Азаматтық істерді соттың қарауына әзірлеу туралы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының нормативтік қаулысы 2001 жылғы 13 желтоқсан N 21

Жаңартылған

      Азаматтық істерді соттың қарауына әзірлеу мәселелерін реттейтін процессуалдық заңнама нормаларын сот практикасында біркелкі қолдану қажеттілігіне байланысты Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жалпы отырысы қаулы етеді:
      1. Азаматтық істерді соттың қарауына әзірлеу бірінші сатыдағы соттың іс жөніндегі іс-әрекетінің қажетті бөлігі болып табылады және ол тараптар ұсынған дәлелдемелер мен қолданылуға жататын материалдық құқық нормаларына сәйкес тараптардың заңды құқықтары мен міндеттерін, олар ұсынған дәлелдемелерді сот отырысында толық, жан-жақты және объективті түрде зерттеп, заңды және негізді сот актісін шығару үшін қажетті жағдайлар тудырады.
      Қазақстан Республикасының Азаматтық істер жүргізу кодексінің K990411_ (әрі қарай мәтін бойынша АІЖК) істі соттың қарауына әзірлеуді қамтамасыз ету жөніндегі 166-бабының 2-бөлігінде көрсетілген міндеттерді жүзеге асыру мақсатында судьялар арыздарды сот өндірісіне қабылдаған кезден бастап, сотқа берілген арыздардың дәлелдемелермен негізделгендігі АІЖК-нің K990411_ 150 және 151-баптарының талаптарына сәйкес келуін ескерулері қажет.
      2. АІЖК-нің 168-бабына сәйкес судья әр іс бойынша істі соттың қарауына әзірлеу туралы ұйғарым шығаруы тиіс. Ұйғарымда, даудың санатын ескере отырып, оның сот отырысында уақытылы және дұрыс шешілуіне қажет болып табылатын нақты әрекеттер көрсетілуі керек.
      Іс бойынша шығарылған сот актісі апелляциялық немесе қадағалау тәртібінде бұзылып, іс бірінші сатыдағы соттың жаңадан қарауына қайтарылған жағдайда да, осындай ұйғарым шығарылуы тиіс. АІЖК-нің K990411_ 344-бабының бірінші бөлігіне сәйкес істі соттың қарауына әзірлеу туралы ұйғарымға шағым немесе наразылық келтіруге болмайды.
      3. АІЖК-нің K990411_ 14-бабына сәйкес, сотқа арыз қай тілде берілсе, сот өндірісі де сол тілде жүргізіледі деп есептеу керек. Егер талапкерден арыз берілген тілді өзгерту туралы өтініш келіп түссе, онда судья АІЖК-нің 14-бабының 2-бөлігіне сәйкес сот талқылауы жүргізілетін сот өндірісінің тілі туралы ұйғарым шығаруға міндетті.
      4. Судьялар азаматтық істерді соттың қарауына әзірлеген кезде АІЖК-нің K990411_ 47-бабында көрсетілген процессуалдық құқықтар мен міндеттерді, оның ішінде мәлімдеген талаптарын негіздейтін дәлелдемелер немесе оларға келтірілген қарсылықтарын ұсынуға міндетті және процессуалдық міндеттерді орындамаудың құқықтық салдары туралы талапкерлер мен жауапкерлерге түсіндіруі тиіс.
      Талапкердің не жауапкердің өтініші бойынша дәлелдемелер сұратуға жәрдемдесе отырып, судья істі сот талқылауына дайындаған кезде, ол дәлелдемелердің бір-бірінен артықшылығы туралы пікірін білдіруге қақысы жоқ.
      5. Мүлік туралы дауларды тараптардың аралық сотқа тапсыруға құқы бар екендігін, оны қалай жүзеге асыруға болатын процессуалдық тәртіпті және оның құқықтық салдарын түсіндіргені жөн. Алайда, тараптардың осындай құқықтары түсіндірілмегені туралы уәждері, азаматтық істің сот талқылауына тиісті түрде әзірленбеді деп саналмайды.
      6. Егер істі соттың қарауына әзірлеген кезде тараптар жазбаша түрде жасалған және өздері қол қойған бітімгершілік келісімін ұсынса, судья АІЖК-нің 172-бабының бірінші бөлігіне, 49-бабына, 247-бабының
4) тармақшасына сәйкес бітімгершілік келісім шарттарын бекіту туралы ұйғарым шығарып, іс жөніндегі сот өндірісін қысқартуға құқылы. Мұндайда бітімгершілік келісімнің шарттарын ескере отырып, судья тараптар арасындағы сот шығындарын АІЖК-нің K990411_ 110, 113-баптарына сәйкес бөлуге міндетті.
      7. Егер азаматтық істі сот талқылауына дайындау барысында сотқа тараптардың атынан олардың өкілдері қатысса, онда судья АІЖК-нің K990411_ 61-бабының бірінші бөлігінде аталған әр процессуалдық әрекетті жасау үшін тиісті түрде ресімделген уәкілеттіліктерінің бар-жоғын тексеруге міндетті.
      8. Егер істі сот талқылауына дайындау кезінде талапкердің сол немесе басқа жауапкерлерге мәлімделген талап арызынан туындайтын басқа да талаптары, ал жауапкердің талапкерге қарсы талаптары бар екені анықталса, онда судья талапкердің қосымша талап ұсынуға, ал жауапкердің қарсы талап қоюға құқықтарын түсіндіреді.
      Жауапкердің қарсы талап арызы АІЖК-нің K990411_ 157-бабында көрсетілген талаптарға сәйкес келсе, онда оның арызын талапкердің арызымен бір өндірісте қарау үшін қабылдайды. Егер бұл арыздың мазмұны АІЖК-нің K990411_ 157-бабында көрсетілген талаптарға сәйкес келмесе, онда судья АІЖК-нің 154-бабының негізінде қарсы талап арызды қайтару туралы ұйғарым шығарады.
      9. Егер талаптардың сипаты, олардың өзара байланысы және ортақ дәлелдемелерінің болуы, олардың неғұрлым тез әрі дұрыс шешілуіне мүмкіндік беретін жағдайда ғана бірнеше талаптарды бір өндіріске біріктіруге болады.
      Талапкердің бір арызда біріктіріп берген талаптарын, егер судья олардың жеке қаралуын қажет деп тапса, оларды ажыратып қарауына болады.
      Бірнеше талап арыздардың біріктірілуі немесе олардың ажыратылуы судьяның бөлек ұйғарымымен ресімделуі тиіс, оған АІЖК-нің K990411_ 344-бабына сәйкес апелляциялық тәртіпте шағымдануға, наразылық келтіруге болмайды.
      10. Егер талапкер өз арызында жауапкердің уәждерін көрсетпесе немесе талап арызға қоса тіркелген материалдарда жауапкердің талап арызға қарсы келтірген дәлелдемелері назар аударарлық болса, онда оларды анықтау үшін істі соттың қарауына әзірлеу барысында жауапкерді сотқа міндетті түрде шақыру қажет болады. Жауапкермен әңгімелесу барысында оның қарсылықтарының мәнін түсініп, іс үшін маңызы бар мән-жағдайлар мен дәлелдемелерді анықтауға мүмкіндік береді, сондай-ақ жауапкердің өтініші бойынша өз бетімен сотқа ұсына алмайтын дәлелдерді басқа заңды тұлғалардан немесе азаматтардан сұратып алуға жәрдем беруге жағдай жасайды.
      Даудың сипатын неғұрлым нақтылау және істің дұрыс шешілуі үшін маңызы бар басқа мәселелерді анықтау үшін, егер судья оны қажет деп тапса, талапкер мен жауапкер судьяға бір мезгілде шақырылуы мүмкін.
      11. Судья даудың мәнісі бойынша тараптардан жауап алған кезде АІЖК-нің K990411_ 170-бабының 1) және 2) тармақшаларында көрсетілген мән-жайларды, мәлімделген талаптарды негіздейтін немесе жоққа шығаратын қосымша дәлелдемелердің бар-жоғын анықтайды, дәлелдемелерді сұрату үшін көмек көрсету туралы өтініш беруге құқықтарын түсіндіреді.
      Жауапкерден жауап алған кезде судья оған өзі (толық не ішінара) мойындайтын немесе мойындамайтын талаптарды көрсетіп, талапкердің арызына жазбаша жауап беруді ұсынады.
      12. АІЖК-нің K990411_ 52-бабына сәйкес даудың мәнісі бойынша дербес талап мәлімдейтін үшінші тұлғалар істі соттың қарауына әзірлеу сатысында тараптардың не судьяның бастамашылығымен іске қатыса алмайды. Мұндай адамдар, егер қажет деп тапса, өз бастамасы бойынша талапкерге не жауапкерге талап арыз беру арқылы іске қатысуға құқылы.
      Егер сот шешімі тараптардың біріне қатысты міндеттер мен құқықтарға әсер ететін жағдайда, жеке талап мәлімдемейтін үшінші тұлғалар судьяның немесе тараптардың бастамасымен іске қатысуға тартылады. Бұл адамдар АІЖК-нің K990411_ 53-бабына сәйкес талап арыздың негіздемесі мен мәнісін өзгерту, талап көлемін ұлғайту немесе азайту, талап арыздан бас тарту, талап арызды қабылдау, бітімгершілік келісім бекіту, қарсы талап арыз мәлімдеу, сот шешімін мәжбүрлеп орындату құқықтарын қоспағанда, тиісті тараптың процессуалдық құқықтары мен міндеттеріне иеленуіне болады.
      13. (Күші жойылды - ҚР Жоғарғы Сотының 2009 жылғы 12 қаңтардағы  N 2 Нормативтік қаулысымен).
      14. АІЖК-нің K990411_ 55-бабына сәйкес прокурордың сот қарауына қатысуы тек заңмен көзделген немесе судья қажет деп тапқан жағдайларда ғана міндетті болып табылады.
      Заң талабына сәйкес прокурор мына азаматтық істерді қарауға сот талқылауына міндетті түрде қатысуға тиіс:
      а) азаматты хабар-ошарсыз кеткен деп тану немесе азаматты қайтыс болған деп жариялау туралы (АІЖК-нің K990411_ 299-бабы);
      б) баланы асырап алу туралы (АІЖК-нің K990411_ 317-4-бабы);
      в) нормативтік құқықтық актінің заңға сәйкес келмеу туралы прокурордың наразылығынан бас тарту туралы (АІЖК-нің K990411_ 287-бабы);
      г) адамды ата-аналық құқынан айыру туралы (Неке және отбасы туралы Заңының Z980321_ 68-бабының 2-тармағы) істерді қараған кезде.
      Судья прокурордың сот отырысына қатысуын төмендегі істерді қараған кезде міндетті деп тануы мүмкін:
      а) басқа адамдардың мүддесін қорғау жөніндегі прокурордың арызы бойынша қозғалған іс барысында, оның ішінде азаматты психиатриялық стационарға мәжбүрлеп жатқызу туралы прокурордың талап арызы бойынша іс қозғалған жағдайда;
      б) тараптардың бірі немесе екеуі кәмелетке толмаған, мүгедек, әрекеттері шектеулі азаматтар болған жағдайда;
      в) тараптардың бірі мемлекет немесе әкімшілік болған жағдайда;
      г) АІЖК-нің K990411_ 25-28-баптарында көрсетілген арыздарды қараған жағдайда.
      Прокурордың сот отырысына міндетті түрде қатысуы жөнінде істі соттың қарауына әзірлеу туралы қаулыда көрсетіледі.
      15. АІЖК-нің K990411_ 57-бабына сәйкес іс бойынша қорытынды беру үшін, егер ондай қатысулары заңда көзделген болса, мемлекеттік органдар мен жергілікті атқару органдарының өкілдерін қатыстыру туралы мәселені соттардың шешкені жөн.
      16. Іс соттың қарауына әзірлеу тәртібі бойынша судья АІЖК-нің K990411_ 91-бабына сәйкес сараптама тағайындау туралы ұйғарым шығаруға құқылы. Сараптама тағайындау туралы мәселені шешкен кезде судья тиісті түрде талапкердің немесе жауапкердің сараптама тағайындау туралы өтінішін қараудың орны мен уақыты туралы хабардар етуі тиіс, алайда бұл адамдардың сотқа келмей қалуы сараптама тағайындау туралы өтінішті қарауға кедергі келтірмейді. Судья сотқа келген тараптарға олардың сарапшылар алдына қойылатын сұрақтардың тұжырымдамасын жасауға құқылы екендігін түсіндіреді, бірақ сарапшылардың алдына қойылуға тиіс сұрақтардың түпкілікті шеңберін судьяның өзі сараптама тағайындау туралы ұйғарымда көрсетеді.
      Сарапшылардың шешуіне ғылым, техника, өнер саласында арнайы білімдерді талап ететін мәселелер ғана қойылуы мүмкін. Шешілуі сот құзыретіне жататын құқықтық мәселелерді сарапшыларға қоюға жол берілмейді.
      АІЖК-нің K990411_ 344-бабында көрсетілген тәртіп бойынша сараптама тағайындау туралы ұйғарымға шағымдануға, наразылық келтіруге болады.
      17. Өздеріне қажетті дәлелдемелерді сотқа ұсыну соңынан мүмкін болмайды немесе қиындық келтіреді деп қауіптенуге негізі бар тараптардың немесе олардың өкілдерінің арыздары бойынша судья АІЖК-нің 74-76-баптарына сәйкес дәлелдемелерді қамтамасыз ету шараларын қолданғаны дұрыс. Дәлелдемелерді қамтамасыз ету туралы арыз АІЖК-нің K990411_ 75-бабының 2-бөлігінде көрсетілген талаптарға сәйкес келуі тиіс.
      Оларды қамтамасыз ету жөніндегі шараларды істі өндірісіне қабылдаған сот қолданады. Дәлелдемелерді қамтамасыз ету туралы шара қабылдау қажет болған жағдайда судья ұйғарымында тараптың өтініші бойынша қамтамасыз етіле алатын дәлелдемелерді көрсетеді (нақты куәгерлерден жауап алу, жазбаша немесе өзге дәлелдемелерді тексеру және т.б.).
      Егер судья істі соттың қарауына әзірлеу барысында дәлелдемелерді қамтамасыз ету бойынша шара қабылдау үшін негіз жоқ деп тапса, онда ол жайында шаралар қабылдаудан бас тарту туралы дәлелді ұйғарым шығаруы қажет. Арыз иесі ол ұйғарымға АІЖК-нің K990411_ 344-бабында көрсетілген тәртіп бойынша шағымдана алады.
      Істі соттың қарауына әзірлеу барысында Қазақстан Республикасының басқа ауданындағы немесе қаласындағы дәлелдемелерді қамтамасыз ету туралы өтінішті, судья сот тапсырмасы туралы ұйғарым шығару арқылы шешеді. Сот оны АІЖК-нің K990411_ 73-бабында көрсетілген тәртіп бойынша орындайды.
      Шетелдік мемлекеттегі дәлелдерді қамтамасыз ету немесе тараптардан дәлелдемелерді сұратуға көмек көрсету сот тапсырмасы туралы ұйғарым шығару арқылы жүргізіледі. Бұл ұйғарымды 1993 жылғы 22 қаңтарда Минск қаласында Қазақстан Республикасы бекіткен "Құқықтық көмек және азаматтық, отбасы және қылмыстық істер бойынша құқықтық қатынастар туралы конвенцияның" қағидаларына не Қазақстан Республикасының басқа шетелдік мемлекеттерімен бекіткен халықаралық келісімдеріне сәйкес шетелдік мемлекеттің тиісті соты орындайды.
      18. АІЖК-нің K990411_ 255-бабына сәйкес істі соттың қарауына әзірлеу кезінде жазбаша немесе заттай дәлелдемелерді қарау, сараптама тағайындау, бітімгершілік келісім шарттарын бекіту сияқты жеке процессуалдық әрекеттер жасалған кезде сот отырысының хаттамасы жасалуы тиіс. Істі сот талқылауына дайындау барысында өзге процессуалдық әрекеттер жасалған кезде сот отырысының хаттамасы жасалмайды.
      19. Судья азаматтық істі сот талқылауына дайындауды, егер Азаматтық іс жүргізу кодексінде немесе өзге заң актілерінде басқа мерзімдер көрсетілмесе, арыз сот өндірісіне қабылданып, азаматтық іс қозғалған күннен бастап жеті күннен кешіктірмей өткізуі тиіс.
      Азаматты хабар-ошарсыз кеткен деп тану немесе азаматтың қайтыс болған деп жариялау туралы істер бойынша істі соттың қарауына әзірлеу мерзімі жергілікті газетте осындай істің қозғалуы туралы судья ұйғарымы жарияланған күннен бастап үш ай құрайды.
      Сот АІЖК-нің 273-бабының 1-бөлігіне сәйкес сайлауға дейін бес күн бұрын және сайлау күні келіп түскен азаматтардың, қоғамдық бірлестіктердің, сайлау комиссия мүшелерінің сайлау құқықтарының бұзылуы туралы арыздары бойынша істі арыз берілген күні дайындап, сол күні оны мәнісі бойынша қарауы керек. Бұл санаттағы даулар бойынша істі соттың қарауына әзірлеу мерзімі ұзартылуға жатпайды.
      АІЖК-нің 167-бабында көрсетілген алименттерді өндіру туралы, жәбірленушілерге мертігуден немесе денсаулығына өзге де зақымнан келтірілген зиянды өтеу, сондай-ақ асыраушысынан айырылу жағдайлары бойынша және еңбек қатынастарынан туындайтын барлық талаптар бойынша істерді соттың қарауына әзірлеу мерзімдері ұзартылуға жатпайды. Істердің басқа санаттары бойынша судья ерекше жағдайларда күрделі істер бойынша ғана мерзімді бір айға дейін ұзарта алады.
      Судьяның істі соттың қарауына әзірлеу әрекеттерін жеті күн мерзім ішінде немесе кейбір санаттары үшін заң актілерінде көрсетілген мерзім ішінде бітіруі мүмкін болмағанда, ол ерекше жағдай деп танылады.
      20. АІЖК-нің K990411_ 172-бабының 1-бөлігіне, 242-244-баптарына сәйкес заңның осы нормаларында көрсетілген мән-жайлар орын алып, олар жойылғанша, судья істі соттың қарауына әзірлеуді тоқтата тұру туралы ұйғарым шығарады.
      АІЖК-нің 254-бабының талаптарына ұқсастық бойынша судья іске қатысушы адамдарға істі соттың қарауына әзірлеуді тоқтата тұру туралы ұйғарымның көшірмесін жібереді.
      Істі соттың қарауына әзірлеуді тоқтата тұру туралы ұйғарымға АІЖК-нің 344-бабында қарастырылған жағдайларға байланысты шағымдануға, наразылық келтіруге болады.
      21. Істі соттың қарауына әзірлеуді тоқтата тұруға кедергі келтірген мән-жайларды жойғаннан кейін, судья оны қайта бастау туралы ұйғарым шығарады.
      Мұндайда, судьяның арызды қабылдау және азаматтық істі қозғау туралы ұйғарымы шығарылған күннен бастап істі соттың қарауына әзірлеуді тоқтата тұру туралы ұйғарым шығарылғанға дейін өткен мерзім істі сот талқылауына дайындау мерзіміне кіреді.
      22. АІЖК-нің K990411_ 173-бабына сәйкес судья істі соттың қарауына әзірлеу туралы ұйғарымда көрсетілген барлық әрекеттерді орындағаннан кейін, іс сот талқылауына дайын деп есептеледі.
      23. Төмендегі құжаттардың күші жойылды деп танылсын:
      Қазақ КСР Жоғарғы Соты Пленумының 1986 жылғы 10 қазандағы "Азаматтық істерді соттың қарауына әзірлеу практикасы туралы" N 18 P86018s_ қаулысы;
      Қазақ КСР Жоғарғы Соты Пленумының 1987 жылғы 2 қазандағы "Кейбір азаматтық істер жөніндегі Қазақ КСР Жоғарғы Соты Пленумының қаулыларына өзгерістер енгізу туралы" N 11 қаулысының 4-тармағы; Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты Пленумының 1998 жылғы 15 мамырдағы "Азаматтық және азаматтық іс жүргізу заңдарын қолдану мәселелері бойынша Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты Пленумының кейбір қаулыларына өзгерістер енгізу туралы" N 5 қаулысының P98005s_ 2-тармағы. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Төрағасы Жалпы отырыстың хатшысы, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының судьясы Мамандар: Қасымбеков Б.А. Икебаева Ә.Ж.