Қазақстан Республикасы Президентінің 1999 жылғы 8 қарашадағы N 90 өкіміне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

Қазақстан Республикасы Президентінің 2008 жылғы 1 желтоқсандағы N 278 Өкімі

Қолданыстағы

      Қазақстан Республикасы Президентінің "Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградаларымен наградтауға ұсынудың және оларды тапсырудың тәртібі туралы нұсқаулықты, Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградалары құжаттарының үлгілерін және Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградалары белгілерінің сипаттамасын бекіту туралы" 1999 жылғы 8 қарашадағы N 90 өкіміне (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 1999 ж., N 53, 521-құжат; 2006 ж., N 11, 101-құжат; 2007 ж., N 9, 99-құжат) мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:
      1) жоғарыда аталған өкіммен бекітілген Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградаларымен наградтауға ұсынудың және оларды тапсырудың тәртібі туралы нұсқаулықта:
       1-тармақтың екінші абзацындағы "мен "Халық қаһарманы" атағының" деген сөздер "Халық қаһарманы" және "Қазақстанның Еңбек Ері" атақтарының" деген сөздермен ауыстырылсын;
       4-тармақтың тоғызыншы абзацындағы "Халық қаһарманы" атағына" деген сөздер "Халық қаһарманы", "Қазақстанның Еңбек Ері" атақтарына" деген сөздермен ауыстырылсын;
       14-тармақ мынадай мазмұндағы төртінші абзацпен толықтырылсын:
      "- "Қазақстанның Еңбек Ері" атағы берілген адамға - "Қазақстанның Еңбек Ерінің" кітапшасы";";
       15-тармақтың үшінші абзацындағы "Халық қаһарманының" кітапшасына" деген сөздер "Халық қаһарманының", "Қазақстанның Еңбек Ерінің" кітапшаларына" деген сөздермен ауыстырылсын;
      2) жоғарыда аталған өкімнің 3-қосымшасы "Халық қаһарманы"
Алтын жұлдызының сипаттамасынан кейін осы өкімнің қосымшасына сәйкес "Қазақстанның Еңбек Ері" Алтын жұлдызының сипаттамасымен толықтырылсын.

       Қазақстан Республикасының
      Президенті                                         Н. Назарбаев

Қазақстан Республикасы  
Президентінің      
2008 жылғы 1 желтоқсандағы
N 278 өкіміне     
ҚОСЫМША        

"Қазақстанның Еңбек Ері" Алтын жұлдызы

      Айрықша ерекшелік белгісі - "Қазақстанның Еңбек Ері" Алтын жұлдызы ордендік тағанға жалғастырушы шығыршалар арқылы бекітілген алқа. Алқа алтынның қорытпасынан жеті сәулелі көлемді жұлдыз түрінде орындалған. Оның бет жағы көтеріңкі, тегіс екі қырлы сәулелері бар, алмас қырларын еске салатын бедерлі суретпен әрленген.
      Жұлдыздың ортасында төменгі жағы бедерлі лентамен аяқталатын бидай масағының гүлдестесімен көмкерілген шеңбер орналасқан. Шеңбердің ортасында ашық кітап орналасқан, оның оң жақ бетінде металл балқымасымен металлургиялық шөміштің көлемді бейнесі, сол жақ бетінде - компьютердің көлемді бейнесі көрініс тапқан.
      Жұлдыздың сәулелері бойымен тереңдетілген бедерлі сыртқы бетіндегі ойықтың тегіс орталық бөлігінде "Қазақстанның Еңбек Ері" жазуы орналасқан. Жұлдыздың жоғарғы сәулесінің ұшында - тұтас ойылған көзді құлақша бар.
      "Қазақстанның Еңбек Ері" Алтын жұлдызының тағаны Қазақстан Республикасының мемлекеттік туы түстес қатқал лентамен қапталған бес бұрышты металл жапырақшасы пішіндес. Тағанның биіктігі 41 мм, ені 34 мм.
      Қатқыл лентаның үстіне, тағанды бойлай сәуле түріндегі жапсырма орнатылған, оның төменгі бөлігіне түссіз фианит бекітілген.