Азаматтық істерді соттың қарауына әзірлеу туралы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының нормативтік қаулысы 2001 жылғы 13 желтоқсан N 21

Жаңартылған

      Азаматтық істерді соттың қарауына әзірлеу мәселелерін реттейтін процессуалдық заңнама нормаларын сот практикасында біркелкі қолдану қажеттілігіне байланысты Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жалпы отырысы қаулы етеді:
      1. Азаматтық істерді соттың қарауына әзірлеу бірінші және апелляциялық сатыдағы соттың іс жүргізу сатысындағы міндетті бөлігі болып табылады және ол тараптар ұсынған дәлелдемелер мен қолданылуға жататын материалдық құқық нормаларына сәйкес тараптардың заңды құқықтары мен міндеттерін, олар ұсынған дәлелдемелерді сот отырысында толық, жан-жақты және объективті түрде зерттеп, заңды және негізді сот актісін шығару үшін қажетті жағдайлар тудырады.
      Қазақстан Республикасының Азаматтық істер жүргізу кодексінің (әрі қарай мәтін бойынша АІЖК) істі соттың қарауына әзірлеуді қамтамасыз ету жөніндегі 166-бабының 2-бөлігінде көрсетілген міндеттерді жүзеге асыру мақсатында судья арыздарды сот өндірісіне қабылдаған кезден бастап, сотқа берілген арыздардың дәлелдемелермен негізделгендігі АІЖК-нің 150 және 151-баптарының талаптарына сәйкес келуін ескеруге міндетті.
      Ескерту. 1-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 2012.12.29 № 6 (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулысымен.
      2. АІЖК-нің 168-бабына сәйкес судья әр іс бойынша, оның ішінде соттылығы бойынша басқа соттардан келіп түскен істер бойынша да істі соттың қарауына әзірлеу туралы ұйғарым шығаруы тиіс. Ұйғарымда, даудың санатын ескере отырып, оның сот отырысында уақытылы және дұрыс шешілуіне қажет болып табылатын нақты әрекеттер көрсетілуі керек.
      Іс бойынша шығарылған сот актісі кассациялық немесе қадағалау тәртібінде бұзылып, іс бірінші сатыдағы соттың жаңадан қарауына қайтарылған жағдайда да, осындай ұйғарым шығарылуы тиіс.
      АІЖК-нің 344-бабының бірінші бөлігіне сәйкес істі соттың қарауына әзірлеу туралы ұйғарымға шағым немесе наразылық келтіруге болмайды.
      Істі сот талқылауына дайындау туралы ұйғарымды шығарғаннан кейін судья жауапкерге талап арыздың және оған қоса тіркелген құжаттардың көшірмелерін жібереді не тапсырады және белгіленген мерзімде талап арызға пікір (қарсылық) беруді міндеттейді. Пікірге уәкілетті адам қол қоюға тиіс және пікірдің түпнұсқасы мен көшірмелері іске қатысатын адамдардың санына сәйкес етіліп, олардың сот отырысы басталғанға дейін танысуына мүмкіндік беретіндей етіп белгіленген мерзімде сотқа ұсынылуға және АІЖК-нің 169-1-бабының талаптарына сәйкес болуға тиіс.
      АІЖК-нің 345 және 348-баптарының талаптарын ескере келе апелляциялық сатыдағы судья АІЖК-нің 170-бабына сәйкес өткізілуге тиіс нақты іс-әрекеттерді көрсете отырып істі сотта қарауға әзірлеу туралы ұйғарым шығаруға міндетті. Іс апелляциялық сатыдағы соттың жаңадан қарауына жіберіле отырып, бірінші және апелляциялық сатыдағы соттардың іс бойынша бұрын шығарған сот актілерінің күші кассациялық немесе қадағалау тәртібімен жойылған кезде де апелляциялық сатыдағы судья істі сотта қарауға әзірлеу туралы ұйғарым шығарады.
      Ескерту. 2-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 2011.12.30 № 5, 2012.12.29 № 6 (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулыларымен.
      3. АІЖК-нің 14-бабына сәйкес, сотқа арыз қай тілде берілсе, сот өндірісі де сол тілде жүргізіледі деп есептеу керек. Егер талапкерден арыз берілген тілді өзгерту туралы өтініш келіп түссе, онда судья АІЖК-нің 14-бабының 2-бөлігіне сәйкес сот талқылауы жүргізілетін сот өндірісінің тілі туралы ұйғарым шығаруға міндетті.
      4. Судьялар азаматтық істерді соттың қарауына әзірлеген кезде АІЖК-нің 47-бабында көрсетілген процессуалдық құқықтар мен міндеттерді, оның ішінде мәлімдеген талаптарын негіздейтін дәлелдемелер немесе оларға келтірілген қарсылықтарын ұсынуға міндетті және процессуалдық міндеттерді орындамаудың құқықтық салдары туралы талапкерлер мен жауапкерлерге түсіндіруі тиіс.
      Талапкердің не жауапкердің өтініші бойынша дәлелдемелер сұратуға жәрдемдесе отырып, судья істі сот талқылауына дайындаған кезде, ол дәлелдемелердің бір-бірінен артықшылығы туралы пікірін білдіруге қақысы жоқ.
      5. Мүлік туралы дауларды тараптардың аралық сотқа тапсыруға құқы бар екендігін, оны қалай жүзеге асыруға болатын процессуалдық тәртіпті және оның құқықтық салдарын түсіндіргені жөн. Алайда, тараптардың осындай құқықтары түсіндірілмегені туралы уәждері, азаматтық істің сот талқылауына тиісті түрде әзірленбеді деп саналмайды.
      АІЖК-нің 49-бабының 2-бөлігі бойынша тараптар медиация тәртібімен реттеу туралы келісіммен дауды аяқтай алады. Осыған байланысты соттар «Медиация туралы» Заңға сәйкес медиация рәсімінің қолданылуы мүмкін даулар бойынша медиацияға құқықты түсіндіруге тиіс.
      Ескерту. 5-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 2012.12.29 № 6 (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулысымен.
      6. Егер істі соттың қарауына әзірлеген кезде тараптар жазбаша түрде жасалған және өздері қол қойған бітімгершілік келісімін, дауды медиация тәртібімен реттеу туралы келісімді ұсынса, судья АІЖК-нің 172-бабының бірінші бөлігіне, 49-бабына, 247-бабының 4) тармақшасына сәйкес бітімгершілік келісім шарттарын бекіту туралы ұйғарым шығарып, іс жөніндегі сот өндірісін қысқартуға құқылы. Мұндайда бітімгершілік келісімнің, дауды медиация тәртібімен реттеу туралы келісімнің шарттарын ескере отырып, судья тараптар арасындағы сот шығындарын АІЖК-нің 110113-баптарына сәйкес бөлуге міндетті. Бұл ретте сот дауды медиация тәртібімен реттеу туралы келісімді бекіткен кезде төленген мемлекеттік баждың «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының Кодексінде көзделген тәртіппен төлеушіге қайтарылуға тиіс екендігін назарда ұстау қажет.
      Ескерту. 6-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 2012.12.29 № 6 (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулысымен.
      7. Егер азаматтық істі сот талқылауына дайындау барысында сотқа тараптардың атынан олардың өкілдері қатысса, онда судья АІЖК-нің 61-бабының бірінші бөлігінде аталған әр процессуалдық әрекетті жасау үшін тиісті түрде ресімделген уәкілеттіліктерінің бар-жоғын тексеруге міндетті.
      8. Егер істі сот талқылауына дайындау кезінде талапкердің сол немесе басқа жауапкерлерге мәлімделген талап арызынан туындайтын басқа да талаптары, ал жауапкердің талапкерге қарсы талаптары бар екені анықталса, онда судья талапкердің қосымша талап ұсынуға, ал жауапкердің қарсы талап қоюға құқықтарын түсіндіреді, бұл ретте оларға аталған іс жүргізу әрекеттерін жасау немесе жасамау салдары туралы ескертілуге тиіс» (АІЖК-нің 15-бабының үшінші бөлігі). Талапкер қосымша талаптар қою құқығын іске асыруды, ал жауапкер істі соттың қарауына әзірлеудің АІЖК-нің 167-бабында көрсетілген мерзімдері шегінде, істі сотта қарау тағайындалғанға дейін қосымша талаптар қою құқығын іске асыра алады. Бұл ретте қосымша талаптар, қарсы талап қою АІЖК-нің 167-бабында көрсетілген істі соттың қарауына әзірлеудің іс жүргізу мерзімінің өтуін тоқтатпайтынын және оны ұзарту үшін негіз болып табылмайтынын ескеру қажет. Талапкердің істі апелляциялық сатыда қарау сатысында осындай қосымша талаптар қою құкығы көзделмеген.
      Жауапкердің қарсы талап арызы АІЖК-нің 157-бабында көрсетілген талаптарға сәйкес келсе, онда оның арызын талапкердің арызымен бір өндірісте қарау үшін қабылдайды. Егер бұл арыздың мазмұны АІЖК-нің 157-бабында көрсетілген талаптарға сәйкес келмесе, онда судья АІЖК-нің 154-бабының негізінде қарсы талап арызды қайтару туралы ұйғарым шығарады. Егер АІЖК-нің 366-бабы 1-бөлігінің 2) тармақшасында баяндалған негіздер апелляциялық сатыдағы соттың сот шешімінің күшін жоюына негіз болған және жауапкер бірінші сатыдағы сотта қарсы талап қою мүмкіндігінен айрылған жағдайда оларға осындай талап АІЖК-нің 345-бабының ережелері ескеріле отырып талап қою шегінде апелляциялық қарау сатысында қойылуы мүмкін.
      Ескерту. 8-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 2011.12.30 № 5, 2012.12.29 № 6 (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулыларымен.
      9. Егер талаптардың сипаты, олардың өзара байланысы және ортақ дәлелдемелерінің болуы, олардың неғұрлым тез әрі дұрыс шешілуіне мүмкіндік беретін жағдайда ғана бірнеше талаптарды бір өндіріске біріктіруге болады.
      Талапкердің бір арызда біріктіріп берген талаптарын, егер судья олардың жеке қаралуын қажет деп тапса, оларды ажыратып қарауына болады.
      Бірнеше талап арыздардың біріктірілуі немесе олардың ажыратылуы судьяның бөлек ұйғарымымен ресімделуі тиіс, оған АІЖК-нің 344-бабына сәйкес апелляциялық тәртіпте шағымдануға, наразылық келтіруге болмайды.
      10. Егер талапкер өз арызында жауапкердің уәждерін көрсетпесе немесе талап арызға қоса тіркелген материалдарда жауапкердің талап арызға қарсы келтірген дәлелдемелері назар аударарлық болса, онда оларды анықтау үшін істі соттың қарауына әзірлеу барысында жауапкерді сотқа міндетті түрде шақыру қажет болады. Жауапкермен әңгімелесу барысында оның қарсылықтарының мәнін түсініп, іс үшін маңызы бар мән-жағдайлар мен дәлелдемелерді анықтауға мүмкіндік береді, сондай-ақ жауапкердің өтініші бойынша өз бетімен сотқа ұсына алмайтын дәлелдерді басқа заңды тұлғалардан немесе азаматтардан сұратып алуға жәрдем беруге жағдай жасайды.
      Даудың сипатын неғұрлым нақтылау және істің дұрыс шешілуі үшін маңызы бар басқа мәселелерді анықтау үшін, егер судья оны қажет деп тапса, талапкер мен жауапкер судьяға бір мезгілде шақырылуы мүмкін.
      11. Судья даудың мәнісі бойынша тараптардан жауап алған кезде АІЖК-нің 170-бабының 1) және 2) тармақшаларында көрсетілген мән-жайларды, мәлімделген талаптарды негіздейтін немесе жоққа шығаратын қосымша дәлелдемелердің бар-жоғын анықтайды, дәлелдемелерді сұрату үшін көмек көрсету туралы өтініш беруге құқықтарын түсіндіреді.
      Ескерту. 11-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 2011.12.30 № 5 Нормативтік қаулысымен. 
      12. АІЖК-нің 52-бабына сәйкес даудың мәнісі бойынша дербес талап мәлімдейтін үшінші тұлғалар істі соттың қарауына әзірлеу сатысында тараптардың не судьяның бастамашылығымен іске қатыса алмайды. Мұндай адамдар, егер қажет деп тапса, өз бастамасы бойынша талапкерге не жауапкерге талап арыз беру арқылы іске қатысуға құқылы.
      Егер сот шешімі тараптардың біріне қатысты міндеттер мен құқықтарға әсер ететін жағдайда, жеке талап мәлімдемейтін үшінші тұлғалар судьяның немесе тараптардың бастамасымен процестің кез келген сатысында, соның ішінде істі сот қарауына дайындау сатысында іске қатысуға тартылады. Бұл адамдар АІЖК-нің 53-бабына сәйкес талап арыздың негіздемесі мен мәнісін өзгерту, талап көлемін ұлғайту немесе азайту, талап арыздан бас тарту, талап арызды қабылдау, бітімгершілік келісімін, дауды медиация тәртібімен реттеу туралы келісімді бекіту, қарсы талап арыз мәлімдеу, сот шешімін мәжбүрлеп орындату құқықтарын қоспағанда, тиісті тараптың процессуалдық құқықтары мен міндеттеріне иеленуіне болады.
      Егер сот іске қатысуға тартылмаған адамдардың құқықтары мен міндеттері туралы мәселені істі өзінің өндірісіне қабылдау кезінде шешсе, сондай-ақ АІЖК-нің 53-бабы бойынша үшінші тұлғаларды тарту қажет болған өзге де жағдайларда, шағымның, наразылықтың дәлелдеріне қарамастан бірінші сатыдағы сот шешімінің күші жойылуға тиіс екендігін регламенттейтін АІЖК-нің 366-бабы 1-бөлігінің 4) тармақшасында көзделген негіздер бойынша бірінші сатыдағы сот шешімінің күші жойылған жағдайда, істі әзірлеу мақсатында апелляциялық сатыдағы сот заңдылық мүддесі үшін істі апелляциялық сатыда қарау сатысында үшінші тұлғаларды тартуға құқылы. Бұл ретте істі әзірлеу АІЖК-нің 345-бабында белгіленген шекте жүргізілуге тиіс.
      Ескерту. 12-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 2011.12.30 № 5, 2012.12.29 № 6 (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулыларымен.
      13. Күші жойылды - ҚР Жоғарғы Сотының 2009 жылғы 12 қаңтардағы  N 2 Нормативтік қаулысымен.
      14. АІЖК-нің 55-бабына сәйкес прокурордың сот қарауына қатысуы тек заңмен көзделген немесе судья қажет деп тапқан жағдайларда ғана міндетті болып табылады.
      Заң талабына сәйкес прокурор мына азаматтық істерді қарауға сот талқылауына міндетті түрде қатысуға тиіс:
      а) азаматты хабар-ошарсыз кеткен деп тану немесе азаматты қайтыс болған деп жариялау туралы (АІЖК-нің 299-бабы);
      б) баланы асырап алу туралы (АІЖК-нің 317-4-бабы);
      в) нормативтік құқықтық актінің заңға сәйкес келмеу туралы прокурордың наразылығынан бас тарту туралы (АІЖК-нің 287-бабы);
      г) адамды ата-аналық құқынан айыру туралы ("Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы" Қазақстан Республикасы Кодексінің 76-бабының 2-тармағы) істерді қараған кезде, сондай-ақ АІЖК-нің 55-бабының екінші бөлігімен көзделген жағдайларда.
      Сот прокурордың сот отырысына қатысуын төмендегі істерді қараған кезде міндетті деп тануы мүмкін:
      а) басқа адамдардың мүддесін қорғау жөніндегі прокурордың арызы бойынша қозғалған іс барысында, оның ішінде азаматты психиатриялық стационарға мәжбүрлеп жатқызу туралы прокурордың талап арызы бойынша іс қозғалған жағдайда;
      б) тараптардың бірі немесе екеуі кәмелетке толмаған, мүгедек, әрекеттері шектеулі азаматтар болған жағдайда;
      в) тараптардың бірі мемлекет немесе әкімшілік болған жағдайда;
      г) АІЖК-нің 25-28-баптарында көрсетілген арыздарды қараған жағдайда.
      Прокурордың сот отырысына міндетті түрде қатысуы жөнінде істі соттың қарауына әзірлеу туралы қаулыда көрсетіледі.
      Ескерту. 14-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 2011.12.30 № 5, 2012.12.29 № 6 (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулыларымен.
      15. АІЖК-нің 57-бабына сәйкес іс бойынша қорытынды беру үшін, егер ондай қатысулары заңда көзделген болса, мемлекеттік органдар мен жергілікті атқару органдарының өкілдерін қатыстыру туралы мәселені соттардың шешкені жөн.
      16. Іс соттың қарауына әзірлеу тәртібі бойынша сот АІЖК-нің 91-бабына сәйкес сараптама тағайындау туралы ұйғарым шығаруға құқылы. Сараптама тағайындау туралы мәселені шешкен кезде сот тиісті түрде талапкердің немесе жауапкердің сараптама тағайындау туралы өтінішін қараудың орны мен уақыты туралы хабардар етуі тиіс, алайда бұл адамдардың сотқа келмей қалуы сараптама тағайындау туралы өтінішті қарауға кедергі келтірмейді. Сот сотқа келген тараптарға олардың сарапшылар алдына қойылатын сұрақтардың тұжырымдамасын жасауға құқылы екендігін түсіндіреді, бірақ сарапшылардың алдына қойылуға тиіс сұрақтардың түпкілікті шеңберін судьяның өзі сараптама тағайындау туралы ұйғарымда көрсетеді.
      Сарапшылардың шешуіне ғылым, техника, өнер саласында арнайы білімдерді талап ететін мәселелер ғана қойылуы мүмкін. Шешілуі сот құзыретіне жататын құқықтық мәселелерді сарапшыларға қоюға жол берілмейді.
      АІЖК-нің 344-бабында көрсетілген тәртіп бойынша сараптама тағайындау туралы ұйғарымға шағымдануға, наразылық келтіруге болады.
      Ескерту. 16-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 2012.12.29 № 6 (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулыларымен.
      17. Өздеріне қажетті дәлелдемелерді сотқа ұсыну соңынан мүмкін болмайды немесе қиындық келтіреді деп қауіптенуге негізі бар тараптардың немесе олардың өкілдерінің арыздары бойынша сот АІЖК-нің 74-76-баптарына сәйкес дәлелдемелерді қамтамасыз ету шараларын қолданғаны дұрыс. Дәлелдемелерді қамтамасыз ету туралы арыз АІЖК-нің 75-бабының 2-бөлігінде көрсетілген талаптарға сәйкес келуі тиіс.
      Оларды қамтамасыз ету жөніндегі шараларды істі өндірісіне қабылдаған сот қолданады. Дәлелдемелерді қамтамасыз ету туралы шара қабылдау қажет болған жағдайда сот ұйғарымында тараптың өтініші бойынша қамтамасыз етіле алатын дәлелдемелерді көрсетеді (нақты куәгерлерден жауап алу, жазбаша немесе өзге дәлелдемелерді тексеру және т.б.).
      Егер сот істі соттың қарауына әзірлеу барысында дәлелдемелерді қамтамасыз ету бойынша шара қабылдау үшін негіз жоқ деп тапса, онда ол жайында шаралар қабылдаудан бас тарту туралы дәлелді ұйғарым шығаруы қажет. Арыз иесі ол ұйғарымға АІЖК-нің 344-бабында көрсетілген тәртіп бойынша шағымдана алады.
      Істі соттың қарауына әзірлеу барысында Қазақстан Республикасының басқа ауданындағы немесе қаласындағы дәлелдемелерді қамтамасыз ету туралы өтінішті, сот сот тапсырмасы туралы ұйғарым шығару арқылы шешеді. Сот оны АІЖК-нің 73-бабында көрсетілген тәртіп бойынша орындайды.
      Шетелдік мемлекеттегі дәлелдерді қамтамасыз ету немесе тараптардан дәлелдемелерді сұратуға көмек көрсету сот тапсырмасы туралы ұйғарым шығару арқылы жүргізіледі. Бұл ұйғарымды 1993 жылғы 22 қаңтарда Минск қаласында Қазақстан Республикасы бекіткен "Құқықтық көмек және азаматтық, отбасы және қылмыстық істер бойынша құқықтық қатынастар туралы конвенцияның" қағидаларына не Қазақстан Республикасының басқа шетелдік мемлекеттерімен бекіткен халықаралық келісімдеріне сәйкес шетелдік мемлекеттің тиісті соты орындайды.
      Ескерту. 17-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 2012.12.29 № 6 (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулыларымен.
      18. АІЖК-нің 255-бабына сәйкес істі соттың қарауына әзірлеу кезінде жазбаша немесе заттай дәлелдемелерді қарау, сараптама тағайындау, бітімгершілік келісім шарттарын, дауды медиация тәртібімен реттеу туралы келісімді бекіту сияқты жеке процессуалдық әрекеттер жасалған кезде сот отырысының хаттамасы жасалуы тиіс. Істі сот талқылауына дайындау барысында өзге процессуалдық әрекеттер жасалған кезде сот отырысының хаттамасы жасалмайды, бірақ соттың қалауы бойынша немесе іске қатысатын адамдардың өтініші бойынша жасалуы мүмкін.
      Ескерту. 18-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 2012.12.29 № 6 (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулыларымен.
      19. Судья азаматтық істі сот талқылауына дайындауды, егер Азаматтық іс жүргізу кодексінде немесе өзге заң актілерінде басқа мерзімдер көрсетілмесе, арыз сот өндірісіне қабылданып, азаматтық іс қозғалған күннен бастап жеті жұмыс күнінен кешіктірмей өткізуі тиіс.
      Азаматты хабар-ошарсыз кеткен деп тану немесе азаматтың қайтыс болған деп жариялау туралы істер бойынша істі соттың қарауына әзірлеу мерзімі жергілікті газетте осындай істің қозғалуы туралы судья ұйғарымы жарияланған күннен бастап үш ай құрайды.
      Сот АІЖК-нің 273-бабының 1-бөлігіне сәйкес сайлауға дейін бес күн бұрын және сайлау күні келіп түскен азаматтардың, қоғамдық бірлестіктердің, сайлау комиссия мүшелерінің сайлау құқықтарының бұзылуы туралы арыздары бойынша істі арыз берілген күні дайындап, сол күні оны мәнісі бойынша қарауы керек. Бұл санаттағы даулар бойынша істі соттың қарауына әзірлеу мерзімі ұзартылуға жатпайды.
      АІЖК-нің 167-бабында көрсетілген алименттерді өндіру туралы, жәбірленушілерге мертігуден немесе денсаулығына өзге де зақымнан келтірілген зиянды өтеу, сондай-ақ асыраушысынан айырылу жағдайлары бойынша және еңбек қатынастарынан туындайтын барлық талаптар бойынша істерді соттың қарауына әзірлеу мерзімдері ұзартылуға жатпайды. Істердің басқа санаттары бойынша судья ерекше жағдайларда күрделі істер бойынша ғана мерзімді бір айға дейін ұзарта алады.
      Судьяның істі соттың қарауына әзірлеу әрекеттерін жеті күн мерзім ішінде немесе кейбір санаттары үшін заң актілерінде көрсетілген мерзім ішінде бітіруі мүмкін болмағанда, ол ерекше жағдай деп танылады.
      Ескерту. 19-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 2012.12.29 № 6 (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулыларымен.
      20. АІЖК-нің 172-бабының 1-бөлігіне, 242-244-баптарына сәйкес заңның осы нормаларында көрсетілген мән-жайлар орын алып, олар жойылғанша, судья істі соттың қарауына әзірлеуді тоқтата тұру туралы ұйғарым шығарады.
      АІЖК-нің 254-бабының талаптарына ұқсастық бойынша судья іске қатысушы адамдарға істі соттың қарауына әзірлеуді тоқтата тұру туралы ұйғарымның көшірмесін жібереді.
      Істі соттың қарауына әзірлеуді тоқтата тұру туралы ұйғарымға АІЖК-нің 344-бабында қарастырылған жағдайларға байланысты шағымдануға, наразылық келтіруге болады.
      21. Істі соттың қарауына әзірлеуді тоқтата тұруға кедергі келтірген мән-жайларды жойғаннан кейін, судья оны қайта бастау туралы ұйғарым шығарады.
      Мұндайда, судьяның арызды қабылдау және азаматтық істі қозғау туралы ұйғарымы шығарылған күннен бастап істі соттың қарауына әзірлеуді тоқтата тұру туралы ұйғарым шығарылғанға дейін өткен мерзім істі сот талқылауына дайындау мерзіміне кіреді.
      22. АІЖК-нің 173-бабына сәйкес судья істі соттың қарауына әзірлеу туралы ұйғарымда көрсетілген барлық әрекеттерді орындағаннан кейін, іс сот талқылауына дайын деп есептеледі.
      23. Төмендегі құжаттардың күші жойылды деп танылсын:
      Қазақ КСР Жоғарғы Соты Пленумының 1986 жылғы 10 қазандағы "Азаматтық істерді соттың қарауына әзірлеу практикасы туралы" N 18 қаулысы;
      Қазақ КСР Жоғарғы Соты Пленумының 1987 жылғы 2 қазандағы "Кейбір азаматтық істер жөніндегі Қазақ КСР Жоғарғы Соты Пленумының қаулыларына өзгерістер енгізу туралы" N 11 қаулысының 4-тармағы; Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты Пленумының 1998 жылғы 15 мамырдағы "Азаматтық және азаматтық іс жүргізу заңдарын қолдану мәселелері бойынша Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты Пленумының кейбір қаулыларына өзгерістер енгізу туралы" N 5 қаулысының 2-тармағы. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Төрағасы Жалпы отырыстың хатшысы, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының судьясы.
      24. Қазақстан Республикасы Конституциясының 4-бабына сәйкес, осы нормативтік қаулы қолданыстағы құқық құрамына қосылады, сондай-ақ жалпыға бірдей міндетті болып табылады әрі ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
      Ескерту. 24-тармақпен толықтырылды - ҚР Жоғарғы Сотының 2012.12.29 № 6 (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулыларымен.