30.06.2010

Кеден одағының санитариялық шаралар жөніндегі келісімін ратификациялау туралы

      РҚАО-ның ескертпесі!
      Бұл келісім Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарт күшіне енген күнінен бастап қолданылуын тоқтатады - ҚР 14.10.2014 N 240-V Заңымен (қолданысқа енгізілу тәртібін 113-баптан қараңыз).

      2009 жылғы 11 желтоқсанда Санкт-Петербургте жасалған Кеден одағының санитариялық шаралар жөніндегі келісімі ратификациялансын.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті                                     Н. Назарбаев

Кеден одағының санитариялық шаралар жөніндегі
келісімі

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Еуразиялық экономикалық қоғамдастық шеңберіндегі кеден одағына (бұдан әрі - кеден одағы) мүше мемлекеттердің үкіметтері
      кеден одағының кедендік аумағын халық арасындағы инфекциялық және жаппай инфекциялық емес аурулардың (уланулардың), санитариялық-эпидемиологиялық және гигиеналық талаптарға сәйкес келмейтін өнімнің (тауарлардың) әкелінуінен және таралуынан қорғауды қамтамасыз ету мақсатында,
      2008 жылғы 25 қаңтардағы Техникалық реттеу, санитарлық және фитосанитариялық шаралар саласында келісілген саясат жүргізу жөніндегі келісімге сүйене отырып,
      халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығын қамтамасыз ету саласында келісілген саясат жүргізудің орындылығын тани отырып,
      Халықаралық медициналық-санитарлық ережелерді (2005), 1994 жылғы 15 сәуірде Марракеш қаласында көп жақты сауда келіссөздерінің Уругвай кезеңінің қорытындылары бойынша қабылданған Дүниежүзілік сауда ұйымының Саудадағы техникалық тосқауылдар жөніндегі келісімін және Санитарлық және фитосанитарлық шараларды қолдану жөніндегі келісімін, 2001 жылғы 31 мамырдағы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттер аумақтарын санитарлық қорғау саласындағы ынтымақтастық жөніндегі келісімді, 2004 жылғы 16 сәуірдегі Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттерге импортталатын қауіптілігі ықтимал өнімді гигиеналық бағалау кезіндегі өзара іс-қимыл тәртібі туралы келісімді назарға ала отырып,
      төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      Осы Келісімнің мақсаттары үшін мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
      өнімнің (тауарлардың) қауіпсіздігін растайтын құжат» - санитариялық-эпидемиологиялық қадағалауға (бақылауға) жататын өнімнің (тауарлардың) адам денсаулығы үшін қауіпсіздік талаптарына сәйкестігін растайтын және уәкілетті органдар беретін құжат (мемлекеттік тіркеу туралы куәлік);
      санитариялық-эпидемиологиялық қадағалау (бақылау) - кеден одағының нормативтік құқықтық актілерінде және Тараптар мемлекеттерінің халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы заңнамаларында белгіленген міндетті талаптарды бұзуды болдырмауға, анықтауға және жолын кесуге бағытталған уәкілетті органдардың қызметі;
      санитариялық-эпидемияға қарсы іс-шаралар - өмір сүру ортасы факторларының адамға зиянды әсерінің қаупін бағалауға, оны жоюға немесе азайтуға, инфекциялық және жаппай инфекциялық емес аурулардың (уланулардың) пайда болуы мен таралуын болдырмауға және оларды жоюға бағытталған ұйымдастыру, әкімшілік, инженерлік-техникалық, медициналық-санитариялық және өзге де шаралар;
      бақылаудағы тауарлар - Тараптар мемлекеттерінің заңнамасына сәйкес мемлекеттік санитариялық-эпидемологиялық қадағалауға (бақылауға) жататын, адамға қауіп төндіретін тауарлар, химиялық, биологиялық және радиоактивті заттар, қалдықтар және өзге де жүктер, кеден одағының кедендік шекарасы арқылы және кеден одағының кедендік аумағына жылжыйтын тамақ өнімдері, материалдар және бұйымдар;
      уәкілетті органдар - халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы уәкілетті, Тараптар мемлекеттері органдары мен мекемелері.
      Осы Келісімде арнайы айқындалмаған терминдер кеден одағы шеңберінде жасалған басқа да халықаралық шарттарда белгіленген мағыналарда қолданылады.
      Ескерту. 1-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2011.01.24 N 398-IV Заңымен.

2-бап

      Осы Келісімнің күші адамдарға, көлік құралдарына, сондай-ақ Кеден одағының кедендік шекарасы мен кедендік аумағында санитариялық-эпидемологиялық қадағалауға (бақылауға) жататын тауарлардың бірыңғай тізбесіне (бұдан әрі - Тауарлардың бірыңғай тізбесі) енгізілген бақылаудағы тауарларға қолданылады.
      Кеден одағының кедендік шекарасындағы және кедендік аумағындағы санитариялық-эпидемиологиялық қадағалау (бақылау) Кеден одағының кедендік шекарасын кесіп өтетін адамдар мен көлік құралдарын, кеден одағының кедендік шекарасы арқылы және кеден одағының кедендік аумағына жылжыйтын бақылаудағы тауарларды Мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық қадағалауды (бақылауды) жүзеге асыру тәртібі туралы ережеге (бұдан әрі - Санитариялық-эпидемиологиялық қадағалау тәртібі туралы ереже) сәйкес жүргізіледі.
      Кеден одағының кедендік аумағында Санитариялық-эпидемиологиялық қадағалауға (бақылауға) жататын тауарларға Бірыңғай санитариялық-эпидемиологиялық және гигиеналық талаптар (бұдан әрі - Бірыңғай санитариялық талаптар) қолданылады. Бірыңғай санитариялық талаптар бақылаудағы тауарлардың осы түріне ЕурАзЭҚ техникалық регламенттер қабылдағанға дейін қолданылады.
      Осы Келісімді орындау мақсатында Тараптар:
      - бақылаудағы тауарлардың Бірыңғай санитариялық талаптарға сәйкестігін анықтау жөнінде уәкілетті органдардың жұмыстарының нәтижелерін таниды;
      - кеден одағының кедендік аумағына адам денсаулығы үшін қауіпті, инфекциялық және инфекциялық емес жаппай аурулардың (уланулардың) әкелінуін, таралуын болдырмауға, төтенше жағдайлардың, сондай-ақ биологиялық агенттерді, химиялық және радиоактивті заттар қолданылатын терроризм актілерінің салдарларын жоюға бағытталған келісілген шаралар қабылдайды;
      - кеден одағының кедендік аумағына адам өмірі, денсаулығы және оның өмір сүру ортасы үшін қауіпті, бақылаудағы тауарлардың әкелінуін және айналымын болдырмау жөнінде санитариялық-эпидемияға қарсы іс-шараларды жүзеге асырады.
      Ескерту. 2-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2011.01.24 N 398-IV Заңымен.

3-бап

      Тараптар кеден одағының кедендік шекарасында орналасқан Тараптар мемлекеттерінің өткізу пункттерінде кеден одағының кедендік шекарасы арқылы жылжу кезінде адамдарға, көлік құралдарына, бақылаудағы тауарларға қатысты санитариялық-эпидемологиялық қадағалауды (бақылауды) жүзеге асырады.
      Тараптар бақылаудағы тауарлардың кеден одағының кедендік шекарасы арқылы жылжуына арналған өткізу пункттерінде санитариялық-карантинтік пункттер құрады және қажетті санитариялық-эпидемияға қарсы іс-шараларды жүргізу жөнінде шаралар қабылдайды.
      Кеден одағының комиссиясы тиісті Тараптардың өз заңнамаларына сәйкес айқындалатын, арнайы жабдықталған өткізу пункттерінде жылжуы кеден одағының кедендік шекарасы арқылы жүзеге асырылатын бақылаудағы тауарлардың тізбесін айқындайды.

4-бап

      Уәкілетті органдар Бірыңғай нысандар бойынша ресімделетін өнімнің (тауарлардың) қауіпсіздігін растайтын, құжаттардың үлгілерін және оларды беруді жүзеге асыратын органдар мен мекемелердің тізбелерін алмасады.

5-бап

      Кеден одағының кедендік аумағына бақылаудағы тауарларды әкелу және олардың айналысы өнімнің (тауарлардың) қауіпсіздігін растайтын құжат болған кезде жүзеге асырылады.
      Тараптар Бірыңғай нысан бойынша уәкілетті органдар берген және өнімдердің (тауарлардың) Бірыңғай санитариялық талаптарға немесе қайта ресімдемей, ЕурАзЭҚ техникалық регламенттеріне сәйкестігін растайтын, Бірыңғай тауарлар тізбесіне енгізілген өнімнің (тауарлардың) қауіпсіздігін растайтын құжаттарды таниды.
      Өнімнің (тауарлардың) қауіпсіздігін растайтын, уәкілетті органдар осы Келісім күшіне енгенге дейін ресімдеген құжаттар осы құжатты берген Тарап мемлекетінің аумағында олардың қолданылу мерзімі аяқталғанға дейін қолданылады.
      Мемлекеттік санитариялық=эпидемиологиялық қадағалауды (бақылауды) жүзеге асыру барысында Бірыңғай санитариялық талаптарға немесе ЕурАзЭҚ техникалық регламенттеріне сәйкес келмейтін бақылаудағы тауарлар анықталған кезде Тараптар Санитариялық-эпидемиологиялық қадағалау тәртібі туралы ережеге сәйкес шаралар қабылдайды. Тараптар осы құжаттар негізге алынып берілген, өнімнің (тауарлардың) қауіпсіздігін растайтын құжаттарды берген уәкілетті органдардан зертханалық зерттеулердің (сынақтардың) хаттамаларын сұратуға құқығы бар.
      Ескерту. 5-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2011.01.24 N 398-IV Заңымен.

6-бап

      Тауарлардың бірыңғай тізбесі, Санитариялық-эпидемиологиялық қадағалау тәртібі туралы ереже, Бірыңғай санитариялық талаптар және Өнімнің (тауарлардың) қауіпсіздігін растайтын құжаттардың бірыңғай нысандары Кеден одағы комиссиясының (бұдан әрі - Комиссия) шешімімен бекітіледі.
      Комиссия өзіне Тараптар тиісті өкілеттіктер берген күннен бастап осы баптың бірінші бөлігінде көрсетілген құжаттарды жүргізуді жүзеге асырады.
      Осы баптың мақсаты үшін Комиссияның құжаттарды жүргізуі деп белгіленген тәртіппен баптың бірінші бөлігінде көрсетілген құжаттарға өзгерістер мен толықтырулар енгізуді, оларды кейіннен бекіту және Тараптарға жеткізуді түсіндіреміз.
      Белгіленген тәртіппен, соның ішінде Тараптар мемлекеттерінің уәкілетті органдарының ұсынысы бойынша Комиссияның қарауына осы баптың бірінші бөлігінде көрсетілген құжаттарға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы ұсыныстар енгізіледі.

7-бап

      Инфекциялық және жаппай инфекциялық емес аурулар (уланулар) анықталған және (немесе) кеден одағының кедендік аумағында:
      - халық арасында инфекциялық және жаппай инфекциялық емес аурулар (уланулар);
      - адам өміріне, денсаулығына және оның өмір сүру ортасына қауіпті өнімдер таралған жағдайларда,
      уәкілетті органдар 2008 жылғы 12 желтоқсандағы техникалық реттеу, санитарлық және фитосанитарлық шаралар саласында Еуразия экономикалық қоғамдастығының ақпарат жүйесін құру туралы келісімге сәйкес құрылатын техникалық реттеу, санитарлық және фитосанитарлық шаралар саласындағы Еуразия экономикалық қоғамдастығының ақпарат жүйесіне және Еуразия экономикалық қоғамдастығы Мемлекетаралық Кеңесінің (кеден одағының жоғарғы соты) 2009 жылғы 27 қарашадағы № 22 Шешімімен мақұлданған, Кеден одағы сыртқы және өзара саудасының ықпалдас ақпарат жүйесін қалыптастыру тұжырымдамасына сәйкес құрылатын, Кеден одағы сыртқы және өзара саудасының ықпалдас ақпарат жүйесіне олар туралы, сондай-ақ қабылданған санитарлық шаралар туралы ақпарат жібереді.
      Уәкілетті органдар халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласында өзара ғылыми-әдістемелік және техникалық көмек көрсетеді және бір-бірін:
      - Бірыңғай санитариялық талаптарға немесе ЕурАзЭҚ техникалық регламенттеріне сәйкес келмейтін бақылаудағы тауарлардың түсу мүмкіндіктері туралы;
      - Халықаралық медициналық-санитарлық ережеде (2005 ж.) берілген аса қауіпті инфекциялық аурулар және адам өмірі мен денсаулығына қауіпті өнімдер анықталған әрбір жағдай туралы хабардар етеді.
      Ескерту. 7-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2011.01.24 N 398-IV Заңымен.

8-бап

      Уәкілетті органдар қажет болған жағдайда және өзара уағдаластық бойынша санитариялық шаралар және кеден одағының кедендік аумағын инфекциялық және жаппай инфекциялық емес аурулардың (уланулардың), санитариялық-эпидемиологиялық және гигиеналық талаптарға сәйкес келмейтін бақылаудағы тауарлардың әкелінуінен және таралуынан қорғау саласындағы кеден одағының заңнамасын сақтау мақсатында бақылаудағы тауарларды өндіретін Тараптар мемлекеттерінің аумақтарында, сондай-ақ басқа да мәселелерді жедел шешу үшін бірлескен тексерулер (инспекциялар) жүргізеді.
      Егер әрбір нақты жағдайда өзге тәртіп келісілмесе, осы Келісімді іске асыруға байланысты шығыстарды қаржыландыру Тараптар мемлекеттерінің тиісті бюджеттерінен жүзеге асырылады.

9-бап

      Тараптар:
      - Тарап мемлекетінің аумағында санитариялық-эпидемиологиялық жағдай нашарлаған;
      - тиісті халықаралық ұйымдардан, осы Келісімнің қатысушысы болып табылмайтын Тараптардан немесе мемлекеттерден қолданылатын санитариялық шаралар және (немесе) санитариялық-эпидемиологиялық жағдайдың нашарлағаны туралы ақпарат алған;
      - егер санитариялық шараларды қолданудың тиісті ғылыми негіздемесі жеткіліксіз болған немесе қажетті мерзімде ұсыну мүмкін болмаған;
      - Бірыңғай санитариялық талаптарға немесе ЕурАзЭҚ техникалық регламенттеріне сәйкес келмейтін бақылаудағы тауарлар анықталған жағдайларда уақытша санитариялық шаралар енгізуге және санитариялық-эпидемияға қарсы іс-шаралар өткізуге құқығы бар.
      Тараптар өздерінің санитариялық шаралар енгізгені, санитариялық-эпидемияға қарсы іс-шаралар өткізгені және олардағы өзгерістер туралы бір бірін мүмкіндігінше қысқа мерзімде хабардар етеді.
      Тараптардың бірі уақытша санитариялық-эпидемияға қарсы іс-шаралар енгізген кезде басқа Тараптар қажетті шаралар қабылдайды және мұндай іс-шараларды енгізу туралы шешім қабылдаған Тарапты қорғаудың тиісті деңгейін қамтамасыз ететін санитариялық-эпидемияға қарсы іс-шаралар жүргізеді.
      Ескерту. 9-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2011.01.24 N 398-IV Заңымен.

10-бап

      Осы Келісімді түсіндіруге және (немесе) қолдануға байланысты Тараптар арасындағы даулар консультациялар және келіссөздер жүргізу жолымен шешіледі.
      Егер Тараптардың бірінің басқа Тараптарға жолдаған консультациялар және келіссөздер жүргізу туралы ресми жазбаша өтініші келіп түскен күннен бастап алты ай ішінде Тараптар дауды реттемесе, Тараптардың кез келгені бұл дауды қарау үшін Еуразиялық экономикалық қоғамдастығының Сотына береді.

11-бап

      Тараптардың уағдаластығы бойынша осы Келісімге жеке хаттамалармен ресімделетін өзгерістер енгізілуі мүмкін.

12-бап

      Осы Келісімнің күшіне ену, оған қосылу және одан шығу тәртібі 2007 жылғы 6 қазандағы Кеден одағының шарттық-құқықтық базасын қалыптастыруға бағытталған халықаралық шарттардың күшіне ену, олардан шығу және оларға қосылу тәртібі туралы хаттамамен айқындалады.

      2009 жылғы 11 желтоқсанда Санкт-Петербург қаласында орыс тілінде бір түпнұсқа данада жасалды.

      Осы Келісімнің түпнұсқа данасы Кеден одағының комиссиясында сақталады, ол осы Келісімнің депозитарийі бола отырып, әрбір Тарапқа расталған көшірмені жолдайды.

        Беларусь             Қазақстан              Ресей
    Республикасының       Республикасының       Федерациясының
        Үкіметі               Үкіметі               Үкіметі
         үшін                  үшін                  үшін


Дата вступления в силу:  30.06.2010
Дата изменения акта:  14.10.2014
Дата принятия акта:  30.06.2010
Информация об официальном опубликовании акта:  "Егемен Қазақстан" 2010 жылғы 8 шілдедегі № 281-282 (26126); "Казахстанская правда" от 08.07.2010 г., № 177 (26238); Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2010 ж., № 16 (2569), 76-құжат
Место принятия:  100051000000
Орган, принявший акт:  102000000000
Регион действия:  100000000000
Регистрационный номер акта в Государственном реестре нормативных правовых актов Республики Казахстан:  53543
Регистрационный номер НПА, присвоенный нормотворческим органом:  302-IV
Статус акта:  upd
Сфера правоотношений:  032003000000 / 024003000000
Форма акта:  ЗАК / СОГЛ
Юридическая сила:  0400
Язык акта:  kaz