Соттардың бандитизм және қылмысқа қатыса отырып, басқа қылмыстар жасағаны үшін жауапкершілік туралы заңнаманы қолдануының кейбір мәселелері туралы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының нормативтік қаулысы 2001 жылғы 21 маусым N 2

Қолданыстағы
      Сот тәжiрибесiнде адамдар тобы, алдын ала сөз байласқан адамдар тобы, ұйымдасқан қылмыстық топ, банда мен қылмыстық сыбайластық (қылмыстық ұйым) жасаған қылмыстар үшiн жауапкершiлiк көздейтiн заңнаманы қолдану кезiнде пайда болатын мәселелерге байланысты Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты қаулы етедi:

      1. Адамдар тобы, алдын ала сөз байласқан адамдар тобы, ұйымдасқан қылмыстық топ, банда және қылмыстық сыбайластық (қылмыстық ұйым) жасаған қылмыстардың ерекше қауіптiлiгiне соттардың назары аударылсын.
      2. Қылмысқа қатысу тек қасақана қылмыс жасау кезiнде орын алуы мүмкiн. Сондықтан бiрнеше адамның абайсыздықтан қылмыс жасауы адамдар тобы жасаған қылмыс ретiнде қарастырылмайды.
      3. "Адамдар тобының", "алдын ала сөз байласқан адамдар тобының" қылмыс жасау дәрежелеушi белгiлерi ҚК-нiң K970167_ 31-бабының 1-бөлiгiне сәйкес, қылмысқа қатысушыларға - қылмысты жасауға екі және одан да көп орындаушы қатысқан жағдайларда қолданылуы мүмкiн.
      Егер де қылмысты жасау кезiнде бiр ғана орындаушы қатысып, ал басқа адамдар ұйымдастырушы, айдап салушы немесе көмектесушi ретiнде қатысса, онда орындаушының мұндай жағдайлардағы iс-әрекетi басқа дәрежелеушi белгiлердің болуына қарай, осы қылмыс үшiн тiкелей жауапкершiлiк көздейтiн баптың тиiстi тармақтары, бөлiктерi бойынша дәрежеленіп, ал басқа бiрге қатысушылардың iс-әрекеттерi ҚК-нің K970167_ 28-бабына сiлтеме жасалына отырып дәрежеленуi тиiс.
      Қылмысты ұйымдасқан қылмыстық топтың құрамына кiретiн адамдар жасаған кезде де, сондай-ақ банда мүшелерi мен қылмыстық сыбайластық (қылмыстық ұйым) мүшелерi жасаған кезде де қылмыс - ұйымдасқан топтың жасаған белгiсi бойынша дәрежеленуi мүмкiн.
      4. Орындаушының жеке басына қатысты қылмыстық дәрежелеушi белгiлер, басқа қылмысқа қатысушыларға (ұйымдастырушыға, айдап салушыға немесе көмектесушiге) тек олар орындаушыда аталған дәрежеленушi белгiлердiң бар екендiгiн бiлген және олар өздерiнiң iс-әрекеттерiмен осы орындаушылардың қылмысты жасауына мүмкiндiк туғызған жағдайларда ғана таңылуы мүмкiн екенiн есте ұстау қажет.
      5. Алдын ала сөз байласқан адамдар тобының қылмыс жасауы деп нақты бiр қылмысты жасауға екi және одан да көп адамдардың қылмыстың объективтiк жағын құрайтын iс-әрекеттердi жасағанға дейiн келiсуiн түсiну қажет.
      Қылмысқа қатысушылардың бiрi алдын ала сөз байласып қылмыс жасаған және қылмыстың объективтi жағын орындау аяқталғанға дейiн оларға алдын ала сөз байласқан басқа адамдар қосылған жағдайларда, онда бастапқылардың да және соңғылардың да iс-әрекеттерiн бiр топ адамның алдын ала сөз байласып қылмыс жасауы деп дәрежелеу қажет.
      6. ҚК-нің K970167_ 31-бабының 3-бөлiгiне сәйкес ұйымдасқан топ деп құрылғаны үшiн ҚК-нiң 235-бабының 1-бөлiгiмен жауапкершiлiк көзделген ұйымдасқан қылмыстық топты ғана емес, сонымен бiрге құрылғаны үшiн ҚК-нiң 237-бабының 1-бөлiгiмен жауапкершiлiк көзделген тұрақты қарулы топты (банданы) да түсiну қажет.
      Бұл ретте банда, ұйымдасқан қылмыстық топтан қарулануымен және қылмыстық мақсаты - азаматтар мен ұйымдарға шабуыл жасауымен ерекшеленедi.
      Қылмыстық сыбайластық (қылмыстық ұйым) ҚК-нің 31-бабының 4-бөлiгiне сәйкес ұйымдасқан қылмыстық топ пен бандадан ауызбiрлiк белгiсiмен және оның ауыр және ерекше ауыр қылмыстар жасау үшiн құрылу мақсатымен ерекшеленедi. Қылмыстық сыбайластықтың (қылмыстық ұйымның) ұйымшылдығы, әдетте, жоғары дәрежеде болады және ол жекелеген қылмыстық бiрлестiктерден немесе ұйымдасқан қылмыстық топтардан тұрады.
      7. Банданы құрудың мақсаты ҚК-нiң K970167_ 237-бабының 1-бөлiгiне сәйкес азаматтар мен ұйымдарға шабуыл жасау болып табылады. Бұл ретте заң, шабуыл барысында банданың қандай қылмыстарды жасайтынын көрсетпейдi, ол азаматтың не ұйымның мүлкін, ақшалары мен өзге құндылықтарын тiкелей алып қою ғана емес, сонымен бiрге кiсi өлтiру, зорлау, қорқытып алу, бөтеннiң мүлкiн жою не бүлдiру және т.б. болуы мүмкін.
      8. Жәбiрленушiге күш қолдану не оны дереу қолданамын деп шынайы қауiп туғызу арқылы қылмыстық нәтижеге қол жеткiзуге бағытталған әрекеттi бандитизм кезiнде шабуыл жасау деп түсiну қажет.
      Осы қылмыс құрамының басқа да мiндеттi белгiлерi болған жағдайда, iшiнде адамдары жоқ мекемелерге, кәсiпорындарға, ұйымдарға шабуыл жасау және оларға күш қолданбау жағдайларында және шабуыл жасау үрдiсi кезiнде адамдар зардап шекпей, мүлiктiң жойылу (кеңсенi қопару, пәтердi, автомашиналарды өртеу) фактiлерiн бандитизм деп қарастыру қажет. Бұл ретте банданың құрамындағы шабуыл жасаушылардың олардың қылмыстық мақсаттарына жетуiне кедергi жасайтын кез келген адамға қарсы күш қолдануға дайын екенiн назарда ұстау қажет.
      Банда мүшелерiнiң қолындағы қару қолданылмаған жағдайларда да қарулы банданың шабуыл жасауы орын алды деп есептеледi.
      9. Банданың мiндеттi белгiсi - оның қарулануы болып табылады, демек бандаға қатысушылардың қолында зауытта әзiрленген немесе қолдан жасалған атылатын немесе суық қару, қопарғыш құралдар, сондай-ақ газ шығаратын және пневматикалық қарулардың болуы шарт.
      Банда мүшелерінің шабуыл кезiнде қолданған заттарын қару деп тану туралы мәселенi шешу барысында 1998 жылғы 30 желтоқсандағы "Жекелеген қару түрлерiнің айналымына мемлекеттiк бақылау жасау туралы" N 339-I Z980339_ Қазақстан Республикасы Заңының ережелерiн басшылыққа алған жөн.
      Мүшелерінің ең болмағанда бiреуiнiң қолында қару болған және бұл жөнiнде банданың басқа мүшелерiне белгiлi болған кез келген жағдайда - банда қаруланған деп танылады.
      Қылмысқа қатысушылардың пайдалануға жарамсыз қаруды немесе оның нобайын қолдануы оларды қаруланған деп тануға негiз болып табылмайды.
      Қажет болған жағдайда қолданылған заттардың қару болып табылатынын анықтау үшiн сараптама тағайындау қажет.
      10. Банданың ұйымдастырушысының, басшысының немесе қатысушысының қару, оқ-дәрiлер, қопарғыш заттар және қопару құралдарын заңсыз айналымға түсiру әрекеттерi банданы ұйымдастыруға және оның жұмыс iстеуiне байланысты болса ҚК-нiң K970167_ 251-бабы бойынша қосымша дәрежелеуге жатпайды, өйткенi осы әрекеттер банданың мiндеттi белгiсi - оның қарулануымен толық қамтылады.
      Бандаға қатысушылардың қаруды өзге мақсаттар үшiн заңсыз айналымға түсiруiне (мысалы, қарумен сауда жасауға, қаруды ұрлауға және т.б.) байланысты әрекет жасауы қылмыстардың жиынтығы бойынша ҚК-нiң 237-бабы және Ерекше бөлiмiнiң тиiстi баптары бойынша дәрежеленуi қажет.
      11. Ұйымдасқан қылмыстық топ пен банданың тұрақтылығын, атап айтқанда, оның құрамының тұрақтылығы, оның мүшелерiнің өзара тығыз байланыстылығы, олардың келiсе отырып iс-әрекет жасауы, қылмыстық қызметтiң формалары мен тәсiлдерінің тұрақтылығы, оның өмiр сүруiнің ұзақтығы байқатады.
      Ұйымдасқан қылмыстық топ пен банда мұқият дайындықты қажет ететiн бiр ғана қылмысты жасау үшiн де құрылуы мүмкін.
      12. Ұйымдасқан қылмыстық топты, банданы немесе қылмыстық сыбайластықты (қылмыстық ұйымды) құру деп кез келген белсендi де мақсатты iс-әрекеттердi жасаудың нәтижесiнде аталған ұйымдасқан топтар мен сыбайластықтың шын мәнiсiнде құрылуын түсiну қажет. Бұл әрекеттер қатысушыларды, қаруларды, оқ-дәрiлердi, байланыс құралдарын, құжаттарды, көлiк құралдары мен өзге де материалдық құралдарды iздеу, құрылымдар мен қылмыстық жоспарларды дайындау, адамдарды арбау және т.б. түрде болуы мүмкiн.
      Ұйымдасқан қылмыстық топты, банданы немесе қылмыстық сыбайластықты (қылмыстық ұйымды) құру қандай да бiр қылмыстың жоспарланғанына немесе жасалғанына қарамастан қылмыстың аяқталған құрамы болып табылады. Аталған қылмыстық құрылымдарды құру үрдiсiнiң өзiн оларды құруға дайындалу деп қарастыру қажет.
      Егер де осы құрылымдарды ауыр немесе ерекше ауыр нақтылы қылмысты (мысалы, кiсi өлтiру) жасау үшiн құрудың ойластырылғаны анықталған болса, онда адамдардың iс-әрекеттерi осы қылмысты жасау үшiн де дайындалу деп дәрежелеу қажет.
      13. Ұйымдасқан қылмыстық топқа, бандаға немесе қылмыстық сыбайластыққа (қылмыстық ұйымға) басшылық жасау деп олардың қылмыстық iс-әрекеттерiн жоспарлауға, материалдық қамтамасыз етуге және ұйымдастыруға байланысты, сондай-ақ аталған құрылымдардың нақтылы қылмыстарға дайындалуға және оларды жасауға байланысты шешiмдердi қабылдауы деп түсiну қажет.
      Ұйымдасқан қылмыстық топқа, бандаға немесе қылмыстық сыбайластыққа (қылмыстық ұйымға) бiр немесе бiрнеше адам басшылық жасауы мүмкiн.
      Ұйымдасқан қылмыстық топқа немесе бандаға нақтылы адамның (немесе бiрнеше адамның) басшылық жасағаны туралы дәлелдемелердiң анықталмауы ұйымдасқан қылмыстық топтың немесе банданың болуын терiске шығармайды.
      Ұйымдасқан қылмыстық топ немесе банда басшысыз да болуы мүмкiн. Адам саны аз ұйымдасқан қылмыстық топтың немесе банданың өз орталарынан басшы шығармай-ақ қылмыстық әрекеттерге қатысты мәселелердi бiрлесе шешуiн және, әдетте, олардың қылмыстарды бiрлесе жасауын осындай жағдайларға жатқызған жөн.
      14. Ұйымдасқан қылмыстық топқа, бандаға немесе қылмыстық сыбайластыққа (қылмыстық ұйымға) қатысу - аталған қылмыстық құрылымдардың құрамына кiрудi және жоспарланған қылмыстарды қаржыландыруға, қарумен, көлiкпен қамтамасыз етуге, нысандарды iздестiруге, ақпараттарды жинастыруға және т.б., сондай-ақ осы қылмыстарға тiкелей қатысуға бағытталған iс-әрекеттердi жасауды бiлдiредi.
      Бандаға немесе қылмыстық сыбайластыққа (қылмыстық ұйымға) қатысу - адам банданың немесе қылмыстық сыбайластықтың (қылмыстық ұйымның) қызметiнiң қылмыстық сипаты туралы бiлгенiне, оған өзiнiң қатысуына (мүшелiгiне) келiсiм берген сәттен бастап оның жасалған қылмыстарға қатысқан немесе қатыспағанына қарамастан, аяқталған қылмыс құрамы болып табылады.
      15. ҚК-нiң K970167_ 31-бабының 5-бөлiгiнiң талаптары негiзiнде, ұйымдасқан қылмыстық топты, банданы немесе қылмыстық сыбайластықты (қылмыстық ұйымды) құрған не оларға басшылық жасаған адамдардың iс-әрекеттерi тиiсiнше ҚК-нiң 235-бабының 1-бөлiгiмен не 2-бөлiгiмен немесе ҚК-нiң 237-бабының 1-бөлiгi бойынша және де сондай-ақ егер оның ниетiмен қамтылса, ұйымдасқан қылмыстық топ, банда немесе қылмыстық сыбайластық (қылмыстық ұйым) жасаған қылмыс үшiн жауапкершiлiк көздейтiн ҚК-нiң Ерекше бөлiмiнiң тиiстi баптары бойынша да дәрежелеуге жатады. Бұл ретте ҚК-нiң Ерекше бөлiмi бойынша дәрежелеу ұйымдастырушы (басшы) сонымен бiрге қылмысты қоса орындаушы болып табылған жағдайлардан басқа уақытта, ҚК-нiң 28-бабына сiлтеме жасалына отырып жүзеге асырылады.
      Банда немесе қылмыстық сыбайластық (қылмыстық ұйым) жасаған қылмыстарға тiкелей қатысқан банданың немесе қылмыстық сыбайластықтың (қылмыстық ұйымның) ұйымдастырушысының немесе басшысының iс-әрекеттерi ҚК-нің 235-бабының 3-бөлiгi немесе ҚК-нiң 237-бабының 2-бөлiгi бойынша қосымша дәрежелеуге жатпайды.
      Бандаға немесе қылмыстық сыбайластыққа (қылмыстық ұйымға) қатысушылардың (мүшелердiң) iс-әрекеттерi тиiсiнше ҚК-нiң 235-бабының 3-бөлiгi немесе ҚК-нің 237-бабының 2-бөлiгi бойынша, сондай-ақ олар дайындауға немесе жасауға қатысқан қылмыстар үшiн де ҚК-нің тиiстi баптары бойынша қосымша дәрежеленуi қажет.
      Ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысу өз алдына қылмыстық жауапкершiлiкке әкеп соқпайтындықтан, ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысушылардың iс-әрекеттерi ҚК-нiң олар дайындауға немесе жасауға қатысқан қылмыстары үшiн жауапкершiлiктi көздейтiн тиiстi тармақтары бойынша дәрежеленуге жатады.
      16. Банда немесе қылмыстық сыбайластық (қылмыстық ұйым) жасаған қылмыстарға қатысқан адам, тиiсiнше ҚР ҚК-нің K970167_ 235-бабының 3-бөлiгi немесе ҚК-нiң 237-бабының 2-бөлiгi бойынша ол банда немесе қылмыстық сыбайластық (қылмыстық ұйым) жасаған қылмыстарға қатысушы екендiгiн бiлген жағдайларда ғана жауапкершiлiкке тартылады. Адам қылмыстық құрылымның жұмыс iстейтiнiн бiлмеген жағдайда ол өзi бiлiп бiрге қатысқан қылмыс үшiн ғана жауап бередi.
      Аталған адамдардың "ұйымдасқан топтың қылмыс жасауы" деген дәрежелеу белгiсi бойынша жасалған қылмыстарға қатысты iс-әрекеттерi де осы ереже бойынша дәрежеленедi.
      17. Ұйымдасқан қылмыстық топтың, банданың немесе қылмыстық сыбайластықтың (қылмыстық ұйымның) құрамында жасалған қылмыстарды дәрежелеу кезiнде соттар ҚК-нiң 12-бабының 1-бөлiгiнде көрсетiлгендей қылмыстар жиынтығы бойынша, егер қылмыс жасаған адамның әрекеттерi ҚК-нiң әлдеқайда қатаң жаза берудi көздейтiн бiр бабының немесе бабының бiр бөлiгiнiң нормасымен қамтылмаса, ол жасаған әрбiр қылмысы үшiн ҚК-нiң тиiстi бабы немесе бөлiгi бойынша қылмыстық жауапкершiлiкке тартылатыны туралы талабын қатаң сақтауға тиiс.
      18. Бандитизмдi басқа қылмыстардан ажырату кезiнде бандитизмдi құрайтын мән-жайларға ерекше назар аудару қажет.
      Бандитизм және бiр топ адамның алдын ала сөз байласу арқылы қару қолданып, қарақшылық шабуыл жасау қылмыстары бiр-бiрiнен осы қылмыстарды сипаттайтын белгiлер жиынтығымен ерекшеленедi. Бұл ретте бандитизм үшiн бандаға қатысушылардың арасындағы тұрақты байланыстың, олардың iс-әрекеттерінiң ұйымшылдығының, қылмыстарға дайындалу мен жоспарлаудың, сондай-ақ қарулануының болуы мiндеттi. Аталған құрамдарды сондай-ақ қылмыстарды жасаудың мақсаты бойынша да ажырату қажет: бандитизм кезiндегi мақсат - азаматтарға немесе ұйымдарға шабуыл жасау болып табылады, ал қарақшылық кезiнде пайдакүнемдiк мақсат - ашық ұрлау мiндеттi түрде қоса жүредi.
      Егер iс бойынша адамдардың тұрақты ұйымдасқан қылмыстық топты құру туралы арнайы уағдаласқаны, қарулану туралы мәселе талқылағаны және қаруды сатып алғаны, азаматтар мен ұйымдарға шабуыл жасау мақсаттарын белгiлегенi, осындай қылмыстарды жасағаны анықталса, онда мұндай жағдайларда кiнәлi адамдардың iс-әрекеттерiн ҚК-нің K970167_ 237-бабының тиiстi бөлiгi бойынша, сондай-ақ қылмыстық кодекстiң жасалған қылмыс үшiн жауапкершiлiк белгiлеген тиiстi баптары бойынша дәрежелеген жөн. Тұрақты қарулы қылмыстық топтың құрылғаны туралы мәлiметтер болмаған өзге жағдайларда, азаматтар мен ұйымдарға шабуыл жасауды, бiр топ адамның күнi бұрын сөз байласу арқылы қару қолданып, қарақшылық шабуыл жасауын қылмыстық кодекстің тек осы қылмыстар үшiн жауапкершiлiк белгілеген баптары бойынша дәрежелеу қажет.
      Бандитизмнiң бiр топ адамның алдын ала сөз байласу арқылы қорқытып алудан ара жiгiн ажыратуда, бандитизм кезiнде зорлық-зомбылық қылмысты жасаудың құралына айналатынын, атап айтқанда, шабуыл кезiнде қарақшылардың бiрден жәбiрленушiнің мүлкiн алатынын, ал қорқыту кезiнде зорлық-зомбылық тек әсер ету нысаны болып табылатынын және ол күш көрсетушiлердiң талабын орындаудан бас тартқаны үшiн жәбiрленушiге алдағы уақытта күш қолданылады деп қорқыту мақсатында жүзеге асырылатынын әрi мұның өзi тек жәбiрленушiге ғана емес, сонымен бiрге оның жақын адамдарына қатысты орын алуы мүмкiн екендiгiн назарда ұстау қажет.
      19. Соттардың назары ұйымдасқан қылмыстық топтың, банданың немесе қылмыстық сыбайластықтың (қылмыстық ұйымның) құрамында жасалған қылмыстары үшiн кiнәлi адамдарға жаза тағайындау кезiнде жауапкершiлiктi даралау принципiн бұлжытпай сақтаудың маңыздылығына аударылсын.
      Соттар iстiң барлық мән-жайы мен сотталушы адам туралы мәлiметтердi,

олардың қылмыстық топты ұйымдастырудағы рөлі мен оның қылмыстық қызметіне 
қатысу дәрежесін, банданың шабуыл жасауының нәтижесінде туындаған 
салдардың ауырлығын және жазаны тағайындау кезінде мәні бар басқа да 
мән-жайларды мұқият анықтап және ескеріп отырулары қажет. 
     
     Қазақстан Республикасы 
     Жоғарғы Сотының Төрағасы 
     
     Пленум хатшысы, 
     Қазақстан Республикасы 
     Жоғарғы Сотының судьясы 
     
     Мамандар:
       Қасымбеков Б.А. 
       Багарова Ж.А.