08.12.2009

Ерлер мен әйелдердің тең құқықтарының және тең мүмкіндіктерінің мемлекеттік кепілдіктері туралы

      Қолданушылар назарына!
      Қолданушыларға ыңғайлы болуы үшін РҚАО мазмұнды жасады.

      МАЗМҰНЫ

      Осы Заң ерлер мен әйелдердің тең құқықтарының және тең мүмкіндіктерінің мемлекеттік кепілдіктерін қамтамасыз ету саласындағы қоғамдық қатынастарды реттейді және мемлекет пен қоғам өмірінің барлық салаларында гендерлік теңдікке жағдай жасауға қатысты негізгі принциптер мен нормаларды белгілейді.

1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар

      Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

      1) гендер – ерлер мен әйелдер арасындағы қатынастардың өмірдің барлық салаларында көрініс табатын әлеуметтік қыры;

      2) гендерлік теңдік – қай жынысқа жататынына қарамастан, ерлер мен әйелдердің тең құқықтарын және тең мүмкіндіктерін және саяси, экономикалық, әлеуметтік, қоғамдық және мәдени өмір салаларына қатысуға нақты қолжетімділігін қамтамасыз ететін құқықтық мәртебе;

      3) жыныстық белгісі бойынша кемсітушілік – жыныстық белгісі бойынша адамның құқықтары мен бостандықтарын кез келген шектеу немесе оларға қысым жасау, сондай-ақ оның қадір-қасиетін түсіру;

      4) тең құқықтар – ерлер мен әйелдер үшін азаматтық, саяси, экономикалық, әлеуметтік, мәдени және басқа да құқықтарды жүзеге асырудың мемлекет кепілдік берген, Қазақстан Республикасының Конституциясында және заңдарында бекітілген тең құқығы;

      5) тең мүмкіндіктер – құқық теңдігіне нақты қол жеткізу үшін қажетті құралдар мен жағдайлардың жүйесі;

      6) ұрпақты болу денсаулығы – адамның толымды ұрпақты өмірге келтіру қабілетін көрсететін денсаулығы.

2-бап. Қазақстан Республикасының ерлер мен әйелдердің тең құқықтарының және тең мүмкіндіктерінің мемлекеттік кепілдіктері туралы заңнамасы

      1. Қазақстан Республикасының ерлер мен әйелдердің тең құқықтарының және тең мүмкіндіктерінің мемлекеттік кепілдіктері туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді, осы Заңнан және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінен тұрады.

      2. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда осы Заңда қамтылғандағыдан өзгеше қағидалар белгіленсе, онда халықаралық шарттың қағидалары қолданылады.

3-бап. Ерлер мен әйелдердің тең құқықтарын және тең мүмкіндіктерін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік саясаттың негізгі міндеттері

      Ерлер мен әйелдердің тең құқықтарын және тең мүмкіндіктерін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік саясаттың негізгі міндеттері:

      1) мемлекет пен қоғам өмірінің барлық салаларында ерлер мен әйелдердің тең құқықтарын және тең мүмкіндіктерін қамтамасыз ету;

      2) Қазақстан Республикасының заңнамасын жетілдіру және дамыту;

      3) алып тасталды - ҚР 03.07.2013 № 124-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі);

      4) ел халқы арасында ерлер мен әйелдердің тең құқылық мәдениетін тәрбиелеу және насихаттау, жыныстық белгісі бойынша кемсітушілікке жол бермеу;

      5) халықаралық құқықтың жалпыға бірдей танылған принциптері мен нормаларын және халықаралық міндеттемелерді орындау;

      6) саясатты, әлеуметтік-еңбек және отбасы қатынастарын қоса алғанда, тыныс-тіршіліктің барлық салаларында жыныстық теңдікті қамтамасыз ету үшін қоғамның құқықтық және саяси мәдениеті деңгейін көтеру болып табылады.

      Ескерту. 3-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 03.07.2013 № 124-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

4-бап. Жыныстық белгісі бойынша кемсітушілік

      1. Ерлер мен әйелдердің тең құқықтарын және тең мүмкіндіктерін шектеуге немесе оларға нұқсан келтіруге бағытталған нормативтік құқықтық актілерге сотта Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен дау айтылуы мүмкін.

      2. Мыналар:

      1) ананы, баланы және әкені қорғауға;

      2) әйелдерді жүктілігіне және босануына байланысты қорғауға;

      3) ерлердің өмір сүру жасының ұзақтығын ұлғайтуға;

      4) қылмыстық, қылмыстық іс жүргізу және қылмыстық-атқару заңнамасында әйелдерді қорғауға бағытталған шаралар жыныстық белгісі бойынша кемсітушілік шаралары деп саналмайды.

      Еңбектің осы түріне тән талаптармен айқындалатын не әлеуметтік және құқықтық басымдықпен қорғалуға мұқтаж адамдар жөнінде мемлекеттің ерекше қамқорлығынан туындаған өзгешеліктер, ерекшеліктер, артықшылықтар мен шектеулер кемсітушілік болып табылмайды.

      Ескерту. 4-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 29.06.2020 № 351-VI (01.07.2021 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

5-бап. Ерлер мен әйелдердің тең құқықтарын және тең мүмкіндіктерін қамтамасыз ету саласындағы қызметті жүзеге асыратын органдар, лауазымды адамдар мен ұйымдар

      Ескерту. Тақырыпқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2011.07.05 N 452-IV (2011.10.13 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      Мыналар:

      1) Қазақстан Республикасының Президенті;

      2) Қазақстан Республикасының Үкіметі;

      3) өз құзыреті шегінде орталық атқарушы органдар;

      4) өз құзыреті шегінде облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергілікті атқарушы органдары ерлер мен әйелдердің тең құқықтарын және тең мүмкіндіктерін қамтамасыз ету саласындағы қызметті жүзеге асыратын органдар мен лауазымды адамдар болып табылады.

      Өзге де органдар мен ұйымдар ерлер мен әйелдердің тең құқықтарын және тең мүмкіндіктерін сақтауды осы Заңға, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарына, Президентінің және Үкіметінің актілеріне сәйкес қамтамасыз етеді.

      Ескерту. 5-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2011.07.05 N 452-IV (2011.10.13 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

6-бап. Қазақстан Республикасы Үкіметінің ерлер мен әйелдердің тең құқықтарын және тең мүмкіндіктерін қамтамасыз ету саласындағы құзыреті

      Қазақстан Республикасының Үкіметі:

      1) ерлер мен әйелдердің тең құқықтарын және тең мүмкіндіктерін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын әзірлейді;

      2) алып тасталды - ҚР 03.07.2013 № 124-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі);

      3) өзіне Қазақстан Республикасының Конституциясында, заңдарында және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерінде жүктелген өзге де функцияларды орындайды.

      Ескерту. 6-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2011.07.05 N 452-IV (2011.10.13 бастап қолданысқа енгізіледі); 03.07.2013 № 124-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

7-бап. Орталық атқарушы органдардың ерлер мен әйелдердің тең құқықтарын және тең мүмкіндіктерін қамтамасыз ету саласындағы құзыреті

      Орталық атқарушы органдар ерлер мен әйелдердің тең құқықтарын және тең мүмкіндіктерін қамтамасыз ету саласында өз құзыреті шегінде:

      1) ерлер мен әйелдердің тең құқықтарын және тең мүмкіндіктерін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік саясатты іске асыруға қатысады;

      2) алып тасталды - ҚР 03.07.2013 № 124-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі);

      3) мемлекеттік органдармен және қоғамдық бірлестіктермен гендерлік теңдік мәселелері бойынша өзара іс-қимыл жасайды;

      4) кадр мәселелерінде гендерлік теңдіктің сақталуына ықпал етеді;

      5) отбасы, ерлер мен әйелдердің тең құқылығын сақтамау мәселелеріне қатысты азаматтардың жолданымдарын қарайды;

      6) халықаралық ұйымдармен гендерлік теңдік мәселелері бойынша ынтымақтастықты жүзеге асырады;

      7) Қазақстан Республикасының Конституциясында, өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

      Ескерту. 7-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2011.07.05 N 452-IV (2011.10.13 бастап қолданысқа енгізіледі); 03.07.2013 № 124-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

8-бап. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалар мен астананың жергілікті атқарушы органдарының ерлер мен әйелдердің тең құқықтарын және тең мүмкіндіктерін қамтамасыз ету саласындағы құзыреті

      Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалар мен астананың жергілікті атқарушы органдары ерлер мен әйелдердің тең құқықтарын және тең мүмкіндіктерін қамтамасыз ету саласында өз құзыреті шегінде:

      1) алып тасталды - ҚР 03.07.2013 № 124-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі);

      2) қоғамдық бірлестіктермен ерлер мен әйелдердің тең құқықтарын және тең мүмкіндіктерін қамтамасыз ету бойынша өзара іс-қимыл жасайды;

      3) ерлер мен әйелдердің тең құқықтарын және тең мүмкіндіктерін қамтамасыз ету мәселелері бойынша заңнаманы жетілдіру жөнінде ұсыныстар енгізеді;

      4) ерлер мен әйелдердің тең құқықтарын және тең мүмкіндіктерін сақтауға ықпал етеді;

      5) жергілікті мемлекеттік басқару мүддесінде Қазақстан Республикасының заңнамасымен жергілікті атқарушы органдарға жүктелетін өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

      Ескерту. 8-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2011.07.05 N 452-IV (2011.10.13 бастап қолданысқа енгізіледі); 03.07.2013 № 124-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

9-бап. Ерлер мен әйелдердің мемлекеттік қызметке теңдей қол жеткізуінің кепілдіктері

      1. Мемлекеттік органдардың басшылары ерлер мен әйелдердің тәжірибесіне, қабілеттері мен кәсіптік даярлығына сәйкес олардың мемлекеттік қызметке теңдей қол жеткізуін қамтамасыз етуге міндетті.

      2. Мемлекет мемлекеттік биліктің заң шығарушы, атқарушы және сот тармақтарында, жергілікті өзін-өзі басқару органдарында ерлер мен әйелдердің тең әріптестік қатынастарының сақталуын қамтамасыз етеді.

      3. Осы бапта белгіленген талаптарды бұзу заңсыз өкімдердің (бұйрықтардың) немесе мемлекеттік қызметтің бос лауазымдарына орналасуға арналған конкурс нәтижелерінің күшін жоюға әкеп соғады.

      4. Конкурстық комиссияларға конкурсқа қатысушы адамдардың кәсіптік даярлығы, білімі мен жұмыс тәжірибесі туралы мәліметтерді, сондай-ақ мемлекеттік қызметтің тиісті мемлекеттік лауазымдарында жұмыс істейтін ерлер мен әйелдер санының арақатынасы туралы деректерді беру міндеті мемлекеттік органдардың кадр қызметтеріне жүктеледі.

      Мемлекеттік органдардың кадр қызметтері мемлекеттік қызметшілерді аттестаттау, қызметте жоғарылату, олардың жалақысын көбейту мәселелерін шешу кезінде осындай есепке алуды жүргізеді.

10-бап. Ерлер мен әйелдердің еңбек қатынастары саласындағы тең құқықтарын және тең мүмкіндіктерін қамтамасыз етуге жұмыс берушілердің қатысуы

      1. Ерлер мен әйелдерге еңбек қатынастары саласында, оның ішінде:

      1) еңбек шартын жасасу кезінде;

      2) бос жұмыс орындарына теңдей қол жеткізуде;

      3) біліктілікті арттыру, қайта даярлау және қызметте жоғарылау мәселелерінде тең құқықтарға және тең мүмкіндіктерге кепілдік беріледі.

      2. Жұмыс беруші Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасында көзделмеген құжаттардың ұсынылуын талап етуге құқылы емес.

      3. Бас келісімдерге, салалық (тарифтік), өңірлік келісімдерге және ұжымдық шарттарға мыналарды:

      1) ерлер мен әйелдердің еңбек нарығындағы тең құқықтарын және тең мүмкіндіктерін;

      2) ерлер мен әйелдердің жалақы бойынша тең құқықтарын және тең мүмкіндіктерін;

      3) отбасылық міндеттері бар адамдардың жағдайын жақсартуға бағытталған шараларды;

      4) ұйымда және оның құрылымдық бөлімшелерінде кадрларды жасақтау кезінде теңдей жағдайды қамтамасыз ететін ережелер енгізілуі мүмкін.

      4. Еңбек нарығында кемсітушілікке ұшырадым деп есептейтін адамдар ерлер мен әйелдердің тең құқықтарын және тең мүмкіндіктерін қамтамасыз ету саласындағы қызметті жүзеге асыратын органдар мен ұйымдарға жүгінуге құқылы.

      5. Жұмыс беруші жыныстық белгісі бойынша кемсітушілік жағдайлары туралы құзыретті органдарға шағым жолдаған қызметкерге кедергі жасауға құқылы емес.

11-бап. Ерлер мен әйелдердің неке-отбасы қатынастарындағы және бала тәрбиесіндегі құқықтары мен міндеттерінің гендерлік теңдігін қамтамасыз ету

      Ерлер мен әйелдердің неке-отбасы қатынастарындағы және бала тәрбиесіндегі құқықтары мен міндеттерінің гендерлік теңдігін қамтамасыз ету:

      1) отбасының беделін арттыру, неке-отбасы қатынастарын нығайту, неке мен отбасының құндылықтарын насихаттау;

      2) ерлер мен әйелдердің бала тәрбиесіндегі жауапкершілігінің тең бөлінуі;

      3) отбасы өмірін қолдауға және оның сапасын арттыруға бағытталған әлеуметтік саясатты іске асыру жолымен жүзеге асырылады.

12-бап. Денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет саласындағы гендерлік теңдікті қамтамасыз ету бойынша мемлекеттің кепілдіктері

      Мемлекет:

      1) ерлер мен әйелдердің ұрпақты болу денсаулығын сақтау, ерлер мен әйелдердің өлім-жітімін азайту және олардың орташа өмір сүру жасының ұзақтығы арасындағы айырмашылықты қысқарту бойынша Қазақстан Республикасының заңнамасын одан әрі жетілдіруге және шаралар қабылдауға;

      2) ерлер мен әйелдердің қайта даярлау мен біліктілікті арттырудың барлық түрлеріне қол жеткізуі үшін теңдей жағдайларды қамтамасыз етуге;

      3) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларды қоспағанда, оқуға қабылдау кезінде артықшылықтарға жол бермеуге;

      4) жынысына қатысты қорлайтын сөздерді, теңеулерді, бейнелерді пайдалану арқылы жалпыға бірдей қабылданған ізгілік пен мораль нормаларын бұзатын мәтіндік, көріністік, дыбыстық ақпаратты қамтитын жарнамаға жол бермеуге;

      5) ерлер мен әйелдердің тең құқықтарын және тең мүмкіндіктерін қамтамасыз ету бойынша іске асырылып жатқан мемлекеттік саясатқа сәйкес гендерлік білім беруге кепілдік береді.

13-бап. Қазақстан Республикасының ерлер мен әйелдердің тең құқықтарының және тең мүмкіндіктерінің мемлекеттік кепілдіктері туралы заңнамасының сақталуын мемлекеттік бақылау және қадағалау

      Қазақстан Республикасының ерлер мен әйелдердің тең құқықтарының және тең мүмкіндіктерінің мемлекеттік кепілдіктері туралы заңнамасының сақталуын мемлекеттік бақылауды және қадағалауды ерлер мен әйелдердің тең құқықтарын және тең мүмкіндіктерін қамтамасыз ету саласындағы қызметті жүзеге асыратын мемлекеттік органдар Қазақстан Республикасының заңдарында айқындалған тәртіппен тексеру нысанында жүзеге асырады.

14-бап. Мемлекеттік бақылау және қадағалау органдарының қоғамдық ұйымдармен өзара іс-қимылы

      Қазақстан Республикасының ерлер мен әйелдердің тең құқықтарының және тең мүмкіндіктерінің мемлекеттік кепілдіктері туралы заңнамасының сақталуын мемлекеттік бақылауды және қадағалауды жүзеге асыратын органдар өз қызметінде гендерлік теңдікті қамтамасыз етуге және әйелдердің құқықтарын қорғауға қатысатын қоғамдық ұйымдармен өзара іс-қимыл жасайды.

15-бап. Қазақстан Республикасының ерлер мен әйелдердің тең құқықтарының және тең мүмкіндіктерінің мемлекеттік кепілдіктері туралы заңнамасын бұзғаны үшін жауаптылық

      Қазақстан Республикасының ерлер мен әйелдердің тең құқықтарының және тең мүмкіндіктерінің мемлекеттік кепілдіктері туралы заңнамасын бұзу Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа әкеп соғады.

Қазақстан Республикасының


Президенті

Н. Назарбаев



Дата вступления в силу:  08.12.2009
Дата изменения акта:  01.07.2021
Дата принятия акта:  08.12.2009
Информация об официальном опубликовании акта:  "Егемен Қазақстан" 2009 жылғы 15 желтоқсандағы N 419-421 (25818); "Казахстанская правда" от 15.12.2009 г., N 294 (26038); Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2009 ж., № 24, 123-құжат (2553)
Место принятия:  100051000000
Орган, принявший акт:  102000000000
Регион действия:  100000000000
Регистрационный номер акта в Государственном реестре нормативных правовых актов Республики Казахстан:  49323
Регистрационный номер НПА, присвоенный нормотворческим органом:  223-IV
Статус акта:  upd
Сфера правоотношений:  001002004000
Форма акта:  ЗАК
Юридическая сила:  0400
Язык акта:  kaz