Қазақстан Республикасы Парламентінің Регламенті туралы

Қазақстан Республикасы Парламентінің 1996 жылғы 20 мамырдағы қаулысы

Қолданыстағы

      Қазақстан Республикасының Парламенті қаулы етеді:
      Қазақстан Республикасы Парламентінің Регламенті бекітілсін (қоса тіркеліп отыр).

      Қазақстан Республикасы Парламенті
      Мәжілісінің Төрағасы

Қазақстан Республикасы Парламентінің
Регламенті

(Қазақстан Республикасы Парламенті Палаталарының
бірлескен отырыстарында 1996 жылғы 20 мамырда қабылданды)

      Қазақстан Республикасы Парламентінің Регламенті Палаталардың бірлескен отырыстарын өткізу жағдайы мен тәртібін, Сенат пен Мәжіліс Регламенттерінде реттелмеген мәселелерді қарау, Парламенттің бірлескен органдарын құру және олардың қызметін ұйымдастыру, сондай-ақ Парламенттің депутаттары мен лауазымды адамдарының өкілеттігін жүзеге асыру кезінде Палаталардың өзара қатынастары механизмін белгілейді.

І Бөлім
Жалпы ережелер

      1-тармақ. Қазақстан Республикасының Парламенті өз жұмысын сессия тәртібімен жүзеге асырады.
      Парламент сессиясы Палаталардың, Палаталар бюроларының, Палаталардың тұрақты комитеттері мен бірлескен комиссияларының бірлескен және бөлек отырыстарын қамтиды.
      Жаңадан сайланған Парламенттің бірінші сессиясын Республика Президенті сайлау қорытындылары жарияланып, әрбір Палата депутаттарының кемінде үштен екісі сайланған күннен бастап отыз күннен кешіктірмей шақырады.

      2-тармақ. Парламенттің сессиясы Сенат пен Мәжілістің бірлескен отырыстарында ашылып, жабылады. Парламенттің сессиясын - Республика Президенті, ал ол болмаған жағдайда Мәжіліс Төрағасы ашады.
      Парламенттің сессиясы ашылған және жабылған кезде Қазақстан Республикасының Гимні орындалады.

      3-тармақ. Парламенттің кезекті сессияларын Мәжіліс Төрағасы шақырып, ашады және олар жылына бір рет - қыркүйектің бірінші жұмыс күнінен маусымның соңғы жұмыс күніне дейін өткізіледі.
      Парламент сессиясының ашылатын күні, уақыты және орны туралы мәліметтер бұқаралық ақпарат құралдары арқылы хабарланады.

      4-тармақ. Заңда белгіленген мереке, демалыс күндері мен парламенттік каникул күндері Парламенттің жұмыс істемейтін күндері болып табылады.
      Егер парламенттік каникул Палаталардың кезектен тыс бірлескен отырыстары шақырылуына байланысты үзілсе, олар кезектен тыс бірлескен отырыстардың жұмысы аяқталғаннан кейін қайта басталып, парламенттік каникул мерзімі біткенге дейін жалғастырылады.
      Парламенттік каникул Республика Парламентінің қаулысымен жарияланады.

ІІ Бөлім
Парламент палаталарының бірлескен отырыстарын өткізу жағдайлары мен тәртібі

1-тарау
Парламенттің жалпы отырыстары

      5-тармақ. Парламенттің жалпы отырысын, егер заңда өзге мерзімдер белгіленбесе, ол өткізілетін күннен жеті күн бұрын Палаталардың депутаттарына хабарлай отырып, Мәжіліс Төрағасы шақырады. Бұл ретте Мәжіліс Төрағасы Парламенттің жалпы отырысын шақыру туралы өкім шығарып, оны Парламент депутаттарына хабарлайды.
      Парламенттің жалпы отырыстары сағат 12-ден 12 сағат 30 минөтке дейін және сағат 14-тен 16-ға дейін үзіліс жасай отырып, сағат 10-нан 18-ге дейін өткізіледі.
      Парламент жалпы отырыс өткізудің өзгеше уақыты туралы шешім қабылдауы мүмкін.
      Төрағалық етуші отырыстарда өз бастамасы бойынша немесе Парламенттің қатысып отырған депутаттары саны көпшілігінің ұсынысы бойынша үзілістер жариялайды.
      Парламент Палаталарының бірлескен отырыстары кезінде Парламент пен оның Палаталары жұмыс органдарының отырыстары өткізілмейді.

      6-тармақ. Егер Парламенттің отырысына әрбір Палата депутаттары жалпы санының кемінде үштен екісі қатысса, отырыс заңды болады.
      Парламент отырысының заңдылығын анықтау үшін әрбір Палата депутаттарының дербес тіркелуі өткізіледі. Әрбір дауыс беру алдында депутаттарды қосымша дербес тіркеу өткізілуі мүмкін. Рәсімдік мәселелер бойынша дауыс беру алдында депутаттарды қосымша дербес тіркеу өткізілмейді.

      7-тармақ. Парламент отырысында Мәжіліс Төрағасы:
      - Парламенттің сессиялары мен отырыстарын ашады, жабады;
      - Палаталардың кезекті және кезектен тыс бірлескен отырыстарында төрағалық етеді;
      - жарыссөзде сөз сөйлеуге жазылғандар туралы мәліметтерді жария етеді;
      - Палаталардың депутаттарына талқыланып отырған мәселе бойынша сөйлеу үшін кезекпен, бірақ әрі кеткенде екі рет сөз береді;
      - сөйлеуші Регламентті бұзған жағдайда - оған ескерту жасауға, ал қайталап бұзған ретте сөзден айыруға құқылы;
      - депутатқа рәсімдік мәселелер бойынша кезектен тыс, бірақ әрі кеткенде екі рет сөз береді;
      - заңдардың, қаулылардың, үндеулердің, декларациялардың, мәлімдемелердің және Парламенттің басқа да актілерінің жобалары, депутаттардың отырыста қаралып отырған мәселелер бойынша түзетулері жөнінде дауыс беруді ұйымдастырады және дауыс беру нәтижелерін жариялайды;
      - Палаталардың бірлескен отырысының осы Регламентпен белгіленген тәртібін қамтамасыз етеді.
      Парламент отырысында мәселелерді талқылау кезінде төрағалық етушінің депутаттардың сөйлеген сөздеріне баға беруге және түсініктеме жасауға құқығы жоқ.
      Парламент Мәжілісінің Төрағасы отырысты жүргізуді Мәжіліс Төрағасының орынбасарына беруге құқылы.

      8-тармақ. Парламент отырысының күн тәртібі мен жұмыс ретін Парламент Мәжілісінің Төрағасы енгізеді және олар Палаталардың бірлескен отырысында әрбір Палата депутаттары жалпы санының көпшілік даусымен ашық дауыс беру арқылы бекітіледі.
      Күн тәртібі мен жұмыс реті жөніндегі ұсыныстар мен ескертпелер әр ұсыныс бойынша әрбір Палата депутаттары жалпы санының көпшілік даусымен ашық дауыс беру арқылы қабылданады.
      Республика Президентінің заң жобаларын қарау басымдығын анықтауға, сондай-ақ заң жобасын жедел қарау керек екендігін жариялауға құқығы бар, бұл Парламенттің осы жобаны енгізілген күннен бастап бір ай ішінде қарауға тиіс екендігін білдіреді. Парламент осы талапты орындамаған жағдайда Республика Президенті Конституцияда белгіленген тәртіп бойынша Парламент жаңа заң қабылдағанға дейін қолданылатын заң күші бар жарлық шығаруға құқылы.

      9-тармақ. Парламент отырыстарында баяндамалар үшін - 30 минөт шегінде, қосымша баяндамалар үшін - 20 минөтке дейін, жарыссөзде сөйлеушілер үшін - 10 минөтке дейін, кандидатураларды талқылау кезінде - 3 минөтке дейін, рәсімдік мәселелер бойынша сөз сөйлеу үшін, анықтамалар беру мен сұрақтар қою үшін - 2 минөтке дейін уақыт беріледі. Сұрақтарға жауап қайтару үшін - 1 сағаттан аспайтын, ал жарыссөзге бір жарым сағатқа дейін уақыт бөлінеді. Жарыссөз тоқтатылғаннан кейін баяндамашы мен қосымша баяндамашының 10 минөт шегінде қорытынды сөз сөйлеуге құқығы бар.
      Парламент депутаттардың жалпы санының көпшілік даусымен өзге де уақыт белгілей алады.
      Сөз мінберден немесе отырған орыннан сөйленеді.
      Сөз беру туралы өтініш отырған орыннан беріледі.
      Республика Президентіне сөз сөйлеу үшін оның өтініші бойынша кез келген уақытта сөз беріледі.
      Сенат Төрағасының, Мәжіліс Төрағасының, олардың орынбасарларының, Президент пен Үкімет өкілдерінің өтініші бойынша оларға талқыланып отырған мәселе бойынша сөйлеу үшін кезектен тыс сөз берілуі мүмкін.
      Парламенттің отырысында төрағалық етушінің рұқсатынсыз ешкімнің де сөз сөйлеуге құқығы жоқ.

      10-тармақ. Парламенттің отырыстары қазақ және орыс тілдерінде жүргізіледі.
      Депутат қазақ және орыс тілдерін білмеген жағдайда оның өзге тілде сөйлеуге құқығы бар. Бұлайша сөйленген сөздің қазақ және орыс тілдеріне аудармасы қамтамасыз етіледі. Депутат өзінің кез келген басқа тілде сөйлегісі келетіні туралы Мәжіліс Төрағасына кем дегенде бір тәулік бұрын хабарлайды.
      Баяндамалардың мәтіндері Мәжілістің Редакциялық-баспа бөліміне ілеспе аударма үшін алдын ала, бірақ жалпы отырыс басталардан кем дегенде екі сағат бұрын қазақ және орыс тілдерінде беріледі.

      11-тармақ. Парламент Палаталарының бірлескен отырыстары ашық жүргізіледі.
      Палаталардың бірлескен отырыстарына қатысуы қажеттігі туралы Палаталар және Палаталардың Бюролары шешім қабылдаған мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарының лауазымды адамдары Парламенттің отырысына келуге және өздерінің құзыретіне кіретін мәселелер бойынша қажетті түсіндірмелер беруге міндетті. Парламенттің және оның Палаталарының Республика Президенті жөнінде мұндай шешімдер қабылдауға құқығы жоқ.
      Мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарының Парламент Палаталарының бірлескен отырысына қатысуы келу сипатында болатын лауазымды адамдарын Палаталардың Төрағалары шақырады.
      Мемлекеттік органдардың және жергілікті өзін-өзі басқару органдарының Парламент Палаталарының бірлескен отырысында өздерінің құзыретіне кіретін мәселелер бойынша қажетті түсіндірме беруге тиісті Үкімет мүшелері емес лауазымды адамдарын Палаталардың басшылары шақырады.
      Палаталардың бірлескен отырысында өздерінің құзыретіне кіретін мәселелер бойынша қажетті түсіндірме беруге тиісті Үкімет мүшелері Палаталардың Регламенттеріне сәйкес олардың шешімімен шақырылады.
      Сенат Аппаратының Басшысы Парламент Палаталарының бірлескен отырысы өткізілерден жеті күн бұрын Мәжіліс Аппаратының Басшысына Парламент Палаталарының бірлескен отырысына шақырылған адамдар туралы тегін, есімін, әкесінің атын, атқаратын қызметін және оның кім ретінде шақырылып отырғанын көрсетіп хабарлайды.
      Парламент Палаталарының бірлескен отырысына шақырылған адамдардың келу тәртібін Палаталар Аппараттарының Басшылары белгілейді.
      Парламент Палаталарының бірлескен отырысын ұйымдық, құқықтық, құжаттық және ақпараттық-талдама жағынан қамтамасыз етуді Мәжіліс Регламентіне және Мәжіліс Аппараты туралы Ережеге сәйкес Мәжіліс Аппараты жүзеге асырады.
      Шақырылған адамдардың Парламент қызметіне араласуға құқығы жоқ, олар оның жұмысын мақұлдайтынын немесе мақұлдамайтынын білдіруден ұстануға, белгіленген тәртіпті сақтауға және төрағалық етушінің өкімдеріне бағынуға міндетті.

      12-тармақ. Президенттің не депутаттың ұсынысы бойынша, егер қатысып отырған депутаттардың жалпы санының көпшілігі жақтап дауыс берсе, Парламент жабық отырыстар өткізуі мүмкін.
      Республиканың Президенті, Премьер-Министрі мен Үкімет мүшелері, Ұлттық Банкі Төрағасы, Бас Прокуроры, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Төрағасы, сондай-ақ Мемлекеттік хатшы мен Республика Президенті Әкімшілігінің Басшысы Парламенттің кез келген отырысына қатысуға құқылы және өз сөзін тыңдатуға құқығы бар.

      13-тармақ. Парламенттің отырыстары стенограммаға түсіріледі. Стенограммаға отырыста төрағалық етуші қол қояды. Стенограмманы депутаттарға, Президент пен Үкімет өкілдеріне олардың өтініші бойынша Палаталардың Аппараттары береді.

      14-тармақ. Парламент отырысында конституциялық құрылысты күштеп өзгертуді, Республиканың тұтастығын бұзуды, мемлекет қауіпсіздігіне іріткі салуды, соғысты, әлеуметтік, нәсілдік, ұлттық, діни, тектік-топтық және рулық астамшылықты, қатыгездік пен зорлық-зомбылыққа бой ұруды насихаттауға немесе үгіттеуге, сондай-ақ басқа адамдардың ар-ожданы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтіретін сөздер айтуға жол берілмейді. Бұл талап бұзылған жағдайда төрағалық етуші сөйлеушіні сөзден айырады.
      Сөйлеушіні өзіне берілген уақыт ішінде төрағалық етуші сөзден айыра алмайды, бұған:
      - сөз сөйлеу уақыты біткен;
      - талқыланып отырған мәселе тақырыбынан ауытқыған реттер кірмейді.

      15-тармақ. Жарыссөз барысында төрағалық етуші талқыланып отырған мәселе бойынша пікірлердің әралуан болуын анықтауды қамтамасыз етеді.
      Жарыссөз қатысып отырған депутаттар көпшілігінің шешімі бойынша ашық дауыс беру арқылы тоқтатылады. Жарыссөзді тоқтату туралы мәселе қойылған кезде төрағалық етуші Парламент депутаттарының сөз сөйлеуге жазылған және сөз сөйлеген депутаттардың саны туралы хабарлайды, сөз беруді кімнің талап ететінін анықтайды және қатысып отырған депутаттардың көпшілігі келіскен жағдайда оған сөз береді.
      Жарыссөздің тоқтатылуына байланысты сөз сөйлей алмай қалған депутаттар өз сөздерінің қол қойылған мәтіндерін Мәжілістің Жалпы бөлімі арқылы Парламенттің жалпы отырысының стенограммасына қосуға құқылы.

2-тарау
Парламент Палаталарының кезектен тыс бірлескен отырыстары

      16-тармақ. Парламент сессиялары аралығындағы кезеңде Республика Президенті өз бастамасы бойынша, Палаталар Төрағаларының немесе Парламент депутаттары жалпы санының кемінде үштен бірінің ұсынысы бойынша Палаталардың кезектен тыс бірлескен отырысын шақыра алады. Бұл жағдайда Республика Президенті өз жарлығымен Палаталардың кезектен тыс бірлескен отырысын шақырады, отырыс соның негізінде Президент белгілеген мерзім мен тәртіп бойынша өткізіледі.
      Парламент Палаталарының кезектен тыс бірлескен отырысын шақыру туралы өзара бастама көтерген кезде Палаталардың Төрағалары Президентке тиісінше жазбаша ұсыныс енгізеді.
      Парламент депутаттары жалпы санының үштен бірінің бастамасы бойынша Президентке тиісінше жазбаша ұсыныс енгізіледі, онда Парламент Палаталарының кезектен тыс бірлескен отырысын өткізу үшін себеп болған мәселе ашып көрсетіледі.
      Палаталардың кезектен тыс бірлескен отырыстарында оны шақыруға негіз болған мәселелер ғана қаралады.
      Палаталардың кезектен тыс бірлескен отырысын Республика Президенті, ал ол болмаған жағдайда Мәжіліс Төрағасы ашады.

3-тарау
Парламент Палаталарының бірлескен отырыстарында
дауыс беру және шешімдер қабылдау тәртібі

      17-тармақ. Парламент Республиканың бүкіл аумағында міндетті күші бар Қазақстан Республикасының заңдары нысанында, соның ішінде конституциялық заңдар, Парламенттің жеке қаулылары, сондай-ақ заңдарды күшіне енгізу мәселелері жөніндегі Парламенттің нормативтік қаулылары түріндегі заң актілерін қабылдайды. Заңдарды күшіне енгізу мәселелері бойынша қаулыны Парламент заң жобасымен бірге қарайды, оған Мәжіліс Төрағасы қол қояды және ол Республика Президенті заңға қол қойғаннан кейін күшіне енеді.
      Парламент пен оның Палаталары өз құзыретіндегі мәселелер бойынша үндеулер, декларациялар, мәлімдемелер және заң сипатында болмайтын өзге де актілер қабылдауға құқылы. Оларды қабылдау осы Регламентте және Палаталар Регламенттерінде белгіленген ережелер мен талаптар сақтала отырып жүзеге асырылады.

      18-тармақ. Парламенттің заң актілері мен өзге де актілері, егер Республика  Конституциясында өзгеше көзделмесе, әрбір Палата депутаттары жалпы санының көпшілік даусымен қабылданады.
      Парламент Сенат пен Мәжілістің бірлескен отырысында заң актілері мен өзге де актілерді қабылдаған кезде дауыс беру Палаталар бойынша бөлек өткізіледі. Дауыс беру нәтижелері электрондық таблоға бір мезгілде шығарылуға тиіс.

      19-тармақ. Республика  Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар әрбір Палата депутаттары жалпы санының кемінде төрттен үш көпшілік даусымен енгізіледі.

      20-тармақ. Республика Конституциясында көзделген мәселелер бойынша конституциялық заңдар әрбір Палата депутаттары жалпы санының кемінде үштен екі көпшілік даусымен қабылданады.

      21-тармақ. Парламент өзінің жалпы отырыстарында шешімді дауыс беру арқылы қабылдайды.
      Парламенттің жалпы отырысында дауыс беру:
      - дауыстарды санаудың электрондық жүйесін пайдалану арқылы;
      - қол көтеру арқылы;
      - бюллетеньдерді пайдалану арқылы жүзеге асырылады.
      Дауыс беруді өткізу үшін депутаттардың қажетті саны болмаған жағдайда төрағалық етуші кворумды қамтамасыз етуге шаралар қолданады. Кворумды қамтамасыз ету мүмкін болмаған жағдайда төрағалық етуші дауыс беруді Парламенттің келесі жалпы отырысына қалдырады.
      Өткізілген дауыс беру рәсімі мен техникасында қате жіберілгені анықталған жағдайда Парламенттің шешімі бойынша қайта дауыс беру өткізіледі.
      Барлық мәселелер бойынша дауыс беру нәтижелерін дауыс беруге қатысқандардың, жақтап, қарсы дауыс бергендердің, қалыс қалғандардың санын және дауыс беру қорытындысын көрсете отырып төрағалық етуші жария етеді. Деректер Парламенттің бірлескен отырысы стенограммасына енгізіледі.

      22-тармақ. Парламенттің рәсімдік мәселелер жөніндегі шешімдері жалпы отырысқа қатысып отырған депутаттардың көпшілік даусымен ашық дауыс беру арқылы қабылданады, қаулы қабылданбай хаттамамен рәсімделеді және жалпы отырыстардың стенограммасында көрсетіледі.
      Рәсімдік мәселелерге:
      - үзіліс, жалпы отырысты кейінге қалдыру туралы;
      - жалпы отырысты жүргізу реті туралы;
      - мәселелерді талқылау кезектілігі туралы;
      - жарыссөзді тоқтату туралы;
      - сөйленетін сөздердің уақытын шектеу немесе ұзарту туралы;
      - кворумды куәландыру мен дауысты қайта санау туралы;
      - қайта дауыс беруді өткізуге қайтып оралу туралы;
      - дауыс беру әдістері туралы мәселелер жатады.

      23-тармақ. Дауыс беру басталар алдында төрағалық етуші дауысқа қойылатын ұсыныстардың санын көрсетеді, олардың тұжырымдалуын, түсу ретін нақтылайды, депутаттардың қайсысы өз түзетуін алып тастайтынын анықтайды, шешімді қандай көпшілік дауыспен қабылдауға болатынын еске салады.
      Төрағалық етуші дауыс беру аяқталғаннан кейін дауыс беру нәтижелерін жариялайды.

      24-тармақ. Парламент қарайтын мәселе бойынша бірнеше ұсыныс енгізілген жағдайда төрағалық етуші енгізілген барлық ұсыныстар бойынша олардың түсу ретіне қарай дауыс беру өткізеді.

      25-тармақ. Әрбір мәселе бойынша дауыс берген кезде депутаттың бір даусы болады, оны шешімнің қабылдануын жақтап немесе оған қарсы, не шешімнің қабылдануынан қалыс қалып береді.
      Дауыс беру кезінде болмаған депутаттың өз даусын кейіннен беруге құқығы жоқ.

      26-тармақ. Бюллетеньдерді пайдаланып жасырын дауыс беру өткізілген жағдайда Парламент Палаталары депутаттар арасынан Санақ комиссиясын сайлайды. Әрбір Палатадан депутаттар саны тепе-тең болатын Санақ комиссиясы мүшелерінің саны жұп болады. Сайланатын органның құрамына немесе лауазымды адамның қызметіне кандидатуралары ұсынылған депутаттар және ұсыныстары жасырын дауыс беруге салынатын депутаттар Санақ комиссиясына кіре алмайды. Санақ комиссиясын сайлау туралы Парламент әрбір Палата депутаттары жалпы санының көпшілік даусымен қаулы қабылдайды.
      Санақ комиссиясы өз құрамынан комиссияның төрағасы мен хатшысын сайлайды. Санақ комиссиясының шешімдері комиссия мүшелері жалпы санының көпшілік даусымен қабылданады. Дауыстар тең бөлінген жағдайда комиссия төрағасының даусы шешуші дауыс болып есептеледі.
      Дауыс беру үшін қажетті ақпарат бар бюллетеньдер Санақ комиссиясының бақылауымен ол белгілеген нысанда және белгілі бір мөлшерде қазақ және орыс тілдерінде дайындалады.
      Дауыс беретін уақыт пен орынды, оны өткізу тәртібін Санақ комиссиясы белгілейді және оны Санақ комиссиясының төрағасы хабарлайды.
      Әр депутатқа бір бюллетень беріледі.
      Жасырын дауыс беруге арналған бюллетеньдер депутаттарға өздерінің депутат куәлігін көрсеткеннен кейін беріледі.
      Бюллетеньдерді депутат жасырын дауыс беруге арналған кабинада бюллетеньнен өзі қарсы дауыс беретін кандидаттың тегін сызып тастау, ал шешімнің жобасы жөніндегі бюллетеньдерде өзі қарсы дауыс беретін шешімдер жобаларының мәтіндерін сызып тастау арқылы толтырады.
      Белгіленбеген нысандағы бюллетеньдер, ал лауазымды адамдарды сайлаған кезде - бір қызметке екі және одан көп кандидатура қалдырылған бюллетеньдер де жарамсыз деп саналады. Бюллетеньде қосымша жазылған тектер дауыстарды санаған кезде есепке алынбайды. Шешімнің біреуден артық жобасы сызылмай қалдырылған бюллетеньдер жарамсыз деп саналады.
      Толтырылмаған бюллетеньдер мен барлық кандидаттардың тектері сызылып тасталған, сондай-ақ шешімдер жобаларының жаңа мәтіндері енгізілген бюллетеньдер жарамды деп танылады, бірақ дауыстарды санаған кезде есепке алынбайды.
      Санақ комиссиясы жасырын дауыс беру нәтижелері туралы хаттама жасайды, оған Санақ комиссиясының барлық мүшелері қол қояды. Санақ комиссиясының баяндамасы бойынша Парламент ашық дауыс беру арқылы Парламент депутаттары жалпы санының көпшілік даусымен Санақ комиссиясының жасырын дауыс беру нәтижелері туралы хаттамасын бекітеді.

      27-тармақ. Төрағалық етушінің, сондай-ақ депутаттардың ұсынысымен Парламент депутаттар арасынан қатысып отырған депутаттар көпшілігінің ашық дауыс беруі арқылы қаралып отырған мәселе бойынша әрбір Палата депутаттарының тең санымен келісім комиссиясын сайлай алады.
      Комиссия құру туралы Парламент қаулы қабылдайды.

      28-тармақ. Парламенттің жеке қаулыларына, сондай-ақ Парламенттің заңдарды күшіне енгізу мәселелері жөніндегі нормативтік қаулыларына Мәжіліс Төрағасы қол қояды.

ІІІ Бөлім
Парламент Палаталарының бірлескен отырыстарында қаралатын мәселелер

4-тарау
Республика Конституциясына өзгерістер мен
толықтырулар қабылдау

      29-тармақ. Президенттің Конституцияға өзгерістер немесе толықтырулар жобасын енгізу жөнінде ұсыныстары түскен кезде Мәжіліс Төрағасы оларды бірінші оқылымында қарау үшін Парламент Палаталарының бірлескен отырысын шақырады.
      Президент ұсыныстарының Парламентте қаралу тәртібін Республика Президенті белгілейді.

      30-тармақ. Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар жобасын енгізу мәселелері бойынша кемінде екі оқылым өткізілуі міндетті.

      31-тармақ. Бірінші оқылымды өткізген кезде төрағалық етуші Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар жобасын енгізу бастамашысына немесе оның өкіліне, содан соң белгіленген кезек ретімен депутаттарға сөз береді.
      Бірінші оқылымында Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар жобасы тұжырымдамалық жағынан талқыланады.
      Талқылау нәтижелері бойынша Парламент Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жобасын бірінші оқылымында мақұлдау және оларды екінші оқылымына дайындау немесе оларды қабылдамай тастау туралы қаулы қабылдайды. Бұл орайда дауыс беру әрбір Палата депутаттары жалпы санының көпшілік даусымен өткізіледі.

      32-тармақ. Түпкілікті оқылымда дауыс беру қорытындылары бойынша Парламент әрбір Палата депутаттары жалпы санының төрттен үш көпшілік даусымен Конституцияға өзгерістер мен толықтыруларды қабылдайды. Дауыс бергенде белгіленген дауыстар саны алынбаған жағдайда Президенттің Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі ұсыныстары қабылданбады деп есептеледі.

5-тарау
Конституциялық заңдарды қабылдау, оларға өзгерістер
мен толықтырулар енгізу

      33-тармақ. Конституциялық заңның, сондай-ақ оларға өзгерістер мен толықтырулар енгізудің жобасы түскен кезде Мәжіліс Төрағасы Парламент Палаталарының бірлескен отырысын шақырып, онда Парламенттің Қаулысымен заң жобасын қарау мерзімдері белгіленеді, содан кейін ол жұмыс істеу үшін Парламенттің Сенаты мен Мәжілісіне жіберіледі.

      34-тармақ. Конституциялық заңдардың, сондай-ақ оларға өзгерістер мен толықтырулар енгізудің жобалары бойынша кемінде екі оқылым өткізілуі міндетті.

      35-тармақ. Заң жобасымен жұмыс істеудің Парламент белгілеген мерзімі біткеннен кейін Мәжіліс Төрағасы Парламент Палаталарының бірлескен отырысын шақырып, онда заң жобасының бастамашысына немесе оның өкіліне сөз береді. Сонан соң әрбір Палатадан бір-бірден қосымша баяндамашыларға және белгіленген кезек ретімен депутаттарға сөз беріледі.
      Бірінші оқылымында конституциялық заңның жобасы, сондай-ақ конституциялық заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізу тұжырымдамалық жағынан талқыланады.
      Талқылау нәтижелері бойынша Парламент заң жобасын бірінші оқылымында мақұлдау және оны екінші оқылымына дайындау немесе оны қабылдамай тастау туралы қаулы қабылдайды. Бұл орайда дауыс беру әрбір Палата депутаттары жалпы санының көпшілік даусымен өткізіледі.
      Парламент енгізілген заң жобасын бірінші оқылымында мақұлдаған жағдайда оны кейінгі және түпкілікті оқылымдарына дайындау үшін Палата депутаттары арасынан тең негізде бірлескен комиссия құрылады. Бірлескен комиссия құру мен оның қызметін ұйымдастыру тәртібі осы Регламентпен белгіленеді.

      36-тармақ. Заң жобасының екінші оқылымы кезінде бірлескен комиссияның төрағасы оның жұмыс қорытындылары жөніндегі ұсыныстарын айтып сөз сөйлейді.
      Депутаттардың бірлескен комиссияға жазбаша түрде енгізген ескертпелері мен толықтырулары ғана талқылануға тиіс. Ұсынысын комиссия қабылдамай тастаған депутат Парламент Палаталарының бірлескен отырысында сөз сөйлеп, Парламентке өз ұсынысын дауысқа қоюды өтініп жолдануға құқылы.

      37-тармақ. Түпкілікті оқылымда дауыс беру қорытындылары бойынша Парламент әрбір Палата депутаттары жалпы санының кемінде үштен екі көпшілік даусымен конституциялық заңды, оларға өзгерістер мен толықтырулар енгізуді қабылдайды. Дауыс бергенде белгіленген дауыс саны алынбаған жағдайда заң жобасы қабылданбады деп саналады және оны нақ сол сессия ішінде Парламенттің қарауына енгізуге болмайды.

      38-тармақ. Парламенттің конституциялық заңды және оларға енгізілген өзгерістер мен толықтыруларды күшіне енгізу тәртібі туралы қаулысы Парламенттің әрбір Палатасы депутаттары жалпы санының көпшілік даусымен қабылданады.

6-тарау
Республикалық бюджетті, Үкімет пен Республикалық бюджеттің
атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің оның атқарылуы
туралы есептерін бекіту, бюджетке өзгерістер мен толықтырулар
енгізу тәртібі

      39-тармақ. Республикалық бюджетті және Үкімет пен Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің оның атқарылуы туралы есептерін бекіту, бюджетке өзгерістер мен толықтырулар енгізу олар ретімен әуелі Мәжілісте, содан соң Сенатта талқыланғаннан кейін Палаталардың бірлескен отырысында жүргізіледі.
      Республикалық бюджет заң нысанында бекітіледі.

      40-тармақ. Талқылау қаралып отырған мәселе бойынша қорытындылары бар Үкімет, Есеп комитеті өкілдерінің баяндамалары мен Палаталардың қосымша баяндамаларынан басталады. Баптар бойынша бекіткен кезде Палаталар депутаттарының сөз сөйлеу кезегі сақталады.

      41-тармақ. Палаталар республикалық бюджет жобасының белгілі бір бабын қабылдамаған жағдайда Парламент осы баптар бойынша бірлескен комиссия құруға құқылы.
      Комиссия өзінің құрылуына негіз болған және Палаталардың бірлескен отырысындағы талқылау барысында айтылған баптар мен түзетулерді ғана қарайды.
      Депутаттардың республикалық бюджетті тұтас алғанда кіріс бөлігінде қысқартуды немесе шығыс бөлігінде көбейтуді көздейтін түзетулері Республика Үкіметінің оң қорытындысы болған жағдайда ғана енгізілуі мүмкін.

      42-тармақ. Қайталап талқылаған кезде республикалық бюджет жобасының бірлескен комиссия қараған баптары ғана дауысқа қойылады.
      Республикалық бюджет жобасына депутаттардың енгізген түзетулерімен Үкімет келіскен жағдайда Парламент оны пысықтауға жіберуге құқылы.

      43-тармақ. Республикалық бюджеттің Үкімет енгізген жобасы қабылданбаған жағдайда Премьер-Министр Парламент Палаталарының бірлескен отырысында осы Регламенттің 60-тармағында белгіленген тәртіппен Үкіметке сенім білдіру туралы мәселе қоюға құқылы.

7-тарау
Республика Президентінің қарсылықтарын талқылау

      44-тармақ. Республика Президентінің қарсылықтарын туғызған заңдар немесе заң баптары бойынша қайталап талқылау мен дауыс беруді өткізу Президенттің қарсылықтары жіберілген күннен бастап бір ай мерзімде жүзеге асырылуға тиіс. Бұл мерзімнің сақталмауы Президент қарсылықтарының қабылданғандығын білдіреді.

      45-тармақ. Республика Президентінің қарсылықтарымен қайтарылған заң немесе заңның баптары Мәжіліс шешімімен Мәжілістің тиісті тұрақты комитетінің қарауына беріледі, ол Республика Президенті өкілінің қатысуымен қорытынды әзірлеп, оны заңмен немесе оның тиісті баптарымен және Президенттің қарсылықтарымен қоса толығымен Мәжілістің қарауына енгізеді. Бұл мәселе бойынша депутаттардың жалпы санының үштен екі көпшілік даусымен қабылданған Мәжіліс шешімі Президенттің қарсылықтарымен және Мәжілістің тұрақты комитетінің қорытындысымен қоса Сенаттың зерделеуіне жіберіледі, сондай-ақ Палаталардың бірлескен отырысында қарауға беріледі.
      Республика Президенті қарсылықтарының Мәжілісте қаралу мерзімі мен Сенаттың зерделеуі тиісінше 15 және 10 күннен аспауға тиіс.

      46-тармақ. Егер қарсылықтарды Мәжілістің тұрақты комитетінде және Мәжілістің жалпы отырысында қараудың қорытындылары бойынша Президент депутаттардың ұсыныстарын ескере отырып, қарсылықтардағы өзі ұсынған тұтас заңның не тиісінше оның жекелеген баптарының редакциясын өзгертсе, Парламент Палаталарының бірлескен отырысында төрағалық етуші қаралған қарсылықтарды Президенттің өзгерістерімен қоса бірден дауысқа қоюға құқылы.

      47-тармақ. Парламент Палаталарының бірлескен отырысында қайталап талқылау Мәжіліс өкілінің сөз сөйлеуінен басталады. Осыдан кейін әрбір Палатаның депутаттарына кезек ретімен сөз беріледі.

      48-тармақ. Парламент Палаталарының бірлескен отырысында заң немесе оның жекелеген баптары қайтадан талқыланып, дауысқа салынған кезде, егер Президенттің қарсылықтарын тұтас заң туғызған болса, тұтасымен заң бойынша не Республика Президентінің қарсылықтарын туғызған баптары бойынша дауыс беру өткізіледі.

      49-тармақ. Егер Парламент әрбір Палата депутаттары жалпы санының үштен екі көпшілік даусымен тұтас заң бойынша немесе тиісінше оның жекелеген баптары бойынша бұрын өзі қабылдаған шешімді қуаттаса, Республика Президентінің қарсылықтары еңсерілді деп есептеледі. Бұл ретте заң немесе тиісінше оның баптары Парламент оны алғашқы рет қабылдаған редакциясында қабылданды деп есептеледі және осы заң қол қоюға ұсынылған кезден бастап жеті күн мерзімде Президент оған қол қояды.

      50-тармақ. Егер Парламент дауыс беру нәтижесінде Президенттің қарсылықтарын еңсере алмаса, заң қабылданбаған болып есептеледі, не, егер Республика Президентінің қарсылықтарында тиісінше заңның, жекелеген заң баптарының жаңа редакциясы ұсынылған болса, ол осы редакциясында қабылданған болып есептеледі.

8-тарау
Республика Президентіне заң шығару өкілеттігін беру

      51-тармақ. Президенттің бастамасы бойынша Парламент әрбір Палата депутаттары жалпы санының үштен екі даусымен заң қабылдау арқылы оған бір жылдан аспайтын мерзімге заң шығару өкілеттігін беруге құқылы.

      52-тармақ. Президенттің өзі белгілеген мерзімге оған заң шығару өкілеттігін беру туралы бастамасы Мәжіліс Төрағасына беріледі, ол Парламент Палаталарының бірлескен отырысын шақырады.
      Республика Президенті өз бастамасы қаралатын мерзімді белгілеуге құқылы.

9-тарау
Республиканың Премьер-Министрі мен Ұлттық Банкінің Төрағасын
тағайындауға келісім беру

      53-тармақ. Республика Президенті Республиканың Премьер-Министрін, Республика Ұлттық Банкінің Төрағасын тағайындауға Парламенттің келісімін алу үшін Республика Парламентіне тиісті жазбаша ұсыныстар енгізеді, солардың негізінде Мәжіліс Төрағасы Парламент Палаталарының бірлескен отырысын шақырады.

      54-тармақ. Республика Президентінің Республика Премьер-Министрі мен Ұлттық Банкінің Төрағасын тағайындауына Парламенттің келісімі алдын ала не кейіннен берілетін сипатта болады және тікелей Палаталардың бірлескен отырысында беріледі. Қызметке кандидатураларды Республика Президенті немесе Республиканың ол уәкілдік берген лауазымды адамы ұсынады.

      55-тармақ. Парламент Палаталарының бірлескен отырысында:
      - кандидатқа және кандидатты ұсынушы адамға сұрақтар қойылуы;
      - депутаттар ұсынылған кандидатураны жақтап немесе оған қарсы пікірлер айтуы мүмкін.
      Егер депутаттар ұсынылған кандидатура жөнінде жарыссөз ашуды талап етпесе, ол өткізілмеуі мүмкін.

      56-тармақ. Президент ұсынған кандидатуралар бойынша Парламент қызметке тағайындауға келісім беру туралы шешімдер қабылдамаған жағдайда Президент Парламентке сол адамдар немесе жаңа кандидатуралар жөнінде жазбаша ұсыныстар енгізеді.

      57-тармақ. Парламент қызметке тағайындауға келісім беру туралы шешімдерді әрбір Палата депутаттары жалпы санының көпшілік даусымен қабылдайды.
      Егер Парламент дауыс берудің өзгеше тәртібін белгілемесе, шешімдер әр кандидатура бойынша ашық дауыс беру арқылы жеке-жеке қабылданады.
      Шешім Парламенттің әрбір кандидатура бойынша жеке-жеке қаулысымен ресімделеді.
      Республиканың Премьер-Министрі мен Ұлттық Банкі Төрағасының қызметіне тағайындауға келісім беру үшін Президент ұсынған кандидатуралар қабылданбаған жағдайда Парламент шешімінде қабылдамаудың кең көлемді дәлелдемесі болуға тиіс.

10-тарау
Үкімет Бағдарламасын қарау, оған сенімсіздік вотумын білдіру

      58-тармақ. Республиканың Премьер-Министрі өзін Республика Президенті тағайындағаннан кейін бір ай ішінде Парламентке Үкімет Бағдарламасы туралы баяндама ұсынады.
      Парламент Мәжіліс Төрағасының ұсынуымен бұл мәселені Парламент Палаталарында зерделенгеннен кейін бірлескен отырыстың күн тәртібіне енгізу туралы шешім қабылдайды.

      59-тармақ. Үкімет Бағдарламасын мақұлдау немесе қабылдамай тастау Парламенттің әрбір Палатасы депутаттары жалпы санының көпшілік даусымен жүзеге асырылады және Парламенттің қаулысымен ресімделеді.
      Үкімет Бағдарламасы қабылданбаған жағдайда Премьер-Министр ол қабылданбаған күннен бастап екі ай ішінде Бағдарлама туралы қайталап баяндама ұсынады.
      Үкімет Бағдарламасының қайталап қабылданбай тасталуы әрбір Палата депутаттары жалпы санының үштен екі көпшілік даусымен жүзеге асырылуы мүмкін және ол Үкіметке сенімсіздік вотумы білдірілгенін көрсетеді. Мұндай көпшіліктің болмауы Үкімет бағдарламасының мақұлданғанын білдіреді.

      60-тармақ. Үкіметке сенімсіздік вотумын білдіру туралы шешімді қабылдау әрбір Палата депутаттары жалпы санының үштен екі көпшілік даусымен мына жағдайларда:
      - Үкімет енгізген заң жобасының қабылданбауына байланысты Премьер-Министр Үкіметке сенім білдіру туралы мәселені қойғанда;
      - Парламент депутаттары жалпы санының кем дегенде бестен бір бөлігінің бастамасы бойынша Үкіметке сенім білдіру туралы мәселе қойылғанда жүзеге асырылады.

      61-тармақ. Үкімет енгізген заң жобасының қабылданбауына байланысты Премьер-Министр Палаталардың бірлескен отырысында Үкіметке сенім білдіру туралы мәселе қоюға құқылы. Бұл мәселе бойынша дауыс беру сенім білдіру туралы мәселе қойылған кезден бастап кем дегенде 48 сағат өткен соң өткізіледі.
      Егер сенімсіздік вотумы туралы ұсыныс әрбір Палата депутаттары жалпы санының үштен екі даусын ала алмаса, заң жобасы дауысқа салынбай қабылданды деп есептеледі. Алайда Үкімет бұл құқықты жылына екі реттен артық пайдалана алмайды.
      Үкімет Бағдарламасы қайталап қабылданбай тасталып, Үкіметке сенімсіздік вотумы білдірілген жағдайда Парламенттің тиісті қаулысы қабылданады.

11-тарау
Соғыс және бейбітшілік мәселелерін шешу

      62-тармақ. Парламент соғыс және бейбітшілік мәселелерін Палаталардың бірлескен отырысында шешеді.

12-тарау
Республиканың Қарулы Күштерін бейбітшілік пен қауіпсіздікті
сақтау жөніндегі халықаралық міндеттемелерді орындау үшін
пайдалану туралы мәселелерді шешу

      63-тармақ. Республиканың демократиялық институттарына, тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығына, саяси тұрақтылығына, оның азаматтарының қауіпсіздігіне елеулі және тікелей қатер төніп, мемлекеттің конституциялық органдарының қалыпты жұмыс істеуі бұзылған жағдайда Республика Президенті Республиканың Премьер-Министрімен және Парламенті Палаталарының Төрағаларымен ресми түрде консультациялар алысқаннан кейін, Қазақстанның бүкіл аумағында және оның жекелеген жерлерінде төтенше жағдай енгізуді, Республика Қарулы Күштерін пайдалануды қоса, аталған мән-жайлар талап ететін шараларды қолданып, бұл туралы Республика Парламентіне дереу хабарлайды.

      64-тармақ. Республикаға қарсы агрессия жасалған не оның қауіпсіздігіне сырттан тікелей қатер төнген жағдайда Республика Президенті Республиканың бүкіл аумағында немесе оның жекелеген жерлерінде соғыс жағдайын енгізеді, ішінара немесе жаппай мобилизация жариялайды және бұл туралы Парламентке дереу хабарлайды.

      65-тармақ. Республика Қарулы Күштерін бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтау жөніндегі халықаралық міндеттемелерді орындау үшін пайдалану туралы Республика Президентінің ұсынысын ол Парламент Палаталарының бірлескен отырысына енгізеді. Бұл мәселені қарау шұғылдығын Президент белгілейді.
      Шешім Парламенттің әрбір Палатасы депутаттары жалпы санының көпшілік даусымен қабылданады.

13-тарау
Республикалық референдум тағайындау туралы бастама көтеру

      66-тармақ. Референдум тағайындау туралы бастаманы Қазақстан Республикасының Парламенті көтереді, ол Қазақстан Республикасы Президентіне референдум тағайындау туралы ұсыныс жасайды. Бастама ұсынуды Парламент өз Палаталарының бірлескен отырысында әрбір Палата депутаттары жалпы санының көпшілік даусымен жүзеге асырады және тиісті қаулымен ресімдейді.
      Референдум тағайындау туралы бастама көтеру жөніндегі мәселе Парламент депутаттарының кемінде бестен бір бөлігінің бастамасы бойынша жүзеге асырылады.

      67-тармақ. Парламенттің белгілі бір мәселе (белгілі бір мәселелер) бойынша референдум тағайындау туралы бастама көтеру жөніндегі шешімі Республика Президентіне аталған мәселе (аталған мәселелер) бойынша соның алдындағы шешім қабылданғаннан кейін кем дегенде екі жыл өткен соң қайта енгізілуі мүмкін.

14-тарау
Конституциялық Кеңестің Төрағасы мен мүшелерінің ант қабылдауы.
Республика Конституциялық Кеңесінің жыл сайынғы жолдауларын
тыңдау

      68-тармақ. Конституциялық Кеңестің Төрағасы мен мүшелерінен өздері сайланғаннан кейін Парламент Палаталарының бірлескен отырысында Республика Президенті салтанатты жағдайда мынадай мазмұнда ант алады: "Өзіме жүктелген Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің Төрағасы (мүшесі) міндеттерін адал атқаруға, әділ болуға және Қазақстан Республикасының Конституциясына ғана бағынуға, одан басқа ешкімге және ешнәрсеге бағынбауға салтанатты түрде ант етемін".

      69-тармақ. Республика Конституциялық Кеңесінің Республикадағы конституциялық заңдылықтың жай-күйі туралы жыл сайынғы жолдаулары Палаталардың бірлескен отырысында тыңдалады және назарға алынады.

IV Бөлім
Әуелі Мәжілісте, содан соң Сенатта ретімен қарау арқылы
палаталардың бөлек отырыстарында Парламент қарайтын мәселелер

15-тарау
Заңдарды қабылдау

      70-тармақ. Заң шығару бастамасы құқығына Республика Парламентінің депутаттары, Республика Үкіметі ие болады және ол тек қана Мәжілісте іске асырылады.

      71-тармақ. Республика Парламенті депутатының (депутаттарының) тарапынан заң шығару бастамасы жасалған кезде бастамашы Мәжіліс Төрағасының атына ұсынысты ресімдейді, онда заң актісінің жобасын әзірлеудің немесе қолданылып жүрген заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізудің қажеттігі ашып көрсетіледі.
      Мәжіліс Төрағасы бұл ұсынысты Мәжілістің жалпы отырысының қарауына енгізеді.
      Мәжіліс заң актісінің жобасын әзірлеуге келіскен жағдайда Мәжіліс заң жобасының бастамашысын қажетті ұйымдық, ақпараттық және басқа да көмекпен қамтамасыз етеді, бас комитетті белгілейді.
      Жарамсыз қорытынды жасалған жағдайда Мәжіліс өз қорытындысының дәлелдемесін ашып көрсетеді және бұл туралы заң жобасының бастамашысына хабарлайды.
      Заң жобасын әзірлеу туралы ұсыныс Мәжілістің Жалпы бөлімінде ұсыныстың тіркелген кезінен бастап он бес күннен кешіктірілмей Мәжілісте қаралады.
      Заң жобасын Мәжілісте қарауға дайындау заң жобасының ұсынысы Мәжілістің Жалпы бөлімінде тіркелген кезден бастап 120 күннен аспауға тиіс.
      Бас комитет белгіленген мерзімде заң жобасын Мәжілістің жалпы отырысына енгізеді. Одан әрі заң жобасы осы Регламент пен Палаталардың Регламенттеріне сәйкес қаралады.

      72-тармақ. Парламент Сенатының депутаттары өздерінің заң жобасы жөніндегі ескертпелері мен ұсыныстарын оны Мәжілістің жалпы отырысында қарауға әзірлеумен шұғылданатын Мәжіліс комитеттеріне енгізе алады. Бұл орайда оларға ұсыныстар мен ескертпелерді қараудың нәтижелері туралы хабарланады.

      73-тармақ. Республика Үкіметі тарапынан бастама болған кезде заң жобасы тиісті құжаттарымен қоса Мәжілістің Регламентіне сәйкес қаралады.

      74-тармақ. Мәжіліс мақұлдаған заң жобасы Парламент Сенатының қарауына жіберіледі.
      Мәжіліс Палатаның қаулысымен қоса Сенатқа мынадай қосымшаларды жібереді:
      - заң жобасын Парламенттің қарауына енгізу туралы Үкімет қаулысы немесе депутаттың (депутаттардың) ұсынысы;
      - бастамашының редакциясындағы заң жобасы;
      - Мәжіліс редакциясындағы заң жобасы;
      - қаржы-экономикалық есептеу, егер заңды іске асыру шығындарды қажет етсе, Үкіметтің де қорытындысы;
      - жұмыс тобының құрамы;
      - Мәжіліс отырысының стенограммасы;
      - сол заң жобасын қабылдауға байланысты өзгертілуге немесе күші жойылған деп танылуға тиісті заң актілерінің тізбесі және сол заңды іске асыру үшін қажетті нормативтік актілерді әзірлеу туралы ұсыныстар;
      - бастамашының редакциясындағы заңды күшіне енгізу туралы Парламент қаулысының жобасы;
      - Мәжілістің редакциясындағы заңды күшіне енгізу туралы Парламент қаулысының жобасы.
      Заң жобалары, Парламенттің заңды күшіне енгізу туралы қаулылары қазақ және орыс тілдерінде табыс етіледі.
      Қолданылып жүрген заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын енгізген кезде баптардың бұрынғы және жаңа редакцияларының салыстырма кестесі табыс етіледі.
      Қажетті қосымшалар болмаған жағдайда Сенат Аппараты белгіленген талаптарды орындау үшін құжаттарды тіркеместен Мәжіліске қайтарады.
      Мәжілістен келіп түскен заң жобасы Сенат Аппаратының жалпы бөлімінде тіркелген күннен бастап 60 күнтізбелік күннен кешіктірілмей Сенатта қаралады.
      Сенат келіп түскен заң жобасын Сенат Регламентіне сәйкес қарайды.

      75-тармақ. Сенат тұтасымен қабылдамай тастаған заң жобасын Сенат Төрағасы оның қабылданбауының дәлелді негіздемесі көрсетілген Сенат қаулысымен және Сенат отырысының стенограммасымен қоса шешім қабылданған кезден бастап 12 күн ішінде Сенат Аппараты арқылы Мәжіліске қайтарады.
      Қайтарылған заң жобасы Мәжіліс Регламентіне сәйкес Мәжілісте қайта қаралады.
      Егер Мәжіліс депутаттардың жалпы санының үштен екі көпшілік даусымен жобаны тағы да мақұлдаса, ол қайталап талқылау мен дауысқа салу үшін Сенатқа беріледі.
      Сенат заң жобасы бойынша қайталап талқылау мен дауысқа салуды Сенат Регламентіне сәйкес жүргізеді.
      Қайталап қабылданбаған заң жобасын сол сессияның ішінде Сенатқа қайта енгізуге болмайды.
      Егер Мәжіліс Сенаттың тұтас заң жөніндегі қарсылығын еңсере алмаса, Мәжіліс Төрағасы жалпы отырыс өткізілген кезден бастап он күн ішінде бұл туралы заң жобасының бастамашысына хабарлайды.

      76-тармақ. Егер Сенат заң жобасына өзгерістер мен толықтырулар енгізетін болса, Сенат Төрағасы бұл туралы қаулыны Мәжілістің заң жобасы редакциясының салыстырма кестесімен және баптардың жаңа редакциясымен бірге шешім қабылданған кезден бастап екі аптадан аспайтын мерзімде Сенат Аппараты арқылы Мәжіліске қайтарады.
      Қайтарылған заң жобасы Мәжіліс Регламентіне сәйкес Мәжілісте қайта қаралады.
      Егер Мәжіліс ұсынылған өзгерістермен және толықтырулармен депутаттардың жалпы санының үштен екі көпшілік даусымен келіссе, заң қабылданды деп есептеледі, оған Мәжіліс Төрағасы қол қойып бекітіп, ол Мәжілістің жалпы отырысында қабылданған күннен бастап 3 күн ішінде Сенатқа жіберіледі. Сенат ұсынған өзгерістермен және толықтырулармен Мәжілістің келіскені туралы Мәжіліс қаулы қабылдайды. Сенат қабылданған заң келіп түскен күннен бастап 7 күн ішінде оны Республика Президентінің қол қоюына жібереді.
      Егер Сенат енгізген өзгерістер мен толықтыруларға Мәжіліс нақ сондай көпшілік дауыспен қарсы болса, бұл туралы ол қаулы қабылдайды және Сенатқа өкілеттік мерзімін көрсете отырып, келісім комиссиясының сан құрамын ұсынады.
      Сенаттың өзгерістері мен толықтыруларын Парламенттің қарау мерзімі келісім комиссиясы жұмысының мерзіміне тең болады.
      Сенаттың өзгерістерімен және толықтыруларымен, сондай-ақ келісім комиссиясының сан құрамы туралы ұсынысымен келіспеу жөніндегі Мәжіліс қаулысын Мәжіліс Төрағасы Сенатқа Мәжіліс Аппараты арқылы жібереді.
      Палаталар әрбір Палатаның сан жағынан тең депутаттарының қатысуымен келісім комиссиясын құрады.
      Келісім комиссиясының мүшелері өз құрамынан комиссия мүшелері жалпы санының көпшілік даусымен төраға сайлайды.
      Келісім комиссиясы тиісті заң жобасының бірыңғай мәтінін жасауға ұмтыла отырып, Сенаттың әрбір қарсылығын жеке-жеке қарайды.
      Заң шығару бастамасы құқығының субъектісі келісім комиссиясының жұмысына кеңесші дауыс құқығымен қатыса алады.
      Комиссия шешімді ашық дауыс беру арқылы қабылдайды. Келісім комиссиясының шешімдері оның мүшелері жалпы санының көпшілік даусымен қабылданады. Жақтап не қарсы берілген дауыстар тең мөлшерде болған жағдайда комиссия төрағасының даусы шешуші дауыс болып есептеледі.
      Жұмыс нәтижелері бойынша келісім комиссиясы келіспеушілікті еңсеру жөніндегі ұсыныс айтылған қорытынды қабылдайды, ол Мәжіліс Бюросы арқылы Мәжілістің жалпы отырысының қарауына енгізіледі.
      Келісім комиссиясы Сенат пен Мәжілістің жалпы отырыстарындағы баяндамашыны (баяндамашыларды) белгілейді.
      Келісім комиссиясы қорытындыны Мәжіліс Бюросына енгізген кезден бастап жеті күн ішінде Мәжіліс ұсынысты өзінің жалпы отырысында қарап, шешім қабылдауға тиіс.
      Мәжіліс әрбір ұсынысты жеке-жеке қарайды.
      Мәжіліс келісім комиссиясының ұсыныстары бойынша Палата депутаттары жалпы санының көпшілік даусымен шешім қабылдайды.
      Мәжіліс келісім комиссиясының ұсыныстарымен келісуі немесе келіспеуі мүмкін.
      Егер Мәжіліс келісім комиссиясының редакциясындағы заң жобасын депутаттардың жалпы санының көпшілік даусымен мақұлдаса немесе Мәжілістің бұрын қабылдаған редакциясындағы заң жобасын тағы да көпшілік дауыспен мақұлдаса, тиісті қаулы қабылданып, Мәжіліс шешімі жалпы отырыс өткізілген кезден бастап жеті күн ішінде Сенатқа жіберіледі.
      Сенат келісім комиссиясының ұсыныстары мен Мәжіліс шешімі бойынша Палата депутаттары жалпы санының көпшілік даусымен шешім қабылдайды.
      Сенат келісім комиссиясының ұсыныстарымен және Мәжіліс шешімімен келісуі немесе келіспеуі мүмкін.
      Сенат келіскен жағдайда заң жобасы заңға айналады және он күн ішінде Президентке қол қоюға ұсынылады.

      77-тармақ. Президенттің заң актілері жөніндегі қарсылықтарын талқылау осы Регламенттің 44-50-тармақтарына сәйкес өткізіледі.

16-тарау
Республикалық бюджетті және оның атқарылуы туралы есептерді,
бюджетке өзгерістер мен толықтыруларды талқылау, мемлекеттік
салықтар мен алымдарды белгілеу және жою

      78-тармақ. Республикалық бюджетті және оның атқарылуы туралы есептерді, бюджетке өзгерістер мен толықтыруларды талқылау, мемлекеттік салықтар мен алымдарды белгілеу және жою Сенат пен Мәжіліс Регламенттеріне сәйкес жүзеге асырылады.

17-тарау
Республиканың әкімшілік-аумақтық құрылымы мәселелерін шешу

      79-тармақ. Республиканың әкімшілік-аумақтық құрылымына байланысты мәселелерді шешу тәртібін Парламенттің Сенаты мен Мәжілісі заңдарға сәйкес қарайды.

18-тарау
Мемлекеттік наградаларды тағайындау, құрметті, әскери және өзге
де атақтарды, сыныптық шендерді, Республиканың дипломатиялық
дәрежелерін белгілеу, Республиканың мемлекеттік нышандарын
белгілеу

      80-тармақ. Парламент Палаталардың бөлек отырыстарында мәселелерді әуелі Мәжілісте, содан соң Сенатта ретімен қарау арқылы мемлекеттік наградаларды тағайындайды, құрметті, әскери және өзге де атақтарды, сыныптық шендерді, Республиканың дипломатиялық дәрежелерін белгілейді, Республиканың мемлекеттік нышандарын белгілейді.

      81-тармақ. Мемлекеттік награда тағайындаған, құрметті, әскери және өзге де атақтарды, сыныптық шенді, дипломатиялық дәрежені белгілеген жағдайда Парламент заң қабылдайды.

      82-тармақ. Парламенттің Қазақстан Республикасы азаматтарын ("Алтын Қыран" орденінен басқа) мемлекеттік наградалармен марапаттауға, ұсынуға құқығы бар.
      Бұл орайда:
      - Парламент Сенаты мен Мәжілісінің Төрағалары;
      - Парламент Сенаты мен Мәжілісінің тұрақты комитеттері;
      - Парламент депутаттарының 10 адамнан кем емес тобы, депутаттық топтар мен фракциялар бастамашылар бола алады.
      Бұл бастама тиісті Палатаның талқылауына шығарылып, кейіннен ол Парламенттің жалпы Мәжілісінде қаралады. Парламент ұсынысты Республика Президентіне қаулы қабылдау арқылы жасайды.

19-тарау
Мемлекеттік заемдар мен Республиканың экономикалық және
өзге де көмек көрсетуі туралы мәселелерді шешу

      83-тармақ. Мемлекеттік заемдар мен Республиканың экономикалық және өзге де көмек көрсетуі туралы мәселелерді шешу Парламент Палаталарының Регламенттерімен белгіленеді.

20-тарау
Азаматтарға рақымшылық жасау туралы актілер шығару

      84-тармақ. Республика Парламентінің рақымшылық жасауды жариялауы мәселелерді әуелі Мәжілісте, содан соң Сенатта ретімен қарау арқылы жүзеге асырылады.
      Рақымшылық жасауды жариялау және орындау тәртібі туралы заң жобасын Мәжіліске заң шығару бастамасы құқығының субъектісі енгізеді. Енгізілген заң жобасының өту рәсімі Мәжіліс Регламентіне сәйкес болуға тиіс.
      Рақымшылық жасауды жариялау туралы заңның Мәжілісте қаралып, Мәжіліс депутаттары жалпы санының көпшілік даусымен мақұлданған жобасы палата қаулысымен бірге ол мақұлданғаннан кейін он күнтізбелік күн ішінде Сенаттың қарауына жіберіледі.
      Рақымшылық жасауды жариялау туралы заңның Мәжіліс мақұлдаған жобасы келіп түскеннен кейін Сенат оны 60 күнтізбелік күн ішінде қабылдайды немесе қабылдамай тастайды.
      Сенат депутаттары жалпы санының көпшілік даусымен мақұлданған жағдайда заң қабылданды деп есептеледі, оған Парламенттің әр Палатасының Төрағалары, сондай-ақ егер заң жобасын Үкімет енгізген болса, Премьер-Министр қол қояды, сөйтіп ол 10 күн ішінде Республика Президентінің қол қоюына жіберіледі.

      85-тармақ. Парламент қаулысының жобасын Сенат тұтас немесе ішінара қабылдамауға құқылы.
      Парламент қаулысының жобасын Сенат тұтас немесе ішінара қабылдамаған жағдайда жобаның қайталап өту рәсімі осы Регламенттің IV бөлімінің 15-тарауына сәйкес болуға тиіс.

21-тарау
Республиканың халықаралық шарттарын бекіту және олардың күшін жою

      86-тармақ. Республиканың халықаралық шарттарын бекіту және олардың күшін жою мәселелері әуелі Мәжілісте, содан соң Сенатта ретімен қарау арқылы жүзеге асырылады және заңдар нысанында қабылданады.

V Бөлім
Парламент Палаталарының бірлескен комиссияларын құру
және олардың қызметін ұйымдастыру

      87-тармақ. Палаталардың бірлескен қызметіне қатысты мәселелерді шешу үшін Сенат пен Мәжіліс тепе-тең негізде бірлескен комиссиялар құруға құқылы. Бірлескен комиссиялардың сан құрамы Палаталар арасындағы келісім бойынша белгіленеді.
      Бірлескен комиссия құру туралы бастаманы, егер Палаталар бірінің депутаттары жалпы санының көпшілігі жақтап дауыс берсе және басқа Палатаның сондай көпшілігі қолдаса, Парламент депутаттары көтереді.
      Бірлескен комиссия мүшелерін өздерінің жалпы отырыстарында Палаталардың депутаттары ұсынады және депутаттардың жалпы санының көпшілік даусымен қабылданатын Палаталардың қаулыларымен бекітіледі.
      Палаталарда бірлескен комиссияның мүшелерін бекіткеннен кейін Палаталардың бірлескен отырысында Парламент әрбір Палата депутаттары жалпы санының көпшілік даусымен осындай бірлескен комиссия құру туралы қаулы қабылдайды.
      Бірлескен комиссиялар Парламенттің жұмыс органдары болып табылады және тікелей соның алдында есеп береді.

      88-тармақ. Бірлескен комиссияның төрағасын сайлау Палаталардың бірлескен отырысында Парламенттің әр Палатасы депутаттары жалпы санының көпшілік дауысымен жүзеге асырылады. Комиссия Парламентке бірлескен комиссия төрағасының кандидатурасы туралы ұсыныс енгізуге құқылы.
      Парламенттің әр Палатасы депутаттары жалпы санының ең көп дауыс санын алған кандидат бірлескен комиссияның төрағасы болып сайланды деп есептеледі.

      89-тармақ. Бірлескен комиссиялардың шешімдері комиссия мүшелері жалпы санының көпшілік даусымен қабылданады. Дауыстар тепе-тең бөлінген жағдайда комиссия төрағасының даусы шешуші дауыс болып есептеледі.
      Комиссияда Мәжіліс пен Сенат депутаттарының бөлек-бөлек дауыс беруі өткізілмейді.
      Комиссияның отырысы, егер оған бірлескен комиссия мүшелері жалпы санының кемінде үштен екісі қатысса, заңды болады.

      90-тармақ. Бірлескен комиссияның төрағасы, егер Парламенттің әр Палатасы депутаттары жалпы санының көпшілігі жақтап дауыс берсе, қызметінен кері шақырылып алынуы мүмкін.

      91-тармақ. Бірлескен комиссиялар өз құзыретіндегі мәселелер бойынша қаулылар шығарады.

      92-тармақ. Республика Конституциясының 47-бабының 1-тармағында (Республика Президентін науқастануына байланысты өз міндеттерін жүзеге асыруға қабілетсіздігі дендеген жағдайда қызметінен мерзімінен бұрын босату) көзделген Парламент пен оның Палаталары өкілеттігін жүзеге асыру мақсатында Парламент арнаулы уақытша комиссия құрады.
      Комиссия мүшелері мен оның төрағасын сайлау осы Регламенттің 87, 88-тармақтарына сәйкес жүзеге асырылады. Медицинаның тиісті салаларындағы мамандар арасынан комиссия мүшелерін сайлау Палаталардың тиісті комитеттерінің ұсынысы бойынша Палаталардың бірлескен отырысында Парламенттің әр Палатасы депутаттары жалпы санының көпшілік даусымен жүзеге асырылады.
      Комиссия шешімі осы Регламенттің 89-тармағына сәйкес қабылданады және комиссияның қорытындысы түрінде ресімделеді.
      Республика Президентін мерзімінен бұрын босату туралы шешім Парламент Палаталарының бірлескен отырысында комиссияның қорытындысы мен Конституциялық Кеңестің белгіленген конституциялық рәсімдердің сақталғандығы туралы қорытындысы негізінде олардың әр Палатасы депутаттары жалпы санының кемінде төрттен үш көпшілігімен қабылданады.

VI Бөлім
Парламент депутаттарының өкілеттігін жүзеге асыру тәртібі,
депутаттық әдеп ержелері және депутаттардың жауапкершілігі

22-тарау
Парламент депутаттарының өкілеттігін жүзеге асыру тәртібі

      93-тармақ. Депутат Парламенттің және оның өзі құрамына сайланған органдарының жұмысына қатысуға міндетті.

      94-тармақ. Депутат Парламенттің сессияларында және оның өзі құрамына енетін органдарының отырыстарында қаралатын барлық мәселелер бойынша шешуші дауыс құқығын пайдаланады.

      95-тармақ. Парламент депутаты:
      1) Парламент пен оның Палаталарының үйлестіруші және жұмыс органдарын сайлауға және оларға сайлануға;
      2) Сессияның күн тәртібі, талқыланатын мәселелерді қарау тәртібі мен олардың мәні жөнінде ұсыныстар мен ескертпелер енгізуге;
      3) Парламент Палаталары сайлайтын немесе тағайындайтын не олардың тағайындалуына Парламент келісім беретін лауазымды адамдардың кандидатуралары жөнінде өз пікірін айтуға;
      4) Парламент Палаталарының бірлескен және бөлек отырыстарында қарау үшін ұсынылатын мәселелер бойынша Палата Бюросына ұсыныстар енгізуге, ал өз ұсыныстары қабылданбаған жағдайда оларды Палаталардың жалпы отырыстарының қарауына енгізуге;
      5) Парламент пен оның Палаталары органдарының отырыстарында қарау үшін мәселелер ұсынуға;
      6) Парламент Палаталарына есеп беретін лауазымды адамдардың есебін немесе хабарламасын Парламент сессиясында тыңдау туралы ұсыныстар енгізуге;
      7) заңда белгіленген тәртіппен депутаттық сауалдар салуға;
      8) жарыссөзге қатысуға, баяндамашыларға, сондай-ақ отырыста төрағалық етушіге сұрақтар қоюға;
      9) дауыс беру себептері бойынша өз ұсыныстарын негіздеп сөз сөйлеуге, анықтамалар беруге;
      10) Парламент қабылдайтын заңдардың, қаулылардың, басқа да актілердің жобаларына түзетулер енгізуге;
      11) Парламент депутаттарын азаматтардың қоғамдық маңызы бар үндеулерімен таныстыруға;
      12) Парламент отырыстарының стенограммалары мен хаттамаларындағы депутаттардың сөйлеген сөздерінің мәтіндерімен танысуға;
      13) Республиканың заңдарына, Парламент пен Палата Регламенттеріне сәйкес басқа да өкілеттікті жүзеге асыруға құқылы.

      96-тармақ. Депутаттық міндеттерін орындауға кедергі жасау мақсатымен депутатқа немесе оның жақын туыстарына қандай түрде болса да ықпал жасау Республика заңдарына сәйкес жауаптылыққа әкеп соғады.
      Мемлекеттік органдар мен қоғамдық бірлестіктердің, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының, ұйымдардың депутат алдындағы өз міндеттерін орындамаған, оған көрінеу жалған ақпарат берген, депутаттық қызметтің кепілдіктерін бұзған лауазымды адамдары Республика заңдарына сәйкес жауапқа тартылуға тиіс.

      97-тармақ. Парламент депутатының басқа өкілді органның депутаты болуға, оқытушылық, ғылыми немесе өзге де шығармашылық қызметтен басқа ақы төленетін өзге қызмет атқаруға, кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға, коммерциялық ұйымның басшы органының немесе байқаушы кеңесінің құрамына кіруге құқығы жоқ. Осы ереженің бұзылуы Республика Орталық сайлау комиссиясының ұсынуымен депутаттың өкілеттігін тоқтатуға әкеп соғады.

      98-тармақ. Депутаттық сауал Парламент Палаталарының бірлескен немесе бөлек жалпы отырысында депутаттың мемлекеттік органдардың лауазымды адамдарына сол органның немесе лауазымды адамның құзыретіне кіретін мәселелер жөнінде Парламент сессиясында негізделген түсіндірме беруін немесе өз айқындамасын баяндауын ресми түрде қойған талабы болып табылады.
      Парламент депутатының Республиканың Премьер-Министрі мен Үкіметі мүшелеріне, Ұлттық Банкі Төрағасына, Орталық сайлау комиссиясының Төрағасы мен мүшелеріне, Бас Прокурорына, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Төрағасына; республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің Төрағасы мен мүшелеріне сауал салуға құқығы бар. Бұл орайда Бас Прокурорға салынған сауал қылмыстық қудалау міндеттерін жүзеге асыруға байланысты мәселелерге қатысты бола алмайды.
      Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Төрағасына салынған депутаттық сауалды қарау Палаталардың жабық отырысында жүргізіледі.

      99-тармақ. Депутаттық сауал жазбаша түрде енгізілуі мүмкін және Парламент Палаталарының бірлескен немесе бөлек жалпы отырысында жария етілуге тиіс.

      100-тармақ. Депутат сауал салғанда өзі жолданып отырған нақты лауазымды адамды және күтетін жауабының нысанын (ауызша немесе жазбаша) көрсетуге міндетті.
      Сауал салған депутат құрамына кіретін Палатаның Аппараты салынған сауалды жалпы отырыста оқылған кезден бастап үш күн мерзімде оны мемлекеттік органның тиісті лауазымды адамына жібереді.

      101-тармақ. Егер депутаттық сауалға лауазымды адам Парламенттің немесе Палатаның жалпы отырысында ауызша жауап қайтаруға тиіс болса, сауалға жауап ол жолданған адамға келіп түскен күннен бастап бір ай мерзімнен кешіктірілмей Парламенттің немесе оның Палатасының жалпы отырысында қайтарылуға тиіс.
      Депутаттық сауал Парламенттің немесе оның Палатасының жалпы отырысында мынадай тәртіппен қаралады:
      1) депутаттың сауал салып сөз сөйлеуі (5 минөтке дейін);
      2) депутаттық сауал салынған лауазымды адамның жауабы (20 минөтке дейін).
      Жауап тыңдалып болғаннан кейін депутаттық сауалдың авторы, сондай-ақ басқа да депутаттар сауалда қойылған проблемалар бойынша сұрақтар қоя алады. Депутаттық сауал салынған лауазымды адамға депутаттардың сұрақтарына жауап қайтару үшін 30 минөтке дейін уақыт бөлінеді. Салынған сауалға жауап бойынша жарыссөз ашылуы мүмкін.

      102-тармақ. Лауазымды адам сауалға Парламенттің немесе Палатаның жалпы отырысында жауап қайтаруға міндетті. Депутаттық сауал авторының келісуімен сауалға жауап қайтарылатын күні сауал салынған адамның міндетін атқаруға ресми тағайындалған лауазымды адамның да сауалға жауап қайтаруы мүмкін. Егер сауал салынған адам қызмет міндеттерін атқаруға байланысты Парламенттің немесе Палатаның жалпы отырысына қатыса алмайтын болса, сауалға жауап қайтарылуын кейінге қалдыруға болады, бірақ ол бір айдан аспауы керек.

      103-тармақ. Депутаттық сауалға қайтарылған жауап және оны талқылаудың нәтижелері бойынша Парламенттің немесе оның Палатасының қаулысы қабылданады. Сауал мен оған қайтарылған жауап бұқаралық ақпарат құралдарында жариялануы мүмкін.

      104-тармақ. Депутаттар Палаталардың бірлескен және бөлек жалпы отырысында Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі мен Үкіметі мүшелеріне, Ұлттық Банкі Төрағасына, Орталық сайлау комиссиясының Төрағасы мен мүшелеріне, Бас Прокурорына, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Төрағасына, Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің Төрағасы мен мүшелеріне ауызша сұрақтар қоюға құқылы. Сұраққа жауап осы отырыста, ал жауап қайтаруға қосымша дайындық қажет болған жағдайда - үш күн мерзімде қайтарылады.

      105-тармақ. Депутат Палаталардың Регламентіне сәйкес Республиканың кез келген аймағына немесе одан тыс жерлерге іссапарға барады. Бұл орайда депутаттарды іссапарға жіберу Парламент отырыстарының кворумына әсер етпеуге тиіс.

23-тарау
Депутаттық әдеп ережелері

      106-тармақ. Республика Парламенті депутаттарының депутаттық әдеп ережелері олар депутаттық өкілеттігін жүзеге асырған кезде де, оны атқармаған кезде де басшылыққа алуға тиіс болатын тәртіп нормаларын белгілейді:
      - Республика Парламентінің депутаттары бір-біріне және Парламент Палаталарының, комитеттердің, комиссиялар мен Парламент құрған басқа да депутаттық құрылымдардың жұмысына қатысушы өзге адамдардың бәріне сыйластықпен қарауға тиіс;
      - өз сөздерінде Парламент депутаттарының және басқа адамдардың ар-ожданы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтіретін орынсыз айыптауларды, дөрекі, қорлайтын сөздерді қолданбауға тиіс;
      - заңсыз және күш қолданатын әрекеттерге шақырмауға тиіс;
      - Парламент Палаталарының, оның үйлестіруші және жұмыс органдарының қалыпты жұмысына кедергі келтірмеуге;
      - шешеннің сөзін бөлмеуге;
      - бөгде карточканы пайдаланып дауыс бермеуге;
      - іс-әрекетімен намысқа тиетін қимыл-ишарат жасауға, сес көрсетуге және қорлауға жол бермеуге тиіс.

      107-тармақ. Парламент депутаты мемлекеттік және өзге де заңмен қорғалатын құпиялары бар ақпаратты ондай құпияларды сақтаудың белгіленген тәртібін сақтай отырып пайдалануға міндетті.
      Парламент депутатының депутаттық өкілеттігін жүзеге асыру кезінде өзіне белгілі болған мәліметтерді, егер ол мәліметтердің Парламент Палаталары мен оның үйлестіруші және жұмыс органдарының жабық отырыстарында қаралған мәселелерге қатысы болса, жария етуіне болмайды.
      Парламент депутаты депутаттық бланкілерді тек ресми сауал салу, хаттар, құжаттар үшін ғана пайдаланып, оларға тікелей өзі қол қоюға міндетті.

      108-тармақ. Республика Парламентінен өкіл болуға арнаулы өкілеттігі жоқ Парламент депутаты басқа мемлекеттердің лауазымды адамдарымен және мемлекеттік органдарымен тек өз атынан ғана қатынас жасай алады.
      Бұл орайда депутат Қазақстан Республикасының мүдделерін, оның азаматтарының құқықтарын, бостандықтары мен мүдделерін қорғауға, өз әрекеттерімен республика мүдделеріне нұқсан келтірмеуге, сондай-ақ басқа мемлекеттердің заңдарын бұзбауға, оларда мекендейтін халықтардың ұлттық дәстүрлері мен салттарын құрметтеуге міндетті.

      109-тармақ. Парламент депутаты бұқаралық ақпарат құралдарында, баспасөз конференцияларында, митингілерде, өзге де көпшілік алдында сөйлеген сөздерінде немесе мәлімдемелерінде анық және тексерілген фактілерді ғана пайдалануға, қоғамдық пікірді бұрмалайтын пайымдауларға жол бермеуге, кез келген азаматтың ар-ожданы мен қадір-қасиетін қорлайтын сөздерді қолданбауға міндетті.
      Сынап сөйлеген сөздерінде шындыққа үйлеспейтін не тексерілмеген фактілерді қасақана немесе абайсызда қолданып қалған жағдайда бұл орайда мүдделері мен намысына нұқсан келген ұйымдардан, органдар мен адамдардан көпшілік алдында кешірім сұрау - Парламент депутатының парызы.

24-тарау
Парламент депутаттарының жауапкершілігі

      110-тармақ. Депутат Парламенттің жалпы отырыстарында бір сессия ішінде дәлелді себептерсіз үш реттен артық болмаған жағдайда оған болмаған күндері үшін жалақы төлеуден бас тартылады.
      Депутат Парламент пен оның органдарының отырыстарында дәлелді себептерсіз бір айдан астам уақыт болмаған жағдайда депутатқа болмаған мерзімі үшін:
      - жалақы төлеуден;
      - көлікте жүру құжаттарын кезектен тыс сатып алудан;
      - іссапарға шығудан;
      - іссапар шығындарын төлеуден;
      - автомобиль көлігімен қызмет көрсетуден;
      - емдеу-сауықтыру және санаторий-курорт қызметін көрсетуден бас тартылады.
      Депутат Палаталардың бірлескен отырысында болмаған жағдайда бұл туралы шешімді - тиісті Палатаның Төрағасы, ал Палата органдарының отырыстарында болмаған жағдайда - тиісті Палатаның Бюросы қабылдайды.

      111-тармақ. Депутат өзінің дауыс беру құқығын тікелей жүзеге асырады. Қатыспаған депутат үшін дауыс беруге тыйым салынады.

      112-тармақ. Осы Регламентпен және Палаталардың Регламенттерімен белгіленген депутаттық әдеп ережелерін бұзған жағдайда тиісті Палата Төрағасының шешімімен депутатқа мынадай жазалау шаралары қолданылуы мүмкін:
      1) парламенттік мінеу;
      2) көпшілік алдында кешірім сұрауға мәжбүр ету;
      3) Палаталардың бірлескен немесе бөлек бір жалпы отырысы бойы сөзден айыру;
      4) Палаталардың бірлескен немесе бөлек үш жалпы отырысы бойы сөзден айыру;
      5) Палаталардың бірлескен немесе бөлек бір жалпы отырысы уақытында отырыс залынан шығарып жіберу;
      6) Палаталардың бірлескен немесе бөлек үш жалпы отырысы уақытына отырыс залынан шығарып жіберу;
      7) бір күндік жалақысынан айыру.
      Депутатқа қолданылатын аталған жазалау шараларының бәрі Палаталар Төрағаларының өкімдерімен ресімделіп, Парламент Палаталары Аппаратының орындауына беріледі.

      113-тармақ. Депутаттарға жазалау шараларын қолдануға, олардың осы Регламенттің 110, 111-тармақтарының талаптарын, депутаттық әдеп ережелерін сақтауына, сондай-ақ депутаттар өкілеттігінің тоқтатылуына және оларды өкілеттігі мен депутатқа ешкімнің тиіспеуінен айыруға байланысты мәселелерді дайындау Республиканың Орталық сайлау комиссиясына жүктеледі.

      114-тармақ. Депутаттың Парламент пен оның органдары отырыстарына тек Палаталар Төрағаларының немесе Парламенттің тиісті органдары басшыларының рұқсатымен ғана қатыспауына болады.

VII Бөлім
Республика Парламентіндегі депутаттық бірлестіктер

      115-тармақ. Парламент депутаттары саяси партиялардың фракциялары және өзге де қоғамдық бірлестіктер, депутаттық топтар түрінде депутаттық бірлестіктер құруға құқылы.
      Парламент Палаталарының Төрағалары мен олардың орынбасарлары, Жоғары Сот Кеңесінің құрамына және Біліктілік әділет алқасына Палаталар жіберген депутаттар депутаттық бірлестіктерге кіре алмайды.

      116-тармақ. Фракция - саяси партияның немесе заңмен белгіленген тәртіппен тіркелген өзге де қоғамдық бірлестіктің атынан өкілдік ететін депутаттардың ұйымдасқан тобы, ол Парламентте тиісті саяси партия мен өзге де қоғамдық бірлестіктің мүдделерін білдіру мақсатында құрылады. Фракция Парламенттің кем дегенде он депутатын біріктіруге тиіс. Фракцияның құрамына Парламенттің екі Палатасының да депутаттары кіре алады.

      117-тармақ. Депутаттық топ - депутаттардың өз өкілеттігін жүзеге асыру, сайлау округтерінде бірлесіп жұмыс істеу үшін құрылатын бірлестігі. Депутаттық топтың құрамында Парламенттің кем дегенде он бес депутаты болуға тиіс.

      118-тармақ. Фракциялар мен депутаттық топтарды тіркеу Парламент Палаталарының Бюроларында жүзеге асырылады, бұл келіп тіркелу ретімен жүргізіліп, тек қана ақпараттық сипатта болады.
      Фракцияларды немесе депутаттық топтарды тіркеу ісін Парламенттің қай Палатасының Бюросы жүзеге асыратынын олардың өзі дербес белгілейді.
      Фракциялар мен депутаттық топтарды тіркеу үшін Парламент Палаталарының Бюроларына жазбаша хабарлама жіберіліп, онда оның атауы, мақсаттары, құрамы мен фракцияның немесе депутаттық топтың атынан сөйлеуге уәкілдік берілген және Парламенттің, Палаталардың отырыстарында, комиссияларда, мемлекеттік органдарда, саяси партиялар мен қоғамдық бірлестіктерде оның өкілі болатын адамдар белгіленеді.
      Бюро Парламент депутаттарына, бұқаралық ақпарат құралдарына фракциялар мен депутаттық топтардың құрамы туралы мәліметтер береді.

      119-тармақ . Депутаттық бірлестіктер тіркелген кезде олардың бірде-біреуіне кірмеген Парламент депутаттары кейіннен олардың кез келгеніне кіре алады.
      Фракция немесе депутаттық топ жаңа мүшелерді қосып алған немесе олардың құрамынан депутаттар шыққан кезде ол жөнінде өзін тіркеген Бюроға хабарлайды.

      120-тармақ. Депутаттар депутаттық бірлестіктен шыққан жағдайда оның сан құрамы оны тіркелген кезде болуға тиісті мүшелер санынан азайып қалса, ол өз қызметін тоқтатады.

      121-тармақ. Парламент депутаттары тек бір ғана фракцияның және бірнеше депутаттық топтың мүшелері бола алады.

      122-тармақ. Депутаттық бірлестіктер өз шешімдері туралы Парламенттің екі Палатасының Төрағаларына хабарлап отырады.

      123-тармақ. Депутаттық бірлестіктердің өкілдері фракцияның, топтың атынан:
      - Парламент пен Палаталар отырыстарының күн тәртібі, талқыланатын мәселелерді қарау реті мен олардың мәні жөнінде ескертпелер мен ұсыныстар енгізуге;
      - Парламент немесе оның Палаталары сайлайтын немесе тағайындайтын, не Парламент немесе оның Палаталары тағайындауға келісім беретін лауазымды адамдардың кандидатуралары бойынша пікір айтуға;
      - Парламент пен оның Палаталары қабылдайтын заңдардың, қаулылардың және басқа да актілердің жобаларына түзетулер ұсынуға;
      - Парламент депутаттарын азаматтардың өтініштерімен, фракциялар, депутаттық топтар қабылдаған шешімдермен таныстыруға;
      - мемлекеттік органдардың және лауазымды адамдардың депутаттық бірлестіктің қызметі үшін қажетті материалдар мен құжаттарды сұратып алдыруға;
      - жарыссөз тоқтатылған кезде депутаттық бірлестік атынан сөз сөйлеуді талап етуге құқылы. Бұл жағдайда төрағалық етуші оған сөз беруге міндетті.

      124-тармақ. Депутаттық бірлестіктердің ішкі қызметін олар дербес ұйымдастырады.
      Депутаттық бірлестіктердің қызметін ұйымдық, құжаттық, ақпараттық-талдама және өзге жағынан қамтамасыз етуді Парламент Палаталарының Аппараттары жүзеге асырады.

VIII Бөлім
Халықаралық, Парламентаралық ынтымақтастық

      125-тармақ. Қазақстан Республикасының Парламенті басқа мемлекеттердің Парламенттерімен және халықаралық парламенттік ұйымдармен парламентаралық ынтымақтастық туралы келісім жасай алады.

      126-тармақ. Парламент жыл сайын басқа мемлекеттердің Парламенттерімен ынтымақтастық бағдарламасын қабылдайды. Бағдарламалардың жобаларын басқа комитеттердің пікірлерін, Палаталар Аппараттары Бөлімдерінің ұсыныстарын ескере отырып, Палаталардың тиісті комитеттері дайындайды және Парламент Палаталарының бірлескен отырысында Парламент депутаттары жалпы санының көпшілік даусымен Парламент қаулысымен бекітіледі және Парламент депутаттарына хабарланады.

      127-тармақ. Парламент бекіткен бағдарламаға сәйкес Парламенттің екі Палатасының Төрағалары Палаталар комитеттерінің, Аппараттары Бөлімдерінің пікірлерін ескере отырып, Парламенттің шетелдерге жіберілетін ресми делегацияларының құрамын тең негізде белгілейді, осы делегациялардың басшыларын, олардың орынбасарлары мен хатшыларын тағайындайды, сондай-ақ басқа мемлекеттердің парламенттерімен ынтымақтастық жөніндегі парламентаралық комиссиялардың (парламенттік, жұмыс топтарының) қазақстандық бөлігінің құрамын белгілейді, олардың өкілеттігін анықтайды. Парламент депутаттары арасынан жіберілетін ресми делегациялардың мүшелері әр Палатаның жалпы отырысында қаулымен бекітіледі. Парламенттің ресми делегацияларының құрамына Парламент Палаталары Аппараттары қызметкерлерінің енуі мүмкін.
      Фракциялар мен депутаттық топтардың делегациялары шетелге өз қаражаты есебінен жіберіледі және шетелде тұтас Парламенттің емес, тиісті сайлау бірлестіктері мен депутаттық бірлестіктерден ғана өкіл болады.

      128-тармақ. Ресми делегациялар Палаталардың Бюросына, сондай-ақ тиісті комитеттерге, ал қажет болған жағдайда басқа комитеттерге де өз жұмысы туралы есеп береді. Палаталар Төрағаларының, Палаталар Бюроларының, сондай-ақ делегация басшысының бастамасы бойынша мұндай есеп Парламенттің қарауына шығарылуы мүмкін.

      129-тармақ. Басқа мемлекеттердің парламенттерімен ынтымақтастық жөніндегі парламентаралық комиссиялардың (парламенттік, жұмыс топтарының) қазақстандық бөліктері туралы ережені, сондай-ақ парламенттік делегациялар туралы Ережені Парламент өз Палаталарының бірлескен отырысында бекітеді.

      130-тармақ. Парламент Қазақстандағы шетелдік парламенттік делегацияларды, сондай-ақ парламентаралық комиссиялардың қазақстандық бөлігі қатарында немесе Парламент Палаталары делегациясының құрамында шетелге баратын депутаттарды хаттамалық, қаржы және ұйымдық-техникалық жағынан қамтамасыз етудің бірыңғай тәртібін бекітеді.

      131-тармақ. Мемлекеттер Парламенттерінің басшыларына, мемлекеттер мен Үкіметтердің басшыларына, Парламенттік делегациялардың басшыларына Сенат Төрағасымен келісілген Мәжіліс Төрағасының шешімі бойынша, олар Қазақстан Республикасының Парламентінде болған кезде Қазақстан Республикасы Парламенті депутаттарының алдында сөз сөйлеуге мүмкіндік берілуі мүмкін.

IX Бөлім
Қорытынды ережелер

      132-тармақ. Қазақстан Республикасы Парламентінің Регламенті, оған енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар әрбір Палата депутаттары жалпы санының көпшілік даусымен Парламенттің жалпы отырысында Парламент қаулысымен қабылданады.
      Парламент Регламенті қабылданған күннен бастап күшіне енеді.

      133-тармақ. Парламенттің Регламентін өзгерту мен толықтыру туралы ұсыныстарды Парламенттің Палаталары, фракциялар, депутаттық топтар мен депутаттар Мәжіліске енгізе алады, олар қаралғаннан кейін Мәжілістің Төрағасы оларды Парламенттің мәселелерді қарау жоспарына енгізуге және Парламенттің жалпы отырысында бекітуге шығарады. Парламенттің Регламентін өзгерту мен толықтыру туралы мәселелер Парламент Палаталарының бірлескен отырысында қаралады.

      134-тармақ. Парламент депутаттарының оның конституциялық өкілеттігін жүзеге асыруды мақсат етіп, Регламенттерде белгіленген ережелер мен рәсімдер сақталмай өткізілетін кез келген отырысы заңсыз болып табылады. Мұндай жиналыс қабылдаған актілер жарамсыз болады.

      135-тармақ. Парламент жұмыс органын - Парламент Регламенті жөніндегі бірлескен комиссия құрады, ол түсініктеме береді, депутаттардың Парламент Регламентіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі ұсыныстарын қарайды және оларды Парламент Палаталары бірлескен отырысының қарауына енгізеді.