Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексіне соттар жұмысының заманауи форматтарын ендіру, артық сот рәсімдері мен шығындарын қысқарту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

Қазақстан Республикасының Заңы 2020 жылғы 10 маусымдағы № 342-VI ҚРЗ.

      1-бап. 2015 жылғы 31 қазандағы Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексіне (Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Жаршысы, 2015 ж., № 20-V, 20-VІ, 114-құжат; 2016 ж., № 7-ІІ, 55-құжат; № 12, 87-құжат; 2017 ж., № 1-2, 3-құжат; № 4, 7-құжат; № 8, 16-құжат; № 16, 56-құжат; № 21, 98-құжат; 2018 ж., № 10, 32-құжат; № 13, 41-құжат; № 14, 44-құжат; № 16, 53-құжат; № 24, 93-құжат; 2019 ж., № 2, 6-құжат; № 7, 36, 37-құжаттар; № 15-16, 67-құжат; № 23, 103-құжат; № 24-I, 118, 119-құжаттар; 2020 жылғы 7 мамырда "Егемен Қазақстан" және "Казахстанская правда" газеттерінде жарияланған "Қазақстан Республикасының кейбiр заңнамалық актiлерiне әлеуметтiк қамсыздандыру мәселелерi бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы" 2020 жылғы 6 мамырдағы Қазақстан Республикасының Заңы):

      1) мазмұнында:

      24-баптың тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:

      "24-бап. Дауды (жанжалды) медиация немесе партисипативтік рәсім тәртібімен шешу. Дауды төреліктің, "Астана" халықаралық қаржы орталығы сотының шешуіне беру";

      5-1-тарау мынадай мазмұндағы 56-3 және 56-4-баптардың тақырыптарымен толықтырылсын:

      "56-3-бап. Сот приставы

      56-4-бап. Аудармашы";

      11-1-тарау мынадай мазмұндағы 133-4-баптың тақырыбымен толықтырылсын:

      "133-4-бап. Электрондық хаттама";

      147-баптың тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:

      "147-бап. Оңайлатылған (жазбаша) іс жүргізу тәртібімен қаралған іс бойынша шешім";

      мынадай мазмұндағы 187-1-баптың тақырыбымен толықтырылсын:

      "187-1-бап. Сот отырысында техникалық құралдарды пайдалану";

      198-баптың тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:

      "198-бап. Iстi талқылауды кейiнге қалдыру, сот отырысындағы үзіліс";

      мынадай мазмұндағы 250-1-баптың тақырыбымен толықтырылсын:

      "250-1-бап. Атқарушылық іс жүргізуде борышкердің жылжымайтын мүлкіне өндіріп алуды қолдану";

      405-баптың тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:

      "405-бап. Бiрiншi сатыдағы сот судьясының апелляциялық шағымды, прокурордың өтінішхатын алғаннан кейiнгi әрекеттерi";

      461-баптың тақырыбы алып тасталсын;

      463-баптың тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:

      "463-бап. Соттың істі қайта қарау туралы арыз бойынша ұйғарымы";

      2) 4-бап мынадай редакцияда жазылсын:

      "4-бап. Азаматтық сот ісін жүргізудің міндеттері

      Азаматтардың, мемлекеттің және заңды тұлғалардың бұзылған немесе даулы құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қорғау және қалпына келтіру, азаматтық айналымда және жария-құқықтық қатынастарда заңдылықты сақтау, істің толық және уақтылы қаралуын қамтамасыз ету, дауды бейбіт жолмен реттеуге жәрдемдесу, құқық бұзушылықтардың алдын алу мен қоғамда заңға және сотқа құрметпен қарауды қалыптастыру азаматтық сот ісін жүргізудің міндеттері болып табылады.";

      3) 15-баптың үшінші және төртінші бөліктері мынадай редакцияда жазылсын:

      "3. Сот объективтілікті және бейтараптылықты сақтай отырып, процеске басшылықты жүзеге асырады, тараптардың істің мән-жайларын толық және объективті зерттеуге арналған процестік құқықтарын іске асыруы үшін қажетті жағдайлар жасайды.

      Сот іске қатысатын адамдарға олардың құқықтары мен міндеттерін түсіндіреді, процестік әрекеттерді жасаудың немесе жасамаудың салдарлары туралы ескертеді, олардың құқықтық позициялары мен дәлелдемелерін нақтылайды, олармен істің мән-жайларын талқылайды және осы Кодексте көзделген жағдайларда, оларға өздерінің құқықтарын жүзеге асыруға жәрдемдеседі.

      Сот шешімді әрбір тарапқа бірдей негіздерде зерттеуге қатысуды қамтамасыз еткен дәлелдемелерге ғана негіздейді.

      4. Сот тараптың уәжді өтінішхаты бойынша не өз бастамасы бойынша істің материалдарын жинау және зерттеу, тараптар дәлелдерінің негізділігін және сотқа ұсынылған дәлелдемелердің анықтығын тексеру бойынша шаралар қабылдайды, сондай-ақ азаматтық сот ісін жүргізу міндеттеріне қол жеткізуге бағытталған өзге де әрекеттерді орындайды.";

      4) 24-бапта:

      тақырып "төреліктің" деген сөзден кейін ", "Астана" халықаралық қаржы орталығы сотының" деген сөздермен толықтырылсын;

      "төреліктің" деген сөзден кейін ", "Астана" халықаралық қаржы орталығы сотының" деген сөздермен толықтырылсын;

      5) 34-бапта:

      бесінші бөлік мынадай мазмұндағы екінші абзацпен толықтырылсын:

      "Екі тарап та сот айқындаған соттылықпен келіскен жағдайда, олардың жазбаша өтінішхаты бойынша істі бір соттан екінші сотқа беру ұйғарым шығарылғаннан кейін дереу жүргізіледі.";

      алтыншы бөлік мынадай мазмұндағы екінші абзацпен толықтырылсын:

      "Әртүрлі облыстарда, республикалық маңызы бар қалаларда және астанада орналасқан бірінші сатыдағы соттар арасындағы дауды Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты тиісті облыстық және оған теңестірілген соттың ұсынуы бойынша шешеді.";

      6) 35-баптың тоғызыншы бөлігі 2) тармақшадағы "болмаған жағдайда мүмкін." деген сөздер "болмаған;" деген сөзбен ауыстырылып, мынадай мазмұндағы 3) тармақшамен толықтырылсын:

      "3) егер тараптар арасында медиация өткізу кезінде келісімге қол жеткізілмесе және тараптардың істі осы судьяның қарауына келісімі болмаған жағдайда мүмкін болады.";

      7) 38-баптың бірінші бөлігінің 1) тармақшасы "аудармашы," деген сөзден кейін "консультант," деген сөзбен толықтырылсын;

      8) 39-бапта:

      бірінші бөліктегі "сот отырысына" деген сөздер "істі қарауға және шешуге" деген сөздермен ауыстырылсын;

      екінші бөліктің төртінші абзацындағы "сот істі қараған және шешкен кезде сот отырысына" деген сөздер "соттың істі қарауына және шешуіне" деген сөздермен ауыстырылсын;

      үшінші бөлікте орыс тіліндегі мәтінге түзету енгізілді, қазақ тіліндегі мәтін өзгермейді;

      9) 40-баптың бірінші бөлігі "аудармашы," деген сөзден кейін "консультант," деген сөзбен толықтырылсын;

      10) 41-бапта:

      бірінші бөлік мынадай редакцияда жазылсын:

      "1. Сот отырысында прокурорға, сот отырысының хатшысына, маманға, сарапшыға, аудармашыға, консультантқа мәлімделген қарсылық білдіруді (өздігінен бас тартуды) сот сол сот отырысында қарайды және шешеді.

      Сот отырысынан тыс мәлімделген жазбаша қарсылық білдіруді (өздігінен бас тартуды) судья тараптарға хабарламастан, ол түскен күннен бастап келесі жұмыс күнінен кешіктірмей ал қосымша мән-жайларды анықтау қажет болған кезде – келесі сот отырысында қарайды.";

      төртінші бөліктегі "кеңесу бөлмесінде" деген сөздер алып тасталсын;

      11) 5-1-тарау мынадай мазмұндағы 56-3 және 56-4-баптармен толықтырылсын:

      "56-3-бап. Сот приставы

      1. Мемлекеттік қызметте тұратын, өзіне заңмен жүктелген міндеттерді орындайтын лауазымды адам сот приставы болып табылады.

      2. Сот приставы сот отырысы кезінде залда қоғамдық тәртіпті сақтайды, сотқа процестік әрекеттерді орындауда жәрдемдеседі, соттарда судьялар мен процеске өзге де қатысушыларды күзетуді жүзеге асырады, төрағалық етушінің өкімдерін орындайды, өзіне заңмен жүктелген басқа да өкілеттіктерді жүзеге асырады.

      56-4-бап. Аудармашы

      1. Аударма жасау үшін білу қажет тілдерді меңгерген және егер іске қатысатын адам, сондай-ақ куә, сарапшы, маман іс бойынша іс жүргізіліп жатқан тілді білмеген жағдайларда, сол сияқты жазбаша құжаттарды аудару үшін процестік әрекеттерге қатысуға тартылған, іске мүдделі емес адам аудармашы ретінде шақырылады.

      2. Төрағалық етуші аудармашыны тағайындау туралы хаттамалық ұйғарым шығарады.

      3. Аудармашының:

      1) аударманы жүзеге асыру кезінде қатысатын адамдарға аударманы нақтылау үшін сұрақтар қоюға;

      2) өзі қатысқан сот отырысының хаттамасымен танысуға, аударманың толық және дұрыс көрсетілуі бөлігінде хаттамаға ескертулер жасауға;

      3) егер оның аудару үшін қажетті жеткілікті білімі болмаса, іс бойынша іс жүргізуге қатысудан бас тартуға;

      4) егер іс бойынша іс жүргізуге қатысу оның лауазымдық міндеттерінің шеңберіне кірмейтін болса, өзінің іске қатысуына байланысты шеккен шығыстарына өтем және орындаған жұмысы үшін сыйақы алуға құқығы бар.

      4. Аудармашы:

      1) сотқа шақыру бойынша келуге;

      2) аударманы толық және дұрыс жүзеге асыруға;

      3) өзінің қатысуымен өткізілген сот отырысының хаттамасында, сондай-ақ өзіне аудару үшін берілген өзге де құжаттарда аударманың дұрыстығын өзінің қолтаңбасымен куәландыруға;

      4) аудармашы ретінде тартылуына байланысты өзіне белгілі болған істің мән-жайлары туралы мәліметтерді және өзге де деректерді жария етпеуге;

      5) сот отырысы кезінде тәртіпті сақтауға міндетті.

      5. Осы баптың қағидалары сурдоаударма жасау дағдыларын меңгерген және сот процеске қатысу үшін тартқан адамға қолданылады.";

      12) 59-баптың үшінші бөлігінің 2) тармақшасы "аудармашы," деген сөзден кейін "консультант," деген сөзбен толықтырылсын;

      13) 60-баптың бірінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

      "1. Тапсырма бойынша өкіл, талап қою арызына қол қоюдан, iстi төрелікке, "Астана" халықаралық қаржы орталығының сотына беруден, татуласу келісімін, дауды (жанжалды) медиация тәртібімен реттеу туралы келісім немесе дауды партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу туралы келісім жасасудан, талап қоюдан немесе талап қоюды танудан толық немесе ішінара бас тартудан, талап қою талаптарының нысанасын ұлғайтудан немесе азайтудан, талап қоюдың нысанасын немесе негізін өзгертуден, өкілеттіктерді басқа тұлғаға беруден (басқаға сеніп тапсырудан); сот актісіне апелляциялық, кассациялық тәртіптермен шағым жасаудан, жаңадан ашылған немесе жаңа мән-жайлар бойынша сот актісін қайта қарау туралы арыз беруден, сот актісін мәжбүрлеп орындатуды талап етуден, ұйғарылған мүлікті алудан, апелляциялық шағымнан және кассациялық тәртіппен сот актісін қайта қарау туралы өтінішхаттан бас тартудан басқа, өкілдік етушінің атынан осы Кодексте көзделген барлық процестік әрекетті жасауға құқылы.";

      14) 66-баптың төртінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

      "4. Дау (жанжал) медиация тәртібімен реттелмеген жағдайда, судья өзі сотта медиация жүргізу кезінде алған дәлелдемелерді, егер тараптар бұған қарсы болмаған жағдайды қоспағанда, іс жүргізуінде іс жатқан судьяға ұсына алмайды.";

      15) 74-баптың бірінші және екінші бөліктері мынадай редакцияда жазылсын:

      "1. Істі қарайтын сот өз бастамасы бойынша немесе іске қатысатын адамның басқа қаладағы немесе аудандағы дәлелдемелерді қамтамасыз етудің (жинаудың, зерттеудің) қажеттігі туралы өтінішхаты қанағаттандырылған жағдайда, тиісті сотқа белгілі бір процестік әрекеттерді жүргізуді тапсырады.

      2. Істі қарайтын сот өз бастамасы бойынша немесе іске қатысатын адамдардың Қазақстан Республикасының азаматтық істер бойынша құқықтық көмек көрсету туралы шарты бар басқа мемлекеттегі дәлелдемелерді қамтамасыз етудің (жинаудың, зерттеудің) қажеттігі туралы өтінішхаттары қанағаттандырылған жағдайда, осы шарттың ережелеріне сәйкес сот тапсырмасын жібереді.";

      16) 80-баптың үшінші бөлігінің 3) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "3) шешім немесе үкім шығару кезінде істің мән-жайларын талқылау барысында кеңесу құпиясын сақтау мәселелері бойынша – судья;";

      17) 81-баптың екінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

      "2. Егер куә ауруының, қарттығының, мүгедектігінің, тұратын жерінің алыстығының немесе басқа да дәлелді себептерінің салдарынан соттың шақыруы бойынша келуге жағдайы болмаса, сот одан оның болған жерінде не техникалық байланыс құралдарын пайдалана отырып жауап алуы мүмкін.";

      18) 100-бапта:

      екінші бөлікте:

      ", сондай-ақ" деген сөз "не" деген сөзбен ауыстырылсын;

      мынадай мазмұндағы екінші сөйлеммен толықтырылсын:

      "Сот жазбаша дәлелдемелерді өз бастамасы бойынша да талап етіп алдыруы мүмкін.";

      алтыншы бөлік мынадай редакцияда жазылсын:

      "6. Электрондық құжаттар нысанындағы дәлелдемелер немесе олардың электрондық цифрлық қолтаңбамен куәландырылған көшірмелері сотқа осы бапта белгіленген қағидалар сақтала отырып ұсынылады.

      Қазақстан Республикасының заңнамасында тек электрондық құжатты пайдалануға жол берілмейтін жағдайларды қоспағанда, электрондық құжат дәлелдеме деп танылады.";

      19) 105-бап мынадай мазмұндағы төртінші бөлікпен толықтырылсын:

      "4. Егер бірінші және апелляциялық сатылардағы соттарда тараптар арасында татуластыру рәсімі шеңберінде жасалған келісімдердің шарттарында талап қою талаптарының мөлшері ұлғайтылса не даудың нысанасы өзгертілсе, мемлекеттік бажды қосымша төлеу жүргізілмейді. Сот шығыстарын бөлу осы Кодексте белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.";

      20) 109-баптың алтыншы бөлігіндегі "бес" деген сөз "үш" деген сөзбен ауыстырылсын;

      21) 120-бапта:

      бірінші бөліктегі "сот кеңесу бөлмесіне кетпестен" деген сөздер алып тасталсын;

      үшінші бөліктегі "кеңесу бөлмесінде" деген сөздер алып тасталсын;

      22) 126-баптың төртінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

      "4. Өткізіп алынған процестік мерзімді қалпына келтіру туралы арыз өзінің құқықтарының немесе заңды мүдделерінің бұзылғандығы туралы арыз иесіне белгілі болған күннен бастап бір айдан кешіктірілмей, процестік әрекеттер жасалуға тиіс сотқа беріледі.

      Іске қатысатын адамдар арыздың келіп түскені туралы дереу хабарландырылады және олардың сотқа пікір ұсынуға құқығы бар.

      Сот өткізіп алынған процестік мерзімді қалпына келтіру туралы арызды сотқа келіп түскен күнінен бастап он жұмыс күні ішінде қарайды және шешеді.

      Сот өткізіп алынған процестік мерзімді қалпына келтіру туралы арызды өз қалауы бойынша, іске қатысатын адамдарды шақырмастан қарауға не сот отырысын тағайындауға құқылы. Бұл ретте сот отырысының уақыты мен орны туралы тиісті түрде хабарландырылған, іске қатысатын адамдардың келмеуі арызды қарауға кедергі болып табылмайды.";

      23) 11-1-тарау мынадай мазмұндағы 133-4-баппен толықтырылсын:

      "133-4-бап. Электрондық хаттама

      1. Сот талқылауының аудио-, бейнежазбасы электрондық хаттама деп танылады.

      2. Электрондық хаттаманың толықтығын, құрылымы мен сапалы тыңдалуын қамтамасыз ететін техникалық талаптарды соттардың қызметін ұйымдастырушылық және материалдық-техникалық қамтамасыз етуді жүзеге асыратын орган осы Кодекстің талаптарын ескере отырып айқындайды.";

      24) 134-баптың бірінші бөлігіндегі "судья" деген сөз алып тасталып, "шығарады" деген сөз "электрондық нысанда шығарылады" деген сөздермен ауыстырылсын;

      25) 135-бапта:

      6) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "6) партисипативтік рәсім тәртібімен жасасылған, дауларды реттеу туралы келісімдерді орындау туралы;";

      18) тармақша алып тасталсын;

      26) 143-бап мынадай редакцияда жазылсын:

      "143-бап. Өндіріп алушыға сот бұйрығын беру және оны орындауға жіберу

      1. Егер белгіленген мерзімде сотқа борышкерден қарсылық келіп түспесе, сот бұйрығы өндіріп алушыға орындауға ұсыну үшін беріледі немесе оның арызы бойынша сот аумаққа жатқызылуына қарай тиісті әділет органына не жеке сот орындаушыларының өңірлік палатасына орындауға жібереді.

      2. Өндіріп алушының өтініші бойынша, сондай-ақ осы Кодекстің 243-бабына сәйкес дереу орындалуға жататын талаптар бойынша сот бұйрығын сот орындауға тікелей жібереді

      3. Борышкерден мемлекеттік бажды тиісті бюджеттің кірісіне өндіріп алу үшін сот бұйрығының жекелеген данасын сот аумаққа жатқызылуына қарай тиісті әділет органына не жеке сот орындаушыларының өңірлік палатасына тікелей жібереді.";

      27) 144-бапта:

      үшінші бөліктің жетінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:

      "6) қосымша мән-жайларды анықтау немесе қосымша дәлелдемелерді зерттеу қажет болса, істі талап қою ісін жүргізу қағидалары бойынша қарауға көшеді, бұл туралы істі сот талқылауына дайындау туралы ұйғарымда көрсетеді.";

      төртінші бөлік мынадай редакцияда жазылсын:

      "4. Істі сот талқылауына дайындау туралы ұйғарымда іске қатысатын адамдар жасауға тиіс әрекеттер мен осы әрекеттерді жасау мерзімдері көрсетіледі. Іс осы Кодексте тиісті санаттағы істер үшін белгіленген мерзімдерде қаралуға тиіс. Істі қарау мерзімі талап қою арызы қабылданған күннен бастап есептеледі.";

      28) 145-баптың бірінші бөлігінің 1) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "1) егер талап қою бағасы заңды тұлғалар үшін – екі мың айлық есептік көрсеткіштен, дара кәсіпкерлер, азаматтар үшін бір мың айлық есептік көрсеткіштен аспаса, ақшаны өндіріп алу туралы талап қою арыздары бойынша;";

      29) 146-баптың екінші, үшінші, төртінші және бесінші бөліктері мынадай редакцияда жазылсын:

      "2. Сот тараптарды істі оңайлатылған (жазбаша) іс жүргізуде қарау туралы ол қабылданған күннен бастап келесі жұмыс күнінен кешіктірмей электрондық пошта мекенжайы немесе ұялы байланыстың абоненттік нөмірі бойынша, сондай-ақ хабарламаның тіркелуін қамтамасыз ететін өзге де байланыс құралдарын пайдалана отырып хабардар етеді.

      3. Істі оңайлатылған (жазбаша) іс жүргізуде қараумен келіспеген тараптар хабарламаны алған күннен бастап он бес жұмыс күні ішінде сотқа талап қою ісін жүргізу қағидалары бойынша дауды жалпы тәртіппен қарау туралы өтінішхат, ал жауапкер – құжаттар мен дәлелдемелерді қоса бере отырып, талап қоюға пікір (қарсылық) ұсынуға құқылы.

      4. Шешім шығарылғаннан кейін сотқа келіп түскен, дауды жалпы тәртіппен қарау туралы өтінішхат осы шешімнің күшін жою туралы арыз ретінде қабылданады және қаралады.

      5. Пікірді, дәлелдемелерді және өзге де құжаттарды ұсыну үшін сот белгілеген мерзімдер өткеннен кейін сот тараптарды шақырмастан, істі оңайлатылған (жазбаша) іс жүргізу тәртібімен электрондық форматта қарайды.";

      30) 147-бапта:

      тақырыптағы "қаралатын" деген сөз "қаралған" деген сөзбен ауыстырылсын;

      бірінші бөлік мынадай редакцияда жазылсын:

      "1. Оңайлатылған (жазбаша) іс жүргізу тәртібімен қаралған іс бойынша сот кіріспе және қарар бөліктерден тұратын шешім шығарады. Сот шешімінің көшірмесі тараптарға оның алынғанын тіркеуді қамтамасыз ететін байланыс құралдары пайдаланыла отырып жіберіледі не шешім шығарылған күннен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірілмей беріледі.

      Сот шешім заңды күшіне енгенге дейін тараптың мәлімдеген жазбаша өтінішхаты бойынша не өзінің бастамасы бойынша кіріспе, уәждеу және қарар бөліктерден тұратын шешімді дайындайды.";

      үшінші бөлік мынадай мазмұндағы екінші абзацпен толықтырылсын:

      "Судья шешімнің күшін жоюдан бас тарту туралы ұйғарыммен бірге, егер бұрын мұндай шешім берілмеген болса, тараптарға кіріспе, уәждеу және қарар бөліктерден тұратын шешімді беруге міндетті.";

      31) 148-бапта:

      екінші бөлік мынадай мазмұндағы 6-1) тармақшамен толықтырылсын:

      "6-1) тарап (тараптар) қабылдаған, татуласуға бағытталған әрекеттер туралы мәліметтер, егер мұндай әрекеттер қабылданған болса;";

      бесінші бөлік алып тасталсын;

      32) 149-баптың бірінші бөлігі мынадай мазмұндағы 5-1) тармақшамен толықтырылсын:

      "5-1) тараптың (тараптардың) татуласуға бағытталған әрекеттерді жасағанын растайтын құжаттар, егер мұндай әрекеттер жасалған болса;";

      33) 150-баптың бірінші бөлігі мынадай мазмұндағы екінші және үшінші абзацтармен толықтырылсын:

      "Татуласу рәсімдері жүргізілген кезде талап қою арызын қабылдау талап қою арызы түскен күннен бастап он жұмыс күні ішінде жүзеге асырылады. Татуласу рәсімдерін жүргізу нәтижелері туралы сот ұйғарымында талап қою арызын қабылдау не оны қабылдаудан бас тарту туралы көрсетіледі.

      Татуласу рәсімдерін, талап қою арызын қабылдаған кезде судья осы Кодекстің 17-тарауында көзделген қағидалар бойынша жүргізеді.";

      34) 156-баптың бірінші бөлігінің 4) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "4) мүлікті тыйым салудан босату туралы талап қою берілген жағдайда мүлікті өткізуді тоқтата тұру;";

      35) 159-баптың екінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

      "2. Іске қатысатын адамдар арыздың келіп түскені туралы дереу хабарландырылады және олардың сотқа пікір ұсынуға құқықтары бар.

      Сот талап қоюды қамтамасыз ету шараларын ауыстыру туралы арызды ол сотқа келіп түскен күннен бастап бес жұмыс күні ішінде қарайды және шешеді.

      Сот талап қоюды қамтамасыз ету шараларын ауыстыру туралы арызды іске қатысатын адамдарды шақырмастан қарауға не сот отырысын тағайындауға құқылы. Бұл ретте сот отырысының уақыты мен орны туралы тиісті түрде хабарландырылған, іске қатысатын адамдардың келмеуі арызды қарау үшін кедергі болып табылмайды.";

      36) 160-бап мынадай мазмұндағы 2-1-бөлікпен толықтырылсын:

      "2-1. Іс бойынша іс жүргізу тоқтатылған, талап қою арызы қараусыз қалдырылған, сондай-ақ талап қою арызы қайтарылған жағдайларда талап қоюды қамтамасыз ету жөніндегі қабылданған шаралар сот ұйғарымы заңды күшіне енгенге дейін өз күшін сақтайды.";

      37) 165-баптың 5) тармақшасы "төрелікке" деген сөзден кейін ", "Астана" халықаралық қаржы орталығының сотына" деген сөздермен толықтырылсын;

      38) 168-баптың бірінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

      "1. Осы Кодекстің 272, 273-баптарында, 277-бабының 1), 2), 3), 4), 5) және 6) тармақшаларында және 279-бабының 1), 2), 3), 4), 5), 8) және 9) тармақшаларында көзделген мән-жайлар болған кезде істі сот талқылауына дайындаған кезде ол бойынша іс жүргізу тоқтатыла тұруы немесе тоқтатылуы не арыз қараусыз қалдырылуы мүмкін.";

      39) 169-баптың бірінші бөлігінің бірінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:

      "1. Талап қоюшы қосымша процестік әрекеттерді жүргізу қажет болмаған кезде сот шешім шығару үшін шығып кеткенге дейін жазбаша арыз беру арқылы талап қоюдың негізін немесе нысанасын өзгертуге, талап қою талаптарының мөлшерін ұлғайтуға немесе азайтуға құқылы.";

      40) 170-баптың бірінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

      "1. Талап қоюшы сот шешім шығару үшін шығып кеткенге дейін бірінші және апелляциялық сатылардағы соттарға жазбаша арыз беру арқылы талап қоюдан бас тартуға құқылы.";

      41) 171-баптың бірінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

      "1. Жауапкер сот шешім шығару үшін шығып кеткенге дейін бірінші және апелляциялық сатылардағы соттарға жазбаша арыз беру арқылы талап қоюды толық немесе оның бір бөлігін мойындауға құқылы.";

      42) 173-баптың бірінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:

      "Судья істі дайын деп танып, тараптарға және іске қатысатын басқа да адамдарға істің сот отырысында қаралатын уақыты мен орны туралы хабарлайды.";

      43) 174-баптың бірінші және үшінші бөліктері мынадай редакцияда жазылсын:

      "1. Сот (судья) тараптардың татуласуы үшін шаралар қабылдайды, оларға дауды процестің барлық сатысында реттеуде жәрдемдеседі.";

      "3. Татуласу рәсімдерін қолдана отырып дауды реттеу туралы өтінішхат, егер осы Кодексте немесе заңда өзгеше көзделмесе, талап қою ісін жүргізудің кез келген ісі бойынша мәлімделуі мүмкін.";

      44) 175-баптың бірінші және үшінші бөліктері мынадай редакцияда жазылсын:

      "1. Татуласу келісімі бірінші, апелляциялық, кассациялық сатылардағы соттарда сот шешім шығару үшін шығып кеткенге дейін, сондай-ақ сот актісінің орындалуы кезінде жасалуы мүмкін.";

      "3. Татуласу келісімін сот (судья) бекітеді.";

      45) 177-бапта:

      бірінші бөліктің бірінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:

      "1. Сот тараптардың татуласу келісімін бекіту туралы өтінішхатын сот отырысында қарауы мүмкін. Іске қатысатын адамдарға сот отырысының уақыты мен орны туралы хабарландырылады.";

      төртінші бөлік "ол" деген сөзден кейін "сот отырысының хаттамасына енгізіледі және" деген сөздермен толықтырылсын;

      46) 179 және 181-баптар мынадай редакцияда жазылсын:

      "179-бап. Дауды (жанжалды) медиация тәртібімен реттеу

      1. Тараптар бірінші, апелляциялық, кассациялық сатылардағы соттарда сот шешім шығару үшін шығып кеткенге дейін дауды (жанжалды) судьяның немесе медиатордың жәрдемдесуімен медиация тәртібімен реттеу туралы өтінішхатты мәлімдеуге құқылы.

      2. Медиацияны өткізетін судья медиация өткізілетін күнді тағайындайды және тараптарға оның өткізілетін уақыты мен орны туралы хабарлайды. Судья медиацияны "Медиация туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес және осы Кодексте белгіленген ерекшеліктерді ескере отырып өткізеді.

      Сот тараптардың өтінішхаты бойынша медиация рәсімін осы Кодекстің 150-бабының бірінші бөлігінде, осы баптың төртінші бөлігінде белгіленген мерзімдер шегінде кейінге қалдыруға және егер басқа тұлғалардың қатысуы дауды (жанжалды) реттеуге ықпал ететін болса, оларды медиацияға шақыруға құқылы.

      3. Егер тараптар талап қою арызы қабылданғанға дейін судьяның жәрдемдесуімен дауды (жанжалды) медиация тәртібімен реттеу туралы келісімге қол жеткізбесе, іске қатысы бар материалдар осы Кодекстің 35-бабының жетінші бөлігінде көзделген тәртіппен басқа судьяның қарауына беріледі.

      Тараптардың келісуімен істі медиацияны өткізген судья қарауы мүмкін.

      4. Бірінші немесе апелляциялық сатыдағы соттың іс жүргізуінде жатқан іс бойынша судьяның жәрдемдесуімен дауды (жанжалды) медиация тәртібімен реттеу туралы өтінішхат келіп түскен кезде сот іс бойынша іс жүргізуді осы Кодекстің 273-бабының 7) тармақшасына сәйкес он жұмыс күнінен аспайтын мерзімге тоқтата тұруға құқылы.

      Бірінші сатыдағы сотта медиация өткізу үшін іс басқа судьяға беріледі. Тараптардың өтінішхаты бойынша медиацияны іс жүргізуінде іс жатқан судья өткізуі мүмкін.

      Дауды (жанжалды) реттеу туралы келісімге қол жеткізілмеген кезде істі одан әрі қарауды тараптардың келісуімен осы судья жалғастыруы мүмкін.

      Медиацияны аппеляциялық сатыдағы сотта өткізу үшін іс, әдетте, соттың алқалы құрамындағы судьялардың біріне беріледі.

      5. Бірінші немесе апелляциялық сатыдағы соттың іс жүргізуінде жатқан іс бойынша медиатордың жәрдемдесуімен дауды (жанжалды) медиация тәртібімен реттеу туралы өтінішхат келіп түскен және тараптардың медиатормен жасасқан шарты ұсынылған кезде сот іс бойынша іс жүргізуді осы Кодекстің 272-бабының 7) тармақшасына сәйкес бір айдан аспайтын мерзімге тоқтата тұруға міндетті.

      6. Тараптардың дауды (жанжалды) медиация тәртібімен реттеу туралы өтінішхаты, егер бұл қосымша процестік әрекеттерді және істі қарауды тоқтата тұруды талап етпесе, кассациялық сатыдағы сотта мәлімделуі мүмкін. Тараптар кассациялық сатыдағы сотта өтінішхатпен бірге бір мезгілде дауды (жанжалды) медиация тәртібімен реттеу туралы келісімді ұсынуға тиіс.

      7. Сотта медиацияны өткізу хаттамасы жүргізілмейді.

      8. Егер дауды (жанжалды) медиация тәртібімен реттеу туралы келісім сот актісін орындау сатысында жасалса, ол сот актісі орындалатын жер бойынша бірінші сатыдағы сотқа немесе аталған сот актісін шығарған сотқа бекітуге ұсынылады.";

      "181-бап. Дауды партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу

      1. Тараптар осы Кодекстің 179-бабында көзделген қағидалар бойынша сот шешім шығару үшін шығып кеткенге дейін дауды партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу туралы өтінішхатты мәлімдеуге құқылы. 

      2. Партисипативтік рәсім судьяның қатысуынсыз "Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес екі тарап адвокаттарының не заң консультанттары палатасының мүшелері болып табылатын адамдардың жәрдемдесуімен дауды реттеу бойынша тараптар арасында келіссөздер жүргізу арқылы өткізіледі.";

      47) 187-бап мынадай мазмұндағы төртінші бөлікпен толықтырылсын:

      "4. Осы баптың қағидалары техникалық байланыс құралдарын пайдалану арқылы, сот процесіне қатысу ерекшеліктері ескеріле отырып, қолданылады.";

      48) мынадай мазмұндағы 187-1-баппен толықтырылсын:

      "187-1-бап. Сот отырысында техникалық құралдарды пайдалану

      1. Іске қатысатын адамдар, олардың өкілдері, сондай-ақ куәлар, сарапшылар, мамандар, аудармашылар осы Кодексте көзделген тәртіппен, сот талқылауы барысында материалдық және цифрлық ақпарат жеткізгіштері бар техникалық құралдарды істі қарау барысында туындаған мәселелер бойынша қажетті ақпарат алу, ақпараттық және құқықтық жүйелерге, интернет-ресурстарға қолжетімділік алу, тиісті түрде хабарланғанын және іс үшін маңызы бар өзге де мән-жайларды анықтау, сондай-ақ сот отырысының барысын жазып алу үшін пайдалануға құқылы.

      2. Осы Кодексте белгіленген техникалық құралдарды пайдалану тәртібін сақтамау алынған деректерді пайдалану мүмкіндігін болғызбайды және кінәлі адамды жауаптылыққа тартуға негіз болып табылады.

      3. Сот талқылауы барысының аудио-, бейнежазбасы, кино- және фототүсірілімі осы Кодекстің 19-бабы жетінші бөлігінің қағидалары бойынша жүзеге асырылады, олардың сақталмауы кейіннен оларды пайдалану мен тарату мүмкіндігін болғызбайды және кінәлі адамды сотқа құрметтемеушілік білдіргені үшін жауаптылыққа тартуға негіз болып табылады.";

      49) 190-бап мынадай редакцияда жазылсын:

      "190-бап. Процеске қатысушылардың келуiн тексеру

      1. Сот отырысының хатшысы сотқа осы iс бойынша шақырылған адамдардан кiмнiң келгенiн, олардың қайсысы техникалық байланыс құралдарын пайдалану арқылы қатысатынын, келмеген адамдарға хабар берiлгенін не берiлмегенiн және олардың келмеу себептерi туралы қандай мәлiметтердiң бар екенiн баяндайды.

      2. Төрағалық етушi осы Кодексте белгіленген, техникалық байланыс құралдарын пайдалану арқылы, сот процесіне қатысу ерекшеліктерін ескере отырып, келгендердiң жеке басын анықтайды, сондай-ақ өкiлдердiң өкiлеттiктерiн тексередi.";

      50) 194-бапта:

      бірінші абзац мынадай редакцияда жазылсын:

      "Төрағалық етуші іске қатысатын адамдардың процестік құқықтарымен және міндеттерімен танысқандығына көз жеткізеді, ал таныспаған жағдайда оларға құқықтары мен міндеттерін түсіндіреді, сондай-ақ процестік міндеттерді орындамағаны үшін заңдарда белгіленген жауаптылығы және осы Кодексте көзделген процестік салдарлардың басталуы туралы ескертеді.";

      екінші абзац "төрелікке" деген сөзден кейін ", "Астана" халықаралық қаржы орталығының сотына" деген сөздермен толықтырылсын;

      51) 196-бап мынадай мазмұндағы сегізінші бөлікпен толықтырылсын:

      "8. Егер, техникалық байланыс құралдарын пайдалана отырып, істі қарауға қатысу туралы өтінішхатты мәлімдеген адам өзінің қатысуын қамтамасыз етпесе, онда сот оның келмеу себептерін дәлелсіз деп тануға құқылы.";

      52) 198-бапта:

      тақырып ", сот отырысындағы үзіліс" деген сөздермен толықтырылсын;

      мынадай мазмұндағы төртінші, бесінші және алтыншы бөліктермен толықтырылсын:

      "4. Істі талқылау кейінге қалдырылғаннан кейін іс басынан қайта қаралады. Егер тараптар процеске барлық қатысушының түсініктемелерін қайталауды талап етпесе, сот оларды толықтыруға және қосымша сұрақтар қоюға мүмкіндік бере отырып, бұрын тыңдалған түсініктемелерді қайталамастан, оларды растаумен шектелуге құқылы.

      5. Сот іске қатысатын адамдардың пікірін ескере отырып, істі қарауды жалғастыруға және (немесе) жұмыстан тыс уақытта шешім шығаруға құқылы.

      6. Сот отырысында үзіліс жариялануы мүмкін, оның ұзақтығы іске қатысатын адамдардың пікірі ескеріле отырып, айқындалады.";

      53) 201-бап мынадай редакцияда жазылсын:

      "201-бап. Iстi мәнi бойынша қараудың басталуы

      1. Істі мәні бойынша қарау төрағалық етушінің талап қоюшының өзінің талаптарын қолдайтыны не қолдамайтыны, талап қоюшының талаптарын жауапкердің мойындайтыны не мойындамайтыны және тараптардың істі татуласу келісімімен аяқтауды немесе істі төреліктің, "Астана" халықаралық қаржы орталығы сотының қарауына беруді не дауды (жанжалды) медиация немесе партисипативтік рәсім тәртібімен немесе заңда белгіленген басқа тәсілмен шешуді қалайтыны не қаламайтыны туралы мәселелерді анықтауынан басталады.

      2. Осыдан кейін судья:

      1) талап қоюшының талаптарын;

      2) жауапкердің қарсылықтарын;

      3) тараптар дау айтпайтын және олар дау айтатын фактілерді, сондай-ақ тараптар ұсынған, іске қоса тіркелген дәлелдемелерді баяндайды.

      Судья одан кейін тараптардың қандай да бір толықтырулар және (немесе) нақтылаулар енгізуді қалайтынын не қаламайтынын анықтайды.";

      54) 202-бапта:

      мынадай мазмұндағы 2-1-бөлікпен толықтырылсын:

      "2-1. Сот іске қатысатын адамдарға тараптардың талаптары мен қарсылықтарын негіздеу фактілері туралы мәліметтер алу, сондай-ақ істің толық және уақтылы шешілуі үшін маңызы бар өзге де мән-жайларды анықтау үшін сұрақтар қоюға құқылы.";

      бесінші бөлік алып тасталсын;

      55) 221-бап мынадай редакцияда жазылсын:

      "221-бап. Соттың шешiм шығару үшiн шығып кетуi

      Сот жарыссөздерiнен кейiн, ал осы Кодекстiң 219-бабында көзделген жағдайда, прокурор іс бойынша қорытынды бергеннен кейін сот сот отырысы залындағы адамдарға сот актісінің жария етілетін уақыты туралы хабарлай отырып, оны шығару үшін шығып кетеді..";

      56) 222-бапта:

      бірінші бөлік мынадай редакцияда жазылсын:

      "1. Соттың шешiмi қабылданып, оған қол қойылғаннан кейiн судья шешiмді толық не оның қарар бөлiгiн жария етедi.";

      мынадай мазмұндағы 1-1-бөлікпен толықтырылсын:

      "1-1. Іске қатысатын адамдар келмеген жағдайда сот отырысында шешімді жария ету жүргізілмейді.

      Шешімнің көшірмесі іске қатысатын адамдарға осы Кодексте белгіленген тәртіппен жіберіледі.";

      екінші бөлік мынадай редакцияда жазылсын:

      "2. Төрағалық етуші сот шешімінің қарар бөлігі жария етілгеннен кейін оны қабылдаудың құқықтық негіздері мен салдарларын, шешімге шағым жасаудың тәртібі мен мерзімдерін түсіндіреді, шешімнің түпкілікті нысаны дайын болатын және іске қатысатын адамдар оның көшірмесін алуға болатын күнді жариялайды.";

      57) 223-бапта:

      екінші, үшінші және төртінші бөліктер мынадай редакцияда жазылсын:

      "2. Шешім бөтен адамдардың болуын және кеңес құпиясының жария етілуін болғызбайтын жағдайларда шығарылады.

      3. Сот істі талқылағаннан кейін сот шешімін шығару үшін шығып кетеді.

      Сот шешімді жария етуді осы Кодекстің 183-бабының екінші бөлігінде көзделген мерзім шегінде, бірақ бес жұмыс күнінен аспайтын мерзімге кейінге қалдыруға құқылы.

      Шешімнің жария етілген қарар бөлігіне судья қол қоюға және ол іске қоса тіркелуге тиіс.

      4. Түпкілікті нысандағы шешім шешімнің қарар бөлігі жария етілгеннен кейін бес жұмыс күнінен аспайтын мерзімде дайындалуға тиіс. Осы баптың үшінші бөлігінің екінші абзацында көзделген жағдайда түпкілікті нысандағы шешім ол жария етілгенге дейін дайындалуға тиіс.";

      мынадай мазмұндағы 4-1-бөлікпен толықтырылсын:

      "4-1. Жария етілген шешімді түпкілікті нысанда дәлелді себептер бойынша дайындауға мүмкіндік болмаған кезде, шешімнің судья қол қойған қарар бөлігіне осы Кодексте белгіленген тәртіппен шағым жасалуы мүмкін.";

      бесінші бөлік алып тасталсын;

      58) 225-баптың үшінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

      "3. Сот шешім шығару үшін шығып кеткеннен кейін iс үшiн маңызы бар мән-жайларды қосымша анықтауды немесе дәлелдемелердi зерттеудi қажет деп тауып, iстi мәнi бойынша қарауды қайта бастау туралы ұйғарым шығарады, ол сот отырысының хаттамасына енгізіледі. Сот iстi мәнi бойынша қарау аяқталғаннан кейiн сот жарыссөздерiн, ал осы Кодекстiң 219-бабында көзделген жағдайда, прокурордың қорытындысын да қайта тыңдайды.";

      59) 235-бапта:

      екінші бөлік мынадай редакцияда жазылсын:

      "2. Сот өз бастамасы бойынша немесе iске қатысатын адамдардың арызы бойынша шешiмде жiберiлген қате жазуларды және анық арифметикалық қателердi түзете алады.

      Сот шешімдегі қате жазуларды және анық арифметикалық қателерді түзету туралы арызды сотқа арыз келіп түскен күннен бастап он жұмыс күні ішінде қарайды.

      Iске қатысатын адамдар арыздың келіп түскені туралы дереу хабарландырылады және олардың сотқа пікір ұсынуға құқығы бар.

      Сот шешімдегі қате жазуларды және анық арифметикалық қателерді түзету туралы арызды өз қалауы бойынша, іске қатысатын адамдарды шақырмастан қарауға не сот отырысын тағайындауға құқылы. Бұл ретте сот отырысының уақыты мен орны туралы тиісті түрде хабарландырылған іске қатысатын адамдардың келмеуі арызды қарауға кедергі болып табылмайды.";

      үшінші бөлік мынадай мазмұндағы екінші абзацпен толықтырылсын:

      "Соттың шешімдегі қате жазулар мен анық арифметикалық қателерді түзету туралы арызды қанағаттандырудан бас тарту туралы ұйғарымы шағым жасалуға, прокурордың өтінішхаты бойынша қайта қаралуға жатпайды.";

      мынадай мазмұндағы төртінші бөлікпен толықтырылсын:

      "4. Сот қате жазуларды және анық арифметикалық қателерді түзету кезінде қабылданған шешімнің түйіндерін және (немесе) мазмұнын өзгертуге құқылы емес.";

      60) 237-бапта:

      екінші бөлік мынадай редакцияда жазылсын:

      "2. Судья шешімді түсіндіру туралы арызды сот отырысын өткізбестен шешеді. Іске қатысатын адамдар шешімді түсіндіру туралы арыздың келіп түскені туралы хабарландырылады және олар сотқа арызға пікірін жіберуге құқылы.";

      үшінші бөлік мынадай мазмұндағы екінші абзацпен толықтырылсын:

      "Соттың шешімді түсіндіруден бас тарту туралы ұйғарымы шағым жасалуға, прокурордың өтінішхаты бойынша қайта қаралуға жатпайды.";

      61) 239-баптың екінші және үшінші бөліктері мынадай редакцияда жазылсын:

      "2. Сот ұйғарылған ақша сомаларын индекстеу туралы арызды сотқа арыз келіп түскен күннен бастап он жұмыс күні ішінде қарайды және шешеді.

      Іске қатысатын адамдар арыздың келіп түскені туралы дереу хабарландырылады және олардың сотқа арызға пікірін ұсынуына құқығы бар.

      Сот ұйғарылған ақша сомаларын индекстеу туралы арызды өз қалауы бойынша, іске қатысатын адамдарды шақырмастан қарауға не сот отырысын тағайындауға құқылы. Сот отырысының уақыты мен орны туралы тиісті түрде хабарландырылған, іске қатысатын адамдардың келмеуі арызды қарауға кедергі болып табылмайды.

      3. Соттың ұйғарылған ақша сомаларын индекстеу не индекстеуден бас тарту туралы ұйғарымына апелляциялық сатыдағы сотқа жеке шағым берілуі, прокурор өтінішхат келтіруі мүмкін, оның шешімі түпкілікті болып табылады.";

      62) 246-баптың үшінші бөлігінің бірінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:

      "3. Атқарушылық iс жүргiзуде сот орындаушысының өтінішхаты немесе тараптардың арызы, сондай-ақ олардың арасында жасалған татуласу келiсiмі немесе дауды (жанжалды) медиация тәртібімен реттеу туралы келісім сот отырысында қаралады. Iске қатысатын адамдар отырыстың уақыты мен орны туралы хабарландырылады, алайда олардың келмеуi өтінішхатты немесе арызды шешуге кедергi болып табылмайды.";

      63) 249-баптың екінші бөлігінің екінші абзацындағы "бес" деген сөз "үш" деген сөзбен ауыстырылсын;

      64) мынадай мазмұндағы 250-1-баппен толықтырылсын:

      "250-1-бап. Атқарушылық іс жүргізуде борышкердің жылжымайтын мүлкіне өндіріп алуды қолдану

      1. Сот шешімін мәжбүрлеп орындау барысында берешекті өзге мүлік есебінен өтеу мүмкін болмаған кезде не мүлік жеткіліксіз болған кезде өндіріп алушы не сот орындаушысы борышкердің жылжымайтын мүлкіне өндіріп алуды қолдану туралы арызбен сотқа жүгінуге құқылы.

      Сот борышкердің жылжымайтын мүлкіне өндіріп алуды қолдану туралы арызды осы мүліктің орналасқан жеріндегі сотқа арыз келіп түскен күннен бастап он жұмыс күні ішінде қарайды. Сот өндіріп алушыға, борышкерге және сот орындаушысына сот отырысының уақыты мен орны туралы хабарлайды, алайда олардың келмеуі арызды шешу үшін кедергі болып табылмайды. Сот арызды қарау нәтижелері туралы ұйғарым шығарады.

      2. Өндіріп алушының немесе сот орындаушысының арызы мазмұны бойынша осы Кодекстің 148-бабының екінші бөлігі 1), 2), 3), 5), 7) және 8) тармақшаларының талаптарына сәйкес келуге тиіс.

      Өндіріп алушының немесе сот орындаушысының сотқа берілген арызы осы баптың талаптарына сәйкес келмеген жағдайда, ол осы Кодекстің 152-бабының екінші бөлігінде белгіленген тәртіппен қараусыз қайтарылуға жатады.

      3. Осы баптың қағидалары бойынша, борышкер болып табылмайтын кепіл берушінің жылжымайтын мүлкіне не егер жылжымайтын мүлікті борышкер ипотекалық тұрғын үй қарызы бойынша сатып алған болса, өндіріп алуды қолдану туралы өндіріп алушының арызы қаралуға жатпайды.

      4. Борышкердің жылжымайтын мүлкіне өндіріп алуды қолдану не өндіріп алуды қолданудан бас тарту туралы сот ұйғарымына жеке шағым берілуі, прокурор өтінішхат келтіруі мүмкін.";

      65) 252-баптың екінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

      "2. Соттың не прокурордың санкциялауына жататын қаулыны сот орындаушысы атқарушылық әрекеттер жасалған жердегі сотқа не прокурорға ұсынады. Қаулыға санкцияланатын әрекеттерді қабылдаудың негізділігін растайтын атқарушылық іс жүргізу материалдары қоса беріледі.";

      66) 253-бапта:

      екінші бөлік мынадай редакцияда жазылсын:

      "2. Атқару парағын беру туралы арыз осы Кодекстің 148-бабының екінші бөлігі 1), 2), 3), 5), 7) және 8) тармақшаларының және төртінші бөлігінің талаптарына сәйкес келуге тиіс.

      Атқару парағын беру туралы арызға:

      1) төрелік шешімнің төлнұсқасы немесе көшiрмесi қоса тіркеледі. Тұрақты жұмыс iстейтiн төрелік шешiмiнiң көшiрмесiн осы төрелік басшысы куәландырады, төрелік шешімнің көшiрмесi нақты дауды шешу үшiн нотариаттық куәландырылуға тиiс;

      2) заңда белгiленген тәртiппен жасалған төрелік келiсiмінiң төлнұсқасы немесе нотариат куәландырған көшiрмесi қоса беріледі.

      Сотқа берілген арыз осы баптың талаптарына сәйкес келмеген жағдайда, ол осы Кодекстің 152-бабының екінші бөлігінде белгіленген тәртіппен қараусыз қайтарылуға жатады.";

      мынадай мазмұндағы 5-1-бөлікпен толықтырылсын:

      "5-1. Егер атқару парағына шағым жасаудың осы Кодекстің 464-бабының бірінші бөлігінде белгіленген мерзімі өтпесе, сот өндіріп алушыға атқару парағын беру туралы арызын қайтарады.";

      67) 256-баптың бесінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

      "5. Сот істі сырттай іс жүргізу тәртібімен қарау туралы ұйғарым шығарады, ол сот отырысының хаттамасына енгізіледі.";

      68) 259-баптағы "бес" деген сөз "үш" деген сөзбен ауыстырылсын;

      69) 269-баптың бірінші бөлігінің бірінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:

      "1. Ұйғарымда:";

      70) 271-баптағы "бес" деген сөз "үш" деген сөзбен ауыстырылсын;

      71) 276-бапта:

      екінші абзац мынадай редакцияда жазылсын:

      "Іс бойынша іс жүргізуді қайта бастау негіздерін төрағалық етуші жария етеді және сот отырысының хаттамасында көрсетілуге жатады.";

      үшінші абзац алып тасталсын;

      72) 279-бапта:

      3) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "3) егер талап қоюшы мәлімделген талапты қолдамаса, талап қою арызына қол қоюға немесе оны беруге өкілеттігі жоқ адам қол қойса немесе оны берсе;";

      5) тармақша "төреліктің" деген сөзден кейін "немесе "Астана" халықаралық қаржы орталығы сотының" деген сөздермен толықтырылсын;

      12) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "12) осы Кодекстің 34-тарауында көзделген ерекше іс жүргізудегі істер бойынша бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланғаны туралы мәліметтер ұсынылмаса;";

      73) 281-баптың бірінші және екінші бөліктері мынадай редакцияда жазылсын:

      "1. Осы Кодексте көзделген жағдайларды қоспағанда, бірінші сатыдағы соттың әрбір сот отырысы туралы, сондай-ақ отырыстан тыс жасалған әрбір жекелеген процестік әрекет туралы жазбаша нысанда хаттама не сот отырысының аудио-, бейнежазбасы жүргізілген кезде қысқаша хаттама жасалады.

      Іске қатысатын адамдардың барлығы сот отырысына келмеген не сот отырысы жаңа дәлелдемелер зерттелмей өткізілетін жағдайда, сот отырысының хаттамасын жүргізу туралы мәселені судья шешеді.

      2. Істі бірінші сатыдағы сотта сот талқылауына дайындау кезінде осы сатыда шешім даудың мәні бойынша шығарылатын жағдайларды қоспағанда, хаттама тараптың өтінішхаты бойынша не соттың бастамасы бойынша жүргізіледі.";

      74) 282-бапта:

      екінші бөлікте:

      мынадай мазмұндағы 5-1) және 13-1) тармақшалармен толықтырылсын:

      "5-1) бейнеконференц-байланыс жүйелерін және (немесе) өзге де техникалық құралдарды пайдалану туралы, сондай-ақ киноға және фотоға түсіруді жүргізу туралы мәліметтер;";

      "13-1) сот отырысындағы үзіліс туралы және іс кейінге қалдырылған кезде жаңа сот отырысының күні туралы мәліметтер;";

      16) және 17) тармақшалар мынадай редакцияда жазылсын:

      "16) шешімнің жария етілгені және оны қабылдаудың құқықтық негіздері мен салдарларының түсіндірілгені туралы, оны түпкілікті нысанда дайындау мерзімі, шағым жасаудың тәртібі мен мерзімін түсіндіру туралы мәліметтер;

      17) іске қатысатын адамдарға сот отырысының хаттамасымен және сот отырысының аудио-, бейнежазбаларымен танысу және оларға ескертулер беру құқықтарының түсіндірілгені туралы мәліметтер;";

      төртінші бөлік мынадай редакцияда жазылсын:

      "4. Қысқаша хаттаманың мазмұны осы баптың екінші бөлігінің 1), 2), 3), 4), 6), 13-1), 16) және 18) тармақшаларында көрсетілген талаптарға сәйкес келуге тиіс, сондай-ақ онда соттың аудио-, бейнежазба құралдарын пайдаланғаны туралы, аудио-, бейнежазба қамтылған файлдың атауы көрсетіледі.

      Аудио-, бейнежазба жеткізгіші және қысқаша хаттама іске қоса тіркеледі.

      Іске қатысатын адамдардың және олардың өкілдерінің өтінішхаты бойынша сот аудиожазбаның көшірмесін және қысқаша хаттаманы немесе сот отырысының хаттамасын ұсынады.

      Бұл ретте адам Қазақстан Республикасының дербес деректер және оларды қорғау туралы заңнамасының талаптарын бұзғаны үшін жауаптылық туралы және алынған жазбаны осы баптың бесінші бөлігінде көзделген мақсаттарда пайдалануы туралы ескертіледі.

      Іс жабық сот отырысында қаралған жағдайларда, іске қатысатын адамдарға аудио-, бейнежазба және сот отырысының хаттамасы берілмейді, оларға аудио-, бейнежазбамен және сот отырысының хаттамасымен сотта танысу мүмкіндігі қамтамасыз етіледі.";

      75) 283-бапта:

      бірінші бөлік мынадай мазмұндағы екінші абзацпен толықтырылсын:

      "Күрделі істер бойынша қысқаша хаттама мәтінді автоматты түрде тану арқылы алынған аудиожазбаның мәтінін таратып жазумен сүйемелденуі мүмкін.

      бесінші бөлік мынадай мазмұндағы екінші абзацпен толықтырылсын:

      "Қысқаша хаттамаға қоса тіркелетін электрондық хаттама және аудио-, бейнежазба, аудиожазба мәтінінің таратып жазылуы хатшының электрондық цифрлық қолтаңбасымен куәландырылады, оларға қандай да бір өзгерістер енгізуге жол берілмейді.";

      алтыншы бөлік алып тасталсын;

      76) 285-баптың бірінші, екінші және үшінші бөліктері мынадай редакцияда жазылсын:

      "1. Хаттамаға, қысқаша хаттамаға, аудио-, бейнежазбаның мазмұнына жасалған ескертулерді төрағалық етуші қарайды.

      2. Істі қарауға қатысатын адамдар хабарландырыла отырып, ескертулерді сот отырысында қарау қажеттілігін төрағалық етуші айқындайды. Істі қарауға қатысқан адамдардың келмеуі хаттамаға, қысқаша хаттамаға, аудио-, бейнежазбаның мазмұнына ескертулерді қарауға кедергі болып табылмайды.

      Төрағалық етуші ескертулерді қарау нәтижелері бойынша олардың дұрыстығын өзінің қарарымен және қолтаңбасымен куәландырады не оларды толық немесе ішінара қабылдамау туралы ұйғарым шығарады. Ескертулердің барлығы іске тігіледі.

      3. Ескертулерді қарау нәтижелері бойынша шығарылған сот ұйғарымы шағым жасалуға және прокурордың өтінішхаты бойынша қайта қаралуға жатпайды. Ескертулерді қарау нәтижелерімен келіспеу туралы дәлелдер апелляциялық шағымға, прокурордың өтінішхатына енгізілуі мүмкін.";

      77) 315-баптың үшінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:

      "Сот шешімінен үзінді көшірме сот шешімі шығарылған жердегі азаматтық хал актiлерiн мемлекеттік тіркеуді жүзеге асыратын органға, сондай-ақ сот шешімі шығарылған жердегі қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органға шешім заңды күшіне енген күннен бастап үш жұмыс күні ішінде жiберiледi.";

      78) 330-бап мынадай редакцияда жазылсын:

      "330-бап. Кәмелетке толмаған адамды толығымен әрекетке қабілетті деп жариялау туралы арызды қарау

      Кәмелетке толмаған адамды толығымен әрекетке қабілетті деп жариялау туралы арызды сот арыз берушінің, ата-анасының (ата-анасының біреуінің), бала асырап алушылардың (бала асырап алушының), қамқоршының, сондай-ақ қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын орган өкілінің қатысуымен қарайды.

      Судья істі сот талқылауына дайындау кезінде, қозғалған іс бойынша процесте ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған кәмелетке толмаған адамның мүдделерін білдіруі және қорғауы үшін ресми өкіл – адвокатты тағайындау туралы мәселені шешеді.

      Ресми өкіл – адвокат заңды өкілдің өкілеттіктеріне ие болады.";

      79) 333-баптың бірінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

      "1. Сотқа кәмелетке толмаған адам, оның заңды өкілдері, қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органның өкілдері, сондай-ақ соттың қалауы бойынша өзге де адамдар шақырылады.

      Судья істі сот талқылауына дайындау кезінде, қозғалған іс бойынша процесте ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған кәмелетке толмаған адамның мүдделерін білдіруі және қорғауы үшін ресми өкіл – адвокатты тағайындайды.

      Ресми өкіл – адвокат заңды өкілдің өкілеттіктеріне ие болады.";

      80) 337-бапта:

      мынадай мазмұндағы 1-1-бөлікпен толықтырылсын:

      "1-1. Судья істі сот талқылауына дайындау кезінде, қозғалған іс бойынша процесте азаматтың мүдделерін білдіруі және қорғауы үшін ресми өкіл – адвокатты тағайындайды.

      Ресми өкіл – адвокат заңды өкілдің өкілеттіктеріне ие болады.";

      екінші бөлікте:

      "азамат өкілінің" деген сөздер "азамат өкілдерінің" деген сөздермен ауыстырылсын;

      "қатысуымен" деген сөздің алдынан ", сондай-ақ оның отбасы мүшелерінің және басқа да мүдделі адамдардың" деген сөздермен толықтырылсын;

      81) 405-баптың тақырыбындағы "соттың" деген сөз "сот судьясының" деген сөздермен ауыстырылсын;

      82) 409-бапта:

      бірінші бөліктің бірінші абзацындағы "сот осы" деген сөздер "судья осы" деген сөздермен ауыстырылсын;

      мынадай мазмұндағы 3-1-бөлікпен толықтырылсын:

      "3-1. Апелляциялық сатыдағы сот (судья) осы Кодекстің 407-бабы бірінші бөлігінің 2), 3) және 4) тармақшаларында көзделген негіздер болған кезде шағымды, прокурордың өтінішхатын қайтару туралы ұйғарым шығарады.

      Бұл ұйғарым шағым жасалуға жатпайды, бірақ бірінші сатыдағы сотқа апелляциялық шағыммен, прокурордың апелляциялық өтінішхатымен қайта жүгінуге кедергі келтірмейді.";

      83) 414-баптың екінші бөлігі мынадай мазмұндағы екінші абзацпен толықтырылсын:

      "Судья осы Кодекстің 17-тарауында көзделген талаптарға сәйкес татуласу рәсімдерін өткізеді.";

      84) 421-баптың үшінші бөлігіндегі "кеңесу бөлмесіне" деген сөздер алып тасталсын;

      85) 423-баптың екінші бөлігі екінші абзацының екінші сөйлеміндегі "бес" деген сөз "үш" деген сөзбен ауыстырылсын;

      86) 424-бапта:

      4) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "4) шешімнің күшін толық немесе бір бөлігін жоюға және осы Кодекстің 277-бабында және 279-бабының 2), 4), 5), 9) және 10) тармақшаларында көзделген негіздер бойынша іс бойынша іс жүргізуді тоқтатуға не арызды қараусыз қалдыруға;";

      6) тармақшадағы "қабылдауға құқылы." деген сөздер "қабылдауға;" деген сөзбен ауыстырылып, мынадай мазмұндағы 7) және 8) тармақшалармен толықтырылсын:

      "7) шешімнің күшін толық немесе бір бөлігін жоюға және арызды, егер мұндай арыз бірінші сатыдағы сотқа берілген және сот мәні бойынша оны шешпеген жағдайда, осы Кодекстің 279-бабының 8) тармақшасында көзделген негіз бойынша қараусыз қалдыруға;

      8) шешімнің күшін толық немесе бір бөлігін жоюға және талап қоюды, егер талап қоюшы мұндай талап қоюды апелляциялық сатыдағы сотта қолдамаса, осы Кодекстің 279-бабының 3) тармақшасында көзделген негіз бойынша қараусыз қалдыруға құқылы.";

      87) 426-бап мынадай мазмұндағы бесінші бөлікпен толықтырылсын:

      "5. Егер апелляциялық сатыдағы судья осы Кодексте белгіленген мерзімде уәжді қаулыны дәлелді себептер бойынша дайындай алмаса, онда оны дайындауды алқа төрағасы істі қарауға қатысқан басқа судьяға тапсырады. Қаулыда қатыспаған судьяның оны қандай себептер бойынша дайындай алмайтындығы көрсетіледі.";

      88) 429-баптың үшінші және жетінші бөліктері мынадай редакцияда жазылсын:

      "3. Шешім шығарумен аяқталған сот талқылауы кезінде шығарылған ұйғарымға жеке шағым берілген, прокурор өтінішхат келтірген жағдайда, шешімге шағым жасау үшін белгіленген мерзім өткеннен кейін ғана іс жоғары тұрған сот сатысына жіберіледі. Бұл ретте, егер сот шешіміне апелляциялық шағым берілсе, прокурор апелляциялық өтінішхат келтірсе, жеке шағымды, прокурордың өтінішхатын тексеруді істі апелляциялық тәртіппен қарайтын сот сатысы жүргізеді. Бұл жағдайда апелляциялық саты жеке шағымды, прокурордың өтінішхатын алқалық құрамда, сот шешіміне апелляциялық шағыммен және (немесе) прокурордың апелляциялық өтінішхатымен бірге қарайды.";

      "7. Талап қою арыздарын қайтару, талап қоюды қамтамасыз ету, соттылық, қате жазуларды және анық арифметикалық қателерді түзету, шешімді түсіндіру, іс бойынша іс жүргізуді тоқтата тұру, талап қою арыздарын қараусыз қалдыру мәселелері бойынша жеке шағым немесе прокурордың өтінішхаты бойынша шығарылған апелляциялық сатыдағы сот ұйғарымдары шағым жасалуға және наразылық білдірілуге жатпайды. Осы Кодексте белгіленген жағдайларда істің одан әрі жүргізілу мүмкіндігіне бөгет болатын апелляциялық сатыдағы сот ұйғарымына шағым жасалуы және наразылық білдірілуі мүмкін.";

      89) 445-баптың бірінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

      "1. Кассациялық сатыдағы сот істі судьяның қаулысымен, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты Төрағасының ұсынуымен, Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының наразылығымен бірге алғаннан кейін тараптарға көрсетілген құжаттардың көшірмелерін не олардың электрондық көшірмелерімен Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының интернет-ресурсы арқылы танысу мүмкіндігі туралы хабарламаны, сондай-ақ сот отырысының өткiзiлетiн күнін, уақытын, орнын көрсете отырып, татуласу рәсімдеріне, кассациялық сатыдағы сотта істі қарауға қатысу үшін хабарламаны үш жұмыс күні ішінде жiбередi.

      Сот осы Кодекстің 17-тарауына сәйкес татуласу рәсімін өткізеді.";

      90) 447-баптың бірінші бөлігі мынадай мазмұндағы екінші абзацпен толықтырылсын:

      "Сотқа қатысып отырған екі тарап та татуласу туралы өтініш берген жағдайда, татуласу рәсімін алқалы құрам судьяларының бірі өтінішхат берілген күні өткізеді.";

      91) 451-бапта:

      екінші бөліктің бірінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:

      "2. Кассациялық сатыдағы сот бөтен адамдардың болуын және кеңес құпиясының жария етілуін болғызбайтын жағдайларда мынадай шешiмдердiң бiрiн қабылдайды:";

      алтыншы бөлік мынадай редакцияда жазылсын:

      "6. Қаулының қарар бөлігі сот отырысы залында жария етіледі.";

      92) 455-баптың үшінші бөлігі 3) тармақшадағы "тануы жатады." деген сөздер "тануы;" деген сөзбен ауыстырылып, мынадай мазмұндағы 4) тармақшамен толықтырылсын:

      "4) орындалуы туралы сот актісі шығарылған төрелік шешімнің күшін жою жатады.";

      93) 460-бап мынадай редакцияда жазылсын:

      "460-бап. Арызды соттың іс жүргізуіне қабылдау

      Сот актісін жаңадан ашылған немесе жаңа мән-жайлар бойынша қайта қарау туралы арыз келіп түскен күнінен бастап тиісті соттың іс жүргізуіне қабылданды деп есептеледі.";

      94) 461-бап алып тасталсын;

      95) 462 және 463-баптар мынадай редакцияда жазылсын:

      "462-бап. Арызды қарау

      Іске қатысатын адамдар жаңадан ашылған немесе жаңа мән-жайлар бойынша шешімді, ұйғарымды немесе қаулыны қайта қарау туралы арыздың келіп түскені туралы хабарландырылады.

      Сот мұндай арызды жеке-дара немесе сот отырысында қарауға құқылы, алайда сот отырысының уақыты мен орны туралы тиісті түрде хабарландырылған, іске қатысатын адамдардың келмеуі оны қарауға кедергі болып табылмайды.

      463-бап. Соттың істі қайта қарау туралы арыз бойынша ұйғарымы

      1. Сот жаңадан ашылған немесе жаңа мән-жайлар бойынша шешімді, ұйғарымды немесе қаулыны қайта қарау туралы арыз бойынша:

      1) осы баптың екінші бөлігінде көзделген негіздер бойынша арызды қайтару туралы;

      2) сот актісін қайта қараудан бас тарту туралы;

      3) арызды қанағаттандыру және шешімнің, ұйғарымның немесе қаулының күшін жою туралы уәжді ұйғарым шығарады.

      2. Жаңадан ашылған немесе жаңа мән-жайлар бойынша істі қайта қарау туралы арызды қайтаруға мыналар негіз болып табылады:

      1) арыздың нысаны мен мазмұнына қойылатын талаптардың сақталмауы;

      2) арызды беруге (қол қоюға) өкілеттігі жоқ адамның не әрекетке қабілетсіз адамның оны беруі (қол қоюы);

      3) осы Кодекстің 456-бабында белгіленген қағидалардың сақталмауы;

      4) мерзімді қалпына келтіру туралы немесе өткізіп алынған мерзімді қалпына келтіруден бас тарту туралы өтінішхат болмаған кезде арызды беру мерзімінің өтіп кетуі;

      5) арыз берушінің қайтарып алуы.

      3. Бірінші, апелляциялық және кассациялық сатылардағы соттардың жаңадан ашылған немесе жаңа мән-жайлар бойынша арызды қайтару туралы, сот актісінің күшін жоюдан бас тарту не күшін жою туралы ұйғарымдарына осы Кодекске сәйкес шағым жасалуы, дау айтылуы, прокурордың өтінішхаты немесе наразылығы бойынша қайта қаралуы мүмкін.";

      96) 464-баптың екінші бөлігінің бірінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:

      "2. Төрелік шешімнің күшін жою туралы өтінішхат Қазақстан Республикасының тиісті апелляциялық сатыдағы сотына беріледі.";

      97) 465-бап мынадай мазмұндағы 1-1 және бесінші бөліктермен толықтырылсын:

      "1-1. Төрелік шешімнің күшін жою туралы өтінішхатты апелляциялық сатыдағы сот кемінде үш алқа судьясының алқалы құрамында осы Кодекстің 3-бөлімінің қағидалары бойынша қарайды.";

      "5. Сот төрелік шешімнің күшін жою туралы ұйғарымда төрелік шешімді мәжбүрлеп орындатуға беру туралы ұйғарымның күшін жою мәселелерін шешуге тиіс.".

      2-бап. Осы Заң алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Президенті
Қ. ТОҚАЕВ