Шетел азаматтарының Қазақстан Республикасында болуын құқықтық реттеудiң жекелеген мәселелерi

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2000 жылғы 28 қаңтардағы N 136 қаулысы

Жаңартылған

      Шетел азаматтарының Қазақстан Республикасының аумағында болуын құқықтық реттеу мақсатында Қазақстан Республикасының Үкiметi қаулы етеді: 

      1. Қоса берiлiп отырған Шетел азаматтарының Қазақстан Республикасына келуiнiң және болуының, сондай-ақ олардың Қазақстан Республикасынан кетуiнiң тәртiбi (бұдан әрi - Тәртiп) бекiтiлсiн. 

      2. Қазақстан Республикасының Iшкi iстер министрлiгі, Сыртқы iстер министрлiгi, Қазақстан Республикасының Көшi-қон және демография жөнiндегі агенттiгі Қазақстан Республикасының Ұлттық қауiпсiздiк комитетiмен келiсiм бойынша заңдарда белгіленген тәртiппен 2000 жылғы 1 тамызға дейінгі мерзiмде: 
      1) Қазақстан Республикасының Үкiметiне Қазақстан Республикасы Yкiметінiң бұрын қабылданған шешiмдерiн осы қаулыға сәйкес келтiру жөнiнде ұсыныс енгізсiн; 
      2) осы қаулымен бекiтiлген Тәртiптiң ережелерiн iске асыру мақсатында нормативтi құқықтық актілердi әзiрлеудi, келiсудi және Қазақстан Республикасының Әдiлет министрлiгінде тiркеудi қамтамасыз етсiн. 
       ЕСКЕРТУ. 2-тармақ өзгерді - ҚР Үкіметінің 2000.06.27. N 956  қаулысымен.

      3. Қазақстан Республикасының Әдiлет министрлiгі осы қаулының 2-тармағының iске асырылуына жәрдем көрсетсiн.

      4. Мыналардың күшi жойылды деп танылсын:
      1) "Шетел азаматтарының Қазақстан Республикасында болу тәртiбi туралы" Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетінiң 1993 жылғы 10 наурыздағы N 186  қаулысы  (Қазақстан Республикасының ПYАЖ-ы, 1993 ж., N 7, 87-құжат);
      2) "Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетiнiң 1993 жылғы 10 наурыздағы N 186 қаулысына өзгерiстер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Yкiметiнiң 1998 жылғы 30 желтоқсандағы N 1367  қаулысы  (Қазақстан Республикасының ПYАЖ-ы, 1998 ж., N 50, 465-құжат).

      5. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап бiр ай мерзiм өткен соң күшіне енеді.

       Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

Қазақстан Республикасы  
Үкіметінің 2000 жылғы  
28 қаңтардағы N 136  
қаулысымен бекітілген  

            

  Шетелдік азаматтардың Қазақстан Республикасына келуінің және болуының, сондай-ақ олардың Қазақстан Республикасынан кетуінің
Тәртібі

  1. Жалпы ережелер

      1. Осы Тәртіп Қазақстан Республикасының Конституциясына, "Халықтың көші-қоны туралы" Қазақстан Республикасының Заңына, Қазақстан Республикасы Президентінің "Шетелдік азаматтардың Қазақстан Республикасында болуының құқықтық ережесі туралы" 1995 жылғы 19 маусымдағы N 2337 заң күші бар  Жарлығына  сәйкес әзірленді және: 
      1) шетелдік азаматтардың Қазақстан Республикасына келуінің және Қазақстан Республикасынан кетуінің; 
      2) шетелдік азаматтардың Қазақстан Республикасында уақытша болуы және тұрақты тұруы құқығына арналған құжаттарды ресімдеудің; 
      3) шетелдік азаматтардың Қазақстан Республикасының аумағы бойынша жүруінің және транзиттік өтуінің; 
      4) шетелдік азаматтардың болуы мерзімдерін ұзартудың және қысқартудың, сондай-ақ оларды Қазақстан Республикасынан кетірудің тәртібін айқындайды. 

      2. Осы Тәртіптің күші, егер Қазақстан Республикасының заң актілерінде өзгеше көзделмесе, азаматтығы жоқ адамдарға да қолданылады. 

      3. Шетелдік азаматтарды жеке істері бойынша Қазақстан республикасына шақырған қабылдаушы ұйымдар мен адамдар шетелдік азаматтарға Қазақстан Республикасының заңдарында және осы Тәртіпте көзделген құқықтар мен міндеттерді уақытылы түсіндіруді, шетелдік азаматтарға қатысты белгіленген құқықтық нормалардың орындалуын қамтамасыз етеді, сондай-ақ олардың Қазақстан Республикасында болуы, елдің аумағы бойынша жүріп-тұруы құқығына арналған және оларға белгіленген болудың мерзімі аяқталғаннан кейін Қазақстан Республикасынан кетуіне арналған құжаттардың уақытылы ресімделуі үшін заңдарда белгіленген жауаптылықта болады. 
      Шетелдік азаматтардың, азаматтығы жоқ адамдардың, сондай-ақ Қазақстан Республикасының лауазымды тұлғалары мен азаматтарының осы Тәртiптiң талаптарын сақтауын бақылауды ұлттық қауiпсiздiк органдарымен өзара iс-қимылда iшкi iстер органдары жүзеге асырады. 

  2. Шетелдiк азаматтардың Қазақстан Республикасына келуi және Қазақстан Республикасынан кетуi

      4. Шетелдiк азаматтар, егер Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шарттарда өзгеше тәртiп белгiленбесе, Қазақстан Республикасының визасы болған жағдайда, төлқұжаты немесе оны алмастыратын құжаттар (бұдан әрi - төлқұжат) бойынша мемлекеттiк шекарадағы халықаралық және жолаушы қатынастары үшiн ашық өткiзу пункттерi арқылы Қазақстан Республикасына келедi және Қазақстан Республикасынан кетедi.
      Визаның қолданылу мерзiмi шетелдiк азамат паспортының қолданылу мерзiмi аяқталғанға дейiн кемiнде 6 ай бұрын аяқталуы тиiс.
       ЕСКЕРТУ. 4-тармақ толықтырылды - ҚР Үкіметінің 2005.07.20. N 756  қаулысымен

      5. Шетелдiк азаматтарға Қазақстан Республикасына келуге (келулерге) және Қазақстан Республикасына келiп кетуге (келу-кету) визаларды Қазақстан Республикасының Сыртқы iстер министрлiгi, Қазақстан Республикасы Сыртқы iстер министрлiгiнiң шетелдегi мекемелерi мен консулдық пункттерi, ал ондайлар болмаған жағдайда Қазақстан Республикасының уәкiлеттiк берiлген органдары бередi. 

      6. Шетелдiк азаматтарға Қазақстан Республикасынан кетуге (кету) және Қазақстан Республикасынан кетiп, қайта келуге (кету-келу) визаларды Қазақстан Республикасының аумағында Қазақстан Республикасының Iшкi iстер министрлiгi, сондай-ақ ол уәкiлеттiк берген аумақтық iшкi iстер органдары бередi. 
      Төлқұжаты Қазақстан Республикасының Сыртқы iстер министрлiгiнде және оның өкiлдiктерiнде тiркелген шетелдiк азаматтарға кету және кету-келу визаларын берудi осы ұйымдар жүргiзедi. 

      7. Қабылдаушы ұйымдардың өтiнiшi бойынша шетелдiк азаматтарға Қазақстан Республикасына келуге және Қазақстан Республикасынан кетуге бiрнеше мәртелiк виза берiлуi мүмкiн. 

      8. Қазақстан Республикасының визаларын беру және олардың қолданылу мерзiмiн ұзарту үшiн: 
      1) халықаралық ұйымдардың, шет мемлекеттер өкiлдiктерiнiң, сондай-ақ Қазақстан Республикасы мемлекеттiк ұйымдарының заңдарда белгiленген тәртiппен ресiмделген жазбаша өтiнiштерi; 
      2) Қазақстан Республикасына жеке iстерi бойынша, турист ретiнде және мемлекеттiк емес ұйымдардың шақыруы бойынша iскерлiк мақсаттармен немесе тұрақты тұруға келетiн шетелдiк азаматтар үшiн, сондай-ақ Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын шетелдiк азаматтарға iшкi iстер органдарының рұқсаты; 
      2-1) Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігімен және Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитетімен келісім бойынша Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі белгілейтін тәртіпке сәйкес шетел азаматтарын Қазақстан Республикасына шақыру үшін заңды немесе жеке тұлғалардың заңнамада белгіленген тәртіппен ресімделген жазбаша өтініштері. 
       ЕСКЕРТУ. 8-тармақ толықтырылды - ҚР Үкіметінің 2002.05.29. N 595  қаулысымен.

      9. Келу визаларын берудiң негiздемесi шетелдiк азаматтардың Қазақстан Республикасында болу мақсаттарына сәйкес келуi тиiс. Қазақстан Республикасына туыстары мен таныстарының шақыруы бойынша, яғни жеке iстерi бойынша келген, сондай-ақ iскерлiк мақсатпен, оқуға және турист ретiнде келген шетелдiк азаматтар Қазақстан Республикасының аумағында жұмысқа орналаспайды, Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде көзделген жағдайларды қоспағанда, визада көрсетiлген келу мақсатымен байланысты емес өзге де қызметпен айналыса алмайды. 
      Eгep Қазақстан Республикасының Үкiметi мен шетелдiк инвесторлар арасында рұқсат берудiң белгiленген тәртiбi қолданысқа енгiзiлгенге дейiн жасалған шарттарда өзгеше көзделмесе, шетелдiк жұмыс күшiн лицензиясыз тартуға (әкелуге), сондай-ақ Қазақстан Республикасына уақытша келген шетелдiктердiң тиiстi рұқсатсыз еңбек қызметiн жүзеге асыруына тыйым салынады.
      Еңбек қызметiн жүзеге асыру үшiн (жұмысқа) Қазақстан Республикасына келуге визаны тек Қазақстан Республикасы Сыртқы iстер министрлігінің шетелдегі мекемелерi ғана, олар болмаған жағдайда Қазақстан Республикасының арнайы уәкiлеттi өкiлдерi бередi.
       ЕСКЕРТУ. 9-тармақ толықтырылды - ҚР Үкіметінің 2005.07.20. N   756 , өзгерту енгізілді - 2006.08.01.  N 725  қаулыларымен.       

      10. Визалардың санаттары мен түрлерiн, оларды берудiң, сондай-ақ олардың қолданылу мерзiмдерiн қысқарту мен ұзартудың тәртiбiн Қазақстан Республикасының Ұлттық қауiпсiздiк комитетiмен келiсiм бойынша Қазақстан Республикасының Сыртқы iстер министрлiгi мен Қазақстан Республикасының Iшкi iстер министрлiгі айқындайды.

      11. Қазақстан Республикасының заң актiлерiмен белгiленген негіздер бойынша шетелдiк азаматтардың Қазақстан Республикасына келуiне және Қазақстан Республикасынан кетуiне тыйым салынуы мүмкiн.

      11-1. Қазақстан Республикасына келу кезiнде 16 жасқа толған әрбiр шетелдiк азаматқа көшi-қон карточкасы беріледi.
      Көшi-қон карточкалары Қазақстан Республикасынан кету кезiнде тапсырылуы тиiс.
      Көшi-қон карточкалары:
      <*>
      Қазақстан Республикасының дипломаттық, қызметтiк және инвесторлық визасы бар адамдарға;
      әуе, теңiз және өзен кемелерi экипаждарының мүшелерiне;
      поезд, оның iшiнде рефрижератор, локомотив бригадаларының жұмыскерлерiне және темiр жол көлiгiмен тасымалданатын жүктердi бiрге алып жүретiн адамдарға;
      Қазақстан Республикасының аумағы арқылы транзитпен өтетiн поездардың жолаушыларына;
      халықаралық автотасымалдауды жүзеге асыратын автокөлiк құралдарының жүргiзушiлерiне берiлмейдi.
      Көшi-қон карточкасын беру ережесiн Қазақстан Республикасының Үкiметi уәкiлеттiк берген органдар айқындайды. <*>
      ЕСКЕРТУ. Жаңа 11-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Үкіметінің 2003.03.13. N 241  қаулысымен .
      ЕСКЕРТУ. 11-1-тармақ өзгерді - ҚР Үкіметінің 2004.08.20. N 881  қаулысымен

  3. Қазақстан Республикасына уақытша келген шетелдiк
азаматтарды тiркеу

      12. Қазақстан Республикасына уақытша келген шетелдiк азаматтардың өздерiмен бiрге осы Тәртiпте белгiленген ретпен тiркелген төлқұжаты болуы және оларды уәкiлеттi мемлекеттiк органдардың талап етуi бойынша көрсетуге мiндеттi.
      Шетелдiк азамат төлқұжатын жоғалтқаны туралы тез арада, азаматтың өтiнiшi бойынша ол туралы анықтама беретiн, iшкi iстер органына хабарлауы қажет.

      13. Қазақстан Республикасында уақытша болатын шетелдiк азаматтар Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк шекарасынан өткен күннен бастап бес күнтiзбелiк күн iшiнде өзiнiң тұрақты немесе уақытша тұратын жерi бойынша тiркелуге мiндеттi. Шетелдiк азаматтарды тiркеу жеке басын куәландыратын құжаттар бойынша жүзеге асырылады. <*>
      ЕСКЕРТУ. 13-тармақ өзгерді - ҚР Үкіметінің 2003.03.13.  N 241 , 2005.07.20.  N 756  қаулыларымен.

      14. Қазақстан Республикасында шетелдiк азаматтардың төлқұжаттарын тiркеудiң тәртiбiн Қазақстан Республикасының Ұлттық қауiпсiздiк комитетiмен келiсiм бойынша Қазақстан Республикасының Сыртқы iстер министрлiгi мен Қазақстан Республикасының Ішкi iстер министрлiгi айқындайды. 

      15. Тiркеу шетелдiк азаматтың ұлттық паспорты мен визасының қолданылу мерзiмiнен аспайтын кезеңге ресiмделедi.
      Қазақстан Республикасымен келудiң және болудың визасыз тәртiбi туралы халықаралық шарттары бар елдерден Қазақстан Республикасына келген азаматтарды тiркеу тоқсан тәулiктен аспайтын мерзiмге жүргiзiледi және кейiннен дәл осындай мерзiмге ұзартылуы мүмкiн.
      Шетелдiк жұмыс күшiн тартуға заңда белгiленген тәртiппен ресiмделген рұқсаты бар шетелдiк азаматтарды тiркеу осы рұқсаттың қолданылу мерзiмiне ресiмделедi.
      Қазақстан Республикасының оқу орындарында оқитын шетелдiк азаматтарды тiркеу бiр оқу жылына ресiмделедi.
      Шетелдiк азаматтар Қазақстан Республикасының заңнамалық кесiмдерiне және Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шарттарға сәйкес паспорттарды тiркеуден босатылуы мүмкін. <*>
      ЕСКЕРТУ. 15-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 2003.03.13. N 241  қаулысымен.

      16. Қазақстан Республикасының Сыртқы iстер министрлiгi мен оның өкiлдiктерiнде: 
      1) шетелдiк дипломатиялық өкiлдiктер мен консулдық мекемелер басшыларының, дипломатиялық қызмет мүшелерiнiң, консулдық лауазым иелерiнiң, дипломатиялық өкiлдiктер мен консулдық мекемелердiң әкiмшiлiк-техникалық және қызмет көрсететiн қызметшiлерiнiң, әскери атташе аппараты мен сауда өкiлдiктерi қызметкерлерiнiң және олардың отбасы мүшелерiнiң, сондай-ақ егер қонақтар көрсетiлген өкiлдiктер мен мекемелердiң аумағында тұратын болса, шетелдiк дипломатиялық өкiлдiктер мен консулдық мекемелер басшылары қонақтарының; 
      2) Қазақстан Республикасына қызметтiк iс бойынша келген және дипломатиялық немесе қызметтiк төлқұжаты бар шетелдiк мемлекеттердiң Сыртқы iстер министрлiктерi қызметкерлерiнiң және олардың отбасы мүшелерінің; 
      3) Қазақстан Республикасына қызметтiк iс бойынша келген халықаралық ұйымдардың лауазымды тұлғаларының, аталған ұйымдардың Қазақстан Республикасындағы өкiлдiктерi қызметкерлерiнiң, сондай-ақ Қазақстан Республикасында штаб-пәтерi бар халықаралық ұйымдардың жанындағы елдер өкiлдiктерiнiң халықаралық шарттарға сәйкес дипломатиялық артықшылықтар мен иммунитеттi пайдаланатын қызметкерлерiнiң, сондай-ақ олардың отбасы мүшелерiнiң; 
      4) Қазақстан Республикасының Сыртқы iстер министрлiгi тиiстi визалар беретiн шетелдiк ұйымдар-инвесторлар басшыларының немесе өзге де басшы қызметкерлерiнiң; 
      5) Қазақстан Республикасы Сыртқы iстер министрлiгiнiң шақыруы бойынша келген адамдардың төлқұжаттары тiркеледi. 

      17. Iшкi iстер органдарында осы Тәртiптiң 15-тармағының бесiншi абзацында және 16-тармағында көрсетiлмеген шетелдiк азаматтардың паспорттары тiркеледi.
      Iшкi iстер органдарымен келiсiм бойынша шетелдiк азаматтардың паспорттарын тiркеу Қазақстан Республикасы Сыртқы iстер министрлiгiнiң шетелдiк мекемелерi, Қазақстан Республикасының мемлекеттiк шекарасы арқылы өткiзу пункттерi, тiркеу құқығы берiлген қонақ үйлер арқылы жүзеге асырылуы мүмкiн.
      Қазақстан Республикасы Сыртқы iстер министрлiгiнiң шетелдiк мекемелерiнде, Қазақстан Республикасы мемлекеттiк шекарасы арқылы өткiзу пункттерiнде және қонақ үйлерде шетелдiк азаматтардың паспорттарын тiркеу туралы ақпарат тiркелген күнiнен бастап бес тәулiк iшiнде iшкi iстер органдарына хабарланады. 
       ЕСКЕРТУ. 17-тармақ өзгерді - ҚР Үкіметінің 2004.08.20. N 881  қаулысымен

3-1. Миссионерлiк қызметтi жүзеге асыратын шетелдiк азаматтарды есептiк тiркеу  <*>

       ЕСКЕРТУ. Тәртіп 3-1-бөлімімен жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 2003.07.17. N 702  қаулысымен .

      17-1. Дiни-ағартушылық қызмет (бұдан әрi - миссионерлiк қызмет) арқылы қандай да бiр дiн iлiмiн уағыздау және (немесе) таратумен айналысатын шетелдiк азаматтарды есептiк тiркеудi жергiлiктi атқарушы органдар жүргiзедi.
      17-2. Есептiк тiркеу үшiн шетелдiк азаматтар төлқұжаты тiркелген сәттен бастап үш тәулiк iшiнде жергiліктi атқарушы органға мынадай құжаттар мен материалдарды:
      1) дiни нанымға тиесiлiгiн, миссионерлiк қызметтiң аумағы мен мерзiмiн көрсете отырып, өтiнiштi;
      2) миссионерлiк қызметтi жүзеге асыру құқығына дiни ұйым берген сенiмхаттың немесе өзге де құжаттың көшiрмесiн;
      3) миссионер мүддесiн бiлдiретiн дiни ұйым өз елiнiң заңнамасына сәйкес ресми тiркелгендiгiн куәландыратын тiркеу туралы куәлiктiң немесе өзге де құжаттың көшiрмесiн;
      4) Қазақстан Республикасында тiркелген дiни ұйымның шақыруын;
      5) миссионерлiк қызметке арналған әдебиеттi тыңдау, бейне материалдарын және (немесе) өзге де дiни мақсаттағы заттарды ұсынады.
      Көрсетілген құжаттарды ұсыну кезінде өтініш беруші белгіленген тәртіппен тіркелген төлқұжатын көрсетеді.
      17-3. Миссионерлік қызметті жүзеге асыратын шетелдік азаматтарды есептік тіркеуді құжат берілген күнінен бастап жеті тәуліктен аспайтын мерзімде жергілікті атқарушы орган жүргізеді.

  4. Шетелдiк азаматтарға Қазақстан Республикасында тұрақты
тұру құқығына құжаттар беру

      18. Iшкi iстер органдары берген рұқсат, сондай-ақ тұруға ықтиярхат алған шетел азаматтары Қазақстан Республикасында тұрақты тұратындар деп танылады. 

      19. Өзге заңдық негiздемедегi шетелдiк азаматтар Қазақстан Республикасына уақытша келген болып саналады. Қазақстан Республикасына уақытша келген шетелдiк азаматтар өздерiн тұрақты тұруға қалдыру туралы өтiнiш жасай алады. 

      20. Шетелдiк азаматтарды Қазақстан Республикасында тұрақты тұруға қалдырудың тәртiбiн Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес Қазақстан Республикасының Ұлттық қауiпсiздiк комитетiмен келiсiм бойынша Қазақстан Республикасының Iшкi iстер министрлiгi мен Қазақстан Республикасының Көшi-қон және демография жөнiндегi агенттiгi айқындайды. 

      21. Қазақстан Республикасында тұрақты тұру құқығына құжаттар: шетелдiк азамат үшiн - шетелдiк азаматтың Қазақстан Республикасында тұруға ықтиярхаты, азаматтығы жоқ адам үшiн - азаматтығы жоқ адамның куәлiгi болып табылады. 

      22. Шетелдiк азаматтар Қазақстан Республикасында тұрақты тұруға рұқсат беру туралы өтiнiштi, осы Тәртiптiң 20-тармағына сәйкес белгiленген тәртiппен, уәкiлеттi органдарға бередi. 
      Шетелдiк азаматтар Қазақстан Республикасында тұру құқығына арналған қолда бар құжаттың қолданылу мерзiмiн ұзарту туралы немесе жаңасын беру туралы өтiнiштi өздерiнiң тұратын жерi бойынша iшкi iстер органдарына, оның қолданылу мерзiмi аяқталғанға дейiн екi айдан кешiктiрмей, ал ол жоғалған жағдайда - үш тәулiктен кешiктiрмей бередi. 

      23. Шетелдiк азаматқа және азаматтығы жоқ адамға Қазақстан Республикасында тұрақты тұруға рұқсат беруден Қазақстан Республикасының заңнамалық кесiмдерiнде белгiленген негіздемелер бойынша мыналарға бас тартылуы мүмкiн.
      Тұрақты тұру рұқсатын және азаматтығы жоқ адамның куәлiгiн беруден бас тарту Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен шағымдалуы мүмкiн. <*>
       ЕСКЕРТУ. 23-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 2003.03.13. N 241  қаулысымен.  
      ЕСКЕРТУ. 23-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 2005.07.20. N 756  қаулысымен .

      24. Шетелдiк азаматтар өз төлқұжаттарының қолданылу мерзiмi аяқталған күнiнен бастап 6 айдың iшiнде жаңа немесе ұзартылған құжаттарды көрсетпесе, iшкi iстер органдары оларға азаматтығы жоқ адамның куәлiгiн бередi. 
      Азаматтығы жоқ адамның куәлiгi, егер оның иесi iшкi iстер органдарына жарамды төлқұжатын көрсетсе, ықтиярхатқа ауыстырылады. 

      25. Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын шетелдiк азаматтар, заңдарда Қазақстан Республикасының азаматтары үшiн көзделген тәртіппен, тұрақты және уақытша тұратын жері бойынша тiркеуге жатады. 

  5. Шетелдiк азаматтардың Қазақстан Республикасының аумағы
бойынша жүрiп-тұруы мен транзиттiк өтуi және олардың
Қазақстан Республикасында тұратын жердi таңдауы

      26. Шетелдiк азаматтар Қазақстан Республикасының шетелдiк азаматтардың болуы үшiн ашық аумағы бойынша еркiн жүрiп-тұра және Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiпке сәйкес тұратын жердi таңдай алады. Жүрiп-тұру мен тұратын жердi таңдаудағы шектеулер, ол: мемлекеттiк қауiпсiздiктi қамтамасыз ету, қоғамдық тәртiптi, халықтың денсаулығы мен өнегесiн сақтау, Қазақстан Республикасының азаматтары мен басқа да адамдардың құқықтары мен заңды мүдделерiн қорғау үшiн қажет болғанда Қазақстан Республикасы Iшкi iстер министрлiгiнiң немесе Ұлттық қауiпсiздiк комитетiнiң нормативтiк құқықтық актiлерiмен белгiленедi. 

      27. Шетелдiк азаматтардың Қазақстан Республикасы бойынша жүрiп-тұруының, сондай-ақ олардың шетелдiк азаматтар үшiн жабық жекелеген жерлерге (аумақтарға) баруының тәртiбiн Қазақстан Республикасының Ұлттық қауiпсiздiк комитетiмен келiсiм бойынша Қазақстан Республикасының Сыртқы iстер министрлiгi мен Iшкi iстер министрлiгi айқындайды. 

      28. Қазақстан Республикасының аумағы арқылы транзитпен өтетiн шетелдiктердiң Қазақстан Республикасына келуi және Қазақстан Республикасынан кетуi үшiн Қазақстан Республикасының транзиттiк визасы ресiмделедi. 

      29. Шетелдiктердiң Қазақстан Республикасының аумағы арқылы транзиттiк өтуiне, оларда үшiншi елге кiру үшiн жарамды құжаттар (визалар) болған жағдайда, бес тәулiктен аспайтын мерзiмге рұқсат етіледi.
       ЕСКЕРТУ. 29-тармақ өзгерді - ҚР Үкіметінің 2004.08.20. N 881  қаулысымен .  

      30. Қазақстан Республикасының аумағы арқылы мемлекеттерге олардың азаматтығының визасыз келу туралы келiсiм бар елдерге транзитпен өтетiн шетелдiктерде Қазақстан Республикасының транзиттiк визасы болуы мiндеттi. 

      31. Қазақстан Республикасының аумағы арқылы автокөлiк құралдарымен транзитпен өтетiн, оның iшiнде жүктердi автомобильмен халықаралық тасымалдауды жүзеге асыратын шетелдiктер халықаралық автомобиль қатынасы үшiн ашық жолдар бойынша ғана жүредi. 

      32. Шетелдiк азаматтардың Қазақстан Республикасының аумағы арқылы транзиттiк өтуiнiң тәртiбiн Қазақстан Республикасының Ұлттық қауiпсiздiк комитетiмен келiсiм бойынша Қазақстан Республикасының Сыртқы iстер министрлiгi мен Қазақстан Республикасының Iшкi iстер министрлiгi айқындайды.

       

  6. Осы Тәртiптi бұзғаны үшiн жауаптылық. Шетелдiк
азаматтардың Қазақстан Республикасында болуы мерзiмiн
қысқарту және кетiру

      33. Осы Тәртiптiң нормаларын бұзу заңдармен көзделген жауаптылыққа әкеп соғады. 

      34. Шетелдiк азаматтардың Қазақстан Республикасында болуының мерзiмiн қысқарту және оларды Қазақстан Республикасынан кетiру Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген негiздемелер бойынша жүргiзiледi. 

      35. Шетелдiк азаматтардың Қазақстан Республикасында болуының мерзiмiн қысқарту туралы шешiмдi Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес iшкi iстер органдары немесе ұлттық қауiпсiздiк органдары қабылдайды. 

      36. Кетiру туралы шешiмдi сот қабылдайды. Бұл ретте шетелдiк азаматтарды кетiрудi ұйымдастыру үшiн қажетті мерзiмге ұстауға жол берiледi. Оларды ұстау iшкi iстер органдарының арнайы мекемелерiнде жүргізiледi. <*>
      Кетiру бойынша шығыстарды кетiрiлетiн шетелдiк азаматтар не шетелдiктi Қазақстан Республикасына шақырған ұйымдар немесе жеке адамдар, ал ерекше жағдайларда iшкi iстер органдары көтередi. 
      Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шарттарға сәйкес Қазақстан Республикасының аумағына келу құқығынсыз келген адамдарды Қазақстан Республикасының аумағынан әкету үшiн ол адамдарды әкелген көлiк ұйымы жауапты болып табылады. 
      ЕСКЕРТУ. 36-тармақ өзгерді - ҚР Үкіметінің 2003.03.13.  N 241 , 2005.07.20.  N 756  қаулыларымен.

      37. Шетелдік азаматтар заңдарда белгiленген тәртiппен өзiн Қазақстан Республикасынан кетiру және Қазақстан Республикасында болу мерзiмiн қысқарту туралы шешiмге шағымдануға құқылы.

      38. Қазақстан Республикасының заңдарына және Қазақстан Республикасының халықаралық келiсiмдерiне сәйкес артықшылықтар мен иммунитеттердi пайдаланатын шетелдiк азаматтардың осы Тәртiптi бұзғаны үшiн жауапкершiлiгi туралы, сондай-ақ олардың Қазақстан Республикасында болу мерзiмiн қысқарту туралы мәселе дипломатиялық арналар бойынша шешiледi.

  7. Халықаралық келiсiмдер

      39. Егер Қазақстан Республикасының халықаралық келiсiмдерiнде осы Тәртiпте қамтылғандардан өзгеше ережелер белгiленген болса, халықаралық келiсiмнiң ережесi қолданылады.