"Қазарнаулыэкспорт (Казспецэкспорт)" республикалық мемлекеттік кәсіпорнының жекелеген мәселелері

Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысы 2000 жылғы 10 шілде N 1039

Қолданыстағы

      "Мемлекеттік кәсіпорын туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 1995 жылғы 19 маусымдағы N 2335 заң күші бар  Жарлығына  сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етеді: 

      1. "Қазарнаулыэкспорт (Казспецэкспорт)" республикалық мемлекеттік кәсіпорны (бұдан әрі - Кәсіпорын) Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Кеңсесінің қарамағынан Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің қарамағына берілсін.

      2. Мемлекеттік басқарудың уәкілетті органы, сондай-ақ Кәсіпорынға қатысты мемлекеттік меншік құқығының субъектісі функцияларын жүзеге асырушы орган болып Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі белгіленсін.

      3. Қосымшаға сәйкес Кәсіпорынның еншілес мемлекеттік кәсіпорындар құруына рұқсат етілсін. 

      4. "Республикалық мемлекеттік кәсіпорындардың тізбесі туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1996 жылғы 25 маусымдағы N 790  қаулысына  (Қазақстан Республикасы ПҮКЖ, 1996 ж., N 29, 256-құжат) мынадай өзгеріс пен толықтыру енгізілсін:
      көрсетілген қаулымен бекітілген Республикалық мемлекеттік кәсіпорындардың тізбесінде:
      "Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Кеңсесі" бөліміндегі реттік нөмірі 476-жолы алынып тасталсын; 
      "Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі" бөлімінде, мынадай мазмұндағы реттік нөмірі 21-10 жолмен толықтырылсын: 
      "21-10. "Қазарнаулыэкспорт (Казспецэкспорт)" 
              республикалық мемлекеттік кәсіпорны 
              еншілес кәсіпорындарымен (шаруашылық 
              жүргізу құқығындағы) Алматы қаласы". 

      5. Мыналардың күшін жойылды деп танылсын: 
      1) "Қару-жарақтың, әскери өнімнің және екіұдай мақсаттағы өнімнің экспорты-импорты жөніндегі жекелеген мәселелер туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1999 жылғы 19 наурыздағы N 278  қаулысы  9-тармағының 2) тармақшасы;
      2) "Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі Кеңсесінің мәселелері" туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1999 жылғы 20 мамырдағы N 592  қаулысы  1-тармағының 3) тармақшасы; 
      3) "Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1999 жылғы 20 мамырдағы N 592 қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2000 жылғы 2 наурыздағы N 345  қаулысы  1-тармағының 2) тармақшасы.

      6. Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі заңнамада белгіленген тәртіппен:
      1) Кәсіпорынның қайта тіркелуін қамтамасыз етсін;
      2) осы қаулыдан туындайтын өзге де шараларды қолдансын.

      7. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді.

       Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

Қазақстан Республикасы Үкіметінің   
2000 жылғы 10 шілдедегі       
N 1039 қаулысына          
қосымша           

"Қазарнаулыэкспорт (Казспецэкспорт)" республикалық мемлекеттік кәсіпорны еншілес кәсіпорындарының тізбесі

      1. "Қолдау" еншілес кәсіпорны                  Алматы қаласы
      2. "Военвтормет" еншілес кәсіпорны             Алматы қаласы