Қазақстан Республикасының халқын құжаттандыру қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2000 жылғы 12 шілдедегі N 1063 Қаулысы

Жаңартылған

       Ескерту. Тақырып жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 2011.12.01 N 1427 (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Қаулысымен.

      Азаматтардың еркін жүріп-тұруына және тұрғылықты жерін таңдауына конституциялық құқықтарын іске асыру, халықты құжаттандыру және есепке алу жүйесін жетілдіру мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етеді:
      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының халқын құжаттандыру қағидалары бекітілсін.
      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 2011.12.01 N 1427 (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Қаулысымен.
      2. Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі белгіленген тәртіппен бір ай мерзімде Қазақстан Республикасының халқын құжаттандыру және тіркеу ережесін қолдану туралы нұсқаулықты әзірлесін және бекітсін.
      Ескерту. 2-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 2011.06.30 N 736 Қаулысымен.
      3. Орталық атқарушы органдар бір айлық мерзімде өздерінің нормативтік құқықтық кесімдерін осы қаулыға сәйкес келтірсін.
      4. Қосымшаға сәйкес Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдерінің күші жойылды деп танылсын.
      5. Осы қаулы 2000 жылғы 1 қыркүйектен бастап күшіне енеді.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

    Қазақстан Республикасы Үкіметінің
2000 жылғы 12 шілдедегі      
N 1063 қаулысымен         
бекітілген            

Қазақстан Республикасының халқын құжаттандыру қағидалары

      Ескерту. Тақырып жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 2011.12.01 N 1427 (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Қаулысымен.

      Ескерту. Бүкіл мәтін бойынша "шетел азаматтары", "шетел азаматтарына", "шетел азаматының", "шетел азаматтарының" деген сөздер "шетелдіктер", "шетелдіктерге", "шетелдіктің", "шетелдіктердің" деген сөздермен ауыстырылды - ҚР Үкіметінің 2009.08.27 N 1260 (қолданысқа енгізілу тәртібін 6-т. қараңыз) Қаулысымен.

      Осы Қағидалар Қазақстан Республикасы Конситуциясының, Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы» 1991 жылғы 20 желтоқсандағы, «Халықтың көші-қоны туралы» 2011 жылғы 22 шілдедегі, «Тұрғын үй қатынастары туралы» 1997 жылғы 16 сәуірдегі, «Шетелдіктердің құқықтық жағдайы туралы» 1995 жылғы 19 маусымдағы, «Босқындар туралы» 2009 жылғы 4 желтоқсандағы, «Сәйкестендіру нөмірлерінің ұлттық тізілімдері туралы» 2007 жылғы 12 қаңтардағы заңдарының, басқа да нормативтік құқықтық актілерінің нормаларына негізделген және Қазақстан Республикасының халқын құжаттандыру тәртібін айқындайды.
      Ескерту. Кіріспе жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 2011.12.01 N 1427 (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Қаулысымен.

1. Жеке басты куәландыратын құжаттар және олардың түрлері

      1. Қазақстан Республикасы азаматтарының, тұратын жеріне қарамастан, Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын шет ел азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдардың жеке басын куәландыратын құжаттары болуы керек.
      2. Адамның жеке басын куәландыратын құжаттар:
      1) Қазақстан Республикасы азаматының төлқұжаты;
      2) жеке куәлік;
      3) шетелдіктің Қазақстан Республикасында қоныстану ықтиярхаты;
      4) азаматтығы жоқ адамның куәлігі;
      5) босқын куәлігі.
      Ескерту. 2-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2010.03.03 № 166 Қаулысымен.
      3. Жеке басты куәландыратын құжаттар мемлекеттің меншігі болып табылады.
      4. Уәкілетті орган иесінің қалауы бойынша, жеке басты куәландыратын құжатты мемлекеттік немесе орыс тілінде, ал Қазақстан Республикасы азаматының төлқұжатын, сонымен қатар ағылшын тілінде толтырады.
      5. Қазақстан Республикасы азаматының төлқұжаты Қазақстан Республикасының азаматтарына, олардың қалауы бойынша, жасына қарамастан беріледі.
      Қазақстан Республикасы азаматының паспортына мынадай жазулар мен белгілер енгізіледі:
      1) шетелге шығуы туралы рұқсат ету жазбасы;
      2) төлқұжат иесімен бірге шетелге шығып бара жатқан 16 жасқа дейінгі балалар туралы жазба, үш жастан асқан балалар шығатын жағдайда олардың фотосуреттері жапсырылады;
      3) шет мемлекеттің визасы;
      4) шекарадан өткені туралы шекаралық бақылау-өткізу пунктінің белгісі;
      5) төлқұжаттың күшінде болу мерзімінің ұзартылғаны туралы белгі енгізіледі.
      Төлқұжатта Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары қоятын белгілер, олардың нысандарын уәкілеттi органдар, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Сыртқы iстер министрлiгi мен Ұлттық қауiпсiздiк комитетi белгілеген, мөртаңбалармен ресімделеді. Төлқұжатта қандай да бір басқа белгілер жасауға тыйым салынады.
      Қазақстан Республикасы азаматының төлқұжаты 10 жыл қолданылу мерзімімен беріледі. Азаматтың өтініші бойынша төлқұжаттың қолданылу мерзімін уәкілетті орган тағы бір жылға ұзартуы мүмкін.
      Ескерту. 5-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2004.03.03 N 260, 2007.04.30 N 352 (2010 жылғы 13 тамыздан бастап қолданысқа енгізіледі), 2008.12.24 N 1235 (қолданысқа енгізілу тәртібін 6-тармақтан қараңыз), 2009.08.27 N 1260 (қолданысқа енгізілу тәртібін 6-т. қараңыз) Қаулыларымен.
      6. Қазақстан Республикасы азаматының жеке куәлігі азаматтарға 16 жастан бастап беріледі және республика аумағында пайдалануға жарамды болады. Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын барлық азаматтардың жеке куәлігі болуы керек. Қазақстан Республикасы азаматының жеке куәлігі он жыл мерзімге беріледі.
      Ескерту. 6-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2004.06.05 N 626, 2007.04.30 N 352 (2010 жылғы 13 тамыздан бастап қолданысқа енгізіледі) 2009.08.27 N 1260 (қолданысқа енгізілу тәртібін 6-т. қараңыз) Қаулыларымен.
      7. Қазақстан Республикасы аумағында тұрақты тұратын, 16 жасқа толған азаматтығы жоқ адамдарға азаматтығы жоқ адамның куәлігі беріледі. Азаматтығы жоқ адамның куәлігі иесінің жеке басын республика аумағында және одан тыс жерлерде растау үшін 10 жыл қолданылу мерзімімен беріледі. Шетелге ата-анасынсыз, қорғаншысыз, қамқоршысыз шығу кезінде азаматтығы жоқ адамның куәлігі 16 жасқа толмаған адамдарға да берілуі мүмкін.
      Ескерту. 7-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2008.12.24 N 1235 (қолданысқа енгізілу тәртібін 6-тармақтан қараңыз) Қаулысымен.
      8. Шетелдіктің Қазақстан Республикасында қоныстану ықтиярхаты 16 жастан бастап Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын шетелдіктерге, он жылға қолданылу мерзімімен, бірақ оның азаматы болып табылатын ел паспортының қолданылу мерзімінен артық емес мерзімге беріледі.
      Қоныстану ықтиярхаты иесінің жеке басын Қазақстан Республикасының аумағында куәландырады.
      Шетелге шыққан кезде шетелдіктің жеке басын оның азаматы болып табылатын елдің төлқұжаты куәландырады.
      Қазақстан Республикасында шетелдіктің тұру ыхтиярхатын және азаматтығы жоқ адамның куәлігін беру тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды. 
       Ескерту. 8-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2009.08.27 N 1260 (қолданысқа енгізілу тәртібін 6-т. қараңыз)  Қаулысымен.
      8-1. Босқын куәлігі Қазақстан Республикасының босқындар туралы  заңнамасында белгіленген тәртіппен босқын мәртебесі берілген шетелдіктерге және азаматтығы жоқ адамдарға беріледі.
      Ескерту. Ереже 8-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Үкіметінің 2010.03.03 № 166 Қаулысымен.
      9. Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан бөлімдерде әскери қызметте тұрған, басқа мемлекеттердің азаматтары болып табылатын Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының елдері Қарулы Күштерінің әскери қызметшілерінің, офицерлері мен прапорщиктерінің жеке басы әскери бөлімнің қолбасшылығы және әскери мекемелер берген әскери билет бойынша және оның азаматы болып табылатын елдің төлқұжаты бойынша куәландырылады.

2. Жеке басты куәландыратын құжаттарды беру, алып қою және пайдалану тәртібі

      10. Босқын куәлігінен басқа, жеке басты куәландыратын құжаттарды, осы Ережеде көзделген құжаттардың негізінде, тиісті адамның өтініші бойынша уәкілетті органдар береді.
      Босқын куәлігін босқындар мәселелері жөніндегі қатынастарды реттеу саласындағы басшылықты жүзеге асыратын уәкілетті орган «Босқындар туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген тәртіппен береді.
      Ішкі істер органдары Қазақстан Республикасының азаматтарына жеке куәлік пен төлқұжат беретін уәкілетті органдар болып табылады.
      Қазақстан Республикасы азаматының паспорты Қазақстан Республикасының шет елдердегi мекемелерi арқылы Қазақстан Республикасының мына азаматтарына ресiмделедi:
      Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде тұрақты тұрып жатқандарға;
      шет мемлекеттердiң аумағында орналасқан оқу орындарында күндiзгi оқу нысанында бiлiм алушыларға;
      шет мемлекеттерде кемiнде бiр жыл мерзiмге жасалған еңбек шарты бойынша жұмыс iстеп жатқандарға;
      көрсетілген адамдардың олармен бiрге тұратын отбасы мүшелерiне;
      шетелде дипломатиялық қызметтiң персоналымен бiрге тұратын және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес дипломатиялық немесе қызметтiк паспортты алуға құқығы жоқ дипломатиялық қызмет персоналының туысқандарына.
      Iшкі iстер органдары Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың Қазақстан Республикасында шетелдiктiң тұруға ықтиярхаты мен азаматтығы жоқ адамның жеке куәлiгiн беру жөнiндегі уәкілетті органдар болып табылады.
      Ескерту. 10-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2004.03.03 N 260, 2006.12.08 N 1184 (ресми түрде жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгiзiледi), 2010.03.03 № 166, 2011.06.30 N 736 Қаулыларымен.
      11. Жеке басты куәландыратын құжаттар мынадай құжаттардың:
      туу туралы куәліктің;
      Қазақстан Республикасының азаматы төлқұжатының;
      жеке куәліктің;
      уақытша жеке басы куәлігінің;
      қайтып оралу куәлігінің;
      азаматтығы жоқ адам куәлігінің;
      шетел мемлекеті төлқұжатының;
      Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы бойынша Қазақстан Республикасының азаматтығына қабылдау немесе Қазақстан Республикасының азаматтығынан шығу туралы, сондай-ақ халықаралық келісімдерге сәйкес азаматтығын өзгерту туралы анықтаманың;
      босқын мәртебесін беру туралы қолдаухаттың негізінде беріледі.
      Осы Ереженiң 10-тармағының үшiншi абзацында көрсетiлген адамдар жоғарыда көрсетiлген құжаттардан бөлек, сондай-ақ олардың тұру; оқу; жұмыс iстеу отбасылық жағдайы фактiсiн; растайтын құжаттардың көшiрмелерiн ұсынады.
      Ескерту. 11-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2005.02.14 N 140, 2006.12.08 N 1184 (ресми түрде жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгiзiледi), 2010.03.03 № 166 Қаулыларымен.
      12. Жеке басты куәландыратын құжаттар берілгені үшін Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген мөлшерде төлем алынады. Оған құжатты ресімдеудің нақты шығындарымен байланысты шығындар кіреді.
      13. Жеке басты куәландыратын құжаттарды құжаттандырылушы адамның тұрақты тұратын (тіркелген) орны бойынша уәкілетті органдар береді және иесінің өзіне немесе оның заңды өкіліне табыс етіледі.
      Тұрақты тұрғылықты жері болмаған кезде жеке басын куәландыратын құжаттар Қазақстан Республикасының азаматтарына уақытша тұратын жері бойынша немесе заңнамада белгіленген тәртіппен ішкі істер органдары растайтын нақты тұрған жері бойынша беріледі.
      Ескерту. 13-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 2004.03.03 N 260, 2007.08.17 N 696, 2011.06.30 N 736 Қаулыларымен.
      14. Жеке басты куәландыратын құжаттар толтырылғанда тегі, аты, әкесінің аты және басқа да деректер, оларды беруге негіз болған құжатқа сәйкес жазылады.
      15. Төлқұжаттағы және жеке бас куәлігіндегі ұлты туралы жазу ата-анасының ұлтына сәйкес жазылады. Ата-анасы әр ұлттан болғанда азаматтың әкесінің немесе шешесінің ұлтын өз еркімен таңдап алуға құқығы бар. Ата-анасының ұлты белгісіз болған жағдайда, оны қазақстан Республикасы Конституциясының 19-бабына сәйкес құжат иесі айқындайды. Қазақстан Республикасының азаматы ұлтын Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзгертуі мүмкін.
      16. Жеке басты куәландыратын құжаттар егер:
      адамды идентификациялау мүмкін болмаса;
      оларға өзгерістер заңсыз енгізілсе немесе оған адамды идентификациялаумен байланысты өзгерістер енгізу қажет болса;
      оларда осы Ережелерде көзделген жекелеген жазбалар болмаса немесе ол жазбалар ақиқатқа сәйкес келмесе;
      олардың қолданылу мерзімі аяқталса;
      олар иесінің құқықтық мәртебесіне сәйкес келмесе жарамсыз болып табылады.
      17. Жеке басты куәландыратын жарамсыз құжаттарды уәкілетті органдар белгіленген тәртіпте алып қоюға тиіс.
      18. Адамда жеке басты куәландыратын бір тектес бірнеше құжаттар болғанда, жарамдысынан басқасы түгел алынып қойылады.
      19. Жеке басты куәландыратын құжатты заңнамада белгіленген жағдайлар мен тәртіпте тергеу органдары, анықтау органдары немесе сот алып қоюы мүмкін.
      Жеке басты куәландыратын құжаттарды кепілге алуға және тапсыруға, сондай-ақ қолданыстағы заңнамамен және осы Ережемен көзделген жағдайларды қоспағанда, оларды алып қоюға тыйым салынады.
      20. Азаматтар жеке басты куәландыратын құжаттарды ұқыпты сақтауға, оларды жоғалтқан жағдайда жаңасын алу үшін тұрақты тұратын (тіркелген) жері бойынша ішкі істер органдарына өтініш жасауға міндетті. Шетелдегі Қазақстан Республикасының азаматтары төлқұжатын жоғалтқанда Қазақстан Республикасының шет елдердегі мекемелеріне өтініш жасайды.
      Ескерту. 20-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 2011.06.30 N 736 Қаулысымен.
      21. Жеке басты куәландыратын құжаттар құзыретті органдардың лауазымды адамдарының талабы бойынша көрсетіледі.
      22. Шетелде тұрақты тұруға кетіп бара жатқан Қазақстан Республикасының азаматтары жеке бас куәліктерін ішкі істер органдарына тапсырады.
      Ескерту. 22-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 2011.06.30 N 736 Қаулысымен.
      23. Табылған жеке басты куәландыратын құжаттар және өлген адамдардың құжаттары уәкілетті органдарға тапсырылады. Олар қалыптасқан жағдайға байланысты: оларды иесіне қайтарады; белгіленген тәртіпте жояды; иесі соның азаматы болып табылатын (болған) шетел мемлекетінің дипломатиялық өкілдігіне тапсырады.
      Ескерту. 23-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2004.03.03 N 260 қаулысымен.
      24. Бас бостандығынан айыруға сотталған адамдардың жеке басын куәландыратын құжаттары алынып қойылады және үкімді орындаушы мекемелерде сақталады. Жаза мерзімін өтегеннен кейін олар иелеріне қайтарылады.
      25. Жеке басын куәландыратын құжаттары жоқ Қазақстан Республикасының азаматтарына жеке куәлікті жоғалтқанда немесе ол одан әрі пайдалануға жарамсыз болғанда, сондай-ақ Қазақстан Республикасының азаматтығынан шыққан адамдарға, олар жеке басты куәландыратын жаңа құжаттар алғанға дейін, үш айға дейінгi мерзімде қолданылатын уақытша жеке куәлік беріледі. Уақытша куәлік Қазақстан Республикасының аумағында жарамды болады.
      Шетелде уақытша болатын Қазақстан Республикасының азаматтарына төлқұжатты жоғалтқан жағдайда, Қазақстан Республикасының шет елдердегі мекемелері Қазақстан Республикасына кіруге және тұрақты тұратын жеріне оның аумағы бойынша жүріп өтуге жарамды болатын қайтып оралу куәлігін береді.
      Уақытша жеке куәлік және қайтып оралу куәлігі қысқа мерзімде пайдаланылатын құжаттар болып табылады. Олар бойынша азаматтық-құқықтық мәмілелер жасауға болмайды.
      Ескерту. 25-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2005.02.14 N 140, 2009.08.27 N 1260 (қолданысқа енгізілу тәртібін 6-т. қараңыз) Қаулыларымен.
      26. Қазақстан Республикасының азаматтарына заңнамада белгiленген тәртiппен Қазақстан Республикасының дипломатиялыққызметтiк паспорты және теңiзшiсі паспорты берiлуi мүмкiн".
      Ескерту. 26-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 2002.08.22 N 941 қаулысымен.

3. Азаматтарды тіркеу тәртібі

      Ескерту. 3-тарау алып тасталды - ҚР Үкіметінің 2011.12.01 N 1427 (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Қаулысымен.

4. Халықты құжаттандыру қағидаларын бұзғаны үшін жауапкершілік

      Ескерту. Тақырып жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 2011.12.01 N 1427 (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Қаулысымен.

      41. Халықты құжаттандыру қағидаларын сақтау үшін жауапкершілік өздеріне қатысты бөлігінде жеке басты куәландыратын құжаттардың иелеріне жүктеледі.
      Ескерту. 41-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 2011.12.01 N 1427 (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Қаулысымен.
      42. Осы Ережені бұзған адамдар Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіпте жауапты болады.
      43. Осы Ереженің сақталуына бақылау жасауды ішкі істер органдары жүзеге асырады.
      Ескерту. 35-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 2011.06.30 N 736 Қаулысымен.

5. Халықаралық шарттардың қолданылуы

      44. Егер, Қазақстан Республикасы оған қатысушы болып табылатын халықаралық шартта осы Ережеде көрсетілгендерден өзге ережелер белгіленген болса, онда халықаралық шарттың ережелері қолданылады.

Қазақстан Республикасы  
Үкіметінің       
2000 жылғы 12 шілдедегі 
N 1063 қаулысына    
қосымша       

Қазақстан Республикасы Үкіметінің күші
жойылған кейбір шешімдерінің тізбесі

      1. "Қазақстан Республикасындағы паспорт жүйесі туралы ережені бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетінің 1993 жылғы 5 сәуірдегі N 256 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮКЖ-ы, 1993 ж., N 10, 124-құжат).
      2. "Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетінің 1993 жылғы 5 сәуірдегі N 256 қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1996 жылғы 4 наурыздағы N 277 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮКЖ-ы, 1996 ж., N 11, 79-құжат).
      3. "Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетінің 1993 жылғы 5 сәуірдегі N 256 қаулысына толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1997 жылғы 10 наурыздағы N 314 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮКЖ-ы, 1997 ж., N 12, 82-құжат).
      4. "Қазақстан Республикасы азаматтарының паспорттары мен жеке басының куәліктерін айырбастау мен берудің мерзімін ұзарту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1998 жылғы 4 желтоқсандағы N 1235 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮКЖ-ы, 1998 ж., N 45, 406-құжат).
      5. "Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасы туралы" Заңының орындалуын қамтамасыз ету жөніндегі шаралар туралы" Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетінің 1993 жылғы 30 маусымдағы N 552 қаулысымен бекітілген "Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасын күзету туралы ереженің" 13-тармағының екінші сөйлемі (Қазақстан Республикасының ПҮКЖ-ы, 1993 ж., N 25, 306-құжат).