Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Француз Республикасының Үкіметі арасындағы Азаматтық қорғаныс, төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы

Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 8 шілдедегі № 454-IV Заңы

      2009 жылғы 6 қазанда Астанада жасалған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Француз Республикасының Үкіметі арасындағы Азаматтық қорғаныс, төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою саласындағы ынтымақтастық туралы келісім ратификациялансын.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті                                 Н. Назарбаев

--ресми емес аударма--

Француз Республикасы
Сыртқы және еуропалық істер министрлігі

      № 598/EUC-EAC

      Сыртқы және еуропалық істер министрлігі Франциядағы Қазақстан Республикасының Елшілігіне өз ілтипатын білдіре отырып, 2010 ж. 31 тамыздағы № 31-30/122Н ауызша нотаға жауап ретінде 2009 жылғы 6 қазанда Астанада қол қойылған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Француз Республикасының Үкіметі арасындағы Азаматтық қорғаныс, төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою саласындағы ынтымақтастық туралы келісімнің қазақ тіліндегі нұсқасына қазақстан тарабы ұсынғысы келетін мәтіндегі өзгертулерге француз тарабының ескертулері жоқтығын растайды.
      Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, Сыртқы және еуропалық істер министрлігі Франциядағы Қазақстан Республикасының Елшілігіне өзінің зор құрметін қайта қуаттайды.

Париж, 2010 жылы 14 қыркүйек

Франциядағы Қазақстан Республикасының Елшілігі
Пьера-Шаррон көш., 59
75008 Париж

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Француз Республикасының Үкіметі арасындағы азаматтық қорғаныс, төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою саласындағы ынтымақтастық туралы
КЕЛІСІМ

(2012 жылғы 19 қазанда күшіне енді -
Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары бюллетені,
2013 ж., N 2, 18-құжат, СІМ-нің ресми сайты)

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Француз Республикасының Үкіметі
      екі мемлекеттің халықтары арасындағы дәстүрлі достық қарым-қатынасты нығайтуға ұмтыла отырып,
      азаматтық қорғаныс, төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою саласындағы екі ел арасындағы ынтымақтастықты дамыту олардың халқының әл-ауқаты мен ұлттық қауіпсіздігіне жәрдемдесетінін мойындай отырып,
      төтенше жағдайлардың Тараптардың мемлекеттері үшін қауіп төндіретінін сезіне отырып,
      азаматтық қорғаныс, төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою саласындағы ғылыми-техникалық ақпарат алмасудың Тараптардың мемлекеттері үшін пайдасын ескере отырып,
      Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрі мен Француз Республикасының Ішкі істер, теңіз арғы департаменттері және жергілікті өзін өзі басқару органдары министрі 2008 жылғы 16 мамырда қол қойған Азаматтық қорғаныс саласындағы қазақстан-француз ынтымақтастығын дамыту жөніндегі ниеттер туралы декларацияны назарға ала отырып,
      төмендегілер туралы келісті:

1-бап
Келісімнің мәні

      1. Осы Келісім Тараптардың азаматтық қорғаныс, қауіпті табиғи және техногендік тәуекелдердің алдын алу, төтенше жағдайларды жою, апат, ірі авария немесе өзге де зілзала жағдайында ерікті және өзара көмек көрсету жөніндегі азаматтық қорғаныс мамандарын оқытуды айқындайды.
      2. Осы Келісімнің ережелері Қазақстан Республикасының барлық аумағында қолданылады және Француз Республикасының еуропа аумағында.

2-бап
Осы Келісімде пайдаланылатын терминдер

      Осы Келісімде пайдаланылатын терминдердің мынадай мағыналары бар:
      a) «Сұрау салушы тарап» - басқа Тарапқа көмек көрсету жөніндегі топтарды, жарақтар мен құтқару жабдықтарын жіберу туралы сұрау салатын Тарап;
      b) «Ұсынушы Тарап» - басқа Тараптың көмек көрсету жөніндегі топтарды, жарақтар мен құтқару жабдықтарын жіберу туралы сұрауын қанағаттандыратын Тарап;
      с) «Құзыретті орган» - Тараптардың әрқайсысы осы Келісімді іске асыру үшін тағайындайтын орган;
      d) «Көмек көрсету жөніндегі топ» - сұрау салушы Тараптың сұрауы бойынша апат орнына келген қажетті жарақтармен қамтамасыз етілген көмек көрсету жөніндегі мамандар тобы;
      e) «Төтенше жағдай» - адамдардың қаза табуына, олардың денсаулығына, қоршаған табиғи ортаға және шаруашылық объектілеріне залал келтіруге, қомақты материалдық шығындарына және адамдардың тіршілік жағдайының бұзылуына әкеп соққан немесе әкеп соғуы мүмкін авария, зілзала немесе апат нәтижесінде белгілі бір аумақта туындаған жағдай;
      f) «Төтенше жағдайлардың алдын алу» - алдын ала жүргізілетін және төтенше жағдайлардың пайда болу қаупін барынша азайтуға, адамдардың денсаулығын сақтауға, қоршаған табиғи ортаға келтірілетін залал мен материалдық шығындардың мөлшерін азайтуға бағытталған іс-шаралар кешені;
      g) «Құтқару жұмыстары» - төтенше жағдайлар аймағында адамдарды, материалдық және мәдени құндылықтарды құтқару, қоршаған ортаны қорғау, оны оқшаулау және оларға тән қауіпті факторлардың әсер етуін жою немесе барынша төмен деңгейге дейін жеткізу жөніндегі іс-қимыл;
      h) «Жарақ» - техника, техникалық және көлік құралдары, көмек көрсету жөніндегі топтың жабдықтары, сондай-ақ көмек көрсету жөніндегі топтар мүшелерінің жеке жабдықтары;
      і) «Құтқару жабдықтары» - көмек көрсету топтарының пайдалануына арналған қосымша құралдар мен басқа да заттар.

3-бап
Құзіретті органдар

      1. Тараптар осы Келісімді іске асыру үшін мынадай құзыретті
органдарды тағайындайды:
      Қазақстан тарапынан - Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі;
      Француз тарапынан - Француз Республикасы Ішкі істер, теңіз арғы департаменттері және жергілікті өзін өзі басқару органдары министрлігі.
      2. Тараптар өзінің уәкілетті органдары атауларындағы өзгерістер туралы, немесе олардың функцияларының басқа органдарға берілгендігі туралы дипломатиялық арналар арқылы бір-бірін дереу хабардар етеді.

4-бап
Бірлескен комиссия

      1. Тараптар осы Келісімнің ережелерін орындау жөніндегі іс-шараларды іске асыру үшін Азаматтық қорғаныс, төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою саласындағы ынтымақтастық жөніндегі бірлескен комиссияны (бұдан әрі - Комиссия) құрады.
      2. Тараптардың құзыретті органдары Комиссияның құрамын, жұмыс тәртібін және міндеттерін айқындайды.

5-бап
Ынтымақтастық нысандары

      1. Осы Келісім шеңберіндегі ынтымақтастық мынадай нысандарда жүзеге асырылуы мүмкін:
      a) төтенше жағдайларды болжау, алдын алу және бағалау туралы ақпарат алмасу;
      b) халықты төтенше жағдайларда іс-әрекет жасауға, оның ішінде алғашқы медициналық көмек көрсету жөніндегі дайындауды ұйымдастыруда тәжірибе алмасу;
      с) төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі мүдделі мемлекеттік органдардың өзара іс-қимылын ұйымдастыру;
      d) өнеркәсіптік авариялардың немесе дүлей зілзалалар нәтижесінде ықтимал ластануларға байланысты қоршаған табиғи орта мен халыққа төнген қауіп-қатерді бағалау;
      е) ғылыми-зерттеу жобаларын бірлесіп жоспарлау, әзірлеу және жүзеге асыру, ғылыми-техникалық әдебиетпен және зерттеу жұмыстарының нәтижелерімен, ғылыми-әдістемелік материалдармен алмасу, оның ішінде кадрлық жұмыста;
      f) ақпаратпен, мерзімді баспалармен, әдістемелік және басқа да әдебиетпен, бейне- және фотоматериалдармен алмасу;
      g) бірлескен конференциялар, семинарлар, жұмыс кеңестерін, оқу және жаттығулар ұйымдастыру;
      h) бірлескен жарияланымдар мен баяндамалар дайындау;
      і) азаматтық қорғаныс, төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою саласындағы мамандарды даярлау, қайта даярлау, біліктіліктерін арттыру және тағылымдамадан өткізу;
      j) көмек көрсету жөніндегі топтар пайдаланатын жабдықтар мен техниканы бағалау;
      k) төтенше жағдайларды жою кезінде өзара көмек көрсету.
      2. Осы ынтымақтастық төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою саласындағы екі Тараптың құзыретті органдарының өзара келісімімен анықталған кез келген басқа қызметте қолданылуы мүмкін. Қызметтің жаңа түрлеріне ынтымақтастықтың мұндай қолданылуы осы Келісімге толықтырудың мәні болып табылады.

6-бап
Ұйымдар мен мекемелер арасындағы ынтымақтастық

      Тараптар азаматтық қорғаныс, төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою саласындағы қызметті жүзеге асыратын Тараптар мемлекеттерінің ұйымдары мен мекемелері арасындағы ынтымақтастыққа жәрдемдеседі.

7-бап
Тарап өкілдерін қабылдау шарттары

      1. Егер Тараптар өзгеше келіспесе, жіберуші Тарап төтенше жағдайларды жоюға көмек көрсетуге тікелей байланысты емес осы Келісімнің 5-бабында белгіленген қызметке қатысу кезінде өз өкілдерінің белгіленген пунктке дейін жол жүру, тұру және тамақтану шығыстарын көтереді.
      2. Егер Тараптар өзгеше келіспесе, қабылдаушы Тарап бірлескен конференциялар, семинарлар, жұмыс кеңестерін, оқулар мен жаттығулар ұйымдастыру, сондай-ақ жіберуші Тарап өкілдерінің өз мемлекетінің аумағында жүріп-тұруы жөніндегі шығыстарды көтереді.

8-бап
Көмек көрсету

      Тараптар төтенше жағдайларды жою кезінде өзара көмекті мынадай тәртіппен көрсетеді:
      1. Төтенше жағдайларды жою кезінде көмекті Тараптар дипломатиялық арналар бойынша ресми сұрау негізінде көрсетеді. Уақыт тығыз болған жағдайда мұндай сұрау ауызша жүзеге асырылады және кейіннен қысқа мерзімде жазбаша расталуға жатады.
      2. Сұрауда төтенше жағдайдың сипаты туралы, қажетті көмек түрлері мен көлемі туралы барлық ақпарат болуы тиіс.
      3. Сұрау алған Тараптың сұрауды орындаудан бас тартуына құқығы бар. Бұл ретте көмек көрсетуден бас тарту туралы шешімді қабылдау құқығы Тараптар мемлекеті аумағында болжанатын қолданыстағы жұмыс тәуекелдерінің болуына және көмек көрсету жөніндегі бос топтардың болуына негізделуі мүмкін.
      4. Сұрау салған Тарап қысқа мерзімде сұранысты қарайды және  сұрау салушы Тарапқа көмек көрсету жөніндегі топтың құрамын, сарапшылардың мамандықтарын және апаратын жабдықтар мен құтқару жабдықтарын көрсете отырып, көмек көрсетудің мүмкіндігі, көлемі, шарттары туралы хабардар етеді. Сонымен қатар төтенше жағдай аймағына баруға пайдаланылатын көлік түрін және мемлекеттік шекарадан өтуге жоспарланған бекетін көрсетеді.

9-бап
Көмек көрсету шарттары

      1. Сұрау салушы Тарап ұсынушы Тарапқа көмек көрсету жөніндегі топтардың тұруы бойынша шығыстарды, сондай-ақ осы Келісімнің 10-бабының 2-тармағында көзделген тәртіппен тамақтану бойынша шығыстарды өтейді.
      2. Сұратушы Тарап ұсынушы Тараптың көмек көрсету жөніндегі топтарына сұрау салушы Тараптың мемлекеті аумағында болуы кезеңінде медициналық қызмет көрсетуін қамтамасыз етеді.
      3. Сұрау салушы Тарап кез келген сәтте оған көмек көрсету туралы өз сауалын қайтарып ала алады. Бұл жағдайда сұрау салушы Тарап ұсынушы Тараптың келтірілген шығыстарын атқарылған жұмыстардың нәтижелері туралы есебі негізінде өтейді. Шығыстарды сұрау салушы Тарап көмек көрсету туралы сұранысты кері қайтарған сәттен бастап 30 күнтізбелік күн ішінде өтеуі тиіс.
      4. Ұсынушы тарап көмек көрсету жөніндегі топтар мүшелерінің сақтандыруын қамтамасыз етеді.

10-бап
Көмек түрлері

      1. Төтенше жағдайларды жою кезінде көмек төтенше жағдайлардың сипаты мен ауқымына байланысты көмек көрсету жөніндегі топтарды, жабдықтар мен құтқару құралдарын жіберу арқылы көрсетіледі.
      2. Көмек көрсету жөніндегі топтарды жабдықтау 3 тәулік ішінде төтенше жағдай аймағында автономдық іс-қимылдар жүргізу үшін жеткілікті болуы тиіс. Жабдықтар қоры біткеннен кейін сұрау салушы Тарап көмек көрсету жөніндегі топтарды олардың одан әрі жұмыс істеуі үшін қажетті құралдармен қамтамасыз етеді.

11-бап
Көмек көрсету жөніндегі жұмыстарды басқару

      1. Көмек көрсету жөніндегі жұмыстарға басшылықты көрсетілген топтар қызметін үйлестіретін ұсынушы Тараптың көмек көрсету жөніндегі топ басшылары арқылы сұрау салушы Тараптың құзыретті органы жүзеге асырады.
      2. Сұрау салушы Тарап белгілеген міндеттерді орындау үшін ұсынушы Тараптың көмек көрсету жөніндегі топтары өз басшысының жеке басшылығында қалады.
      3. Ұсынушы Тараптың көмек көрсету жөніндегі топтарының мүшелері  сұрау салушы Тарап белгілеген төтенше жағдайлар аймағында жұмыстарды орындау үшін барлық жерге кіре алады.
      4. Сұрау салушы Тарап төтенше жағдайлар аймағында және жұмыстың нақты учаскелерінде туындаған жағдай туралы ұсынушы Тараптың көмек көрсету жөніндегі топ басшысын ақпараттандырады.
      5. Қажет болған жағдайда сұрау салушы Тарап ұсынушы Тараптың көмек көрсету жөніндегі осы топтарын аудармашылармен және байланыс құралдарымен қамтамасыз етеді, сондай-ақ олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.

12-бап
Мемлекеттік шекараны кесіп өту шарттары және сұрау
салушы Тарап мемлекетінің аумағында болу режимі

      1. Көмек көрсету жөніндегі топтардың жедел жетуі үшін әрбір Тарап мемлекеттік шекарадан өту шарттарын жеңілдетеді.
      2. Көмек көрсету жөніндегі топтардың мүшелері сұрау салушы Тарап мемлекетінің мемлекеттік шекарасын олардың жеке басын куәландыратын құжаттары бойынша халықаралық қатынас үшін ашық өткізу пункттері арқылы кесіп өтеді. Көмек көрсету жөніндегі топ жетекшісінде көмек көрсету жөніндегі топ мүшелерінің тізімі және ұсынушы Тараптың құзыретті органы берген, оның өкілеттігін растайтын құжат болуы тиіс.
      3. Тараптардың уағдаластығы бойынша өзінің міндетін орындау шеңберінде көмек көрсету жөніндегі топтардың мүшелері сұрау салушы Тараптың мемлекеті аумағында визасыз және тұруға ықтиярхатсыз жүріп-тұруы мүмкін.
      4. Көмек көрсету жөніндегі топтардың мүшелері сұрау салушы Тарап мемлекетінің аумағында болу уақытында сол мемлекеттің заңнамасын сақтауға міндетті.
      5. Ұсынушы Тараптың көмек көрсету жөніндегі топтарының мүшелері  сұрау салушы Тарап мемлекетінің аумағында авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізу кезінде өздерінің формалы киімдерін киюге құқықтары бар.
      6. Ұсынушы Тараптың көмек көрсету жөніндегі топ мүшелері сұрау салушы Тарап мемлекетінің аумағына қаруларды, оқ-дәрілер мен жарылғыш заттарды әкеле алмайды.

13-бап
Төтенше жағдайларды жою кезінде көмек көрсетуге арналған жарақтар мен қамтамасыз ету материалдарын әкелу және әкету

      1. Төтенше жағдайларды жою кезінде көмек көрсету үшін сұрау салушы Тарап мемлекетінің аумағына әкелінетін және ұсынушы Тарап мемлекетінің аумағынан әкетілетін жарақтар мен құтқару жабдықтар кедендік баждардан, алымдардан және салықтардан босатылады.
      2. Көмек көрсету жөніндегі топтардың басшысында ұсынушы Тараптың құзыретті органдарымен берілген әкелетін жабдықтар мен құтқару құралдарының тізбесі болуы міндетті.
      3. Көмек көрсету жөніндегі топтарға жарақтар мен құтқару жабдықтарынан басқа қандай да бір заттар әкелуге тыйым салынады.
      4. Көмек көрсету жөніндегі жұмыстар аяқталғаннан кейін әкелінген жарақ сұрау салушы Тарап мемлекетінің аумағынан әкетілуге жатады. Егер айрықша жағдайларға байланысты жарақты әкету мүмкін болмаса, ол келісілген жағдайда сұрау салушы Тараптың құзыретті органына көмек ретінде өтеусіз берілуі мүмкін. Бұл жағдайда берілетін жарақтың түрлерін, санын және орналасқан орнын көрсете отырып, сұрау салушы Тараптың кеден органдарына хабарлау қажет.
      5. Көмек көрсету жөніндегі медициналық топ өздерінің штаттық жабдықтарымен келеді. Зардап шеккендерге жедел медициналық көмек көрсету қажет болған кезде сұрау салушы Тарап мемлекетінің аумағына құрамында есірткі және психотроптық заттар бар дәрілік заттардың қажетті саны әкелінуі мүмкін. Бұл жағдайда көмек көрсету жөніндегі топтың жетекшісі ұсынушы және сұрау салушы Тараптардың кеден органдарына олардың номенклатурасы мен саны көрсетілген құрамында есірткі және психотроптық заттар бар дәрілік заттардың болуы туралы декларацияны көрсетеді.
      6. Көрсетілген дәрілік заттарды Тарап мемлекетінің қолданыстағы ұлттық заңнамасына сәйкес білікті медициналық персонал ғана пайдаланады және сұрау салушы Тарапқа беруге жатпайды. Сұрау салушы Тарап дәрілік заттарды пайдалануды, оларды қолдану орнында тексеруге құқылы.
      7. Қолданылмаған құрамында есірткі және психотроптық заттар бар дәрілік заттар сұрау салушы Тараптың кедендік бақылауымен әкетілуге жатады.

14-бап
Әуе кемелерін пайдалану

      1. Ұсынушы Тараптың құзыретті органы сұрау салушы Тараптың құзыретті органына әуе кемелерін көмек көрсету үшін пайдалану ниеті туралы хабарлайды. Сұрау салушы Тарап әуе кемелерін пайдалануға келісімін берген жағдайда, ұсынушы Тарап әуе кемелерін пайдаланудың құралдарын, мақсатын, үлгілерінің нақтылығы мен тану белгілерін, бағытын, экипаж мүшелерінің санын, жүктің сипатын, әуе кемелерінің ұшу және қону орны мен уақытын көрсетуі қажет.
      2. Сұрау салушы Тарап өз мемлекетінің аумағындағы белгіленген пунктке әуе кемелерінің ұшуына рұқсат береді.
      3. Әуе қозғалысына қатысты әрбір Тарап мемлекетінің заңнамасы, жекелеп алғанда әуе хабарландыруларына жауапты органдарға ұшулар туралы ақпаратты беру кезінде қолданылады. Ұшулар Халықаралық әуе қозғалысы ережелеріне сәйкес жүзеге асырылады.

15-бап
Жұмыстардың аяқталуы

      1. Көмек көрсету жөніндегі жұмыстар аяқталғаннан кейін сұрау салушы Тарап ұсынушы Тарапқа берілген жарақтар мен құтқару жабдықтарын қайтарғанда сұрау салушы Тарап ұсынушы Тараптың жарақтар мен құтқару жабдықтарына жауапты адамына және ұсынушы Тараптың құзыретті органдарына хабардар етеді.
      2. Ұсынушы Тарап жарақтар мен құтқару жабдықтарын бөлу тоқтатылған жағдайда сұрау салушы Тарапқа жазбаша тәртіппен хабардар етеді. Сұрау салушы Тарап өз кезегінде, түскен ақпарат туралы жабдықтар мен қамтамасыз ету материалдарына жауапты адамға хабарлайды.
      3. Жұмыстардың аяқталуы туралы ұсынушы Тараптың шешімі дереу күшіне енеді және дауласуға жатпайды.
      4. Көмек көрсету жөніндегі жұмыстар аяқталғаннан кейін ұсынушы Тараптың құзыретті органы сұрау салушы Тараптың құзыретті органына жүргізілген жұмыстар туралы жазбаша баяндама жібереді.
      5. Сұрау салушы Тараптың құзыретті органы ұсынушы тараптың құзыретті органына оқиға туралы қорытынды баяндама жібереді, онда өнеркәсіптік аварияның, апаттың немесе дүлей зілзаланың сипаттамасы, алынған көмек түрі мен көлемі, жүргізілген жұмыстардың нәтижесі қамтылуы тиіс.

16-бап
Шығыстарды өтеу

      1. Егер Тараптар өзгеше келіспесе, сұрау салушы Тарап ұсынушы Тарапқа көмек көрсетуге байланысты шығыстарды өтейді.
      2. Ұсынушы Тарап аэродромда ұшқаны, қонғаны, тұрақтағаны үшін және одан әуе кемелерінің ұшуы, сондай-ақ аэронавигациялық қызметтері үшін ақы төлеуден босатылады.
      3. Сұрау салушы Тарап әуе кемелері отынының шығыстарын өтейді.

17-бап
Залалды өтеу

      1. Сұрау салушы Тарап көмек көрсету жөніндегі топтар мүшесінің бірімен көмек көрсету жөніндегі жұмыстарды орындау барысында жазатайым оқиға болған жағдайға байланысты ұсынушы Тарап келтірген ұсынушы Тараптың осы топ мүшесіне, не оның тікелей мұрагеріне жәрдемақы ретіндегі шығыстарын өзіне алады. Сұрау салушы Тарап ұсынушы Тараптың техниканы жөндеу немесе зақымдалған, жойылған немесе жоғалған техниканы ауыстыру бойынша шығыстарын өзіне алады.
      2. Техниканы жөндеуге немесе ауыстыруға мұндай төлемдердің не шығыстардың көлемі ұсынушы Тараптың ұлттық заңнамасына және өзге де нормативтік актілеріне сәйкес айқындалады.
      3. Осы ережелер көмек көрсету жөніндегі топтардың мүшесі болып табылмайтын еске салынған фактілерге жауапты үшінші тұлғаға да қолданылады.
      4. Егер көмек көрсету жөніндегі жұмыс барысында ұсынушы Тараптың көмек көрсету жөніндегі топ мүшесі сұрау салушы Тарап мемлекетінің аумағында тұра отырып, заңды немесе жеке тұлғаға зиян келтірсе, онда зиянды сұрау салушы Тарап мемлекетінің ұлттық заңнамасына сәйкес сұрау салушы Тарап өтейді.
      5. Сұрау салушы Тарап ұсынушы Тараптың көмек көрсету жөніндегі топтар мүшесінің көмек көрсету жөніндегі жұмыстарды орындаумен байланысты емес қасақана немесе өрескел ұқыпсыздықпен келтірген залалының шығыстарын өтеуін ұсынушы Тараптан талап етуі мүмкін.
      6. Тараптардың құзыретті органдары орындау кезінде осы бапта еске салынған зиян келтірілген жұмыстарға қатысты барлық қажетті ақпаратпен алмасады.

18-бап
Ынтымақтастықты қаржыландыру

      Осы Келісім шеңберінде ынтымақтастық және көмек көрсету Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларында көзделген бюджеттік қаражат шегінде жүзеге асырылады.

19-бап
Ақпаратты пайдалану

      Тарап мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларына сәйкес жариялауға жатпайтын ақпаратты қоспағанда, осы Келісімнің шеңберінде жүргізілген қызметтің нәтижесінде алынған ақпарат жарияланады және Тараптардың әрқайсысының әдеттегі практикасы мен ұйғарымының негізінде пайдаланылады.

20-бап
Басқа міндеттемелер мен халықаралық келісімдер

      Осы Келісім қатысушылары болып табылатын басқа халықаралық шарттардан туындайтын Тараптардың құқықтары мен міндеттемелерін қозғамайды.

21-бап
Дауларды шешу

      Осы Келісімнің ережелерін түсіндіруге немесе қолдануға қатысты даулар мен келіспеушіліктер Тараптардың арасында келіссөздер және консультациялар жүргізу арқылы шешіледі.

22-бап
Қорытынды ережелер

      1. Осы Келісім Тараптардың оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындауы туралы соңғы жазбаша хабарламаны дипломатиялық арналар бойынша алған күнінен бастап күшіне енеді.
      2. Осы Келісім айқындалмаған мерзімге жасалады. Тараптардың өзара келісімі бойынша кез-келген уақытта оған осы баптың 1-тармағында белгіленген тәртіппен күшіне енетін өзгерістер енгізілуі мүмкін.
      3. Осы Келісім бір Тараптың дипломатиялық арналар бойынша екінші Тараптың өзінің осы Келісімнің қолданылуын тоқтату ниеті туралы жазбаша хабарламасын алған күнінен бастап алты ай өткенге дейін күшінде қалады.
      4. Егер Тараптар өзгеше уағдаласпаса, осы Келісімнің қолданылуының тоқтатылуы басталған, бірақ оның қолданылуы тоқтатылғанға дейін аяқталмаған, оған сәйкес жүзеге асырылатын қызметті қозғамайтын болады.

      2009 жылғы 6 қазанда Астанада әрқайсысы қазақ, француз және орыс тілдерінде екі данада жасалды, әрі барлық үш мәтіннің бірдей күші бар.

      Қазақстан Республикасының      Француз Республикасының
            Үкіметі үшін                   Үкіметі үшін

      Осымен 2009 жылғы 6 қазанда Астана қаласында жасалған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Француз Республикасының Үкіметі арасындағы Азаматтық қорғаныс, төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою саласындағы ынтымақтастық туралы келісімнің ажырамас бөліктері болып табылатын Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің 2010 жылғы 9 тамыздағы № 09-1/4573 және Француз Республикасының Сыртқы және еуропалық істер министрлігінің 2010 жылғы 14 қыркүйектегі № 598/EUC-EAC ноталарының куәландырылған көшірмесі екендігін растаймын.

      Қазақстан Республикасының
      Сыртқы істер министрлігі
      Халықаралық-құқық департаментінің
      Басқарма бастығы                           Б. Пискорский