28.12.1998

Тауарлар импорты жағдайында ішкі рынокты қорғау шаралары туралы

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР 08.06.2015 № 316-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік отыз күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

МАЗМҰНЫ

      Осы Заң ұлттық экономиканы импорттық тауарлармен бәсекелестік жағдайына бейімдеу үшін отандық тауар өндірушілерді және Қазақстан Республикасының экономикалық қауіпсіздігін қорғау мақсатында белгіленетін қорғау шараларын қолдану процесінде туындайтын қатынастарды реттейді.

      1-бап. Негізгі ұғымдар

      Осы Заңда мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:
      1) елеулi залал – Қазақстан Республикасының аумағына тауар жеткiзiп беру көлемiнiң өсуi салдарынан, атап айтқанда, сондай тауар өндiру көлемiнiң қысқаруынан, Қазақстанның iшкi рыногында отандық тауарды өткiзудiң қысқаруынан, сондай тауарды өндiру рентабельдiлігiнiң төмендеуiнен, жұмысқа орналасуға, жалақы деңгейiне терiс әсер етуден бiлiнетiн, Қазақстан Республикасындағы ұқсас немесе тiкелей бәсекелес тауардың отандық өндiрiсi саласындағы ахуалдың жалпы едәуiр нашарлауы;
      2) елеулi залал келтiру қаупi – елеулi залалдың анық болмай қоймайтындығы;
      3) импорттық квота – Қазақстан Республикасының аумағына тауар импортын оның санына және (немесе) құнына қатысты шектеу;
      4) қорғау баждары – ұқсас немесе тiкелей бәсекелес тауарларды отандық өндiрушiлерге елеулi залал келтiруi немесе оны келтiру қаупiн туғызуы мүмкiн болатын мөлшерде және сондай жағдайларда Қазақстан Республикасының кедендік аумағына қандай да болсын тауар жеткiзiп берiлген жағдайларда мемлекеттік кіріс органдары алатын кеден бажының мөлшерлемесінен асып түсетін баждар;
      5) қорғау шаралары – ұқсас немесе тiкелей бәсекелес тауардың отандық өндiрушiлерiне елеулi залал келтiретiндей немесе оны келтiру қаупiн туғызатындай мөлшерде (отандық өндiрiске абсолюттi немесе салыстырмалы түрде) және жағдайларда Қазақстан Республикасының аумағына оның iшкi рыногындағы еркiн айналыс үшiн әкелiнетiн тауар жеткiзiп беруге қорғау баждары және (немесе) квоталар белгiлеу түрiнде Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң қаулысы негiзiнде қолданылатын әкiмшiлiк-экономикалық ықпал ету құралдарының жиынтығы;
      6) құпия ақпарат – ашылуы бәсекелестер үшiн едәуiр артықшылықтар беретiн немесе ақпарат берген мүдделi тарап үшiн едәуiр қолайсыз зардаптары болатын ақпарат;
      7) мүдделi тұлғалар (тараптар) – Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсiпкерлер палатасы; iстi қарау объектiсi болып табылатын ұқсас немесе тiкелей бәсекелес отандық тауар өндiрушi не қатысушыларының көпшiлiгi осындай тауар өндiретiн отандық өндiрушiлер бiрлестiгi; iстi қарау объектiсi болып табылатын шетелдiк тауар экспорттаушы мен шетелдiк тауар өндiрушi; отандық тауар импорттаушы немесе қатысушыларының көпшiлiгi осындай тауарды импорттаушылар болып табылатын отандық импорттаушылар бiрлестiгi; шет мемлекеттiң үкiметi, тауарды шығарған немесе осындай тауарды экспорттаған елдiң уәкiлеттi органы не осындай тауарды шығарған немесе оны экспорттаған елдер кiретiн шет мемлекеттер одағының уәкiлеттi органы; тауарды тұтынушы немесе тұтынушылар бiрлестiгi; Қазақстан Республикасының атқарушы билiк органдары; құқықтары мен мүдделерi осы iсті қарауда қозғалатын және осы Заңның 6-бабында аталған уәкiлеттi органның пiкiрi бойынша осы iсті қарауды жүргiзуге жәрдемдесе алатын өзге де тұлғалар;
      8) отандық өнеркәсiп (отандық өндiрушiлер) – Қазақстан Республикасының аумағында қызметiн жүзеге асыратын, ұқсас немесе тiкелей бәсекелес тауарларды өндiрушiлердiң не ұқсас немесе тiкелей бәсекелес тауарларды ұжымдық өндiруi Қазақстан Республикасының аумағында осы тауарлардың жалпы өндiрiсiнiң көпшiлiк бөлiгiн құрайтын өндiрушiлердiң жиынтығы;
      9) тауардың алдындағы кезеңдегi импорты – тауар импортының алдындағы үш жылдағы, оларға қатысты статистикалық ақпарат бар орташа шамасы;
      10) уақытша қорғау шаралары – Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысы негізінде мемлекеттік кіріс органдары қорғау баждары түрінде қолданатын алдын ала қорғау шаралары;
      11) уәкiлеттi орган – Қазақстан Республикасының сауда және өндiрiстiк қызмет мониторингiн жүзеге асыратын, елеулi залалдың бар екендiгiн немесе оның келтiрiлу қаупiн және қорғау шараларын енгiзу қажеттiгiн анықтау жөнiнде iс қарауды жүргiзетiн мемлекеттiк орган;
      12) ұқсас немесе тiкелей бәсекелес тауар – сыртқы экономикалық қызмет тауар номенклатурасының дәл сол бiр кодымен жiктелетiн және басқа тауарға толық ұқсас немесе сатып алушы тұтыну процесiнде сондай тауарлармен басқа тауарды алмастыратындай немесе алмастыруға дайын болатындай, өзiнiң функционалдық мақсаты, қолданылуы, сапалық және техникалық сипаттамалары мен басқа да негiзгi қасиеттерi жағынан онымен салыстыруға болатын тауар;
      13) iстi қарау – ұқсас немесе тiкелей бәсекелес тауарды отандық өндiрушiлерге елеулi залал келтiретiндей немесе оны келтiру қаупiн туғызатындай мөлшерде және жағдайларда Қазақстан Республикасының аумағына қандай да болсын тауардың әкелiнуiне қатысты құжаттарды және басқа да айғақтарды қарау рәсiмi.
      Ескерту. 1-бап жаңа редакцияда - ҚР 07.11.2014 № 248-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); өзгеріс енгізілді - ҚР 28.11.2014 № 257-V (қолданысқа енгізілу тәртібін 10-баптың 12) тармақшасынан қараңыз) Заңымен.

      2-бап. Қазақстан Республикасының тауарлар импорты
              кезінде ішкі рынокты қорғау шаралары туралы
              заңдары

      1. Қазақстан Республикасының тауарлар импорты кезінде ішкі рынокты қорғау шаралары туралы заңдарына осы Заң және өзге де нормативтік құқықтық актілер жатады.

      2. Егер Қазақстан Республикасы бекіткен халықаралық келісімде немесе шартта осы Заңдағыдан өзгеше ережелер белгіленсе, халықаралық шарттың немесе келісімнің ережелері қолданылады.

      3-бап. Осы Заңның мақсаттары

      1. Осы Заңның мақсаттары Қазақстан Республикасының аумағына тауар жеткізу көлемінің артуына байланысты отандық тауар өндірушілердің мүдделерін қорғау және елеулі залалды немесе оның қаупін жою болып табылады. 

      2. Қорғау шаралары Қазақстан Республикасының аумағына тауар жеткізу көлемінің артуы салдарынан отандық өндірушілерге елеулі залал келтірілген немесе оның қаупі төнген жағдайларда ғана қолданылады. 

      3. Қорғау шаралары істі қарау осы Заңда белгіленген ережелер мен рәсімдерге сәйкес жүргізілген жағдайда қолданылады.

      4. Қорғау шаралары әкелінетін тауарға тауар шығарылған елге қарамастан кемсітілмейтін негізде қолданылады.
      Ескерту. 3-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 1999.07.20 N 443 Заңымен.

       4-бап. Осы Заңның қолданылатын аясы

      Осы Заң уәкілетті орган мен барлық мүдделі тұлғалар арасында, сондай-ақ мүдделі тұлғалардың өздері арасында Қазақстан Республикасының аумағына қандай да болсын тауарды ұқсас тікелей бәсекелес тауардың отандық өндірушілеріне елеулі залал келтіретіндей немесе оны келтіру қаупін туғызатындай мөлшер (отандық өндіріске абсолютті немесе салыстырмалы түрде) мен жағдайларда жеткізу көлемінің артуына байланысты туындайтын қатынастарды реттейді.
      Ескерту. 4-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 1999.07.20 N 443 Заңымен.

       5-бап. Мемлекеттік реттеу органдары

      1. Елеулі залал келтіру фактілері бойынша өнім берушілердің сауда практикасын мемлекеттік реттеу мен мониторингтi уәкілетті орган жүзеге асырады.

      2. Қорғау шараларын енгізу, қайта қарау және олардың күшін жою уәкілетті органның ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен жүзеге асырылады.
      Ескерту. 5-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2006.01.31 N 125 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

       6-бап. Уәкілетті орган

      1. Уәкілетті орган өзіне осы Заңмен және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілермен берілетін өкілеттік шеңберінде іс-әрекет жасайды.

      2. Осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінде көзделген жағдайларда, уәкілетті орган өз құзыретінің шегінде істі қарау рәсімдері бойынша нормативтік құқықтық актілер шығарады, отандық өндірушінің немесе өндірушілер бірлестігінің өтініштері бойынша іс қарауды жүргізеді, қорғау шараларын қолдану үшін Қазақстан Республикасының Үкіметіне енгізуге материалдар әзірлейді.

      3. Мемлекеттік өкімет органдары, және өзге де ұйымдар іс қарауды жүргізуге жәрдем көрсетуге және қайтарымдық негізде тауарлардың үлгілері мен қажетті ақпаратты, оның ішінде уәкілетті органның сауал салуы бойынша құпия ақпаратты да беруге тиіс.
      Ескерту. 6-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 1999.07.20 N 443 Заңымен.

       7-бап. Іс қарауды бастау туралы шешім

      1. Іс қарауды бастау туралы шешім Қазақстан Республикасы Үкіметінің тапсыруы бойынша, сондай-ақ отандық өндірушілердің немесе өндірушілер бірлестігінің өтініштері бойынша дайындалған уәкілетті орган қорытындысының негізінде қабылданады.

      2. Қорғау шараларын қолданудың алдындағы іс қарауды жүргізу жөніндегі өтініш, егер осы өтініш бойынша өз пікірін білдірген отандық тауар өндірушілердің үлесіне Қазақстан Республикасындағы ұқсас немесе тікелей бәсекелес тауар өндірісі жалпы көлемінің көпшілік бөлiгi келетін болса қарауға қабылданылуы мүмкін.
      Бұл ретте өтінішті қолдайтын отандық өндірушілер үлесіне отандық өндірушілер өндірген ұқсас немесе тікелей бәсекелес тауардың көлемінің жиырма бес проценттен астамы келуге тиіс.

      3. Уәкілетті орган іс қарауды бастау туралы шешім қабылданғаннан кейін тиісті шет мемлекетке (шет мемлекеттер одағына) қорғау шараларын ықтимал қолдану мақсатында іс қарауды бастау ниеті туралы хабарлауға тиіс.
      Ескерту. 7-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 1999.07.20 N 443, 2005.06.16 N 59 Заңдарымен.

      8-бап. Өтініш беру

      1. Іс қарауды жүргізу туралы өтініш жазбаша нысанда уәкілетті органға беріледі және онда мынадай мәліметтер:

      1) өтініш берушінің деректемелері және ұқсас немесе тікелей бәсекелес тауардың осының алдындағы үш жылдағы, оларға қатысты статистикалық ақпарат бар құны мен өндіру көлемі туралы деректер;

      2) іс қарау объектісі болып табылатын әкелінген тауардың сипаттамасы, тауарды шығарған елдің немесе елдердің атауы, аталған тауарды белгілі жеткізушілердің тізбесі;

      3) объективті сипаттағы барлық тиісті факторларды көрсететін және осы саладағы жағдайға әсер ететін сандық көрініспен берілуге болатын деректер, атап айтқанда: қуаттарды сату, өндіру, өнімділігі, тиеу көлемдеріндегі, пайда мен зиян мөлшеріндегі өзгерістер, өндірісте жұмыс істеушілер санының қысқаруы туралы; Қазақстан Республикасының ішкі рыногында ұқсас және тікелей бәсекелес тауарлар бағасының өзгеруі туралы мәліметтер болуға тиіс.

      2. Өтініш беруші істі қарау рәсімі басталғанға дейін өтінішін қайтып алуы мүмкін және бұл жағдайда ол берілмеген болып есептеледі.
      3. Өтініш беруші өтініште көрсетілген мәліметтердің дұрыстығы үшін жауап береді.
      Ескерту. 8-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 1999.07.20 N 443, 2010.03.19 № 258-IV Заңдарымен.

      9-бап. Өтінішті қарау

      1. Уәкілетті орган өтініш берілгеннен кейін қырық бес күнтізбелік күн ішінде өтініште көрсетілген деректердің дұрыстығы мен жеткіліктілігін қарауға және іс қарауды жүргізудің орындылығы не іс қарауды жүргізуден бас тарту туралы қорытынды әзірлеуге тиіс.

      2. Егер уәкілетті орган мәліметтерді жеткіліксіз деп тапса, ол өтініш алынған күннен бастап он күндік мерзімде бұл туралы өтініш берушіге хабарлауға және оған өзінің өтінішін өзгертуге немесе толықтыруға мүмкіндік беруге тиіс.
      Өтініш беруші бұрын берілген өтінішті толықтыратын немесе өзгертетін ақпарат жіберген жағдайда, уәкілетті органда осындай толықтырулар немесе өзгерістер тіркелген күн өтініш қарауға қабылданған күн болып саналады.

      3. Уәкілетті орган, егер ұқсас немесе тікелей бәсекелес тауардың отандық өндірушілеріне елеулі залал келтірілгеніне немесе оның қаупіне жеткілікті дәлелдер болмаса, сондай-ақ осы Заңның 7-бабының 2-тармағындағы шарттар орындалмаса, іс қарауды жүргізуден бас тарту туралы шешім қабылдайды. 

      4. Уәкілетті орган іс қарауды жүргізуден бас тарту туралы шешім қабылданған күннен бастап бас тартуға себептер мен негіздерді көрсете отырып, он күндік мерзімде бұл туралы өтініш берушіге хабарлауға тиіс. 
      Ескерту. 9-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 1999.07.20 N 443 Заңымен.

      10-бап. Істі қараудың басталуы

      1. Уәкілетті орган іс қарауды жүргізудің басталуы туралы шешім қабылданған кезден бастап отыз күнтізбелік күн ішінде алдағы іс қарау туралы мүдделі тұлғаларға хабарлайды және барлық мүдделi тұлғаларды iс қарауға тарту мақсатында хабарлауды мемлекеттік тiлде және басқа да тiлдерде бұқаралық ақпарат құралдарында таратады.

      2. Хабарлауда:

      1) тауарды экспорттаушы мемлекеттің (мемлекеттердің) және іс қарау объектісі болып табылатын тауардың атауы;

      2) істі қарау басталатын күн;

      3) істі қараудың негіздемесі;

      4) өтініштің заңдылығын растайтын фактілердің қысқаша мазмұны;

      5) мүдделі тұлғалар өздерінің материалдарын жолдауға тиіс мекен-жай;

      6) мүдделі тұлғалар өздерінің материалдарын бере алатын мерзімдер болуға тиіс.

      3. Мүдделі тұлғалар мемлекеттік тілде немесе уағдаластық бойынша басқа тілде жазбаша түрде жауап беруге тиіс.

      4. Қорғау шараларын ықтимал қолдану мақсатымен іс қарау Қазақстан Республикасының кеден аумағына іс қараудың объектісі болып табылатын тауарды кедендік декларациялауға және жіберуге кедергі келтірмеуге тиіс.

      5. Қазақстан Республикасының Үкіметі істі қараудың басталуы туралы шешім қабылдаған күннен бастап ол аяқталғанға дейін сан жөнінен шектеулер қолданбастан іс қараудың объектісі болып табылатын тауардың Қазақстан Республикасының кеден аумағына импортын лицензиялауды жүзеге асырады.
      6. алып тасталды

      7. Қорғау шараларын қолдану туралы өтінішті қолдаған бір қазақстандық өндірушінің үлесі ұқсас немесе тікелей бәсекелес тауардың қазақстандық өндірісінің отыз бес процентінен асатын жағдайда не, егер іс қараудың объектісі болып табылатын тауар импортының жалпы көлемі Қазақстан Республикасының ішкі рыногында ұқсас немесе тікелей бәсекелес тауарды сатудың жалпы көлемінің жиырма бес процентінен кем болса, монополияға қарсы органның аталған шаралардың Қазақстан Республикасының ішкі рыногындағы бәсекеге әсерінің салдары туралы қорытындысы болуы қажет.
      Ескерту. 10-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 1999.07.20 N 443, 2005.06.16 N 59, 2006.07.07 N 174 (ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткеннен кейін қолданысқа енгізіледі), 2010.06.30 N 297-IV (2010.07.01 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

      11-бап. Іс қараудың мерзімдері

      Қорғау шараларын қолданудың алдындағы іс қарау тоғыз айдың ішінде аяқталуға тиіс.

      12-бап. Ақпарат сұрау

      1. Іс қарау басталғаннан кейін уәкілетті органның, қажет болған жағдайда, жауап берілуге тиіс мерзімді белгілеп, мүдделі тұлғалардан қосымша ақпарат сұратуға құқығы бар.

      2. Әрбір мүдделі тұлғаның ақпарат жіберген кезде, уәкілетті орган хабарлануында көрсеткен мерзімде өзі қажетті деп есептейтін кез келген басқа да айғақтар ұсынуға құқығы бар.
      Ескерту. 12-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 1999.07.20 N 443 Заңымен.

      13-бап. Құпия ақпарат

      1. Іс қараудың барысында уәкілетті органға берілетін құпия ақпарат мүдделі тұлғалардың жазбаша келісімінсіз жария етілмеуге тиіс.

      2. Құпия ақпарат беруші мүдделі тұлғалар осы ақпарат бойынша жазбаша түсіндірмелер беруге тиіс.
      Түсіндірме ақпараттың мәнін ұғыну үшін жеткілікті мөлшерде егжейтегжейлі болуға не неліктен егжей-тегжейлі, құпия емес ақпарат ұсыну мүмкін болмағанының себептерін түсіндіруге тиіс.
      Уәкілетті орган мүдделi тұлға жария етудi және жалпы түрде ашуды қаламайтын ақпаратты, егер осы ақпарат ресми көздерден алынбаған жағдайда ғана, назарға алмауы мүмкiн.

      3. Құпия ақпаратты, Қазақстан Республикасының заң актілерінде көзделген жағдайларды қоспағанда, жариялауға, уәкілетті органның лауазымды адамдарының жеке мүдделерінде пайдалануға, үшінші тұлғаларға, сондай-ақ өзге мемлекеттік органдарға беруге болмайды.
      Ескерту. 13-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 1999.07.20 N 443, 2005.06.16 N 59 Заңдарымен.

      14-бап. Істі жүргізудің тәртібі

      1. Уәкілетті орган әрбір істі қарау бойынша өзі белгілеген тәртіппен жазбаша түрде іс жүргізеді. Істе сақтаудың тәртібі мен мерзімі заңдарда белгіленген тәртіппен айқындалатын іс қарауға қатысты барлық құжаттар болуға тиіс.

      2. Істің құпия болып табылмайтын материалдары мүдделі тараптарға істі қарау барысында танысу және олардың өтініші бойынша істі қайта қарау үшін беріледі.

      3. Уәкілетті орган әр істі қарау бойынша ресми басылымдарда есеп жариялайды. Есепте Қазақстан Республикасының Үкіметі қабылдаған қаулының негіздемесімен бірге іске егжей-тегжейлі талдау жасалуы қажет.
      Ескерту. 14-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 1999.07.20 N 443 Заңымен.

      15-бап. Тыңдау

      Мүдделi тұлғалар iстiң материалдарымен және басқа тараптың дәлелдерiмен танысу мақсатында уәкілетті органға тыңдаулар өткiзу туралы өтiніш беруге құқылы, бұл барлық мүдделi тұлғаларға басқа тұлғалардың мәлiмдемелеріне жауап қайтару мүмкіндігін қоса алғанда, дәлелдемелер мен дәлелдер ұсыну және қорғану шараларын қолданудың отандық тауар өндiрушілердi қорғауға және Қазақстан Республикасының экономикалық қауіпсiздігіне септiгін тигізу туралы мәселе жөнiнде өз пiкiрiн баяндау мүмкiндiгiн беруге тиiс.
      Тыңдаулар хаттама жүргізіле отырып, уәкілетті органның лауазымды адамының төрағалық етуімен өтеді.
      Ескерту. 15-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2005.06.16 N 59 Заңымен.

      16-бап. Елеулі залалды немесе оның келтірілу қаупін
               айқындау

       1. Елеулі залалды айқындау объективті фактілермен расталып алынған деректерге негізделеді, бұл орайда тауар беру көлемінің өсуі мен келтірілген елеулі залалдың немесе оның қаупінің арасында себеп-салдарлы байланыстың бар екендігі дәлелденуге тиіс.

      2. Тауар беру көлемдерінің өсуі мен отандық өндірушілерге елеулі залалдың арасындағы себеп-салдарлы байланыстарды анықтау үшін немесе оның келтірілу қаупінің болуын анықтау үшін уәкілетті орган осы саладағы жағдайға әсер ететін барлық объективті факторларды, атап айтқанда:

      1) тауар импорты өсуінің абсолютті және салыстырмалы шамалардағы қарқыны мен көлемін;

      2) отандық рыноктағы импорттың өсу үлесін;

      3) сату деңгейіндегі өзгерістерді;

      4) отандық өндірушілердің тауар өндіруін;

      5) өнімділікті, қуаттардың ауқымын, пайда мен зиянның мөлшерін, жұмысқа орналастыруды ескереді.

      3. Егер тауар жеткізудің көлемі өсуінен басқа отандық өндірушілерге елеулі залал келтіретін елеулі залал келтіретін немесе залал келтіру қаупі бар басқа да факторлар болса, мұндай елеулі залалды тауар жеткізіп беру көлемінің өсуіне жатқызуға болмайды.

      4. Уәкілетті орган істі қарау барысында алынған нақты деректердің негізінде тауар жеткізу көлемі өсуінің және оның отандық өндірушілерге келтірген елеулі залалының немесе оның қаупінің бар екендігі туралы алдын ала қорытынды беруге құқылы.
      Ескерту. 16-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 1999.07.20 N 443 Заңымен.

      17-бап. Уақытша қорғау шараларын қолдану

      1. Қазақстан Республикасының Үкіметі уәкілетті орган алдын ала растайтын қорытындының негізінде іс қарауды бір жолғы жүргізу жағдайында уақытша қорғау шараларын жалғастыру туралы қаулы қабылдайды. 

      2. Уақытша қорғау шаралары, егер оларды кейінге қалдыру отандық өнеркәсіпке орнын толтыру қиын елеулі залал келтіруі мүмкін болса, қысталаң жағдайларда енгізіледі.

      3. Уақытша қорғау шараларын өзіне қатысты іс қарау жүргізілетін тауар үшін оларды енгізу туралы Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулысының негізінде мемлекеттік кіріс органдары қолданады.

      3-1. Уақытша қорғау шараларын қолданған кезде қорғау баждарын төлеудi қамтамасыз етуге арналған ақшаны импорттаушылар кеден одағының және (немесе) Қазақстан Республикасының кеден заңнамасына сәйкес депозиттiк шотқа енгiзедi және Қазақстан Республикасының Үкiметi уәкiлеттi органның қорғау шараларын қабылдау қажеттiгi туралы қорытындысы негiзiнде түпкiлiктi шешiм қабылдағанға дейiн бюджетке аударуға жатпайды.

      4. Егер уәкілетті орган іс қарау нәтижелері бойынша тауар жеткізу көлемінің өсуі отандық өндірушілерге елеулі залал келтірмейді немесе оның қаупін туғызбайды деген шешім шығарса, уақытша шаралардың күші жойылуға тиіс және импорттаушының Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен төленген сомаларды қайтарып алуға құқығы бар. Уақытша қорғау шараларын қолдану кезiндегі қорғау бажының ставкасынан неғұрлым төмен қорғау бажының ставкасын енгізу орынды деп танылған жағдайда, артық төленген сомалар Қазақстан Республикасының кеден заңдарында белгiленген тәртiппен импорттаушыға қайтарылуға жатады.

      5. Егер қорғау бажы уақытша қорғау шараларының ставкасына қарағанда көбірек мөлшерде енгізілсе, импорттаушыдан ақы төленген кезең үшін айырма өндіріп алынбайды. 
      Ескерту. 17-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 1999.07.20 N 443, 2005.06.16 N 59, 2010.06.30 N 297-IV (2010.07.01 бастап қолданысқа енгізіледі), 2011.01.26 № 400-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік отыз күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 07.11.2014 № 248-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.

      18-бап. Қазақстан Республикасы Үкіметінің уақытша
               қорғау шараларын енгізу туралы қаулысын
               жариялау

      Қазақстан Республикасы Үкіметінің уақытша қорғау шараларын енгізу туралы қаулысы ресми басылымдарда жарияланады.
      Жарияланымда уақытша қорғау шараларын енгізудің мерзімдері мен негіздемесі болуы тиіс.
      Ескерту. 18-бап жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының 1999.07.20 N 443 Заңымен.

       19-бап. Уақытша қорғау шараларының қолданылу мерзімі

      1. Уақытша қорғау шараларының қолданылу мерзімі 200 күннен аспауға тиіс.

      2. Уақытша қорғау шараларының қолданылу мерзімі осы Заңның 24-бабына сәйкес қорғау шаралары қолданылуының жалпы мерзіміне кіреді.

      20-бап. Іс қараудың аяқталуы

      Уәкілетті орган жүргізетін іс қарау Қазақстан Республикасының Үкіметіне жіберілетін:

      1) ісі қаралған тауарды жеткізіп беруден отандық өндірушілерге елеулі залалдың немесе оның қаупі төнгенінің жеткілікті дәлелдері болмауы себепті іс қарауды тоқтату туралы;

      2) тауар импорты мөлшері өсуінің отандық өнеркәсіпке елеулі залалының болуы немесе оның қаупі төнгені фактісінің анықталғаны және Қазақстан Республикасы Үкіметінің қорғау шараларын қолдану қажеттігі туралы қорытынды әзірлеумен аяқталады.

      21-бап. Қорғау шаралары

      1. Қорғау шараларын қолдану туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысы уәкілетті органның ұсынысы бойынша және оның қорытындысы негізінде қабылданады және ол ресми басылымдарда жарияланған күннен бастап күшіне енеді.

      2. Қорғау шаралары тауар жеткізу көлемін шектеу - квота белгілеу түрінде және (немесе) қорғау бажын енгізу арқылы қолданылады.
      Ескерту. 21-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 1999.07.20 N 443 Заңымен.

       22-бап. Қорғау шараларының мөлшерін анықтау

      1. Қорғау шаралары елеулi нұқсанды болғызбау немесе жою үшiн қажеттi осындай мөлшерде қолданылады.

      2. Қорғау шараларының мөлшерін оларды қолданудың бүкіл уақытында ұлғайтуға болмайды. Олардың мөлшері уәкілетті органның өтініші бойынша қорғау шарасының қолданылу мерзiмi бiр жылдан асқан кезде, қолданылу кезеңi бойы теңдей уақыт аралығы арқылы Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімімен азайтылуы мүмкін.

      3. Егер қорғау шараларының қолданылу мерзімі үш жылдан асса, оларды енгізгеннен кейін бір жарым жылдан кешіктірмей істі қарау қайта жүргізілуге тиіс, соның нәтижесінде қорғау шаралары тоқтатылуы, өзгертілуі немесе ұзартылуы мүмкін.

      4. Істі қайта қарау нәтижесінде қорғау шараларының қолданылу мерзімі ұзартылған жағдайда мұндай шараларды қолдану шарты қорғау шаралары қолданылуының бастапқы мерзімі ішінде қолданылу шартына қарағанда неғұрлым шектеулі бола алмайды.
      Ескерту. 22-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 1999.07.20 N 443, 2005.06.16 N 59 Заңдарымен.

       23-бап. Қорғау шараларын қолдану

      1. Қазақстан Республикасы Үкіметінің қорғау баждарын енгізу туралы қаулысының негізінде мемлекеттік кіріс органдары оларды оған қатысты қарау жүргізілген, әкелінген тауардың бәрінен өндіріп алады. Қорғау баждары кеден баждарына, салықтарға және бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдерге қарамастан өндiрiліп алынады және бюджет есебіне жатқызылуға тиіс.

      2. Квота түрінде қорғау шараларын қолданған кезде импорттық квотаның жылдық көлемі, елеулі залалды болғызбау немесе жою үшін өзге шешім қабылдаудың қажеттігі дәлелденген жағдайларды қоспағанда, импорттың көлемін осының алдындағы кезеңдегі оның орташа көлеміне тең деңгейден төмен қысқартпауға тиіс.
      Қазақстан Республикасының Үкіметі қорғау шарасы ретінде енгізілген импорттық квотаның жылдық көлемінің шегінде жекелеген мемлекеттер үшін импорттық квоталар белгілей алады.
      Импорттық квота тауар берушi елдер арасында бөлiнетiн жағдайда Қазақстан Республикасының Үкiметi консультациялар жүргiзу арқылы Қазақстан Республикасының аумағына осы тауарды жеткiзiп беруге мүдделiлігі бар тауар берушi елдермен импорт квотасының үлесiн бөлу туралы уағдаластыққа қол жеткiзудi қамтамасыз ете алады.
      Мұндай уағдаластыққа қол жеткiзу мүмкiн болмаған кезде Қазақстан Республикасының Yкiметi импорттық квотаны тауар импортының жалпы саны немесе құны негiзiнде бұдан бұрынғы кезеңдегi тауар импортына сәйкес келетін үйлесiмде тауар берушi елдер арасында бөледi. Бұл ретте осы тауарларды жеткiзіп беруге ықпал ете алған немесе ықпал ете алатын кез келген факторлар ескеріледi.
      Қажет болған жағдайда Қазақстан Республикасының Үкіметі импорттық квотаны жекелеген шет мемлекеттерден (шет мемлекеттер одағынан) импорт өсімінің абсолютті және салыстырмалы түрдегі көрсеткіштерін ескере отырып, жекелеген тауар беруші елдер арасында бөлуі мүмкін.
      Ескерту. 23-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2005.06.16 N 59; 07.11.2014 № 248-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.

       24-бап. Қорғау шараларының қолданылу мерзімі

      1. Қорғау шараларының қолданылу мерзімі елеулі залалды болғызбау немесе жою отандық тауар өндірушілердің бәсеке жағдайларына бейімделуі үшін қажетті кезеңге белгіленеді. Бұл кезең, осы баптың 2-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, төрт жылдан аспауға тиіс.

      2. Қорғау шараларының қолданылу мерзімін осы қорғау шарасы елеулі залалды болғызбау немесе жою үшін қажет болып қала берген жағдайда өтініш негізінде немесе өз бастамасы бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметі ұзартуы мүмкін.

      3. Қорғау шарасын қолданудың жалпы кезеңі кез келген уақытша шараны қолдану кезеңін, бастапқы қолдану және оны кез келген ұзарту кезеңін қоса алғанда, сегіз жылдан аспауға тиіс.

      4. Егер қолданылатын шаралардың өзін ақтамайтындығы анықталса, уәкілетті органның өтініші бойынша олардың күші жойылуға не олардың мөлшері өзгертілуге тиіс.
      Ескерту. 24-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 1999.07.20 N 443 Заңымен.

       25-бап. Қорғау шараларын қайта қолдану

      1. Қорғау шаралары өздеріне қатысты қорғау шаралары қолданылған тауарларға олардың қолданылу мерзіміне тең мерзім өткен соң ғана қайта қолданылуы мүмкін. Бұл орайда қолданбаудың ең аз мерзімі екі жылдан кем болмауға тиіс.

      2. Қорғау шаралары тауарға, егер олардың бастапқы қолданылу мерзімі 180 күн болса және одан кем болса, мынадай шарттар сақталғанда:

      1) қорғау шаралары енгізілген кезден бастап кемінде бір жыл өткен;

      2) мұндай қорғау шаралары қорғау шараларын енгізудің соңғы күнінің тікелей алдындағы бес жылда екі реттен артық қолданылмаған жағдайда қайта қолданылуы мүмкін.
      Ескерту. 25-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2005.06.16 N 59 Заңымен.

       26-бап. Қазақстан Республикасы Үкіметінің қорғау
               шараларын қолдану туралы қаулысын жариялау

       Қазақстан Республикасы Үкіметінің қорғау шараларын енгізу туралы қаулысы ресми басылымдарда жарияланады. Жарияланымда сондай-ақ мүдделі тұлғалардың дәлелдерін немесе талаптарын қабылдау немесе қабылдамаудың себептері мен негіздемелері болуы тиіс.
      Ескерту. 26-бап жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының 1999.07.20. N 443 Заңымен.

       27-бап. Шешімдерге шағымдану тәртібі

       Мүдделі тұлғалар қорғау шараларын қолдану жөніндегі істі қарау кезеңінде қабылданған уәкілетті органның шешімі мен іс-әрекетіне Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес сот арқылы шағымдануға құқылы.
      Ескерту. 27-бап жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының 1999.07.20. N 443 Заңымен.

       28-бап. Тауарлар импорты кезінде ішкі рынокты
               қорғау шаралары туралы заңдарды бұзғаны
               үшін жауаптылық

       Тауарлар импорты кезінде ішкі рынокты қорғау шаралары туралы заңдарды бұзғаны үшін жауаптылық Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жүзеге асырылады.
      Ескерту. Жаңа 28-баппен толықтырылды - Қазақстан Республикасының 1999.07.20. N 443 Заңымен.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті


Дата изменения акта:  11.07.2015
Дата принятия акта:  28.12.1998
Место принятия:  100051000000
Орган, принявший акт:  102000000000
Регион действия:  100000000000
Регистрационный номер акта в Государственном реестре нормативных правовых актов Республики Казахстан:  1854
Регистрационный номер НПА, присвоенный нормотворческим органом:  337
Статус акта:  yts
Сфера правоотношений:  033002000000 / 005019000000 / 033003000000
Форма акта:  ЗАК
Юридическая сила:  0400
Язык акта:  kaz