Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Жер ресурстарын басқару комитетінің ережесін бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2016 жылғы 26 мамырдағы № 236 бұйрығы.

      "Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің кейбір мәселелері" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 6 сәуірдегі № 310 қаулысына сәйкес, БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Жер ресурстарын басқару комитеті туралы ереже бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Жер ресурстарын басқару комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялануын;

      2) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің интернет-ресурсында және мемлекеттік органдардың интранет-порталында орналастырылуын;

      3) осы бұйрықтан туындайтын өзге де шаралардың қабылдануын қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрық қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді.

Министр

А. Мырзахметов


  Қазақстан Республикасы
Ауыл шаруашылығы министрінің
2016 жылғы 26 мамырдағы
№ 236 бұйрығымен
бекітілген

Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің
Жер ресурстарын басқару комитеті туралы ереже
1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Жер ресурстарын басқару комитеті (бұдан әрі - Комитет) мемлекеттік орган және Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің (бұдан әрі - Министрлік) құзыреті шегіндегі Қазақстан Республикасының Конституциясымен, заңдарымен, өзге де нормативтік құқықтық актілерімен және осы Ережемен оған жүктелген жер ресурстарын басқару саласындағы стратегиялық, реттеушілік, іске асыру және бақылау-қадағалау функцияларын жүзеге асыратын ведомство болып табылады.

      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 02.08.2019 № 286 бұйрығымен.

      2. Комитет өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарына, Қазақстан Республикасының Президенті мен Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілеріне, өзге де нормативтік құқықтық актілерге және осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.

      3. Комитет Министрлікке ведомстволық бағынысты, мемлекеттік мекеменің ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, мемлекеттік тілде өз атауы жазылған мөрлері мен мөртаңбалары, белгіленген үлгідегі бланкілері, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қазынашылық органдарында шоттары бар.

      4. Комитет азаматтық-құқықтық қатынастарға өз атынан түседі.

      5. Егер Комитетке Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес уәкілеттік берілген болса, ол мемлекеттің атынан азаматтық-құқықтық қатынастардың тарапы болады.

      6. Комитет өз құзыретінің мәселелері бойынша заңнамада белгіленген тәртіппен Комитет төрағасының бұйрықтарымен және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген басқа да актілермен ресімделетін шешімдер қабылдайды.

      7. Комитеттің құрылымы мен штаттық саны қолданыстағы заңнамаға сәйкес бекітіледі.

      Ескерту. 7-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 17.09.2021 № 275 бұйрығымен.

      8. Комитеттің заңды мекенжайы: Қазақстан Республикасы, 010000, Нұр-Сұлтан қаласы, Есіл ауданы, Мәңгілік ел көшесі, 8-үй, "Министрліктер үйі" әкімшілік ғимараты.

      Ескерту. 8-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 02.08.2019 № 286 бұйрығымен.

      9. Мемлекеттік органның толық атауы - "Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Жер ресурстарын басқару комитеті" республикалық мемлекеттік мекемесі.

      10. Комитеттің ведомстволық бағынысты ұйымы - "Ауыл шаруашылығы аэрофотогеодезиялық іздестіру мемлекеттік институты (АШАІМИ)" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорны бар.

      Ескерту. 10-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 02.08.2019 № 286 бұйрығымен.

      11. Осы Ереже Комитеттің құрылтай құжаты болып табылады.

      12. Комитет қызметін қаржыландыру республикалық бюджет есебінен жүзеге асырылады.

      13. Комитет Комитеттің функциялары болып табылатын міндеттерді орындау тұрғысынан кәсіпкерлік субъектілерімен шарттық қатынастарға түспейді.

      14. Егер, Комитетке заңнамалық актілермен кірістер әкелетін қызметті жүзеге асыру құқығы берілсе, онда мұндай қызметтен алынған кірістер бюджет кірісіне жіберіледі.

2-тарау. Комитеттің негізгі міндеттері, функциялары, құқықтары
мен міндеттері

      15. Міндеті: жер ресурстарын ұтымды және тиімді басқаруды қамтамасыз ету.

      Функциялары:

      1) орталық және жергілікті атқарушы органдармен жер қатынастарын реттеу мәселелері бойынша өзара іс-қимыл жасасу;

      2) өз құзыретіне кіретін жер беру және оны алып қою, жерді бір санаттан екінші санатқа ауыстыру мәселелері бойынша Қазақстан Республикасы Үкіметінің құқықтық актілері жобаларын дайындау;

      3) жерге мониторинг жүргізуді ұйымдастыру;

      4) мемлекеттік жер кадастрын жүргізуді ұйымдастыру және облыстар, республикалық маңызы бар қалалар, астана жерлерінің баланстары деректерінің негізінде Қазақстан Республикасы жерлерінің балансын құру;

      5) пайдаланылмайтын не Қазақстан Республикасының заңнамасын бұза отырып пайдаланылатын жерлерді анықтау және мемлекеттік меншікке қайтару мәселелері бойынша облыстардың, Астана және Алматы қалаларының жергілікті атқарушы органдарымен өзара іс-қимыл жасасу;

      6) суармалы егістікті суарылмайтын алқап түрлеріне ауыстыру жөніндегі материалдарды келісу;

      7) су объектілерінде және (немесе) су қорғау аймақтарында (су қорғау белдеулерін қоспағанда) жаңа объектілерді (ғимараттарды, құрылыстарды, олардың кешендерін және коммуникацияларды) жобалауды, салуды және орналастыруды, сондай-ақ олар алып жатқан жер учаскелері су қорғау аймақтарына және белдеулерге немесе өзге де ерекше қорғалатын табиғи аумақтарға жатқызылғанға дейін тұрғызылған қолданыстағы объектілерді реконструкциялауды (кеңейтуді, жаңғыртуды, техникалық қайта жарақтандыруды, қайта бейіндеуді) келісу;

      8) жер ресурстарын, орман және өзге де өсімдіктер дүниесінің ресурстарын, жануарлар дүниесінің ресурстарын пайдалану кезінде қойылатын экологиялық талаптарды келісу;

      9) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен мемлекеттік кіріс органдарына мемлекеттік жер кадастрындағы жер пайдаланушылар мен жер учаскелері бойынша мәліметтер беру;

      10) жер учаскелері мәжбүрлеп алып қойылған тұлғалардың тізілімін қалыптастыру және жүргізу.

      Ескерту. 15-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 02.08.2019 № 286 бұйрығымен.
      16. Алып тасталды – ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 02.08.2019 № 286 бұйрығымен.

      17. Міндеті: жер қатынастары саласында мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру.

      Функциялары:

      1) облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың уәкілетті органдарының жеке және заңды тұлғалардың өтініштері бойынша жер қатынастарын реттеу саласындағы қабылдаған шешімдерінің заңдылығын бақылауды жүзеге асыру;

      2) заң бұзушыларға көзделген заңнамалық шараларды қолдана отырып, жергілікті атқарушы органдардың Қазақстан Республикасының жер заңнамасы саласындағы қабылдаған шешімдерінің заңдылығын бақылауды жүзеге асыру;

      3) мемлекеттік жер кадастры мен жер мониторингін жүргізудің дұрыстығын мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру;

      4) жерді пайдалану мен қорғауды мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру;

      5) құзыреті шегінде жер заңнамасы саласындағы әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы істерді қарау;

      6) құзыреті шегінде анықталған жер заңнамасы саласындағы заңнаманы бұзушылықтарды жою жөнінде орындалуы міндетті нұсқамалар беру;

      7) Қазақстан Республикасы Жер кодексінің 148-бабы 1-тармағының 4) тармақшасында көрсетілген мәселелер бойынша сотқа талап қоюды дайындау және ұсыну.

      Комитет Қазақстан Республикасының заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген басқа да функцияларды жүзеге асырады.

      Ескерту. 17-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 02.08.2019 № 286 бұйрығымен.

      18. Құқықтары мен міндеттері:

      1) Комитет құзыретіне кіретін өндірістік қызмет мәселелерін жедел шешуді қамтамасыз ету үшін Министрліктің құрылымдық бөлімшелерімен өзара қатынасқа түсу;

      2) өзге мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдардан Комитет құзыретіне жатқызылған мәселелерді шешуге қажетті ақпаратты, құжаттар мен материалдарды сұрату және алу;

      3) өз қызметінің барлық мәселелері бойынша ұсыныстар енгізу;

      4) Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес өзге де құқықтарды жүзеге асыру.

      19. Комитеттің міндеті Қазақстан Республикасының заңнамасын, жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен заңмен қорғалатын мүдделерін сақтау болып табылады, оның ішінде:

      1) мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандарттарына қолжетімділікті қамтамасыз ету;

      2) мемлекеттік көрсетілетін қызметті тұтынушылардың мемлекеттік қызметті көрсету тәртібі туралы ақпараттандырылуын қамтамасыз ету;

      3) мемлекеттік қызмет көрсету сапасына бағалау жүргізу үшін мемлекеттік қызмет көрсету сапасын бағалау және мемлекеттік қызмет көрсету сапасын бақылау жөніндегі уәкілетті органға, ақпараттандыру саласындағы уәкілетті органға тиісті ақпарат беруге қатысу;

      4) қоғамдық мониторинг жүргізетін коммерциялық емес ұйымдарға заңнамада белгіленген тәртіппен тиісті ақпарат беруге қатысу;

      5) мемлекеттік көрсетілетін қызметті тұтынушылардың шағымдары мен өтініштерін қарау.

3-тарау. Комитеттің қызметін ұйымдастыру

      20. Комитет заңнамалық актілерге, Қазақстан Республикасы Президентінің актілеріне, Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес өзінің негізгі міндеттері мен функцияларын іске асыру үшін қажетті өкілеттіктерге ие.

      21. Комитетті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен лауазымға тағайындалатын және лауазымнан босатылатын төраға басқарады.

      22. Комитет төрағасының Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен лауазымға тағайындалатын және лауазымнан босатылатын орынбасарлары бар.

      23. Төраға Комитет қызметіне жалпы басшылықты жүзеге асырады және Комитетке жүктелген міндеттерді орындау және оның функцияларды жүзеге асыруы үшін дербес жауапты болады.

      24. Комитет төрағасы Министрлік басшылығына Комитеттің құрылымы мен штат саны бойынша ұсыныстар енгізеді.

      Ескерту. 24-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 17.09.2021 № 275 бұйрығымен.

      25. Комитет төрағасы өз өкілеттіктері шегінде:

      1) өз орынбасарларының және Комитеттің құрылымдық бөлімшелері басшыларының міндеттері мен өкілеттіктерін айқындайды;

      1-1) Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде көзделген жағдайларда Министрліктің аппарат басшысына Комитет төрағасының орынбасарлары лауазымына тағайындау туралы ұсыныстар енгізеді;

      2) Комитеттің құрылымдық бөлімшелері туралы ережені бекітеді;

      3) өз құзыретінің мәселелері бойынша бұйрықтар шығарады, сондай-ақ Комитет қызметкерлерінің орындауы үшін міндетті нұсқаулар береді;

      4) мемлекеттік органдарда, өзге де ұйымдарда Комитет атынан өкілдік етеді;

      5) Комитеттің тәртіптік, аттестаттау және конкурстық комиссияларына жалпы басшылықты жүзеге асырады, орындаушылық және еңбек тәртібін сақтауды, персоналды басқару жөніндегі қызметтің жұмысын және құжат айналымын ұйымдастыруды бақылайды;

      6) Комитеттің қызметін қамтамасыз ету және өзіне жүктелген міндеттерді орындау мақсатында мемлекеттік сатып алу өткізуді ұйымдастырады;

      7) еңбек қатынастары мәселелері жоғары тұрған мемлекеттік органдардың және лауазымды адамдардың құзыретіне жататын қызметкерлерді қоспағанда, Комитеттің қызметкерлерін лауазымға тағайындайды және лауазымынан босатады;

      8) Комитет қызметкерлерін іссапарға жіберу, оларға еңбек демалысын беру, материалдық көмек көрсету, көтермелеу, үстемақы төлеу және сыйлықақы беру мәселелерін шешеді;

      9) Комитет төрағасының орынбасарларын қоспағанда, Комитет қызметкерлерінің, ведомстволық бағынысты ұйымдардың басшылары мен олардың орынбасарларының тәртіптік жауапкершілігі мәселелерін шешеді;

      10) Комитеттің жыл сайынғы жұмыс жоспарын және оның қызметінің нәтижелері туралы жыл сайынғы есепті әзірлейді және Министрлік басшылығының бекітуіне ұсынады;

      11) Комитеттің бюджеттік өтінімінің дайындалуын, Республикалық бюджет комиссиясының қарауына енгізуі үшін Министрліктің басшысына ұсынылатын бюджеттік өтінімнің Министрліктің аппарат басшысына ұсынылуын, сондай-ақ бюджет процесінің өзге де рәсімдерінің орындалуын қамтамасыз етеді;

      12) Комитеттің қаржыландыру жоспарының әзірленуін қамтамасыз етеді және Министрліктің аппарат басшысына бекітуге енгізеді;

      13) Комитеттің құзыреті шегінде нормативтік құқықтық актілердің жобаларын әзірлеуді ұйымдастырады;

      14) өз құзыретіне жатқызылған басқа да мәселелер бойынша шешімдер қабылдайды;

      15) ведомстволық бағынысты ұйымдардың басшылары мен олардың орынбасарларын жұмысқа қабылдайды және босатады, сондай-ақ ведомстволық бағынысты ұйымдардың басшылары мен орынбасарларының, бас (аға) бухгалтердің жалақы мөлшерлерін, оларға сыйлықақы мен өзге де сыйақы беру жүйелерін бекітеді;

      16) өз құзыреті шегінде Комитетте сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға бағытталған шараларды қабылдайды және сыбайлас жемқорлыққа қарсы шаралардың қабылдануына дербес жауапкершілікте болады;

      17) Қазақстан Республикасының заңнамасымен жүктелген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

      Ескерту. 25-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 02.08.2019 № 286; 17.09.2021 № 275 бұйрықтарымен.

      26. Комитет төрағасының орынбасары:

      1) өз өкілеттіктері шегінде Комитеттің қызметін үйлестіреді;

      2) төраға болмаған кезеңде Комитеттің қызметіне жалпы басшылықты жүзеге асырады;

      3) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де функцияларды жүзеге асырады.

      27. Комитеттің құзыретіне кіретін мәселелер бойынша Комитеттің атынан Министрліктің басқа құрылымдық бөлімшелеріне жіберілетін құжаттарға Комитет төрағасы және оның орынбасары, олар болмаған жағдайда, оны алмастыратын адам қол қояды.

      28. Комитет қабылдайтын шешімдер Комитет төрағасының, ал болмаған жағдайда, оны алмастыратын адамның бұйрықтарымен ресімделеді.

4-тарау. Комитеттің мүлкі

      29. Комитеттің Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда жедел басқару құқығында оқшауланған мүлкі болады.

      Комитеттің мүлкі оған мемлекет берген мүлік есебінен, сондай-ақ құны Комитеттің теңгерімінде көрсетілетін өзге мүлік есебінен қалыптасады.

      30. Комитетке бекітіліп берілген мүлік республикалық меншікке жатады.

      31. Егер, заңнамада өзгеше белгіленбесе, Комитет өзіне бекітіліп берілген мүлікті және қаржыландыру жоспары бойынша оған берілген қаражат есебінен сатып алынған мүлікті өздігінен иеліктен шығармайды немесе оған өзге де тәсілмен билік етпейді.

5-тарау. Комитетті қайта ұйымдастыру және тарату

      32. Комитетті қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

  Қазақстан Республикасы
Ауыл шаруашылығы министрлігінің
Жер ресурстарын басқару
комитеті туралы ережеге
қосымша

Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі
Жер ресурстарын басқару комитетінің ведомстволық бағынысты ұйымдары тізбесі

      Ескерту. Қосымша алып тасталды – ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 02.08.2019 № 286 бұйрығымен.