04.07.1992

Ұжымдық шарттар туралы

  МАЗМҰНЫ

      Осы заң ұжымдық шарттарды әзірлеу, жасасу және орындаудың жалпы құқықтық әрі ұйымдық негіздерін анықтайды. 

       1-бап. Ұжымдық шарт

      Ұжымдық шарт тараптардың - кәсіпорын иесінің (жұмыс берушінің, кәсіпкердің) және еңбек ұжымының мүдделерін келістіру құралы қызметін атқарады, қолданылып жүрген заңдар негізінде жасалады әрі бір жағынан - еңбек ұжымының, оның мүшелері мен олардың отбасыларының еңбек және әлеуметтік-экономикалық мәселелерін шешу жөніндегі меншік иесінің міндеттемесін, екінші жағынан - меншік иесінің құқықтары мен мүдделерін қамтамасыз ету жөніндегі еңбек ұжымының міндеттемесін қамтиды. 

       2-бап. Ұжымдық шартты әзірлеу, жасасу және орындау
             принциптері

      Ұжымдық шарт: 
      тараптардың әлеуметтік серіктестігі, өзара сенімі мен құрметі, құқықытары мен міндеттерінің ара жігін ажырату; 
      шарт қағидаларын әзірлеуге еңбек ұжымы мүшелерінің кеңінен қатысуы; 
      шарт қағидаларын әзірлеуде тараптардың тең құқықтылығы; 
      тараптарға жүктелетін міндеттемелерді материалдық, өндірістік және қаржылай қамтамасыз етудің нақты мүмкіндіктерін ескеру, олардың заңды құқықтары мен мүдделерін сақтау; 
      шартқа енгізілген міндеттемелердің орындалуы үшін тараптардың бақылау жасауы және жауапкершілігі принциптері негізге алына отырып жасалады. 

       3-бап. Ұжымдық шарттың тараптары және олардың өкілдері

      Мемлекеттік кәсіпорында немесе өзге де мемлекеттік құрылымда (бұдан әрі - "мемлекеттік кәсіпорын") жасалатын ұжымдық шарттың тараптары кәсіпорын басшысы мен еңбек ұжымы болады. 
      Мемлекеттік емес кәсіпорында немесе өзге де мемлекеттік емес құрылымда (бұдан әрі - "мемлекеттік емес кәсіпорын") жасалатын ұжымдық шарттың тараптары кәсіпорын иесі немесе ол өзінің өкілі болуға уәкілдік берген кәсіпорын басшысы мен еңбек ұжымы болады. 
      Еңбек ұжымы жалпы жиналыс (конференция) кейпінде тұтастас не кәсіподақ немесе өзі уәкілдік берген өзге де орган кейпінде қатыса алады. 
      Кәсіпорындарда бірнеше кәсіподақ ұйымдары болған кезде шартқа қол қою процесінде еңбек ұжымының атынан қатысу құқығын олардың ішінде қай органға беру не оларға ортақ өкілдік тапсыру туралы мәселе ұжымның жалпы жиналысында (конференциясында) шешіледі. 

       4-бап. Ұжымдық шартты әзірлеу

      Ұжымдық шарттың жобасын әзірлеуді еңбек ұжымы өз мүшелерінің, осы ұжымда құрылған кәсіподақ ұйымдарының және басқа да еңбекшілер қоғамдық бірлестіктерінің кеңінен қатысуымен жүзеге асырады. 
      Ұжымдық шарт тараптарының кез келгені екінші тарапқа келіссөздерді бастау туралы жазбаша хабарлама енгізуге қақылы. 
      Тараптардың келіссөздер жүргізуден, шарт қағидаларын әзірлеуден және қол қоюдан бас тартуына жол берілмейді. 
      Тараптар келіссөздер жүргізу үшін комиссия құрады. 
      Еңбек және әлеуметтік-экономикалық мәселелерді таңдауда және талқылауда комиссияға толық еркіндік беріледі. 
      Тараптар комиссияны келіссөздер жүргізу үшін қажетті ақпаратпен қамтамасыз етеді. Келіссөздерге қатысушылардың мемлекеттік немесе коммерциялық құпия болып табылатын мәліметтерді әйгілеуіне қақысы жоқ. 
      Келіссөздерге қатысушылардың осы баппен көзделмеген кепілдіктерін, оларды жүргізу тәртібі туралы басқа да ережелерді тараптар анықтайды. 
      Келіссөздердің нәтижесі ұжымдық шарттың жобасы болуы тиіс. 

       5-бап. Ұжымдық шарттың мазмұны

      Ұжымдық шартпен: еңбекті ұйымдастыру мен ақы төлеу жүйесі; ең төмен тарифтік нарықтар мен қызмет айлықақыларының мөлшері; тауарлар мен қызметтерге бағаның өсуіне байланысты жұмыскерлер табысын өтеу тәртібі мен мөлшері; жұмыскерлер жұмысынан айырылған жағдайда оларды сақтандыру тәртібі мен шарттары; өндіріс уақытша тоқтаған жағдайда оларды қорғау шаралары; жұмыссыздық жөніндегі жәрдемақы төлеу мерзімін ұлғайту мүмкіндігі мен мөлшері; зейнеткерлерге, мүгедектерге, көп балалы және жартыкеш отбасыларына қосымша жеңілдіктер беру мен көмек көрсету; еңбек пен тұрмыс жағдайы; ерікті және міндетті медициналық әрі әлеуметтік сақтандыру; жұмыскерлерді жұмыспен қамту және қайта оқыту; өндірісті дамыту мәселелері; еңбек және өндіріс тәртібін сақтауда еңбек ұжымы мүшелерінің жауапкершілігі; басқа да еңбек және әлеуметтік-экономикалық мәселелер жөніндегі ережелер анықталады. 
      Ұжымдық шарт оның қолданылу кезеңі, орындалуын бақылау тәртібі, өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы ережелерді қамтиды. 
      Еңбек заңдарының қолданылуы нақтылауды талап етпейтін жалпы қағидаларын ұжымдық шартқа қоспауға да болады. 
      Ұжымдық шарттардың ережелері еңбек ұжымдары мен олардың мүшелерін бұларға заңдармен берілетін құқықтарда шектей алмайды, заңдармен белгіленген еңбек жағдайын нашарлатпауы және әлеуметтік кепілдіктерді бұзбауы әрі оған қайшы келмеуі тиіс. 

       6-бап. Ұжымдық шарт жасасу тәртібі

      Комиссия даярлаған ұжымдық шарт жобасы еңбек ұжымында талқылаудан өтеді. Талқылау түрін еңбек ұжымы мүшелерінің мүдделерін білдіруші органдар анықтайды. 
      Жобаны түскен ескерпелер мен ұсыныстарды ескере отырып комиссия пысықтайды және тараптардың өкілетті өкілдері қол қояды. Ұжымдық шартқа қол қойылғанға дейін еңбек ұжымы оны жалпы жиналыста (конференцияда) бекітуі қажет. 

       7-бап. Ұжымдық шарттың күші және қолданылу аясы

      Ұжымдық шарт оған қол қойылған кезден бастап не онда белгіленген күннен бастап күшіне енеді. Шарт күшінің мерзімін тараптар анықтайды. 
      Ұжымдық шарт қысқа мерзімді (бір жылдық) және ұзақ мерзімді болуы мүмкін. 
      Ұжымдық шарттың қағидаларын жұмысқа жаңадан қабылданғандарды қоса алғанда, еңбек ұжымының барлық мүшесіне кәсіподаққа мүшелігіне қатыссыз қолданылады. 

       8-бап. Ұжымдық шартты мерзімінен бұрын бұзған кездегі
             кепілдіктер

      Кәсіпорынды басқару органдарының құрамы өзгерген, меншік иесі ауысқан жағдайда ұжымдық шарт күшінде қалады және тараптардың бірінің бастамасымен жаңа ұжымдық шарт қабылданғанға дейін қолданыла береді. 
      Кәсіпорын қайта ұйымдастырылған (қосылған, біріккен, бөлінген, бөліскен, қайта құрылған) кезде меншік иесі (жұмыс беруші, кәсіпкер) қайта ұйымдастырудың бүкіл кезеңінде ұжымдық шартпен анықталған жұмыскерлер үшін жеке-дара жеңілдіктерді сақтауы, еңбек ұжымы әлеуметтік дамуының барлық мәселесінің шешілуін өз мойнына алуы тиіс. 
      Кәсіпорын таратылған кезде ұжымдық шарт таратудың бүкіл мерзімінде қолданылады. Бұл жағдайда еңбек ұжымы мен жекелеген адамдардың ұжымдық шарт бойынша талаптары бюджетпен, банкілермен және басқа да кредит берушілерімен есеп айырысуға дейін таратылатын кәсіпорынның мүлкінен қанағаттандырылады. Қаржының мөлшерін шартқа қол қойған кәсіподақ немесе өзге де еңбекшілер өкілді органдарымен келісе отырып тарату комиссиясы анықтайды және ұжым бөлімшелері бойынша әрі мүшелері арасында бөледі.

       9-бап. Ұжымдық шарттың орындалуын бақылау

      Ұжымдық шарттың орындалуын бақылауды осы Заңның 4-бабына сәйкес құрылған комиссия, еңбек ұжымы органдары, кәсіподақ органдары жүзеге асырады.

       10-бап. Ұжымдық шарт тараптарының жауапкершілігі

      Тараптарды білдіретін адамдардың келіссөздерге қатысудан, ұжымдық шартты әзірлеуден, жасасудан, өзгерістер мен толықтырулардан жалтаруы, олардың келіссөздер жүргізу мерзімдерін бұзуы немесе тиісті комиссиялардың жұмысын қамтамасыз етпеуі бір мың сомға дейінгі мөлшерде айыппұлға әкеп соқтырады.
      Осы Заңмен көзделген айыппұлды салу Қазақ КСР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексімен белгіленген тәртіпте жүргізіледі.

       11-бап. Ұжымдық шарттарды жасасу және орындау кезінде
              туған дауларды шешу

      Ұжымдық шарттарды жасасу және орындау кезінде туған даулар заңдарға сәйкес шешіледі.

       Қазақстан Республикасының
      Президенті


Дата изменения акта:  15.05.2007
Дата принятия акта:  04.07.1992
Место принятия:  100055000000
Орган, принявший акт:  102000000000
Регион действия:  100000000000
Регистрационный номер акта в Государственном реестре нормативных правовых актов Республики Казахстан:  104087
Регистрационный номер НПА, присвоенный нормотворческим органом:  НЕТ
Статус акта:  yts
Сфера правоотношений:  002003000000
Форма акта:  ЗАК
Юридическая сила:  0400
Язык акта:  kaz