Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Беларусь Республикасының Үкіметі арасындағы әуе көлігі саласындағы ынтымақтастық туралы Келісім

Келісім, Алматы қ., 1992 жылғы 16 қыркүйек

Қолданыстағы

      * Қол қойылған күнінен бастап күшіне енді - Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары бюллетені, 2003 ж., N 10, 71-құжат.

      Қазақстан Республикасы Yкiметi мен Беларусь Республикасы Yкiметi, бұдан былай "Тараптар" деп аталады,
      Қазақстан Республикасының Yкiметi мен Беларусь Республикасының Yкiметi арасында жасалған көлiк саласындағы ынтымақтастық принциптерi мен өзара қарым-қатынас шарттары туралы Келiсiмге сәйкес,
      әуе көлiгi саласындағы өзара ынтымақтастықты нығайта және дамыта түсудi қалай отырып,
      төмендегiлер туралы келiстi:

1-бап

      Бұл Келiсiм екi мемлекет арасында және олардан тысқары жерлерге жолаушылар мен жүктер тасымалдарын атқаратын Тараптардың әуе көлiктерi қызметiнiң, сондай-ақ азаматтық авиацияның дамуы мен қызмет етуiне байланысты жұмыстарды өзара үйлестiрiп отыру шарттарын анықтайды.

2-бап

      Тараптардың әрқайсысы өз мемлекетiнiң аумағында екiншi мемлекеттiң әуе кемелерiнiң ұшуы үшiн, бұларға аэронавигациялық, техникалық және коммерциялық қызмет көрсету үшiн қажеттi жағдайлар туғызуға мүмкiндiк жасап отыратын болады.

3-бап

      1. Тараптар өзара қарым-қатынастарына осы Келiсiмге қол қойылған күнге дейiн күшiн сақтап келген азаматтық авиация қызметiн реттеушi, оның iшiнде ұшу, штурмандық, инженерлiк-техникалық, аэронавигациялық, медициналық, метеорологиялық, ұшуды аэродромда қамтамасыз ету салаларына қатысты ережелердi, ұсыныстарды, қағидаларды, нұсқауларды, стандарттарды, техникалық шарттар мен басқадай нормативтiк құжаттарды сақтайтын болады.
      2. Екiншi тараптың мүддесiне қатысы болатын өзгерiстер енгiзу, сондай-ақ жаңа нормативтiк құжаттарды бекiту тек өзара келiсiм бойынша жасалатын болады.
      3. Тараптар өз мемлекеттерiнiң аумағында қолданылатын авиация заңдарын үндестiруге ұмтылатын болады.

4-бап

      Тараптар Беларусь Республикасы әуе кемелерiнiң транзитпен Қазақстан Республикасының әуе кеңiстiгiнде және Қазақстан Республикасы әуе кемелерiнiң транзитпен Беларусь Республикасының әуе кеңiстiгiнде жолаушылар, жүктер тасымалдауының, ұшып өтуiнiң шарттарын, өз мемлекеттерiнiң заңдарын ескере отырып, жеке қарайтын болады. Қараудың нәтижелерiн арнайы келiсiммен ресiмдейдi.

5-бап

      1. Тараптардың әрқайсысы әуе қатынасы туралы екiншi Тараптың мүддесiне қатысы болатын жаңа үкiметаралық Келiсiмдер әзiрлеген кезде онымен қажеттi консультациялар өткiзетiн болады.
      2. Тараптардың әрқайсысы үшiншi елдермен жасалған келiсiмдер негiзiнде авиация тасымалдарын жасаған кезде екiншi Тараппен тариф саясатын, екiншi Тарапқа қисынсыз залал келтiрмейтiн авиация жолдарын пайдаланудың коммерциялық шарттарын дайындау мен қолдану мәселелерi бойынша тығыз ынтымақтастықты жүзеге асыратын болады.
      3. Қазақстан Республикасы мен Беларусь Республикасы аумақтарының үстiнен өтетiн трассалар бойынша халықаралық тасымалдар ұйымдастырған кезде Тараптар өздерiнiң коммерциялық мүдделерiн қорғау мақсатымен өз қимылдарын үйлестiрiп отыратын болады.

6-бап

      Әр Тарап екiншi Тарап берген әуе кемелерiн тiркеу жөнiндегi куәлiктердi, ұшуға жарамдылығы туралы растамаларды және ұшу үшiн қажетi болатын басқа да құжаттарды танитын болады.

7-бап

      Тараптар әуе көлiгiнде үйлестiрiлген тариф саясатын жүргiзудi қажет деп тапты.
      Авиация тасымалдары мен авиациялық жұмыстар үшiн өзара есеп айырысудың тәртiбi және шарттары жеке келiсiмдермен анықталады.

8-бап

      Әуе кемелерiнiң ұшуына, әуе жолдарында жолаушылар мен жүктердi тасымалдауға байланысты барлық техникалық және коммерциялық мәселелердi, ұшу кестесiн, рейстердiң жиiлiгiн, әуе кемелерiнiң типтерiн, техникалық қызмет көрсетудi қоса, Тараптардың құзырлы органдары тең хұқылық және өзара тиiмдiлiк принциптерiне сүйенiп шешетiн болады.

9-бап

      Тараптар әуе кемелерiн заңсыз басып алуға және әуе кемелерiнiң, ондағы жолаушылар мен экипаждардың, әуежайлар мен аэронавигациялық құралдардың қауiпсiздiгiне қарсы бағытталған, басқа да заңсыз актiлерге, сондай-ақ азаматтық авиация қауiпсiздiгiне төнген қандай да бiр қатерге жол бермеу және алдын-алу жөнiнде бiр-бiрiне қажеттi көмек көрсететiн болады.

10-бап

      Тараптар өзара негiзде:
      - әуе көлiгi саласындағы ғылыми-техникалық саясатта;
      - авиация кәсiпорындарын материалдық-техникалық қамтамасыз ету, сонымен бiрге әуе кемелерiн жанар-жағар материалдармен қамту үшiн жағдай жасауда өз қызметiн үйлестiрiп отырады.

11-бап

      Бiр Тараптың әуе кемесi екiншi Тараптың аумағына амалсыз қонса, апатқа ұшыраса немесе қираса, соңғысы болған оқиға туралы екiншi Тарапқа дереу хабар бередi, сондай-ақ оқиғаның себебiн тергеуге қажеттi шаралар қолданады және келесi Тараптың өтiнiшi бойынша сол оқиғаны тексеруге қатысу үшiн келген осы Тараптың өкiлдерiнiң өз аумағына бөгетсiз келуiн қамтамасыз етедi, сонымен қатар экипаж бен жолаушыларға көмек көрсету үшiн керектi шараларды iске асырады және осы әуе кемесiнiң iшiндегi почтаның, багаж бен жүктiң сақталуын қамтамасыз етедi. Авиациялық оқиғаны тергеп жатқан Тарап тергеудiң нәтижесi туралы екiншi Тарапты хабардар етуге мiндеттi.

12-бап

      Тараптар авиация мамандарын оқыту және олардың әзiрлiк деңгейiне қойылатын бiрыңғай талаптар әзiрлеу саласында ынтымақтасатын болады.
      Оқу орындарын бiтiргенi туралы берiлген бiлiктiлiк құжаттарының екi мемлекеттiң аумағында да заңды күшi болады.

13-бап

      Екі мемлекеттің азаматтық авиация кәсіпорындары мен ұйымдарының өз құзыры шеңберіндегі мәселелер бойынша қарым-қатынастары олардың арасындағы тікелей шарттар негізінде жасалатын болады.

14-бап

      1. Тараптар осы Келісімді пайымдауға және қолдануға байланысты барлық даулы мәселелерді келіссөздер мен консультациялар арқылы шешетін болады.
      2. Осы Келісімге енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар хаттамалармен ресімделеді, олар Талаптар бекіткеннен немесе келіскеннен кейін осы Келісімнің ажыратылмас бөлігі болып қалады.

15-бап

      Осы Келісім қол қойылған күннен бастап күшіне енеді және Тараптардың біреуі Келісімнің күшін тоқтатқысы келетіні жайлы өз ниетін екінші Жаққа жазбаша түрде хабарлағаннан кейін 90 күн өткенге дейін күшінде болады.

      Алматы қаласында 1992 жылғы 16 қыркүйекте екі данада, әрқайсысы қазақ, белорус және орыс тілдерінде жасалды, әрі барлық текстердің күші бірдей.

(Қолдары)