2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы

Қазақстан Республикасының Заңы 2024 жылғы 19 сәуірдегі № 75-VIII ҚРЗ.

      2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа өзгерістер енгізу туралы 2023 жылғы 25 мамырда Мәскеуде жасалған хаттама ратификациялансын.

      Қазақстан Республикасының
Президенті
Қ. ТОҚАЕВ


  Бейресми ayдарма

2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа өзгерістер енгізу туралы ХАТТАМА

      Бұдан әрі мүше мемлекеттер деп аталатын Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер

      2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарттың 115-бабын басшылыққа ала отырып,

      төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа мынадай өзгерістер енгізілсін:

      1) 53-баптың 5-тармағы мынадай мазмұндағы абзацпен толықтырылсын:

      "Ұқсас (салыстырмалы) реттеуді белгілеу мақсатында мүше мемлекеттердің заңнамасында өнімге қойылатын міндетті талаптарды, сәйкестікті міндетті бағалауды жүргізу қағидалары мен рәсімдерін бұзғаны үшін жауапкершілікті белгілеуге қатысты жалпы қағидаттар мен тәсілдерді Жоғары кеңес айқындайды.";

      2) XI бөлімнің атауы ", шұғыл фитосанитариялық шаралар" деген сөздермен толықтырылсын;

      3) мынадай мазмұндағы 591-баппен толықтырылсын:

"591-бап Шұғыл фитосанитариялық шаралар

      1. Шұғыл фитосанитариялық шаралар Одақтың карантиндік объектілерінің бірыңғай тізбесіне енгізілмеген және фитосанитариялық қауіп төндіретін зиянды организмдерге қатысты тиісті зиянды организмдер көрсетілген тізбеге енгізілгенге дейінгі кезеңге не зиянды организмдерге қатысты мұндай қауіптің жоқтығын растайтын фитосанитариялық қауіпті талдау нәтижесі алынғанға дейін қолданылады.

      2. Мүше мемлекет мынадай жағдайларда:

      1) фитосанитариялық шараларды қолданудың тиісті және жеткілікті ғылыми негіздемесі болмағанда немесе тиісті халықаралық ұйымдардан, мүше мемлекеттерден, сондай-ақ үшінші елдерден қабылданатын фитосанитариялық шаралар туралы ресми ақпарат алған кезде мұндай негіздемені қажетті мерзімдерде ұсыну мүмкін болмағанда;

      2) зиянды организмдерге қатысты осындай қауіптің болуын растайтын фитосанитариялық тәуекелді талдау нәтижесін алғанда шұғыл фитосанитариялық шараларды енгізуге құқылы.

      3. Шұғыл фитосанитариялық шараны енгізетін мүше мемлекет бұл туралы Комиссияны, басқа мүше мемлекеттерді хабардар етеді және Одақтың кедендік аумағында осындай шараны енгізу туралы тиісті негіздемені ұсына отырып, Комиссияға ұсыныс енгізеді.

      Комиссия мүше мемлекеттердің шұғыл фитосанитариялық шараны енгізу туралы ұсыныстарын қарайды және қарау қорытындысы бойынша Одақтың кедендік аумағында осындай шараны енгізу туралы шешім қабылдауы мүмкін.

      4. Мүше мемлекеттер Комиссия бекітетін тәртіппен шұғыл фитосанитариялық шараларды енгізу мәселелері бойынша өзара іс-қимылды жүзеге асырады.";

      4) 61-бап мынадай мазмұндағы 3 және 4-тармақтармен толықтырылсын:

      "3. Тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласында келісілген саясат жүргізу шеңберінде Комиссия мүше мемлекеттермен бірлесіп мүше мемлекеттердің тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы бірлескен іс-қимыл бағдарламасын әзірлейді, оны Үкіметаралық кеңес бекітеді.

      4. Комиссия мүше мемлекеттермен бірлесіп, мүше мемлекеттердің тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы бірлескен іс-қимыл бағдарламасының іске асырылуының мониторингін жүзеге асырады.";

      5) 109-баптың 1-тармағы мынадай мазмұндағы сөйлеммен толықтырылсын:

      "Мұндай өтініш жасау рәсімі, сондай-ақ байқаушы мемлекеттің мәртебесіне байланысты өзге де мәселелер Жоғары кеңес бекітетін ережеде айқындалады.";

      6) Еуразиялық экономикалық комиссия туралы ереженің (көрсетілген Шартқа № 1 қосымша) 3-тармағының 4) тармақшасы ", шұғыл фитосанитариялық шаралар" деген сөздермен толықтырылсын;

      7) Еуразиялық экономикалық одақ шеңберіндегі ақпараттық-коммуникациялық технологиялар және ақпараттық өзара іс-қимыл туралы хаттаманың (көрсетілген Шартқа № 3 қосымша) 2-тармағының он тоғызыншы абзацы "уәкілетті органдар" деген сөздерден кейін ", сондай-ақ электрондық құжаттарды, ақпаратты электрондық түрде жасау, жөнелту, беру және алу процесінде шаруашылық жүргізуші субъектілер мен уәкілетті органдар" деген сөздермен толықтырылсын;

      8) Кедендік әкелу баждарының (баламалы қолданылатын өзге де баждар, салықтар мен алымдар) сомаларын есепке жатқызу және бөлу, оларды мүше мемлекеттер бюджеттерінің кірісіне аудару тәртібі туралы хаттамада (көрсетілген Шартқа № 5 қосымша):

      2-тармақта:

      екінші абзац "корреспонденттік шоты" деген сөздерден кейін "(бірыңғай қазынашылық шоты)" деген сөздермен толықтырылсын;

      жетінші абзац "кассалық" деген сөзден кейін "(қазынашылық)" деген сөзбен толықтырылсын;

      9) Үшінші елдерге қатысты тарифтік емес реттеу шаралары туралы хаттамада (көрсетілген Шартқа № 7 қосымша):

      34-тармақ мынадай мазмұндағы абзацтармен толықтырылсын:

      "Рұқсат беру (ресімдеу) тәртібін, оның электрондық құжат нысанындағы құрылымы мен форматын Комиссия бекітеді, ал олар бекітілгенге дейін мүше мемлекеттің заңнамасына сәйкес айқындалады.

      Бір мүше мемлекеттің уәкілетті органы берген рұқсаттарды барлық басқа мүше мемлекеттер таниды.";

      35-тармақтағы "қосымшаға сәйкес" деген сөздер "Хаттаманың 48-тармағында көзделген" деген сөздермен ауыстырылсын;

      48-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "48. Тауарлардың бірыңғай тізбесіне енгізілген тауарлардың экспортына және (немесе) импортына лицензиялар мен рұқсаттар беру қағидаларын Комиссия бекітеді.

      Лицензия беру (ресімдеу) тәртібін, оның электрондық құжат нысанындағы құрылымы мен форматын Комиссия бекітеді, ал олар бекітілгенге дейін мүше мемлекеттің заңнамасына сәйкес айқындалады.";

      Тауарлардың экспортына және (немесе) импортына лицензиялар және рұқсаттар беру қағидаларының (көрсетілген Хаттамаға қосымша) күші жойылды деп танылсын;

      10) Еуразиялық экономикалық одақ шеңберіндегі техникалық реттеу туралы хаттамада (көрсетілген Шартқа № 9 қосымша):

      2-тармақтың жиырма сегізінші абзацындағы "сәйкестікті растау және өнімді Одақтың аумағында айналысқа шығару кезінде осы дайындаушының атынан әрекеттерді жүзеге асыратын, сондай-ақ" деген сөздер "осы дайындаушының атынан сәйкестікті бағалауды және өнімді айналысқа шығаруды жүзеге асыратын," деген сөздермен ауыстырылсын;

      4-тармақтың бесінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:

      "Көрсетілген тізбеге енгізілген стандарттар қолданылмаған жағдайда немесе олар болмаған жағдайда сәйкестікті бағалау Комиссия Кеңесі қабылдайтын ұсынымдар ескеріле отырып, тәуекелдерді талдау негізінде жүзеге асырылады.";

      5-тармақ алтыншы абзацтан кейін мынадай мазмұндағы абзацпен толықтырылсын:

      "Дайындаушылар уәкілеттік берген тұлғалар дайындаушылар уәкілеттік берген тұлғалардың бірыңғай тізіліміне енгізілуге тиіс. Көрсетілген тізілімді қалыптастыру және жүргізу тәртібін Комиссия Кеңесі айқындайды.";

      11) Өлшем бірлігін қамтамасыз ету саласында келісілген саясат жүргізу туралы хаттамада (көрсетілген Шартқа № 10 қосымша):

      2-тармақта:

      тоғызыншы абзацта "(бастапқы)" деген сөз алып тасталсын;

      он бірінші абзац мынадай редакцияда жазылсын:

      "ұлттық эталон" - мүше мемлекет мемлекеттік немесе шаруашылық қызметте сол тектес шама бірліктерінің басқа эталондарының шамалар мәнін беру үшін негіз ретінде пайдалану үшін таныған шама бірлігінің эталоны, оның ішінде бастапқы шама бірлігінің эталоны;";

      он бірінші абзацтан кейін мынадай мазмұндағы абзацпен толықтырылсын:

      "шаманың негіздемелік мәні" - сол тектес шамалардың мәндерімен салыстыру үшін негіз ретінде қолданылатын шаманың мәні;";

      3-тармақтың 2 тармақшасындағы және 6-тармақтағы "(бастапқы)" деген сөз алып тасталсын;

      12) Санитариялық, ветеринариялық-санитариялық және карантиндік фитосанитариялық шараларды қолдану туралы хаттамада (көрсетілген Шартқа № 12 қосымша):

      атауы "шараларды" деген сөзден кейін ", шұғыл фитосанитариялық шараларды" деген сөздермен толықтырылсын;

      1-тармақ "шараларды" деген сөзден кейін ", шұғыл фитосанитариялық шараларды" деген сөздермен толықтырылсын;

      2-тармақта:

      бесінші абзацтан кейін мынадай мазмұндағы абзацпен толықтырылсын:

      "зиянды организм" - өсімдіктердің, жануарлардың немесе патогенді агенттердің өсімдіктерге немесе өсімдік өнімдеріне зиян тигізетін кез келген түрі, өзге түрі немесе биотипі;";

      қырқыншы абзацтан кейін мынадай мазмұндағы абзацпен толықтырылсын:

      "фитосанитариялық қауіп" - мүше мемлекеттердің аумақтарында зиянды организмнің интродукциялану және таралу ықтималдығы және мүше мемлекеттер үшін олармен байланысты әлеуетті экономикалық салдардың ауқымы;";

      қырық бірінші абзацтан кейін мынадай мазмұндағы абзацпен толықтырылсын:

      "шұғыл фитосанитариялық шара" - Одақтың кедендік аумағын Одақтың карантиндік объектілерінің бірыңғай тізбесіне енгізілмеген және фитосанитариялық қауіп төндіретін зиянды организмнің әкелінуінен және таралуынан қорғауды қамтамасыз ету мақсатында Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартта көзделген жағдайларда шұғыл тәртіппен қолданылатын және осындай қауіпті азайтуға бағытталған, орындау үшін міндетті талаптар, қағидалар мен рәсімдер;";

      13) Бәсекелестіктің жалпы қағидаттары мен қағидалары туралы хаттаманың (көрсетілген Шартқа № 19 қосымша) 13-тармағының бірінші абзацы мынадай мазмұндағы сөйлеммен толықтырылсын:

      "Бұл жағдайда тиісті сұрау салу Комиссия атынан жіберілген болып есептеледі.";

      14) Сатып алуды реттеу тәртібі туралы хаттамада (көрсетілген Шартқа № 25 қосымша):

      4-тармақ мынадай мазмұндағы абзацпен толықтырылсын:

      "Мүше мемлекеттердің әлеуетті өнім берушілері мен өнім берушілерінің электрондық форматта өткізілетін сатып алуға қатысуға кедергісіз қол жеткізуін қамтамасыз ету үшін мүше мемлекеттер мүше мемлекеттердің бірінің заңнамасына сәйкес дайындалған электрондық цифрлық қолтаңбаны (электрондық қолтаңбаны) өзара таниды. Сатып алу мақсаттары үшін бір мүше мемлекеттің заңнамасына сәйкес дайындалған электрондық цифрлық қолтаңбаны (электрондық қолтаңбаны) басқа мүше мемлекеттердің өзара тану қағидаларын Комиссия Кеңесі айқындайды.";

      20-тармақтағы "уәкілетті реттейтін және (немесе) бақылайтын билік органдарының" деген сөздер "реттеу және (немесе) бақылау функцияларын жүзеге асыратын органдарының" деген сөздермен ауыстырылсын;

      32-тармақтың бірінші абзацындағы "Мүше мемлекеттің сатып алу саласындағы уәкілетті реттейтін және (немесе) бақылайтын билік органы" деген сөздер "Мүше мемлекеттің сатып алу саласындағы реттеу және (немесе) бақылау функцияларын жүзеге асыратын органы" деген сөздермен ауыстырылсын;

      бір көзден не жалғыз өнім берушіден (орындаушыдан, мердігерден) сатып алуды жүзеге асыру жағдайлары тізбесінің (көрсетілген Хаттамаға № 3 қосымша) 27-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:

      "27. Белгілі бір өнім берушіден сатып алуды жүзеге асырған тапсырыс берушіде тиісті тауарлардың, жұмыстардың немесе көрсетілетін қызметтердің қосымша санына қажеттіліктің туындауы. Бұл ретте қосымша сатып алынатын тауардың саны не қосымша сатып алынатын жұмыстардың немесе көрсетілетін қызметтердің көлемі сатып алу туралы шартта (келісімшартта) көзделген тауарлар санының не жұмыстар немесе көрсетілетін қызметтер көлемінің 10 пайызынан аспайды (қосымша жеткізілетін тауар не орындалатын жұмыстар немесе көрсетілетін қызметтер бірлігінің бағасы келісімшартта көзделген осындай тауар санына, жұмыс немесе көрсетілетін қызметтер көлемі келісімшарттың бастапқы бағасын бөлуден бөлек баға ретінде айқындалуға тиіс).";

      15) Өнеркәсіптік субсидиялар берудің бірыңғай қағидалары туралы хаттаманың (көрсетілген Шартқа № 28 қосымша) 97-тармағының күші жойылды деп танылсын.

2-бап

      Осы Хаттама осы баптың екінші абзацын ескере отырып, оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді мүше мемлекеттердің орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарламаны дипломатиялық арналар арқылы депозитарий алған күннен бастап күшіне енеді.

      Осы Хаттаманың 1-бабының 9-тармағы Еуразиялық экономикалық комиссияның тауарлардың экспортына және (немесе) импортына лицензиялар және рұқсаттар беру қағидаларын бекіту туралы шешімі күшіне енген күннен бастап, бірақ осы Хаттама күшіне енген күннен кейін күшіне енеді.

      2023 жылғы "25"мамырда Мәскеу қаласында орыс тілінде бір төлнұсқа данада жасалды.

      Осы Хаттаманың төлнұсқа данасы Еуразиялық экономикалық комиссияда сақталады, ол осы Хаттаманың депозитарийі бола отырып, әрбір мүше мемлекетке оның куәландырылған көшірмесін жібереді.

Армения
Республикасы
үшін

Беларусь
Республикасы
үшін

Қазақстан
Республикасы
үшін

Қырғыз
Республикасы
үшін

Ресей
Федерациясы
үшін

      Осымен аталған мәтін 2023 жылғы 25 мамырда Мәскеу қаласында:

      Армения Республикасы үшін Армения Республикасының Премьер-Министрі Н.В. Пашинян;

      Беларусь Республикасы үшін Беларусь Республикасының Президенті А.Г. Лукашенко;

      Қазақстан Республикасы үшін Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К. Тоқаев;

      Қырғыз Республикасы үшін Қырғыз Республикасының Президенті С.Н. Жапаров;

      Ресей Федерациясы үшін Ресей Федерациясының Президенті В.В. Путин қол қойған 2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа өзгерістер енгізу туралы хаттаманың толық және тең түпнұсқалық көшірмесі болып табылатынын куәландырамын.

      Түпнұсқа данасы Еуразиялық экономикалық комиссияда сақталады.

      Еуразиялық
Экономикалық комиссияның
Құқықтық департаментінің директоры
В.И. Тараскин