Қазақстан Республикасы мен Беларусь Республикасы арасындағы Достық пен ынтымақтастық туралы шартты бекiту туралы

Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 28 қазандағы N 171-I Заңы

      1996 жылғы 17 қаңтарда Минскiде қол қойылған Қазақстан Республикасы мен Беларусь Республикасы арасындағы Достық пен ынтымақтастық туралы шарт бекiтiлсiн.

      Қазақстан Республикасының
      Президентi

Қазақстан Республикасы мен Беларусь Республикасы арасындағы
Достық пен ынтымақтастық туралы
Шарт

(ҚР халықаралық шарттары бюллетені, 1999 ж., N 4, 72-құжат)
(1998 жылғы 2 шілдеде күшіне енді - "Дипломатия жаршысы" ж.,
Арнайы шығарылым N 2, 2000 жылғы қыркүйек, 69 бет)

      Бұдан әрі қарай "Уағдаласушы Тараптар" деп аталатын Қазақстан Республикасы мен Беларусь Республикасы, олардың халықтары арасындағы тарихи қалыптасқан байланыстарға, достық қатынастар мен өзара құрметтеу дәстүрлеріне сүйене отырып; тәуелсіз демократиялық мемлекет құруға бекем бел байлай отырып; олардың арасындағы достық пен ынтымақтастық қатынастарының одан әрі дамуы мен нығаюы екі мемлекет халықтарының түпкілікті мүдделеріне сай келеді және бейбітшілік пен қауіпсіздік ісіне қызмет етеді деп санай отырып; өздерінің Біріккен Ұлттар Ұйымы Жарғысының мақсаттары мен қағидаларына, Хельсинки Қортынды Актісінің ережелеріне және Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық жөніндегі Ұйымның басқа да құжаттарына адалдығын қуаттай отырып; адам құқығы мен негізгі бостандығын сақтау бейбітшілік пен қауіпсіздікті, демократия мен әділеттілікті нығайтудың ажырамас шарты екендігіне кәміл сене отырып; өздерінің екі жақты қатынастарын жаңа сапалы деңгейге енгізудің және олардың шарттық негізін нығайтудың қажеттілігін тани отырып, төмендегілер жөнінде уағдаласты.
 
                                1-бап
 
      Уағдаласушы Тараптар өз қатынастарын достас мемлекеттер ретінде дамытатын болады. Бұл жөнінде олар тәуелсіздікті, мемлекеттік егемендікті, аумақтық тұтастықты және шекаралардың беріктігін өзара құрметтеу, тең құқықтылық және бір-бірінің ішкі істеріне қол сұқпаушылық, күш қолданбау және күш қолданамын деп қоқан-лоққы жасамау, дауларды бейбіт жолмен реттеу, адам құқығы мен негізгі бостандығын сыйлау, халықаралық міндеттемелерді тиянақты түрде орындау қағидаларын және халықаралық құқықтың жалпы таныған басқа да қағидалары мен қалыптарын басшылыққа алуға міндеттенеді.
 
                                2-бап
 
      Уағдаласушы Тараптар дүниежүзілік, сондай-ақ аймақтық ауқымда да бейбітшілікті нығайту, тұрақтылық пен қауіпсіздікті көтеру мақсатында өзара әрекет жасайтын болады. Олар жанжалдарды және Уағдаласушы Тараптардың мүдделеріне қатысты басқа да жағдайларды бейбіт жолмен реттеуге жәрдемдесуге күш салатын және осы мақсатта консультациялар өткізетін болады.
 
                                3-бап
 
      Уағдаласушы Тараптардың әрқайсысы екінші Уағдаласушы Тарапқа қарсы бағытталған қандай болса да әрекеттерге немесе шараларға қатыспауға әрі оларды қолдамауға және екінші Уағдаласушы Тарапқа қарсы басқыншылық немесе басқа да зорлық әрекеттерді дайындау мен іске асыру мақсатында оның аумағын пайдаланушылыққа жібермеуге міндеттенеді.
 
                                4-бап
 
      Уағдаласушы Тараптардың әрқайсысы оның аумағында тұрақты тұратын азаматтар мен азаматтығы жоқ адамдарға, олардың ұлтына, жынысына, тіліне, дініне, саяси немесе басқа да сенімдеріне қарамастан, адам құқы саласындағы жалпы жұрт таныған халықаралық қалыптарға сәйкес азаматтық, саяси, әлеуметтік, экономикалық және мәдени құқықтары мен бостандықтарына кепілдік береді.
      Уағдаласушы Тараптар жалпы жұрт таныған адам құқының бір бөлігі ретінде ұлттық азшылыққа жататын азаматтардың құқығын құрметтеу, бейбітшілік, әділеттілік, тұрақтылық пен демократияның елеулі факторы екендігін қуаттайды.
      Уағдаласушы Тараптардың әрқайсысы екінші Уағдаласушы Тараптың аумағында тұратын өз азаматының құқығын қорғайды, жалпы жұрт таныған халықаралық құқық қалыптарына сәйкес оларға қорғаушылық пен қолдау көрсетеді.
 
                                5-бап
 
      Уағдаласушы Тараптар саяси, экономикалық, әскери, әлеуметтік, ғылыми-техникалық, мәдени, гуманитарлық және экологиялық салаларда тең құқылы және өзара тиімді ынтымақтастықты дамытатын болады.
      Уағдаласушы Тараптар осы салалардағы ынтымақтастық туралы тиісті келісімдер жасайды.
 
                                6-бап
 
      Бір Уағдаласушы Тараптың екінші Уағдаласушы Тарап аумағында тұрған мемлекеттік мүлкінің, заңды тұлғасы мен азаматтарының мүлкінің құқықтық режимі, егер Уағдаласушы Тараптар арасындағы келісімде басқаша қарастырылмаған болса, мүлік тұрған жердегі Уағдаласушы Тараптың заңдарымен реттелетін болады.
      Егер Уағдаласушы Тараптардың бірі екінші Уағдаласушы Тараптың аумағында тұрған оған тиесілі мүлікке үшінші тұлғалардың немесе мемлекеттердің талаптар қойып отырғандығы туралы мәлімдесе, онда екінші Уағдаласушы Тарап осы мүлікті қорғау және сақтау жөнінде барлық қажетті шараларды қабылдауға міндетті және оны бірінші Уағдаласушы Тараптың бұған ресми келісімінсіз оның қатыстылығы туралы мәселені түпкілікті шешкенге дейін ешкімге де бермейтін болады. Уағдаласушы Тараптардың мүдделерін қозғайтын меншік қатынастарының барлық мәселелері жеке келісімдермен реттелуге тиісті.
 
                                7-бап
 
      Уағдаласушы Тараптар өзара тиімділік негізінде олардың арасындағы бұрыннан бар экономикалық байланыстар мен сауда-экономикалық қатынастарды тереңдетуге және ұлғайтуға, сондай-ақ олардың шаруашылық субъектілері арасында тікелей байланыстар орнатуға және қаржы-өнеркәсіп топтарын, соның ішінде үшінші елдердің қатысуымен бірлескен кәсіпорындар құруға жәрдемдесетін болады.
      Уағдаласушы Тараптардың әрқайсысы екінші Уағдаласушы Тарапқа экономикалық зиян жасауға бейім іс-әрекеттерден бас тартатын болады.
      Экономикалық қатынастар мен сауда ынтымақтастығының нақты механизмдері тиісті келісімдермен реттеліп отырады.

8-бап

      Уағдаласушы Тараптар көлік, байланыс және коммуникация саласындағы ынтымақтастықты дамытатын болады.

9-бап

      Уағдаласушы Тараптардың әрқайсысы жеке келісімдерде қарастырылған шарттар бойынша өздерінің өзен және әуе порттары, темір жолдары мен автомобиль тораптары және құбырлары арқылы екінші Уағдаласушы Тараптың транзиттік операцияларын жүзеге асыруға жәрдемдесетін болады.

                              10-бап

       Уағдаласушы Тараптар валюталық-қаржы қатынастары, төлемдер, бағалы қағаздар қозғалысы мен кедендік мәселелер жөніндегі ынтымақтастық салаларында келісімдер жасасады.
 
                               11-бап
 
      Уағдаласушы Тараптар білім беру, информатика, өнер, денсаулық сақтау, спорт, туризм және басқа салалардағы ынтымақтастық пен алмасулардың қажеттілігін мойындайды. Уағдаласушы Тараптар бұл мәселелер бойынша жеке келісімдер жасасады.
      Уағдаласушы Тараптар мемлекеттік және жергілікті деңгейлерде шығармашылық ұжымдар, ғылым мен мәдениет қайраткерлері арасындағы тікелей байланыстардың кеңеюіне жәрдемдесетін болады. Олар бір-бірінің аумақтарында өздерінің мәдениет орталықтарын ашу мүмкіндіктерін қарастырады.
 
                               12-бап
 
      Уағдаласушы Тараптар іргелі және қолданбалы ғылымдар, озық техника мен технология салаларындағы ынтымақтастықты дамытатын, сондай-ақ екі мемлекеттің де ғалымдарының зерттеушілерінің, ғылыми-зерттеу институттарының, мекемелерінің, Ғылым академиялары мен ғылыми-өндірістік бірлестіктерінің тікелей байланыстары мен бірлескен бастамаларын қолдап отыратын болады.
      Уағдаласушы Тараптар интеллектуалдық және өнеркәсіптік меншік құқықтарын қорғау мәселелерінде тікелей және халықаралық ұйымдар шеңберінде ынтымақтасатын болады.

                              13-бап

     Уағдаласушы Тараптар айналадағы орта жағдайын қорғау және жақсарту саласында ынтымақтастықты жүзеге асыратын болады.

                              14-бап

       Уағдаласушы Тараптар қылмысқа қарсы күрес, соның ішінде оның мемлекетаралық және аймақаралық сипаттағы ұйымдасқан нысандарымен күрес, терроризмге, заңсыз көшіп-қонуға, жемқорлыққа, заңсыз қаржы операцияларына, жалған ақша жасауға, есірткі және ақыл-еске әсер еткіш заттардың заңсыз айналымына, қарумен, оқ-дәрімен жарылғыш, улы және радиоактивті заттармен заңсыз операциялар жасауға, сондай-ақ мәдени, тарихи және археологиялық құндылықтардың заңсыз түрде әкелінуін және тасып әкетілуін қоса алғанда, контрабандаға қарсы күрес саласында ынтымақтасатын болады.

                              15-бап

     Уағдаласушы Тараптар өзара мүдделікті білдіретін басқа да салалардағы ынтымақтастық туралы жекелеген келісімдер жасасады.

                             16-бап

       Осы Шарттың ережелері Уағдаласушы Тараптардың өздері қатысушылары болып табылатын өзге де халықаралық шарттардан туындайтын құқықтары мен міндеттемелеріне нұқсан келтірмейді.
 
                               17-бап
 
      Уағдаласушы Тараптар осы Шарттың орындалу мәселелері жөнінде тұрақты негізде екі жақты консультациялар және келіссөздер өткізетін болады. Осы мақсатта Аралас Комиссия құрылатын болады, оның құрылу және қызмет ету тәртібі жекелеген құжаттар арқылы белгіленетін болады.
     Осы Шарттың нормаларын түсіндіруге және қолдануға қатысты даулар Уағдаласушы Тараптар арасындағы келіссөздер жолымен шешілуге тиісті.

                              18-бап

     Осы Шарттың ережелері Уағдаласушы Тараптардың келісуі бойынша толықтырылуы немесе өзгертілуі мүмкін.

                              19-бап

     Осы Шарт бекітуге жатады және бекіту грамоталарымен алмасқан күні күшіне енеді.

                              20-бап

       Осы Шарт он жыл мерзімге жасалып отыр. Егер Уағдаласушы Тараптардың бір де біреуі оны өзінің бұзғысы келетіні жөнінде осы Шарттың кезекті мерзімі біткенге дейін алты айдан кешіктірмей, жазбаша түрде хабарлау жолымен мәлімдемесе, оның қолданысы әрбір ретте келесі он жылдық мерзімге өздігінен ұзартылады.

                              21-бап

     Осы Шарт Біріккен Ұлттар Ұйымы Жарғысының 102-бабына сәйкес БҰҰ-ның Хатшылығында тіркелетін болады.

     Минск қаласында 1996 жылғы 17 қаңтарда екі данада, әрқайсысы қазақ, белорус және орыс тілдерінде жасалды, сондай-ақ барлық мәтіннің де күші бірдей.

      (Қолдары)