Қазақстан Республикасы мемлекеттiк органдарының, қорғаныс, қауiпсiздiк және құқық тәртiбiн қорғау органдарының мұқтаждары үшiн жалпы пайдаланыстағы телекоммуникациялар желiлерiн, бiртұтас телекоммуникациялар желiлерiнiң ресурстарын дайындау мен пайдаланудың ережесiн бекiту туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысы 2001 жылғы 31 қаңтар N 164

Жаңартылған

      "Байланыс туралы" Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 5 шiлдедегi Заңын iске асыру мақсатында Қазақстан Республикасының Yкiметi қаулы етеді:

      Ескерту. Тақырыбы мен кіріспеге өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 2004.10.20. N 1079 қаулысымен.

      1. Қоса берiлiп отырған Қазақстан Республикасы мемлекеттiк органдарының, қорғаныс, қауiпсiздiк және құқық тәртiбiн қорғау органдарының мұқтаждары үшiн жалпы пайдаланыстағы телекоммуникациялар желiлерiн, бiртұтас телекоммуникациялар желілерiнiң ресурстарын дайындау мен пайдаланудың ережесi бекiтiлсiн.

      Ескерту. 1-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 2004.10.20. N 1079 қаулысымен.

      2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап күшiне енедi.

Қазақстан Республикасының


Премьер-Министрі



      Қазақстан Республикасы

      Yкiметінің

      2001 жылғы 31 қаңтардағы

      N 164 қаулысымен

      БЕКIТIЛГЕН

Қазақстан Республикасы мемлекеттiк органдарының, қорғаныс, қауiпсiздiк және құқық тәртiбiн қорғау органдарының мұқтаждары үшiн жалпы пайдаланыстағы телекоммуникациялар желiлерiн, бiртұтас телекоммуникациялар желiлерiнiң
ресурстарын дайындау мен пайдаланудың ережесi

      Ескерту. Тақырыбы жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 2004.10.20. N 1079 қаулысымен.

Жалпы қағидалар

      Ескерту. Мәтiн бойынша "ұлттық оператордың", "ұлттық байланыс операторы" және "ұлттық оператор" деген сөздер "қалааралық және халықаралық байланыс операторының", "қалааралық және халықаралық байланыс операторы" және "қалааралық және халықаралық байланыс операторы" деген сөздермен ауыстырылды - ҚР Үкіметінің 2004.10.20. N 1079 қаулысымен.
      Ескерту. Мәтiндегi "ҚР ТЖА" деген аббревиатура "ҚР ТЖМ" деген аббревиатурамен; "ТЖА" деген аббревиатура "ТЖМ" деген аббревиатурамен ауыстырылды - ҚР Үкіметінің 2006.04.28. N 340 қаулысымен.

      1. Осы Ереже:

      1) бейбiт уақытта, төтенше жағдайлар туындаған кезде, айрықша маңызды жұмыстар мен iс-шаралар жүргiзген кезде және соғыс уақытында Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының, қорғаныс, қауiпсiздiк және құқық тәртiбiн қорғау органдарының мұқтаждары үшiн жалпы пайдаланыстағы телекоммуникациялар желiлерiн (бұдан әрi - ЖПТЖ), бiртұтас телекоммуникациялар желілерiнiң ресурстарын (бұдан әрi - БТЖ) дайындау мен пайдаланудың тәртiбiн;

      2) байланыс қызметтерiн көрсетуде басымдықтар белгiлеудi;

      3) бейбiт уақытта табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлар кезiнде, соғыс уақытында байланыс желiлерiн басқаруды;

      4) қалааралық және халықаралық байланыс операторының, басқа да байланыс операторларының (бұдан әрi - байланыс операторлары) және пайдаланушылардың құқықтары мен мiндеттерiн айқындайды.

      Ескерту. 1-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 2004.10.20 N 1079 қаулысымен.

      2. Ережеде мынадай негiзгi терминдер қолданылады:

      телекоммуникациялардың өзара үйлестiрiлген желiсi - Қазақстан Республикасының аумағында орталықтандырылған басқарумен қамтамасыз етiлген телекоммуникациялардың технологиялық ұштастырылған желiлерiнiң кешенi;

      жалпы пайдаланыстағы телекоммуникациялар желісi - барлық заңды және жеке тұлғалардың пайдалануы үшiн ашық, телекоммуникациялардың өзара үйлестiрiлген желiсiнiң құрамдас бөлiгi;

      байланыстың ведомстволық желiлерi - арнайы және өндiрiстiк мұқтаждарды қамтамасыз ету үшiн құрылатын, жалпы пайдаланыстағы телекоммуникациялар желiсiне шыға алатын мемлекеттiк органдардың телекоммуникациялар желiлерi;

      қосылу - осы желiлердi қосу және абоненттер (пайдаланушылар) арасында ақпарат жiберу мүмкiн болатын желiлердiң арасындағы өзара iс-қимыл жасауды ұйымдастыру;

      терминал - соңғы абоненттік құрылғы;

      үкiметтiк байланыс - мемлекеттік басқару мұқтаждары үшiн арнайы қорғалған байланыс;

      айрықша маңызды жұмыстар мен iс-шаралар - Қазақстан Республикасының аумағы арқылы мемлекеттер мен үкiметтер басшыларының жүруiне, сондай-ақ техника мен қару-жарақтың жаңа үлгiлерiн сынауға, ғарыш және ұшу аппараттарын жiберуге байланысты жүргiзiлетiн жұмыстар мен iс-шаралар;

      Қазақстан Республикасы мемлекеттiк органдарының, қорғаныс, қауiпсiздiк және құқық тәртiбiн қорғау органдарының мұқтаждары үшiн бiртұтас телекоммуникациялар желiлерiнiң ресурстары - Қазақстан Республикасының мемлекеттiк органдарына, қорғаныс, қауiпсiздiк және құқық тәртiбiн қорғау органдарына байланыс қызметтерiн көрсетуге арналған телекоммуникациялар желiлерiнiң (нумерация ресурсының) жиынтығы.

      Ескерту. 2-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 2004.10.20. N 1079 қаулысымен.

      3. Қызмет көрсетудің жеке тәртiбi белгiленетiн ЖПТЖ-ның негізгi пайдаланушылары: Қазақстан Республикасының Ұлттық қауiпсiздiк комитетi (бұдан әрi - ҚР ҰҚК), Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлiгi (бұдан әрi - ҚР ҚМ), Қазақстан Республикасының Iшкi iстер министрлiгі (бұдан әрi - ҚР IIМ), Қазақстан Республикасы Президентiнiң Күзет қызметi (бұдан әрi - ҚР ПКҚ), салық полициясы органдары мен кеден органдары, Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлiгi (бұдан әрi - ҚР ТЖМ), Қазақстан Республикасының Yкiметi белгiлеген тiзбе бойынша басқа да мемлекеттiк органдар: Қазақстан Республикасы Мәдениет, ақпарат және спорт министрлiгi, Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлiгi, Қазақстан Республикасының Көлiк және коммуникациялар министрлiгi, Қазақстан Республикасы Ақпараттандыру және байланыс агенттiгi, Қазақстан Республикасының Энергетика және минералдық ресурстар министрлiгi, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлiгi (бұдан әрi - мемлекеттiк органдар) болып табылады.

      Ескерту. 3-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 2004.10.20. N 1079, 2006.04.28. N 340 қаулыларымен.

      4. Байланыс операторлары осы пайдаланушыларға мынадай негізгi байланыс қызметтерiн көрсетедi:

      1) бөлiнген үндестiк жиiлiктегi телефон арналарын (бұдан әрi - ҮЖ арналары), телеграф арналарын және тiкелей байланыс желiлерiн жалға беру;

      2) жалпы пайдаланыстағы телекоммуникациялар желiсiне мемлекеттiк, қорғаныс, қауiпсiздiк, құқық тәртiбiн қорғау органдарының байланыс тораптарын немесе желiлерiн қосу;

      3) жергiлiктi телефон байланысы, жылжымалы радиотелефон байланысы мен радиобайланыс;

      4) егер оларды пайдаланушылар талап етсе, операторлар жүргiзетiн басқа да байланыс қызметтерi.

      5. ҮЖ арналары мен тiкелей желiлер тәулiк бойы (тұрақты), сағаттық, уақытша және уақытты-кезеңдiк жалға, телеграф арналары-тәулiк бойы жалға берiледi.

      6. Алдын ала шарт жасамай байланыс арналарын сағаттық, уақытша, уақытты-кезеңдiк жалға беру байланыс операторымен осы Ереженiң үшiншi тармағында санамаланған пайдаланушылардан өтiнiмдердiң түсуiне қарай кезек тәртiбiмен, басқа тұтынушылар алдында басымдықпен жүзеге асырылады.

      7. Байланыс арналары мiндеттi түрде жалдаушыларға хабарланып, жер бетiндегi (кабельдiк немесе талшық-оптикалық), радиорелелiк, спутниктік немесе әуе байланысы желiлерi арқылы бөлiнедi. Егер арналарды бiр мезгiлде әртүрлі желi үлгiлерi бойынша бөлу мүмкiндiгi болса, пайдаланушы (жалға алушы) таңдап алады.

      8. Жалға алынған байланыс арналарын беру үшiн ЖПТЖ-ның байланыс тораптарынан тұтынушылардың байланыс тораптарына дейiнгi қосатын желiлердi жалға алушылар қамтамасыз етедi.

      9. Ведомстволық телекоммуникациялар байланыс желiлерiн қосу ЖПТЖ-ның қалааралық және халықаралық байланыс операторы беретiн қосуға арналған техникалық шарттар бойынша жалпы тәртiпте жүзеге асырылады.

      10. Байланыс операторларының бөлiмшелерi ҚР ҰҚК, ҚР ҚМ, ҚР ТЖМ, ҚР IIМ, ҚР ПКҚ тиiстi бөлiмшелерiмен осы Ережеге, байланыс саласындағы уәкiлеттi орган осы мемлекеттiк органдармен бiрлесiп шығаратын өзге де нормативтiк құқықтық кесiмдерге сәйкес өзара iс-қимыл жасайды.

2. ЖПТЖ-ны, БТЖ-ны бейбiт уақытта мемлекеттiк
органдардың,қорғаныс, қауіпсiздiк және құқық
тәртiбiн қорғау органдарының мұқтаждары
үшiн дайындау мен пайдаланудың тәртiбi

      Ескерту. Тақырыбына өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 2004.10.20. N 1079 қаулысымен.

      11. Бейбiт уақытта барлық байланыс қызметтерiн көрсету пайдаланушыларға жасалған екiжақты шарттардың негiзiнде ұсынылады. Байланыс арналарын жалға беру мемлекеттiк, қорғаныс, қауiпсiздiк және құқық тәртiбiн қорғау органдарының байланыс операторларына берген өтiнiмдерiне сәйкес жүзеге асырылады.

      12. Қандай да бiр бағытта бiр байланыс арнасы жалға берiлген жағдайда, байланыс операторы оның зақымдану кезеңiне резервте тұруын қамтамасыз етуi тиiс.

      13. Егер тұтынушы қандай да бiр бағытта әртүрлi трассалар бойынша ұйымдастырылған екi және одан да көп байланыс арнасын жалға алған жағдайда, олардың бiреуi зақымдалған кезде үкiметтiк байланыс арналарынан басқасы резервке берiлмейдi.

      14. Бейбiт уақытта пайдаланушылар соғыс уақытына байланыс арналары мен құралдарын броньдауды уәкiлеттi орган белгіленген тәртiппен жүзеге асырады.

      15. ЖПТЖ-ның қалааралық және халықаралық байланыс операторы телекоммуникациялардың өзара үйлестiрiлген желiсi мүмкiндiктерiн ескере отырып, алынған өтiнiмдердiң негiзiнде соғыс уақытында берiлетiн Байланыс арналарының (трассаларының) тiзбелерiн әзiрлейдi және оларды өз филиалдарына, басқа да байланыс операторларына белгiленген тәртiппен жеткiзедi.

      Пайдаланушылар барлық байланыс операторларымен және олардың байланыс құралдары құрамды арналарда пайдаланылатын ведомстволық желiлердiң иелерiмен арналарды жалға алуға шарт жасасады.

      16. Бейбiт уақытта пайдаланушылар Соғыс уақыты үшiн бекiтiлген тiзбедегi арналарды пайдаланып, оқу-үйретулер, жаттығулар өткiзе алады. Байланыс операторларының осы мақсаттар үшiн қосымша байланыс арналарын уақытша жалға беру, өтiнiм берілген трассаларды қалыптастыру және iске қосу жөнiндегi жұмыс байланыс операторларының қолданылатын тарифтерi бойынша жеке төлемге бюджеттен бөлiнетiн қаражат есебiнен жүргiзiледi.

      17. Қазақстан Республикасының Президентiн және мемлекеттік органдардың басшыларын елдiң аумағында уақытша болу пункттерiнде қорғалған байланыспен қамтамасыз ететiн ҚР ҰҚК жанындағы үкiметтiк байланыс органының бөлiмшелерi үшiн байланыс арналарын бөлу ерекшелiктерi Қазақстан Республикасының үкiметтiк байланыс туралы заңнамасымен айқындалады.

      18. Жергiлiктi телефон байланысы қызметтерiн көрсетудi тиiстi құрылымдардың орналасқан жерiндегi қалааралық және халықаралық байланыс операторының филиалдарымен жасалған шарттардың негiзiнде басқа байланыс операторлары уәкiлеттi орган белгiлеген тәртiппен жүзеге асырады.

      19. Қазақстан Республикасының аумағында жұмыс iстейтiн байланыс операторлары меншiк нысаны мен ведомстволық тиесiлiгiне қарамастан, "Байланыс туралы" және "Оперативтiк-iздестiру қызметi туралы" Қазақстан Республикасының Заңдарына сәйкес жедел-iздестiру қызметiн жүзеге асыратын органдарға барлық байланыс желiлерiнде жедел-iздестiру iс-шараларын жүргізудiң ұйымдастырушылық және техникалық мүмкiндiктерiн қамтамасыз етуге, көрсетiлген iс-шараларды жүргiзу нысандары мен әдiстерiнiң ашылуына жол бермеу жөнiнде шаралар қабылдауға мiндеттi.

3. Төтенше жағдайлар туындаған кезде және айрықша
маңызды жұмыстар мен iс-шаралар жүргiзу кезiнде
мемлекеттік органдардың, қорғаныс, қауiпсiздiк және
құқық тәртiбiн қорғау органдарының мұқтаждары үшiн
ЖПТЖ-ны, БТЖ-ны дайындау мен пайдаланудың тәртiбi

      Ескерту. Тақырыбына өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 2004.10.20. N 1079 қаулысымен.

      20. Табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлар туындаған кезде Қазақстан Республикасының Yкiметi немесе жергiліктi атқарушы органдар төтенше жағдай жарияланған (облыстардың, аудандардың әкiмшiлiк шекарасы шегiнде) аудандарда ЖПТЖ-ның арналарын ҚР ТЖМ мен ҚР IIМ-нiң құрылымдық бөлiмшелерiне арналар беру тиiстi шарттарды ресiмдемей, басқа пайдаланушылардың алдында басымдық тәртiппен (осы Ереженiң 3 және 6-тармақтары) жүзеге асырылады. Осы кезеңде нақты көрсетiлген қызметтер үшiн ақы төлеудi ҚР ТЖМ-сы мен ҚР IIМ-гi төтенше жағдайларды жою аяқталғаннан кейiн жүргізедi.

      21. Жылжымалы радиотелефон байланысы және радиобайланыс желiлерінің қызметтерiн көрсететiн байланыс операторлары төтенше жағдайлар және олардың салдарларын жою кезеңiнде, осы операторлардың қызмет көрсетуi кезiнде қолданылып жүрген тарифтерi бойынша кейiн ақы төленiп, ҚР ТЖМ, ҚР IIМ өтiнiмдерi бойынша қосымша радиоқұралдар мен терминалдар (абоненттiк радиостанциялар, пейджерлер) бөледi.

      22. Оперативтiк жағдай бейбiт уақытта шиеленiскен кезде, айрықша маңызды арнайы жұмыстар мен iс-шараларды жүргiзу кезiнде байланыс операторлары уақытша жалға беру шартымен, қажет болғанда ЖПТЖ жұмыс арналарын шартты ресiмдеусiз пайдалана отырып, жеке өтiнiмдер бойынша қосымша арналар мен тiкелей байланыс желiлерiн бөледi.

      23. Осы Ереженiң 17-тармағында айтылған байланыс қызметiн қоспағанда, жасалған шарттардан тыс көрсетiлген қызметтер үшiн ақы төлеудi жұмыстар жүргiзуге (қызмет көрсетуге) өтінім берген министрлiк, агенттік немесе ведомство байланыс операторлары қолданатын тарифтер бойынша жүргiзедi.

4. Соғыс уақытында мемлекеттiк органдардың,
қорғаныс, қауiпсiздiк және құқық тәртiбiн қорғау
органдарының мұқтаждары үшiн ЖПТЖ-ны,
БТЖ-ны дайындау мен пайдаланудың тәртiбi

      Ескерту. Тақырыбына өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 2004.10.20. N 1079 қаулысымен.

      24. ҚР ҚМ, ҚР ҰҚК, ҚР ТЖМ және ҚР IIМ-не бейбiт уақытта ұсынылатын қызмет көрсету көлемi оларда соғыс уақытында да сақталады.

      25. ҚР Қарулы Күштерiн жоғары әскери дайындық дәрежелерiне келтiру кезiнде қалааралық және халықаралық байланыс операторы осы Ереженің 14 және 15-тармақтарында белгiленген шарттармен соғыс уақытына арналып келiсiлген және бекiтiлген тiзбелер бойынша оларға байланыс арналарын бередi.

      Басқа байланыс операторлары және ведомстволық желiлерiнiң иелерi резервтiк арналарды қосу, тексеру және зақымдалғанын ауыстыруға қатысты қалааралық және халықаралық байланыс операторының бүкiл өкiмдерiн дереу орындауға мiндеттi.

      26. Соғыс уақытына арналып келiсiлген және бекiтiлген тiзбеге сәйкес жалға алынған және берiлген байланыс арналары мен құралдары зақымдалса, байланыс операторлары бұзылған байланыс арналары мен құралдарын ауыстыру және зақымдалғанын ауыстыру жөнiнде барлық шараларды қабылдауы тиiс.

      Байланыс арналары мен құралдарын ауыстыру осы Ережеде белгiленген басымдықтарға сәйкес жүргiзiледi.

      27. ҚР ҚМ, ҚР ҰҚК, ҚР ТЖМ және ҚР IIМ өздерiнiң байланыс тораптарын ЖПТЖ-ның байланыс тораптарына қосу желiлерiн, қосалқыларды қоса алғанда, дайындауды алдын ала жүзеге асырады.

      28. Соғыс уақытында қорғаныс мұқтаждары үшiн және жұмылдыру тапсырмаларын орындау үшiн байланыс қызметiн көрсету жөнiндегi шығындарды өтеу Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленетiн тәртiппен жүзеге асырылады.

5. Байланыс желiлерiн бейбіт уақытта, табиғи және
техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлар кезiнде
және соғыс уақытында басқару

      29. Ұлттық байланыс операторы бейбiт уақытта және соғыс уақытында Қазақстан Республикасының өзара үйлестiрiлген телекоммуникациялар желiсiн орталықтан ЖПТЖ-ның жедел-техникалық басқарылуын қамтамасыз етедi.

      30. Телекоммуникациялардың өзара үйлестiрiлген желiсiн басқару оның құрамдас бөлiгi болып табылатын ЖПТЖ-ның уәкiлеттi органы белгiлеген тәртiппен жүргiзiледi.

      31. Төтенше жағдайлар туындаған кезде қалааралық және халықаралық байланыс операторы осы Ереженiң 3-тармағына сәйкес ЖПТЖ-ның басқару орталықтары мен мемлекеттiк органдар желiлерін басқару орталықтарының өзара техникалық жедел iс-қимыл жасауын қамтамасыз етедi.

      32. ЖПТЖ-ның басқару орталықтары мен мемлекеттiк органдар желiлерiн басқару орталықтары техникалық қызметшiлерiнiң өзара iс-қимыл жасау алгоритмдерi қалааралық және халықаралық байланыс операторы әзiрлейтiн және байланыс саласындағы уәкiлеттi орган мүдделі мемлекеттiк органдармен бiрлесiп бекiтетiн сәйкес нұсқаулықтарда анықталады.

      33. Желiлерi төтенше жағдайларды жою кезеңiнде және соғыс уақытында пайдаланылатын басқа байланыс операторлары желiлердiң өзара техникалық жедел iс-қимыл жасауына және қызмет көрсету ұсынуына қатысты қалааралық және халықаралық байланыс операторы өкiмдерiнiң бұлжытпай орындалуын қамтамасыз етедi.

6. Байланыс операторлары мен пайдаланушылардың
құқықтары мен мiндеттерi

      34. Байланыс желiлерi мен құралдарының иелерi адам өмiрiнiң жердегi, теңiздегi, әуе және ғарыш кеңiстiгiндегi қауiпсiздiгiне қатысты барлық хабарларды, сондай-ақ, табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлар туралы хабарларды жiберуге шексiз басымдық беруге, қорғаныс, қауiпсiздiк және құқық тәртiбiн қорғау салаларындағы шұғыл шаралар жүргiзуде жәрдемдесуге мiндеттi.

      35. Байланыс операторлары ведомстволық бағыныстылығына және меншiк нысанына қарамастан, үкiметтiк байланыс арналарын (абоненттiк радиостанциялар, пейджерлер) сот шешiмiнен басқа жағдайда сөндіре алмайды.

      36. Табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлар, карантиндер, өзге төтенше жағдайлар уақытында мемлекеттік органдар кез келген байланыс желілерi мен құралдарын, ведомстволық бағыныстылығына және меншiк нысанына қарамастан, басымдықпен пайдалануға, сондай-ақ қызметiн тоқтатуға құқығы бар. Қызметтi тоқтату туралы шешiмдi тиiстi уәкiлеттi органның ұсынысы бойынша байланыс саласындағы уәкiлеттi орган қабылдайды.

      Арнайы жедел iздестiру iс-шараларын жүзеге асыратын уәкiлеттi мемлекеттiк органның ұсынысы бойынша, егер пайдаланылатын байланыс құралдары жеке адамның, қоғамның, мемлекеттiң мүдделерiне нұқсан келтiретiн қылмысты мақсаттарда пайдаланылғаны анықталса, осындай шаралар қолданылуы мүмкiн.

      37. ЖПТЖ пайдаланудың жеке тәртiбi белгiленетiн мемлекеттiк органдар байланыс операторларына байланыс қызметiн көрсетуiне ақы төлеу үшiн қаржыландыру мәселесiн "Мемлекеттiк сатып алу" туралы Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес уақытылы шешуi тиiс.

      38. Байланыс желiлерi мен құралдары төтенше жағдайларды жою кезiнде пайдаланылатын байланыс операторларының осындай жағдайларды жою жұмыстары аяқталған сәттен бастап бiр айдан кешiктiрмейтiн мерзiмде шығындарын өтетуге құқығы бар.

      39. Келiсiмнiң шарттары бұзылған және көрсетiлген қызмет үшiн ақы уақытылы төленбеген жағдайда, байланыс операторлары байланыс қызметiн көрсетуден бас тартуға құқылы (осы Ереженің 35-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда).

      Егер сондай немесе басқа шарттар бұзылған жағдайда байланыс қызметiн көрсету шартының күшiн тоқтату немесе тоқтатып қою тәртiбi шарттың негiзгi қағидаларының бiрi болып табылады.

      40. Жедел iздестiру iс-шаралары жүргізiлген кезде заңмен қорғалатын телефондық сөйлесулер, телеграфтық хабарлар құпиясы қозғалса, байланыс операторлары жедел iздестiру қызметiн жүзеге асыратын органнан (ҚР IIМ, ҚР ҰҚК, ҚР ҚМ, ҚР ПКҚ) прокурордың санкциясын көрсетудi талап етуге мiндеттi ("Оперативтiк-iздестiру қызметi туралы" Қазақстан Республикасының Заңында көзделген жағдайларды қоспағанда).

      Телефонмен және өзге де сөйлесулердi тыңдау, байланыстың техникалық арналарынан, компьютерлiк жүйелерден және өзге де техникалық құралдардан ақпараттарды алу арнаулы жедел iздестiру iс-шараларына жатқызылған, олардың техникалық өткiзiлуi жедел iздестiру қызметiн жүзеге асыратын барлық органдардың мүдделерiн көздеп, тек қана ҚР ҰҚК белгiленген тәртiппен жүргiзiледi.