30.12.2016

Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне пробация мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

      

1-бап. Қазақстан Республикасының мына заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:

      1. 2014 жылғы 4 шілдедегі Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексiне (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2014 ж., № 15-I, 15-II, 88-құжат; № 19-І, 19-ІІ, 96-құжат; № 21, 122-құжат; 2015 ж., № 20-VII, 115-құжат; № 21-III, 137-құжат; № 22-V, 156-құжат; № 22-VI, 159-құжат; 2016 ж., № 7-II, 55-құжат; № 8-II, 67-құжат; № 12, 87-құжат):
      64-баптың тоғызыншы бөлігі мынадай мазмұндағы 13-1) тармақпен толықтырылсын:
      "13-1) өзіне қатысты сотқа дейінгі пробацияны жүргізу үшін пробация қызметіне жүгінуге;".
      2. 2014 жылғы 5 шілдедегі Қазақстан Республикасының Қылмыстық-атқару кодексіне (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2014 ж., № 17, 91-құжат; № 19-I, 19-II, 96-құжат; № 21, 122-құжат; № 22, 131-құжат; 2015 ж., № 7, 33-құжат; № 20-IV, 113-құжат; № 22-III, 149-құжат; № 23-II, 170-құжат; 2016 ж., № 8-II, 67-құжат):
      1) 3-баптың 7), 8) және 9) тармақшалары мынадай редакцияда жазылсын:
      "7) пробация – санаттары заңмен айқындалған адамдардың қылмыстық құқық бұзушылықтар жасауының алдын алу үшін олардың мінез-құлқын түзеуге бағытталған бақылау және әлеуметтік-құқықтық сипаттағы қызмет түрлері мен жеке айқындалатын шаралар жүйесі;
      8) пробация қызметі – қылмыстық жазалардың қоғамнан оқшауламай орындалуын қамтамасыз ету, сондай-ақ пробацияны ұйымдастыру және оның жұмыс істеуі жөніндегі атқарушылық және өкімдік функцияларды жүзеге асыратын қылмыстық-атқару (пенитенциарлық) жүйесінің органы;
      9) пробациялық бақылау – пробация қызметінің есебінде тұратын адамдардың өздеріне заңмен және сотпен жүктелген міндеттерін орындауына уәкілетті органдардың бақылауын жүзеге асыру жөніндегі қызметі;";
      2) 20-баптың бірінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
      "1. Пробация қызметі:
      1) бас бостандығын шектеу түріндегі жазаға сотталған;
      2) шартты түрде сотталған кәмелетке толмаған адамға қатысты пробациялық бақылауды жүзеге асырады.
      Полиция:
      1) бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны өтеуден шартты түрде мерзімінен бұрын босатылған;
      2) Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 84-бабы бірінші бөлігінің 4) тармағында белгіленген, өзіне сот тәрбиелік ықпал етудің мәжбүрлеу шарасын тағайындаған кәмелетке толмаған адамға қатысты пробациялық бақылауды жүзеге асырады.";
      3) 22-баптың бірінші бөлігінің 4) және 5) тармақшаларындағы "және өзге де" деген сөздер алып тасталсын;
      4) 166-баптың бірінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
      "1. Мекеме әкiмшiлiгi бас бостандығынан айыру мерзiмi аяқталғанға дейiн бір жылдан кешiктiрмей, сотталған адамның таңдаған тұрғылықты жері бойынша облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың жергiлiктi атқарушы органдарын, ішкі істер органдарын және пробация қызметін оның алдағы уақытта босатылатыны, оның тұрғын үйiнiң бар-жоғы, оның еңбекке қабiлеттілігi және алған мамандықтары туралы хабардар етеді.
      Мекеме әкімшілігі бұл ретте сотталған адамға босатылғаннан кейін әлеуметтік бейімделу үшін қажетті әлеуметтік-құқықтық көмектің көлемі бойынша жеке бағдарлама жасайды, ол сотталған адамның таңдаған тұрғылықты жері бойынша пробация қызметіне жолданады.";
      5) 167-баптың төртінші және бесінші бөліктері мынадай редакцияда жазылсын:
      "4. Бірінші немесе екінші топтағы мүгедектердi, жүктi әйелдер мен жас балалары бар әйелдердi, сондай-ақ кәмелетке толмағандарды бас бостандығынан айыру түрiндегi жазаны өтеуден босату кезiнде мекеме әкiмшiлiгi олардың жұбайын (зайыбын), туыстарын не сотталған адамның өтінішінде көрсетілген өзге де адамдарды, сондай-ақ сотталған адамның таңдаған тұрғылықты жері бойынша пробация қызметін алты ай бұрын хабардар етедi.
      5. Мекемелерден босатылатын, денсаулық жағдайы бойынша ұдайы күтiмге мұқтаж адамдар, сондай-ақ он алты жасқа дейiнгi кәмелетке толмағандар тұрғылықты жерiне жұбайының (зайыбының), туыстарының немесе оларды алып кетуге келген өзге де адамдардың не мекеме немесе сотталған адамның таңдаған тұрғылықты жері бойынша пробация қызметі жұмыскерiнің еріп жүруімен жiберiледi.".
      3. "Қазақстан Республикасының iшкi iстер органдары туралы" 2014 жылғы 23 сәуірдегі Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2014 ж., № 8, 48-құжат; № 16, 90-құжат; № 19-I, 19-II, 96-құжат; № 23, 143-құжат; 2015 ж., № 1, 2-құжат; № 16, 79-құжат; № 21-I, 125-құжат; 2016 ж., № 6, 45-құжат):
      7-баптың 4-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
      "4. Қылмыстық-атқару жүйесін ведомство, оның аумақтық органдары, пробация қызметі және жазаларды орындайтын мекемелер, өзге де ведомстволық бағынысты ұйымдар құрайды.".

2-бап. Осы Заң алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

Қазақстан Республикасының
 
Президенті
Н.Назарбаев

      

Дата вступления в силу:  30.12.2016
Дата изменения акта:  30.12.2016
Дата принятия акта:  30.12.2016
Информация об официальном опубликовании акта:  "Егемен Қазақстан" 06.01.2017 ж., № 3 (28984); "Казахстанская правда" от 06.01.2016 г., № 3 (28382); Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2016 ж., № 24, 129-құжат); ҚР НҚА электрондық түрдегі эталондық бақылау банкі, 09.01.2017 ж.
Место принятия:  100051000000
Орган, принявший акт:  102000000000
Регион действия:  100000000000
Регистрационный номер акта в Государственном реестре нормативных правовых актов Республики Казахстан:  108647
Регистрационный номер НПА, присвоенный нормотворческим органом:  39-VI
Статус акта:  new
Сфера правоотношений:  028006000000 / 001008000000
Форма акта:  ДОП / ЗАК / ИЗМ
Юридическая сила:  0400
Язык акта:  kaz