09.12.2011

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Беларусь Республикасының Үкіметі арасындағы Азаматтық қорғаныс, төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы

      2009 жылғы 10 маусымда Минскіде жасалған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Беларусь Республикасының Үкіметі арасындағы Азаматтық қорғаныс, төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою саласындағы ынтымақтастық туралы келісім ратификациялансын.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті                                 Н. НАЗАРБАЕВ

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Беларусь Республикасының
Үкіметі арасындағы Азаматтық қорғаныс, төтенше жағдайлардың
алдын алу және оларды жою саласындағы ынтымақтастық туралы
КЕЛІСІМ

(2012 жылғы 13 ақпанында күшіне енді -
Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары бюллетені,
2012 ж., N 3, 31-құжат)

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Беларусь Республикасының Үкіметі,
      екі халық арасындағы дәстүрлі достық қарым-қатынасты нығайтуға ұмтыла отырып,
      азаматтық қорғаныс, төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою саласындағы ынтымақтастық Тараптар мемлекеттерінің әл-ауқаты мен ұлттық қауіпсіздігіне ықпал ететінін мойындай отырып,
      Тараптардың мемлекеттері үшін төтенше жағдайлардың қауіп төндіретінін сезіне отырып,
      Тараптардың мемлекеттері үшін азаматтық қорғаныс, төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою саласындағы ғылыми-техникалық ақпаратпен алмасудың пайдасын ескере отырып,
      Тараптардың біреуінің күштерімен және құралдарымен жою мүмкін емес төтенше жағдайлардың туындау мүмкіндігін және төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою мақсатында осыдан туындайтын екі мемлекеттің үйлесімді іс-қимылдарының қажеттілігін назарға ала отырып,
      Біріккен Ұлттар Ұйымының, төтенше жағдайлардың алдын алу мен оларды жою саласындағы басқа да халықаралық ұйымдардың рөлін ескере отырып,
      төмендегілер туралы келісті:

1-бап
Осы Келісімде пайдаланылатын терминдер

      Осы Келісімде пайдаланылатын терминдердің мынадай мағыналары бар:
      сұрау салушы Тарап - көмек көрсету жөніндегі топтарды, жарақтар мен қамтамасыз ету материалдарын жіберу туралы басқа Тарапқа сұрау салатын Тарап;
      ұсынушы Тарап - басқа Тараптың көмек көрсету жөніндегі топтарды, жарақтар мен қамтамасыз ету материалдарын жіберу туралы сұрауын қанағаттандыратын Тарап;
      құзыретті орган - осы Келісімді іске асыруға байланысты жұмыстарға басшылық ету және оларды үйлестіру үшін Тараптардың әрқайсысы тағайындайтын орган;
      көмек көрсету жөніндегі топ - ұсынушы Тараптың көмек көрсетуге арналған және қажетті жарақтармен қамтамасыз етілген мамандарының ұйымдасқан тобы (оның ішінде әскери персонал);
      төтенше жағдай - адамдардың қаза табуына, олардың денсаулығына немесе қоршаған табиғи ортаға залал келтіруге, қомақты материалдық шығындарына және адамдардың тіршілік жағдайының бұзылуына әкеп соғуы мүмкін немесе әкеп соққан авария, қауіпті табиғи құбылыс, апат, зілзала немесе өзге де апат нәтижесінде белгілі бір аумақта қалыптасқан жағдай;
      төтенше жағдайлардың алдын алу - алдын ала жүргізілетін және төтенше жағдайлардың пайда болу қаупін барынша азайтуға, сондай-ақ олар туындаған жағдайда адамдардың денсаулығын сақтауға, қоршаған табиғи ортаға келтірілетін залал мен материалдық шығындардың мөлшерін азайтуға бағытталған іс-шаралар кешені;
      төтенше жағдайды жою - төтенше жағдайлар туындаған кезде жүргізілетін және адамдардың өмірін құтқаруға және денсаулығын сақтауға, қоршаған табиғи ортаға келтірілген залал мен материалдық шығынның мөлшерін азайтуға, сондай-ақ төтенше жағдай аймағын оқшаулауға, оған тән қауіпті факторлардың әрекетін тоқтатуға бағытталған авариялық құтқару және басқа да шұғыл жұмыстар;
      төтенше жағдай аймағы - төтенше жағдай орын алған аумақ;
      авариялық-құтқару жұмыстары - төтенше жағдайлар аймағында адамдарды, материалдық және мәдени құндылықтарды құтқару, қоршаған табиғи ортаны қорғау, төтенше жағдайларды оқшаулау және оларға тән қауіпті факторларды жою немесе барынша төмен деңгейге жеткізу жөніндегі іс-қимылдар;
      жарақ - көмек көрсету жөніндегі топтың материалдары, техникалық және көлік құралдары, керек-жарақтары және топ мүшелерінің жеке керек-жарақтары;
      қамтамасыз ету материалдары - төтенше жағдай нәтижесінде зардап шеккен халықтың арасында тегін бөліп беруге арналған материалдық құралдар.

2-бап
Құзыретті органдар

      Тараптар осы Келісімді іске асыру үшін құзыретті органдарды тағайындайды:
      Қазақстан Тарапынан - Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрлігі;
      Беларусь Тарапынан - Беларусь Республикасының Төтенше жағдайлар министрлігі.
      Тараптар өзінің құзыретті органдарының атауларындағы өзгерістер туралы және олардың функцияларының басқа органдарға берілгендігі туралы дипломатиялық арналар арқылы бір-бірін дереу хабардар етеді.

3-бап
Ынтымақтастық нысандары

      Осы Келісімге сәйкес барлық қызмет Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларына сәйкес жүзеге асырылады және Тараптардың әрқайсысының қажетті қаражатының болуымен негізделеді. Осы Келісім шеңберіндегі ынтымақтастық мыналарды:
      төтенше жағдайлар мониторингі мен оларды болжау туралы ақпарат алмасуды;
      халықтың төтенше жағдайларда іс-әрекет жасауға, оның ішінде алғашқы медициналық көмек көрсету жөніндегі дайындығын ұйымдастыруда тәжірибе алмасуды;
      төтенше жағдайларды жою жөніндегі мүдделі мемлекеттік құрылымдардың өзара іс-қимылын ұйымдастыруды;
      өнеркәсіптік авариялар, апаттар мен дүлей зілзалалар нәтижесінде ықтимал ластануға байланысты қоршаған табиғи орта мен халыққа келетін қатерді бағалауды;
      ғылыми-зерттеу жобаларын бірлесіп жоспарлауды, әзірлеу мен жүзеге асыруды, ғылыми-техникалық әдебиеттермен және зерттеу жұмыстарының нәтижелерімен алмасуды;
      ақпаратпен, мерзімді басылымдармен, әдістемелік және басқа да әдебиеттермен, бейне- және фотоматериалдармен, сондай-ақ технологиялармен алмасуды;
      бірлескен конференциялар, семинарлар, жұмыс кеңестерін, жаттығулар мен оқу-жаттығуларын ұйымдастыруды;
      бірлескен жарияланымдар мен баяндамалар дайындауды;
      басқа Тарап мемлекетінің оқу орындарында мамандар даярлауды, тағылымдамадан өтушілермен, оқытушылармен, ғалымдармен және мамандармен алмасуды;
      құзыретті органдар арасында өзара іс-қимылды қамтамасыз етуді;
      көмек көрсету жөніндегі топтарды жарақтандыру кезінде өзара көмек көрсетуді;
      төтенше жағдайларды жою кезінде өзара көмек көрсетуді;
      төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою саласындағы құзыретті органдармен келісілетін басқа да қызметті көздейді.

4-бап
Ұйымдар мен мекемелер арасындағы ынтымақтастық

      Тараптар азаматтық қорғаныс, төтенше жағдайлардың алдын алу мен оларды жою саласындағы қызметті жүзеге асыратын мемлекеттік органдар, өзге де ұйымдар, Тараптар мемлекеттерінің жеке тұлғалары арасындағы ынтымақтастыққа жәрдемдеседі.

5-бап
Бірлескен комиссия

      Осы Келісімнің ережелерін орындау жөніндегі іс-шараларды іске асыру үшін құзыретті органдар азаматтық қорғаныс, төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою саласындағы ынтымақтастық жөнінде бірлескен комиссия құрады, оның құрамын, функциялары мен жұмыс тәртібін айқындайды.

6-бап
Өкілдерді қабылдау шарттары

      Жіберуші Тарап осы Келісімде көзделген және төтенше жағдайларды жоюға көмек көрсетуге тікелей байланысты емес қызметтерге қатысу кезінде өз өкілдерінің жол жүру, тұру және тамақтану, ал қабылдаушы Тарап бірлескен конференциялар, семинарлар, жұмыс бабындағы кеңестер, оқу-жаттығулар мен жаттығулар ұйымдастыру, сондай-ақ жіберуші Тарап өкілдерінің өз мемлекетінің аумағында жүріп-тұруы жөніндегі шығыстарды көтереді.

7-бап
Көмек көрсету

      Көмек сұрау салушы Тарап төтенше жағдайдың сипаты туралы ақпаратты ұсынатын, қажетті көмектің түрлері мен көлемін көрсететін сұрау негізінде көрсетіледі.
      Ұсынушы Тарап қысқа мерзімде сұрауды қарайды және сұрау салушы Тарапты көмек көрсетудің мүмкіндігі, көлемі және шарттары туралы хабардар етеді.
      Көмек көрсету жөніндегі топтарға басшылық жасауды осы топтардың басшылары арқылы сұрау салушы Тараптың құзыретті органы жүзеге асырады.

8-бап
Көмек түрлері

      Төтенше жағдайларды жоюға көмек көрсету жөніндегі топтарды, жарақтарды, қамтамасыз ету материалдарын жіберу жолымен не өзге де сұрау салынған нысанда көмек көрсетіледі.
      Көмек көрсету жөніндегі топтар төтенше жағдайлар аймағында авариялық-құтқару жұмыстарын орындайды.
      Сұрау салушы Тарап ұсынушы Тараптың көмек көрсету жөніндегі топтарының басшыларын төтенше жағдай аймағында қалыптасқан және нақты жұмыс учаскелеріндегі жағдай туралы хабардар етеді, қажет болған жағдайда осы топтарды аудармашылармен және байланыс құралдарымен қамтамасыз етеді, сондай-ақ қауіпсіздікті, тегін медициналық көмек көрсетуді қамтамасыз етеді, олардың іс-қимылдарын үйлестіруді жүзеге асырады.
      Көмек көрсету жөніндегі топтарды жарақтандыру 72 сағат ішінде төтенше жағдай аймағында автономдық іс-қимыл жүргізу үшін жеткілікті болуы тиіс. Жарақтандыру қорлары біткеннен кейін сұратушы Тарап көрсетілген топтарды олардың одан әрі жұмыс істеуі үшін қажетті құралдармен қамтамасыз етеді.

9-бап
Көмек көрсету жөніндегі топтардың мемлекеттік шекараны кесіп
өту шарттары және олардың сұрау салушы Тарап мемлекетінің
аумағында болу режимі

      Көмек көрсету жөніндегі топтардың мүшелері сұрау салушы Тарап мемлекетінің мемлекеттік шекарасын олардың жеке басын куәландыратын құжаттары бойынша халықаралық қатынас үшін ашық өткізу пункттері арқылы кесіп өтеді. Топ басшысында көмек көрсету жөніндегі топ мүшелерінің тізімі және ұсынушы Тараптың құзыретті органы берген, оның өкілеттігін растайтын құжат болуы тиіс.
      Көмек көрсету жөніндегі топтардың мүшелері сұрау салушы Тарап мемлекетінің аумағында болған уақытта сол мемлекеттің заңнамасын сақтауға міндетті. Бұл ретте олар ұсынушы Тарап мемлекетінің еңбек заңнамасы және онымен байланысты мәселелер саласындағы заң құзырында болады. Көмек көрсету жөніндегі топ құрамына кіретін әскери персоналға, құқықтық еңбек қатынастары мен әлеуметтік-экономикалық кепілдіктер бөлігінде әскери қызметшілердің мәртебесін реттейтін ұсынушы Тарап мемлекеті заңнамасының әрекеті қолданылады.
      Көмек көрсету жөніндегі топтардың орын ауыстыруы, олардың жарақтарын және қамтамасыз ету материалдарын тасымалдау автомобиль, темір жол, су немесе әуе көлігімен жүзеге асырылады.
      Көрсетілген көлік түрлерін көмек көрсету үшін пайдалану тәртібін тиісті мемлекеттік органдармен келісім бойынша құзыретті органдар айқындайды.

10-бап
Төтенше жағдайларды жою кезінде көмек көрсетуге арналған
жарақтар мен қамтамасыз ету материалдарын әкелу және әкету

      Сұрау салушы Тарап мемлекетінің аумағына төтенше жағдайларды жою кезінде көмек көрсету үшін әкелінетін және ұсынушы Тарап мемлекетінің аумағынан әкетілетін жарақтар мен қамтамасыз ету материалдары кедендік баждардан, алымдардан және салықтардан босатылады.
      Жарақтар мен қамтамасыз ету материалдарын кедендік рәсімдеу көмек көрсету жөніндегі топтардың құрамы, әкелінетін немесе әкетілетін жарақтар мен қамтамасыз ету материалдарының тізбесі көрсетілетін құзыретті органдар беретін хабарламалардың негізінде басымдық тәртіппен жүргізіледі.
      Көмек көрсету жөніндегі топтарға жарақтар мен қамтамасыз ету материалдарын қоспағанда, қандай да бір тауарларды тасымалдауға тыйым салынады.
      Көмек көрсету жөніндегі жұмыстар аяқталғаннан кейін әкелінген жарақтар сұрау салушы Тарап мемлекетінің аумағынан әкетуге тиіс. Егер айрықша жағдайларға байланысты жарақтарды әкету мүмкін болмаса, ол келісілген шарттарда сұрау салушы Тараптың құзыретті органына көмек ретінде өтеусіз берілуі мүмкін. Бұл жағдайда берілетін жарақтардың түрлерін, санын және орналасқан орнын көрсете отырып, сұрау салушы Тараптың құзыретті және кеден органдарына хабарлау қажет.
      Зардап шеккендерге жедел медициналық көмек көрсету қажет болған жағдайда сұрау салушы Тарап мемлекетінің аумағына құрамында есірткі заттары бар медициналық препараттардың қажетті саны әкелінуі мүмкін. Бұл жағдайда көмек көрсету жөніндегі топтың басшысы ұсынушы және сұрау салушы Тараптардың кеден органдарына олардың номенклатурасы мен санын көрсете отырып, құрамында есірткі заттары бар медициналық препараттар туралы декларация ұсынады.
      Көрсетілген медициналық препараттар сұрау салушы Тарапқа беруге жатпайды және оны осы Тарап өкілінің бақылауымен тек білікті медициналық персонал ғана пайдаланады.
      Құрамында есірткі заттары бар пайдаланылмаған медициналық препараттар осы препараттардың номенклатурасы мен санын растайтын құжаттардың негізінде сұрау салушы Тараптың кедендік бақылауымен әкетілуге тиіс. Құрамында есірткі заттары бар жұмсалған медициналық препараттарға сұрау салушы Тараптың кеден органына көмек көрсету жөніндегі топтың басшысы мен дәрігері қол қойған және сұрау салушы Тараптың құзыретті органының өкілі куәландырған олардың пайдаланылғаны туралы акт көрсетіледі.

11-бап
Әуе кемелерін пайдалану

      Ұсынушы Тараптың құзыретті органы сұрау салушы Тараптың құзыретті органына әуе кемелерінің түрлерін және тану белгілерін, бағытын, экипаж мүшелерінің санын, жүктің сипатын, ұшу және қону орны мен уақытын көрсете отырып, әуе кемелерін көмек көрсету үшін пайдалану шешімі туралы хабарлайды.
      Сұрау салушы Тарап өз мемлекетінің аумағындағы белгілі бір пунктке ұшуға рұқсат береді.
      Ұшулар Халықаралық азаматтық авиация ұйымы және Тараптар мемлекеттері белгілеген ережелерге сәйкес жүзеге асырылады.

12-бап
Шығыстарды өтеу

      Егер Тараптар өзгеше туралы келіспесе, сұрау салушы Тарап ұсынушы Тараптың көмек көрсетуге байланысты шығыстарын өтейді.
      Сұрау салушы Тарап кез келген сәтте оған көмек көрсету туралы өз сұрауын қайтарып ала алады. Бұл жағдайда ұсынушы Тарап өзіне келтірілген шығыстарға өтемақы алуға құқылы.
      Егер Тараптар өзгеше туралы келіспесе, шығыстарды өтеу ұсынушы Тараптан бұл туралы талап келгеннен кейін дереу жүргізіледі.
      Ұсынушы Тарап көмек көрсету жөніндегі топтардың мүшелерін сақтандыруды қамтамасыз етеді. Сақтандыруды ресімдеу жөніндегі шығыстар көмек көрсету жөніндегі жалпы шығыстарға кіреді.
      Ұсынушы Тарап әуе кемелерін ұшыруға, қондыруға, әуежайдағы тұрағына және одан ұшыруға ақы төлеуден, сондай-ақ әуенавигациялық қызмет көрсетулерге ақы төлеуден босатылады.
      Ұсынушы Тараптың әуе кемелерінің отынға және техникалық қызмет көрсетуіне кеткен шығыстарды өтеу туралы мәселе әрбір нақты жағдайда жеке шешілетін болады.

13-бап
Залалды өтеу

      Сұрау салушы Тарап оның аумағында адам өлімі немесе олардың жарақат алуы болған, меншік бүлінген немесе жойылған, қоршаған табиғи ортаға зиян келтірілген жағдайда ұсынушы Тарапқа кінә тақпайды. Сұрау салушы Тарап адам қайтыс болған немесе жарақаттанған жағдайда, сондай-ақ осы Тараптың жабдығы немесе басқа да меншігі жойылған немесе оған залал келтірілген жағдайда, егер мұндай залал осы Келісімді іске асыруға байланысты міндеттерді орындау барысында келтірілген болса, ұсынушы Тарапқа өтемақы төлейді. Өтемақы мөлшері әрбір нақты жағдайда жеке айтылады.
      Егер ұсынушы Тараптың көмек көрсету жөніндегі тобының мүшесі сұрау салушы Тарап мемлекетінің аумағында осы Келісімді іске асыруға байланысты міндеттерді орындау кезінде заңды немесе жеке тұлғаға зиян келтірсе, онда сұрау салушы Тарап залалды өз мемлекетінің заңнамасына сәйкес өтейді.
      Көмек көрсету жөніндегі топтың мүшесінің қасақана немесе өрескел ұқыпсыздығымен келтірілген зиянды ұсынушы Тарап өтеуі тиіс.

14-бап
Ақпаратты пайдалану

      Егер құзыретті органдар жазбаша нысанда өзгеше келіспесе, Тараптар мемлекеттерінің заңнамаларына сәйкес жариялауға жатпайтын ақпаратты қоспағанда, осы Келісімнің шеңберінде жүргізілген қызмет нәтижесінде алынған ақпарат, жарияланады және Тараптардың әрқайсысының әдеттегі практикасы мен ұйғарымының негізінде пайдаланылады.

15-бап
Дауларды шешу

      Осы Келісімнің ережелерін түсіндіруге және (немесе) қолдануға қатысты даулар мен келіспеушіліктер Тараптардың құзыретті органдары арасында келіссөздер және консультациялар жүргізу жолымен шешіледі.

16-бап
Қорытынды ережелер

      Осы Келісім Тараптардың оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарлама алынған күннен бастап күшіне енеді.
      Осы Келісім Тараптардың бірінің екінші Тараптан өзінің осы Келісімнің қолданылуын тоқтату ниеті туралы жазбаша хабарламасын алған күнінен бастап алты ай өткенге дейін күшінде қалады.
      Егер Тараптар өзгеше туралы келіспесе, осы Келісімнің қолданылуының тоқтатылуы оның күші тоқтатылғанға дейін басталған, бірақ аяқталмаған, оған сәйкес жүзеге асырылатын қызметті қозғамайтын болады.

      2009 жылғы 10 маусымда Минск қаласында әрқайсысы қазақ және орыс тілдерінде екі данада жасалды, әрі барлық мәтіндердің күші бірдей. Осы Келісімнің ережелерін түсіндіруде келіспеушіліктер туындаған жағдайда орыс тіліндегі мәтін қолданылатын болады.

      Қазақстан Республикасының       Беларусь Республикасының
            Үкіметі үшін                    Үкіметі үшін


Дата вступления в силу:  09.12.2011
Дата изменения акта:  09.12.2011
Дата принятия акта:  09.12.2011
Информация об официальном опубликовании акта:  "Егемен Қазақстан" 2011 жылғы 13 желтоқсандағы № 618-621 (27013); "Казахстанская правда" от 13.12.2011 г., № 401-402 (26792-26793); Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2011 ж., № 21 (2598), 164-құжат; ҚР халықаралық шарттары бюллетені, 2012 ж., N 3, 31-құжат
Место принятия:  100051000000
Орган, принявший акт:  102000000000
Регион действия:  100000000000
Регистрационный номер акта в Государственном реестре нормативных правовых актов Республики Казахстан:  62000
Регистрационный номер НПА, присвоенный нормотворческим органом:  508-IV
Статус акта:  new
Сфера правоотношений:  032000000000 / 031011000000 / 025013000000
Форма акта:  ЗАК / СОГЛ
Юридическая сила:  0400
Язык акта:  kaz