамның өтінішімен) бірге сотқа сот отырысында зерттеуді қажет ететін сотталған адамның жеке ісі де жіберіледі. 
 

      7. Жазасын қоғамдық жұмысқа тарту, түзеу жұмыстары немесе бас бостандығынан айыру түрінде өтеп жүрген сотталған адамды 1 немесе 2-топтағы мүгедек деп тану, ҚАК-тың  Z970208_ 169-бабының 7-тармағына сәйкес, сотталған адамды жазасын одан әрі өтеуден босату немесе жазаның неғұрлым жеңіл түрімен ауыстыру туралы сотқа ұсыныс енгізу үшін негіз болып табылады. 
 

      8. Ауруға шалдығуына байланысты сотталған адамды жазасын одан әрі өтеуден босатудан соттың бас тартуы, осы мәселені әкімшіліктің ұсынысы немесе сотталған адамның өтініші қайталанып берілген жағдайда қарау үшін кедергі болып табылмайды. 
 

      9. Сот отырысында, жазаны одан әрі өтеуден босатуға жатпайтын сотталған адамның жазадан орынсыз босатылып кетуіне жол бермеу мақсатында, дәрігерлік қорытындының негізділігі, стационардағы емдеудің нәтижелері мұқият тексерілуі тиіс. 
      Дәрігерлік қорытындыда сотталған адамның сот үкімі бойынша қылмыстық жазаны өтеу кезіндегі психикалық жай-күйі, сондай-ақ психиканың бұзылуының сипаты мен мөлшері, бойынан ауру анықталған сотталған адамның өзіне және басқа адамдарға қаншалықты қауіп тудыратыны, оның өзге де елеулі зиян келтіру қабілетінің бар-жоғы, медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдануды және қандай шараларды қолдануды қажет ететіні; сотталған адамның ауруының сипаты мен ауырлығына қарай, ҚІЖК-нің  Z970206_ 455-бабының 4 және 5-бөліктерінде қамтылған өзінің құқықтарын жүзеге асыра алатыны не асыра алмайтыны көрсетілуге тиіс. 
      Дәрігерлік қорытындыда өзге де ауыр науқастан зардап шегуші сотталған адамға қатысты науқастың сипаты, жүргізілген ем, стационарда емдеудің оңды нәтижелер бермегені, науқастың асқынып, ырықтан шығып кетіп, жазаны одан әрі өтеуге кедергі келтіретіні, ал әскери қызметшіге қатысты - оның ауруға шалдығуына байланысты әскери қызметке жарамсыз деп танылғаны көрсетілуге тиіс. 
      Егер дәрігерлік қорытындының негізділігіне күмән туған жағдайда, сот тиісті сараптама тағайындауға құқылы. 
 

      10. Сотталған адамды ауруға шалдығуына байланысты жазасын одан әрі өтеуден босату туралы мәселені ҚІЖК-нің  Z970206_ 454-бабында көрсетілген тәртіппен сотталған адамның жазаны өтеп жүрген жеріндегі сот шешеді. 
 

      11. Егер әкімшіліктің ұсынысында және дәрігерлік қорытындыда, жазасын өтеу кезінде психикасының бұзылуына байланысты науқастанған сотталған адамға медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шарасын қолдану қажеттілігі көрсетілсе, онда ҚІЖК-нің 455-бабының 1-бөлігінің негізінде, оны ауруға шалдығуына байланысты жазадан босату туралы мәселені медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шарасын қолдану туралы мәселемен бірге үш судья құрамында облыстық немесе оған теңестірілген сот қарайды. 
 

      12. Сот отырысына ұсынысты жіберген органдардың және ұйымдардың өкілінің, қорытындыны берген дәрігерлік комиссияның өкілінің, ҚІЖК-нің  Z970206_ 453-бабының 4-тармағында және 455-бабының 5-бөлігінде көзделген жағдайларда қорғаушының және прокурордың қатысуы міндетті. 
      Егер сотталған адам сот отырысына қатысып отырса, онда сот оның ҚІЖК-нің 455-бабының 4-бөлігінде көрсетілген құқықтарын жүзеге асыру мүмкіндігін қамтамасыз етуге тиіс. 
 

      13. Сот отырысында хаттама жүргізіледі. Хаттамада соттың және сотқа қатысушылардың барлық іс-әрекеттері, денсаулығы сот мәжілісіне қатысуға кедергі келтірмейтін сотталған адамның, қорытынды берген медициналық комиссияның, ұсынысты жіберген органның өкілдерінің түсініктемелерінің, қорғаушы мен прокурордың пікірлерінің мазмұны көрсетілуі тиіс. 
 

      14. Ауруға шалдығуына байланысты жазадан босату туралы қаулыда соттың әкімшіліктің ұсынысын не сотталған адамның өтінішін қараудың нәтижесінде келген тұжырымы жан-жақтылы көрсетілуге тиіс және оның дәлелді болғаны жөн. 
      Жазаны одан әрі өтеуден босату туралы қаулыда сотталған адамның жазаны өтеу кезінде пайда болған психикасының бұзылуынан немесе өзге де науқастан зардап шегетіні және жазаны одан әрі өтеуіне кедергі келтіретіні жөнінде дәлелдер келтірілуге тиіс, ал жазаның өтелмеген бөлігі жазаның неғұрлым жеңіл түрімен ауыстырылған жағдайда, сотталған адамды жазаны одан әрі өтеуден неліктен толық босатуды қажет деп таппағаны жөнінде дәлел келтірілуі қажет. 
 

      15. Әкімшіліктің ұсынысын не сотталған адамның өтінішін қараудың нәтижесі бойынша қабылданған қаулының көшірмесін іске тіркеу үшін үкімді шығарған сотқа, жазаның орындалуын іске асыратын органдарға, ал кәмелетке толмағандарға қатысты - оның тұрақты тұратын жері бойынша, кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі комиссияға жіберіледі. 
 

      16. Психикасының бұзылуына және өзге де ауыр науқасына байланысты жазаны одан әрі өтеуден босатылған адамдардың тәртібін бақылауды жазаны орындайтын орган жүзеге асырады. 
 

      17. ҚК-нің  K970167_ 73-бабының 3-бөлігіне және 94-бабына сәйкес, психикасының бұзылуынан және өзге де ауыр науқастан зардап шегуші адамдар емделіп, сауыққан жағдайда, жазаны өтеуге кедергі келтіретін мән-жайлар жойылғаннан кейін, егер ҚК-нің 75, 85-баптарында көзделген айыптау үкімін орындаудың ескіру мерзімі өтпеген болса, оларға қатысты жазаның орындалуы қалпына келтірілуі мүмкін. 
      Адамның сауығу және емделу фактісін дәрігерлердің тиісті комиссиясы анықтайды, ол соттың мұқият тексеруіне жатады. 
      Сотталған адамға медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шарасы қолданылған уақыт психиатриялық стационарда болған бір күнін бас бостандығынан айырудың бір күніне жатқызу жолымен жаза мерзіміне есептеледі. 
      Жазаның орындалуын қайта қалпына келтіру жазаны орындайтын органдардың ұсынысы бойынша сот қаулысы бойынша жүргізіледі. 
 

      18. Ауруға шалдығуына байланысты жазаны одан әрі өтеуден босатылған сотталған адам жаңадан қылмыс жасаған жағдайда, оның сауыққанын анықтау мақсатында ол міндетті түрде дәрігерлік комиссияның тексеруінен өтуге тиіс. 
      Егер, ауруға шалдығуына байланысты жазаны одан әрі өтеуден босатылған адам сауыққанға дейін жаңадан қылмыс жасаса, онда ол тек жаңа қылмысы үшін жауапкершілік көтереді, алдыңғы үкім бойынша жазаның өтелмеген бөлігі соңғы үкім бойынша тағайындалған жазаға қосылмайды. ҚК-нің 60-бабының ережесі бұл жағдайда қолданылмайды. 
      Егер сотталған адам сауыққаннан кейін, жазаны өтеуге кедергі келтіретін мән-жайлар жойылған соң жаңа қылмыс жасаса, егер соттың алдыңғы үкім бойынша жазаны қалпына келтіру туралы қаулысы болса, онда ҚК-нің 60-бабының 1-бөлігіне сәйкес, алдыңғы үкім бойынша жазаның өтелмеген бөлігі жаңа қылмыс үшін тағайындалған жазаға толық немесе ішінара қосылады. 
      Сотталған адам жазаның бұрынғы жазаны ауыстырған неғұрлым жеңіл түрін өтеу кезінде жаңа қылмыс жасаған жағдайда, жаза ҚК-нің   K970167_ 60-бабының ережесі бойынша тағайындалады. 
 

      19. Сотталған адамды ауруға шалдығуына байланысты жазаны одан әрі өтеуден босату мәселесі бойынша сот қаулысына, ҚІЖК-нің   Z970206_ 457-бабына сәйкес, сотталған адам, оның қорғаушысы шағымдана алады және прокурор апелляциялық тәртіппен наразылық келтіруі мүмкін. 
 

      20. ҚІЖК-нің   Z970206_   458, 459-баптарының мәні бойынша, ауруға шалдығуына байланысты жазаны одан әрі өтеуден босату мәселесі бойынша шығарылып, заңды күшіне енген сот қаулысы түпкілікті болып табылады және қадағалау тәртібімен қайта қарауға жатпайды.

     Қазақстан Республикасы
     Жоғарғы Сотының Төрағасы 

     Жалпы отырыстың хатшысы,
     Қазақстан Республикасы 
     Жоғарғы Сотының судьясы