Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі туралы ереженi бекiту туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2001 жылғы 16 тамыздағы N 1074 Қаулысы

Жаңартылған

      «Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерiнiң құрылымын одан әрi жетiлдіру жөніндегі шаралар туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2003 жылғы 7 мамырдағы № 1085 Жарлығына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      Ескерту. Кіріспе жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 2012.07.05 № 916 Қаулысымен.
      1. Қоса берiлiп отырған Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлiгi туралы ереже бекiтiлсiн.
      2. "Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлiгінiң мәселелерi" Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2000 жылғы 9 наурыздағы N 368 қаулысының 1-тармағы 1-тармақшасының (Қазақстан Республикасының ПҮКЖ-ы, 2000 жыл, N 15, 142-бап) күшi жойылды деп танылсын.
      3. Осы қаулы қол қойылған күнiнен бастап күшiне енедi.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

Қазақстан Республикасы  
Үкіметінің       
2001 жылғы 16 тамыздағы 
№ 1074 қаулысымен    
бекітілген       

      РҚАО-ның ескертпесі!
      Ережеге өзгеріс енгізу көзделген - ҚР Үкіметінің 03.11.2014 N 1166қпү (құпия) қаулысымен.

Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі туралы ереже

      Ескерту. Ереже жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 27.06.2014 № 707; өзгеріс енгізу көзделген - ҚР Үкіметінің 01.07.2014 № 754 (құпия) қаулыларымен.

1. Жалпы ережелер

      1. Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі қорғаныс саласындағы мемлекеттік саясатты, Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерін әскери-саяси және әскери-экономикалық басқаруды, мемлекеттік авиация қызметі саласында басшылық жасауды жүзеге асыратын орталық атқарушы орган болып табылады.
      2. Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің ведомствосы – Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Бас штабы бар.
      3. Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарына, Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметінің актілеріне, өзге де нормативтік құқықтық актілерге, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.
      4. Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі мемлекеттік мекеменің ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, өз атауы мемлекеттік тілде жазылған мөрлері мен мөртаңбалары, белгіленген үлгідегі бланкілері, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қазынашылық органдарында шоттары болады.
      5. Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі азаматтық-құқықтық қатынастарға өз атынан түседі.
      6. Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің, егер заңнамаға сәйкес оған уәкілеттілік берілсе, мемлекет атынан азаматтық-құқықтық қатынастардың тарапы болуға құқығы бар.
      7. Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі өз құзыретіндегі мәселелер бойынша заңнамада белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің бұйрықтарымен және директиваларымен және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген басқа да актілермен ресімделетін шешімдер қабылдайды.
      8. Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің құрылымы мен штат санының лимиті қолданыстағы заңнамаға сәйкес бекітіледі.
      9. Министрліктің заңды мекенжайы: 010000, Астана қаласы, Достық көшесі, 14-үй.
      10. Министрліктің толық атауы – «Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі» республикалық мемлекеттік мекемесі.
      11. Осы Ереже Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің құрылтай құжаты болып табылады.
      12. Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің қызметін қаржыландыру республикалық бюджеттен жүзеге асырылады.
      13. Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігіне Министрліктің функциялары болып табылатын міндеттерді орындау мәніне кәсіпкерлік субъектілерімен шарттық қатынастарға түсуге тыйым салынады.
      Егер Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігіне заңнамалық актілермен кірістер әкелетін қызметті жүзеге асыруға құқық берілсе, онда осындай қызметтен алынған кірістер мемлекеттік бюджет кірісіне жіберіледі.

2. Министрліктің миссиясы, негізгі міндеттері, функциялары,
құқықтары мен міндеттері

      14. Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің миссиясы – Қазақстан Республикасының қорғаныс қабілеттілігін және әскери қауіпсіздігін қамтамасыз ету.
      15. Міндеттері:
      1) қорғаныс саласындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асыру, сондай-ақ мемлекетте бірыңғай әскери-техникалық саясатты жүргізу;
      2) Қарулы Күштерді әскери-саяси және әскери-экономикалық басқаруды жүзеге асыру;
      3) агрессияға тойтарыс беру, Қазақстан Республикасының аумақтық тұтастығы мен егемендігін қарулы қорғау, мемлекеттік және әскери объектілерді күзету және қорғау, әуе кеңістігін қорғау үшін, сондай-ақ Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға сәйкес міндеттерді орындау үшін Қарулы Күштердің жауынгерлік әзірлігін және жауынгерлік қабілеттілігін қамтамасыз ету.
      16. Функциялары:
      орталық аппараттың функциялары:
      1) қорғаныс саласындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асырады;
      2) Әскери доктринаны, Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың құрылымы мен оны дамыту тұжырымдамасын әзірлеуді ұйымдастырады;
      3) Қарулы Күштер түрлерінің, әскер тектерінің құрылымын, штат санын, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметі бекіткен Қарулы Күштер, Қорғаныс министрлігі және Қорғаныс министрлігіне ведомстволық бағынысты мемлекеттік мекемелер штат санының лимиті шегінде Қорғаныс министрлігіне ведомстволық бағынысты мемлекеттік мекемелер бойынша штат санын белгілейді;
      4) мемлекетте, оның ішінде қорғаныс өнеркәсібінде бірыңғай әскери-техникалық саясатты жүргізеді;
      5) Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес мемлекеттің ұлттық қауіпсіздігінің әскери құрамдасын қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасының аумағында және одан тысқары жерлерде Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі әскери барлау органдарының қызметін ұйымдастырады;
      6) Қарулы Күштер түрлерінің, әскер тектері мен арнайы әскерлердің жедел мақсаты мен міндеттерін, оларды басқа да әскерлермен және әскери құралымдармен, сондай-ақ Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға сәйкес шетел мемлекеттерінің қарулы күштерімен өзара іс-қимылда қолдануды айқындайды;
      7) қорғаныс саласындағы ғылыми-зерттеу, тәжірибелік-конструкторлық және басқа да жұмыстарға басшылық жасауды жүзеге асырады, олардың сапасын бақылауды ұйымдастырады;
      8) әскерлерді инспекциялауды және Қарулы Күштердегі қаржы қаражатының жұмсалуына бақылауды жүзеге асырады;
      9) ведомстволық әскери оқу орындарына қабылдауды, оқу-тәрбие үдерісін ұйымдастыруды регламенттейтін нормативтік құқықтық актілерді әзірлейді және бекітеді;
      10) ведомстволық әскери оқу орындарының және әскери даярлықты жүзеге асыратын басқа да білім беру ұйымдарының қызметін және оқу-тәрбие жұмысының сапасын бақылауды жүзеге асырады;
      11) әскерге шақыру жасына дейінгі және әскерге шақырылатын жастарды әскери қызметке даярлауды үйлестіреді;
      11-1) мемлекеттік жастар саясатын іске асырады;
      11-2) жастарды әскери-патриоттық тәрбиелеу жөнінде шаралар қолданады;
      11-3) қорғаныс және әскери қызмет мәселелері бойынша жастар ұйымдарымен өзара іс-қимылды және ынтымақтастықты жүзеге асырады;
      11-4) бітімгершілік операцияға дайындық қағидаларын әзірлейді, сондай-ақ оларды орындауды ұйымдастырады;
      11-5) бітімгершілік операцияға дайындық жоспарын әзірлейді және бекітеді;
      12) қорғаныс өнеркәсібін дамытудың мемлекеттік бағдарламаларын әзірлеуге және орындауға қатысады;
      13) халықаралық әскери және әскери-техникалық ынтымақтастықты жүзеге асырады;
      14) террорризмге қарсы операцияларды жүргізу кезінде әуе, су және жерүсті кеңістігінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысады;
      15) мемлекеттің қорғаныс қабілеттілігін, Қарулы Күштердің ұдайы жауынгерлік және жұмылдыру әзірлігін ұстайтын және қамтамасыз ететін, өз құзыреті шегінде сыртқы барлауды, терроризмге және экстремизмге қарсы іс-қимылды, сондай-ақ әскери қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі қызметті ведомствоаралық үйлестіруді жүзеге асырады;
      16) Қарулы Күштерде заңдылық пен құқық тәртібінің сақталуын бақылауды жүзеге асырады және әскери қызметшілерді, олардың отбасы мүшелері мен азаматтық персоналды әлеуметтік және құқықтық кепілдіктермен қамтамасыз етеді;
      17) өз құзыретi шегінде қорғаныс және Қарулы Күштер мәселелерi бойынша нормативтік құқықтық актілерді шығарады және олардың орындалуын бақылайды;
      18) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын күзетуге және қорғауға қатысуын қамтамасыз етеді;
      19) келісімшарт бойынша әскери қызмет өткеретін әскери қызметшілерді оқу орындарында даярлауға жәрдемдеседі;
      20) азаматтық мақсаттағы радиоэлектрондық құралдар үшін бірлесіп пайдаланылатын диапазондардағы радиожиілік спектрін бөлу мен пайдалануды келіседі, сондай-ақ мемлекеттің қорғаныс мұқтажы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында радиожиілік спектрін және тиісті радиоэлектрондық құралдарды пайдалануды реттеуді жүзеге асыруды қамтамасыз етеді;
      21) Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің мұқтажы үшін мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырады;
      22) Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде мемлекеттік құпияларды және ақпарат қауіпсіздігін қорғауды ұйымдастырады;
      23) азаматтық қорғанысты ұйымдастыруға қатысады;
      24) Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және мемлекеттік авиация қызметі саласында басшылық жасауды жүзеге асырады;
      25) мемлекеттік қорғаныстық тапсырыс саласындағы мемлекеттік саясатты қалыптастырады;
      26) қорғаныстық тапсырысты қалыптастыру, орналастыру және орындау саласында басшылық жасауды жүзеге асырады;
      27) Қазақстан Республикасының мемлекеттік қорғаныстық тапсырысын қалыптастыру, орналастыру және орындау қағидаларын әзірлейді;
      28) қорғаныстық тапсырысты жүзеге асыруды ұйымдастырады, оны Қазақстан Республикасының Үкіметіне бекітуге ұсынады және бекітілген қорғаныстық тапсырыс тапсырмаларын мемлекеттік тапсырыс берушілер мен орындаушыларға жеткізеді;
      29) салааралық үйлестіруді және қорғаныстық тапсырыстың орындалуын бақылауды жүзеге асырады;
      30) меншік нысанына қарамастан, орындаушы кәсіпорындарда өндірістің барлық кезеңдерінде Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері орналастыратын мемлекеттік қорғаныстық тапсырыстың орындалу сапасына бақылауды жүзеге асырады;
      31) қарулы жанжалға мәжбүрлеу мақсатында басқа мемлекеттер тарапынан болған арандатушылық іс-әрекеттерден, Қазақстан Республикасының аумақтық тұтастығын бұзудан туындаған төтенше жағдайлардан сақтандыруға қатысады;
      32) Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерін материалдық- техникалық қамтамасыз етуді ұйымдастырады;
      33) өз құзыреті шегінде аумақтық қорғаныс мәселелері бойынша орталық және жергілікті атқарушы органдардың қызметін үйлестіреді;
      34) Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде бірыңғай мемлекеттік кадр саясатын іске асыруды қамтамасыз етеді;
      35) пайдаланылмайтын әскери мүлікті беру, сату және кәдеге жарату, сондай-ақ қорғаныс объектілерін мүліктік жалға (жалгерлікке) беру тәртібіне сәйкес пайдаланылмайтын әскери мүлікке иелік етеді;
      36) өз құзыреті шегінде халықаралық шарттар жасасады;
      37) әскери мақсаттағы ғарыш техникасы мен технологияларын жасау саласындағы жобаларды іске асыруды ұйымдастырады;
      38) әскери медицина саласындағы бағдарламаларды іске асырады;
      39) Қазақстан Республикасының заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
      Ведомствоның функциялары:
      1) Қарулы Күштерді стратегиялық жоспарлауды, қолдануды және Қарулы Күштердің жауынгерлік және күнделікті қызметіне басшылық жасауды жүзеге асырады;
      2) Қарулы Күштердің құрылымы мен оны дамыту жоспарларын әзірлейді;
      3) әскерлерді жоспарлау, дайындау және жұмылдыра өрістетуді жүзеге асырады;
      4) басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың құрылымы, оларды дамыту жоспарларын әзірлеуді үйлестіреді, олардың орындалуын бақылайды;
      5) мемлекеттік органдардың қатысуымен Қарулы Күштерді қолдану жоспарын әзірлейді, Қарулы Күштерді жұмылдыру жоспарын әзірлеуге қатысады;
      6) Қарулы Күштерді жауынгерлік және жұмылдыру әзірлігінде ұстау жөніндегі іс-шараларды ұйымдастырады және жүргізеді;
      7) Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін күзетуді және қорғауды қамтамасыз етеді;
      8) Қарулы Күштердің басқа да әскерлермен және әскери құралымдармен өзара іс-қимылын ұйымдастырады және жүзеге асырады;
      9) мемлекеттік органдардың қатысуымен қорғаныс мүддесінде ел аумағын жедел жабдықтау жоспарын әзірлейді;
      10) экономиканы, мемлекеттік органдар мен меншік нысанына қарамастан, ұйымдарды жұмылдыра даярлауды ұйымдастыруға қатысады;
      11) аумақтық қорғаныс жоспарларын әзірлеуге қатысады, аумақтық қорғаныс міндеттерін орындауға қатысатын күштер мен құралдардың іс-қимылын ұйымдастырады;
      12) Қарулы Күштерді әскерге шақыру және келісімшарт бойынша әскери қызмет өткеретін әскери қызметшілермен жасақтауды, азаматтық персоналды қабылдауды ұйымдастырады және жүргізеді;
      13) Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға сәйкес Қарулы Күштерді, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарды шетел мемлекеттерінің қарулы күштерімен жедел қолдану және олардың өзара іс-қимылы жоспарын әзірлеуге қатысады;
      14) Тыйым салынған аймақтарды және тыйым салынған аудандарды белгілеу қағидаларын әзірлейді;
      15) кадрларды орналастыруды және әскери атақтар беруді, Қорғаныс министрінің қарауына номенклатураға сәйкес лауазымдарға тағайындау және әскери атақтар беру жөніндегі ұсыныстарды енгізуді жүзеге асырады;
      16) Қарулы Күштерді қару-жарақтың, әскери техниканың қажетті түрлерімен, оқ-дәрілермен және басқа да материалдық құралдармен қамтамасыз етуді, оларды пайдалануды, сақталуын, есепке алуды, есептен шығару мен кәдеге жаратуды ағымдағы және перспективалық жоспарлауды, сондай-ақ бейбіт уақытта әскерлерді жұмылдыра өрістету үшін осы құралдардың қорларын жинақтауды және орналастыруды жоспарлауды ұйымдастырады;
      17) Қарулы Күштерде әскери ғылымды дамыту бағыттары бойынша ұсыныстар әзірлейді;
      18) жеке құрамның жоғары жауынгерлік және моральдық-адамгершілік қасиеттерін қалыптастыру мақсатында әскерлерді моральдық-психологиялық қамтамасыз ету жөніндегі жұмысты ұйымдастырады;
      19) әскерлердің қызметіне байланысты экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және қоршаған ортаны қорғау жөніндегі іс-шараларды жүргізеді;
      20) табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар саласындағы уәкілетті органды, ал жергілікті әскери басқару органдары арқылы төтенше жағдайлар жөніндегі облыстық, қалалық басқармаларды тиісті жауынгерлік әзірлік дәрежесіне келтіру туралы, сондай-ақ жұмылдыруды жариялау туралы хабардар етеді;
      21) Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде әскери жиындарды ұйымдастырады және өткізеді;
      22) халық пен аумақты қазіргі заманғы зақымдау құралдарын қолдану салдарынан қорғау жөніндегі, сондай-ақ табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардан сақтандыру және оның салдарын жою жөніндегі міндеттерді шешу кезінде табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар саласындағы уәкілетті органмен өзара іс-қимыл жасайды;
      23) Қарулы Күштердің әскери басқару органдарында, құрамаларында, әскери бөлімдері мен мекемелерінде жасырын байланысты, мемлекеттік құпияларды қорғауды, ақпарат (кибер) қауіпсіздігін ұйымдастырады және оның жай-күйін бақылайды;
      24) мемлекеттік авиация қызметі саласында бақылауды жүзеге асырады;
      25) мемлекеттік авиациядағы әуе кемелері ұшуларының қауіпсіздігін қадағалауды жүзеге асырады;
      26) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Қарулы Күштердi қолдануды және басқаруды, олардың басқа да әскерлермен және әскери құралымдармен өзара iс-қимылын жоспарлау саласындағы өзге де функцияларды жүзеге асырады.
      Ескерту. 16-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 09.06.2015 № 425; 29.12.2015 № 1107 қаулыларымен.
      17. Құқықтары мен міндеттері:
      1) өз құзыреті шегінде орындау үшін міндетті нормативтік құқықтық актілерді қабылдау;
      2) заңнамада белгіленген тәртіппен мемлекеттік органдардан, ұйымдардан, олардың лауазымды адамдарынан қажетті ақпаратты және материалдарды сұрату және алу;
      3) демеушілік, қайырымдылық көмектi, сондай-ақ әскери-техникалық ынтымақтастық шеңберiнде көрсетiлетiн көмектi алу және пайдалану;
      4) қолданыстағы заңнамалық актілерде көзделген өзге де құқықтарды жүзеге асыру.

3. Мемлекеттік органның қызметін ұйымдастыру

      18. Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігіне басшылық жасауды Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі жүзеге асырады, ол Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігіне жүктелген міндеттердің орындалуына және олардың өз функцияларын жүзеге асыруына дербес жауапты болады.
      19. Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрін Қазақстан Республикасының Президенті лауазымға тағайындайды және лауазымынан босатады.
      20. Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес лауазымдарға тағайындалатын және лауазымдарынан босатылатын орынбасарлары болады.
      21. Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің өкілеттігі:
      1) өз орынбасарларының, Министрлік пен оның құрылымдық бөлімшелері лауазымды адамдарының, Қарулы Күштер түрлері бас қолбасшыларының, әскер тектері мен өңірлік қолбасшылықтар әскерлері қолбасшыларының міндеттері мен өкілеттіктерін айқындайды;
      2) Қарулы Күштер түрлерінің, әскер тектерінің құрылымын, штат санын, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметі бекіткен Қарулы Күштердің, Министрліктің және оған ведомстволық бағынысты мемлекеттік мекемелердің штат санының лимиті шегінде Министрлікке ведомстволық бағынысты мемлекеттік мекемелердің штат санын белгілейді;
      3) бекітілген штат санының лимиті шегінде Министрліктің құрылымын және оның бөлімшелерінің штат санын айқындайды;
      4) Министрліктің қызметкерлерін лауазымдарға тағайындайды және лауазымдарынан босатады;
      5) барлық мемлекеттік және өзге де ұйымдарда Министрлікті білдіреді;
      6) Қарулы Күштер жауынгерлік әзірлігінің жай-күйіне бақылауды жүзеге асырады;
      7) Қазақстан Республикасының Президентіне белгіленген номенклатураға сәйкес Қарулы Күштердегі лауазымдарды алмастыру үшін және жоғары әскери атақтар беруге генералдар мен офицерлердің кандидатураларын ұсынады;
      8) бұйрықтар мен директивалар шығарады;
      9) Қазақстан Республикасының Президентіне Қарулы Күштердің құрылымы жөніндегі ұсыныстарды, оларды қолдану, жұмылдыра өрістету және қаржылық қамтамасыз ету жоспарларын бекітуге ұсынады;
      10) өз өкілеттіктері шегінде әскери қызметшілерді лауазымдарға тағайындайды, қызметі бойынша ауыстыру, әскери атақтар беру және одан айыру, сондай-ақ Қарулы Күштер қатарынан шығару жөніндегі мәселелерді шешеді;
      11) Министрліктің құрылымдық бөлімшелері туралы және әскер түрлері, тектері мен өңірлік қолбасшылықтар әскерлерінің басқару органдары туралы ережелерді бекітеді;
      12) қару-жарақтың, әскери техниканың, күрделі салымдар мен басқа да материалдық-техникалық құралдардың негізгі түрлеріне тапсырыстар беру, сатып алу көлемін, сондай-ақ Қарулы Күштердің түрлері, әскер тектері, өңірлік қолбасшылықтар мен Министрліктің құрылымдық жабдықталым бөлімшелері бойынша бюджет қаражатын бөлуді бекітеді;
      13) Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарының қару-жарағына қару-жарақ пен әскери техниканы қабылдау қағидаларын бекітеді;
      14) Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың қару-жарағы мен әскери техникасының кадастрын бекітеді;
      15) Қарулы Күштерде, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарда әскери киім нысанын кию қағидаларын белгілейді;
      16) Қарулы Күштердің әскери қызметшілері мен азаматтық персоналын Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградаларымен наградтауға және құрметті атақтар беруге ұсынады, көтермелейді, сондай-ақ жазалар қолданады;
      17) азаматтардың шағымдарын, өтініштерін қарауды және Қарулы Күштердің әскери қызметшілері мен олардың отбасы мүшелерінің, зейнеткерлерінің, қызметшілері мен қызметкерлерінің құқықтарын, бостандығы мен заңды мүдделерін қорғауды ұйымдастырады;
      18) Министрлікте сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға бағытталған шараларды қабылдайды және сыбайлас жемқорлыққа қарсы шараларды қабылдауға дербес жауапты болады;
      19) меншік нысанына қарамастан, кәсіпорындардағы Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі Әскери өкілдіктерінің жұмысы жөніндегі нұсқаулықты бекітеді;
      19-1) жоғары оқу орындарында және жоғары кәсіптік білім беру ұйымдары жанындағы әскери факультеттерде әскери даярлық қағидаларын бекітеді;
      19-2) бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органмен келісу бойынша Қарулы Күштерді жабдықтау нормаларын бекітеді;
      19-3) әскери міндеттілер мен әскерге шақырылушылардың әскери есебiн жүргізу тәртiбi туралы қағидаларды бекiтедi;
      19-4) Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың арсеналдары, базалары мен қоймалары жанындағы тыйым салынған аймақтарды және Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың арсеналдары, базалары мен қоймалары жанындағы тыйым салынған аудандарды белгілеу қағидаларын бекітеді;
      19-5) Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің әскери атташелері аппараттары қызметкерлерінің қызметін және олардың қызмет өткеруі шарттарын ұйымдастыру қағидаларын бекітеді;
      19-6) жергілікті әскери басқару органдары туралы ереженi бекітеді;
      19-7) азаматтарды әскери қызметке даярлау қағидаларын бекітеді;
      19-8) бастапқы әскери даярлықты ұйымдастыру және жүргізу, сондай-ақ оның оқу-материалдық базасын қалыптастыру тәртібін бекітеді;
      19-9) жалпыға бірдей әскери оқыту бағдарламаларын бекітеді;
      19-10) әскери-дәрігерлік сараптама жүргізу қағидаларын және әскери-дәрігерлік сараптама органдары туралы ережені бекітеді;
      19-11) әскери қызметшілерге еңбек сіңірген жылдарына қарамастан, ұзақтығы 40 тәулік жыл сайынғы негізгі демалыс беру құқығын беретін қызмет өткеру жерлерінің тізбесін бекітеді;
      19-12) тиісті уәкілетті мемлекеттік органдардың бірінші басшыларымен және бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органмен келісу бойынша мерзімді қызмет әскери қызметшілеріне, әскери оқу орындарының бірінші және екінші курстарының курсанттарына пошта жөнелтілімдеріне өтемақы мөлшерін бекітеді;
      19-13) Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің механикалық көлік құралдары мен олардың тіркемелерін мемлекеттік тіркеу қағидаларын бекітеді;
      19-14) Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің әскери полиция органдарында тіркелген механикалық көлік құралдарын және олардың тіркемелерін міндетті техникалық байқауды өткізу қағидаларын бекітеді;
      19-15) Қазақстан Республикасының мемлекеттік авиациясындағы авиациялық оқиғалар мен инциденттерді тексеру қағидаларын бекітеді;
      20) қолданыстағы заңнамаға сәйкес өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
      Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі болмаған кезеңде қолданыстағы заңнамаға сәйкес оның өкілеттіктерін орындауды оның орнында болатын адам жүзеге асырады.
      Ескерту. 21-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 28.08.2015 № 671 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
      22. Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі қолданыстағы заңнамаға сәйкес өз орынбасарларының өкiлеттiктерiн айқындайды.
      23. Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің аппаратын Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес лауазымға тағайындалатын және лауазымынан босатылатын Аппарат басшысы басқарады.

4. Мемлекеттік органның мүлкi

      24. Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің заңнамада көзделген жағдайларда жедел басқару құқығында оқшауланған мүлкi болуы мүмкін.
      Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің мүлкi оған меншік иесі берген мүлiк, сондай-ақ өз қызметі нәтижесінде сатып алынған мүлік (ақшалай кірісті қоса алғанда) және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен қалыптастырылады.
      25. Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігіне бекiтiліп берілген мүлiк республикалық меншiкке жатады.
      26. Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі, егер заңнамада өзгелер белгіленбесе, оған бекiтiліп берілген мүлiктi және қаржыландыру жоспары бойынша оған берілген қаражат есебiнен сатып алынған мүлiктi дербес иелiктен шығаруға немесе өзге де тәсiлмен иелік етуге құқылы емес.

5. Мемлекеттік органды қайта ұйымдастыру және қысқарту

      27. Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігін қайта ұйымдастыру және қысқарту Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің және оның ведомствосының қарамағындағы ұйымдардың тiзбесi

Құпия.

      РҚАО-ның ескертпесі!
      Республикалық мемлекеттік мекемелердің тізбесіне өзгеріс енгізу көзделген - ҚР Үкіметінің 26.09.2015 N 789 (құпия) қаулысымен.

Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің және оның ведомствосының қарамағындағы республикалық мемлекеттік мекемелердің тiзбесi

Құпия.