Қолданушылар назарына!
Қолданушыларға ыңғайлы болуы үшін ЗҚАИ мазмұнды жасады.
Осы Заң Қазақстан Республикасы қабылдаған халықаралық міндеттемелерге сәйкес Қазақстан Республикасы ұлттық контингентінің бейбітшілік пен қауіпсіздікті қолдау жөніндегі операцияларға (миссияларға) қатысуына байланысты қоғамдық қатынастарды реттейді.
1-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР
1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар
Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) азаматтық персонал – Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының (ұйымдарының) жұмыскерлері, қызметкерлері болып табылатын Қазақстан Республикасының азаматтары;
2) әріптес мемлекеттер – Қазақстан Республикасымен бірлесіп бітімгершілік операцияға қатысатын мемлекеттер;
3) әскери персонал – Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарының әскери қызметшілері;
4) бейбітшілікке мәжбүрлеу жөніндегі операция – Біріккен Ұлттар Ұйымының (бұдан әрі – БҰҰ) Жарғысына сәйкес бірлескен халықаралық мәжбүрлеу іс-қимылдарын жүргізуді көздейтін бітімгершілік операция түрлерінің бірі;
5) бейбітшілік пен қауіпсіздікті қолдау жөніндегі операция (миссия) (бұдан әрі – бітімгершілік операция) – болуы ықтимал немесе болып жатқан қарулы қақтығыс аймақтарындағы (аудандарындағы) ахуалды тұрақтандыру үшін БҰҰ Жарғысына сәйкес қолданылатын, бітімгершілік операциялар жүргізуге арналған мандатқа сәйкес жүзеге асырылатын және қақтығысты шешуге ықпал ететін жағдайларды жасауға және бейбітшілік пен қауіпсіздікті қолдауға немесе қалпына келтіруге бағытталған, әскери және азаматтық персоналдың мақсаттары, міндеттері, орны мен уақыты бойынша өзара байланысты және келісілген іс-қимылдар жиынтығы;
6) бітімгершілік операцияға дайындық (бұдан әрі – бітімгершілік дайындық) – Қазақстан Республикасының аумағында және оның шегінен тыс жерде оқу-жаттығулар жүргізуді, келіссөздер жүргізуді, алдын ала барлауды, жоспарлауды, ұлттық контингентті, оның ішінде әріптес мемлекеттердің қарулы күштерінің қатысуымен оқытуды, материалдық-техникалық және қаржылық қамтамасыз етуді, жүктер мен ұлттық контингентті тасымалдауды, жедел штаб құруды қамтитын іс-шаралар кешені;
7) бітімгершілік операция жүргізуге арналған мандат (бұдан әрі – мандат) – БҰҰ Жарғысына сәйкес халықаралық ұйым қабылдаған және бітімгершілік операция жүргізуді регламенттейтін заңды құжат;
8) Қазақстан Республикасының бітімгершілік қызметі (бұдан әрі – бітімгершілік қызмет) – әскери және (немесе) азаматтық персоналды пайдалана отырып, БҰҰ Жарғысының мақсаттары мен міндеттеріне сәйкес келетін, үшінші тараптың араласуы арқылы мемлекеттер арасындағы немесе мемлекет шегіндегі қарулы қақтығыстарды болғызбауға, тежеуге және тоқтатуға бағытталған және бейбітшілік пен қауіпсіздікті қолдауға ықпал ететін құралдар мен әдістерді қамтитын шаралар жиынтығы, Қазақстан Республикасы қабылдаған халықаралық міндеттемелерге сәйкес гуманитарлық көмек көрсету;
9) Қазақстан Республикасының ұлттық контингенті (бұдан әрі – ұлттық контингент) – Қазақстан Республикасының әскери және (немесе) азаматтық персоналы.
2-бап. Осы Заңның қолданылу аясы
Осы Заңның күші бітімгершілік операцияға қатысатын (қатысқан), бірақ ұлттық контингенттің құрамына кірмейтін (кірмеген) адамдарға қолданылмайды.
3-бап. Қазақстан Республикасының бітімгершілік қызмет саласындағы заңнамасы
1. Қазақстан Республикасының бітімгершілік қызмет саласындағы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді және осы Заң мен Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінен тұрады.
2. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңдағыдан өзгеше қағидалар белгіленсе, онда халықаралық шарттың қағидалары қолданылады.
4-бап. Бітімгершілік қызметтің негізгі қағидаттары
Бітімгершілік қызметтің негізгі қағидаттары:
1) заңдылық;
2) халықаралық құқық нормаларының сақталуы;
3) турашылдық және бейтараптылық;
4) жергілікті халықтың әдет-ғұрыптары мен дәстүрлерінің құрметтелуі;
5) бейбітшілікке мәжбүрлеу жөніндегі операцияларға қатысу жағдайларынан басқа, ұрыс қимылдарына қатыспау болып табылады.
5-бап. Бітімгершілік қызметтің мақсаттары
Бітімгершілік қызметтің мақсаттары халықаралық қоғамдастыққа және шет мемлекеттерге (шет мемлекетке) мемлекеттер арасындағы немесе мемлекет шегіндегі қарулы қақтығыстарды болғызбауға, тежеуге және тоқтатуға жәрдем көрсету, сондай-ақ Қазақстан Республикасы қабылдаған халықаралық міндеттемелерге сәйкес гуманитарлық көмек көрсету болып табылады.
6-бап. Бітімгершілік қызметтің міндеттері
Бітімгершілік қызметтің міндеттері:
1) тараптар келіспеушіліктерінің алдын алу, қақтығыстардың қарулы қақтығыстарға ұласуына жол бермеу, қақтығыс ауқымын шектеу;
2) күш көрсету іс-қимылдарын тоқтатуға дипломатиялық құралдармен және әдістермен жәрдемдесу;
3) әскери персоналдың БҰҰ Жарғысына сәйкес бірлескен халықаралық мәжбүрлеу іс-қимылдарына қатысуы;
4) бітімгершілік операция жүргізу аймағында (ауданында) аумақты және (немесе) халықты қарулы шабуылдан қорғау;
5) оқ атуды тоқтату шарттарының сақталуын қамтамасыз ету;
6) қақтығысушы тараптарды ажырату, бөлімшелерді қарусыздандыру және тарату;
7) босқындар, ел ішінде уақытша орнын ауыстырған адамдар проблемаларын шешуге жәрдемдесу;
8) гуманитарлық көмек көрсету;
9) бітімгершілік операция жүргізу аймағында (ауданында) инфрақұрылымды қалпына келтіру;
10) құқықтық тәртіпті, халықтың қауіпсіздігін және адам құқықтарының сақталуын қамтамасыз ету;
11) мандатта көзделген өзге де міндеттер болып табылады.
2-тарау. БІТІМГЕРШІЛІК ҚЫЗМЕТ САЛАСЫНДАҒЫ МЕМЛЕКЕТТІК РЕТТЕУ
7-бап. Қазақстан Республикасы Президентінің құзыреті
Қазақстан Республикасының Президенті:
1) Қазақстан Республикасы Парламенті Палаталарының бірлескен отырысының қарауына бейбітшілік пен қауіпсіздікті қолдау жөніндегі халықаралық міндеттемелерді орындау үшін Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерін пайдалану туралы ұсыныс енгізеді;
2) ұлттық контингенттің бітімгершілік операцияға қатысуды аяқтауы туралы, ұлттық контингентті бітімгершілік операция жүргізу аймағынан (ауданынан) мерзімінен бұрын кері шақырту туралы, сондай-ақ шұғыл эвакуациялау туралы шешім қабылдайды;
3) Қазақстан Республикасының Конституциясына және заңдарына сәйкес өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
8-бап. Қазақстан Республикасы Үкіметінің құзыреті
Қазақстан Республикасының Үкіметі:
1) Қазақстан Республикасының Президентіне қаржыландыру көздерін көрсете отырып, қажетті шығыстар туралы қорытындымен бірге әскери персоналдың бітімгершілік операцияға қатысуы туралы ұсыныс енгізеді;
2) азаматтық персоналдың ерікті негізде бітімгершілік операцияға қатысуы туралы шешім қабылдайды;
3) мандатқа сәйкес азаматтық персоналдың құрамын, санын, міндеттерін, болу мерзімін және ауыстырылу, оларды бітімгершілік операция жүргізу орнына және кері қарай тасымалдау тәртібін айқындайды;
4) бітімгершілік операция жүргізу аймағына (ауданына) қарай ұлттық контингентті қосымша мүлікпен қамтамасыз ету, сондай-ақ ұлттық контингенттің бітімгершілік операцияға қатысуы үшін оны қаржыландыру көздерін көрсете отырып, қосымша қаражат бөлу туралы шешім қабылдайды;
5) ұлттық контингентке сеніп тапсырылған мүлікті әріптес мемлекеттерге немесе қабылдаушы мемлекетке беру туралы шешім қабылдайды, сондай-ақ оны есептен шығару тәртібін айқындайды;
6) бітімгершілік қызмет шеңберінде гуманитарлық көмек көрсету, ұлттық контингентті бітімгершілік операция жүргізу орнына жіберу және кері қайтару, ұлттық контингентті бітімгершілік операция жүргізу аймағынан (ауданынан) мерзімінен бұрын кері шақырту, шұғыл эвакуациялау және ұлттық контингент келтірген залалды өтеу үшін Қазақстан Республикасы Үкіметінің резервінен ақшалай қаражат бөледі;
7) Қазақстан Республикасының бітімгершілік операцияға қатысуға арналған шығыстарын халықаралық ұйымдар мен әріптес мемлекеттердің өтеуіне жататын мәселелерді шешеді;
8) бітімгершілік операцияға дайындық қағидаларын бекітеді;
9) ұлттық контингент құрамына әртүрлі мемлекеттік органдардан (ұйымдардан) әскери және азаматтық персоналды тарту кезінде бітімгершілік операцияға дайындық қағидаларына сәйкес жедел штаб құрады;
10) өзіне Конституциямен, осы Заңмен, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарымен және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерімен жүктелген өзге де функцияларды орындайды.
9-бап. Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің құзыреті
Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі:
1) бітімгершілік операцияға дайындық қағидаларын әзірлейді, сондай-ақ оларды орындауды ұйымдастырады;
2) бітімгершілік операцияға дайындық жоспарын әзірлейді және бекітеді;
3) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасының Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
10-бап. Қазақстан Республикасының өзге де мемлекеттік органдарының (ұйымдарының) құзыреті
1. Ұлттық контингентті бітімгершілік операцияға қатысуға жіберуді жоспарлайтын мемлекеттік органдар (ұйымдар):
1) егер Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімінде, Қазақстан Республикасының халықаралық шартында немесе мандатта өзгеше айқындалмаса, әскери және (немесе) азаматтық персоналды мүлікпен қамтамасыз етеді;
2) бітімгершілік операцияға дайындық жоспарына сәйкес ұлттық контингентті бітімгершілік дайындықтан өтуге жібереді;
3) ұлттық контингентті бітімгершілік операция жүргізу орнына және кері қарай жібереді;
4) бітімгершілік операцияға қатысқан азаматтық персоналға осы Заңның 17-бабында көзделген жағдайларда және негіздерде біржолғы өтемақылар төлеуді жүзеге асырады.
2. Сыртқы саясат саласындағы уәкілетті орган Қазақстан Республикасының Президентіне және Қазақстан Республикасының Үкіметіне ұлттық контингенттің бітімгершілік операцияға қатысуының сыртқы саяси орындылығы туралы ұсыныс енгізеді, келіссөздер жүргізеді, бітімгершілік қызмет мәселелері бойынша халықаралық ұйымдармен және әріптес мемлекеттермен өзара іс-қимыл жасайды.
3. Денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган ұлттық контингентке сапар алдында, бітімгершілік операция жүргізу кезеңінде профилактикалық егулер, сондай-ақ бітімгершілік операциядан қайтып оралғаннан кейін оңалту іс-шараларын жүргізуді ұйымдастырады және қамтамасыз етеді.
4. Байланыс және көлік саласындағы уәкілетті орган ұлттық контингентін бітімгершілік операцияға қатысуға жіберу жоспарланған мемлекеттік органдарға (ұйымдарға) қолжетімді байланыс түрлерімен қамтамасыз етуге және ұлттық контингент пен жүктерді бітімгершілік операция жүргізу аймағына (ауданына) және кері қарай тасымалдауға жәрдемдеседі.
5. Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы уәкілетті орган ұлттық контингент қатарындағы адам мертіккен, контузия алған, жарақаттанған, ауырған және қаза тапқан (қайтыс болған) жағдайларда Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мүгедектігі бойынша, асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар төлеуді ұйымдастырады.
3-тарау. ҰЛТТЫҚ КОНТИНГЕНТТІ БІТІМГЕРШІЛІК ОПЕРАЦИЯҒА ҚАТЫСУ ҮШІН ЖІБЕРУ
11-бап. Ұлттық контингенттің бітімгершілік операцияға қатысуы туралы шешім қабылдау тәртібі
1. Ұлттық контингенттің бітімгершілік операцияға қатысуы туралы мәселені қарау үшін халықаралық ұйымның шешімі және (немесе) Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарт негіздер болып табылады.
2. Бітімгершілік операцияға әскери персоналдың қатысуы үшін:
1) сыртқы саясат саласындағы уәкілетті орган Қазақстан Республикасының Президентіне және Қазақстан Республикасының Үкіметіне әскери персоналдың бітімгершілік операцияға қатысуының сыртқы саяси орындылығы туралы ұсыныс енгізеді, келіссөздер жүргізеді, бітімгершілік қызмет мәселелері бойынша халықаралық ұйымдармен және әріптес мемлекеттермен өзара іс-қимыл жасайды;
2) әскери персоналдың бітімгершілік операцияға қатысуының сыртқы саяси орындылығы туралы ұсыныс қолдау тапқан жағдайда, Қазақстан Республикасының Үкіметі Қазақстан Республикасының Президентіне қажетті шығыстар туралы қорытындымен, әскери персоналдың бітімгершілік операцияға қатысуы үшін оны қаржыландыру көздерін көрсете отырып, қосымша қаражат бөлу туралы шешімнің негіздемесімен бірге ұсыныс енгізеді.
Ұсыныста бітімгершілік операция жүргізу аймағы (ауданы), міндеттер, жалпы саны, қару-жарақтың түрі мен құрамы, мүлік, бағыныстылық, болу мерзімі, ауыстыру тәртібі, шығару, бітімгершілік операция жүргізу орнына және кері қарай тасымалдау шарттары туралы мәліметтер, сондай-ақ нақты бітімгершілік операцияға байланысты басқа да ақпарат қамтылуға тиіс.
3. Бейбітшілік пен қауіпсіздікті қолдау жөніндегі халықаралық міндеттемелерді орындау үшін Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерін пайдалану туралы шешім Қазақстан Республикасы Конституциясының 53-бабының 5) тармақшасына сәйкес қабылданады.
4. Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі Қазақстан Республикасы Парламенті Палаталарының бірлескен отырысында қабылданған Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерін пайдалану туралы шешімнің негізінде әскери персоналды бітімгершілік операцияға қатысу үшін жібереді.
5. Бітімгершілік операцияға азаматтық персоналдың қатысуы үшін:
1) сыртқы саясат саласындағы уәкілетті орган Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігімен және басқа да мүдделі орталық мемлекеттік органдармен келісу бойынша сыртқы саяси орындылығын қарау және халықаралық ұйымдармен және (немесе) аумағында бітімгершілік операция жүргізілетін әріптес мемлекеттермен келісу нәтижелері бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметіне бітімгершілік операцияға азаматтық персоналдың қатысуы туралы ұсыныс енгізеді;
2) бітімгершілік операцияға азаматтық персоналдың қатысуы туралы ұсыныс қолдау тапқан жағдайда, Қазақстан Республикасының Үкіметі азаматтық персоналдың бітімгершілік операцияға қатысуы және қосымша қаражат бөлу туралы қаржыландыру көздерін, бітімгершілік операция жүргізу аймағы (ауданы), міндеттер, жалпы саны, мүлік, бағыныстылық, болу мерзімі, ауыстыру тәртібі, шығару, бітімгершілік операция жүргізу орнына және кері қарай тасымалдау шарттары туралы мәліметтерді, сондай-ақ нақты бітімгершілік операцияға байланысты басқа да ақпаратты көрсете отырып шешім қабылдайды;
3) Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары (ұйымдары) Қазақстан Республикасының Үкіметі қабылдаған шешімнің негізінде тиісті азаматтық персоналды бітімгершілік операцияға қатысу үшін жібереді.
12-бап. Ұлттық контингенттің бітімгершілік операцияға қатысуды аяқтауына негіздер
1. Ұлттық контингенттің бітімгершілік операцияға қатысуды аяқтауына мыналар негіздер болып табылады:
1) бітімгершілік операцияның аяқталуы;
2) бітімгершілік операцияға қатысу мерзімінің аяқталуы;
3) Қазақстан Республикасы Президентінің шешімі;
4) Қазақстан Республикасының бітімгершілік операцияға одан әрі қатысуы орынсыз болатын халықаралық әскери-саяси ахуалдың өзгеруіне байланысты мерзімінен бұрын кері шақырту;
5) бітімгершілік операция жүргізу аймағында (ауданында) қақтығыстың шиеленісуі мен қарқындылығы күрт өршіген жағдайда шұғыл эвакуациялау;
6) Қазақстан Республикасының халықаралық шартында көзделген өзге де негіздер.
2. Ұлттық контингент бітімгершілік операция жүргізу аймағынан (ауданынан) үшінші елдерге шұғыл эвакуацияланған жағдайда, ұлттық контингенттің Қазақстан Республикасына келген күні бітімгершілік операцияға қатысу аяқталды деп есептеледі.
13-бап. Ұлттық контингентті жасақтау және дайындау
1. Әскери персоналды жасақтау келісімшарт бойынша әскери қызмет өткеріп жатқан және бітімгершілік дайындықтан өткен Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарының әскери қызметшілері қатарынан ерікті негізде жүзеге асырылады.
2. Азаматтық персоналды жасақтау бітімгершілік дайындықтан өткен адамдар қатарынан ерікті негізде жүзеге асырылады. Ол штатында тұрған мемлекеттік органның (ұйымның) азаматтық персоналымен келісімшарт жасалады, онда бітімгершілік операцияға қатысу шарттары мен тәртібі жазылады. Келісімшарт нысаны бітімгершілік операцияға дайындық қағидаларында белгіленеді.
3. Ұлттық контингентті бітімгершілік операцияға оқыту мен дайындау бітімгершілік операцияға дайындық қағидаларына сәйкес жүргізіледі.
4. Бітімгершілік дайындық Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі бекіткен жоспар бойынша Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің базасында жүзеге асырылады.
5. Бітімгершілік дайындықтан өтіп жатқан адамдардың бітімгершілік дайындық уақытында жалақысы мен жұмыс орны сақталады. Еңбекке ақы төлеуді, іссапар шығыстарын төлеуді оқудағы адам штатында тұрған мемлекеттік орган (ұйым) жүзеге асырады.
6. Бітімгершілік дайындықты қамтамасыз ету мақсатында азаматтық мамандарды және шет мемлекеттердің қарулы күштерінің бөлімшелерін тарта отырып, оқу-жаттығулар, курстар, семинарлар, тренингтер және басқа да іс-шаралар өткізілуі мүмкін.
14-бап. Ұлттық контингентті материалдық-техникалық қамтамасыз ету
1. Ұлттық контингентті материалдық-техникалық қамтамасыз етуді оны жіберетін мемлекеттік орган (ұйым) жүзеге асырады.
2. Ұлттық контингентті басқа мемлекеттік органда (ұйымда) бар мүлікпен қосымша материалдық-техникалық қамтамасыз ету қажет болған кезде Қазақстан Республикасының Үкіметі қосымша мүлікті бір мемлекеттік органнан (ұйымнан) басқа мемлекеттік органға (ұйымға) беру туралы шешім қабылдайды.
3. Мемлекеттік органдарда (ұйымдарда) қосымша мүлік болмаған жағдайда, мүлік осы Заңның 23-бабында көзделген қаражат есебінен сатып алынады.
4-тарау. ҰЛТТЫҚ КОНТИНГЕНТТІ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ, ОНЫҢ ҚҰҚЫҚТАРЫ,
МІНДЕТТЕРІ МЕН ЖАУАПТЫЛЫҒЫ
15-бап. Бітімгершілік операция жүргізу аймағында (ауданында) медициналық қамтамасыз ету
1. Бітімгершілік операция жүргізу аймағында (ауданында) медициналық ұйымдар немесе бөлімшелер, медициналық жабдық болмаған кезде ұлттық контингентті бітімгершілік операция жүргізу аймағында (ауданында) медициналық қамтамасыз ету халықаралық шарттар негізінде әріптес мемлекеттердің, болатын елдің медициналық ұйымдарында жүзеге асырылады.
2. Бітімгершілік операция жүргізу аймағында (ауданында) мамандандырылған медициналық ұйымдар болмаған кезде азаматтық персонал әскери персоналдың әскери-медициналық бөлімшелерінде өтеусіз медициналық қамтамасыз етіледі.
16-бап. Ұлттық контингентті әлеуметтік қамсыздандыру
1. Ұлттық контингент бітімгершілік операцияға қатысу кезеңінде үш еселенген ақшалай қамтылыммен (жалақымен) қамтамасыз етіледі. Еңбекке ақы төлеуді ұлттық контингент қатарындағы адамдар штатында тұрған мемлекеттік органдар (ұйымдар) жүзеге асырады.
2. Ұлттық контингент қатарындағы адам бітімгершілік операциядан қайтып оралғаннан кейін өзі жұмыскері, қызметкері болып табылатын мемлекеттік органның (ұйымның) қаражаты есебінен кемінде күнтізбелік жеті күн, бірақ жиырма бір тәуліктен аспайтын мерзімге санаторий-курорттық емделуге жіберіледі.
3. Бітімгершілік операцияға қатысу кезеңінде, сондай-ақ бітімгершілік операция жүргізу аймағына (ауданына) бару және кері қайту кезінде, егер халықаралық шарттарда өзгеше көзделмесе, ұлттық контингент Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарының әскери қызметшілері үшін Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген нормалар бойынша Қазақстан Республикасының мемлекеттік бюджетінің қаражаты есебінен тамақтандырумен қамтамасыз етіледі.
Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің аумақтық бөлімшесі құрылымдық бөлімшесінің Қазақстан Республикасы азаматының паспортына белгі қоюымен айқындалатын, Қазақстан Республикасынан кеткен және Қазақстан Республикасына келген кезден бастап есептелетін уақыт бітімгершілік операцияға қатысу кезеңі деп есептеледі. Қазақстан Республикасы азаматы паспортының болуы міндетті емес елдерге кеткен кезде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын кесіп өткен күндер бітімгершілік операцияға қатысу кезеңі деп есептеледі.
4. Бітімгершілік операцияға қатысатын (қатысқан) әскери персоналды әлеуметтік қамсыздандыру Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртіппен жүргізіледі.
5. Бейбітшілікке мәжбүрлеу жөніндегі операцияларға қатысатын әскери персоналға бітімгершілік операция аймағында (ауданында) болған кезеңі ұрыс қимылдарына қатысумен теңестіріледі.
Ескерту. 16-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 16.11.2020 № 375-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.17-бап. Азаматтық персоналды әлеуметтік қамсыздандыру ерекшеліктері
1. Бітімгершілік операцияға қатысатын (қатысқан) азаматтық персоналға бітімгершілік операциядан келгеннен кейін бір жыл ішінде ұзақтығы күнтізбелік он төрт күн қосымша жыл сайынғы ақылы еңбек демалысы беріледі.
2. Бітімгершілік операцияға және бітімгершілік дайындыққа қатысу кезеңінде азаматтық персоналдың мемлекеттік органдағы (ұйымдағы) жұмыс орны сақталады.
3. Азаматтық персонал қатарындағы адам бітімгершілік операция кезеңінде, сондай-ақ бітімгершілік операцияға қатысу нәтижесінде мертігуі (жаралануы, жарақаттануы, контузия алуы), ауыруы салдарынан қаза тапқан (қайтыс болған), бітімгершілік операция кезеңінде мүгедектік белгіленген немесе мертіккен (жараланған, жарақаттанған, контузия алған) жағдайларда, Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен біржолғы өтемақы төлеу жүргізіледі.
4. Азаматтық персонал қатарындағы адам бітімгершілік операция кезеңінде, сондай-ақ бітімгершілік операцияға қатысу нәтижесінде мертігуі (жаралануы, жарақаттануы, контузия алуы), ауыруы салдарынан қаза тапқан (қайтыс болған) жағдайларда, адамның бітімгершілік операцияға қатысуы аяқталған күннен бастап бір жыл өткенге дейін азаматтық персонал қатарындағы адамның мұрагерлеріне қаза тапқан (қайтыс болған) күні соңғы атқарған лауазымы бойынша бес жылдық жалақысы мөлшерінде біржолғы өтемақы төлеу жүргізіледі.
5. Азаматтық персонал қатарындағы адамға бітімгершілік операцияға қатысу кезеңінде немесе бітімгершілік операцияға қатысу нәтижесінде мертігуі (жаралануы, жарақаттануы, контузия алуы), ауыруы салдарынан болған мүгедектік белгіленген кезде біржолғы өтемақы адамның бітімгершілік операцияға қатысуы аяқталған күннен бастап бір жыл өткенге дейін соңғы жұмыс орны (атқарған лауазымы) бойынша:
1) бірінші топтағы мүгедектігі бар адамға – отыз айлық жалақы;
2) екінші топтағы мүгедектігі бар адамға – он сегіз айлық жалақы;
3) үшінші топтағы мүгедектігі бар адамға алты айлық жалақы мөлшерінде төленеді.
6. Егер азаматтық персонал қатарындағы адамның қаза табуы (қайтыс болуы) немесе оның мертігуі (жаралануы, жарақаттануы, контузия алуы):
1) соттың заңды күшіне енген үкімі болған кезде өзіне-өзі қол жұмсауға дейін жеткізу жағдайларын қоспағанда, өзіне-өзі қол жұмсау салдарынан;
2) қылмыстық немесе әкімшілік құқық бұзушылықтар жасаған кезде;
3) оның алкогольдік, есірткілік немесе өзгедей масаң күй туғызатын заттарды тұтынуы немесе қолдануы себебінен;
4) біржолғы өтемақы алу немесе міндеттерін орындаудан жалтару мақсатында өзіне қасақана қандай да бір дене зақымын (дене мүшесін зақымдау) немесе өз денсаулығына өзге де зиян келтіру салдарынан болғаны Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен дәлелденсе, біржолғы өтемақы төленбейді.
7. Азаматтық персонал қатарындағы адам бітімгершілік операцияға қатысу кезеңінде мүгедектікке әкеп соқпаған ауыр мертіккен (жараланған, жарақаттанған, контузия алған) жағдайда, оған – бір жарым айлық жалақысы, жеңіл мертіккенде жарты айлық жалақысы мөлшерінде біржолғы өтемақы төленеді.
8. Бітімгершілік операцияға қатысу кезінде қаза тапқан немесе бітімгершілік операцияға қатысу нәтижесінде мертігуі (жаралануы, жарақаттануы, контузия алуы), ауыруы салдарынан адамның бітімгершілік операцияға қатысуы аяқталған күннен бастап бір жыл өткенге дейін қайтыс болған азаматтық персонал қатарындағы адамды жерлеу Қазақстан Республикасында оның туыстары таңдаған жерде жүргізіледі. Мәйітті жеткізуге әзірлеумен, мәйітті жеткізумен, жерлеумен, құлпытас дайындаумен және орнатумен байланысты барлық шығыстар азаматтық персонал жұмыскері, қызметкері болып табылған мемлекеттік органның (ұйымның) есебінен Қазақстан Республикасының Үкіметі Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарының әскери қызметшілері үшін белгілеген мөлшерде жүзеге асырылады.
Ескерту. 17-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 27.06.2022 № 129-VІІ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.18-бап. Ұлттық контингенттің құқықтары мен міндеттері
1. Ұлттық контингент Қазақстан Республикасының Конституциясында және заңдарында көзделген барлық құқықтарды пайдаланады.
Бітімгершілік операцияда ұлттық контингенттің құқықтары мен бостандықтары болатын елдің заңдарымен, Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттармен ғана шектеледі немесе кеңейтіледі.
2. Ұлттық контингент Қазақстан Республикасының Конституциясын, заңдарын және болатын елдің заңдарын сақтауға, сондай-ақ жергілікті халықтың әдет-ғұрыптары мен дәстүрлерін құрметтеуге міндетті.
3. Әскери персоналға Қазақстан Республикасының заңнамасында және Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарының жалпы әскери жарғыларында көзделген міндеттер жүктеледі. Бітімгершілік операциядағы міндеттер аясы мандатпен шектелуі немесе кеңейтілуі мүмкін.
4. Ұлттық контингентке бітімгершілік операцияда атқарып отырған лауазымына сәйкес лауазымдық міндеттер жүктеледі.
19-бап. Ұлттық контингенттің қару қолдануы
Ұлттық контингенттің қару алып жүру және қолдану қағидалары Қазақстан Республикасының заңнамасында, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарының жалпы әскери жарғыларында, сондай-ақ мандатта, Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда айқындалады.
Қару қолданған кезде ұлттық контингент айналадағы азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін барлық мүмкін болатын шараларды қолдануға, ал қажет болған жағдайда, зардап шеккендерге шұғыл медициналық көмек көрсетуге міндетті.
Ұлттық контингент қатарындағы адам қару қолданылған әрбір жағдай туралы командирге (бастыққа) баяндайды.
20-бап. Ұлттық контингенттің жауаптылығы
Ұлттық контингент қылмыстары, теріс қылықтары және өзге де құқық бұзушылықтары үшін Қазақстан Республикасының заңдарына және Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға сәйкес қылмыстық, әкімшілік, азаматтық-құқықтық және тәртіптік жауаптылықта болады.
Ұлттық контингент қатарындағы адам немесе адамдар тобы бітімгершілік операция кезеңінде оның (олардың) бітімгершілік операция жүргізу аймағында (ауданында) одан әрі болуына жол бермейтін құқық бұзушылықтар жасаған кезде ауыстыру бойынша шығыстар аталған адамдардың қаражаты есебінен өтеледі, олар адамның немесе адамдар тобының Қазақстан Республикасынан бітімгершілік операция жүргізу орнына баруы және кері қайтуы бойынша шығыстарды қамтиды.
21-бап. Бітімгершілік операция жүргізу аймағындағы (ауданындағы) юрисдикция
Бітімгершілік операция жүргізу аймағында (ауданында) шетелдіктер ұлттық контингентке қатысты құқық бұзушылықтар жасаған жағдайда, егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда өзгеше ескерілмесе, болатын елдің заңдары қолданылады.
22-бап. Бітімгершілік қызмет саласындағы заңдылықтың сақталуын қадағалау
Бітімгершілік қызмет саласындағы заңдылықтың сақталуына жоғары қадағалауды Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры және ол уәкілеттік берген прокурорлар жүзеге асырады.
Ескерту. 22-бап жаңа редакцияда - ҚР 11.07.2017 № 91-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).5-тарау. ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР
23-бап. Бітімгершілік қызметті қаржыландыру
1. Бітімгершілік қызметті қаржыландыру:
1) жұмыскерлері, қызметкерлері бітімгершілік операцияға қатысуға жіберілетін мемлекеттік органдарды (ұйымдарды) ұстауға көзделген;
2) бітімгершілік қызметті қаржыландыру үшін немесе бітімгершілік операцияға жұмсалатын шығындарды толық немесе ішінара өтеу тәртібімен БҰҰ, өзге де халықаралық ұйымдар және әріптес мемлекеттер бөлетін;
3) Қазақстан Республикасы Үкіметі резервінің қаражаты есебінен жүргізіледі.
2. Қазақстан Республикасының бітімгершілік операцияға кететін шығындарын толық немесе ішінара өтеу тәртібімен БҰҰ, өзге де халықаралық ұйымдар және әріптес мемлекеттер бөлетін қаражат республикалық бюджет кірісіне түседі.
24-бап. Бітімгершілік қызметте пайдаланылатын әскери мақсаттағы тауарларды Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы экспорттау және импорттау
Ұлттық контингенттің жұмыс істеуі немесе бітімгершілік дайындықты жүргізу үшін қажетті әскери мақсаттағы тауарлардың экспорты мен импорты Қазақстан Республикасының өзіндік ерекшелігі бар тауарларды бақылау саласындағы заңнамасында айқындалған тәртіппен жүзеге асырылады.
Ескерту. 24-бап жаңа редакцияда – ҚР 28.12.2022 № 173-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.25-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі
Осы Заң алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Президенті |
Н. Назарбаев |