Тұрғын үй құрылысын ұзақ мерзiмдi қаржыландырудың және ипотекалық несие беру жүйесiн дамытудың бағдарламасын бекiту туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысы 2000 жылғы 28 қараша N 1774

Қолданыстағы
      Тұрғын үй құрылысын ұзақ мерзiмдi қаржыландыруды дамыту және ынталандыру, ипотекалық несие беру жүйесiнiң нормативтiк құқықтық базасын жетiлдiру мақсатында Қазақстан Республикасының Үкiметі қаулы етеді:
      1. Қоса берiлiп отырған Тұрғын үй құрылысын ұзақ мерзiмдi қаржыландырудың және ипотекалық несие беру жүйесiн дамытудың бағдарламасы бекiтiлсiн.
      2. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi (келiсiм бойынша) Қазақстан Республикасының Қаржы министрлiгiмен, Қазақстан Республикасының Экономика министрлiгiмен, Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк кiрiс министрлiгiмен, Қазақстан Республикасының Энергетика, индустрия және сауда министрлiгiмен және Қазақстан Республикасының Бағалы қағаздар жөнiндегi

ұлттық комиссиясымен (келiсiм бойынша) бiрлесiп жаңа экономикалық жағдайда 
тұрғын үй саясатын iске асыру тетiгi жөнiнде нормативтiк құқықтық құжаттар 
пакетiн әзiрлесiн және белгiленген тәртiппен Қазақстан Республикасының 
Үкiметiне енгiзсiн.
     3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап күшiне енедi.
     
     Қазақстан Республикасының
          Премьер-Министрі

                                                  Қазақстан Республикасы
                                                        Үкiметiнiң
                                                 2000 жылғы 28 қарашадағы
                                                    N 1774 қаулысымен
                                                        бекітiлген
     
            ТҰРҒЫН ҮЙ ҚҰРЫЛЫСЫН ҰЗАҚ МЕРЗIМДI ҚАРЖЫЛАНДЫРУДЫҢ ЖӘНЕ 
             ИПОТЕКАЛЫҚ НЕСИЕ БЕРУ ЖҮЙЕСIН ДАМЫТУДЫҢ БАҒДАРЛАМАСЫ

                                 1. Паспорт

Бағдарламаның атауы              Тұрғын үй құрылысын ұзақ мерзiмдi
                                 қаржыландырудың және ипотекалық несие
                                 беру жүйесiн дамытудың бағдарламасы.
Бағдарламаны әзiрлеушiлер        Қазақстан Республикасының Қаржы
                                 министрлiгiмен, Экономика министрлiгiмен,
                                 Ұлттық Банкiмен (келiсiм бойынша) және
                                 Қазақстан Республикасының Ұлттық
                                 комиссиясымен (келiсiм бойынша) бiрлесiп
                                 Энергетика, индустрия және сауда          
                                 министрлiгi. Негiздеме: Қазақстан         
                                 Республикасы Үкiметiнiң 2000 жылғы 21     
                                 тамыздағы N 1290 қаулысы.
Бағдарламаны іске асыру мерзімі  Тұрғын үй құрылысын ұзақ мерзiмді
                                 қаржыландырудың және ипотекалық несие
                                 беру жүйесiн дамытудың бағдарламасын iске
                                 асыру жөнiндегi iс-шаралар жоспары        
                                 2000-2003 жылдар iшiнде бiрiншi кезектегi 
                                 мiндеттердi шешуге бағытталған.
     
                                 2. Кiрiспе



      Тұрғын үй құрылысын қаржыландыру тетiгiн жасау, халықтың қалың жiктерiнiң тұрғын үй проблемаларын шешу және Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2000-2002 жылдарға арналған iс-қимыл бағдарламасын iске асыру жөнiндегi iс-шаралар жоспарына сәйкес тұрғын үй құрылысын ынталандыру мақсатында "Қазақстан Республикасында тұрғын үй құрылысын дамыту және тұрғын үй қорын сақтау тұжырымдамасы" әзiрленуде. "Қазақстан Республикасында тұрғын үй құрылысын ұзақ мерзiмдi қаржыландыру және ипотекалық несие беру жүйесiн дамыту тұжырымдамасы" Қазақстан Республикасы Yкiметiнiң 2000 жылғы 21 тамыздағы N 1290 қаулысымен мақұлданған.
      Құрылыстық жинақ жүйесiн дамытумен қатар, тұрғын үй мәселелерiн шешудiң маңызды бағыттарының бiрi ипотекалық несие беру жүйесiн дамыту болып табылады. Жылжымайтын мүлiктi кепiлге салған халыққа несие беруге банктердiң қатысуын жандандыру есебiнен ипотекалық несие беру жүйесiн дамыту жүзеге асырылады. Банктер ипотека пулаларымен қамтамасыз етiлген ипотекалық облигацияларды шығару жолымен қайта қаржыландырылуы мүмкiн.
      Ипотекалық несие беру жүйесiн қалыптастыруда Қазақстан Республикасының Yкiметі мен Ұлттық Банктiң негiзгi рөлi қатысушылардың қаржылық тәуекелiн азайту мен азаматтар үшiн тұрғын үйге қол жеткiзудi арттыру мақсатында заңнамалық базаны жасау және процестi нормативтiк реттеу нысанында көзделуде.
      Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi, халықаралық қаржы ұйымдары мен екiншi деңгейдегi банктер құрылтайшылары болып табылатын акционерлiк қоғам нысанында ипотекалық компания құрылуы тиiс. Осы компания несиелiк ресурстарды жылдам қайтаруды және өтiмдiлiгi проблемасын шешудi қамтамасыз етуге арналған кепiлзат қайталама рыногының мәселелерiн қарайтын болады.

              3. Тұрғын үй құрылысының қазiргi жағдайын талдау

      Тұрғын үйдi қаржыландырудың дәстүрлi кеңестiк жүйесi тұтас алғанда, жүргiзiлген тұрғын үй саясатына сәйкес болды және мемлекеттiк тұрғын үй салуға арналған бюджеттiк ресурстарды орталықтандырылған бөлуде және оны тұрғын үй жағдайын жақсарту үшiн кезекте тұрған азаматтарға тегiн беруiнде жатыр.
      Егер, сандық көрсеткiштерге сүйенетiн болсақ, Қазақстандағы тұрғын үй жағдайы кәдiмгiдей тәп-тәуiр болып көрiнеді - халқының саны 15 млн. адам республикадағы тұрғын үйдiң жалпы көлемi 253 млн. шаршы метрдi құрайды, яғни, бiр адамға орта есеппен 17 шаршы метрден келедi. Алайда, тереңiрек үңілсек, осы салада елеулi кемшiлiктердiң жеткiлiктi екендiгiн көруге болады.
      Тұрғын үй жағдайын жақсартуға мұқтаж, тиiстi әкiмдер қызметтерiнде есепте тұрған 264 мың отбасын тұрғын үймен қамтамасыз ету және республикада бар екi миллионнан астам апатты және тозған тұрғын үй қорынан көшiру үшiн жылына кемiнде 3-3,5 млн. шаршы метр жаңа тұрғын үй салу қажет.
      Соңғы жылдары тұрғын үй проблемасының өткiрлiгiн белгiлi дәрежеде көшi-қон процестерi бәсеңдеткен едi - тұрғын үй рыногына барлық жерде ұсыныс - сұраныстан жоғары, ал тоқыраған аймақтарда, тiптi, иесiз және бос қалған пәтерлер (шынын айтқанда, негiзiнен тоналған және қайта жинақталған) бар. Әйтсе де, тұрғын үй көлемiнiң ең төменгi қажеттiлiгiмен және қазiргi көлемiнiң, теңгерiмi жол беруге болмайтын мөлшерде бұзылған, егер халықтың келешектегi ықтимал өсiмiн және олардың бұдан гөрi қолайлы және кең үй алуға ниетiн ескерсек, ол одан әрi арта беретiн болады.
      Қазақстанда экономикалық өзгерiстердiң басынан бастап, өзiнiң маңыздылығына қарамастан тұрғын үй реформасы өте баяу қарқынмен жүргiзiлуде. Жаңадан салынған тұрғын үйге халықтың көпшiлiк бөлiгiнiң төлем қабiлетiнiң төмен болуы, сондай-ақ дайын тұрғын үйдi сатып алуға ұзақ мерзiмдi несиенiң болмауы жағдайында, реформаның алғашқы жылдарында құрылған тұрғын үй рыногы қажеттi несие-қаржы тетiктерiмен қамтамасыз етiлмедi. Сонымен қатар, республикада бiрнеше жыл бойы iске қосылған тұрғын үй көлемi қолда бар тұрғын үй қорының шамамен 0,5%-ын құрайды және үй құрылысының тозған және апаттық көлемiне теңеседi. Осындай қарқынмен тұрғын үй қорын жаңарту жағдайында оның бiржола тозуының нақты қаупi бар және егер, тұрғын үйдiң көпшiлiгi сейсмикалық қауiптi аймақтарда орналасқанын ескеретiн болсақ, онда тұрғын үй құрылысындағы мұндай саясаттың зардаптары апатты болуы мүмкiн.
      Жылжымайтын мүлiкке азды-көптi сұраныс қалыптасқан бiрден-бiр орталықтар - Алматы мен Астана қалалары болып табылады, себебi, бұрынғыдай бизнес таңдаулылары ғана емес, шетелдiктердi қоса алғанда, сонымен бiрге мемлекеттiк органдар қызметкерлерiнiң көпшiлiгi жиналған, сондай-ақ бұған өнеркәсiп саласының негiзiнен жұмыс iстеп тұрған өндiрушi және қайта өңдеушi кәсiпорындары шоғырланған кейбiр қалалар енедi.
      Халықтың едәуiр бөлiгiнiң ақша жинау деңгейi 1999-2000 жылдардан бастап өсе бастағанына қарамастан, төмен болып қалуда. Сонымен бiрге, соңғы екi-үш жылда жеке тұрғын үйге (қолайлы үйлерге көп пәтерлi үйлердегi қайта салынған және iрiлендiрiлген пәтерлерге) сұраныс артты.
      Тұрғын үй ұсынысына келетiн болсақ, онда республиканың бүкiл аумағында шамамен бiрдей көрiнiс байқалады. Тұрғын үйдiң басым көпшiлiгі қайталама рынокта ұсынылады, сонымен бiр мезгiлде, жаңа салынған тұрғын үй рыногы нашар дамуда. Мысалы, 1999 жылы тұрғын үй құрылысының көлемi 1990 жылмен салыстырғанда 7 еседен астам төмен болған едi. Осы көрсеткiштi республика халқының санына қатысты есептеу кезiнде де тұрғын үй құрылысы көлемiнiң қысқаруы байқалады.
      Статистика деректерi екi тенденцияны көрсетедi. Олардың бiрiншісi - мемлекеттiк емес секторда салынған тұрғын үйдiң үлес салмағының тұрақты өсуi, яғни, бәрiнен бұрын жеке құрылыс салушылардың маңызының артуы. Егер 1990 жылы тұрғын үйдiң 85%-ын мемлекеттік кәсiпорындар мен ұйымдар салса, 1999 жылы жағдай түбегейлі өзгердi, жаңа тұрғын үй құрылысының 90%-ы жеке сектордың үлесiне тидi.
      Қазiргi уақытта, бастапқы рыноктағы тұрғын үйдiң бағасы қайталама рыноктағы бағадан 1,5-2,5 есе артып отыр. Сондықтан, тұрғын үй рыногының дамуы мен тұрғын үй несиесiнiң ықтимал тетiктерiн қалыптастырудың алғашқы кезеңдерiнде, бiрiншi кезекте, қайталама рыноктағы қазiргi тұрғын үйлер іске қосылады. Бұдан әрi жағдай өзгеруi тиiс.
      Құрылыс саласында инвестициялық белсендiлiктiң құлдырауы жағдайында құрылыс секторына бюджеттен тыс қаражатты тартудың жаңа тетiктерiн нақты iске қосудың маңызы бiрнеше есе артады, соның iшiнде тұрғын үй құрылысына ипотекалық несие беру есебiнен, өйткені, мұның өзi құрылыс саласын дамытуға, жұмыспен қамту көрсеткiштерiн жақсартуға, әлеуметтiк сипаттағы бiрқатар проблемаларды шешуге шынында да, көмектесуi мүмкiн.
      Рыноктық тетiктердiң дамуы үшiн жағдай жасау, қоғамның бюджеттен тыс ресурстарын жұмылдыру және оларды несие-қаржы саласына бағыттау ұзақ мерзiмдi ипотекалық несие беру проблемасын шешудiң негiзгi жолы болып табылады.
      Отбасының табысы мен халықтың меншiктi қаражаттары ипотекалық несие беру рыногын қалыптастыруды қаржыландыру көзi болады. Жеке тұлғаларға несие берудiң қалыптасқан практикасына және таяу уақытта несие берудiң ең ықтимал тенденциясына сүйенетiн болсақ, ықтимал заемшылардың жиынтық саны жылына 2-3 мың болады. Сонымен бiрге кәсiпорындардың, жинақтаушы зейнетақы қорларының, сақтандыру ұйымдары мен инвестициялық қорлардың қаражаты тартылатын болады.

                       4. Бағдарламаның мақсаты мен мiндеттерi

      Ұзақ мерзiмдi тұрғын үй құрылысын дамытуға бiрiншi кезекте халықтың қаражатын тарту мақсатында "Қазақстан Республикасындағы құрылыстық жинақ туралы" Заңның жобасы әзiрленді және Қазақстан Республикасы Парламентiнiң қарауына ұсынылды. Құрылыстық жинақ жүйесi жеке және заңды тұлғалардың қаражатын банктiк салымдарға тартуға және осы жинақтар есебiнен салымшыларға несие беруге негiзделген тұрғын үй құрылысын қаржыландырудың тұйықталған жүйесi болып табылады. Құрылыстық жинақ жүйесi - дамыған қаржылық рыноктарды қажет етпейдi және орташадан төмен табыстары бар халықтың қалың жігiне бағдарланған. Оның үстiне, құрылыстық жинақ дәстүрлi ипотекалық несие беруге қарағанда, жоғары инфляция кезiнде де орын алуы мүмкiн.
      Құрылыстық жинақ банкi төлеген қаражат (жинақ+несие) тұрғын үй жағдайын жақсарту (жаңа тұрғын үй салу, қайталама рынокта тұрғын үйдi сатып алу, пәтердi күрделi жөндеу) жөнiндегi iс-шараларға жұмсалуы мүмкiн.
      Ұзақ мерзiмдi ипотекалық несие беру бағдарламасының мақсаты азаматтардың меншiктi қаражаттары мен ұзақ мерзiмдi ипотекалық несиенiң есебiнен монополиядан арылған тұрғын үй рыногында тұрғын үй сатып алудың нарықтық қағидаттарына негiзделген, орташа табысы бар азаматтарды шамасы жетерлiк баға бойынша, тұрғын үймен қамтамасыз етудiң тиiмдi жұмыс iстейтiн жүйесiн құру болып табылады.
      Бұл жүйенi құру:
      тұрғын үй саласына халықтың жинағы мен бюджеттен тыс басқа да түрдегi қажеттi қаржы ресурстарын тартуға;
      тұрғын үй рыногын жандандыруға мүмкiндiк туғызады.
      Құрылатын ипотекалық несие беру жүйесi:
      қазақстандық заң базасына және нақты экономикалық жағдайларына бейiмделген болуға;
      даму сипатында болуға;
      азаматтардың, банктердiң, инвесторлардың, зейнетақы қорларының, сақтандыру компанияларының және басқа да көздердiң қаржылық ресурстарына негiзделуге тиiс.
      Ұзақ мерзiмдi ипотекалық несие беру жүйесiнiң қалыптасуы мен дамуы үшiн мынадай негізгi мiндеттер:
      заңнамалық және нормативтiк базаның жетiлдiрiлуi, ипотекалық несие берудi қаржыландырудың қосымша көздерiн қамтамасыз етушi зейнетақы активтерiн орналастыру тәртiбiне өзгерiстер енгiзiлуi;
      ипотекалық несие беру жөнiндегi қызметтi жүзеге асыруға үмiткер екiншi деңгейдегi банктерге қойылатын өлшемдердiң белгiленуi;
      екiншi деңгейдегi банктердiң ипотекалық облигацияларды шығару тәртiбiнiң белгiленуi;
      зейнетақы активтерiн басқару жөнiндегi компаниялардың жинақтаушы зейнетақы активтерiнiң есебiнен ипотекалық облигациялар сатып алуына рұқсат ету тәртiбiнiң белгiленуi;
      ипотекалық несиелер алушы азаматтардың, кредиторлар мен инвесторлардың салықтық ынталандырылуы;
      заемшыларды кредиторлардың әрi заңсыз әрекеттерiнен де, әрi бұрын алған ипотекалық несиенi өтей алмаған жағдайда, үйден шығару рәсiмi кезiндегi, оларды әлеуметтiк бейiмделуi үшiн де әлеуметтiк қорғау тетiктерiнiң жасалуы;
      әрi жеке, әрi мүлiктiк сақтандыру рыногының дамытылуы көзделуi тиiс.

               5. Бағдарламаны iске асырудың негiзгi бағыттары
                                мен тетiктерi

      Ипотекалық несие берудi үлкен көлемде жүзеге асыруға қабiлеттi жоғары деңгейде қаржыландырылған мемлекеттiк емес ұйымдар болмағандықтан және қайта қаржыландыру тетiгiн қамтамасыз ететiн мемлекеттiк ұйымдарды құру қиынға соғатын, қалыптасып отырған экономикалық жағдайда Қазақстан үшін Малайзияның ипотекалық несие беру жүйесiн дамыту моделi неғұрлым қолайлы болып табылады. Бұл модель ипотекалар пулымен қамтамасыз етiлген ипотекалық облигациялар шығару жолымен банктер қайта қаржыландыра алатын тұрғын үй рыногының дамуын қамтамасыз ететiн ипотекалық компания құру арқылы жұмыс iстейдi. Бұл орайда, кейiннен еуропалық немесе американдық модельдердi қолдану мүмкіндігі де жоққа шығарылмайды.
      Дүние жүзiнiң көптеген елдерiнде тұрғын үйдi несиеге сатып алу халықтың тұрғын үй проблемасын шешудiң негiзгi нысаны ғана емес, сонымен бiрге бұл экономикалық қызметтiң негiзгi саласы да болып табылады, мұнда осы салаға қажеттi қаржыны құюды қамтамасыз ететiн шешушi рөлдi банк құрылымдары атқарады. Ұзақ мерзiмдi ипотекалық несиелердi банктер мен өзге де заем берушiлер заем алушы азаматтарға беретiн, сондай-ақ заем берушiлердi несие беру үшiн қажеттi ұзақ мерзiмдi ресурстармен қамтамасыз етудiң тетiгiн қамтитын ипотекалық несие берудiң тұтастай жүйесi болуы тиiс. Ипотекалық несиелердi берудiң және оларға қызмет көрсетудiң рәсiмдерiн стандарттау заемшылардың төлем қабiлеттiлiгiн бағалау ережелерiн, сондай-ақ қаражаттар тартудың қаржылық құралдарын айқындау өзектi мәселелердің бiрi болып табылады.
      Ипотекалық несие беретiн заем берушiлердiң өтiмдiлiгiн қамтамасыз ететiн тұтас, тиiмдi жұмыс iстейтiн тұрғын үйге ипотекалық несие берудiң жүйесi оларды қайта қаржыландыру тетiгiнiң жұмыс iстеуiне негiзделген және ол ипотекалық несиелердiң бастапқы да, қайталама да рыногын қамтиды.
      Ықтимал құрылтайшылары Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi, халықаралық қаржы ұйымдары, екiншi деңгейдегi банктер болатын акционерлiк қоғам нысанындағы ипотекалық компания осындай институт бола алар едi. Қызметiнiң бастапқы кезеңiнде осы компания резервтiк және бастапқы

айналымдық күрделi қаржының функциясын атқаруы тиiс.
     
            6. Қажеттi ресурстар және оларды қаржыландыру көздерi
     
     Несиелiк ұйымдардың ұзақ мерзiмдi несиелiк ресурстарды тарту 
модельдерi мыналар:
     несие берушiлердiң ипотекалық облигацияларды шығаруы және оларды 
қаржы рыногында сату;
     ұжымдық инвестициялар жүйесi арқылы заем берушілердің қайта 
қаржыландыруы;
     ипотекалық несиелер қайталама рыногының операторлары арқылы заем 
берушiлердiң қайта қаржыландыруы болып табылады.
     Рыноктың дамуына қарай ұзақ мерзiмдi несиелiк ресурстарды тартудың 
өзге де модельдерi пайдаланылуы мүмкiн.
     Ипотекалық несие беру үшiн ұзақ мерзiмдi ресурстарды тарту мынадай 
көздерден:
     банктер, сондай-ақ өзге де ұйымдар (қорлар) беретiн несиелiк желiлер 
мен заемдардан;
     екiншi деңгейдегi банктер шығаратын ипотекалық облигацияларды 
институционалдық және басқа да инвесторлардың арасында орналастыру 
есебiнен;
     мақсатты облигациялық заемдарды орналастырудан түскен қаражаттардан;
     қайталама рыногында қаржы құралы ретiнде кепiлзаттарды сатудан жүзеге 
асырылуы тиiс.
     
              7. Бағдарламаны iске асырудан күтiлетiн нәтижелер:

     халықтың қалың жiктерiнiң тұрғын үй жағдайын жақсарту;
     2003 жылға дейiн тұрғын үйдi iске қосуды жыл сайын 1500 мың шаршы 
метрге дейiн өсiру есебiнен республикада тұрғын үй қорын арттыру;
     пайдалану мерзiмiн арттыру және тұрғын үй қорының қолайлылығын 
жақсарту;
     азаматтардың қауiпсiз өмiр сүруiн арттыру;
     елдi мекендердiң сәулеттiк келбетiн жақсарту;
     тұрғын үй проблемасын шешу кезiнде азаматтардың жеке бастамашылығын 
ынталандыру;
     республика азаматтары мен жылжымайтын мүлiк рыногының жағдайын 
тұрақтандыру;
     құрылыс саласын дамыту;


      құрылыс материалдары өнеркәсiбiнiң, электротехника, металлургия және

химия өнеркәсiбiнiң өнiмдерiн, сондай-ақ жаңа тұрғын үйдi жайластыру 
заттарын шығаруды арттыру есебiнен сабақтас салаларда мультипликативтiк 
тиiмдiлiкке қол жеткiзуi;
     құрылыс қызметiне салықтың, жылжымайтын мүлiк салығының, құрылыс пен 
онымен сабақтас басқа да салаларда жұмыс iстейтiн қызметкерлерден алынатын 
табыс салығының жиналуын арттыру;
     жаңа жұмыс орындарын құру;
     Қазақстанның экономикасын дамыту.
     
           8. Тұрғын үй құрылысын ұзақ мерзімді қаржыландырудың және       
            ипотекалық несие беру жүйесін дамытудың бағдарламасын іске     
                       асыру жөніндегі іс-шаралардың жоспары
---------------------------------------------------------------------------
Рет!        Іс-шара          !    Аяқтау    !  Орындалуына   !  Орындау
 N !                         !    нысаны    !  жауаптылар    !  мерзімі
---------------------------------------------------------------------------
 1 !            2            !       3      !        4       !      5     
---------------------------------------------------------------------------
1   Ипотекалық несие беруді    Нормативтік   Ұлттық Банк       2001 жылдың
    екінші деңгейдегі          құқықтық      (келісім бойынша),  маусымы
    банктердің жүзеге асыруын  кесімнің      ЭИСМ
    реттейтін нормативтік      жобасы
    құқықтық кесім әзірлеу     
     
2   Тұрғын үй құрылысы         Нормативтік   Ұлттық Банк         Тұрақты
    саласында ипотекалық       құқықтық      (келісім бойынша),
    несие беру жүйесін         кесімдердің   ҚарМ, ЭИСМ, БҚҰК
    дамытудың нормативтік      жобалары      (келісім бойынша)
    құқықтық базасын 
    жетілдіру
     
3   Қазақстан Республикасы     Қазақстан     Ұлттық Банк        2001 жылдың
    Президентінің              Республикасы  (келісім бойынша), желтоқсаны
    "Жылжымайтын мүліктің      Заңының       ҚарМ, ЭИСМ, БҚҰК
    ипотекасы туралы" заң      жобасы        (келісім бойынша)
    күші бар Жарлығының 
    кепілге берілген 
    мүліктен өндіріп алу 
    және ипотекалық куәлік 
    бойынша құқық беру 
    бөлігіне өзгеріс пен 
    толықтыру енгізу     

4   "Тұрғын үй қатынастары     Қазақстан     ЭИСМ, Ұлттық Банк  2002 жылдың
    туралы" Қазақстан          Республикасы  (келісім бойынша),   маусымы
    Республикасы Заңының       Заңының       ҚарМ  
    бұрынғы меншік иесі        жобасы
    отбасы мүшелерінің немесе 
    осы үйде тұрақты тұрған 
    басқа да адамдардың 
    несиелік қаражаттарының 
    көмегімен сатып алынған, 
    кепілге берілген тұрғын 
    үй-жайға мүлік өндіріп 
    алу процесінде меншік 
    құқығы басқа тұлғаға 
    өткен жағдайда, кепілге 
    берілген тұрғын үйді 
    пайдалану құқығын тоқтату 
    бөлігіне өзгеріс пен 
    толықтыру енгізу
     
5   Екінші деңгейдегі          Нормативтік   БҚҰК (келісім      2001 жылдың
    қазақстандық банктердің    құқықтық      бойынша), Ұлттық     наурызы
    ипотекалық облигацияларды  кесімнің      Банк (келісім 
    шығару тәртібін әзірлеу    жобасы        бойынша), ЭИСМ
     
6   Екінші деңгейдегі          Нормативтік   БҚҰК (келісім      2001 жылдың
    банктердің ипотекалық      құқықтық      бойынша), ЭИСМ       наурызы
    облигацияларды зейнета.    кесімнің      
    қылық және өз активтері    жобасы        
    есебінен сатып алуға 
    зейнетақы активтерін 
    басқару жөніндегі 
    компанияларға рұқсат ету 
    тәртібін әзірлеу
     
7   Қазақстан Республикасы     Қазақстан     Ұлттық Банк        2001 жылдың
    Президентінің "Қазақстан   Республикасы  (келісім бойынша), желтоқсаны
    Республикасындағы банктер  Заңының       БҚҰК (келісім 
    және банк қызметі туралы"  жобасы        бойынша), ҚарМ,
    заң күші бар Жарлығына                   ЭИСМ
    және "Банкроттық туралы" 
    Қазақстан Республикасының 
    Заңына банк банкроттыққа 
    ұшыраған жағдайда 
    ипотекалық облигациялар 
    шығарумен қамтамасыз ету 
    жөніндегі талап жеке 
    конкурстық массаға 
    бөлінетіндігі туралы 
    өзгеріс пен толықтыру 
    енгізу
---------------------------------------------------------------------------
    
Мамандар:
     Багарова Ж.А.
     Икебаева А.Ж.