20.05.1998

Қазақстан Республикасы астанасының мәртебесі туралы

       Күші жойылды - Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 21 шілдедегі  N 296  Заңымен.

      Осы Заң Қазақстан Республикасы астанасының құқықтық мәртебесін, жұмыс істеуінің ұйымдық-саяси және экономикалық негіздерін айқындайды. 

       1-бап. Қазақстан Республикасының астанасы

      1. Қазақстан Республикасының астанасы Астана қаласы болып табылады. 
      2. Қазақстан Республикасының астанасы - мемлекеттің әкімшілік-саяси орталығы, Қазақстан Республикасы Президентінің, Парламентінің, Үкіметінің, Конституциялық Кеңесінің, Жоғарғы Сотының, Бас Прокуратурасының және орталық атқарушы органдарының орналасқан жері. 
      3. Жекелеген орталық атқарушы органдар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес Қазақстан Республикасы астанасынан тыс жерлерде орналасуы мүмкін. 
      4. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туы мен Мемлекеттік елтаңбасының эталондары және Қазақстан Республикасы Конституциясы мәтінінің түпнұсқасы Қазақстан Республикасы Президентінің мемлекет астанасындағы Резиденциясында сақталады. 

       2-бап. Қазақстан Республикасы астанасының
             мәртебесін құқықтық реттеу

      Қазақстан Республикасы астанасының мәртебесін құқықтық реттеу және оның жұмыс істеуі Қазақстан Республикасы Конституциясының, осы Заң мен өзге де нормативтік құқықтық актілерінің негізінде жүзеге асырылады. 

       3-бап. Қазақстан Республикасы астанасының жергілікті
             өкілді және атқарушы органдарының өкілеттіктері

      1. Астанада жергілікті мемлекеттік басқаруды Қазақстан Республикасы астанасының жергілікті өкілді және атқарушы органдары Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен жүзеге асырады. 
      2. Қазақстан Республикасы астанасының әкімін қызметке Премьер- Министрдің ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Президенті тағайындайды. 
      3. Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген өкілеттіктерімен қатар Қазақстан Республикасы астанасының өкілді органы өз құзыреті шегінде: 
      1) қаланың Қазақстан Республикасының астанасы міндеттерін жүзеге асыруын ескере отырып, астананың бюджетін, оның атқарылуы туралы есептерді, аумақты дамыту жоспарларын, экономикалық және әлеуметтік бағдарламаларын бекітеді; 
      2) Қазақстан Республикасының астанасын басқару схемасын жергiлiктi мемлекеттiк басқарудың үлгi құрылымына сәйкес бекiтедi.
      4. Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген өкілеттіктерімен қатар Қазақстан Республикасы астанасының атқарушы органы өз құзыреті шегінде: 
      1) Қазақстан Республикасының жер туралы заңдарына сәйкес Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары мен шет мемлекеттердің дипломатиялық өкілдіктерінің мұқтаждары үшін үйлер, құрылыстар мен ғимараттар салуға арнап жер учаскелерін береді; 
      2) Қазақстан Республикасының жер туралы заңдарына сәйкес ұйымдар мен жеке тұлғалардың мұқтаждары үшін үйлер, құрылыстар мен ғимараттар салуға арнап жер учаскелерін береді; 
      2-1) мемлекеттiк қажеттiлiктер үшiн жердi алып қою (сатып алу) туралы шешімдер қабылдайды, бұл орайда жер учаскелерінің меншік иелері немесе мемлекеттiк емес жер пайдаланушылар учаскелердi алдағы кездегi алып қоюдан (сатып алудан) кемiнде үш ай бұрын бұл жөнiнде Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен жазбаша хабардар етiлуге тиiс; 
      3) Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары мен шет мемлекеттердің дипломатиялық өкілдіктеріне коммуналдық меншіктегі үйлерді, құрылыстар мен ғимараттарды береді; 
      4) аумақты дамыту жоспарларын, экономикалық және әлеуметтік бағдарламалары мен жергілікті бюджетті әзірлеп, олардың орындалуын қамтамасыз етеді; 
      5) Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасының астанасында жалпымемлекеттік және халықаралық іс-шараларды өткізу үшін қажетті жағдайлар жасайды; 
      6) Қазақстан Республикасы астанасының экологиялық қауіпсіздігін бақылауды жүзеге асырады және оны қамтамасыз ету жөніндегі шараларды әзірлейді; 
      7) Қазақстан Республикасының астанасын басқару схемасын әзірлеп, оны жергілікті өкілді органға бекітуге ұсынады; 
      7-1) коммуналдық заңды тұлғаларға бекітіліп берілмеген коммуналдық мүлік тізбесін бекітеді, республикалық меншікке жатқызылған акционерлік қоғамдар акцияларының мемлекеттік пакеттерін қоспағанда, Қазақстан Республикасы астанасының аумағында тіркелген акционерлік қоғамдар акцияларының мемлекеттік пакеттерін иеленуді, пайдалануды және оларға билік етуді жүзеге асырады; 
      7-2) Астана қаласының коммуналдық меншігін иеленуді, пайдалануды және оған билік етуді жүзеге асырады; 
      7-3) "Астана - жаңа қала" арнайы экономикалық аймағының аумағына әкелінген тауарлар мен жабдықтардың құрылыс процесінде пайдаланылған фактісін растайтын құжаттарды салық органының сұрау салуы бойынша бір ай мерзімде береді; 
      7-4) "Астана - жаңа қала" арнайы экономикалық аймағының аумағындағы құрылыс процесіне қатысатын шаруашылық жүргізуші субъектілердің есебін жүргізеді; 
      7-5) шаруашылық жүргізуші субъектілермен "Астана - жаңа қала" арнайы экономикалық аймағының аумағында қызметті жүзеге асыру жөнінде шарттар жасасады. 
      8) <*>
      5. Астананың өкілді және атқарушы органдары бірлескен шешімімен Қазақстан Республикасының Үкіметіне астананың әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы ұсыныстар енгізеді.
       ЕСКЕРТУ. 3-бап толықтырылды - Қазақстан Республикасы 2001.07.10. N 227-II  Заңымен.
       ЕСКЕРТУ. 3-бап толықтырылды - Қазақстан Республикасы 2001.07.10. N 228-II  Заңымен.
       Ескерту. 3-бап толықтырылды - Қазақстан Республикасының 2002.03.21. N 312  Заңымен , өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.12.20.  N 13  Заңымен (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi)  

       3-1-бап. Жер учаскелерiн мемлекеттiк қажеттiлiктер
               үшiн алып қою (сатып алу) ерекшелiктерi

      1. Жер пайдалану құқығын сатып алған меншiк иелерi мен мемлекеттiк емес жер пайдаланушылардан мемлекеттiк қажеттiлiктер үшiн жер учаскелерiн алып қою алдағы кезде жер учаскелерiн сатып алуға дейiн үш айдан кешiктiрiлмейтiн мерзiмде оларды мiндеттi түрде хабардар ете отырып сатып алу тәртiбiмен жүзеге асырылады. Меншiк иелерi немесе жер пайдаланушылар осындай хабар алған күннен үш ай өтпей тұрып жер учаскесiн сатып алуға меншiк иесiнiң немесе жер пайдаланушының келiсiмiмен ғана жол берiледi. 
      Егер меншiк иесi немесе жер пайдаланушы өзiнiң жер учаскесiн мемлекеттiк қажеттiлiктер үшiн сатып алу туралы шешiммен келiспесе не сатып алынатын жер учаскесiнiң бағасы немесе сатып алудың басқа да шарттары жөнiнде олармен келiсiмге қол жетпесе, астананың атқарушы органы үш ай өткеннен кейiн жер учаскесiн сатып алу туралы сотқа талап қоюға құқылы. 
      2. Сатып алынатын жер учаскесінің бағасын анықтаған кезде оған жер учаскесiнiң немесе оған құқықтардың және онда тұрған жылжымайтын мүлiктiң нарықтық құны, сондай-ақ жер учаскесiнен айырылуына байланысты меншiк иесiне немесе жер пайдаланушыға келтiрiлген залалдар, олардың үшiншi тұлғалар алдындағы мiндеттемелерiн мерзiмiнен бұрын тоқтатуға байланысты шегетiн залалдарын қоса алғанда, барлық залалдар қосылады. 
      3. Уақытша жер пайдалануға берiлген жер учаскесiн мемлекеттiк қажеттiлiктер үшiн алып қою, егер жер пайдалану құқығы мемлекеттен сатып алынбаған болса, сатып алынбай жүзеге асырылады. Жер пайдаланушыларға толық көлемiнде залалдардың орны толтырылады, сондай-ақ олардың тiлегi бойынша басқа жер учаскесінің берiлуi мүмкiн. <*>
       ЕСКЕРТУ. 3-1-баппен толықтырылды - Қазақстан Республикасы 2001.07.10. N 227-II  Заңымен.
      Ескерту. 3-1-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2003.12.29. N 512  Заңымен .  

       4-бап. Қазақстан Республикасының астанасындағы
             жергілікті өзін-өзі басқару

      Қазақстан Республикасы астанасының аумағында жергілікті өзін-өзі басқаруды халық тікелей сайлау жолымен, сондай-ақ сайланбалы және басқа да жергілікті өзін-өзі басқару органдары арқылы жүзеге асырады. Жергілікті өзін-өзі басқару Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.

       5-бап. Қазақстан Республикасы астанасының
             рәміздері

      1. Қазақстан Республикасы астанасының өз рәміздері болады.
      2. Рәміздердің сипаттамасы мен оларды пайдалану тәртібі Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес айқындалады.

       6-бап. Қазақстан Республикасы астанасының
             экономикалық негізі

      1. Қазақстан Республикасы астанасының өз міндеттерін жүзеге асыруы үшін экономикалық негізді оның коммуналдық меншігі құрайды.
      2. Қазақстан Республикасының астанасында немесе оның жекелеген аумақтарында Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес арнайы экономикалық режимдер енгізілуі мүмкін.     

       7-бап. Қазақстан Республикасы астанасының бюджеті

      Астананың бюджеті Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен құралады.

       8-бап. Халықаралық байланыстар

      Астананың өкілді және атқарушы органдары өз өкілеттіктері шегінде халықаралық қатынастарды жүзеге асыруға қатысады.

       Қазақстан Республикасының
      Президенті


Дата изменения акта:  21.07.2007
Дата принятия акта:  20.05.1998
Место принятия:  100051000000
Орган, принявший акт:  102000000000
Регион действия:  100000000000
Регистрационный номер акта в Государственном реестре нормативных правовых актов Республики Казахстан:  673
Регистрационный номер НПА, присвоенный нормотворческим органом:  230
Статус акта:  yts
Сфера правоотношений:  001002001000
Форма акта:  ЗАК
Юридическая сила:  0400
Язык акта:  kaz