Қазақстан Республикасының Орман Кодексi

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесiнiң он екiншi сессиясында 1993 жылдың 23 қаңтарында қабылданды

Қолданыстағы

Бірінші бөлім

Жалпы ережелер

I тарау. Негiзгi ережелер

      1-бап. Орман заңдарының мiндеттерi

      1. Қазақстан Республикасы орман заңдарының мiндеттерi ормандардың экологиялық және ресурс қуатын арттыру, орман ресурстарын ұтымды және сарқылмайтын етiп пайдалану, оларды сақтау, қорғау және ұлғайта өсiру жағдайларын қамтамасыз ету мақсатында орманды иелену, пайдалану, жұмсау жөнiндегi қатынастарын реттеу, орман қатынастары саласында заңдылықты нығайту болып табылады.
      2. Орман қатынастарын реттеу орман биосфераның, ғаламдық экологиялық, әлеуметтiк және экономикалық мәнi бар аса маңызды бөлiктерiнiң бiрi екенi, оның жай-күйi Жер бетiндегi тiршiлiк жағдайын айқындайтыны негiзге алына отырып, жүзеге асырылады.

      2-бап. Орман заңдары

      1. Қазақстан Республикасында орман қатынастары осы Кодекспен, соған сәйкес шығарылатын Қазақстан Республикасының заңдарымен және басқа да нормативтi актiлерiмен реттеледi.
      2. Жер және су қатынастары, сондай-ақ өсiмдiктер (ормандардан басқа) және жануарлар дүниесiн, жер қойнауын, атмосфералық ауаны сақтау және пайдалану жөнiндегi қатынастар Қазақстан Республикасының арнайы заңдарымен реттеледi.

      3-бап. Орман қоры

      1. Барлық ормандар, сондай-ақ орман ағаштары өспейтiн, бiрақ орман шаруашылығының мұқтажы үшiн берiлген жерлер Қазақстан Республикасының орман қорын құрайды.
      2. Қазақстан Республикасының орман қорына мыналар кiрмейдi:
      1) ауылшаруашылық мақсаттағы жерлерде өскен жеке түп ағаштар мен шоқ ағаштар, аграрлық-орман мелиоративтiк екпелер, тал-шiлiк өсiмдiктер;
      2) темiр жолға, автомобиль жолдарына, каналдарға, магистральдық құбырлар мен басқа да арналы құрылыстарға бөлiнген белдеулердегi қорғаныш екпелерi;
      3) қалалық ормандардан басқа, қалалар мен басқа да елдi мекендердегi жеке түп ағаштар мен көгалдандыру екпелерi;
      4) үй маңындағы, саяжай мен бау-бақша учаскелерiндегi жеке түп ағаштар мен шоқ ағаштар;
      5) арнайы мақсаттағы плантациялық екпелер.
      Аталған екпелердi пайдалану, оларды сақтау мен күту басқа заң актiлерiмен реттеледi.

      4-бап. Орман қорының жерлерi

      1. Орман қоры жерлерi құрамында мынадай жерлерге бөлiнедi:
      орманды жерлер (ағаш өскен, сондай-ақ ағаш өспеген - ағашы кесiлген жерлер, өртең жерлер, ағашы селдiр жерлер, алаңқай жерлер, бос жерлер, тұтаспаған орман дақылдары және басқалары);
      ормансыз жерлер (ауыл шаруашылығының пайдаланатын жерлерi, жолдар, кварталдық орман жолдары, өртке қарсы жарма жерлер және басқалары).
      2. Орман қоры жерлерiнiң шекарасы орман орналастыру материалдары негiзiнде жерге орналастыру жұмыстарын жүргiзген кезде белгiленедi және анықталады.

      5-бап. Ормандарға меншiк

      1. Қазақстан Республикасында ормандар тек қана республика меншiгiнде болады.
      2. Ормандарды иеленудi, жұмсауды және пайдалануды Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесi тiкелей немесе халық депутаттарының жергiлiктi Кеңестерi арқылы, Қазақстан Республикасының Үкiметi, жергiлiктi жерлердегi атқарушы өкiмет органдары және орман шаруашылығын басқарушы мемлекеттiк органдар осы Кодекс белгiлеген құзыреттер шегiнде жүзеге асырады.
      3. Орман қоры учаскелерiн пайдалануға беру және орманға меншiк құқығын iске асыру жөнiндегi басқа да әрекеттер жасау орман шаруашылығын басқарушы мемлекеттiк органдардың мiндеттi түрде қатысуы жағдайында жүзеге асырылады.

      6-бап. Орман қоры учаскелерiне иелiк ету

      1. Орман қоры учаскелерi тұрақты иелiк етуге мемлекеттiк орман шаруашылығы кәсiпорындарына, мекемелерi мен ұйымдарына, сондай-ақ мемлекеттiк табиғи қорықтарға, мемлекеттiк табиғи резерваттарға, мемлекеттiк ұлттық табиғи парктерге және мемлекеттiк табиғи парктерге орман шаруашылығын жүргiзу үшiн берiледi.
      Қазақстан Республикасының заңдарымен белгiленген тәртiппен орман шаруашылығын жүргiзу үшiн орман қорының учаскелерi басқа да заңды ұйымдар мен нақты адамдар иелiгiне берілуi мүмкiн.
      2. Орман қоры учаскелерiн иелiк етуге берудi Қазақстан Республикасының орман шаруашылығын басқарушы мемлекеттiк органының ұсынысы бойынша жергiлiктi атқарушы өкiмет органдары өз құзыретi шегiнде жүзеге асырады.
      3. Орман қорының учаскелерiне иелiк ету құқығы Қазақстан Республикасының Жер кодексiне сәйкес берiлетiн мемлекеттiк актiмен куәландырылады.
      ЕСКЕРТУ. 6-бап өзгерді - Қазақстан Республикасының 1999.05.11. N 381 Заңымен .
      ЕСКЕРТУ. 6-бап өзгерді - Қазақстан Республикасының 2001.01.23. N 151 Заңымен .

      7-бап. Орман қоры учаскелерi иелерiнiң құқықтары

      Орман қоры учаскелерiнiң иелерi:
      1) орман пайдалануды және өзге де шаруашылық қызметiн жүзеге асыруға;
      2) өздерiнiң иелiгiндегi орман қорының жерлерiндегi жердi, суды, жалпыға мәлiм пайдалы қазбаларды, жануарлар дүниесiн және табиғаттың өзге де объектiлерiн белгiленген тәртiппен пайдалануға;
      3) жобалық және техникалық құжаттамаларға сәйкес орман шаруашылығын жүргiзу және орман пайдалануды жүзеге асыру үшiн қажет үйлер мен құрылыстар салуға;
      4) өздерi әзiрлеген өнiмдi және оны өткiзуден алынған табысты меншiктеуге;
      5) ағаш кесу билеттерiн, ордерлерiн немесе орман билеттерiн бере отырып, бұл үшiн бөлiнген учаскелерде заңды ұйымдар мен нақты адамдардың орман пайдалануына және басқа шаруашылық қызметiн жүзеге асыруына құқық беруге;
      6) мемлекеттiк немесе қоғамдық мұқтаждар үшiн орман қоры жерлерiн алып қою, сондай-ақ орман өсiмдiктерi үшiн залалды заттар бөлетiн объектiлердi салу мен пайдаланудан туатын ормандар сапасының нашарлауы салдарынан шеккен зияндар көлемiн толық өтеуге құқылы.

      8-бап. Орман қоры учаскелерi иелерiнiң мiндеттерi

      Орман қоры учаскелерiнiң иелерi:
      1) орман шаруашылығын қолданылып жүрген орман заңдарына және орман шаруашылығы қызметiн реттейтiн басқа нормативтiк құжаттарға, сондай-ақ орман орналастыру құжаттамаларына сәйкес жүргiзуге;
      2) ормандарды ұдайы ұлғайта өсiрудi, сақтауды, қорғауды, санитарлық жай-күйiн жақсартуды, оларды күтiп-баптауды, ормандардың өнiмдiлiгi мен орман топырағының құнарлылығын арттыруды, орман пайдалану iсiн ұйымдастыруды, орман орналастыруды жүргiзудi, ормандар мен аңшылық жануарлар дүниесiн есепке алуды қамтамасыз етуге;
      3) орман қорының ресурстық қуатын ғылыми негiзделген нормалар шегiнде пайдалануға;
      4) жұмысты орманның табиғи ортаны туғызатын және табиғи ортаны қорғайтын қызметтерiн сақтауды, сондай-ақ екпе ағаштарды, емдiк, тағамдық және техникалық шикiзатты дер кезiнде қалпына келтiру жағдайларын қамтамасыз ететiн экологиялық жағынан оңтайлы әдiс-тәсiлдермен жүргiзуге, ормандарды, жануарлар дүниесiн ұтымды пайдалану, ұлғайта өсiру, сақтау және қорғау жөнiндегi осы Кодексте, Қазақстан Республикасының басқа да заңдық және нормативтiк актiлерiнде көзделген өзге де талаптарды орындауға;
      5) орман қоры аумағын өртке қарсы және санитарлық жағынан оңтайлы орналастыруды қамтамасыз етуге, ормандарда өрт қауiпсiздiгi, орман пайдалануды жүзеге асыру ережелерiн бұзудың, сондай-ақ орман заңдарын басқа да бұзушылықтардың алдын алуға, оларды дер мезгiлiнде айғақтап, тыйып отыруға, орман өрттерiн сөндiру, орман зиянкестерi мен ауруларына қарсы күресу жөнiнде қажеттi шаралар қолдануға мiндеттi.

      9-бап. Орман қорының учаскелерiн иелену құқығын
             доғару

      1. Орман қорының учаскелерiн иелену құқығы мынадай жағдайларда:
      1) иелiктен өз еркiмен бас тартқанда;
      2) орман қорының учаскелерi иелiгiнде болған кәсiпорын немесе өзге шаруашылық қызмет субъектiсi қызметiн тоқтатқанда;
      3) орман қорының жерлерiн мемлекеттiк немесе қоғамдық мұқтаждар үшiн белгiленген тәртiп бойынша алып қойғанда;
      4) орман қорының учаскелерiн мақсатына қарай пайдаланбағанда;
      5) орман шаруашылығын тиімсіз жүргізу салдарынан ормандардың жай-күйiнiң нашарлауына, олардың суды сақтау, қорғау, климатты реттеу, сауықтыру және өзге де пайдалы қасиеттерiн төмендетуге, орманды нашар сақтауға әкеліп соқтырғанда доғарылады.
      2. Қазақстан Республикасының заңдарында орман қорының учаскелерiн иелену құқығын доғарудың басқа да жағдайлары көзделуi мүмкiн.

II тарау. Халық депутаттары кеңестерiнiң орман
қатынастарын реттеу саласындағы құзыретi

      10-бап. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесiнiң
              құзыретi

      Орман қатынастарын реттеу саласында Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесiнiң қарауына:
      1) орманға меншiк құқығын жүзеге асыру;
      2) Қазақстан Республикасының орман заңдарын әзiрлеу мен жетiлдiру;
      3) мемлекеттiк орман саясатын айқындау;
      4) орман ресурстары үшiн ақы төлеу принциптерiн белгiлеу;
      5) республика облыстарының арасында орман қатынастарын реттеу;
      6) орман заңдарын сақтауды бақылау жатады.

      11-бап. Халық депутаттары облыстық Кеңесiнiң құзыретi

      Облыстың әкiмшiлiк шекарасында халық депутаттары облыстық Кеңесiнiң қарауына:
      1) облыс халық шаруашылығы салаларының жалпы кешенiнде орман шаруашылығын дамыту бағдарламалары мен жоспарларын бекiту;
      2) қосалқы орман материалдары мен орманды жанама пайдаланғаны үшiн ақы мөлшерлерiн белгiлеу;
      3) орман шаруашылығын жүргiзудi бақылау жатады.

      12-бап. Халық депутаттары аудандық, қалалық Кеңесiнiң
              құзыретi

      Ауданның, қаланың әкiмшiлiк шекарасында халық депутаттары аудандық, қалалық Кеңесiнiң қарауына:
      1) аудан халық шаруашылығы салаларының жалпы кешенiнде орман шаруашылығын дамытудың бағдарламалары мен жоспарларын бекiту;
      2) орман шаруашылығын жүргiзудi бақылау жатады.

III тарау. Ормандарды мемлекеттiк басқару және
олардың жай-күйiн, ұлғайта өсiрiлуiн,
сақталуын, қорғалуы мен пайдаланылуын
бақылау

      13-бап. Орман шаруашылығын мемлекеттiк басқару

      Қазақстан Республикасы аумағында орман шаруашылығын жүргiзу және орман ресурстарын пайдалану саласындағы мемлекеттiк басқаруды Қазақстан Республикасының Үкiметi, жергiлiктi жерлердегi атқарушы өкiмет органдары, орман шаруашылығын басқарудың мемлекеттiк органдары жүзеге асырады.

      14-бап. Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң құзыретi

      Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң қарауына:
      1) мемлекеттiк орман саясатын iске асыру;
      2) ормандарды қорғаныш топтары мен категорияларына жатқызу және оларды бiр топтан немесе категориядан басқасына көшiру;
      3) орман пайдаланудың, өсiп тұрған ағашты босатудың, ағаш кесудiң, ормандарды ұлғайта өсiрудiң, сақтау мен қорғаудың нормаларын, нормативтерi мен ережелерiн бекiту;
      4) басқа да табиғат сақтау шараларының кешенiнде ормандарды ұтымды пайдалану, ұлғайта өсiру, сақтау мен қорғау жөнiндегi мемлекеттiк бағдарламаларды бекiту және олардың орындалуын бақылау;
      5) орман мониторингiн, орман қорының мемлекеттiк орман кадастры мен мемлекеттiк есебiн жүргiзудi ұйымдастыру;
      6) орман шаруашылығы саласында халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асыру;
      7) Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесiнiң құзыретiне жатпайтын басқа мәселелер бойынша орман қатынастарын реттеу жатады.

      15-бап. Жергiлiктi атқарушы өкiмет органдарының
              құзыретi

      1. Облыстық әкiмшiлiк шекарасында облыстық атқарушы өкiмет органының қарауына:
      1) Қазақстан Республикасының Жер кодексiне сәйкес орман шаруашылығын басқарушы мемлекеттiк органдарының келiсiмiмен орман қорынан жер учаскелерiн алу;
      2) орман шаруашылығын басқарушы облыстық мемлекеттiк органның ұсынуы бойынша орман шаруашылығын ұйымдастыру мен дамыту жобаларын келiсу;
      3) орман кадастрын, мониторингiн және орман қоры есебiн жүргiзудi ұйымдастыру;
      4) ормандарды қорғаныш болудың топтары мен категорияларына жатқызу жөнiнде өтiнiш салу;
      5) осы Кодекстiң 35-бабына сәйкес облыс аудандары арасында орман қоры жерлерiнен шабындық және жайылымдық шүйгiн жерлердi бөлу;
      6) ормандарды сақтау мен қорғау шараларын орындауды ұйымдастыру;
      7) ормандардың жай-күйiн, ұлғайта өсiрiлуiн, сақталуын, қорғалуын және пайдаланылуын бақылау жатады.
      2. Ауданның, қаланың әкiмшiлiк шекарасында аудандық, қалалық атқарушы өкiмет органының қарауына:
      1) Қазақстан Республикасының Жер кодексiне сәйкес орман шаруашылығын басқарушы мемлекеттiк органның келiсiмiмен орман қорынан жер учаскелерiн алу және орман шаруашылығын жүргiзу үшiн жер учаскелерiн иеленуге және пайдалануға беру;
      2) орман қоры учаскелерiн иелену құқығына мемлекеттiк актiлердi беру;
      3) ормандарды сақтау және оларды зиянкестер мен аурулардан қорғау жөнiндегi шаралардың орындалуын ұйымдастыру;
      4) осы Кодекстiң 35-бабына сәйкес орман қоры жерлерiнен шабындық және жайылымдық шүйгiн жерлер бөлу;
      5) ормандардың жай-күйiн, ұлғайта өсiрiлуiн, сақталуын, қорғалуын және пайдаланылуын бақылау жатады.

      16-бап. Орман шаруашылығын басқарушы мемлекеттiк
              органдардың құзыретi

      1. Қазақстан Республикасы орман шаруашылығын басқарушы мемлекеттiк органның қарауына:
      1) орман шаруашылығы саласында ғылыми-техникалық саясатты жүргiзу;
      2) орман ұлғайта өсiру, сақтау, қорғау және пайдалану саласындағы нормативтiк құжаттарды әзiрлеу;
      3) орман шаруашылығын дамытудың республикалық бағдарламаларын әзiрлеу мен оны орындауды ұйымдастыру;
      4) табиғатты үздiксiз әрi сарқылмастай пайдалану принциптерi негiзiнде орман шаруашылығын жүргiзудi, орман ресурстарын ұтымды пайдалануды ұйымдастыру;
      5) ормандардың жай-күйiне, ұлғайта өсiрiлуiне, сақталуына, қорғалуына және пайдаланылуына мемлекеттiк бақылауды ұйымдастырып, жүзеге асыру;
      6) есепке алынған ағаш кесетiн жердi бекiту;
      7) орман шаруашылығы саласында ғылыми зерттеулер мен жобалық-iздестiру жұмыстарын ұйымдастыру;
      8) орман мониторингiн, мемлекеттiк орман кадастрын, ормандар мен орман орналастырудың мемлекеттiк есебiн жүргiзу;
      9) егер Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң құзыретiне жатпайтын болса, орман шаруашылығын басқару жөнiндегi басқа да мәселелердi шешу жатады.
      2. Облыс аумағында облыстық орман шаруашылығын басқарушы мемлекеттiк органның қарауына:
      1) орман шаруашылығын жүргiзу жөнiндегi жұмыстарды ұйымдастыру;
      2) орман шаруашылығын жүргiзу жөнiндегi ғылыми-техникалық саясатты жүзеге асыру;
      3) ормандардың жай-күйiне, ұлғайта өсiрiлуiне, сақталуына, қорғалуына және пайдаланылуына мемлекеттiк бақылауды жүзеге асыру;
      4) орман шаруашылығын дамытудың бағдарламаларын әзiрлеу мен орындау;
      5) орман мониторингiн, мемлекеттiк орман кадастрын, орман қорының, орман орналастыру мен орман шаруашылығын жобалаудың мемлекеттiк есебiн жүргiзу;
      6) мемлекеттiк орман шаруашылығы кәсiпорындарының, мекемелерi мен ұйымдарының орман шаруашылығы қызметi нәтижесiнде аяқталған объектiлердi және өндiрiлген дайын өнiмдердi қабылдау;
      7) Қазақстан Республикасы орман шаруашылығын басқарушы мемлекеттiк орган анықтайтын орман шаруашылығын басқару жөнiндегi басқа мәселелердi шешу жатады.
      3. Өздерiнiң құзыретi шегiнде қабылданған орман шаруашылығын басқарушы мемлекеттiк органдар шешiмдерi барлық орман иеленушiлер мен орман пайдаланушылардың орындауы үшiн мiндеттi болады.
      4. Орман шаруашылығын басқару саласындағы мемлекеттiк орман шаруашылығы кәсiпорнының, мекеме мен ұйымының құзыретi белгiленген тәртiпте бекiтiлетiн олардың қызметi туралы Ережемен анықталады.

      17-бап. Ормандардың жай-күйiне, ұлғайта өсiрiлуiне,
              сақталуына, қорғалуына және пайдаланылуына
              мемлекеттiк бақылау

      1. Ормандардың жай-күйiне, ұлғайта өсiрiлуiне, сақталуына, қорғалуына және пайдаланылуына мемлекеттiк бақылауды орман шаруашылығын басқарушы мемлекеттiк органдар, сондай-ақ өз құзыретi шегiнде арнайы өкiлеттiгi бар Қазақстан Республикасының өзге де органдары жүзеге асырады және орман заңдарының талаптарын, сондай-ақ Қазақстан Республикасы заңдарында көзделген өзге де нормалар мен ережелердi сақтауын қамтамасыз етудi өзiнiң мiндетi деп бiледi.
      2. Ормандардың жай-күйiне, ұлғайта өсiрiлуiне, сақталуына, қорғалуына және пайдаланылуына мемлекеттiк бақылауды жүзеге асыру тәртiбiн Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейдi.

Екiншi бөлiм
Орман шаруашылығын ұйымдастыру

IV тарау. Орман шаруашылығын ұйымдастыру негiздерi

      18-бап. Орман шаруашылығын ұйымдастыру негiздерi

      Орман шаруашылығын ұйымдастыруға мыналар жатады:
      1) ормандарды қорғаныш топтары мен категорияларына бөлу;
      2) ормандарда ағаштың толысу мерзiмiн және кесу айналымын белгiлеу;
      3) ормандарда ағаш кесу және орман ресурстарын ұлғайта өсiру жүйелерiн белгiлеу;
      4) ормандарды пайдалану нормаларын белгiлеу;
      5) ормандарды сақтау мен қорғау жөнiндегi шараларды белгiлеу;
      6) өзге де ұйымдық-техникалық және құқылық шаралар.

      19-бап. Ормандарды қорғаныш топтары мен категорияларына
              бөлу

      Қазақстан Республикасындағы барлық орман қорғаныштық орман болып табылады. Олардың атқаратын экологиялық, генетикалық, әлеуметтiк-экономикалық қызметтерi мен орналасқан жерлерiне қарай ормандарды қорғаныш топтары мен категорияларына бөлу белгiленедi. Қазақстан Республикасында ормандар бiрiншi және екiншi топтарға бөлiнедi.

      20-бап. Бiрiншi топтағы ормандар

      Бiрiншi топқа төмендегiдей қорғаныш категорияларындағы көбiнесе мынадай қызмет атқаратын ормандар жатқызылады:
      1) су қорғайтын ормандар (өзен, көл, бөген және басқа да су тоғандары жағалауларындағы тыйым салынған орман белдеулерi);
      2) қорғаныш ормандар (эрозияға қарсы қорғаныш ормандары, темiр жолдардың, республикалық және облыстық маңызы бар автомобиль жолдарының бойындағы қорғаныш орман белдеулерi, мемлекеттiк қорғаныш орман белдеулерi, айналадағы ортаны қорғау үшiн айрықша маңызы бар орманды жалдар, далалық тоғайлар мен сай-саладағы ормандар, шөл, шөлейт, далалық, орманды-далалық және ағашы сирек таулы аудандардағы ормандар);
      3) санитарлық-гигиеналық және сауықтыру ормандары (қала ормандары мен орманды парктер, қалалардың, басқа да елдi мекендер мен өнеркәсiп орындарының төңiрегiндегi жасыл аймақты ормандар, сумен жабдықтау көздерiн санитарлық қорғау аймақтарының бiрiншi және екiншi белдеулерiндегi ормандар мен курорттарды санитарлық қорғау өңiрлерiндегi ормандар);
      4) мемлекеттiк табиғи қорықтардың, мемлекеттiк биосфералық қорықтардың, мемлекеттiк ұлттық табиғи парктердiң, мемлекеттiк табиғи резерваттардың және ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың өзге де түрлерiнiң ормандары, ерекше құнды орман алқаптары, ғылыми маңызы бар ормандар, жаңғақ кәсiпшiлiгi аймақтарының ормандары, жемiс-ағаш екпелерi, биiк таудағы ормандар.
      ЕСКЕРТУ. 20-бап өзгерді - Қазақстан Республикасының 1999.05.11. N 381 Заңымен .
      ЕСКЕРТУ. 20-бап өзгерді - Қазақстан Республикасының 2001.01.23. N 151 Заңымен .

      21-бап. Екiншi топтағы ормандар

      Екiншi топқа таулы аудандағы пайдалану маңызы шектеулi ормандар жатқызылады, олардың табиғат қорғау қызметiн сақтау үшiн орман пайдаланудың шектеулi тәртiбi талап етiледi.

      22-бап. Ормандарды қорғаныш топтары мен категорияларына
              жатқызу, ормандарды қорғаныштық бiр топтан
              немесе категориядан басқа топқа немесе
              категорияға көшiру, сондай-ақ ерекше қорғаныш
              учаскелерiн бөлу

      1. Ормандарды қорғаныш топтары мен категорияларына жатқызу, сондай-ақ орман пайдалануға тыйым салынатын немесе шектелетiн ерекше қорғаныш учаскелерiн бөлу ормандардың экологиялық, генетикалық және әлеуметтiк-экономикалық маңызына сүйене отырып жүргiзiледi.
      2. Ормандарды қорғаныш топтары мен категорияларына жатқызуды, сондай-ақ оларды бiр топтан немесе категориядан басқа топқа немесе категорияға көшiрудi Қазақстан Республикасының Үкiметi жүргiзедi.
      3. Барлық қорғаныш топтары мен категориялары бар ормандарда орман пайдаланудың шектеулi тәртiбi бар ерекше қорғаныш учаскелерi бөлiнуi мүмкiн.
      Орманның ерекше қорғаныш учаскелерi басты мақсатта пайдалану ретiндегi ағаш кесу ережелерiне сәйкес орман орналастыру немесе арнайы зерттеулер кезiнде бөлiнедi.

      23-бап. Ормандарда ағаштың толысу мерзiмiн және
              басты мақсатта пайдалану үшiн ағаш кесу
              айналымын белгiлеу

      Ормандарда ағаштың толысу мерзiмi және басты мақсатта пайдалану үшiн ағаш кесу айналымы оның пайдалану мақсатына, ағаш тұқымдары өсiп-жетiлуiнiң биологиялық ерекшелiктерiне, сондай-ақ ағашы кесiлген орманның қалпына келу мерзiмiне сүйене отырып айқындалады және оны арнайы ғылыми зерттеулердiң негiзiнде Қазақстан Республикасының орман шаруашылығын басқарушы мемлекеттiк органы белгiлейдi.

      24-бап. Есептi кеспеағаш

      1. Есептi кеспеағашты - басты мақсатта пайдалану үшiн ағаш кесу тәртiбiндегi жыл сайынғы ағаш дайындау нормасын - орман орналастыру кезiнде орманды үздiксiз және сарқылмастай пайдалану принциптерiне сүйене отырып, орман иелiгiнiң әрқайсысы бойынша ұзақ мерзiмге арнап белгiлейдi. Аудан, облыс пен республика бойынша ол орман иелiктерiнiң есептi кеспеағаштарының жиынтығы ретiнде белгiленедi.
      2. Есептi кеспеағашты Қазақстан Республикасының орман шаруашылығын басқарушы мемлекеттiк органы облыстық атқарушы өкiмет органымен, табиғатты сақтаудың мемлекеттiк органдарымен келiсе отырып бекiтедi және орман орналастыру жұмыстары аяқталатын жылдан кейiнгi жылдың 1 қаңтарында күшiне енедi.
      3. Орман қорының шекарасы мен жай-күйi, басты мақсатта пайдалану үшiн кесiлетiн ағаштың толысу мерзiмi, ормандардың топтары мен қорғаныш категориялары өзгерген кезде есептi кеспеағашқа түзету енгiзiледi. Түзету енгiзiлген есептi кеспеағашты белгiлеу мен бекiту осы баптың бiрiншi және екiншi тармақтарында белгiленген тәртiппен жүргiзiледi.

      25-бап. Орманды жер учаскелерiн мемлекеттiк немесе
              қоғамдық мұқтаждар үшiн алу кезiнде орманды
              пайдалану тәртiбi

      1. Орманды жер учаскелерiн мемлекеттiк немесе қоғамдық мұқтаждар үшiн алу кезiнде оларды алу жөнiнде шешiм қабылдаған мемлекеттiк органдар сонымен бiр мезгiлде орманды сақтау немесе кесу туралы және орман шаруашылығын басқарушы мемлекеттiк органдар ұсыныстары негiзiнде осы орайда алынған сүректi пайдалану тәртiбi туралы мәселенi шешедi.
      2. Ағашты кесу құқығы жоқ жер учаскелерi берiлетiн заңды ұйымдар мен нақты адамдар орманның сақталуын және оны күтудi қамтамасыз етуге мiндеттi.

      26-бап. Орманды жерлердi ормансыз жерлерге айналдыру

      1. Орман шаруашылығын жүргiзумен және орман пайдалануды жүзеге асырумен байланысты мақсатта пайдалану үшiн орманды жерлердi ормансыз жерлерге айналдыруды орман орналастыру жобаларына сәйкес облыстық орман шаруашылығын басқарушы мемлекеттiк орган жүргiзедi.
      Ағаш өспеген жерлер (алаңқайлар мен бос жатқан жерлер) топырақ құрамын зерттеу материалдары бойынша олар ағаш өсiруге жарамсыз деп табылған жағдайларда ормансыз жерлерге айналдырылуы мүмкiн.
      2. Орман шаруашылығын жүргiзумен және орман пайдалануды жүзеге асырумен байланысты емес мақсаттарда пайдалану үшiн орманды жерлердi ормансыз жерлерге айналдыруды ерекше жағдайларда Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң рұқсатымен жүргiзедi.

      27-бап. Ормандардың жай-күйiне әсер ететiн
              кәсiпорындарды, ғимараттар мен басқа да
              объектiлердi орналастыру, жобалау, салу және
              пайдалануға беру

      1. Ормандардың жай-күйiне әсер ететiн кәсiпорындарды, ғимараттар мен басқа объектiлердi орналастыру, жобалау, салу және пайдалануға беру кезiнде, сондай-ақ жаңа технологиялық процестердi енгiзу кезiнде ормандарға терiс әсер ететiн сарқынды судан, өнеркәсiп және коммуналдық-тұрмыстық шайындылардан, қалдықтардан және қоқыстардан ормандарды сақтауды қамтамасыз ететiн шараларды көздеуге, жүзеге асыруға тиiс.
      2. Ормандардың жай-күйiне зиянды әсердiң алдын алатын құрылғылармен қамтамасыз етiлмеген кәсiпорындарды, цехтарды, көлiк жолдарын және басқа объектiлердi пайдалануға беруге тыйым салынады.

      28-бап. Орман шаруашылығын жүргiзумен байланысты емес
              объектiлер салу мен ормандарда жұмыс жүргiзу
              орындарын келiсу

      1. Ормандардың жай-күйiне әсер ететiн кәсiпорындарды, ғимараттарды және басқа объектiлердi салу орнын анықтау мемлекеттiк экологиялық сараптама қорытындылары негiзiнде жүргiзiлiп, атқарушы өкiмет органдарымен, орман шаруашылығын басқарушы мемлекеттiк органдармен және басқа да мүдделi органдармен келiсiледi.
      2. Орман шаруашылығын жүргiзумен және орман пайдалануды жүзеге асырумен байланысты емес орман қорында пайдалы қазбаларды өндiру, кабельдер, труба құбырларын және басқа да қатынас жолдарын төсеу, жару, бұрғылау және басқа жұмыстар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес атқарушы өкiмет органдарымен, орман шаруашылығын басқарушы мемлекеттiк органдармен және басқа мүдделi органдармен келiсiм бойынша жүргiзiледi.

Үшiншi бөлiм
Орман пайдалану

V тарау. Орман пайдаланудың түрлерi, мерзiмдерi
және орман қоры учаскелерiн пайдалануға беру

      29-бап. Орман пайдалану түрлерi

      Орман қорында орман пайдаланудың мынадай түрлерi жүзеге асырылуы мүмкiн:
      1) сүрек дайындау;
      2) шайыр дайындау;
      3) қосымша ағаш материалдарын (қабықтар, ағаш көктерiн және басқаларын) дайындау;
      4) ағаш шырындарын дайындау;
      5) жанама орман пайдалану (шөп шабу, мал жаю, дәрулiк өсiмдiктер мен техникалық шикiзат, жабайы өсетiн жемiстер, жаңғақтар, саңырауқұлақтар, жидектер және басқа да орман тағам өнiмдерiн дайындау мен жинау, ара ұялары мен омарта орналастыру);
      6) орманды мәдени-сауықтыру және ғылыми-зерттеу мақсаттарында пайдалану;
      7) аңшылық шаруашылықтарының мұқтаждары үшiн орман қоры учаскелерiн пайдалану.

      30-бап. Орман пайдалану мерзiмдерi

      Орман қорының пiшен шабу мен мал жаюға арналғаннан басқа учаскелерi бiр жылға дейiнгi мерзiмге қысқа мерзiмдi және 50 жылға дейiн ұзақ мерзiмдi пайдалануға берiлуi мүмкiн.
      Белгiленген мерзiм өткен соң ұзақ мерзiмдi пайдалану орман пайдаланушының ынтасы бойынша ұзартылуы мүмкiн.

      31-бап. Орман қоры учаскелерiн пайдалануға беру

      1. Орман қорының учаскелерi арнайы рұқсат құжаттарының: лицензияның ағаш кесу билетiнiң, ордердiң, орман билетiнiң негiзiнде пайдалануға берiледi.
      Лицензия оны иеленушiнiң орман қоры учаскесiн ұзақ мерзiмдi пайдалану құқығын куәландыратын құжат болып табылады.
      Ағаш кесу билетi, ордер, орман билетi бұларды иеленушiнiң орман ресурстарын немесе орман қоры учаскелерiн қысқа мерзiмдi пайдалану құқығын куәландыратын құжаттар болып табылады.
      2. Лицензия, ағаш кесу билетi, ордер, орман билетi осы Кодекстiң 39-бабында көзделген жағдайларда күшiн жоюы мүмкiн.

      32-бап. Орман пайдалануға берiлетiн лицензия

      1. Өзiне қоса берiлетiн келiсiмдермен бiрге лицензияда мыналар көрсетiлуге тиiс:
      ағаш қоры учаске шекараларының сипаттамасы;
      орман пайдаланулардың түрлерi, көлемдерi мен тәртiбi;
      пайдаланудың мерзiмдерi;
      орман пайдаланушының орман ресурстарын сақтау, қорғау, ұлғайта өсiру жөнiндегi мiндеттерi, орман шаруашылығы шараларын қаржыландырудың шарттары мен тәртiбi;
      ақы мөлшерi және оны төлеу мерзiмдерi;
      орман қорының сипаттамасы және лицензия мерзiмi өткеннен кейiнгi оның жай-күйiне қойылатын талаптар;
      мемлекеттiк мұқтаждарға берiлетiн жеткiзiлiмдер көлемi.
      Лицензия осы кодекске қайшы келмейтiн орман қорын пайдаланудың басқа да шарттарымен толықтырылуы мүмкiн.
      2. Лицензия Қазақстан Республикасы Үкiметi белгiлеген тәртiпте берiледi.

      33-бап. Ағаш кесу билетi, ордер және орман билетi

      1. Ағаш кесу билетi оны иеленушiге, сүректi, шайыр және қосалқы орман материалдарын дайындау мен тасып әкетудi жүргiзуге құқық беретiн құжат болып табылады. Ағаш кесу билетiнде босатылатын сүректiң, шайыр мен қосалқы орман материалдарының сандық әрi сапалық сипаттамасы, олардың құны, жұмысты атқару мерзiмдерi, орманды қалпына келтiру шарттары, дайындау орындарын тазарту, дайындама технологиясына қойылатын орман өсiрушiлiк талаптары туралы мәлiметтер болады.
      Ағаш кесу билетiн орман қоры учаскесiнiң иесi бередi.
      2. Дiңгек сүректi ұсақ мөлшерде босатуға берiлетiн ордер оны иеленушiге сүректi және қосалқы орман материалдарын дайындау мен тасып әкетуге құқық беретiн құжат болып табылады.
      Ордердi өзiне жазылып берiлген ағаш кесу билетi негiзiнде орманшылық бередi.
      3. Орман билетi оны иеленушiге жанама пайдалануды жүргiзуге құқық беретiн құжат болып табылады. Онда учаскенiң шекарасы, жанама пайдалануды жүзеге асыру түрлерi, мөлшерi, мерзiмдерi, оны жүргiзудiң құны мен шарттары туралы мағлұматтар мазмұндалады.
      Орман билетiн орман қоры учаскесiн иеленушi немесе орманшылық бiр маусымға бередi.

      34-бап. Орман қоры учаскелерiн жалға беру

      1. Орман қорының мал жаю мен пiшен шабуға арналғаннан басқа учаскелерiн ұзақ мерзiмдi пайдалануға беру жалдау түрiнде жүргiзiледi.
      2. Орман қоры учаскелерiн жалға берудi лицензия негiзiнде орман шаруашылығын басқарушы мемлекеттiк органдар жүргiзедi.
      Орман қоры учаскелерiн қосалқы жалға беруге тыйым салынады.
      3. Орман қоры учаскелерiн жалға беру туралы Ереженi Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiтедi.

      35-бап. Орман қорындағы шабындықтар мен
              жайылымдарды пайдалануға беру

      1. Орман қоры жерлерiнiң құрамына кiретiн және орман шаруашылығының мұқтажы үшiн уақытша пайдаланылмайтын шабындықтар мен жайылымдарды жергiлiктi жерлердегi атқарушы өкiмет органдары орман шаруашылығын басқарушы мемлекеттiк органдармен келiсiм бойынша, - егер мұндай пайдалану орман шаруашылығы мүдделерiне сай келсе, - үш жылға дейiнгi қысқа мерзiмдi және он жылға дейiнгi ұзақ мерзiмдi, ал алыстағы мал шаруашылығы үшiн 25 жылға дейiн пайдалануға бередi.
      2. Пайдаланушы Орман қорында пiшен шабу мен мал жаю ережелерiн бұзған жағдайда, сондай-ақ орманды қалпына келтiру және ағаш өсiру жөнiндегi жұмыстарды жүргiзу қажет болған ретте орман шаруашылығын басқарушы мемлекеттiк органдарының ұсынысы бойынша жергiлiктi атқарушы өкiмет органдарының шешiмiмен бұл жерлер пайдаланудан алынуы мүмкiн.

      36-бап. Орман пайдаланушылар

      Қазақстан Республикасында заңды ұйымдар мен нақты адамдар, соның iшiнде шетелдiк адамдар орман пайдаланушылар бола алады.

      37-бап. Орман пайдаланушылардың құқықтары

      1. Орман пайдаланушылардың:
      1) рұқсат етiлген құжаттарда көрсетiлген көлемде орман пайдалануларын жүзеге асыруға;
      2) жол салуға, орман өнiмдерiн жинау үшiн алаң жабдықтауға, өндiрiстiк, шаруашылық және әлеуметтiк-тұрмыстық мақсаттағы құрылыстар салуға, сүрек және басқа орман өнiмiн ұқсату үшiн жабдықтар мен құрылғылар орнатуға, олардың орналасу орнын орман иеленушiлермен келiсе отырып, көлiк тұрақтарын жасауға;
      3) орман топтарының немесе қорғаныш категорияларының өзгеруi, сондай-ақ орман қоры жерiнiң мемлекеттiк және қоғамдық мұқтаждар үшiн алынуы салдарынан шеккен зиянның орнын толтыруға құқығы бар.
      2. Орман пайдаланушылардың құқықтары бұзылған жағдайда оларды қорғау сот тәртiбiмен жүзеге асырылады.

      38-бап. Орман пайдаланушылардың мiндеттерi

      Орман пайдаланушылар:
      1) жұмыстарды ормандардың, басқа да табиғи объектiлердiң жай-күйi мен ұлғайта өсiрiлуiне орман пайдаланудың терiс әсерiн болдырмайтын әдiстермен жүргiзуге;
      2) топырақ эрозиясының туындауына жол бермеуге;
      3) санитарлық ережелердi, өрт қауiпсiздiгiн сақтауға, жұмыс орындарында өртке қарсы шараларды жүргiзуге, ал орман өрттерi шыға қалған жағдайларда оларды сөндiрудi жүзеге асыруға;
      4) орман пайдалануды жануарлар әлемi мен олардың өмiр сүру ортасын сақтауды қамтамасыз ететiн әдiстермен жүргiзуге;
      5) ағаш кесетiн жерлердi кесiндi қалдықтарынан тазартуды жүргiзуге, орман пайдалану салдарынан өзi бұзған орман қоры учаскелерiн оларды тиiстi мақсат бойынша пайдалануға жарамды және рұқсат құжаттарында көрсетiлген күйге өз есебiнен қалпына келтiруге, ағаш кескен жерде, сондай-ақ өздерiнiң қызметi салдарынан орман жойылған немесе оталған жерлерде орманды қалпына келтiрудiң шартта көзделген шараларын жүргiзуге;
      6) орман пайдаланғаны үшiн белгiленген мерзiмдерде ақы төлеуге;
      7) орман заңдарында және орман пайдалану ережелерiнде көзделген басқа да талаптарды орындауға мiндеттi.

      39-бап. Орман пайдалану құқығын өзгерту және
              тоқтату негiздерi

      1. Орман пайдалану шарттарын өзгертуге мынадай жағдайларда жол берiледi:
      1) өрттiң, дауылдың, зиянкестер мен аурулардан ағаштардың зақымдануының және орман пайдаланушыға байланысты емес басқа да факторлар салдарынан орман қоры жай-күйiнiң өзгеруi;
      2) ормандарды бiр топтан екiншiсiне көшiру немесе қорғаныш категориясының өзгеруi;
      3) мемлекеттiк немесе қоғамдық мұқтаждар үшiн орман қоры жерлерiнiң бiр бөлiгiн алып қою;
      4) рұқсат құжаттарында көрсетiлген мерзiм iшiнде орман қорының көзделген көлемде пайдаланылмауы.
      2. Орманды пайдалану мынадай жағдайларда тоқтатылады:
      1) орман пайдаланудан ерiктi түрде бас тарту;
      2) орман пайдалану мерзiмiнiң аяқталуы;
      3) орман қоры учаскесi пайдалануға берiлген кәсiпорын немесе шаруашылық қызметiнiң өзге субъектiсi таратылуы;
      4) мемлекеттiк немесе қоғамдық мұқтаждар үшiн орман қоры жерлерiнiң алып қойылуы;
      5) орман пайдалануды орман пайдаланудың белгiленген тәртiбi мен ережелерiн бұза отырып жүзеге асыру;
      6) орман пайдалануды ормандардың жай-күйi мен ұлғайта өсiрiлуiне терiс әсер ететiн, олардың экологиялық қызметiн нашарлататын, сондай-ақ топырақ эрозиясын және басқа орны толмас процестердiң пайда болуына соқтыратын әдiстермен жүзеге асыру;
      7) орман пайдаланушының рұқсат құжаттарында көзделген мiндеттерiн орындамауы;
      8) ормандарды рұқсат құжаттарында көзделген орман пайдалануды одан әрi жүзеге асыруға мүмкiндiк бермейтiн қорғаныш топтары мен категорияларына жатқызу;
      9) орман пайдаланғаны үшiн ақыны белгiленген мерзiмдерде төлемеу.
      3. Орман қорын пайдалану құқығын доғаруды лицензияның, ағаш кесу билетiнiң, ордердiң, орман билетiнiң күшiн жою арқылы осы рұқсат құжаттарын берген органдар ресiмдейдi.
      Орман пайдаланушы орман қорын пайдалану құқығын тоқтату туралы шешiммен келiспеген жағдайда, ол сот тәртiбiнде оған шағымдана алады.

      40-бап. Орман қоры учаскелерiн пайдалануға беруден
              бас тарту

      1. Орман пайдалануларды жүзеге асыру мүмкiндiгi туралы дәлелдердi өздерiне қойылатын талаптарға сәйкес бермеген жағдайларда орман қоры учаскелерiн пайдалануға беруден бас тартылуы мүмкiн.
      2. Бас тарту туралы шешiмге сот тәртiбiнде шағымдануға болады.

      41-бап. Орман қорғанышының жекелеген категорияларында
              орман пайдалануды шектеу

      1. Мемлекеттiк табиғи қорықтарда, ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың қорық және заказдық режимдегi ормандарында, орманды парктерде, қала ормандарында, жасыл аймақтардың орманды парк бөлiктерiнде, сумен жабдықтау көздерiн санитарлық сақтау аймақтары бiрiншi және екiншi белдеулерiнiң ормандары мен курорттарында, санитарлық сақтау округтерi бiрiншi және екiншi аймақтарының ормандарында, мемлекеттiк орман белдеулерiнде, эрозияға, қарсы ормандарда, ерекше құнды орман алаптарында, өзендер, көлдер мен су қоймалары және басқа да су объектiлерi бойындағы тыйым салынған орман белдеулерiнде (су жайылатын жерлердегi жапырақты ағаштардан басқалар), сондай-ақ ерекше қорғалатын учаскелерде басты мақсатта пайдалану үшiн ағаш кесуге және ағаш кесудiң басқа түрлерiне, осы Кодекстiң 45-бабында айтылған жағдайлардан басқасында, сондай-ақ шайыр, қосалқы орман материалдары мен ағаш шырындарын дайындауға тыйым салынады.
      2. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар (шаруашылық қызмет режимi реттелетiн, шектелген және дәстүрлер шаруашылық қызметi аймақтарында)аймақтарында) мен жаңғақ кәсiпшiлiгi аймағының ормандарынан басқа, осы баптың бiрiншi бөлiгiнде аталған ормандарда мал жаюға тыйым салынады.
      3. Мемлекеттiк ұлттық табиғи парктер, мемлекеттiк табиғи резерваттар және мемлекеттiк табиғи парктер (шаруашылық қызмет режимi реттелетiн, шектелген және дәстүрлер шаруашылық қызметi аймақтарында), жаңғақ кәсiпшiлiгi аймақтары ормандарынан, жемiс ағаш екпелерiнен, өзендер, көлдер, су қоймалары мен басқа су объектiлерi жағалаулары бойындағы тыйым салынған орман белдеулерiнен басқа, осы баптың бiрiншi бөлiгiнде аталған ормандарда орманның сүректiк емес өнiмдерiн кәсiпшiлiк дайындауға тыйым салынады.
      4. Облыстық атқарушы өкiмет органы орман шаруашылығын басқарушы облыстық мемлекеттiк органның ұсынуы бойынша осы баптың бiрiншi бөлiгiнде аталған ормандарда орман пайдаланудың бұл ормандарды пайдалану мақсатымен сыйыспайтын басқа да түрлерiне тыйым салуы мүмкiн.
      ЕСКЕРТУ. 41-бап өзгерді - Қазақстан Республикасының 1999.05.11. N 381 Заңымен .
       ЕСКЕРТУ. 41-бап өзгерді - Қазақстан Республикасының 2001.01.23. N 151 Заңымен .

      42-бап. Азаматтардың ормандарда болуы

      1. Азаматтардың ормандарда болу тәртiбi мен шарты ормандардың қандай мақсатқа арналғанымен, көрiктендiру деңгейiмен және орман пайдалану түрiмен белгiленедi.
      2. Азаматтардың ормандарда тынығу, жабайы жемiстердi, жаңғақтарды, саңырауқұлақтар мен жидектердi жинау үшiн тегiн болуына құқығы бар.
      Емдiк шикiзаттарды, өзге де орман өнiмдерiн жеке пайдалану үшiн тегiн жинауға жергiлiктi атқарушы өкiмет органдары белгiлеген норма шегiнде рұқсат етiледi.
      3. Өрт қауiпсiздiгi, жаңғақ кәсiпшiлiгi, жемiс ағаш, ағаш тұқымы және аңшылық шаруашылығын жүргiзу мүдделерiне орай азаматтардың ормандарда болуына, жабайы жемiстер, жаңғақтар, саңырауқұлақтар, жидектер жинауына шек қойылуы мүмкiн.
      4. Азаматтар ормандардағы өрт қауiпсiздiгi ережелерiн сақтауға, ағаштар мен бұталарды сындыруға және шабуға, орман ағаштарының зақымдануына, орманның ластануына, құмырсқа илеуiнiң, құстар ұясының бұзылуына жол бермеуге, орманның тағамдық жабайы ресурстарын олардың ұлғайта өсiрiлуiне залалын тигiзбейтiн мерзiмде және әдiстермен жинауға мiндеттi.

VI тарау. Сүрек дайындау

      43-бап. Ормандарда ағаш кесу

      Ормандарда сүрек дайындау ағаш кесудiң мынадай түрлерiн жүргiзу тәртiбiмен жүзеге асырылады:
      1) толысқан және қураған сүрекдiңiнде жүргiзiлетiн басты мақсаттағы пайдалану;
      2) аралық мақсатқа пайдалану (орманды күтiп-баптауға байланысты кесу, санитарлық мақсатта кесу және құндылығы шамалы орман ағаш екпелерiн жаңғыртуға байланысты кесу);
      3) ағаштарды басқа мақсаттарда кесу (су тораптарының, құбырлардың, жолдардың құрылысына байланысты, орман соқпақтарын тартқан кезде, өртке қарсы алаңқайлар жасаған кезде орман алаңдарын тазарту).

      44-бап. Бiрiншi топтағы ормандарда басты мақсатта
              пайдалану үшiн ағаш кесу

      Бiрiншi топтағы ормандарда сүрекдiңнiң жай-күйiн, ормандардың экологиялық, су қорғаушылық, қорғаныштық, генетикалық, сауықтыру және басқа пайдалы табиғи қасиеттерiн жақсартуға бағытталған, сондай-ақ бұл орайда толысқан сүрек қорын ұтымды пайдалануға мүмкiндiк беретiн басты мақсатта пайдалану үшiн ағаш кесу жүргiзiледi.

      45-бап. Екiншi топтағы ормандарда басты мақсатта
              пайдалану үшiн ағаш кесу

      Екiншi топтағы ормандарда басты мақсатта пайдалану үшiн ағаш кесу ормандарды шаруашылық жағынан құнды ағаш тұқымдарымен қалпына келтiруге, ормандардың қорғаныштық, су қорғаушылық, санитарлық-гигиеналық және басқа пайдалы табиғи қасиеттерiн сақтауға бағытталған, сондай-ақ бұл орайда оларды пайдалануды жалғастыра беруге мүмкiндiк беретiн әдiстермен жүргiзiледi.

      46-бап. Жекелеген қорғаныш категорияларындағы
              ормандарда және таудағы ормандарда ағаш
              кесудiң ерекшелiктерi

      1. Осы Кодекстiң 41-бабының бiрiншi бөлiгiнде аталған қорғаныш категорияларындағы ормандарда орманды күтiп-баптау мақсатындағы ағаш кесуге және санитарлық мақсаттағы ағаш кесуге, ал өзендердiң, көлдердiң, су қоймалары мен өзге де су объектiлерiнiң жағалауындағы тыйым салынған орман белдеулерiнде (су жайылған жерлердегi жапырақты ормандарда) басты мақсатта пайдалану үшiн ағаш кесуге жол берiледi.
      2. Басқа да ағаш кесулер, сондай-ақ осы кодекстiң 41-бабының бiрiншi бөлiгiнде аталған қорғаныш категорияларындағы ормандарда шаруашылық құндылығы шамалы және қорғаныштық, су қорғаушылық және басқа да экологиялық қызметтерiн жоғалта бастаған ағаштарды жаңғыртуға байланысты ағаш кесулер орман шаруашылығын басқарушы облыстық мемлекеттiк органның рұқсаты бойынша жүргiзiледi.

      47-бап. Сүрек дайындау тәртiбi

      1. Сүрек дайындау, орман пайдаланушыларға кеспеағаш қорын бөлу және беру тәртiбi Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiткен Ормандарда өсiп тұрған ағашты босатудың ережелерiмен белгiленедi.
      2. Басты мақсатта пайдалану үшiн ағаш кесу тәртiбiнде сүрек дайындау Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiтетiн Ормандарда басты мақсатта пайдалану үшiн ағаш кесу ережелерiне сәйкес, ал аралық мақсатта пайдалану үшiн ағаш кескен кезде Қазақстан Республикасының орман шаруашылығын басқарушы мемлекеттiк органы бекiткен Ормандарда күтiп-баптау мақсатындағы ағаш кесу жөнiндегi нұсқауларға сәйкес жүзеге асырылады.

      48-бап. Сүрек дайындау мөлшерi. Кеспеағаш қоры

      1. Басты мақсатта пайдалану үшiн ағаш кесу тәртiбiнде сүрек дайындау есептi кеспеағаш шегiнде жүзеге асырылады. Есептi кеспеағаш шегiнен артық мөлшердегi сүрек дайындауға, сондай-ақ өскелең екпелердi кесуге тыйым салынады.
      2. Аралық мақсатта пайдалану үшiн ағаш кесу кезiнде сүрек дайындау мөлшерi орманды күтiп-баптау мақсатында ағаш кесудiң белгiленген нормасына, санитарлық ағаш кесу мен құны шамалы орман ағаштарын жаңғыртумен байланысты ағаш кесудiң қажеттi көлемiнде сүйене отырып, орман орналастыру материалдары бойынша, ал ағаштарды басқа мақсаттарда кесу кезiнде құрылыс объектiлерi үшiн орман алаңдарын тазарту, соқпақтар салу және басқа орман шаруашылық шараларын орындау жөнiндегi жұмыстардың көлемi бойынша айқындалады.
      3. Кеспеағаш қоры басты мақсатта пайдалану үшiн сүрек дайындауға арналған толысқан сүрекдiңдер қорынан құралады.
      Жыл сайын бөлiнетiн кеспеағаш қорының мөлшерi қылқан жапырақты, қатты жапырақты және жұмсақ жапырақты тұқымдар бойынша деректердi саралай отырып, орман топтары бойынша бөлек-бөлек белгiленедi.

VII тарау. Шайыр дайындау

      49-бап. Шайыр дайындау

      1. Мiндеттi түрде шырын алу аймағындағы шайыр дайындау басты мақсатта пайдалану үшiн кесуге арналған барлық толысқан ағаштарда жүргiзiледi. Егер толысқан сүрекдiңде шырын алудың шикiзат базасы бiтсе, онда пiсiп-жетiлген ағаштардан шырын алуға жол берiледi, олар шырын алу мерзiмi аяқталуына қарай кесу жасына жетедi.
      2. Ағаштарды шырын алудан мерзiмiнен бұрын алып қоюға олардың санитарлық жай-күйi күрт нашарлаған немесе өрттен зақымданған жағдайларда ғана жол берiледi.
      3. Шайыр дайындау Ережесiн, сондай-ақ қылқан жапырақты ағаштардан мiндеттi түрде шырын алудың аймағын Қазақстан Республикасының орман шаруашылығын басқарушы мемлекеттiк органы бекiтедi.

VIII тарау. Қосымша орман материалдарын дайындау

      50-бап. Қосымша орман материалдарын дайындауға
              қойылатын жалпы талаптар

      Өнеркәсiптiк ұқсату, орман кәсiпшiлiктерiн дамыту және халық мұқтажын қанағаттандыру үшiн қосымша орман материалдарын дайындау орманға залал келтiрмей жүзеге асырылуға тиiс.

      51-бап. Қабық және ағаш көгерiшiн дайындау

      1. Қабық және ағаш көгерiшiн (қылқан жапырақтылар қылқаны мен жапырақты ағаш тұқымдарының бұтақтары) ағаш кесу тәртiбiмен шабылған ағаштардан ғана дайындауға жол берiледi.
      2. Қабық және ағаш көгерiшiн дайындау мақсатымен өсiп тұрған ағаштардан кесуге тыйым салынады.
      3. Қурап қалған және құлап жатқан ағаштардан қабық дайындау орман қорының бүкiл аумағында жүргiзiле алады.
      4. Өсiп тұрған ағаштардан бусоғар, сыпыртқы, тоқу материалдарын және сол сияқтыларды дайындауға Қазақстан Республикасының орман шаруашылығын басқарушы мемлекеттiк органы бекiткен Ормандарда басты мақсатта пайдалану үшiн ағаш кесу ережелерiмен, сондай-ақ Қосымша орман материалдарын дайындау жөнiндегi ережелермен белгiленген тәртiпте жол берiледi.

IХ тарау. Жанама мақсатта орман пайдалану

      52-бап. Жанама мақсатта орман пайдалануды жүзеге
              асыру шарттары

      Жабайы жемiстер, жаңғақтар, саңырауқұлақтар, жидектер, емдiк өсiмдiктер мен техникалық шикiзат, ағаш шырынын дайындап, жинау, ара ұялары мен омарталар орналастыру орманды ортаға залал келтiрмей, Қазақстан Республикасының орман шаруашылығын басқарушы мемлекеттiк органы бекiтетiн Қазақстан Республикасындағы Жанама мақсатта орман пайдалану ережелерi белгiлеген тәртiпте және шарттармен жүзеге асырылуға тиiс.

      53-бап. Орман қорында пiшен шабу мен мал жаю

      1. Шөп шабуға және мал жаюға мүмкiн болатын алаңды орман қоры учаскелерiнiң иелерi белгiлейдi. Шөлейттегi ормандарда мал жаюға осы Кодекстiң 35-бабына сәйкес орман өсiмдiктерi өскен жерлерде жол берiледi.
      2. Орман қорында шөп шабу және мал жаю ережесiн Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiтедi.

Х тарау. Орманды мәдени-сауықтыру мен ғылыми-зерттеу
мақсаттарында және аңшылық шаруашылығының
мұқтаждарына пайдалану

      54-бап. Орманды мәдени-сауықтыру мақсаттарында
              пайдалану

      1. Халықтың тынығуын ұйымдастыру мақсатында жергiлiктi атқарушы өкiмет органдары, орман қоры учаскелерiнiң иелерi, сондай-ақ олармен келiсе отырып, орман пайдаланушылар қала маңындағы аймақтардың сәулеттiк жоспарлары мен санитарлық талаптарын орындап, орманды орта мен табиғи ландшафты сақтауды ескере отырып қала ормандарында, жасыл аймақтарда және тынығу мақсатындағы басқа да ормандарда орман учаскелерiн көрiктендiру және халыққа мәдени-тұрмыстық қызмет көрсету жөнiнде шаралар өткiзедi.
      2. Орман қоры учаскелерiн мәдени-сауықтыру мақсаттарында пайдалану тәртiбiн Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейдi.

      55-бап. Орманды ғылыми-зерттеу мақсаттарында
             пайдалану

      1. Ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргiзу үшiн орман қорының иелерi учаскелер бередi, оларда орман пайдалануға шек қойылуы немесе толық тыйым салынуы мүмкiн.
      2. Орман қорының учаскелерiн ғылыми-зерттеу мақсаттарында пайдалану тәртiбiн Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейдi.

      56-бап. Орманды аңшылық шаруашылығының
              мұқтаждарына пайдалану

      1. Орман қорының учаскелерi аңшылық шаруашылығы мұқтаждары үшiн заңды ұйымдарға және нақты адамдарға берiледi.
      2. Жануарлардың бағалы түрлерi мекендейтiн ормандарда сүрек дайындауға табиғат қорғау органдарымен келiсiм бойынша жол берiледi. Жануарлардың сирек ұшырасатын және жойыла бастаған түрлерiн құртуға немесе мекендеу ортасын бұзуға әкелiп соқтыратын сүрек дайындауға жол берiлмейдi.
      3. Аңшылық шаруашылығы мұқтаждары үшiн орман қорын пайдаланудың тәртiбi мен шарттары Қазақстан Республикасының Үкiметi Заңдарымен белгiленедi.

ХI тарау. Қала ормандарына және шекаралық
аймақта орман пайдалану ерекшелiктерi

      57-бап. Қала ормандарында орман пайдалану
              ерекшелiктерi

      Қала ормандары ең алдымен мәдени-сауықтыру мақсаттарында және осы Кодекстiң 41-бабында белгiленген шарттар негiзiнде халықтың тынығуы үшiн пайдаланылады.

      58-бап. Шекаралық аймақта орман пайдалану ерекшелiктерi

      1. Шекаралық аймақта орман пайдалану осы Кодекспен және Қазақстан Республикасының басқа да заңдарымен белгiленген тәртiпте жүзеге асырылады.
      2. Шекаралық аймақта орман пайдалану ерекшелiктерiн Қазақстан Республикасының орман шаруашылығын басқарушы мемлекеттiк органы шекара әскерлерi командованиесiмен бiрлесе отырып белгiлейдi.

ХII тарау. Орман биоценоздарының гендiк қорын
пайдалану. Өсiмдiктер мен жануарлар
әлемiн интродукциялау

      59-бап. Орман биоценоздарының гендiк қорын пайдалану

      1. Қазақстан Республикасы аумағында орман биоценоздарының гендiк қоры тек қана республиканың меншiгi болып табылады және өсiмдiктер мен жануарлар дүниесiнiң генетикалық резерваттарынан, жылылықты қажет ететiн екпелер мен ағаштардан және басқа селекциялық-генетикалық объектiлерден тұратын шектеулi пайдалану тәртiбiндегi жекелеген аймақтар түрiнде бөлiнедi.
      Аталған аймақтарды ғылыми ұйымдар мен Қазақстан Республикасының орман шаруашылығын басқарушы мемлекеттiк органының ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейдi.
      2. Орманның өсiмдiктер мен жануарлар әлемi гендiк қорының репродукциялық материалдарын басқа мемлекеттермен алмасу Қазақстан Республикасының Үкiметi шешiмiнiң негiзiнде жүзеге асырылады.

      60-бап. Орман өсiмдiктерi мен жануарлар әлемiн
              интродукциялау

      1. Орман биоценоздарында өсiмдiктер мен жануарлардың түрлерi мен формаларын қалпына келтiру және ұлғайта өсiру жергiлiктi өсiмдiктер мен жануарлар әлемiнiң таңдаулы өкiлдерiн реинтродукциялау жолымен жүргiзiледi.
      2. Орман биоценоздарына интродукциялау Қазақстан Республикасының Ұлттық Ғылым академиясымен және Қазақ ауылшаруашылық ғылымдары академиясымен келiсiм бойынша жүзеге асырылады.

Төртiншi бөлiм
Ормандарды қалпына келтiру және орман өсiру

ХIII тарау. Ормандарды қалпына келтiру және орман өсiру

      61-бап. Ормандарды қалпына келтiру және орман
              өсiру жөнiндегi жұмысты жүргiзу

      1. Ағаш кесiлген жерлерде, өртеңдерде және басқа бұрынғы орман өскен алаңқайларда орманды қалпына келтiру жүзеге асырылады.
      Орман қорының ағаш өсiруге жарамды деп табылған ормансыз алқаптарында аумақтың ағаш өсiруiн арттыру, эрозия процестерiн болдырмау және экологиялық жағдайды жақсарту мақсаттарында орман өсiру жүргiзiледi.
      2. Орманды қалпына келтiру жұмыстары ағаш өсiру жағдайлары мен экономикалық тиiмдiлiгiн ескере отырып, шаруашылық тұрғысында бағалы ағаш тұқымдарынан неғұрлым қысқа мерзiмде жоғары өнiмдi әрi төзiмдi ормандар жасауды қамтамасыз ететiн экологиялық қолайлы әдiстермен жүргiзiлуге тиiс.
      3. Орманды қалпына келтiру және орман өсiру жөнiндегi жұмыстардың ауқымы орман орналастыру және басқа жобалау ұйымдарының экологиялық сараптамадан өткен материалдары бойынша белгiленедi.
      4. Орманды қалпына келтiру және орман өсiру, ағаш тұқымдарын дайындау және екпе көшеттердi өсiру жөнiндегi жұмыстарды жүргiзу тәртiбiн орман шаруашылығын басқарушы мемлекеттiк органдар белгiлейдi.
      5. Ауыл шаруашылығы және басқа кәсiпорындардың, мекемелер мен ұйымдардың жерлерiнде орман өсiру жөнiндегi жұмыстар арнаулы жобалау ұйымдары әзiрлеген жобалар бойынша жүзеге асырылады.

      62-бап. Ағаш дайындаушылардың ағаш кесiлген жерлерде
              орманды қалпына келтiру үшiн қолайлы
              жағдайларды сақтауға бағытталған талаптарды
              орындау жөнiндегi мiндеттерi

      Кеспеағаш орындарын әзiрлеу кезiнде ағаш дайындаушылар ағаш кесiлген жерлерде ормандарды қалпына келтiру үшiн қолайлы жағдайларды сақтауға бағытталған талаптарды орындауға, сондай-ақ ағаш тұқымы шикiзатын жинаудың жүргiзiп, оны орман қоры учаскелерiнiң иелерiне өткiзуге мiндеттi.

      63-бап. Жерлердi мемлекеттiк орман шаруашылық
              кәсiпорындарына, мекемелерi мен
              ұйымдарына беру

      Оңтайлы орман өсуiн, суаттардың жағалауларына ағаштың желектенуiн қамтамасыз ету үшiн және басқа қажеттi жағдайларда орман қоры жерiнiң құрамына өзге категориялардағы жерлер, ең алдымен ауыл шаруашылығында пайдалануға жарамсыз (сай-жыралар, құмдауыттар, азып-тозған жерлер және т.б.) жерлер, сондай-ақ мемлекеттiк жер қорының ағаш-бұталар басып кеткен жерлерi берiлуi мүмкiн. Аталған жерлердi беру Қазақстан Республикасының Жер кодексiнде белгiленген тәртiппен жүзеге асырылады.

Бесiншi бөлiм
Ормандарды сақтау және қорғау

ХIV тарау. Ормандарды сақтау және қорғау

      64-бап. Ормандарды сақтау мен қорғаудың негiзгi
              мiндеттерi

      1. Қазақстан Республикасында барлық ормандар сақталуға және қорғалуға жатады.
      2. Ормандарды сақтау мен қорғаудың негiзгi мiндеттерi мыналар болып табылады:
      1) орман өрттерiнiң алдын алу, оларды дер мезгiлiнде анықтау және сөндiру жөнiндегi шараларды жүргiзу;
      2) орманда жұмыс iстейтiн барлық адамдардың және осында орналасқан кәсiпорындардың, ұйымдар мен мекемелердiң, сондай-ақ орманда жүрген азаматтардың Қазақстан Республикасының ормандарындағы өрт қауiпсiздiгi ережелерiн орындауын бақылау;
      3) ормандарды заңсыз кесуден, зақымдаудан, талан-таражға салудан және басқа орман талаптарын бұзудан сақтау, сондай-ақ орман қорының жерлерiн сақтау;
      4) ағаш дайындаушылардың өсiп тұрған ағашты босату ережелерiн орындауын және орман пайдаланудың басқа түрлерiнiң ережелерiн сақтауын бақылау;
      5) орманның зиянкес жәндiктерi мен ауруларының ошақтарын дер кезiнде анықтау және оларға қарсы күрес;
      6) орман қорының аумағында аңшылық ережелерiн сақтауға бақылау, браконьерлiкке қарсы күрес;
      7) ормандардың сақталуын, қорғалуын, ұлғайта өсiрiлуi, мен ұтымды пайдаланылуын қамтамасыз ететiн басқа да iс-әрекеттер.
      3. Ормандарды сақтау және қорғау республикалық, сондай-ақ жергiлiктi бағдарламалар негiзiнде жүргiзiледi.

      65-бап. Жергiлiктi жерлердегi атқарушы өкiмет
              органдарының ормандардағы өртке, орманның
              зиянкес жәндiктерi мен ауруларына қарсы
              күресi жөнiндегi ерекше өкiлеттiктерi

      Жергiлiктi жерлердегi атқарушы өкiмет органдары ормандарда өрт шығуының алдын алу, өртке, сондай-ақ орманның зиянкес жәндiктерi мен ауруларына қарсы күрес жүргiзу мақсатында:
      1) орман қоры учаскелерiнiң иелерi мен орман пайдаланушылардың өртке қарсы алдын алу жөнiндегi шараларды орындауын ұйымдастырады;
      2) кәсiпорындарды, мекемелер мен ұйымдарды орман өрттерiн сөндiруге қатыстыру тәртiбiн белгiлейдi, осыған тартылған адамдарды жүрiп-тұру құралдарымен, тамақпен және медициналық көмекпен қамтамасыз етедi;
      3) ормандарда өрт қаупi ерекше жоғары кезеңдерде өрт сөндiрушiлер бөлiмшелерiн құрады және олардың ұдайы әзiр тұруын қамтамасыз етедi;
      4) ормандарда авиациялық сақтауға және қорғауға пайдаланылатын ұшақтар мен тiкұшақтар үшiн аэродромдар мен қону алаңдарын салуға, ормандарды авиациялық сақтау бөлiмшелерi әрекет етiп жатқан аудандарға жанар-жағар май материалдарын жеткiзуге жәрдем жасайды;
      5) өрт қаупi жоғары кезеңде азаматтардың ормандарда болуына тыйым салады;
      6) облыс, аудан аумағында орман өрттерiне, зиянкестер мен ауруларға қарсы күрес жөнiндегi шаралардың үйлестiрiлуiн қамтамасыз етедi.

      66-бап. Орман қорына кiрмейтiн ағаш және бұта
              өсiмдiктерiн сақтау мен қорғау

      Орман қорына кiрмейтiн ағаш және бұта өсiмдiктерiн сақтау мен қорғауды олар өсiп тұрған жерлердiң иелерi мен жер пайдаланушылар, сондай-ақ жергiлiктi жерлердегi атқарушы өкiмет органдары қамтамасыз етедi.

      67-бап. Мемлекеттiк орман күзетi

      1. Орман шаруашылығын басқарушы мемлекеттiк органдар жүйесiнде ормандарды сақтау мен қорғау жөнiндегi ұйымдастыру, шолу-күзету, насихаттық және өзге шараларды жүзеге асыру үшiн мемлекеттiк орман күзетi құрылады.
      2. Мемлекеттiк орман күзетi қызметкерлерiне Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес ормандарды сақтау және қорғау ережелерiн, орман пайдалануды жүзеге асырудың белгiленген тәртiбiн, орман қоры жерлерiн өз мақсаттарына сәйкес пайдалану тәртiбiн бұзуға жол бермеу және алдын алу жөнiндегi, сондай-ақ орманға залал келтiретiн басқа да әрекеттерге жол бермеу және алдын алу жөнiндегi құқықтар берiледi.
      3. Мемлекеттiк орман күзетiнiң қызметкерлерiне Қазақстан Республикасының Iшкi iстер министрлiгi белгiлеген ережелерге сәйкес берiлетiн табельдi қару алып жүруiне, Қазақстан Республикасы заңдарымен белгiленген тәртiпте оны қолдануға құқық берiледi.
      4. Мемлекеттiк орман күзетi қызметкерлерiнiң құқықтары мен мiндеттерi Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiтетiн Мемлекеттiк орман күзетi туралы ережемен және Орманшы туралы ережемен реттеледi.

Алтыншы бөлiм
Орман пайдалануға ақы төленетiндiгi.
Орман шаруашылығын қаржыландыру

ХV тарау. Орман пайдалануға ақы төленетiндiгi

      68-бап. Орман пайдаланғаны үшiн ақы төлеу

      1. Осы Кодекстiң 42-бабында көзделгеннен басқа жағдайларда орман пайдалануды жүзеге асыруға ақы төленедi.
      2. Орман қоры учаскелерiн пайдаланғаны үшiн ақы орман ресурстарының сапасы мен арзанға түсуiн, орман өнiмiне қолданылып жүрген бағаларды, бiрақ олардың қолданылып жүрген кесiмдi бағадан кем болмауын ескере отырып белгiленедi.
      3. Орман қорының жерлерi үшiн ақы Қазақстан Республикасының салық заңдарына сәйкес жүргiзiледi.
      4. Орманды пайдаланғаны үшiн бюджетке ақы төлеу ставкалары, есептеу мен төлеу тәртiбi Қазақстан Республикасының Салық кодексiне  сәйкес белгiленедi.
      ЕСКЕРТУ. 68-баптың 3-тармағына өзгерiс енгiзiлдi - Қазақстан Республикасы Президентінiң 1995.10.05. N 2488 Жарлығымен .
      ЕСКЕРТУ. 68-бап өзгерді - Қазақстан Республикасының 2001.12.24. N 276 Заңымен .

      69-бап. Орман шаруашылығын ұтымды жүргiзудi
              экономикалық ынталандыру

      Орман шаруашылығын ұтымды жүргiзудi экономикалық ынталандыру осы Кодексте, орман шаруашылығы саласындағы өзге де нормативтiк актiлерде ормандарды ұлғайта өсiруге, сақтауға, қорғауға және орман пайдалануға қойылатын талаптарды орындауға орман қоры учаскелерi иелерiнiң, орман пайдаланушылардың мүдделiлiгiн арттыруға бағытталған және ол мыналарды қамтиды:
      1) орман шаруашылығын басқарушы мемлекеттiк органдар арқылы орман шаруашылығын дамытудың бағдарламаларын iске асыру үшiн республикалық және жергiлiктi бюджеттердiң немесе басқа да көздердiң есебiнен қаржыны мақсатты бөлу;
      2) алынған нәтижелердiң сапасы бойынша сараланған, өндiрiстiк және әлеуметтiк дамуға, сондай-ақ орман қоры учаскелерiнiң иелерiн материалдық ынталандыруға арналған қаржыларды қамтитын нормативтер (бағалар) бойынша орман шаруашылық шараларына ақы төлеу;
      3) орман қоры учаскелерiнiң иелерiне толық пайдаланылмаған кеспеағаш қорын және есептi кеспеағашын Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiткен Ағаш саудасы мен конкурстарын өткiзу туралы ережеге сәйкес ағаш саудасы мен конкурстарды өткiзу құқығын беру.

ХVI тарау. Орман шаруашылығын қаржыландыру

      70-бап. Орман шаруашылығын қаржыландыру

      1. Мемлекеттiк орман шаруашылық кәсiпорындарының, мекемелерi мен ұйымдарының орман шаруашылық қызметi, сондай-ақ орман шаруашылығын басқарушы мемлекеттiк органдарын ұстау республикалық бюджет және өзге де қаржылар есебiнен қаржыландырылады.
      2. Орман шаруашылығын қаржыландыру Қазақстан Республикасының орман шаруашылығын басқарушы мемлекеттiк органы әзiрлеген және Қаржы министрлiгiмен келiсiлген экономикалық жағынан негiзделген нормативтер бойынша жүзеге асырылады.

Жетiншi бөлiм
Орман орналастыру. Мемлекеттiк орман
кадастры және орман қорын мемлекеттiк
есепке алу. Орман мониторингi

ХVII тарау. Орман орналастыру

      71-бап. Орман орналастыру

      1. Орман орналастыру орман шаруашылығы мен орман пайдалануды ұтымды жүргiзудi, ормандарды, ұлғайта өсiрудi, сақтауды және қорғауды қамтамасыз етуге, орман шаруашылығында ғылыми-техникалық саясат жүргiзуге бағытталған шаралар жүйесiн қамтиды.
      2. Орман орналастыру кезiнде мыналар жүзеге асырылады:
      1) орман қоры аумағының шекарасын белгiлеу және iшкi шаруашылық ұйымдастыру;
      2) топографиялық-геодезиялық жұмыстарды орындау және ормандарды арнайы картографиялау;
      3) екпе ағаштардың тұқымдық құрамы мен жас мөлшерiн, олардың жай-күйiн, орман ресурстарының сапалық және сандық сипаттамаларын айқындай отырып, ормандарды түгендеу;
      4) күтiп-баптау мақсатындағы кесудi, санитарлық мақсаттағы кесудi, орман екпе ағаштарын қайта жаңғыртуға байланысты кесудi, орманды қалпына келтiру және орман өсiру, ормандарды сақтау және қорғау жөнiндегi шараларды және басқа орман шаруашылық жұмыстарын жүргiзудi қажет ететiн орман қорының учаскелерiн анықтау, сондай-ақ оларды жүргiзудiң көлемiн, тәртiбi мен әдiстерiн белгiлеу;
      5) ормандарды қорғаныш топтары мен категорияларына бөлудi негiздеу және ормандарды қорғаныштың бiр тобынан немесе категориясынан екiншiсiне көшiру жөнiндегi ұсыныстарды әзiрлеу;
      6) басты мақсатта пайдалану жөнiндегi есептi кеспеағашты күтiп-баптау мақсатындағы кесудiң орман екпе ағаштарын қайта жаңғыртуға байланысты кесудiң, санитарлық мақсаттағы кесудiң және орман пайдаланудың басқа да түрлерiнiң мөлшерiн есептеп шығару;
      7) осы Кодекстiң 23-бабына сәйкес басты мақсатта пайдалану үшiн кесiлетiн ағаштардың жасын негiздеу;
      8) орман-биологиялық және басқа зерттеулер мен iздестiрулер;
      9) орман шаруашылығын жүргiзу мен орман пайдалануға кешендi баға беру;
      10) облыстардың және республиканың орман шаруашылығын ұйымдастыру және дамыту жөнiндегi негiзгi ережелердi әзiрлеу;
      11) орман шаруашылығын ұйымдастыру мен дамытудың жобаларын әзiрлеу;
      12) орман орналастыру кезiнде әзiрленген жобалардың жүзеге асырылуын авторлық қадағалау.
      3. Экологиялық сараптамадан өткен орман орналастыру материалдары белгiленген тәртiпте бекiтiледi және ол орман шаруашылығын жүргiзу мен орман пайдалануды жүзеге асыру, ағымдағы және перспективалық жоспарлау мен болжамдау үшiн негiзгi ұйымдық-шаруашылық құжаттар болып табылады.
      4. Қазақстан Республикасы орман қорының бүкiл аумағында орман орналастыруды бiрыңғай жүйе бойынша мамандандырылған ұйымдар жүргiзедi.
      Орман орналастыру жұмыстарын жүргiзу тәртiбiн Қазақстан Республикасы орман шаруашылығын басқарушы мемлекеттiк органы белгiлейдi.

ХVIII тарау. Мемлекеттiк орман кадастры және
орман қорын мемлекеттiк есепке алу.
Орман мониторингi

      72-бап. Мемлекеттiк орман кадастры және орман қорын
              мемлекеттiк есепке алу

      1. Мемлекеттiк орман кадастры және орман қорын мемлекеттік есепке алу орман қорын ұтымды пайдалануды, ормандарды ұлғайта өсiрудi, олардың сақталуы мен қорғалуын ұйымдастыру үшiн, сапалық және сандық өзгерiстердi жүйелi бақылау үшiн, заңды ұйымдар мен нақты адамдарды орман қоры туралы мәлiметтермен қамтамасыз ету үшiн жүргiзiледi.
      2. Мемлекеттiк орман кадастрына орман қорының құқықтық тәртiбi, оны иеленушiлер бойынша бөлу, орман қорының сандық және сапалық жай-күйi, ормандарды қорғаныш топтары мен категорияларына бөлу туралы мағлұматтар жүйесi, орман шаруашылығын жүргiзу, шаруашылық қызметi нәтижелерiн бағалау үшiн қажеттi басқа мәлiметтер жинақталған.
      3. Мемлекеттiк орман кадастры мен орман қорын мемлекеттiк есепке алуды орман орналастыру, түгендеу мен зерттеу материалдарының негiзiнде Қазақстан Республикасының орман шаруашылығын басқарушы мемлекеттiк органдары жүргiзедi. Мемлекеттiк орман кадастры мен орман қорын мемлекеттiк есепке алудың құжаттамаларын орман қоры учаскелерiнiң барлық иелерi жүргiзедi.
      4. Мемлекеттiк орман кадастры мен орман қорын мемлекеттiк есепке алу республика үшiн бiрыңғай жүйе бойынша Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлеген тәртiппен жүргiзiледi.

      73-бап Орман мониторингi

      1. Орман мониторингi ормандарды пайдалану, ұлғайта өсiру, сақтау және қорғау саласында тиiмдi басшылық жасау мақсатында орман қоры жай-күйiн байқаулардың жүйесi болып табылады.
      2. Орман мониторингi құрылымын, мазмұны мен жүзеге асыру тәртiбiн Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейдi.

Сегiзiншi бөлiм
Орман дауларын шешу және орман заңдарын
бұзғандық үшiн жауаптылық

      74-бап. Орман дауларын шешу тәртiбi

      1. Заңды ұйымдар, азаматтар арасындағы орман даулары сот тәртiбiнде шешiледi.
      2. Қазақстан Республикасы мен басқа мемлекеттер арасындағы орман даулары екi жақтың келiсiмiмен белгiленетiн тәртiпте шешiледi.

      75-бап. Орман заңдарын бұзғандық үшiн жауаптылық

      1. Орман қорының учаскелерiн сатып алу-сатуға, сыйға тартуға, кепiлге беруге, өз бетiнше иеленуге және айырбастауға, сондай-ақ орман пайдалануды жүзеге асырудың құқығын өз бетiнше өзгеге беруге тыйым салынады.
      2. Осы баптың бiрiншi бөлiгiнде аталған заңсыз мәмiлелердi жасағаны үшiн кiнәлi адамдар, сондай-ақ:
      1) ағаштар мен бұталарды заңсыз кескен және зақымдаған;
      2) өрт салудың, отқа салақ қараудың салдарынан орманды құртқан немесе зақымдаған;
      3) ормандарда өрт қауiпсiздiгi мен санитарлық ережелер талаптарын бұзған;
      4) орман қорын химиялық және радиоактивтi заттармен, өндiрiстiк қалдықтармен және сарқынды сулармен, өнеркәсiптiк, коммуналдық-тұрмыстық төгiндiлермен, қалдықтармен және қоқыстармен зақымдаған немесе ластаған;
      5) орман қорының уақытша берiлген учаскелерiн қайтару мерзiмiн бұзған немесе оларды мақсатына сәйкес пайдалану үшiн жарамды күйге келтiру жөнiндегi мiндеттерiн орындамаған;
      6) орман дақылдарын, орман питомниктерi мен плантацияларындағы екпе көшеттердi немесе тiкпе көшеттердi, сондай-ақ табиғи жас өскiндердi, өрiм шыбықтарды, сондай-ақ орманды қалпына келтiруге арналған алаңдарда өздiгiнен түскен тұқымды құртқан және зақымдаған;
      7) ағашы кесiлген жерлерде және орманды қалыпқа келтiру мен орман өсiруге арналған орман қоры жерлерiнiң басқа категорияларында ағаш өсiру тәртiбi мен мерзiмiн бұзған;
      8) орман қорының учаскелерiн ағаш түбiрiнен тазарту, құрылыс салу, сүректi ұқсату, қоймалар салу, ара ұялары мен омарталарды орналастыру және басқа мақсаттар үшiн тиiстi рұқсаты болмай пайдаланған;
      9) өз бетiнше пiшен шапқан және мал жайған;
      10) жабайы жемiстердi, жаңғақтарды, саңырауқұлақтарды, жидектердi және т.б. тыйым салынған немесе тек орман билетi бойынша ғана жол берiлетiн учаскелерде өз бетiнше жинаған;
      11) есептi ағаш кесуден артық мөлшерде сүрек дайындаған;
      12) кеспеағаш қорын пайдаланудың, сүрек дайындау мен тасудың, шайыр және ағаш шырынын, қосымша ағаш материалдарын өндiрудiң белгiленген тәртiбiн бұзған;
      13) орман үшiн пайдалы жануарлар әлемiн құртқан;
      14) шектеу, орман орналастыру және орман шаруашылық белгiлерiн жойған және зақымдаған;
      15) рұқсат құжаттарында көзделген мақсаттарға немесе талаптарға сәйкес келмейтiн орман пайдалануларды жүзеге асырған;
      16) ағаш кесетiн жерлердi бөлу мен баға қоюдың белгiленген тәртiбiн бұзған;
      17) ормандардың жай-күйiне және ұлғайта өсiрiлуiне зиянды әсер ететiн объектiлердi салған және пайдаланған адамдар Қазақстан Республикасы заңдарына сәйкес тәртiптiк, әкiмшiлiк, азаматтық немесе қылмыстық жауапты болады.
      3. Орман заңдарын басқа да бұзулар үшiн Қазақстан Республикасының заңдарымен жауаптылық белгiленуi мүмкiн.
      4. Заңды ұйымдар мен нақты адамдар орман заңдарын бұзу салдарынан өздерi келтiрген зиянды Қазақстан Республикасының заңдарына белгiленген мөлшерде және тәртiпте өтеуге мiндеттi.

      76-бап. Өз бетiмен иеленген орман қорының
              учаскелерiн қайтару

      1. Өз бетiмен иеленiлген орман қорының учаскелерi олардың иелерiне заңсыз пайдалану кезiндегi шыққан шығындар өтелместен қайтарылады. Бұл орайды өз бетiнше алып қоюдың салдарынан орман қорының иесi шеккен залал өтеледi.
      2. Өз бетiнше тұрғызылған құрылыстарды бұзу, жерлердi ағаш өсiруге жарамды күйге келтiру және орман алқаптарын қалпына келтiру кiнәлi адамдардың есебiнен жүргiзiледi.

      77-бап. Орман қорына кiрмейтiн ағаш-бұта өсiмдiктерiн
              құртқаны немесе зақымдағаны үшiн жауаптылық

      Орман қорына кiрмейтiн, осы Кодекстiң 3-бабы екiншi бөлiгiнiң 4-тармағында көрсетiлгеннен басқа, ағаш-бұта өсiмдiктерiн заңсыз жойғаны немесе зақымдағаны үшiн кiнәлi адамдар Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген жауаптылыққа тартылады.

Тоғызыншы бөлiм
Халықаралық шарттар

      78-бап. Халықаралық шарттар

      Егер Қазақстан Республикасы қатысатын халықаралық шартта Қазақстан Республикасының Орман кодексiнде бар ережелерден өзге ережелер белгiленсе, онда халықаралық шарттың ережелерi қолданылады.

      Қазақстан Республикасының
      Президентi

Қазақстан Республикасының
Орман Кодексiне қосымша 

Қазақстан Республикасының Орман Кодексiнде
пайдаланылған негiзгi орман терминдерi мен
анықтамалары

      Ағаш сирек өскен жерлер - толымдылығы 0,1-0,2 мөлшерiнен кем бiрiншi және екiншi класты жас ағашты қоспағандағы табиғи түрде қалыптасқан сүрекдiң.
      Ағаштың жинақталмаған дақылдары - тұқымнан немесе көшеттен өсiрiлген, бiрақ орманды жерге отырғызылмаған дақылдар.
      Ағаш кесiлген жер - сүрекдiңi кесiлген, ал жаңасы әлi кеспеағаш болып жетiлмеген орман алабы.
      Алаңқай жерлер - орман алқабының ағашы жоқ, орман өсiмдiктерi сақталмаған учаскесi.
      Басты мақсатта пайдалану үшiн ағаш кесу - сүрек дайындау және орманды қалпына келтiру үшiн толысқан және қураған сүрекдiңдi кесу.
      Биоценоз - құлықтың немесе су айдынының белгiлi бiр, салыстырмалы түрде бiркелкi учаскесiн мекендейтiн және өзара белгiлi бiр қатынастармен әрi айналадағы ортаның абиотикалық (биологиялық емес) факторлармен сипатталатын өсiмдiктердiң, жануарлар мен микроорганизмдердiң жиынтығы.
      Бос жатқан жерлер - орман жерiнiң (өртең, ағаш кесiлген жерлер) 10 жылдан астам уақыт бойы ағаш өсiмдiктерi өспеген учаскесi.
      Гендiк қор - бiр топ өнiмдерiнiң (таралымының, таралымдар топтарының немесе түрдiң) өздерi шегiнде белгiлi бiр жиi кездесуiмен сипатталатын гендерiнiң жиынтығы.
      Кеспеағаш - басты пайдалану мақсатындағы кесуге, орманды күтiп-баптау мақсатындағы кесуге және санитарлық кесуге бөлiнген орман учаскесi.
      Кесу айналымы - толысқан сүректiң кесiлген қоры толық қалпына келу циклы өтетiн уақыт.
      Кесу уақыты - ағашты нысаналы мақсатқа сәйкес кесу үшiн белгiленетiн толысқан сүрекдiңнiң жасы.
      Қала ормандары - қала шегi iшiнде өсiп, орман қорының құрамына кiретiн ормандар.
      Қорғаныш категориясы - орман қорының ерекше қорғаныштық, су қорғаушылық, санитарлық-гигиеналық, рекреациялық, ғылыми немесе өзге де арнайы маңызына байланысты бөлiнген бөлiгi. Бiрыңғай мақсаттарға пайдалану үшiн бөлiнген барлық ормандар бiр қорғаныш категориясына жатады, онда орман шаруашылығы мен орман пайдалануды жүргiзудiң белгiленген тәртiбi сақталады.
      Орман - бiр-бiрiне жақын өсетiн бiр түрлi немесе көп түрлi ағаш өсiмдiктерiнен және биологиялық жағынан өзара байланысты, бiр-бiрiне және сыртқы ортаға ықпал жасайтын басқа да көптеген организмдерден тұратын табиғи кешен.
      Ормандағы өрт қауiптi мол маусым - күнтiзбелiк жылдың орман өртi пайда болуы мүмкiн бөлiгi.
      Ормандарды мемлекеттiк есепке алу - нақты ормандарды, олардың сапасы мен жай-күйiн және оларда болып жатқан өзгерiстердi есепке алу жөнiндегi мемлекеттiк шаралар жүйесi.
      Орманды сақтау - орман өрттерiнiң, орманды өз бетiмен кесудiң және орман заңдарын басқада бұзудың алдын алу және оларға қарсы күресу жөнiндегi шаралар жиынтығы.
      Орманды күтiп-баптау мақсатындағы кесу - жоғары өнiмдi сапалы екпелердi қалыптастыру және сүректi дәл мерзiмiнде пайдалану мақсатында екпелер арасынан қажетсiз ағаштарды кесу және басты тұқымдардың жақсы ағаштары өсуi үшiн қолайлы жағдай жасау жолымен жүзеге асырылатын орманды күтiп-баптау.
      Орманды қолдан қалпына келтiру - бұрын орман болған алқаптарға ағаш егу.
      Орманды қорғау - орманды зиянкестерден, аурулардан және қолайсыз жәйттердiң әсерiнен қорғау жөнiндегi шаралар жиынтығы.
      Орманды өңiр - белгiлi бiр аумақтың ормандану дәрежесi, ол орман өскен жер мен оның жалпы көлемiнiң қатынасымен анықталады; процентпен белгiленедi.
      Орман жерi - орман қорының ағаш өсiруге арналған орманды және ормансыз жерi.
      Орманның генетикалық резерваты - түрдi, қосалқы түрдi таратудың генетикалық-селекциялық тұрғыдағы құнды бөлiгi бар орман учаскелерi.
      Орманның санитарлық жай-күйi - орманның қоқыстануы, сола бастаған және қураған ағаштар туралы мәлiметтер келтiрiлген сипаттамасы.
      Орман орналастыру - ормандарды ұтымды пайдалануға, ұлғайта өсiруге, қорғау мен сақтауға, орман шаруашылығын жүргiзу мәдениетiн арттыруға бағытталған шаралар жүйесiн талдап жасауды қамтамасыз ететiн орман шаруашылығы қызметiнiң мамандандырылған түрi.
      Орман питомнигi - ағаштың көшет материалын өсiруге арналған питомник.
      Орман ресурстары - орманның сүректiк және сүректiк емес өнiмдегi қорының, сондай-ақ оның табиғи пайдалы қасиеттерiнiң жиынтығы.
      Орман соқпағы - ормандағы орман шаршыларының шекараларын белгiлеу үшiн ағаштардан тазартылып жасалған өңiрлер.
      Орман табысы - орманды шаруашылық мақсатқа пайдаланудан алынатын ақшалай түсiм.
      Өскiн - орман етегiнде өсiп, сүрек қалыптастыруға қабiлеттi табиғи түрде өсетiн талшыбық, олардың биiктiгi негiзгi ағаштардың 1/4 бөлiгiнен аспайды.
      Өртең - өртенiп кеткен немесе өрттен едәуiр зақым келген өсiмдiктер (орманды қоса) учаскесi.
      Санитарлық мақсаттағы кесу - орманның санитарлық жай-күйiн жақсарту мақсатымен жүргiзiлетiн кесу, оның барысында жекелеген ауру, зақымданған және құрай бастаған ағаштар немесе бүкiл сүрекдiң кесiледi.
      Сүрекдiң - екпе ағаштардың негiзгi құрамы болатын ағаштар жиынтығы.
      Шайыр - қылқан жапырақты ағаштар зақымданған кезде бөлiнетiн қоймалжың зат.
      Шырын алу - ағаштардың өсiп-өнуi кезiнде тiршiлiкке қажет өнiмдерін (шайыр, шырын және басқаларын) алу үшiн ағаш дiңiне жүйелi түрде арнайы зақым келтiру.