19.05.2015

Ең төмен әлеуметтік стандарттар және олардың кепілдіктері туралы

МАЗМҰНЫ

      Осы Заң ең төмен әлеуметтік стандарттар жүйесінде туындайтын қоғамдық қатынастарды реттейді.

1-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР

1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар

      Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

      1) әлеуметтік құқықтар – Қазақстан Республикасының Конституциясында және Қазақстан Республикасының заңдарында бекітілген, мемлекет кепілдік берген әлеуметтік саладағы құқықтар;

      2) әлеуметтік кепілдіктер – мемлекеттің Қазақстан Республикасының Конституциясында және Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген, әлеуметтік құқықтарды іске асыруға бағытталған міндеттемелері;

      3) ең төмен әлеуметтік стандарт – әлеуметтік кепілдіктер мен әлеуметтік құқықтардың іске асырылуын қамтамасыз ететін, Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген көрсетілетін қызметтердің, ақшалай төлемдердің және өзге де талаптардың ең аз көлемі;

      4) ең төмен әлеуметтік стандарттар жүйесі – еңбек, әлеуметтік қамсыздандыру, білім беру, отбасы және балалар, денсаулық сақтау, мәдениет, дене шынықтыру және спорт, мемлекет кепілдік берген заң көмегін көрсету салаларындағы ең төмен әлеуметтік стандарттар жиынтығы;

      5) нормалар – ең төмен әлеуметтік стандарттарды қамтамасыз етуге қойылатын сандық және сапалық талаптар;

      6) нормативтер – ең төмен әлеуметтік стандарттарды қаржыландыру көлемдерін айқындау үшін пайдаланылатын шамалардың белгіленген өлшемдері;

      7) уәкілетті органдар – өз құзыреті шегінде ең төмен әлеуметтік стандарттар жүйесінде басшылықты жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының орталық мемлекеттік органдары.

2-бап. Осы Заңның қолданылу аясы

      1. Осы Заңның күші осы Заңға сәйкес ең төмен әлеуметтік стандарттар жүйесінде туындайтын қатынастарға қолданылады.

      2. Осы Заңның күші Қазақстан Республикасының стандарттау саласындағы заңнамасында айқындалған стандарттау жөніндегі құжаттарға, сондай-ақ қаржылық есептілік стандарттарына қолданылмайды.

      Ескерту. 2-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 05.10.2018 № 184-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізіледі).

3-бап. Қазақстан Республикасының ең төмен әлеуметтік стандарттар және олардың кепілдіктері туралы заңнамасы

      1. Қазақстан Республикасының ең төмен әлеуметтік стандарттар және олардың кепілдіктері туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді және осы Заң мен Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік-құқықтық актілерінен тұрады.

      2. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңдағыдан өзгеше қағидалар белгіленсе, онда халықаралық шарт қағидалары қолданылады.

      3. Осы Заңның ережелері ең төмен әлеуметтік стандарттар жүйесіндегі құқықтық нормаларды белгілейтін нормативтік-құқықтық актілерді әзірлеу мен қабылдау үшін базалық ережелер болып табылады.

4-бап. Осы Заңның мақсаттары мен міндеттері

      1. Мыналар:

      1) әлеуметтік құқықтар мен әлеуметтік кепілдіктерді іске асыру;

      2) ең төмен әлеуметтік стандарттар жүйесіндегі мемлекеттік саясатты іске асыру;

      3) ең төмен әлеуметтік стандарттар жүйесіндегі қағидаттарды айқындау осы Заңның мақсаттары болып табылады.

      2. Мыналар:

      1) әлеуметтік мұқтаждықтарға арналған бюджет қаражатын және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздерді қалыптастыру мен пайдалануды нормативтік қамтамасыз ету;

      2) әлеуметтік саланы дамытуды мемлекеттік қолдауды қамтамасыз ету;

      3) халықтың өмір сүру деңгейін бағалау осы Заңның міндеттері болып табылады.

5-бап. Ең төмен әлеуметтік стандарттар жүйесіндегі қағидаттар

      Ең төмен әлеуметтік стандарттар мынадай қағидаттарға негізделеді:

      1) заңдылық;

      2) қолжетімділік;

      3) әлеуметтік құқықтардың сақталуы;

      4) мемлекеттің экономикалық мүмкіндіктері, материалдық-техникалық базасы, ғылыми-техникалық әлеуеті негізге алына отырып, ең төмен әлеуметтік стандарттардың негізділігі;

      5) жариялылық және халықпен кері байланысты қамтамасыз ету мақсатында халықтың ең төмен әлеуметтік стандарттар туралы хабарландырылуы;

      6) ең төмен әлеуметтік стандарттарды қамтамасыз ету бойынша шығыстарды бюджеттік қаржыландырудың транспаренттілігі;

      7) ең төмен әлеуметтік стандарттардың нысаналы және атаулы қаржыландырылуы;

      8) Қазақстан Республикасының ең төмен әлеуметтік стандарттар және олардың кепілдіктері туралы заңнамасының сақталуын мемлекеттік бақылау;

      9) әлеуметтік әріптестік.

6-бап. Ең төмен әлеуметтік стандарттармен қамтамасыз етілу құқықтары

      1. Азаматтардың:

      1) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес ең төмен әлеуметтік стандарттарға қол жеткізуге;

      2) ең төмен әлеуметтік стандарттар туралы толық және анық ақпарат алуға;

      3) ең төмен әлеуметтік стандарттардың сақталуын талап етуге;

      4) ең төмен әлеуметтік стандарттардың сақталуын қамтамасыз етуге міндетті жеке және заңды тұлғалардың шешімдеріне шағым жасауға;

      5) ең төмен әлеуметтік стандарттар салаларындағы бұзылған құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қорғау туралы талап арызбен сотқа жүгінуге құқығы бар.

      2. Ең төмен әлеуметтік стандарттармен Қазақстан Республикасының азаматтары қамтамасыз етіледі.

      Шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар, егер Қазақстан Республикасының Конституциясында, Қазақстан Республикасының заңдарында және Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда өзгеше көзделмесе, азаматтар үшін белгіленген ең төмен әлеуметтік стандарттармен қамтамасыз етіледі.

7-бап. Ең төмен әлеуметтік стандарттарды қаржылық қамтамасыз ету

      1. Орталық және жергілікті атқарушы органдар, сондай-ақ өзге де мемлекеттік ұйымдар Қазақстан Республикасының Конституциясымен және Қазақстан Республикасының заңдарымен, Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік-құқықтық актілерімен өздеріне бекітілген өкілеттіктер шегінде бюджет қаражаты есебінен ең төмен әлеуметтік стандарттардың сақталуын қамтамасыз етуге міндетті.

      2. Жеке және заңды тұлғалар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өз қаражаты және Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін өзге де көздер есебінен ең төмен әлеуметтік стандарттардың сақталуын қамтамасыз етуге міндетті.

2-тарау. ЕҢ ТӨМЕН ӘЛЕУМЕТТІК СТАНДАРТТАР ЖҮЙЕСІНДЕГІ
МЕМЛЕКЕТТІК РЕТТЕУ

8-бап. Қазақстан Республикасы Үкіметінің құзыреті

      Қазақстан Республикасының Үкіметі:

      1) ең төмен әлеуметтік стандарттар жүйесіндегі мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын әзірлейді және оның жүзеге асырылуын ұйымдастырады;

      2) ең төмен әлеуметтік стандарттар жүйесінің жұмыс істеуін және оны дамытуды қамтамасыз етеді;

      3) алып тасталды – ҚР 24.11.2021 № 75-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
      4) алып тасталды - ҚР 19.04.2023 № 223-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен;
      Ескерту. 8-бапқа өзгерістер енгізілді – ҚР 24.11.2021 № 75-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 19.04.2023 № 223-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

9-бап. Уәкілетті органдардың құзыреті

      Уәкілетті органдар өз құзыреті шегінде:

      1) ең төмен әлеуметтік стандарттар жүйесіндегі мемлекеттік саясатты қалыптастырады және оның іске асырылуын қамтамасыз етеді;

      2) Қазақстан Республикасының ең төмен әлеуметтік стандарттар және олардың кепілдіктері туралы заңнамасының сақталуын мемлекеттік бақылауды жүзеге асырады;

      3) мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган бекіткен үлгілік нысан негізінде ең төмен әлеуметтік стандарттарды әзірлейді және бекітеді;

      4) нормативтік-құқықтық актілерді әзірлейді және бекітеді;

      5) Қазақстан Республикасының ең төмен әлеуметтік стандарттар және олардың кепілдіктері туралы заңнамасына және ең төмен әлеуметтік стандарттардың көлемі мен сапасының сақталуына мониторинг жүргізеді;

      6) халықты ең төмен әлеуметтік стандарттар туралы ақпараттандыруды қамтамасыз етеді;

      7) ең төмен әлеуметтік стандарттар жүйесі туралы ақпараттың Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында таратылатын мерзімді баспасөз басылымдарында жарты жылда бір реттен сиретпей жариялануын және өздерінің интернет-ресурстарында орналастырылуын қамтамасыз етеді;

      8) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

      Ескерту. 9-бапқа өзгерістер енгізілді – ҚР 24.11.2021 № 75-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 19.04.2023 № 223-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

3-тарау. ЕҢ ТӨМЕН ӘЛЕУМЕТТІК СТАНДАРТТАР ЖҮЙЕСІ

10-бап. Ең төмен әлеуметтік стандарттарды белгілеу және қолдану салалары

      Ең төмен әлеуметтік стандарттар мынадай салаларда белгіленеді және қолданылады:

      1) еңбек;

      2) әлеуметтік қамсыздандыру;

      3) білім беру;

      4) отбасы және балалар;

      5) денсаулық сақтау;

      6) мәдениет;

      7) дене шынықтыру және спорт;

      8) мемлекет кепілдік берген заң көмегін көрсету.

11-бап. Еңбек саласындағы ең төмен әлеуметтік стандарттар

      1. Еңбек саласындағы ең төмен әлеуметтік стандарттар:

      1) еңбекке ақы төлеуге;

      2) жұмыс уақыты мен демалыс уақытының ұзақтығына әлеуметтік кепілдіктер мен әлеуметтік құқықтардың іске асырылуын қамтамасыз етеді.

      2. Еңбек саласындағы ең төмен әлеуметтік стандарттар:

      1) "Айлық жалақының ең төмен мөлшері" ең төмен әлеуметтік стандарты;

      2) алып тасталды - ҚР 23.11.2015 № 415-V Заңымен (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі).

      3) "Күнделікті жұмыстың (жұмыс ауысымының) ұзақтығы" ең төмен әлеуметтік стандарты;

      4) "Жыл сайынғы негізгі ақылы еңбек демалысы" ең төмен әлеуметтік стандарты болып табылады.

      3. Еңбек саласындағы ең төмен әлеуметтік стандарттар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес белгіленеді және қолданылады.

      Ескерту. 11-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 23.11.2015 № 415-V Заңымен (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі).

12-бап. "Айлық жалақының ең төмен мөлшері" ең төмен әлеуметтік стандарты

      1. "Айлық жалақының ең төмен мөлшері" ең төмен әлеуметтік стандарты:

      1) бір айдағы жұмыс уақытының нормасын;

      2) бірінші разрядты қызметкердің қалыпты жағдайлардағы еңбек нормаларын (еңбек міндеттерін) қамтиды.

      2. Жыл сайын Қазақстан Республикасының тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңында белгіленетін айлық жалақының ең төмен мөлшері ең төмен күнкөріс деңгейінен төмен болмауға тиіс.

13-бап. "Еңбекке ақы төлеудің ең төмен стандарты" ең төмен әлеуметтік стандарты

      Ескерту. Алып тасталды - ҚР 23.11.2015 № 415-V Заңымен (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі).

14-бап. "Күнделікті жұмыстың (жұмыс ауысымының) ұзақтығы" ең төмен әлеуметтік стандарты

      "Күнделікті жұмыстың (жұмыс ауысымының) ұзақтығы" ең төмен әлеуметтік стандарты бір күндегі (ауысымдағы) сағатпен есептелген жұмыс уақыты ұзақтығының нормаларын қамтиды.

15-бап. "Жыл сайынғы негізгі ақылы еңбек демалысы" ең төмен әлеуметтік стандарты

      "Жыл сайынғы негізгі ақылы еңбек демалысы" ең төмен әлеуметтік стандарты жыл сайынғы негізгі ақылы еңбек демалысы ұзақтығының нормаларын қамтиды.

16-бап. Әлеуметтік қамсыздандыру саласындағы ең төмен әлеуметтік стандарттар

      1. Әлеуметтік қамсыздандыру саласындағы ең төмен әлеуметтік стандарттар әлеуметтік қамсыздандыруға әлеуметтік кепілдіктер мен әлеуметтік құқықтардың іске асырылуын қамтамасыз етеді.

      2. Әлеуметтік қамсыздандыру саласындағы ең төмен әлеуметтік стандарттар:

      1) "Ең төмен күнкөріс деңгейінің шамасы" ең төмен әлеуметтік стандарты;

      2) "Зейнетақының ең төмен мөлшері" ең төмен әлеуметтік стандарты;

      3) "Арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтердің кепілдік берілген көлемі" ең төмен әлеуметтік стандарты болып табылады.

      3. Әлеуметтік қамсыздандыру саласындағы ең төмен әлеуметтік стандарттар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес белгіленеді және қолданылады.

      Ескерту. 16-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 20.04.2023 № 226-VII (01.07.2023 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

17-бап. "Ең төмен күнкөріс деңгейінің шамасы" ең төмен әлеуметтік стандарты

      1. "Ең төмен күнкөріс деңгейінің шамасы" ең төмен әлеуметтік стандарты жыл сайын инфляцияның болжамдық деңгейі ескеріле отырып айқындалатын және тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгіленетін ең төмен күнкөріс деңгейі шамасының нормативін қамтиды және:

      1) алып тасталды – ҚР 26.12.2018 № 203-VI (01.01.2019 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен;

      2) мемлекеттік базалық зейнетақы төлемін;

      3) мүгедектігі бойынша, асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыларды белгілеу үшін негіз болып табылады.

      2. Ең төмен күнкөріс деңгейінің шамасын есептеу тәртібін халықты әлеуметтік қорғау саласындағы және мемлекеттік статистика саласындағы уәкілетті органдар бірлесіп бекітеді.

      Ескерту. 17-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 02.08.2015 № 342-V (01.07.2018 бастап қолданысқа енгізіледі); 26.12.2018 № 203-VI (01.01.2019 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңыдарымен.

18-бап. Ең төмен күнкөрiс деңгейi

      1. Ең төмен күнкөрiс деңгейi – шамасы бойынша ең төмен тұтыну себетiнiң құнына тең, бiр адамға арналған ең төмен ақшалай кiрiс.

      Ең төмен тұтыну себетi адамның тыныс-тіршілігін қамтамасыз ету үшін қажетті тамақ өнімдерінің, тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің заттай және құн түріндегі ең төмен жинағын білдіреді және:

      1) азық-түлік себетінен;

      2) азық-түлік емес тауарлар мен көрсетілетін қызметтерге жұмсалатын шығыстардың тіркелген үлесінен тұрады.

      2. Азық-түлік себетін мемлекеттік статистика саласындағы уәкілетті орган денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органмен келісу бойынша санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылық саласындағы уәкілетті орган бекітетін тамақ өнімдерін тұтынудың ғылыми негізделген физиологиялық нормалары бойынша есептеп шығарады.

      3. Азық-түлік емес тауарлар мен көрсетілетін қызметтерге шығыстардың тіркелген үлесін халықты әлеуметтік қорғау саласындағы және мемлекеттік статистика саласындағы уәкілетті органдар ең төмен тұтыну себетінің құнына арақатынасы арқылы бірлесіп белгілейді.

      4. Ең төмен күнкөріс деңгейі тоқсан сайын республика бойынша және өңірлер бойынша орта есеппен:

      1) халықтың жан басына;

      2) халықтың жыныстық-жас топтары бойынша есептеп шығарылады.

      5. Тұтастай алғанда, Қазақстан Республикасы бойынша орта есеппен халықтың негізгі жыныстық-жас топтары бойынша халықтың жан басына шаққандағы ең төмен күнкөріс деңгейі, азық-түлік себетінің құны және кірістері осы өлшемшарттардан төмен халықтың үлесі туралы мәліметтерді мемлекеттік статистика саласындағы уәкілетті орган бұқаралық ақпарат құралдарында ресми жариялауға тиіс.

19-бап. Ең төмен күнкөріс деңгейін қолдану

      Ең төмен күнкөріс деңгейі жыл сайынғы:

      1) халықтың өмір сүру деңгейін бағалау;

      2) әлеуметтік саясаттың бағыттарын айқындау және халықты әлеуметтік қолдау жөніндегі шараларды жүзеге асыру үшін қолданылады.

20-бап. "Зейнетақының ең төмен мөлшері" ең төмен әлеуметтік стандарты

      "Зейнетақының ең төмен мөлшері" ең төмен әлеуметтік стандарты республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленетін мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінің ең төмен мөлшерінің нормативін қамтиды.

      Ескерту. 20-бап жаңа редакцияда– ҚР 20.04.2023 № 226-VII (01.07.2023 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

21-бап. "Арнаулы әлеуметтік қызметтердің кепілдік берілген көлемі" ең төмен әлеуметтік стандарты

      "Арнаулы әлеуметтік қызметтердің кепілдік берілген көлемі" ең төмен әлеуметтік стандарты арнаулы әлеуметтік қызметтерге мұқтаж адамдар (отбасылар) үшін ұсынылатын арнаулы әлеуметтік қызметтер нормативтерін қамтиды.

      Ескерту. 21-бап жаңа редакцияда– ҚР 20.04.2023 № 226-VII (01.07.2023 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

22-бап. Білім беру саласындағы ең төмен әлеуметтік стандарттар

      1. Білім беру саласындағы ең төмен әлеуметтік стандарттар білім беруге әлеуметтік кепілдіктер мен әлеуметтік құқықтардың іске асырылуын қамтамасыз етеді.

      2. Білім беру саласындағы ең төмен әлеуметтік стандарттар:

      1) мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың ең төмен әлеуметтік стандарты;

      2) бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білім берудің ең төмен әлеуметтік стандарты;

      3) техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім берудің ең төмен әлеуметтік стандарты;

      4) конкурстық негізде алынатын жоғары білімнің ең төмен әлеуметтік стандарты болып табылады.

      3. Білім беру саласындағы ең төмен әлеуметтік стандарттар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес белгіленеді және қолданылады.

23-бап. Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың ең төмен әлеуметтік стандарты

      Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың ең төмен әлеуметтік стандарты:

      1) мектепке дейінгі білім беру ұйымдарындағы балаларды мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқытуды жан басына шаққандағы қаржыландыру нормативін;

      2) мектепке дейінгі білім беру ұйымдарын жабдықтармен және жиһазбен жарақтандыру нормаларын;

      3) мүмкіндіктері шектеулі балаларды әлеуметтік және медициналық-педагогикалық түзетумен қолдау нормаларын;

      4) санитариялық-эпидемиологиялық талаптар нормаларын қамтиды.

      Ескерту. 23-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 05.07.2017 № 88-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

24-бап. Бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білім берудің ең төмен әлеуметтік стандарты

      Бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білім берудің ең төмен әлеуметтік стандарты:

      1) мемлекеттік білім беру ұйымдары желісінің нормативін;

      2) орта, сондай-ақ арнаулы білім беру ұйымдарын жабдықтармен және жиһазбен жарақтандыру нормаларын;

      3) мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алуға құқығы бар отбасылардан, сондай-ақ мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алмайтын, жан басына шаққандағы орташа кірісі ең төмен күнкөріс деңгейінің шамасынан төмен отбасылардан шыққан балаларды, жетім балаларды, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды, төтенше жағдайлар салдарынан шұғыл көмекті қажет ететін отбасылардан шыққан балаларды орта білім беру ұйымдарында тегін тамақтандыруды қамтамасыз ету нормаларын;

      4) ауылдық мектептердің оқушыларын тасу нормаларын;

      5) орта білім беру ұйымдарын оқулықтармен және оқу-әдістемелік кешендермен қамтамасыз ету нормаларын;

      6) мүмкіндіктері шектеулі балаларды әлеуметтік және медициналық-педагогикалық түзетумен қолдау нормаларын;

      7) мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алуға құқығы бар отбасылардан, сондай-ақ мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алмайтын, жан басына шаққандағы орташа кірісі ең төмен күнкөріс деңгейінің шамасынан төмен отбасылардан шыққан балаларға және жетім балаларға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға, төтенше жағдайлар салдарынан шұғыл көмекті қажет ететін отбасылардан шыққан балаларға сауықтыру демалысын беру нормаларын;

      8) денсаулық жағдайына байланысты ұзақ уақыт бойы жалпы орта білім беру ұйымына бара алмайтын білім алушыларды үйде немесе стационарлық көмек, қалпына келтіру емін және медициналық оңалтуды көрсететін ұйымдарда жеке-дара тегін оқыту нормаларын;

      8-1) бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білімнің жалпы білім беретін оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында оқытудың жан басына шаққандағы қаржыландыру нормативін;

      9) санитариялық-эпидемиологиялық талаптар нормаларын қамтиды.

      Ескерту. 24-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 05.07.2017 № 88-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

25-бап. Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім берудің ең төмен әлеуметтік стандарты

      Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім берудің ең төмен әлеуметтік стандарты:

      1) техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарына қабылдау кезіндегі мемлекеттік білім беру тапсырысының нормаларын;

      2) техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарын жабдықтармен және жиһазбен жарақтандыру нормаларын;

      3) техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында білім алып жатқан жетім балалардың және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың киім-кешегі нормаларын;

      4) мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде білім алушыларға арналған стипендияның нормативін (мөлшерін);

      5) мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша білім алушылардың жеңілдікпен жол жүру нормативтерін;

      6) техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарын оқулықтармен және оқу-әдістемелік кешендермен қамтамасыз ету нормаларын;

      7) санитариялық-эпидемиологиялық талаптар нормаларын;

      8) мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алуға құқығы бар отбасылардан, сондай-ақ мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алмайтын, жан басына шаққанда орташа кірісі ең төмен күнкөріс деңгейінің шамасынан төмен отбасылардан шыққан, мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша білім алушыларды, жетім балаларды, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды, төтенше жағдайлар салдарынан шұғыл көмекті қажет ететін отбасылардан шыққан балаларды жатақханада орындармен қамтамасыз ету жөніндегі нормаларды;

      9) егер білім алушы бір мамандық шеңберінде жұмысшы біліктілігін немесе жұмысшы біліктіліктерін алғаш рет алса, түлектерге оны (оларды) бере отырып, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білімге кепілдік беру нормативтерін қамтиды.

      Ескерту. 25-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 04.07.2018 № 172-VІ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.

26-бап. Конкурстық негізде алынатын жоғары білімнің ең төмен әлеуметтік стандарты

      Конкурстық негізде алынатын жоғары білімнің ең төмен әлеуметтік стандарты:

      1) жоғары оқу орындарына қабылдау кезіндегі мемлекеттік білім беру грантының нормативін (мөлшерін);

      2) мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде білім алушыларға арналған стипендияның нормативін (мөлшерін);

      3) мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде білім алушылардың жеңілдікпен жол жүру нормативін;

      4) жоғары білім беру ұйымдарына оқуға түсу кезіндегі қабылдау нормативін (квотасын);

      5) санитариялық-эпидемиологиялық талаптар нормативін;

      6) мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде білім алушыларды жатақханада орындармен қамтамасыз ету жөніндегі нормаларды қамтиды.

27-бап. Отбасы және балалар саласындағы ең төмен әлеуметтік стандарт

      1. Отбасы және балалар саласындағы ең төмен әлеуметтік стандарт отбасы және балалар мүдделерінің қорғалуына әлеуметтік кепілдіктер мен әлеуметтік құқықтардың іске асырылуын қамтамасыз етеді.

      2. "Отбасына тәрбиелеуге (асырап алуға, қорғаншылыққа немесе қамқоршылыққа, патронатқа, баланы қабылдайтын отбасына) берілген жетім балалардың, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балалардың құқықтары мен мүдделерін қорғауды қамтамасыз ету" ең төмен әлеуметтік стандарты отбасы және балалар саласындағы ең төмен әлеуметтік стандарт болып табылады.

      3. Отбасы және балалар саласындағы ең төмен әлеуметтік стандарт Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес белгіленеді және қолданылады.

      Ескерту. 27-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 09.04.2016 № 501-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

28-бап. "Жетім балалардың, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, отбасына тәрбиелеуге (асырап алуға, қорғаншылыққа немесе қамқоршылыққа, патронатқа)берілген балалардың құқықтары мен мүдделерін қорғауды қамтамасыз ету" ең төмен әлеуметтік стандарты

      "Жетім балалардың, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, отбасына тәрбиелеуге (асырап алуға, қорғаншылыққа немесе қамқоршылыққа, патронатқа) берілген балалардың құқықтары мен мүдделерін қорғауды қамтамасыз ету" ең төмен әлеуметтік стандарты:

      1) патронат тәрбиешілерге берілген баланы (балаларды) күтіп-бағуға арналған ақшалай қаражат төлемінің нормативін (мөлшерін);

      2) қорғаншыларға немесе қамқоршыларға жетім баланы (жетім балаларды) және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған баланы (балаларды) күтіп-бағуға арналған жәрдемақы төлемінің нормативін (мөлшерін);

      3) жетім баланы және (немесе) ата-анасының қамқорлығынсыз қалған баланы асырап алуға байланысты біржолғы ақшалай төлемнің нормативін (мөлшерін);

      4) баланы қабылдайтын ата-аналарға берілген жетім баланы немесе ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған баланы күтіп-бағуға арналған төлем нормативін (мөлшерін) қамтиды.

      Ескерту. 28-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 09.04.2016 № 501-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

29-бап. Денсаулық сақтау саласындағы ең төмен әлеуметтік стандарттар

      1. Денсаулық сақтау саласындағы ең төмен әлеуметтік стандарттар тегiн медициналық көмектiң кепiлдiк берілген көлемiне әлеуметтік кепілдіктер мен әлеуметтік құқықтардың іске асырылуын қамтамасыз етеді.

      2. Мыналар:

      1) "Тегiн медициналық көмектiң кепiлдiк берілген көлемi" ең төмен әлеуметтік стандарты;

      2) "Денсаулық сақтаудың көрсетілетін қызметтерінің халыққа қолжетімді болуын қамтамасыз ету" ең төмен әлеуметтік стандарты денсаулық сақтау саласындағы ең төмен әлеуметтік стандарттар болып табылады.

      3. Денсаулық сақтау саласындағы ең төмен әлеуметтік стандарттар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес белгіленеді және қолданылады.

30-бап. "Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі" ең төмен әлеуметтік стандарты

      "Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі" ең төмен әлеуметтік стандарты "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Қазақстан Республикасының Кодексіне сәйкес берілетін медициналық көмектің көлемін қамтиды.

      Ескерту. 30-бап жаңа редакцияда – ҚР 07.07.2020 № 361-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

31-бап. "Денсаулық сақтаудың көрсетілетін қызметтерінің халыққа қолжетімді болуын қамтамасыз ету" ең төмен әлеуметтік стандарты

      "Денсаулық сақтаудың көрсетілетін қызметтерінің халыққа қолжетімді болуын қамтамасыз ету" ең төмен әлеуметтік стандарты тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін көрсететін, Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау ұйымдары желісінің мемлекеттік нормативін қамтиды.

32-бап. Мәдениет саласындағы ең төмен әлеуметтік стандарттар

      1. Мәдениет саласындағы ең төмен әлеуметтік стандарттар мәдени құндылықтарға қол жеткізуге әлеуметтік кепілдіктер мен әлеуметтік құқықтардың іске асырылуын қамтамасыз етеді.

      2. Мыналар:

      1) "Мемлекеттік мәдениет ұйымдары көрсететін қызметтердің қолжетімді болуын қамтамасыз ету" ең төмен әлеуметтік стандарты;

      2) "Мемлекеттік мәдениет ұйымдары өткізетін мәдени, мәдени-бұқаралық, ойын-сауық мәдени-бұқаралық іс-шараларға мүгедектігі бар адамдардың қол жеткізуін қамтамасыз ету" ең төмен әлеуметтік стандарты мәдениет саласындағы ең төмен әлеуметтік стандарттар болып табылады.

      3. Мәдениет саласындағы ең төмен әлеуметтік стандарттар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес белгіленеді және қолданылады.

      Ескерту. 32-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 27.06.2022 № 129-VІІ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 20.04.2023 № 226-VII (01.07.2023 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

33-бап. "Мемлекеттік мәдениет ұйымдары көрсететін қызметтердің қолжетімді болуын қамтамасыз ету" ең төмен әлеуметтік стандарты

      "Мемлекеттік мәдениет ұйымдары көрсететін қызметтердің қолжетімді болуын қамтамасыз ету" ең төмен әлеуметтік стандарты мемлекеттік мәдениет ұйымдары желісінің ең төмен нормативін қамтиды.

34-бап. "Мемлекеттік мәдениет ұйымдары өткізетін мәдени-ойын-сауық іс-шараларына мүгедектігі бар адамдардың қол жеткізуін қамтамасыз ету" ең төмен әлеуметтік стандарты

      "Мемлекеттік мәдениет ұйымдары өткізетін мәдени-ойын-сауық іс-шараларына мүгедектігі бар адамдардың қол жеткізуін қамтамасыз ету" ең төмен әлеуметтік стандарты бюджет қаражаты есебінен мемлекеттік мәдениет ұйымдары өткізетін мәдени-ойын-сауық іс-шараларына мүгедектігі бар адамдардың қол жеткізуі нормаларын қамтиды.

      Ескерту. 34-бап жаңа редакцияда - ҚР 27.06.2022 № 129-VІІ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

35-бап. Денешынықтыру және спорт саласындағы ең төмен әлеуметтік стандарт

      1. Денешынықтыру және спорт саласындағы ең төмен әлеуметтік стандарт жеке тұлғалардың денешынықтыру және спорт саласындағы әлеуметтік кепілдіктері мен әлеуметтік құқықтарының іске асырылуын қамтамасыз етеді.

      2. "Мемлекеттік меншіктегі дене шынықтыру-сауықтыру және спорт ғимараттарының қолжетімді болуын қамтамасыз ету" ең төмен әлеуметтік стандарты дене шынықтыру және спорт саласындағы ең төмен әлеуметтік стандарт болып табылады.

      3. Денешынықтыру және спорт саласындағы ең төмен әлеуметтік стандарт Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес белгіленеді және қолданылады.

      Ескерту. 35-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 20.04.2023 № 226-VII (01.07.2023 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

36-бап. "Мемлекеттік меншіктегі спорт ғимараттарының қолжетімді болуын қамтамасыз ету" ең төмен әлеуметтік стандарты

      "Мемлекеттік меншіктегі спорт ғимараттарының қолжетімді болуын қамтамасыз ету" ең төмен әлеуметтік стандарты:

      1) азаматтардың мемлекеттік меншіктегі спорт ғимараттарын "Дене шынықтыру және спорт туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес белгіленетін азаматтар санаттарының тізбесіне орай пайдалануы;

      2) мүгедектігі бар адамдардың мемлекеттік меншіктегі спорт құрылысжайларын Қазақстан Республикасының әлеуметтік қорғау туралы заңнамасына сәйкес пайдалануы нормативтерін қамтиды.

      Ескерту. 36-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 27.06.2022 № 129-VІІ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 20.04.2023 № 226-VII (01.07.2023 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

37-бап. Мемлекет кепілдік берген заң көмегін көрсету саласындағы ең төмен әлеуметтік стандарттар

      1. Мемлекет кепілдік берген заң көмегін көрсету саласындағы ең төмен әлеуметтік стандарттар құқықтық ақпарат беруге, құқықтық консультация беруге, адвокаттардың, заң консультанттарының жеке тұлғалардың мүдделерін қорғауы мен білдіруіне әлеуметтік кепілдіктер мен әлеуметтік құқықтардың іске асырылуын қамтамасыз етеді.

      2. Мемлекет кепілдік берген заң көмегін көрсету саласындағы ең төмен әлеуметтік стандарттар:

      1) "Құқықтық ақпарат беру" ең төмен әлеуметтік стандарты;

      2) "Құқықтық консультация беру" ең төмен әлеуметтік стандарты;

      3) "Адвокаттардың, заң консультанттарының жеке тұлғалардың мүдделерін қорғауы мен білдіруі" ең төмен әлеуметтік стандарты болып табылады.

      3. "Құқықтық ақпарат беру" ең төмен әлеуметтік стандарты "Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы" Қазақстан Республикасының Заңында және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында көзделген жағдайларда мемлекеттік органдардың өз құзыреті шегінде құқықтық ақпарат беру тәртібін белгілейтін нормаларды қамтиды.

      4. "Құқықтық консультация беру" ең төмен әлеуметтік стандарты "Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы" Қазақстан Республикасының Заңында және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында көзделген жағдайларда адвокаттардың, заң консультанттарының құқықтық консультация беру тәртібін белгілейтін нормаларды қамтиды.

      5. "Адвокаттардың, заң консультанттарының жеке тұлғалардың мүдделерін қорғауы мен білдіруі" ең төмен әлеуметтік стандарты Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларда адвокаттардың, заң консультанттарының соттарда, қылмыстық қудалау органдарында, өзге де мемлекеттік органдарда және мемлекеттік емес ұйымдарда жеке тұлғалардың мүдделерін қорғауы мен білдіруі тәртібін белгілейтін нормаларды қамтиды.

      Ескерту. 37-бапқа өзгерістер енгізілді – ҚР 05.07.2018 № 177-VІ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 20.06.2022 № 128-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

4-тарау. ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР

38-бап. Қазақстан Республикасының ең төмен әлеуметтік стандарттар және олардың кепілдіктері туралы заңнамасын бұзғаны үшін жауаптылық

      Қазақстан Республикасының ең төмен әлеуметтік стандарттар және олардың кепілдіктері туралы заңнамасын бұзу Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылыққа әкеп соғады.

38-1-бап. Өтпелі ережелер

      Ескерту. 4-тарау 38-1-баппен толықтырылды - ҚР 16.11.2015 № 406-V Заңымен (01.07.2017 бастап қолданысқа енгізіледі); алып тасталды - ҚР 28.12.2018 № 208-VI (01.01.2020 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

39-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі

      1. Осы Заң, 2019 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілетін, 25-баптың 9) тармақшасын қоспағанда, алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      2. "Ең төмен күнкөріс деңгейі туралы" 1999 жылғы 16 қарашадағы Қазақстан Республикасы Заңының (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 1999 ж., № 23, 918-құжат; 2005 ж., № 23, 98-құжат; 2010 ж., № 5, 23-құжат; 2014 ж., № 19-І, 19-ІІ, 96-құжат) күші жойылды деп танылсын.

      Қазақстан Республикасының
Президенті
Н. Назарбаев


Дата вступления в силу:  19.05.2015
Дата изменения акта:  01.07.2023
Дата принятия акта:  19.05.2015
Информация об официальном опубликовании акта:  "Егемен Қазақстан" 21.05.2015 ж., № 93 (28571); "Казахстанская правда" от 21.05.2015 г., № 93 (27969); Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2015 ж., № 10, 49-құжат
Место принятия:  100051000000
Орган, принявший акт:  102000000000
Регион действия:  100000000000
Регистрационный номер акта в Государственном реестре нормативных правовых актов Республики Казахстан:  89728
Регистрационный номер НПА, присвоенный нормотворческим органом:  314-V
Статус акта:  upd
Сфера правоотношений:  003000000000
Форма акта:  ЗАК
Юридическая сила:  0400
Язык акта:  kaz